1 бөлім. Аудит теориясы
Аудиттің мәні және оның нарықтық экономика жағдайындағы ролі
Дәріс 1. Аудит туралы түсінік және оның пайда болу кезеңдері.
Дәріс мазмұны.
1. Аудит мәні мен маңызы
2. Аудиттің пайда болуы
3. Қазақстанда аудиттің қалыптасуы
4. Нарықты қатынастағы шет елдердегі аудиттің даму жолы.
Аудит термині осыдан екі мың жыл бұрын «аиdіо» деген латын сөзінен шыққан, аудармадағы мағынасы «ол естиді» немесе «естуші» дегенді білдіреді.
Рухани оқу орындарында озат оқушыны аудитор (тыңдаушы) деп атаған. Оған оқытушы басқа оқытушылардың сабақта өткен материалды қалай меңгергенін, тапсырманы қалай орындағанын, яғни оқу үлгерімдерін тексеріп отыруды сеніп тапсыратын болған. Еуропаның көптеген елдеріндегі мемлекеттік басқару мен шаруашылық қызмет салаларында лауазымды тұлғалардың ауызша есеп беруін тыңдаушы қызметкерді аудитор деп атаған. Есеп берудің бастапқы ауызша түрі көптеген адамдардың сауатсыз болуына байланысты қолданылған, сөйтсе де орта ғасырдағы адамдар есеп берудің ауызша түрі жазбашадан да жақсы болады деп есептеген. Олардың ойынша кез келген құжатты қолдан оңай түзей салуға болады, ал бақылаушы-аудитордың көзіне тура, тік қарап тұрып өтірік айту мүмкін емес немесе өте қиын, деп санаған (34, 41, 44).
Арнайы әдебиеттерде аудиттің пайда болу кезеңі өзгеше әрі қарама-қайшылыққа толы. Бір авторлардың айтуынша, есеп берудегі мәліметтердің дұрыс көрініс табуын жасау және бақылау біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдығынан басталады. Сонымен бірге, Ніл, Тигр және Евфрат өзендерінің жазықтарындағы Таяу Шығыстағы ежелгі өркениетте жоғары дәрежеде ұйымдастырылған мемлекет құрылып, шаруашылық қызмет жүргізілді, үкімет өнім, мүлік, салық жинау, орындалған жұмыс, қазынаны толтыру және кіріс пен шығыс есептерімен айналысты. Бақылаудың әр түрі жүзеге асырылды, оның ішінде аудит те бар. Мұндағы мақсат - қателіктерді азайту және шенеуніктер тарапынан алдау әрекеттеріне жол бермеу. Бірқатар бақылау түрлері сол уақытта Библияда (Інжілде) да суреттеледі. Онда мүлікті екі жақты күзету, адал қызметкерлерді жалдау, міндеттерді бөлісу мәселелері баяндалады.
Ревизиялық қызмет Вавилон, Мысыр, Рим, Қытай және Греция сияқты антикалық елдерде де болған. Мысалы, ежелгі Мысырда (біздің дәуірімізге дейінгі 3400-2400 жж.) мүлікті түгендеу кезең сайын, ал шаруашылық операцияларын бақылауды үш адам жүзеге асырған. Оның біреуі не нәрсе берілді, соның санын папирусқа белгілеп отырса, екіншісі нақты босатуларды жүзеге асырған, ал үшіншісі ауытқуды анықтау үшін берілген мүліктердің немесе өнімдердің санын нормамен салыстырып отырған. Ресурстардың қозғалысы мен болған оқиғалар бойынша операциялар қатаң тәртіппен құжатталып отырған, тікелей орындаушылар мен қатысушылардан тәуелсіз жүзеге асырылатын шаруашылық процестерін бақылау осылай пайда болган.
Есепті жүргізу бойынша арнайы заңнама алғаш рет Вавилон мемлекетінде пайда болған. Хаммурапи заңы (біздің дэуірімізге дейінгі 2200-2150 жж.) көпестерге дербес есеп жүргізуді, ал храмға - мемлекеттік есепшілікті жүргізуді әмір етті, ақшаны қолхатсыз беру жарамсыз деп саналған (59, 89-90-6.).
Чжоу династиясы басқарған уақыттағы көне Қытайда (біздің дәуірімізге дейінгі 1122-256 жж.) есептің мемлекеттік жүйесі, оның ішінде барлық үкімет департаменттерінің мұқият әзірленген бюджеті мен аудиті жүзеге асырылды. Ал, біздің дәуірімізге дейінгі 700 жылы ол жақта негізгі міндеті мемлекеттік ақша мен мүлікті пайдалануға құқығы бар үкімет шенеуніктерінің адалдығына кепілдік беру болып табылатын Бас аудиторлық кызметі болған.
Афинада біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда Халық жиналысы мемлекеттің кірісі мен шығысын бақылады, ал оның қаржылық жүйесі барлық лауазымды тұлғалардың өкілеттілігі біткенше құжаттарын тексеретін үкімет аудиторларын қамтыды (34,23-6).
Басқа авторлардың айтуынша, аудиттің пайда болуы арнайы ғылыми білімнің саласы ретінде бухгалтерлік есептің қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Бухгалтерлік есеп туралы алғаш рет ғылыми кітап жазған италияндық ұлы математик Лука Пачоли (1445-1517 жж.) арнайы бюрода тексеріп және тіркеп отыратын көпес кітабының іс жүзіндегі пайдалылығын атап кеткен болатын (35-37).
Шаруашылық қызметтің дамуы есептің сапасы мен есеп берудің шындыққа жанасымды болуының жаңа бақылау формасын талап етеді. Англияда аудиторлық алғаш рет 1299 жылы пайда болды, ал 1324 жылдың 24-інші наурызында король Эдуард II, үш мемлекеттік аудиторды тағайындайды. Тағайындау туралы жарлықта аудиторды Оксфорд, Беркенхед, Уэльс провинцияларындағы барлық есепшотты тексеруге, оларды тыңдауға, олардан сұрауға және есепшоттарды жүргізуде барлық кемшіліктерді белгілеп отыруға міндеттейді.
XII ғасырдан бастап Англия мен Шотландия, Италия, Франция және Еуропаның басқа елдерінің Қазынашылық мұрағаттарында (архив) аудиторлық қызмет туралы мағлұмат жиі ұшырасады. Мысалы, Ұлыбританияда екі типті аудит жүргізілген:
1) аудит қалаларда елдің көзінше, яғни жария түрде - билептөстеуші лауазымды тұлғалардың қатысуымен жүзеге асырылған, қазынашы аудиторлық есеп беруді ауызша, яғни елге естірте оқитын болған;
2) ірі поместьенің қаржылық басқарушының төлем шотын «аудиторлық декларацияға» орай «дебет және кредит» бойынша егжей-тегжейін тексеру, яғни оны поместьенің қожайыны мен басқарушылар кеңесінің алдында ауызша есеп берген.
Қалалардың, фабрикалардың өсуімен және сауда-саттықтың кеңеюімен сипатталатын ХVІ-ХVІІ ғасырлар кезеңіндегі экономикалық өзгерістер есеп пен аудиттің жаңа тәсілдемесінің пайда болуына итермеледі, яғни себепші болды. Бұрыштың басына мүлікке деген меншік құқығы мен пайда және залалдың қатаң калькуляциясы қойылатын болды. Аудит тыңдау процесінен жазбаша құжатты және растаушы куәні зерттеуді ретімен талдаушыға айналды. XVII ғасырдың аяғында Шотландияда белгілі бір лауазымды тұлғаға қалалық аудитор ретінде қызмет етуіне тыйым салу туралы алғаш рет заң қабылданды, осылай ету арқылы батыс әлемінде сол уақыттан бері осы заманғы аудитордың тәуелсіздігі деген ұғым енгізілді.
Мұндай аудиторлық озық тәжірибеге қарамастан, тек XIX ғасырдың екінші жартысында ғана кәсіби аудит тұтас іскерлік әлем мен кәсіпкерлік қызметтің маңызды құрамдық бөлігі болды. Бұл темір жолдарын салу мен сақтандыру компанияларының, банктердің, акционерлік қоғамдардың өсуімен байланысты. Ағылшындық темір жол және сақтандыру компаниялары мен басқа да инвесторлар Солтүстік Америкаға аттанғанда, яғни бағыт алғанда олармен бірге аса ірі ағылшын кредиторларының мүддесін қорғау үшін тәуелсіз аудиторлар да барды.
Осыған байланысты солтүстік америкалық аудиттің шығу тегі «ағылшындық» болып табылады және XX ғасырға дейін АҚШ-тың тәуелсіз аудиті ағылшындық үлгімен құрылып келді. Ол балансқа қатысты мәліметтерді егжей-тегжейлі зерттеуді ұйғарды. Роберт X. Монтгомери американдық аудитінің сол кезеңін "есепшоттық аудит" деп атаған, өйткені аудитордың жұмыс уақытының төрттен үш бөлігі есептеу және бухгалтерлік кітапты жасауға кетті. Аудит рәсімі (процедурасы) жылдам ұлғайған америкалық бизнеске бейімделе бастағанда шектен тыс қаражатты талап ететін есептеу мен көшіруді тексеретін британдық стиль біртіндеп американдық «тестілік аудитке» өзгеріп, ауысады (трансформацияланды). Сонымен қатар аудиторлар тестілеу әдісінен басқа операцияларды тексеру мақсатында бизнес бойынша серіктестен фирманың қызметі туралы мәлімет жинауды іс жүзіне асыруға кірісті. Инвесторлардың мүдделерін ескеру арқылы олар баланстың белсенділігі мен бәсеңділігін бағалауға, сондай-ақ пайда мен залал туралы есеп берулерде және есепшоттарда көрініс табатын шаруашылық операцияларының нәтижелеріне де көп назар аударатын болды (34,24-25-6).
XX ғасырда бухгалтерлер мен аудиторлардың аса ірі трансұлттық ұйымдардың құрылуына әкеп соқтырған әлемдік экономика мен бизнестің ғаламдасу (глобализация) тенденциясы біршама тереңдей түсті. Кәсіби аудиттің дамуы үшін Халықаралық есеп стандарттары бойынша Комитет (LASС - 1973 ж. негізі қаланған), Жоғары бақылау органдарының халықаралық ұымы (ИНТОСАИ - 1953 ж.), Халықаралық бухгалтерлер федерациясы (ІҒАС - 1977 ж. құрылған), БҰҰ 1979 жылы құрылған Есеп пен есеп берудің халықаралық стандарттары бойынша үкіметаралық сарапшылардың жұмысшы тобы (ISAR) сияқты халықаралық және аймақтық ұйымдар қызметінің маңызы айырықша. Осы жаңашылдықтардың барлығы ендігі жерде аудиттің бухгалтерлік жазбалардың кеңселік нақтылығын тексерумен ғана шектелмей, салалары мен ауқымының біртіндеп кең өріс алуын көрсетеді. АҚШ және Ұлыбритания сияқты дамыған елдерде тәуелсіз аудиттің өзгеше жүйесі қалыптасқан. Оларды жетілдірудің қажеттілігі көптеген кридиторлар, инвесторлар және басқа да мүдделі пайдаланушылар тарапынан шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметі туралы сенімді қаржылық ақпаратқа сұраныстың өсуінен туындап отыр.
(Америкалық бухгалтерлер ассоциациясы комитеті бухгалтерлік есептің негізгі тұжырымдамасы бойынша (ААА) аудитке мынадай анықтама берді: «Аудит - бұл экономикалық іс-әрекеттер мен оқиғалар туралы объективті деректердің бағалауын, оның деңгейінің белгілі бір өлшемге (критерийге) сәйкестігін алудың және мүдделі пайдаланушылардың нәтижелерін ұсынатын процесі».
Классикалық ұғымда аудит - кәсіпорында жұмыс істемейтін маманданған тәуелсіз аудитор жүзеге асыратын ешкімге тәуелсіз сырттай қаржылық бақылау.)
Мұндай кәсіби бақылау аудитке деген қажеттілік көптеген жағдайларға байланысты артып отыр:
1) Кәсіпкерліктің дамуы мен капитал өсуінің әсері;
2) Өзін-өзі реттеуге ұмтылатын ұйымдар санының арта түсуі;
3) Экономикалық тұрақтылықты, меншік иеленушілерге және кредиторларға олардың салған ақшаларының сақталуына кепілдік беруді қамтамасыз ететін жағдай тудырудың қажеттілігі;
4) Компаниялардың операциясы көп әрі күрделі болуы мүмкін, пайдаланушылар ол туралы ақпаратты дербес алуға мүмкіндігі болмағандықтан аудиторлардың қызметіне мұқтаж;
5) Қаржылық ақпаратты пайдаланушылар компанияның есептік жазбаларына әдетте қолдары жете бермейді және олардың тиісті тәжірибелері жиі бола бермейді;
6) Пайдаланушылар қабылдайтын шешімнің салдары өздері үшін өте маңызды болуы мүмкін, сондықтан да аудитор арқылы алатын ақпараттың толық болуы мен анықтығы оларға ауадай қажет(36, 4-6).
Нарықтық экономика жағдайындағы бизнестің кәсіби аудитін дамьпу мәселесінің көп қырлы болуы мына аспектілерді зерделеу үшін бөліп көрсетуге мүмкіндік тудырады:
1) Теориялық: кәсіби аудиттің мәнін, мазмұнын және мағынасын, оның бақылаушы-талдамалы қызметінің басқа да шектес ғылымдары және түрлерімен өзара байланысын анықтау; аудиттің нұсқаларын, түрлерін және типтерін ғылыми жіктеу; аудиттің даму тенденциясын, тетіктерін, мәселелерін зерттеу; бизнес аудиті мен талдауының принциптері мен компоненттерін, постулаттарын нақтылай түсу, тұжырымдамасын әзірлеу;
2) Әдіснамалық: аудиттің жалпы және жеке әдістемелерін анықтау, бизнес жағдайының талдау көрсеткіштер жүйесін, өлшемдерін, әдістерін таңдау, экономикалық әлеуетті (потенциалды) пайдалану тиімділігіне әсер ететін факторларды анықтау және шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметін жақсарту бойынша әзірлеу;
3) Ұйымдастырушылық: бизнес аудитін жүргізу мен жоспарлау механизмдерінің, құқықтық-нормативтік және ақпараттық базалардың мағынасын ашу; аудиторлық бақылаушы-талдамалы қызметтердің технологиясы мен нақты рәсімін (процедурасын) жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлеу.
Бизнестің кәсіби аудит мәселесін зерттеу аспектілерінің жалпы шарттарына жататындар:
- бизнесті басқарумен байланысты шаруашылық операциялары мен процестерінің аудитін жүргізу үшін алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу;
- шаруашылық қызмет нәтижелерін бақылаудың, талдаудың және есептің озық әдістерін анықтау;
- қаржылық-экономикалық талдау мен аудиттің озық түрлерін қолданатын салаларды ұлғайту әрі оған енгізу;
- бақылаушы-талдамалы жұмыстарды жақсарту бойынша халықаралық озық іс-тәжірибелерді жалпылау;
- бизнестің кәсіби аудитін жүргізудің техникасы мен технологиясын, ұйымдық құрылымын жетілдіру;
- бастапқы мәліметтерді алу мен өңдеуде ЭВМ-ді және экономикалық-математикалық әдістерді қолдану, шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметін басқару жүйесін оңтайландыру.
Кәсіби аудиттің даму проблемаларымен осы аспектілерді өзара тығыз байланыстырып мұқият зерделеу ұлттық экономиканың нақты секторындағы шаруашылық жүргізуші субъектілердің жабдықтаушылық, өндірістік, қаржылық және өткізушілік қызметтерінде болатын оқиғалар мен процестердің ерекшеліктерін ескеру арқылы оның ұйымдастырылуын жетіл-діру бойынша, ұсыныстарды жасау мен әзірлеуді тереңдетіп зерттеудің әдістемелік негізіне қызмет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |