Жоба
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МАТЕРИАЛДЫҚ ЕМЕС МӘДЕНИ МҰРАНЫ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ТҰЖЫРЫМДАМА
1. Қазақстан Республикасы халқының материалдық емес мәдени мұрасын дамытудың пайымы
Қазақстан Республикасы халқының материалдық емес мәдени мұрасы ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтатын, еліміздің мәдениетін қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын ұлттық мәдениеттің маңызды бөлшегі әрі сана-сезімнің тірегі болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 17 қазандағы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Халықаралық конвенциясына (одан әрі - Конвенция) қосылуы еліміздің материалдық емес мәдени мұрасын қорғау, насихаттау және дамыту бағытындағы жұмысының тиімділігін арттыруға негіз болады.
«Материалдық емес мәдени мұра» деп қоғамдастықтар, топтар және кейбір жағдайларда жекелеген адамдар өздерінің мәдени мұрасының бір бөлігі ретінде таныған әдет-ғұрыптарды, орындау мен айту түрлерін, білімдер мен дағдыларды – сондай-ақ олармен байланысты құралдарды, заттарды, артефактілерді және мәдени кеңістіктерді айтамыз. Ұрпақтан ұрпаққа берілетін осындай материалдық емес мәдени мұраларды қоғамдастықтар мен топтар оларды қоршаған ортаға, олардың табиғатпен өзара іс-қимылына және тарихына байланысты үнемі қайта жасап отырады және мәдени әртүрлілік пен адам шығармашылығын құрметтеуге ықпал ете отырып, олардың бойында төлтума ерекшелік пен ұрпақтар сабақтастығы сезімін қалыптастырады. Осы Конвенцияның мақсаттары үшін адам құқықтары жөніндегі қолданыстағы халықаралық-құқықтық актілермен және қоғамдастықтар, топтар мен жекелеген адамдар арасындағы өзара құрмет, сондай-ақ орнықты даму талаптарымен сәйкес келетін материалдық емес мәдени мұра ғана назарға алынады.
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі тұжырымдаманы (одан әрі - тұжырымдама) қазақстандық қоғамның сана-сезіміне және ұлттық, мемлекеттік бірліктің нығаюына терең әсер еткен «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастыруға болады. Осы бағдарлама аясында ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра тізіміне енген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі және Таңбалы шатқалындағы петроглифтерді зерттеу және қайта жаңғырту бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Ендігі кезекте материалдық емес мәдени мұраларды қорғау бағытында да осы тәрізді жұмыстарды жүргізудің уақыты келді.
Тұжырымдамада келесі анықтамалар қолданылады:
Материалдық емес мәдени мұра элементтері – қоғамдастықтар мен топтар, және кейбір жағдайларда, жеке адамдар өздерінің мәдени мұрасының бөлігі ретінде таныған, тарихи және мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген әдет-ғұрыптар, орындау және айту түрлері, білімдер мен машықтар, сондай-ақ солармен байланысты құралдар мен заттар, артефактілер мен мәдени кеңістіктер.
Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұраларының тізбесі – Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұралары туралы деректер базасы жинақталған (анықтау, құжаттау, зерттеу) ақпараттық жүйе.
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау – аталған мұраны сақтап қалу мақсатында оны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, насихаттау, оның рөлін арттыру, ең алдымен формальды және формальды емес білім беру жолдары арқылы мәдени құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, сондай-ақ осы мұралардың түрлі аспектілерін қайта жаңғырту.
Материалдық емес мәдени мұраны сақтаушылар – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын жасауда, сақтауда және қайта жаңғыртуда маңызды рөл ойнайтын, мәдени әртүрлілікті байытатын және адамдардың шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал ететін жергілікті және этникалық қоғамдастықтар, топтар және кейбір жағдайда жекелеген адамдар.
Материалдық емес мәдени мұра көрініс табатын салалар – материалдық емес мұраның таратушысы ретіндегі тілді қоса алғанда, ауызша айту дәстүрлері мен айту түрлері; орындаушылық өнерлер, әдет-ғұрыптар, салттар, мейрамдар, табиғатқа және әлемге қатысты білімдер мен әдет-ғұрыптар, дәстүрлі кәсіппен байланысты білімдер мен машықтар.
Ағымдағы жағдайды талдау
2004-2011 жылдар аралығында табысты жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы Қазақстан тарихындағы теңдессіз гуманитарлық акция болды. Осы кезеңде халқымыздың бай мұрасы жинақталып, отандық мәдениет пен ғылым жаңа деңгейге көтерілді.
Бүгінде бағдарлама аясында жүргізілген 73 тарих және мәдениет объектісіне жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазақстан аумағындағы 37 қалашықтарда, қоныстарда және обаларда кең ауқымды археологиялық зерттеулер жүргізіліп, нәтижесінде олар ғылымға біздің ата-бабаларымыздың тарихы туралы білімдерімізді байыта түскен мыңдаған айғақтар берді.
Қытайға, Түркияға, Моңғолияға, Ресейге, Жапонияға, Египетке, Өзбекстанға, Арменияға, АҚШ пен Батыс Еуропа мемлекеттеріне ғылыми-іздестіру экспедициялары ұйымдастырылып, Қазақстан тарихы, этнографиясы мен өнері жөнінде 5 мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары табылды және сатып алынды.
Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы мен мәдениеті бойынша 600-ге жуық кітап атауы бір жарым миллион данадан астам тиражбен басып шығарылды. Олардың арасында «Бабалар сөзі», «Әлем әдебиеті кітапханасы», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Ежелгі уақыттан біздің күнімізге дейінгі қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әлемдік мәдениеттану ой-өрісі», «Экономикалық классика», «Әлемдік философиялық мұра» бар.
2010 жылы Мәдениет министрлігі «Қазақтың дәстүрлі мың күйі» және «Қазақтың дәстүрлі мың әні» деген бірегей жобалардың таныстырылымдарын табысты өткізді. Бұл - қазақтың дәстүрлі әуендері дәлме-дәл орындалған туындылардың СD дискілерін жинау, дайындау (өңдеу, жаңғырту, цифрлау) және басып шығару бойынша ауқымды жұмыс болды.
«Мәдени мұра» бағдарламасы ұлттық сана-сезімнің қалыптасуына және нығаюына айтарлықтай үлес қосып, еліміздің жаңа мәдени-тарихи ландшафтының қалыптасуына ықпал етті және қазақстандықтардың өз тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырды.
Сонымен қатар, бүгінде фольклорлық экспедицияларға қаржының тапшы болуына және өткен жылдардағы музыкалық жазбаларға қол жеткізе алмауына байланысты ұлттық шығармашылық ұжымдар өз репертуарларында жұтаңдықты сезініп отыр. Фольклортанушылардың зерттеулері, халықтық хореография, ауыз әдебиеті мен музыкалық мұра сәнді-қолданбалы өнер бойынша шығарылған мамандардың еңбектері жеткілікті деңгейде шыққан жоқ. Халықтық өнерді зерттеу үлгілерінің жоқ болу жағдайында материалдық емес мәдени мұраны сақтаушылар мен сақтаушылардың азаюы кейбір материалдық емес мәдени мұралардың жоғалып кетуіне айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Бүгінде елімізде фольклортанушылардың, этнографтардың, фольклорлық ұжым жетекшілерінің, дәстүрлі халық өнері бойынша методист-ұйымдастырушыларының жетіспеушілігі қатты байқалады. Қаржы тапшылығынан және мәдениет индустриясының дұрыс дамымауынан мәдениет басқармалары жанындағы шығармашылық ұжымдардың жұмысын жандандыру қиынға соғып отыр. Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын насихаттау мәселесі баспа және электронды ақпарат құралдары тарапынан ерекше қолдауды қажет етеді. Бұл сала бұқаралық ақпарат құралдары жұмысының басым бағыттарына айналуы тиіс.
Аталған факторлардан бөлек бүгінге материалдық емес мәдени мұралар тізбесінің жасалмауы оларды сақтау және дамыту бағытында кешенді шараларды әзірлеуге мүмкіндік бермей отыр.
Өзге елдердің тәжірибелері
Әлемде материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту саласында әсіресе, Латын Америка және Азия елдерінің тәжірибесі мол. Мысалы, Венесуэла «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Халықаралық конвенциясы қабылданбай тұрып-ақ, 2003 жылдан бастап материалдық және материалдық емес мәдени мұралардың тізбесін жасауды қолға алған. Бүгінде бұл тізбеге 100 мыңнан астам мұралар енген. Венесуэланың Жоғары соты осы тізбедегі барлық элементтердің заңмен қорғалатынын жариялаған.
Ал, Латын Америкадағы материалдық емес мәдени мұраға ең бай ел саналатын Колумбияда жыл сайын 700-дей дәстүрлі мейрамдар мен карнавалдар өтеді. 2002 жылдан бастап Колумбия үкіметі ЮНЕСКО-мен бірлесіп ел тұрғындарына, ғылыми және мемлекеттік мекемелерге материалдық емес мәдени мұраның маңызын түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында үлкен шара ұйымдастыруды қолға алды. Нәтижесінде материалдық емес мәдени мұралардың ұлттық тізбеге енгізу критерийлері мен деректер базасы жасалды, көптеген телевизиялық сюжеттер мен бағдарламалар дайындалып, телеарналардан көрсетілді, ел ішінде семинарлар мен бас қосулар өткізілді.
Азия елдеріне келетін болсақ, мұнда бұл саланы қорғау мен дамытуда Оңтүстік Корея алда тұр деуге болады. Оңтүстік Кореяда ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен жұмыс істейтін Азия мен Тынық мұхиты елдерінің материалдық емес мәдени мұрасын құжаттаумен айналысатын аймақтық орталық бар. Бұл орталық Азияның көптеген елдерінде материалдық емес мәдени мұраларды тізімге алу бағытында белсенді жұмыс жасауда. Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда осы саланы зерттеу жөнінде бірнеше ғылыми-зерттеу институттары құрылған.
Өзбекстанда материалдық емес мәдени мұраларды тізімге алу жұмыстары көп жылдардан бері жүргізіліп, бүгінде олардың ұлттық және аймақтық тізбелері жасалған. Бұл шараға Өзбекстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, ӨР-ның ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы, ӨР-ның Ғылым Академиясы және т.б. мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар тартылған. Тізбені жасауға жауапты орган ӨР-ның Мәдениет және спорт министрлігі болса, бұл жұмысты үйлестіру Республикалық ғылыми-методикалық орталығына жүктелген. Бүгінде Өзбекстанда материалдық емес мәдени мұраларды дамытуға арналған арнайы Мемлекеттік бағдарлама дайындалуда.
Сондай-ақ, Қырғызстанда да бұл салада әжептеуір жұмыстар жасалған. Мысалы, мұнда қырғыз халқының құнды мәдени мұрасы болып саналатын «Манас» эпосы туралы Заң шықты. Жақын арада «Қырғыз Республикасының материалдық емес мәдени мұрасы туралы» Заң қабылданбақшы. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне Қырғызстаннан 2 мұра енгізілген.
Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері
Тұжырымдаманың басты мақсаты Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын қорғау, дамыту және насихаттау үшін ыңғайлы жағдайлар қалыптастыру және материалдық емес мәдени мұраларды қорғауды мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде айқындау.
Алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін келесі міндеттерді шешу керек:
- материалдық емес, соның ішінде жоғалып кету қаупі бар мәдени мұраларды қорғауға қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;
- Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын қорғауға бағытталған мәдениет ұйымдарына және материалдық емес мәдени мұраны сақтаушыларға қолдау көрсету бойынша шаралар жүйесін жасау;
- Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын түгендеу мақсатында ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейде далалық зерттеулер жүргізу;
- Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын ұлттық тізбеге енгізу үшін іріктеу критерийлерін дайындау және бекіту;
- Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларының тізбесін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекіту және бұл тізбені кезең-кезеңмен толықтырып отыру;
- Қазақстанның материалдық емес мәдени мұра деректерінің онлайн-базасын (вэб-сайт) жасау;
- Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын қорғауға, дамытуға және насихаттауға бағытталған жобаларға қолдау көрсету;
- Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау, дамыту және насихаттау бойынша гранттық қаржыландырылу жобаларын даярлау және іске асыру;
- білім саласындағы бағдарламалар мен жұртшылықты, оның ішінде жастарды хабардар ету арқылы материалдық емес мәдени мұраның қоғамдағы рөлін арттыруды қамтамасыз ету;
- Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын сақтау, дамыту және насихаттау мақсатында түрлі мәдени шаралар, бас қосулар өткізу;
- бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын насихаттау;
- мәдениеттің тиімді инфрақұрылымын жасау, материалдық емес мәдени мұраларды анықтау, қорғау және дамыту бағытында жұмыс жасайтын мекемелердің материалдық-техникалық базасын күшейтіп, оларды ғылыми, әдістемелік және мамандармен қамтамасыз ету жағынан жетілдіру;
- ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізбелеріне Қазақстанның материалдық емес мәдени мұраларын ұсыну мақсатында тиісті шаралар жүргізу;
- материалдық емес мәдени мұраларды қорғау саласында халықаралық ынтымақтастықты арттыру.
Тұжырымдаманы орындау кезеңдері
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың бірінші кезеңінде (2012-2013 жж.) келесі шаралар жүзеге асырылады:
-
Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің ұлттық, аймақтық және жергілікті деңгейде (тәжірибелік аудандарда) тізбесін жасау;
-
ЮНЕСКО конвенциясы мен мемлекеттің нормативтік-құқықтық актілері негізінде материалдық емес мәдени мұраларды анықтаудың принциптерін жасау;
-
материалдық емес мәдени мұра құндылықтарын қалыптастыру мен қолдау механизмдерін енгізу және сынақтан өткізу;
-
ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін мәдени мұралардың теңдессіз үлгілерін анықтауды қамтамасыз ету;
-
Материалдық емес мәдени мұраны сақтайтын қоғамдастықтар мен мәдениет ұйымдарын қолдауға бағытталған, сондай-ақ олардың және материалдық емес мәдени мұраларды сақтаушылардың біліктілігі мен ақпараттануын арттыруды қамтамасыз ететін шаралар жүйесін дайындау және енгізу;
-
Қазақстанның халық шығармашылығының аймақтық дәстүрлерін анықтау және жүйеге келтіру, жергілікті және мәдени қоғамдастықтар ұсынатын жобаларды бағалау.
-
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау бойынша ЮНЕСКО-ның жұмыстарына белсенді түрде қатысу, өзге мемлекеттердің озық тәжірибелерін игеру;
-
Материалдық емес мәдени мұраға жататын мәдениет тауарлары мен қызметтерді жасау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың, мәдениет индустриясы мен шығармашылық қауымдастық өкілдерін тарту;
-
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау бағытында мамандарды дайындау және қайта дайындау жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар жасау.
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың екінші кезеңінде (2014-2016 жж.) келесі шаралар жүзеге асырылады:
-
Мемлекеттің стратегиялық жобаларына материалдық емес мәдени мұраларды қорғау және дамытудың сынақтан өткен механизмдері мен түрлерін интеграциялау;
-
Шығармашыл қызметкерлер мен жергілікті қоғамдастық өкілдерінің әлеуметтік мәртебесін өсіре отырып материалдық емес мәдени мұра саласында жұмыс істейтін қоғамдастықтардың, кәсіби және тәжірибелік жұмысшылардың жан-жақты дамуы үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз ету;
-
Материалдық емес мәдени мұраны қолдау бағытында мәдениет индустриясы инфрақұрылымын ұзақ мерзімді инвестициялау үшін құқықтық номаларды орнықтыру.
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімділігі материалдық емес мәдени мұраны сақтаушылар мен сақтаушыларды қолдаған кезде ғана арта түседі.
Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер
Аталған тұжырымдаманы енгізу Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын анықтауға, қорғауға, дамытуға және насихаттауға бағытталған, сондай-ақ өзге де кешенді мәселелерді жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді. Дәлірек айтқанда:
- Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұраны қорғау бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасы жетілдіріледі;
- мәдени-сауық ұйымдарындағы, әсіресе ауылдық жерлердегі мамандардың жұмыстан шығу жағдайлары азаяды;
- материалдық емес мәдени мұрасын қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық кеңейеді;
- түрлі әлеуметтік топтардың материалдық емес мәдени мұраларға кеңінен қол жетімділігі қамтамасыз етіледі;
- мәдени-сауық қызметі саласында қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасы өседі;
- тұрғындар қоғамдық-мәдени шараларға белсенді араласады;
- тиімді мәдениет инфрақұрылымы жасалып, дәстүрлі ұлттық мәдениетпен, халық шығармашылығымен айналысатын ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығаяды;
- Қазақстан халқының материалдық емес мәдени мұрасын қорғау және дамыту саласындағы кәсіби мамандардың әлеуетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар, тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде рухани құндылықтарымызды жаңғырту арқылы ұлттық мәдениетімізге қауіп төндіріп отырған жаһандануға мен жаппай мәдениетке тосқауыл қоюға, жастарды теріс әлеуметтік құбылыстардың, радикалды діни бағыттағы топтардың ықпалында кетуден сақтауға, олардың бойында патриоттық, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға, отбасылық және қоғамдық қатынастарды тұрақтандыруға қол жеткізуге болады.
Сондай-ақ, Қазақстан халқының мұраларын Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне және Шұғыл қорғауды қажет ететін материалдық емес мәдени мұра тізіміне ұсынуға мүмкіндік туып отырғанын атап өткен жөн.
Осы ретте Қазақстандағы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту саласында қалыптасқан кешенді мәселелерді осы процеске қатысушы, оның ішінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың, мәдениет, білім, ғылым мекемелерінің, шығармашылық одақтардың, қоғамдық бірлестіктердің жұмыстарын үйлестіру арқылы шешуге болатынына назар аудару қажет.
2. Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың негізгі
қағидаттары мен шешу тәсілдері
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау саясатының негізгі принциптері мыналар болып табылады:
- барлық ұлттардың мәдениеттерінің құндылығына төзімділікпен, оң көзқараспен қарау;
- материалдық емес мәдени мұраны жасаушылар мен сақтаушыларға жан-жақты қолдау көрсету;
- материалдық емес мәдени мұраны жасауға және сақтауға қолдау көрсететін шығармашыл қызметкерлердің, оқытушылар мен зерттеушілердің жұмыстарын ынталандыру;
- материалдық емес мәдени мұра саласында білімдерді, дағдыларды және кәсіби тәжірибені алуға, соның ішінде білім стандарттарын мен біліктілікті өсіруге, ғылыми зерттеулерге стипендиялар мен гранттар беруге, сондай-ақ телеарна мен радиода ақпараттық-танымдық және мәдени бағдарламаларды нысаналы қаржыландыру арқылы мүмкіндіктер жасау;
- салықтық жеңілдіктерді қоса есептегенде, материалдық емес мәдени мұраны сақтау және тұрақты түрде дамыту мақсатында оны жасау, пайдалану және жеткізуге қолайлы жағдай жасау үшін қаржылай қолдау.
Материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру теориялық-методологиялық ұйымдастырушылық қаржылық және ведомствоаралық үйлестіру мәселелерін бірлесіп шешкенде ғана нәтижелі болады.
Әсіресе, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды, соның ішінде жергілікті этномәдени ұйымдарды тарту арқылы материалдық емес мәдени мұралардың ұлттық тізбесін дайындауға ерекше мән берілуі керек. Ұлттық тізбені жасау және классификациялау критерийлерін білікті сарапшылар дайындауы керек.
Сонымен қатар, ЮНЕСКО тәжірибесіне сәйкес қазіргі заманғы ақпараттық және коммуникациялық технологияларды пайдалану арқылы материалдық емес мәдени мұралар деректерінің әлемдік онлайн базасын, сондай-ақ материалдық емес мәдени мұралардың цифрланған досьесін жасау жұмыстың тиімділігін арттырар еді. Бұл онлайн жүйесіндегі «виртуальды галерея» материалдық емес мәдени мұралар туралы ақпаратқа (мәтіні, фотосуреттер, аудиожазбалар және т.б.) қол жетімділікті арттыраруға мүмкіндік береді.
Ұлтаралық келісім мен мәдениеттер арасындағы сұхбат Қазақстан халқының байлығы болып табылады. Бұл құндылықтарсыз бүгінгі Қазақстанның дамуын елестету мүмкін емес. Сондықтан материалдық емес мәдени мұраны адамгершілік құндылықтарды насихаттау, халықтар арасындағы түсіністікті арттыру, мәдениеттің жалпы деңгейін өсіру арқылы қолдау және дамыту қажет. Мемлекеттік органдардың, шығармашылық одақтардың, қоғамдық және зерттеу ұйымдарының жұмысын үйлестіру, халықаралық сарапшыларды тарту, ЮНЕСКО-ның тәжірибесін пайдалану арқылы материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту саласында қалыптасқан күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Материалдық емес мәдени мұраны дамытудың құралдары
Тұжырымдаманы жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі жауапты.
Қазақстан Республикасының Үкіметі материалдық емес мәдени мұралардың тізбесін бекітеді, материалдық емес мәдени мұраларды қорғау, дамыту және насихаттауға, оның ішінде формальды және формальды емес білім беруге, сондай-ақ материалдық емес мәдени мұраны сақтаушыларды қолдауға бағытталған бағдарламаларды қарастырады және бекітеді.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі ұлттық тізбеге кіретін материалдық емес мәдени мұраларды қорғауды және дамытуды, материалдық емес мәдени мұраларды қорғау, дамыту саласында кадрларды дайындауды және олардың біліктілігін өсіруді қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, материалдық емес мәдени мұра элементтерінің жағдайына қадағалау (мониторинг) жасап, Конвенцияның жүзеге асуы туралы ЮНЕСКО-ға есеп дайындайды және жолдайды.
Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы Қазақстан атынан ЮНЕСКО-ның тізімдеріне жолданатын ұсыныстардың дайындалу және ұсынылу процестерін, Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің жұмысын үйлестіреді және Конвенцияның ұлттық және аймақтық деңгейде жүзеге асуына халықаралық және жергілікті сарапшыларды қатыстыруды қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанынан жұмыс істейтін Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеттің негізгі міндетіне Конвенцияның мақсаттарына жетуге ықпал ету, тұжырымдаманы дайындау мен жүзеге асыруға қатысу, материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөнінде іс-шаралар қабылдау үшін ұсыныстар жасау, осы саладағы халықаралық тәжірибені алуды қамтамасыз ету, ЮНЕСКО тізімдеріне және ұлттық тізбеге материалдық емес мәдени мұра элементтерін қосуға ұсыныс білдірген бастамашыл топтар мен қоғамдастықтардың өтініштерін қарау жатады. Өз құзыреті аясында Ұлттық комитет материалдық емес мәдени мұраны жасаумен, сақтаумен және жеткізумен айналысатын қоғамдастықтардың, топтардың және кейбір жағдайларда жеке адамдардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге тырысады.
Материалдық емес, оның ішінде жоғалу қаупі төмен тұрған мәдени мұраларды анықтауға, қолдауға және олар туралы ақпарат таратуға азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін пайдалану қажет. Бұл процесте үйлестіруші рөлді түрлі қоғамдық ұйымдардың, шығармашылық топтардың, білім мекемелерінің, зерттеу орталықтары мен институттардың өкілдерін біріктірген Ұлттық комитет атқаруы тиіс.
3. Тұжырымдаманы iске асыру болжанып отырған нормативтiк-құқықтық актiлердiң тiзбесi
1. «Мәдениет туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Заңы.
2. «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 ақпандағы № 96 қаулысы.
3. «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» Халықаралық конвенция. Париж, 2003 жылғы 17 қазан.
Достарыңызбен бөлісу: |