1 базар оңдасұлының шығармашылық Өмірі



Дата04.12.2023
өлшемі174 Kb.
#485423
annotation175824


1 БАЗАР ОҢДАСҰЛЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӨМІРІ


1.1 Өмірі мен ақындық ортасы

Базар жырау 1840 жылы бұрынғы Сырдария облысы, Қазалы уезі, Көшербай болысының 6-ауылында, Қуаңдарияның Шірік-Рабат деген жерінде (Қазіргі Қызылорда облысы Қармақшы ауданының маңайы) өмірге келген.


Сол замандарда өмір сүрген көптеген ақындар секілді Базардың да ата-тегі мен туған жылы жөнінде әрқилы пікір-болжамдар айтылып келді. Мәселен, ақын шығармашылығы туралы арнайы мақала жазған профессор Х.Сүйіншәлиев Базардың 1839 жылы дүниеге келгенін айтса, әдебиет зерттеушісі М.Байділдаев оның 1842 жылы туғанын, ал, ақынның тұңғыш жыр жинағын құрастырушы Ш.Алдашев Базар Оңдасұлының “1841 жылы, күз айында дүниеге келгенін” жазады. Сондай-ақ, жыраудың әкесінің кім екендігі туралы түрлі жаңсақ пікірлер орын алғаны мәлім. Базар жөнінде алғаш рет мақала жазып, оны әдеби қауымға таныстырған. М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедов, Ы.Дүйсенбаев сынды ғалымдар ақынның ата-тегінің “Кіші жүз, Шөмекей, Балқы руынан” екенін айтқанмен, әкесі жайында сөз қозғамаған. Ал, 1965 жылғы “Айтыс” жинағында берілген түсініктемеде Базардың әкесі – Өтеміс. Мұндағы мәлімет бойынша “Кіші жүздің Керейт руындағы Оңдас деген кедей кісі Базар жыраудың нағашысы екен. Туғаннан кейін жасқа толмай тұрғанда сол нағашысы Базарды сұрап алып, бала етіп бауырына басады” [Айтыс,2-том,1965, 655б.]. Бұл деректі Х.Сүйіншәлиев те қайталайды. Тек, кейінгі жылдары жарық көрген поэзиялық жинақтар мен ақын шығармаларының бірінші басылымында ғана Базардың әкесі – Оңдас, нағашысы – Өтеміс деп түзетілген [Базар жырау шығармалары, А., 1986, 7б.]. Яғни, соңғы мәліметке сүйенсек, Базар жыраудың ата тегі: Кіші жүздің Қаракесек – Әлім тайпасынан – Шөмекей. Одан – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғыл. Бозғылдан – Қайқы. Бұдан – Қыдыр, Темір, Полат. Осы үшеуден тараған ұрпақтардың бәрі де шешесі Балқияның есімін иеленіп, Балқы атанып кеткен (Балқы Базар деу осыдан шыққан – С.Қ.). Үш ұлдың біреуі Полаттан –Жауғашты, одан – Отарбай, Отарбайдан – Байсейіт, Байсейіттен – Қарақұл, одан – Ермек, Ермектен – Оңдас, бұдан – Базар жырау тарайды. Бұл деректі белгілі фольклор жинаушы қармақшылық Ә.Қайнарбаевтің шежіресі [ӘӨИ,ҚҚ: 917,2-дәп.] мен Н.Молыбаев берген мәліметтер де [Сонда,№195-бума,1-дәп.] растайды. Бұған Базардың “екінші Отаны” Өзбекстан өңірінен жиналған фольклорлық-этнографиялық экспедиция материалдарын қоссақ, ақын өмірбаяны біршама нақтылана түсері анық.
Осы аталған материалдар жинағынан мынадай жолдарды оқимыз: “Базар жыраудың туылған жылы “Үш ғасыр жырлайдыда” (1965) 1842 жылы делінген. Базар өлер жылы: “Килігіп жас жетпіске толығып тұр, Өр көңілім жеңбес жауға жолығып тұр” деп өзі жетпістен асып, жетпіс бірге аяқ басқанда ауырғанын айтқан. Сонда, ол 1840 жылы туылған болады”. Сонымен бірге, ақынның жерлестері “оның әкесі Өтеміс емес, Оңдас екеніне ешкімнің таласы жоқ” деген қорытынды пікірлерін білдіріпті [ӘӨИ,ҚҚ: Ш.82., 107-б.].
Расында, Базар жыраудың өлеңінде де: “Өз атым – Балқы Базар, әкем – Оңдас, // Бұл сөздің білмек болсаң шыққан жерін” деп нақты дерек айтқан. Сондықтан ақынның ата-тегі жөніндегі дауды осымен доғарған дұрыс сияқты.
Әкесінен жастай жетім қалған Базар Қызылқұмды жайлаған нағашысы Өтемістің аулында Шөмекей, Есімтөбет руының байы Жабағының қойын бағады. Болашақ Сыр сүлейінің ақындық жолы да осы кезден басталады. Аңыз бойынша, бір күні Базар қойын Сыр бойындағы “Қылышбай” күзері деген суатқа иіріп, демалып отырса, өзеннен су алуға жеңгесін ерткен бойжеткен қыз келеді. Бозбала жігіт қыз бен келіншекке амандасып, әзіл айтса керек.
Сол арада қыз:
Бастаған жұғысың ба сөздің басын,
Бұл жерде саған мені кез қылғасын?
Айтыпты бұрынғылар деген қайда:
“Сұрама аттың – тісін, ердің – жасын”.
Одан да емін неге сұрамайсың,
Күте алмай бір басыңды таз қылғасын? –
деп жас жігіттің кедейшіліктен тапқан кемшілігін бетіне басады. Жауап таба алмаған Базар бұған қатты намыстанып, ызадан жылап жіберген екен. Тағы бір фольклоршының әңгімесінде Базар осы оқиғадан кейін күрт өзгеріп, қиялданып кетеді. Сөйтіп жүріп, бірде қойларын суатқа құлатып, өзі ұйықтап жатса, түсіне ақ сәлделі қария кіріпті. Қарт: – Балам, көген аласың ба, әлде өлең аласың ба? – дегенде, Базар: – Өлең аламын, ата, – депті. – Ендеше, аузыңды аш, балам, – депті қарт. Ашқан екен, аузына түкіріпті-міс. Содан жиіркеніп оянып кеткен бойдан айтқаны өлең болған. Әрине, бұған таңданатын ештеңе жоқ екені бәрімізге белгілі жайт. Әсіресе, ақын-жыраулар өмірбаянында жиі ұшырайтын “киелі құбылыс” жайында терең ой қозғаған ғалым Е.Ысмайыловтың жазуынша, олар ақын болар кезде түс көргіш болады, шошып оянып, мазасы кетеді, ол түсінде белгісіз ақсақалды қарияны көреді немесе ертеде өткен, есімін естіп білетін, яки, сол өзінің еліне мәлім атақты ақын келіп, аян беріп домбырасын ұсынады. Мәселен, бала кезінде Сүйінбай, түсінде келіп, “өлең аласың ба, көген аласың ба” деген адамға, “өлең алам” деп шошып оянып, түрегелсе, бастығырылып, тілі күрмеліп қалыпты, сонда құлағын бұрап, шыңғырып өлең айтыпты-мыс. Мұндай әңгімелер, әдетте, Абыл, Жамбыл, Құлмамбет, Шашубай, Қожабай сынды көптеген ақындарға қатысты түрліше құбылып айтыла береді. Тек, бір ерекшелігі ақындық “кие” халыққа даңқы кең тараған аса дарынды өнер иелерінде ғана болған. Ал, Базар жыраудың дәл осы қағидаға сай, сан қырлы талант иесі екендігі күмәнсіз.
Кейінірек, Базар бір тойда, баяғы өзін жерге қаратқан атақты Айпара ақынмен кездесіп, “ұпайын” қайтарады. Бұл − өткен ғасырларда қазақ жастарының арасында кең тараған қайымдасудың анайы түрі екені көрініп тұр. Қыз:
…Сұрасаң, менің атым – қыз Айпара,
Бойымда жазылмайтын болды жара.
Өзіме ол жараның зияны жоқ,
Таба алсаң, тамырымды ұстап қара.
Базар:
Білемін, сенің атың – қыз Айпара,
Бойыңда кішкентайдан болды жара.
Бұл күнде екі шеті іскен екен,
Абайсыз жарып алма, байқап қара…
Жігіт қолма-қол жауап қайтарып, жеңеді. Қыз да белгілі салдың біреуі екен. Іркілместен:
Аспанда бір жұлдыз бар айдай аққан,
Жемісін миуа ағаштың бұлбұл баққан.
Құдеке, құдашаны сөкпегейсің,
Тұяғын тұлпар аттың томар қаққан, -
деп, үстіндегі жібек шапанын Базардың иығына жауыпты.
Базардың жас, жігіт шағында айтқан өлең, айтыстары көбінесе әжуа, қағыту, қайым-бәдік түрінде келеді. Бір жиында Базар өзінен қонақ кәде сұраған Ырысты дейтін жеңгесіне былай деген екен:
Құлағың сал, Ырысты,
Қараша қаздай дыбысты.
Бір атым бар астымда,
Талмайтын бөкен жүрісті.
Сені көріп жануар,
Көтеріп басын жылысты…
…Сенен немді аяйын,
Сен де менен аяма,
Ағамнан қалған ырысты…
Ақын-жыраулардың жастық өмірі серілікпен той-думанда өтетінін ескерсек, қыз бен жігіт арасында жиі кездесетін мұндай қайымдасулар ақындық талантты ұштауға, өлең шығарғыштық қабілетін көтеруге көп септігін тигізген. Осындай “бәдік” айтыстарды Сүйінбай, Жамбыл, Майлықожа, Үмбетәлі, Мәделі, Шернияз, Өске, Бұдабай, Ұлбике, Уәзипа, Меңеш, Ғайнижамал, Шәкей сал, Ырысты, Нұрила, Дәме, Шәріпжамал, тағы да басқа қазақтың белгілі ақындарының шығармашылық мұрасынан ұшырастыруға болады. Қазақ әдебиетінде әлі күнге жете зерттелмеген айтыстың осы түрі туралы алғаш пікір айтушылардың бірі Х.Досмұхамедұлы оны “боғауыз өлеңдер” қатарына жатқызады. Ғалымның “Содержание этого вида литературы составляют песни, поговорки, приметы и т.д., состоящие из нецензурных слов или описания интимных частей тела женщин и мужчин, характера их сближения последних и их интимной жизни. Этого вида литература распространена среди мужчин, особенно молодежи” [Х.Досмұхамедұлы.Аламан.–Ана тілі,1991,129-б.] деген пікірлері осыған мегзейді.

  1. Қайым, қағысулардың анайы түрі тек қыз бен жігіт қана емес, бірыңғай еркектер арасында да жиі орын алған. Атақты Жамбыл ақын өзінің бір естелігінде Базар жыраумен айтысқанын былай деп әңгімелейді: “Түркістандағы бір тойда Майлықожа, Балқы Базарға кездесіп, думанда бірге болдық. Сол жолы Құлыншақтан “Шора батырды” тыңдап үйрендім. Ертеңіне Базармен айтысып қалдым. Айтыс аяғы бәдікке айналып бара жатыр еді, жұрт екеумізді қой-қойлап, аяғында әзер тоқтатты” [Дастан ата.Естеліктер./Құрастырған: Н.Төреқұлов.–А.,1989,260-б.]. Осы орайда қазақтың айтыс өнерін арнайы зерттеген М.Жармұхамедовтің “Айтыс ең алғаш тұрмыс-салт жырлары – “Жар-жар” мен “Бәдік” өлеңдерінен бастау алып, өз дамуында сан алуан асу-кезеңдерден өтіп кемелдене жетілді. Көшпелі өмір жағдайында осы ерекшелік белгілі бір салт-дәстүрді орындау талабынан біртіндеп арылып, саяси-әлеуметтік, қоғамдық өмірдің көріністерін бейнелеу дәрежесіне көтеріледі” [ Жармұхамедұлы М. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуы. – Алматы: Мұраттас, 2001, 3-б.], - деп пайымдауы жоғарыдағы ойымызды қуаттай түседі.

Шынында да қайымдасу, қағысулар Базардың ақындық өнерінің дамып, кемелденуіне кең жол ашты.
Базар жыраудың Жамбылмен айтысқанын жыр алыбына әдеби хатшы болған Ә.Тәжібаевтың естеліктері де растайды. Қалай десек те, Жетісу мен Сырдың саңлақтары сәтімен жолығысып, өзара “репертуар” алмасқандары олардың кейінгі шығармашылық өрістерінен де айқын көрінеді. Ғылыми ортаға белгілі болғанындай, Жамбыл осы сапарда Майлықожадан “Шаһнаме”, “Мың бір түн”, “Тотының тоқсан тарауы”, “Алпамыс” сияқты жыр-дастандарды үйренсе, Құлыншақтан “Шора батырды” тыңдап, жаттайды. Әрине, Жәкеңнің де құр келмей, Түркістан ақындарына Сүйінбайдың жыр-сәлемін ала келгені анық еді. Ал, Базардың замандас ақындарына “не беріп, не алғаны” белгісіз, әйтеуір әйгілі жыр дүлдүлдерінен біраз сабақ алып, шабытына шабыт қосқаны сөзсіз. Қыр мен Сырды, өзбек пен қазақты көп шарлаған Базардан Жамбыл ақын да аз үйренбеген сияқты. Әдебиетші ғалым Н.Төреқұлов екі ақынның жүздесуінен мынадай ой сабақтапты: “Базардың “Өзімдей-ақ ұл туар”, “Тілек”, “Сөйле десең, сөйлейін”, “Әр нәрсенің парқы бар”, “Өлеңнің аққан көзі едім”, “Айдан ару нәрсе жоқ”, “Жиырма бес” тағы сондай жыр-толғауларын Жамбыл қасында бірге жүріп, талай тыңдаған. Осындай творчестволық байланыстың әсер ықпалы болу керек, Жамбылдың өлең, толғауларында Базар жыраудың әуен, сазы, сөз саптау мәнері айқын сезіледі. Тіптен кейбір шумақтары да бір-біріне ұқсап тұрады” [Дастан ата., 51-б.]. Зерттеуші Базардың “Айдан ару нәрсе жоқ” атты толғауымен Жамбылдың “Тоқсанға келген жасым бар” атты өлеңінің ұқсас шумақтарын мысалға келтіре отырып, әлгіндей пікір түйеді.
Базардың шыққан тегі – Шөмекей руының қыстауы Сырдың төменгі сағасы да, жайлауы – Ырғыз көлі мен Егізқара тауларының маңайы. Сондықтан жыраудың жастық өмірі Сыр бойы, Арқа өңіріндегі жиын-той, ас-бәйгелерді құр жібермей қызықпен өткен сияқты. Осындай думанды мәжілістердің бірінде өз өнерін көрсеткен Базардың басына бақ қонып, ел жақсыларынан бата алады, алқалы топқа түсіп, арқалы ақын атанады. Өмірінде өшпес із қалдырған сол оқиғаны ақын былайша еске алады:
Әуелі Базар атандым –
Он алты деген жасымда,
Байкөкшенің асында.
Содан бері келемін
Сыпайының қасында .

  1. Кейбір ауызша жеткен деректер мен ғалымдардың пікіріне қарағанда жас күнінде Базар батыс өңірдің Абыл, Шернияз, Қашаған сынды іргелі ақын-жырауларымен жүздесіп, бірге дәмдес болып, солардың қайсы біреулерінен үлгі-өнеге үйреніп, ақындық сабақ алғанға ұқсайды. Бұл орайда, профессор Ә.Қоңыратбаев: “Жас кезінен жетім өскен Базар алдымен жыр айтып Үйшік, Орда, Ақтөбе, Үргеніш, Сыр бойына түгел танылған. Махамбет, Шернияз толғауларын сүйіп жырлап, өз стилін де соған бұрып, терме-толғау ақыны ретінде қалыптасқан” [Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы: Оқу құралы. – Алматы: Санат, 1994, 177-б.] деп орынды қорытынды жасаған. Сірә, шешендік, ділмарлық, тапқырлық секілді сирек қасиеттерді Базар Шернияздан үйренсе керек.

  2. Базар жыраудың жақын шәкірті саналатын қазақтың ірі эпик ақындарының бірі Нұртуған Кенжеғұлының “Ақ Кете Шернияз” атты тарихи дастан жазғаны белгілі. Осы шығармада Шернияздың Исатай-Махамбет көтерілісінен кейінгі тағдыры туралы мынадай дерек айтылады: “Шернияз Исатай, Махамбет елінде жүре алмайтынын біліп, Орынбор жаққа барып, жанына сауға іздеп, ретін келтіре алмай, тіпті қаланы қимай біраз жүрді. Қайда барса да “Шернияз ұстап алып, өлтірілсін!” деген хабар алдынан шыға берді. Орынборда қалу қауіпті болған соң, Қармақшы жақтағы Кете ағайындардың арасына келіп, екі жылдай жүрді” [ Нұртуған Кенжеғұлұлы. Кәнеки, тілім, сөйлеші. Алматы: Қазақстан, 1994, 320-б.]. Бұған қарағанда, қос жүйрік Қармақшы, Қазалы аралығындағы Қызылқұмда жатқан Базардың өз аулында – киелі Сыр топырағында кездесуі де мүмкін. Кіші жүз қазақтарының шежіресі бойынша, Ақтөбе, Ақбұлақ, Ойыл маңында жайлаған Ақ Кетелер мен Қармақшыдағы Құлыс Кете, Қара Кете руларының бір әулеттен тарайтынын білеміз және олардың Базар жырау өсіп-өнген Шөмекей тайпасына да жақын туыстығы бар .

Баймағамбет сұлтан өлгеннен кейін де Шернияз шешен тілінің “ащылығынан” өз еліндегі би-болыстарға жақпай, қайта-қайта қоныс аударуға мәжбүр болғанын көреміз. Ақынның әйгілі Сырым батырдың ұрпағы Қазы биге арнаған толғауында:
Ай, Қазы би, Қазы би,
…Көзге түрте бермеңіз.
Енді қорлық көрсек те,
Қайта көшіп бармасқа –
Анау жатқан Әлімге
Біз уәде бергенбіз –
дейтіні осындай себептен айтылса керек.
Шернияз бен Базардың шығармашылық стилінде өзара ұқсас тұстар жеткілікті. Екі ақынға ортақ басты қасиеттерінің бірі – олар нені жырласа да жеріне жеткізіп, тауыса айтады, кімді сынаса да өлтіре мінеп, масқаралап шеней айтады. Әсіресе, екеуінің адамның жақсы-жаман образын ашудағы теңеу, салыстырулары мен қағытпа сөздері қайталанбас айшықтылығымен қалың қазақтың есінде қалған.
Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, кейбір би-төрелер Базарды көрген жерде “Шерниязша өлең айт” деп қолқалайды екен. Сірә, тілі мірдің оғындай жыраудың біреуді әжуалауға шеберлігін қызық көрсе керек. Сондай мысқыл өлеңнің бірін Ә.Диваев 1920 жылғы Сырдария экспедициясы кезінде қазалылық Амалдықұлы Жомарт молдадан жазып алады. Бұл өлеңнің кіріспесінде былай дейді: “…Осы Шернияздың сөзін үлгі қылып, Шөмекейдің Базар жырау деген жүйрігіне “бір ауыз сөз тоқталмай айт” деп бір жиылыста Шөмекей халқының басшылары айтқан екен. Ол уақытта Базардың қалыңдығы бар екен айттырып қойған. Ол қалыңдығын қайын жұртындағы Сарыбай ұрығы Бекеш, Садыр дегендер Базардың жақсы атын сұрап, яки бір жақсы қылышы бар – мұны сұрап, Базар бермей… Соның үшін Базардың қалыңдығын бергізбей жүреді екен. Қыз егесінің билігін алып сол ауылда бір жиылыста жолығып тұрған екен...”. Сондағы Базардың айтқаны:
Заманның жасы кетіп, қарты қалды,
Кеңестің басы айтылып, арты қалды.
Өзінде қыз егесінің билігі жоқ,
Билігін ағалары тартып алды.

Сұрайды алды – бәйге ат, бір кескір қылыш,


Бұрынғы уағданы қайтып алды.
Өңгеден қарындасым өзгеше деп,
Жұмыстың Бекең міндетке артын алды. [ОҒК,ҚҚ:Ш.1167,8-дәп., 1-б.]
Шернияздың сұлтан ордасында отырғанда сол үйдегі барша мүлікті, затты өлеңге қосып айтатын жырына ұқсас келетін туынды тек қана Базар жырауда кездеседі. Шернияздың Ілияс ақын жинаған бұл өлеңі былайша басталатын:
Әкеңнің бір атасы қоян жырық,
Босаға, маңдайша мен табалдырық.
Кереге алты қанат, алпыс уық,
Шаңырақ, күлдіреуіш оған жуық .
Осы тектес Базар өлеңі Жайлау деген замандасының үйінде отырғанда, үй иесінің кенеттен салған қолқасына орай шығарылған:
Ақ жүген, екі тізгін, сағалдырық,
Маңдайша, босаға мен табалдырық.
Кереге-сегіз қанат, бес буда уық,
Шаңырақ күлдіреуіш оған жуық.
Аспаптың үйге керек бәрі түгел,
Толған ет – бір бақан мен екі сырық…

деп келеді де, ұзақ өлеңнің аяғы: “Жайлаужан, шайдан кейін шалқытармыз, // Барады тіл – буынсыз бермей ырық” [ӘӨИ,ҚҚ:Ш.82., 60-б.] болып бітеді. Осы шығармаларынан-ақ, Шернияз бен Базар арасындағы егіз қозыдай ұқсастықты байқау қиын емес. Алайда, бұл құбылысты ауыз әдебиетіне тән қасиет – дәстүр жалғастығы деп түсіну аз, яғни мұндай ортақ мінез – екі таланттың рухани жақындықтарын аңғартары даусыз.


Базар жыраудың кейінгі шығармашылық өмірі де оның қазақтың батыс өңірінде ерекше дамыған жыраулық дәстүрден мол сусындағанын және Шернияз, Абыл тәрізді тарлан ақындардың жыр мектебінен өнеге алғанын айқын аңғартады.
Маңғыстаулық Абыл Тілеуұлының (1777-1864) өлеңдері мен қағыту, айтыс-әзілдерінде де Базар шығармаларымен ұқсас, ортақ құбылыстар жетерлік. Әсіресе, Абылдың “Балдай қызбен айтысы”, “Сушы қызбен сөз жарыстыруы”, “Орақ қызбен қағысуы” секілді туындылары Базардың боз бала күніндегі құдық басында тұрып Айпара қызбен айтысатын сәттерін еске түсіреді. Ал, осы өлкенің өрен жүйріктерінің бірі Қашаған ақынның өзі де Базар жыраумен үзеңгілес болып, талай тойларда қатар топқа түскен. Ақынның “Қоштасу сөзінде” мынадай жолдар бар:

Әбубәкір, Аралбай мен Майлықожа,


Оңдастың Базарбайы – бәрі дәмдес,
Жолдығыма таласпай құрмет тұтқан
Мен Қашаған, мінеки, бітті демім…

Бұл да жастары құрдас, әрі қадірлес екі өнерпаздың бір-бірінен жыр үйреніп, Қыр мен Сыр арасын жалғап өскен ардагер ақындар екендігін байқатса керек. Қашаған ақынның көптеген өлең-толғауларынан (“Сараң сұпыға”, “Томпы байды тілдеуі”, “Бекес байға”, “Мұстахққа” т.б.) Базар туындарына тән тақырыптық, мазмұндық қана емес стильдік, көркемдік әдіс-тәсіл жөнінен де ұқсастық көреміз. Үстірт, Жем бойының ақын-жырауларына Сыр сүлейлерінің де әсері аз болмаған сияқты. Мысалы, Балқы Базарды өзіне үлгі тұтқан маңғыстаулық жырау Сүгір Бегендікұлы:


Балқы Базар, жыршы Оңғар,
Қарасақал, Ерімбет,
Нұрмағамбет, Ізтілеу,
Шораяқтың Омары –
Халқының болған шынары [Жыр-дария.–Ақтау., 453-б.], –
деп ұстаз есімін алдымен ауызға алады.
Әдебиет зерттеушісі Қ.Сыдиықовтың: “Бұл орта өзге іргелес ақындық орталармен үнемі қатынас, байланыста болған. Атырау жырау, жыршылары Сарыарқа, Арал, Сыр, Орта Азия ақын-шайырларымен әркез кездесіп отырған. Балқы Базар – Атырау, Сыр ақындары арасындағы алтын көпір іспетті” [Сыдиықов Қ. Сарқылмас қазына. –Алматы: Ғылым, 1996, 151-б.] деген пайымдауы осындай ойға жетелейді.
“Таланттың тақырда өспейтіні” белгілі қағида. Базар жырау туып өскен Сыр топырағында да талай-талай топжарған, шешен, билер, той бастаған айтулы ақындар дүниеге келген. Әуезін әуеде ұшқан аққудың әуеніне қосқан небір жүйрік, жұртқа мәшһүр жыраулар да жетерлік болатын. Бұл өңірде ежелден қалыптасқан дәстүрлі жыр мектептері болғаны және белгілі. Өн бойына көне оғыз, қыпшақ әуен-саздарын сіңірген, бұлақ бастауларын Қорқыт ата сарындарынан алатын осынау өнер ошақтарының көш басында ХІХ ғасырдың 60-70-ші жылдарында аттары Алашқа мәлім – Мұсабай, Нысанбай жыраулар, Әзілкеш ақын мен Ешнияз сал сынды өрелі өнер өкілдері тұрғанын білеміз. Заманы бір болғанымен, жас жағынан Базардан едәуір үлкендігі бар осылардың қай-қайсысы да болашақ жыраудың қалыптасуына игі әсер еткеніне күмән жоқ.
Қазалы-Қуаңдария жерінде туып өсіп, Әлім тайпасының Шекті руында Кішкене аталығынан шыққан өзінің туысы әрі Хиуа, Қоқан, Ресей отаршылдарына қарсы азаттық күресте қол бастап, жау қайтарған атақты қазақ батырының ерлік өмірі мен өкінішті өлімін жыр етіп, “Жанқожа батыр” атты көлемді толғау-дастан шығарып қалың елге таратқан Мұсабай жырау да тегін өнер иесі емес еді. Көшірушілердің кінәсінен кеткен кейбір олқы тұстарын айтпағанда, автордың бұл еңбегі көптеген орыс-қазақ зерттеушілерінің назарын аударған тарихи мәнді шығарма болып танылды.
Мұсабай жырау туралы өз зерттеулерінде арнайы сөз қозғаған профессор Ж.Тілепов те оны “бүкіл әдеби мұрасы өткен ғасырдың ақырында-ақ орыс және қазақ тілдерінде алғаш жарияланған автор ретінде назар аударатын кісі” деп жоғары баға берген [Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. – Алматы: Ғылым, 2001, 158-б.]. Демек, бір ауылда қатар өніп-өскен Базарға Мұсабайдың кездесіп, көңілі түскенде бір-бірімен репертуар алмасуына мүмкіндік бар еді.
Ал, Сыр өлкесін табаны таусыла аралаған жас таланттың әйгілі Нысанбайдың даңқын білмеуі мүмкін емес. Бізге белгілі деректерге қарағанда Базар жырау Кенесары-Наурызбай көтерілісіне оң көзбен қараған. Сірә, ол Нысанбайдың жырын өз аузынан тыңдап, Кене хан жайында, оның әулеті мен ұрпақтары туралы көп мәлімет алған деуге келеді. Кейін, Базардың ханның кенже ұлы Сыздық төре бастаған азаттық жолындағы шайқастарға белсене араласып, өзі аса құрметтеген сұлтанға арнап тамаша жыр-толғауларын арнауы да негізсіз емес секілді. Нысанбай да, Базар да Кенесары, Сыздық сұлтандардың тарихи шайқастарына өздері куә болып, сол дүбірлі оқиғалардың басы-қасында жүруімен бақытты саналады. Кенесары ханның тұлғасын Нысанбайдан артық ешкім жырлай алмағаны сияқты, Сыздық сұлтан бейнесін Базардан өзге бірде-бір ақын сомдай алмағаны да осыдан болар.
Базар бата алған белгілі жүйріктің бірі – Әзілкеш Шымырұлы (1830-1895). Алшын, Шөмекей тайпасының Сарыбай аталығынан өретін ақынның шын есімі Әзірбай болса да, бозбала күнінде жеңгелері оны серілігі мен сауыққойлығына орай Әзілкеш атандырып жібереді. Өзі әнші, домбырашы, әрі мықты айтыс ақыны ретінде жұртшылыққа кең танылған ол Арқа, Сыр, Бұқар-Нұрата өңірлерін көп аралап, шаршы топқа түскен, алқалы жиында жыр айтқан. Домбыраны шебер тартатын Әзілкеш ақын бір кездегі Сыр бойына ауып келген әйгілі күйші Құрманғазымен дос болған көрінеді .
Ақынның Қыз Болықпен айтысуы – Әзілкештің атағын шығарғанымен қоймай, оның қазақ әдебиеті тарихынан ойып орын алуына жол ашты. Әзілкештің бұл айтысы қазақ ақындары арасында алғаш баспа бетінде жарияланған жәдігерлеріміздің бірі ретінде бағаланады.“Айтыс” жинағында[ 272б.] берілген түсініктемеде “Қыз Болық пен Әзілкеш” айтысының мәтіні орыс ғалымы, шығыстанушы Я.Лютштің 1883 жылы Ташкентте бастырған “Киргизская хрестоматия” атты халық әдебиеті жинағынан алынғаны айтылған .
Айтыс кезінде Болық қыздың атақты Наурызбай бимен ашыналығын және одан ақша алып жүргендігін бетіне басқан Әзілкеш жеңіске жетеді.
Сондағы Әзілкештің:
Сыртында Нұратаның балқым жатыр,
Бірталай Балқы деген халқым жатыр.
Ақша алған ашына боп Наурызбайың,
Ондай жан біздің елде толып жатыр , -
дейтін жауабында ақын Қызылқұмның Нұрата бетінде Шөмекейдің Балқы аталығы жайлап отырғанын және өзінің сол елге туыстығын білдіреді. Шындығында Балқы – Базардың руының аты, жыраудың Балқы Базар атанғаны содан. Өзінің шыққан тегі жөнінде жырау былайша толғайды:
…Кешегі жүйрік мен едім,
Жүлде алған байрақ алдынан.
Кіші жүздің кенжесі
“Дөйт” ұранды Шөмекей –
Шыққан бір Базар Балқыдан!
Әзілкеш осы айтыстың тағы бір кезегінде Қызылды қыстайтын Шөмекейлердің атақты байы Есімтөбет Жабағы байдың дәулетін айтып мақтанады. Ал, Базар жырау болса он алты жасқа шыққанша Жабағының қойын бағып жүрген. Бір өлеңінде ақын Базардың көп ғұмырын өткізген Нұрата, Кенімық, Кермене, Тау Елібай, Бесқала өңірлерінде болғанын айтады. Осы мәліметтердің бәрі сайып келгенде Әзілкеш пен Базардың бір топырақта туып, Сырдың да Жырдың да тұнығынан қатар сусындаған саңлақтар екеніне куә.
Қазақтың сырлы сазгерлерінің бірі, әрі ақын, әрі сал Ешнияз Жөнелдікұлы (1834-1902) Базар жырау қоныстас, сыйлас болған аяулы жандардың қатарына жатады. Ата жөнінен Әлімнің ағасы Байсарыдан тарайтын Құлыс Кете руынан шыққандықтан Ешнияз Базарға бөтен емес. Кезінде атағы алысқа жайылған бірегей дарынның шығармалары бізге түгел жеткен жоқ. Оның Кенекес ақынмен айтысы, өзі жайлы толғауы және бірқатар әндері ғана сақталған.
“Өзім жайлы” атты толғауында:
Атандым Жөнелдіктің Ешниязы,
Еленбей есерлікте естің азы.
Жарқын жүз, жадыраған жастық дәуір,
Секілді Сырдың самал кешкі жазы… [60 Сыр сүлейлері. Құрастырған – Е.Әбзалиұлы. – Қызылорда: 2002, 9-б.]
деп басталатын жолдардан Ешнияз шығармаларына дәстүрлі жыр сарындарынан гөрі сырлы сазға толы ақындық көңіл күйдің жақындығын байқаймыз. Ешнияз салдық құрып, серілік қызығын қартайғанша үзбестен өтеді.Көп ретте оған Базар да ілесіп жүргенге ұқсайды. Ешнияздың серілік даңқы Сыр өлкесі мен Арқа өңіріне кең тараған. Жасы ұлғайған шақта да салдық дәстүрді ұстанып, өзіне ерген нөкерлерімен елден жырақ қонып, ескі әдетін қоя алмай жүрсе керек.
Оның әндері белгілі музыка шеберлерінің назарын аударған. Мәселен, А.Затаевич 1925 жылы Орынборда басылған “Қазақтың мың әні” атты жинағына Ешнияздың алты әнін қосқан. Сазгердің “Әуия”, “Айжан-ай”, “Гөй-гөй”, “Жүрек сазы”, “Дүрдераз”, “Желдірмая”, “Көркем”, “Тәйтен” секілді әндерін 1962-64 жылдардағы фольклорлық экспедиция кезінде М.Байділдаев бастаған экспедиция мүшелері Үбісұлтан Аяпұлы, Мұзарап Жүсіпұлы секілді ұрпақтарының орындауында дыбыс таспасына түсіріледі [Ешнияз, Жүсіп әндері. // ӘӨИ, Музыкалық жазбалар қоры: N234 таспа.]
Базар жыраудың өзі де жастау күнінде Ешнияздан салдық пен серіліктің, билік пен шешендіктің қыр-сырына қанығады. Салға еліктеп Базар шығарған әндердің саны біраз болса керек. Әйткенмен, бүгінге дейін жыраудың бірер әні ғана жеткен. Ертеректе газетте басылған мақалада Базардың “Күміс-ай”, “Ақтолық-ай” атты әндері қарт жырау Жалғасбай Аралбайұлының орындауында жазылғаны туралы дерек бар. Бірақ сол мақаладан он жыл өткенде Алматыда жазылып, жеке күйтабақта басылған жыршы А.Алматовтың “Жыр керуені” атты термелер жинағында[1987] “Күміс-ай” әні Тұрым жыраудың атына телінген.
Ешнияз сал ақындығына қоса билік тізгінін де ұстаған, өз дәуірінің озық ойлы кісілерінің бірі болды. Оның Сыр, Қармақшы өңірінде біраз уақыт билік қызметте болғанын төмендегі ресми деректер де растайды: “Перовский, яғни Ақмешіттің озянай бастығының сұрауымен, жұрттың сайлауы бойынша Ақын болысына Тотышбай Бекмырза баласын болыснай қылдым. Қаракөз Сарықұл баласын бұған кандидат қылдым. Құлбай Ерайбас баласын, Бөкет Өтеміс баласын, Ешнияз Жөнелдік баласын Аққыр болысына би қылдым”. Сырдария облысының военной губернаторының істерін атқарып тұрғушы-генерал майор Иллер[ Түркістан уәлаятының газеті. [Құрастырған Ү.Субханбердина, тағы басқалар]. – Алматы: Ғылым, 2003.]. Бұл – 1874 жылғы сайлаудың нәтижесі болатын.
Осы жылдары Сыздық Сұлтанның Қызылқұм-Нұрата маңындағы орыс басқыншыларымен шайқасына қатысып, бір жағынан жергілікті болыстарға жақпай, Базардың қуғынға түсіп жүрген кезі. Қолы қысқа, бірақ тілі мірдің оғындай жыраудың жауы да көп болған. Сондай қыспаққа түскен, қуғын көрген, яки түрмеге қамалған кездерінде Базарға Ешнияз, Бақа би тәрізді беделді дос-жарандары жанашырлық көрсеткен. Тіпті, жырау алқалы топта отырып та біреуге ренжісе, не әлдекім ақысын жесе, соларға еркелеп, арқа сүйегенін де Базардың өз өлеңдерінен аңғару қиын емес. Жырау бірде Кетелердің аулына келіп, сол елден шыққан белгілі байдың бірі Қаражан болыстың тойына шақырылған игі жақсылардың алдында бір түн бойы жыр айтады. Өз тойында өнер көрсету үшін әдейі қолқалап алдырып, “тәуір ат мінгіземін” деген болыс уәдесін жұтып, жырауға шабан торы мінгізеді.
Әділетсіздікке қаны қас Базар намыстанып, өңшең ел билеуші жақсылар мен жайсаңдардың көзінше Қаражанды “қара есекке теріс мінгізгендей” етіп сілейте сөгеді. Сыпыра жұрт алдында сыпайылап бастап, ақыры болысты “мақтамен бауыздап, абыройын айрандай” төгеді. Осы толғауда жырау Кете руының текті әулеттерінің санатында Ешнияз бидің де атын атап, достық базынасын арнайды:
Толыбай, би Ешнияз, Мырзабегім,
Ерлерсің жұртқа мәлім асыл тегің.
Сендер ең замананың сейістері
Ілдірген қаршығаға құмның жегін.
Әдейі аттарыңды атап айттым,
Болыстың көрмей қалмай іс еткенін.
Қыранды жазатайым жасқағанмен,
Бір күні алмай қалмайды ақыр кегін .
Әрине, Базар замандастарына наз білдіріп, қиын сәтте қолдау күтсе де, өзі жүдеп, жасымаған. Ер мінезді, қыран текті жыраудың бір Алладан басқаға бас имейтіні өлеңінен көрініп тұр.
Базар жігіт шағында Арқаның орта жүздің бұлбұлы атанған небір жүйрік ақындарымен жүздесіп, солардан бата алған. Сырда туып, Қырда өскен Серәлі, Өске, Орынбай, Бұдабайлар – Базар жырау айрықша бағалаған арқалы ақындардың сойынан. Жырау өз толғауында:
Мәжілісінде жақсының
Дәурен сүріп күн көрген.
Ерегіскен олармен
Ажалы жетпей күнде өлген:
Қарадос, Өске Бұдабай,
Серәлі, Садыр, Орынбай,
…Ақ Кетенің ішінде
Шернияз, Шыман, Өтеген –
Солардан өткен сұм дүние , –
деп оларды ерекше ілтипатпен еске алады.
Осындағы Серәлі Еруәліұлы (1835-1876) – белгілі ағартушы-демократ ақын, қазақтың қабырғалы қайраткерлерінің бірі, кезінде “Айқап” журналының тұңғыш редакторы болған алғашқы кәсіпқой журналшы Мұхамеджан Сералиннің әкесі. Деректер бойынша “Серәлі ақынның әкесі Еруәлі Сыр бойында қыстап, Арқа жерінде жайлап жүрген көшпелі шаруа болған. Жасынан осылай жер көріп, ел танып өскен Серәлі талай жиын тойларда тарлан ақындардың тәлімін үйреніп, өзі де ысылып, сан саңлақпен сайысқа түскен. Ол өзі тұстас талай ірі ақындармен, Ошақты руынан шыққан Ұлбике, Сыр бойының сері ақыны Ешнияз салмен (1834-1902) айтысқан” [Айтыс.– 1989,64-б.]. Атақты Орынбай ақын Серәлімен айтысқанда оған:
Қожа біткен Сыр, Қуаңға барған болар,
Елді алдауға Құранын алған болар ,–
деп тиіседі. Бұл мәліметте аталған ақындардың Базар өмір кешкен Қуаңдария, Қызылқұм өлкесіне кең танымал екендіктерін аңғартады. Ал, Өске Торқаұлы (1788-1857) – Серәлімен туыс, яғни қостанайлық Қыпшақтардың Танабұға руынан шыққан белгілі жүйрік. Деректерге қарағанда ақын жастайынан жетімдік қамытын киіп, кедейшілік тауқыметін көп тартады. Өскенің “Наурызбай биге айтқаны”, келініне арнаған мысқыл өлеңдері Базардың “Асылқожаға”, “Текешікке” секілді қағытпаларын еріксіз еске түсіреді. Екі ақынның басындағы жарлылық, би-болыстарға қырғидай тиген өткір де ойлы өлеңдері мен құрбылас қыз-келіншектерге шығарған “тұзы ащы” қағыту-қайымдасулары қос талантты туыстыратын басты ерекшеліктерінің бірі.
Сырдың саңлақ ақыны саналатын Бұдабай Қабылұлы (1830-1890) Базар жыраумен сыйластықта жүріп, оған ағалық батасын берген көрінеді. Базар сияқты Бұдабай да Өскенің өнерін ұлық тұтқан. Өзі жайындағы толғауында ақын ұстазын былайша сипаттайды:
Біз едік Бұдабайы Орта жүздің,
Қандырған сөзбен мейірін алқаңыздың.
…Үйреніп өнегесін үлгі еткенім
Өскесі еді Қарабалық қарт абыздың.
Қыпшағы Сыр бойының болсам-дағы
Өскемен туысы бір тайпамыздың .
Бұдабайдың ақындық атағын шығарған оның “Қарлығаш қызбен айтысы” екені әдебиетші қауымға белгілі. Бұл шығарма қыз бен жігіт айтысының ең таңдаулыларының қатарына жататыны да айтылған. Ақынның тұлғасын биіктеткен екінші бір туындысы – “Әйекенің жоқтауы” болды. Төңкеріске дейін Я.Лютшь құрастырған жинаққа еніп, кейіннен, “Жиырма үш жоқтау” (1925), “Бес ғасыр жырлайды” (1984-89), “Боздағым” (1990), “Ақжолтай Ағыбай” (2003) сияқты бірнеше кітаптарда жарияланған бұл толғау-поэмасы да ғалымдар тарапынан зерттеліп, жоғары бағаланған болатын. Бұдабайдың өмірі мен шығармалары жайында Ә.Қоңыратбаевтың , М.Жармұхамедовтің еңбектерінде біршама терең пікірлер айтылады.

  1. Бұдабай мен Базардың кездесуі жөнінде мынадай дерек бар: 1900 жылдары Бұқар қазақтарына Бұдабай ақын қыдырыстап барса керек. Сол уақытта Тамды өңірінде тұратын Базар әйгілі ақын жерлесін іздеп келіп, оның алдында біраз жыр төгеді. Сонда Бұдабай: – Шырағым, қай бала едің, Құдай бар өнерді өзіңе үйіп берген екен, – депті [Қоңыратбаев Ә. Базар жырау толғаулары // Жұлдыз, 1984, N1., 189-б.].

Әрине, Бұдабайдан шамалы ғана кішілігі бар Базар бұл кезде алпысты алқымдап қалған болатын. Сірә, бұл оқиға олардың жастау мезгілінде орын алса керек. Қалай дегенмен, бір топырақтан жаралып, жыр бастауынан бірге нәр алған екі таланттың өмірінде де өнерінде да ортақ тұстар баршылық. Өлең өлкесіндегі ұстаздарын қатты қадірлейтін Базар ағаларын айрықша қастерлеп өтіпті. Оларды пір тұтып: “Шелекшесімен құдықтан су тартқанда “әупірімнің” орнына “ия, Шернияз, ия, Мұсабай, ия, Шамбай, ия, Бұдабай!” деп сиынады” [Тоқмағамбетов А. Жыр күмбезі (роман). Алматы: – Жазушы, 1984., 160-б.]. Бұл – Сыр сүлейлерінің “сарқытын ішкен”, сол төңіректегі өткен белгілі ақындардан жыр-сауатын ашып, өлеңдерінен үлгі-өнеге алған қазақтың белгілі қаламгерлерінің бірі А.Тоқмағамбетовтің Базар жыраудың өмірі жайында жазылған “Жыр күмбезі” атты тарихи романынан келтірілген үзінді.
Осылайша ақындық-жыраулық дәстүрге бай Сыр, Арқа, Қызылқұм өңірлерінде өсіп, ержетіп, ордалы өнер мектептерінен өнеге алған Базар айтулы ақын, арқалы жырау атанып, ендігі жерде өзі де жас дарындарға үлгі көрсетті. Шынында да ХХ ғасырдың бас кезінде жыраулық даңқы жағынан Сыр ақындарының ешбіреуі одан аса алған жоқ. Бұл мезгілдерде Арқа беттегі Ырғыз бойынан сонау Нұрата, Тамды, Үшқұдық төңірегіне дейінгі байтақ өлкеде Базарды ұстаз тұтпаған ақын кемде-кем. Осы орайда Ә.Қоңыратбаевтың: “Базар жазған ақын емес, домбырамен айтатын асқан композитор. Базардың сөзі қандай ойлы, көркем болса, жыраулық мотиві де соны. Базар, Жаңаберген, Нысанбай, Молдахмет мотивтері бүкіл Сырға жайылған. Сыр бойында Базардан үйренбеген ақындар сирек” – деген пікірінің жаны бар.
Оның ізін баса шыққан дарынды жыр жүйрігі Оңғар Дырқайұлы (1859-1908), Қарасақал Ерімбет (1844-1916) сынды ақын-жырауларды былай қойғанда, Шегебай Бектасұлы (1853-1915), Мәнсұр Бегежанұлы (1875-1933), Кете Жүсіп Ешниязұлы (1871-1927); Омар Шораяқұлы (1878-1924), Даңмұрын Кенжебекұлы (1870-1923), Сейітжан Бекшентайұлы (ХІХ ғасырдың соңы), Тұрмағамбет Ізтілеуұлы (1882-1939), Мықан Балтекейұлы (1873-1916), Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы (1873-1923), Жұманазар Үрімқұлұлы (1890-1958) т.б. көптеген Сырдың ақын-шайырлары Базар талантын жоғары бағалады, өлең-толғауларын үлгі етіп, жұрт арасына таратуға да атсалысты.
Базардың шығыс тақырыбын арқау еткен “Әмина қыз”, “Айна-тарақ”, “Ахмет Жүсіп” тәрізді қисса-дастандары да Сырдың жас шайырларының көңілін елтіп, оларды осы бір тылсым дүниенің тереңіне тарта берді. Кейіннен, жоғарыда аталған ағартушы ақындардың көбі-ақ шығыстық үлгідегі медресе-мектептерде тәлім алып, шайырлық жолға түсті, бір қатары “Мың бір түн”, “Тотынаме”, “Шаһнаме” сюжеттерін жаңғырта жырлап, қазақтың нәзирашыл әдебиетінің қорына өлшеусіз үлес қосты . Базар жырау өмірінің біразы осы таланттардың ортасында қызық-думанмен, жыр толғап, мүшәйраға түсумен өтсе керек. Жыраудың ерлік жырлары мен өсиет-толғауларынан өнеге үйреніп, арқалы жүйріктен бата алған ақын-шайырлар Базар есімін елге әйгілеп, қашанда үлкен құрметпен еске алып отырған. Мәселен, Шораяқтың Омары өзінің “Ұстаздарым” атты толғауында:
Бағынан бұлбұл ұшырған
Опасыз дүние – бейқарар.

Балқы Базар, дүр Оңғар


“Алға!” деп атты қойғанда,
Қаншама пырақ болса да,
Қарасын көрмей қаңғалар , –
деп Базар өнеріне жоғары баға береді. Ал, Омармен айтысқан Қарасақал Ерімбеттің қайтарған жауабында мынадай бейнелі шумақ ұшырасады:
Жырауда Бұдабай мен Базар қані,
Халықтың шын күтетін қадірданы.
Шыршықтан толқып аққан дариядайын,
Киелі таусылмайтын сөздің кәні .
Базарды аса қадір тұтып, жыраудың сирек талантына тәнті болған шәкірттерінің бірі Тұрмағамбет Ізтілеуұлы:
Балқы Базар – білгенге
Атақты әйдік астана,
Жұмыла жұртты жиып ап,
Жырласа бітпес күн-түні , –
деп ұстаз өнеріне бас иеді. Сондай-ақ, Базар өлеңдерін алғаш рет жинастырып, Ә.Диваевқа тапсырушы қазалылық ақын, молла Жомарт Амалдықұлы да жырау тұлғасын төмендегі өлең жолдарымен сипаттаған екен:
Шекеңнің ағасы еді батыр Базар,
Жан бар ма қызыл тілде бұдан озар?
Киелі, әруақ қонған бір ер еді,
Ғайып-ерен, қырық шілтен салған назар.
Тілінен тамған балы, жүзден қаны,
Дегізген: “бәрекелді, жігіт жарар!”
Гүлі еді дүниенің туған көркем,
Көрген жан назарына тапқан қарар.
Сонау, өткен ғасырдың 40-жылдарында-ақ Омар Шораяқұлы жайында жазған зерттеу мақаласында Ә.Тоқмағамбетов Базар мен Шортанбайды ақындардың ұстазы ретінде атап көрсетеді [Тоқмағамбетов Ә. Омар ақын // Әдебиет және искусство, 1940, N 9. , 68-б.].
Осы айтылғандардың бәрі де Базар Оңдасұлының байрақты ақындардан бата алып, бәйге бермес жырау атанғанын, өзі де кейінгі буын ақындарына аға болып, жөн-жоба танытқан тағлымды тұлға, әрі қаймағы бұзылмаған қазақы дәстүрді қапысыз ұстанған, қарапайым халық арасынан жарқ етіп көрінген хас таланттың бірі екендігін анық аңғартады.
Алайда, Базардың өмірі ылғи да қуанышта, қызықта өтті десек, қателесер едік. Жырау ат жалын тартып мінген ХІХ ғасырдың 60-жылдары патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлаудың шешуші кезеңіне көшіп, еліміздің оңтүстігін көктей өтіп, Орта Азияға қадам басқан сәті болатын. Бұл кезеңде қазақ жерін толықтай отарлаумен бірге, халықты біржола жуасытып, тәуелді елге айналдырудың барлық айла-шарғысы жасалып жатты. 1868 жылы жарияланған “Жаңа низам” ережесі осындай амалдардың бірі болды. Қазақ даласы ұсақ аудандарға бөлшектеніп уезд, облыс, болыстық территориялардың пайда болуы, соған орай би, болыс, старшын, елубасы, ақсақал секілді “штат сайлауының” шығуы – жергілікті ұлтты қоғамдық-әлеуметтік жағынан түрлі жікке ыдыратып, ру бәсекесін тудырды, қазақ кедейлене түсті. Өйткені, шұрайлы, сулы-нулы қоныстарды переселендер тартып ала бастады. Жаңа заңға сәйкес қазақ жерінің билігі тұтастай орыс патшасы мен губернаторлар тағайындаған ұлықтардың қолына көшті.
Міне, осы шақта қазақ жұртының мұң-мұқтажы, арыз шағымдары, тіпті, елді ерлікке, азаттыққа үндеген ұрандар халықтың өз арасынан шыққан ұлтшыл, жұртшыл ақындардың аузынан өлең болып өріліп, жыр боп төгілді. М.Әуезов тілімен айтқанда, зар заман поэзиясы бұл тұста шарықтау шегіне жетті. Қазақ әлеуметінің басына түскен зор нәубет пен сол кезең әдебиеті туралы М.Мырзахметов, Б.Омарұлы, Қ.Мәдібай секілді бірқатар әдебиетші ғалымдардың зерттеулерінде терең сөз қозғалғанын атаған жөн. “Қазақ елінің рухани құлдық қамытын киіп, отаршылық қысымға ұшыраудан құтылуға ұмтылуы – осы кезеңдегі қазақ поэзиясының өзекті сарынын тудырмай тұра алмады” [Мырзахметов М. Отаршылдық дәуірдегі әдебиет // Жұлдыз, 1993, N 7. , 183б.] –
деген ғалым тұжырымының Базар шығармашылығына да қатыстылығы күмәнсіз. Сондай-ақ, Базар жыраудың ақындық айналасы мен ол өмір сүрген дәуір жөнінде мәліметі мол ғалымның бірі Ә.Қоңыратбаевтың пікірінше, Балқы Базар, Шораяқтың Омары, Бұдабай, Қайыпназар секілді Сыр бойы ақындарының жырлаған тақырыбы өзгеше сипатта болды. Бұлар көбіне 1868 жылғы “Жаңа низамнан” соңғы өзгерістерді қозғайды .
Жырау шығармаларының бірқатары Базардың отыздан енді асқан ордабұзар шағында, Сыздық Сұлтан Кенесарыұлының Сыр өңіріне – Қызылқұмға келіп, орыс патшасының басқыншы әскеріне қарсы жүргізген күрестеріне тілеулес боп жүрген шағында туса керек-ті.
Ахмет сұлтан Кенесарыұлының тарихи естелік кітабындағы мына деректер Базар мен Кенесарыұлы Сыздық сұлтанның кездесуін жоққа шығармайды: Сыздық сұлтан Бұхар қол астындағы Тамды қыстағына барып түсіп, сол жерден Бұхар әміріне орыстармен ұрыс жасағанын айтып хат жазады. Әйтпесе, “Сыздық сұлтан әмірдің рұқсатымен өзінің сегіз жүз адамын алып Қазалы жаққа кетті” [Кенесарыұлы А. Кенесары және Сыздық сұлтандар. [Аударған Ғ.Ахмедов]. Алматы: Жалын, 1992. , 35б.] –
деген мәліметтер де осы пікірімізді растай түседі. Себебі, Қазалы мен Тамды Базар жыраудың ата қонысы еді. Сондай-ақ Сыздықтың ауырып, Қызылқұм ішінде Боқан тауларында үш ай жатуы, мұнан соң дарияның оң жағындағы көшіп жүрген барлық қазақтарды басқарып төрт жыл жүрген кезінде де сұлтанның Базармен дәмдес-тағдырлас болуы әбден мүмкін.
Базар жыраудың Сыздық сұлтанның ізіне еретіндей ерлігі болғанын ел сөзі де растайды. Көзкөргендердің айтуынша, ақын ерекше тұлғалы, батыр кескінді адам болғанға ұқсайды. “Домбырасымен қоса қару да асынып жүрген” және “Базар жырау қара сөзге шешен, белгілі басым, батырлығы – жаннан қорқып қалмаған кісі” [, ОҒК, Ш. 1305/2 , 24б.]
– деген деректер де оның ел намысын қорғай алатындай қайсар мінезді, ер көңілді жан екендігін дәлелдей түсетіні даусыз. Базардың батырлығын замандас шәкіртінің бірі Шөмекей Оразымбет Есентайлақұлы былай сипаттайды:
Батырлығың, Базеке,
Бұрынғы өткен Тарғындай.
…Батырлығың, билігің
Қожеке, Бақа, Қалдандай.
Қазақта бөлек порымың –
Екі көзің қып-қызыл,
Қорқыттан шырақ жанғандай.
…Нұр тауындай бақытыңыз,
Жүздердің құнын таптыңыз.
Тәуекелге бел байлап,
Жасанған жауға шаптыңыз...
Аумалы-төкпелі кезеңде өмір сүріп, өз ортасының, әділетсіз қоғамның белсенді өкілдерін өлтіре шенеген Базар біраз уақыт Қазалы, Ақмешіт, Үргеніш түрмелерінде қамауда отырғаны жөнінде де деректер кездеседі. Өмірінің соңғы жылдары Бұхар жағында өткізген жырау бірде Ақмешіттегі әкімдердің сұрауымен абақтыға қамалады. Сірә, 1908 жылдардың шамасы болуы керек. Осы уақытта Бұхарадағы “Көкілташ” медресесінде оқып жүрген Тұрмағамбет шайыр мен тәжік азаматы Садриддин Айни Базарға әйел киімін киіндіріп, түрмеден қашырып жіберіпті деген де аңыз-әңгіме ұшырайды .
Жазықсыз түрмеге отырып, елге беделді ағайыны Бақа би Айбекұлынан көмек сұрап шығарған мына толғауы да Базардың қуғында жүрген шағынан сыр шертеді:
Ағаға сүйеп арқасын,
Бір іске інің ұрынды.
Жатырмын жаттың ішінде
Сездірмей сыртқа сырымды.
…Орынсыз мынау дұшпанның
Батты жаман азары.
Құйрығымен жар соққан
Мен – дарияның сазаны.
Кінәсіз күйген ініңмін –
Әділдік таппай әкімнен
Тартып бір жатқан жазаны .
Тағы бір өлеңінде жырау өзінің абақтыдан шығып, елге оралған сәтін былайша баяндайды:
Сәлем беріп қол алған,
Мен – Балқының Базары.
Дәулетіңе кез болдым,
Сен – Тоқаның Назары.
Алты ай жатып түрмеде,
Арып ашып келемін.
Назекеңді көрген соң
Базардың кірді ажары .
Базар жырау өмірінің ақырғы кезеңінде қасында бірге жүріп, көп дәмдес, сапарлас болған Тұрмағамбет те тілінің “ащылығынан” зардап шегіп, бірнеше рет Қазалы, Қармақшы түрмелерін де отырғандығы туралы деректер кездеседі. Мысалы мына өлеңде ақынның сол бір зұлмат дәуірде ұсталып, кінәсіз болса да тұтқында, түрмеде отырғандығынан хабар береді. Осы шығармасында өз басындағы ауыр халін айта келіп, тергеушіге:
Ақ қараны ашатын
Ақылға райхан шамдайсыз.
Жазығым жоқ жатырмын,
Қандай шара қамдайсыз?
Өтірікті айтпаймын,
Сөздеріме нанғайсыз.
…Дейсіз де жақтырмасаңыз –
Негізі жаман малдайсыз.
Жақтырсаңыз Жейхұннан
Өткізіп салар салдайсыз, –
деп одан адамшылық күтіп, тағдырына араша сұрайды. 1937-38 жылдары, Алматыда “Шаһнаманы” аударып бітіргеннен кейін де ақын абақтыға жабылып, қапаста бірер жылын өткізеді. Тұрмағамбетке “ескінің көзі – молда, халық жауы, жапон шпионы Темірбек Жүргеновтің жерлес досы, сыбайласы” деген айып тағылған көрінеді. Абақтыда жатып, ақын көптеген саяси-әлеуметтік тақырыптағы туындыларын жазады. Әдетте, Тұрмағамбеттің мұндай шығармаларында шайырдың өзіне ғана тән жеңіл юмор, не астарлы сатира, тіпті ащы ирониялық сөз саптаулар жиі ұшырасады. Солай бола тұрса да ақын өзінің адалдығына, үкіметтің уақытша қателескеніне сенеді, абақтыда бірге жатқан замандастарын мойымауға оларға бір Алланың қолдаушы екендігіне илануға, иманға шақырады:
Ақ отын ақымақ қанша үрлегенмен,
Әркімдер айтпап па еді сөнбегенін.
Өзің де екібастан еске аларсың,
Еш нәрсе уайымнан өнбегенін.
“Сары алтын – сабыр түбі” деген сөз бар,
Көрерсің ісіңді Хақтың жөндегенін.
Баянды бақыт орнап бастарыңа,
Басылар бәріңнің де шөлдегенің.
Қосылып Құдай қосқан қосағыңа.
Көрерсің, ұл-қызыңның төлдегенін.
Кешікпей Кеңестің де есітерміз,
Бәрің де бұрынғыдай бол дегенін [ӘӨИ, ҚҚ: Ш. 917/14, 5-б.].
Осы бірер өлең үзінділерінен-ақ, Базар мен Тұрмағамбет тағдырының ұқсастығын аңғару қиын емес. Араларындағы жас айырмашылықтарына қарамастан, өмірде де, өнерде де дос болып өткен екі ақынның сыйластық қатынастары өле-өлгенше үзілмеген.
Базар жырау өмірінің соңғы жылдары Тамды жерінде өтеді. Осы арада 1911 жылы жасы жетпісті алқымдаған жыр бұлбұлы біраз күн ауырып, пәниден бақиға озады. Базар өзінің кеселге тап болғаны туралы:
Кез болдым бір ауруға асқақтаған,
Келгендей бейнесі бар қастап маған
Келгеннен көз ілінтіп, нәр таттырмай
Алқымдап алды ауыр дерт ас батпаған, –
деп ауруының меңдеп бара жатқанын айтқан. Алайда, өлмейтін пенде жоғын жақсы білетін Базар өзінің өлімін де қасқая қарсы алып, ажал кезегінің келгенін түсініп, тағдырға мойынсұнады, баяғы “Кемпірбайларша” өмірмен, өлеңмен қоштасып жатып көз жұмады:
Жас жетті, ұрпақ өсті, жол – біздікі,
Кезінде Базар болдық жұрт мақтаған.
Тағдырға тура келген амал қанша?
Жорғасы ем мен өлеңнің алшақтаған.
Көрмеген хош болыңдар, қайран халқым,
Сәлемім сендерге осы бар сақтаған!
Бұл мезгілде Тұрмағамбет Бұхара медресесіндегі оқуын бітіріп, енді елдегі балаларды оқыту үшін мектеп ашудың қамында жүрген болатын. Ақырғы сәтінде қасында болып, қолтығынан демеп, аузына су тамызған ақын інісіне Базар тағы да батасын беріп, шәкіртіне жыр “киесін” аманаттап көз жұмады:
Көруге кім ынтықпас күннің көзін,
Естуге кім құмартпас ғалым сөзін.
Заман тұр ұйыған бір қатық құсап,
Ішіңде жатыр тулап ыстық сезім.
Шырағым, Тұрмағамбет, білім алдың.
Еліңе енді қызмет істер кезің.
Суытпай адамшылық әділ сөзді.
Қош, бауырым, өзің көтер жыр күмбезін.
Базардың сүйегін Нұрата-Үшқұдық маңындағы қалың ағайын арулап, азалап, Тамдының “Жалпақтау” деген жеріне қояды. Ол ара қазір “Базар көңі” деп аталады. Ақынды жерлеу рәсімі кезіндегі көріністі А.Тоқмағамбетов былайша суреттейді: “Ертеңіне ел болып Базарды жерлеуге алып шықты. Алпамсадай атанды жабулап, Базардың өзі мініп келген қоқан арбасына салып ардақтап шығарып бара жатыр. Алты атқа қара кигізіп, қатар жүргізіп, Базардың өлеңін айтқызып, алты жігітті жоқтатып келе жатыр” [Жыр күмбезі (роман). Алматы: Жазушы, 1984., 171б.]. Бұл жазушы қиялымен әсерленген эпизод болса да, мұнда сонау Қарасақал Ерімбеттен Асқар ақынның өзіне дейінгі жыраудың барша шәкірттерінің, қала берді Сырдағы қалың елдің қазақтың қабырғалы азаматы, халықтың өнерпазы болған Базарға деген шексіз сүйіспеншілігі жатқаны – күмәнсіз шындық.
1976 жылы Базардың ұрпақтары ұйымдасып, тамдылық жерлестерінің қолдауымен жыраудың басында ақ мәрмәр тастан құлпытас – белгі қояды. Одан кейінгі жылдары Өзбекстан өңіріне барып, Базар бейітіне зиарат еткен ғалым М.Байділдаев ескерткіштің тарихы жөнінде мынадай қызық дерек келтіреді: “Оның бейітіне мраморды сегіз түйемен бірнеше шақырымнан тасыған. Базар қайтыс болғанда оның мүрдесі артылған түйені жетектеген Кәрібай Жабағиев деген қарт қазір 82 жаста (Ақын қайтыс болғанда 17 жаста болып-ты). Базар жас шағында Кәрібайдың әкесінің малын бағыпты” [78 Байділдаев М. Тарих бетін ақтарғанда // Ленин жолы, 1977, N7.]
Әрине, “қызық” деп отырғанымыз – бір кезде өзінің әкесіне жалшы болған Базар жыраудың бейітіне Жабағы байдың ұрпағы Кәрібай ақсақалдың шырақшы болуы еді. “Өмір озғанмен, өнер тозбайды” деген осы шығар! Сол 1977 жылы Тамдыға барған А.Тоқмағамбетов Базар жырау өмірі туралы өлеңдер топтамасын жазып, республикалық “Лениншіл жас” газетінде жариялаған екен. Ақын “Базар бейітінің басында” атты өлеңінде өзінің жоғарыда аталған Кәрібай Жабағыұлы қариямен жүздескенін, жырау туралы көп мәлімет алғанын баяндайды. Осы жырда:
Ол айтады: “Базекең жан бергенде,
Жаназасын бірге оқып, болдым бірге.
Жетісінде жорғасын қолмен сойып,
Бас сүйегін қойды әкеп осы жерге.

Шағаладай ақ сүйек соның басы,


Зияраты жұрт жүрер жолдың қасы.
Өткен-кеткен көрсін деп қойыпты елі,
Жібек жолдың шетінде тұр моласы…”–
деп ақын Базар қазасының тұсындағы оқиғаларды суреттей отырып, жыраудың жұмбақ өмірінен сыр суыртпақтайды. Замандастарының әңгімесі бойынша жазылған жырдағы Базардың тағдыры кейде Ақан сері мен оның Құлагерін көзге елестеткендей. Бұл шағын мәліметтер құрала келе, шынында да Базар жай ғана ақын емес, сөз бастаған шешен, қолынан қылышын тастамаған жауынгер жырау, әрі тамаша атсейіс, һәм сері болып, өмірді мағыналы өткізгенін көрсетсе керек.
Қазақ халқының мақтаныш етер есімі талай жерге мәшһүр болған ұлдарының бірі – Базар жырау жырлары көп жүрегінен әлі орын алып келеді. Оның суырып салма айтыс ақыны екендігін айтпағанда асқан әншілігін, халық мұңын сазды термесіне арқау еткен жыраулығын көнекөз қариялар әлі де тамсана әңгімелейді. Базар жырау өлеңдерін тамдылықтар сүйіп оқиды. Әнді, өнерді құрмет тұтқан халқымыздың бұл қасиеті ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса түскені үлкен ғанибет!” [Сарғожин Р. Ақынға құрмет // Лениншіл жас, 1977, N 158. ] Бұл – жыраудың жерлестерінің тарапынан Базар өнеріне берілген әділ баға, ақын аманатына адалдықтың белгісі деген ойдамыз.
Базардың соңында өлмес өлеңдерімен бірге Пірлібек, Нұрлыбек, Нақыпбек, Әмзебек деген ұлдары, Балзада, Гүлзада атты қыздары қалған. Бүгінде жыраудың отызға жуық немерелері мен шөберелері Бұхар облысының Тамды, Кенімық аудандарында тұрады. 1990 жылы Базар жыраудың ұрпақтары мен жерлестері ақынның 150-жылдық мерей тойын халықаралық деңгейде абыроймен атап өтті. Ақын рухына Хатым-Құран бағышталып, үлкен ас берілді. Тамды аудандық Кеңесі атқару комитеті ақын зиратына ескерткіш тұрғызуға көмектесумен бірге, “Юбилейный” кеңшарының Ақбөгет елді мекеніндегі мектепке және Тамды қыстағындағы орталық көшеге Базар жырау есімін берді.
Міне, Базар Оңдасұлының ақындық ортасы мен өмірі жөнінде әзірге білетініміз осы ғана. Әрине, келешекте де жырау өмірінің беймәлім беттері айқындалып, ақын шығармашылығы мен мұралары зерттеліп, толықтырыла түсері сөзсіз.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет