МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ................................................................................................................3
1 БАЛАЛАР ҰЖЫМЫНДАҒЫ ОҚШАУЛАНУ ЖӘНЕ ҚАРЫМ-
ҚАТЫНАС МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЕОРИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ............................. 7
1.1 Психология ғылымындағы изоляциялану, оқшаулану, топтан тыс қалған ұғымдарына талдау..................................................................................................7
1.2 Қарым - қатынастың адам психикасының дамуына әсері...........................12
1.3 Қарым-қатынас жасаудың бірқатар қиыншылық сипаттары.....................16
1.4 Қарым - қатынасында проблемасы бар балаларға психологиялық сипаттама...............................................................................................................19
1 Бөлімнің қорытындысы....................................................................................22
2 ҰЖЫМДА БАЛАЛАРДЫҢ ОҚШАУЛАНУ СЕБЕПТЕРІН АНЫҚТАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ.....................................................................................................24
2.1 Ұжымнан баланың оқшаулану себептерін теориялық зерттеу....................................................................................................................24
2.2 Ұжымнан баланың изоляциялану себептерін эксперименттік зерттеу...................................................................................................................30
2.3 Баланың темперамент ерекшеліктеріне байланысты оқшаулану себептері.................................................................................................................30
2.4 Психологиялық дағдарыс кезеңінде топтан тыс қалу себептері.................................................................................................................40
2 Бөлімнің қорытындысы.....................................................................................45
3 СЫНЫПТАН ОҚШАУЛАНҒАН БАЛАЛАРҒА ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ...........................................................................................47
3.1 Ұжымнан изоляцияланудың алдын-алу жолдары........................................47
3.2 Оқшауланған баламен жеке даралық жұмыс жүргізу ерекшеліктері.........................................................................................................49
3.3 Қарым-қатынасында қиындықтары бар балалар үшін ойындар
мен жаттығулар....................................................................................................52
3 Бөлімнің қорытындысы...................................................................................68
ҚОРЫТЫНДЫ..................................................................................................70
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.................................................................74
ҚОСЫМША ......................................................................................................76
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2005-2010 жылдарға дейінгі Стратегиялы даму жоспарында - еліміздің жас өспірімдеріне білім беру мен тәрбиелеу ісін жақсарту мен нығайту мәселесін баса айтқан. Жастар - біздің болашағымыз ретінде олардың білім деңгейі мен салауаттылығы, сондай-ақ олардың жеке тұлға ретінде жетілуі қоғамымыздың әлеуметтік және экономикалық, техникалық жетістігіміздің негізгі шарты.
Адам адам болып жарытылғаннан соң, оның өмір сүруінің негізгі тірегі мен қажеттілігі, сондай-ақ қалыпты өмір сүру жағдайы басқа адамдармен қарым-қатынас жасау болып табылады. Сондықтан балалардың қарым-қатынасындағы мәселе - бүкіл қоғам алдындағы негізгі міндеттер болып қала бермек.
Адам қалыпты өмір сүру үшін, өзінің психикалық қасиеттерін дамыту үшін, жеке тұлғалық ерекшеліктерін жетілдіру үшін, сондай-ақ білім меңгеріп тәжірибе жинақтау үшін адамдармен қарым-қатынас жасайды. Баланың жастайынан айналасындағылармен қатынас жасауы, өзінің кім екенін танып, өзін өзгелерден ажырата алудың, өзін басқалармен салыстыру арқылы басқа адамдағы қасиеттерді меңгерудің, балалардың әлеуметтік мінез-құлқы мен жеке басының дамуының негізгі тірегі деп қарастырсақ, онда олардың қарым-қатынас жасауын жақсарту аса қажет болып табылады.
Мектеп қабырғасында оқушыларға білім беру және тәрбиелеу істерінде жалпыға бірдей шараларына көбірек көңіл бөлінеді. Бұл мектепте балалармен жеке жұмыстар жүргізілмейді деген сөз емес. Оқушылар арасындағы олардың өзара қарым-қатынас ерекшеліктері бойынша педагогикалық іс-әрекетті ұйымдастырылу жақтарына баса назар аудару керектігі туындайды.
Әрбір қоғамның дамуы, әрбір топтың немесе бөлек индивидтің де дамуы - олардың айналасындағылармен қарым-қатынас жасауына байланысты болатын күрделі процесс екені анық. Бұл процесс әрқашан да тиімді әрі нәтижелі түрде жүзеге аспайды, кейде қарама-қайшылықтардың туындауынан және шешілуімен байланысты.
Мектептегі оқушылар арасындағы туындайтын кейбір қарама-қайшылықтар, кейбір балалардың мінез-құлқы мен даралық ерекшеліктеріне байланысты түсінбеушіліктер, топқа енгісі келмейтін жағдайлар жиі кездеседі.
Мұндай жағдайлар бала өмірі мен психикасында едәуір дақ қалдырады. Осыдан келіп баланың дамуында түрлі ауытқулар, сабаққа қатынасының өзгеруі байқала бастайды. Топтың жеке адамға, адамның топқа әсер ету негізінде оқушылар арасында дараланатын немесе оқшауланатын жағдайлар да туындап жатады.
Мектепте баланың жеке тұлғалық әлеуметтену барысында оның рухани, ұнамды құндылықтарын ескеру арқылы оқушылар арасындағы қарым-қатынасты жақсарту қажеттілігі туындайды.
Оқушылар арасындағы қарым-қатынас сипаты мен климаты баланың тек психикасына немесе жеке басына ғана әсер етіп қоймайтындығы белгілі. Ол баланың оқу-тәрбие істерінде де елеулі орын алады.
Біздің зерттеу жұмысымыздың өзектілігі осы мәселелерді дұрыс жолға қою арқылы мектеп тәжірибесіне көмектесу керектігінен туындайды.
Қазіргі кезде мектеп өмірінде қарым-қатынасында проблемасы бар балалардың туындауына кез-келген жағдай әсер ете береді. Туындаған мәселені шешу мектеп психологының негізгі психологиялық қызмет көрсетуі міндетіне кіретіндігі даусыз.
Мектеп оқушылары арасындағы қарым-қатынасты жақсарту мәселесі, сол арқылы баланың білім алып тәрбиеленуін қамтамасыз ету актуалдылығы ешқашан төмендемеген.
Сондықтан мектеп сыныптарында туындайтын қарым-қатынас жасауда қиыншылықтары бар балаларды анықтап, оларға дер кезінде көмектесу - қазіргі мектеп алдында, қоғам алдында тұрған міндеттердің бірі.
Диплом жұмысының мақсаты: Әртүрлі жас кезеңінде балалардың топтан оқшаулану себептерін зерттеу арқылы оларға психологиялық көмек көрсету жолдарын анықтау.
Зерттеу обьектісі: Мектеп жасына дейінгі және мектеп кезеңінде ұжымнан оқшауланған балалар.
Зерттеу пәні: Мектеп жасына дейінгі және мектеп кезеңіндегі балалардың қарым-қатынасындағы оқшаулану ерекшеліктері мен психологиялық көмек көрсету жолдары.
Зерттеудің негізгі жорамалы: Мектеп жасына дейінгі және мектеп жас кезеңінде балалардың сыныптан оқшаулануы сол жас кезеңіндегі даму дағдарысын өткізу ерекшелігіне байланысты туындайды.
Зерттеу мақсаты мен ұсынылған жорамалға сәйкес қойылған міндеттер:
• Балалар ұжымындағы қарым-қатынас және изоляциялану мәселелерін ғылыми әдебиеттер көмегімен теориялық тұрғыда зерттеу.
• Мектептегі сыныптық ұжымда балалардың изоляциялануын эмпирикалық зерттеу.
• Баланың ұжымнан изоляциялану себептерін анықтау және соған байланысты қарым-қатынасында проблемасы бар балаларды жіктеу.
• Сыныптан тыс қалған балаларды топқа әлеуметтендіру шараларын қарастыру және оларға психологиялық көмек көрсету жолдарын анықтау.
• Қарым-қатынасында проблемасы бар балаларға арналған ойындар мен тапсырмалар жиынтығын құрастыру. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері:
Л.С.Выготскийдің балаға комплексті, жүйелік формадағы іс-әрекетті ұйымдастыру теориясы, В.Н.Мясищев, С.Л.Рубинштейн, Л.И.Божович еңбектеріндегі қарым-қатынас мәселесіне арналған ілімдер, педагогика және психология ғылымындағы А.С.Макаренконың "жеке адам ұжымда дамиды және ұжым арқылы қалыптасады" қағидасы, О.Осадьконың оқушының алғашқы мұғалімінің педагогикалық тактикасы мен қарым-қатынасқа түсу стиліне байланысты, оның ата-анасымен және сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсуін және жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізетінін дәлеледейтін зерттеулер - біздің зерттеу жұмысымыздың теориялық жақтарына арқау болды.
Зерттеу әдістері мен әдістемелері: Топтағы оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеуге арналған бірнеше әдістер мен әдістемелер қолданылды. Баланың топтан оқшаулану мәселесіне арналған әдебиеттерге теориялық талдау әдістері, социометриялық әдістеме (мектеп жасына дейінгі және бастауыш мектеп жасындағы балаларға арналған вариант), топтағы сыныптастарына баға беру әдістемесі, адамдардың бір-біріне тартымдылық деңгейін зеттеу әдістемелері, хронометрлі бақылау әдістемелері, анкета, бала мінезінің ерекшелігін анықтайтын ата-аналарға арналған сауалнамалар, Басса Даркидің эмоциялық әдістемесі, Люшер тесті, балалар мен ата-аналардың темпераментін анықтайтын сауалнамалар, жанұядағы және ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас шкаласы, бала мінезіндегі кешеуленуді білдіретін регистрация парағы (сәбидің анасы толтырады) қолданылды.
Диплом жұмысының жаңалығы: Әрбір жас кезеңіндегі балалардың өзара қарым-қатынас ерекшеліктеріне байланысты, жас даму дағдарыс барысындағы балалардың қарым-қатынасқа түсудегі қиыншылықтары мен өзіндік мінез-құлық ерекшеліктеріне байланысты қарым-қатынас жасауға қиналатын балалармен жұмыс жүргізу ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда дәлелдеп, психолог қызметінде тиімді қолдану жолдары көрсетілді.
Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық құндылығы: Мектеп жасына дейінгі және мектеп қабырғасындағы оқушылардың құрбыларымен қарым-қатынасы мен әлеуметтік ортада алатын орны бала психикасының дамуының қайнар көзі. Олай болса, бұл мәселелердің теориялық тұрғыда заңдылықтары мен психологиялық ерекшеліктерін ашудың мәні зор. Зерттеу жұмысымызда бала-бақша және мектеп қабырғасында жиі кездесетін проблема - топтан оқшауланған балаларды анықтаудың жолдары көрсетілген, ұжымнан изоляциялану себептері ашылған, сондай-ақ мұндай балалармен нәтижелі жұмыс жүргізуге арналған кеңестер мен психологиялық қызмет жолдары көрсетілген. Зерттеу жұмысымызда қарастырылған материалдардың барлығы дерлік мектеп психологының теориялық білімін жоғарылатып, қарым-қатынаста проблемасы бар балаларды анықтап, олармен жұмыс жүргізу шеберлігін арттырады.
Зерттеу жұмысының базасы: Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, 3 8 орта мектептің мектепке даярлық тобы мен бастауыш сынып оқушылары.
Диплом жұмысының құрылымы мен көлемі: Бітіру жұмысы кіріспе, үш бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыстың жалпы көлемі 81 бет.
1 БАЛАЛАР ҰЖЫМЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖӘНЕ ОҚШАУЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТЕОРИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ
1.1 Психология ғылымындағы изоляциялану, оқшаулану, топтан тыс қалған ұғымдарына талдау
"Әлеуметтік изоляция", "оқшаулану", "ұялшақтық" -жалғыздыққа душар болған адамның жағдайын сипаттайтын терминдердің бірі. Әлеуметтік қобалжу, қоршаған орта алдындағы қорқыныш, қауіптенушілік сезімі - семантикалық жағынан жақын түсініктер.
Психология ғылымында осы бағыттағы зерттеу жұмыстары жоқтың қасы. Дегенмен қарым-қатынас мәселесіне байланысты анықталатын қарым-қатынасында өзгешелігі бар екенін сипаттайтын түсініктер кездеседі.
Түсіндірмелі сөздіктерде "изоляция" ұғымы медициналық және құқықтық терминологиялық мағынада түсіндіріледі. "Изоляция" - термині ауру адамды немесе қылмыскерді әлеуметтік ортадан мүлдем бөлектеп тастаумен сипатталынады.
К.Рубиннің ойынша «Әлеуметтік изоляция», «Әлеуметтік оқшаулану», «Тұйықтық», «Тежелгіштік», «Ұяңдық» сияқты терминдер шындыққа келгенде, әртүрлі феномендерді белгілейді. К.Рубин өз еңбектерінде «Әлеуметтік изоляция» терминін «Әлеуметтік оқшаулану» терминімен алмастырады. «Әлеуметтік оқшалану» термині зерттеуші топ үшін жалғыздықты сипаттайтын әртүрлі формаларды жалпылаушы ретінде көрсетеді.
Т. Гутеил және Р. Шейдер еңбектерінде изоляция ұғымын жан-жақты түсіндіруге тырысады. Олардың айтуы бойынша адамдардағы бостандықты шектеу - әрдайым үлкен жауапкершілікті іс. Тәрбие саласында баланың қандайда бір теріс қасиетіне байланысты өз бөлмесіне қамап қою, яғни бір өзін болдыру жазасы қолданылады. Көптеген балалар мұны қатаң сөгіс, жазалау деп қабылдамайды. Дегенмен кейбір балалар өзін мен қажетсіз адаммын, маған бәрі теріс қарайды деп сезінеді.
Медицина саласында изоляция ұғымы емдеу әдісі ретінде өз алдына, медикаментоздық емдеу мен психотерапияда қолданылады. Адам сырқаттанған кезде оны сыртқы қозу әсерлерінен қорғау мақсатында бөлмеде жалғыз ұстайды.
Изоляциялаудың негізгі әдісі - ауру адамды жеке, арнайы бөлмеде ұстау. Оның өзінің заңдық талаптары мен ережелері бар. Мысалы, әрбір 1-2 сағатта 10-20 минуттан бөлменің есігін ашып қойып ауру адамға күтім әрекеттері жасалады.
Медицина тәжірибесінде изоляторды құрудың төмендегідей принциптерін көрсетуге болады:
1. Изоляциялану ауру адамға қауіпсіздік жағдайда болуы керек.
2. Мықтылық, яғни изолятор ауру адамның агрессиялы әрекетіне әсер етпеуі керек.
Күшті психоз немесе жеке адам өзін-өзі тастап жіберуінің айқын көрінуі кезінде, былайша айтқанда адам оқшауланған жағдайда, ол адам тітіркендіргіштерге өте сезімтал болып келеді. Психотиптік кезде, алаңдаушылық, құлап қалу қорқынышы, қозғыш болып келеді. Кейде ауру адам қозғыш болатыны соншалық, өз әрекетін басқара алмайды, айналасындағы жағдайларға саналы реакция білдіре алмайды. Ал мұның барлығы қорқыныштың ең жоғары деңгейін тудырады. Ауру адамдың палатада уақытша аз уақыт болсада жалғыз болуы, яғни айналасындағылардан шектелуі - қауіпсіздік, сенімділік сезімін тудырады.
Ауру адамның кеңістіктік бостандығы өзгеруіне орай, оның психикасында да өзгерістер байқалады. Қозғыш ауру адам палатада, креслода кішкене жерде өзін еркін ұстайды. Мұндағы терапевтік эффект-тітіркендіргіштерден оқшаулануға қоса, айналасындағылардан қашықтықтық ұлғаюы ретінде болады.
Изоляция ұғымы - қабылдау, қарым-қатынас, әрекет және мінез-құлқы сферасында да қолданылады. Ендігі кезекте бұларға сипаттама беруге тырысайық.
1. Қабылдау сферасындағы изоляция - изоляция кезінде біртекті жағдай құрылуына орай, сенсорлы информацияларды қабылдағысы келмейтін күйі көрінеді.
2. Қарым-қатынас сферасындағы иэоляция. Мұнда изоляция әрекеті - ауру адамды басқа адамдардан уақытша бөліп тастау көрінеді. Дегенмен мұнда изоляция ұғымы толық мағынада айтылып тұрған жоқ. Себебі ауру адам басқа ауру адамдармен, қызметкерлермен көрісіп араласа алады. Дегенмен, құрылған дистанция ауру адамның айналасындағылардың алдағы қорқыныш сезімін төмендетеді.
3. Мінез-құлық сферасындағы изоляция. Егер ауру адам өзінің әрекетін басқара алмаса, онда изоляция арқылы оны өзінен және айналасындағыларынан алшақтап бөлектеу арқылы агрессивті әрекет мүмкіндіктерінен арылуға болады. Бүдан кейін онда кінәлілігін, ұялу сезімдері туындайды.
Изоляцияға көрсеткіш ретінде патогенездік жағдайдағы түрлі психикалық дамуында бірқатар ауытқулар көрінген жағдайда бола алды. Ауру адамды қоғамдық ортадан изоляцияламас бұрын, оны оқшаулаудың, яғни бөлектеуді алдын-ала мұқият ойланып және ресми тұрғыда дәлелді болатындай етіп алу қажет.
Біз оқыған әдебиеттеріміздің көмегімен медицина тәжірибесінде қолданатын оқшаулаудың бірқатар ережелерін көрсете отырып, оны психология ғылымында қолданатын жағдайға орай түсіндіреміз.
Жалпы адамды топтан изоляциялаудың өзіне тән ережелері болады:
1. Адамның өз қалауы бойынша оқшаулау, мұны ұжыммен байланыстыратын болсақ, оқушы сыныпта өзіндік ерекшіліктері мен қалауы бойынша бөлек жүруді ұнататындығын көрсетеді.
2. Дәрігерлік емдеу мақсатында жоспарлы түрде құрылуы мүмкін. Ал мұны психология тәжірибесімен байланыстыратын болсақ, кей жағдайда баланың өз мінез-құлқындағы теріс қылықтарды жөндеу мақсатында мұғалім ол баланы топтан оқшаулата отырып, жеке әрекеттер орындату арқылы, жалғыз өзі орындату шараларын қолдану негізінде психологиялық коррекциялық жұмыстар жүргізілетінін көрсетуге болады.
3. Медицина саласында изоляциялау әрекеті емдеу әдісіне қосымша ретінде қолдануы сияқты педагогикалық тәжірибеде де бала тәрбиесінің әдіс-тәсілдеріне қосымша қолдану арқылы жүргізілуі мүмкін.
4. Медицинада эффектті емес әдістердің орнына қарай изоляция белгіленуі сияқты психологиялық іс-шараларда балаға қолданылған тәрбиелік әдістер тиімсіз жағдайда оны жалғыз қалдырып, оқшаулау арқылы жаза қолдану негізінде жүргізілуі мүмкін.
Жалпы адамды әлеуметтен оқшаулау, яғни изоляциялау өз еркі немесе міндетті түрде болып бөлінеді. Міндетті изоляция экстремалды жағдайда қолданылуы мүмкін. Изолятор бөлмесі ауру адамға да оған қарайтын қызметкерлерге де қауіпсіз болу қажет. Изоляция адамға өзінің қауіпсіздігі үшін жасалатындығын, ол адам үнемі бақылауда болатындығын, кейін босатылатындығын ескерту қажет.
Медицина саласындағы изоляциялау әдістемесі төмендегі схема бойынша жүргізіледі. Мұны кейінірек педагогикалық тәжірибеде қолдану ерекшеліктерімен түсіндіреміз.
1) Изоляциялау көрсеткіштері сипатталады, қандай адам изоляцияланатындығы сипатталады;
2) Изоляциялау тактикасы анықталады.
3) Изоляцияланатын бөлмеге қойылатын талаптар сақталынады.
4) Изоляцияны өткізу ережелері қатаң сақталынады.
5) Изоляцияны аяқтау ережелері нақты көрсетіледі.
Изоляцияны қолдануда ауру адамға кері әсер ететін жағдайларда кездесуі мүмкін, яғни кейбір басқа эффектілер көрінуі мүмкін.
Медицина саласында қолданатын изоляциялаудың құқықтық аспектілерінде айтып кеткен жөн.
1. Түрмелік сипатта жалғыз ұстау қажет болған жағдайда сот шешімі қажет. Ал көптеген заңгерлер мұндай әрекеттер зиянды әрекет деп санайды.
2. Кейбір заңгерлердің көзқарастары бойынша психикалық бұзылуларды ауруға жатқызбайды. (Т. Шаш еңбектері).
3. Сондай-ақ заңгерлер адамды изоляциялау емдеу жолы емес, оны қоғамнан оқшаландыру деп есептейді. Сондықтан көптеген заңгерлер қысқа мерзімді изоляциялық ұғымды ұстанады.
Ендігі көрсетілетін изоляциялау ережелері изоляциялауды басқару ретінде қолданылатын талаптар болып табылады.
1. Изоляцияланатын адаммен жұмыс істейтін адамдар изоляцияланудың медициналық, құқықтық және этикалық ережелерімен танысу қажет.
2. Изоляциялануда адамнан рұқсат алады, рұқсат берілмеген жағдайда, күштеуі мүмкін (медицина немесе заң саласы бойынша).
3. Ауру адамға жауапты жанұя мүшелеріне тезарада байланыс жасау қажет. Олардың сұрақтарына жауап беру қажет. Дегенмен дәрігерлік құпияны ұстану керек.
4. Изоляциялауды белгілеу парақта түсінікті етіп тіркелуі тиіс.
5. Шұғыл жағдайларда ауру адам дәрігермен телефон арқылы хабарласуға болады. Американ психиатрлары изоляциялану ұстаным уақыты бойынша изоляцияланған адамды алғашқы 3 сағатта әрбір 30 минут сайын үнемі бақылап отыру қажет деп есептейді.
6. Изоляцияланатын адам медицина қызметкерлерімен алдын ала мүмкіншілігінше талқыланады. Жоспар бойынша изоляциялану арқылы аурудың қай жақтары емделенетіндігін алдын-ала көрсетілуі қажет.
Ендігі кезекте осы айтылғандарды педагогикалық тәжірибеде қолдануға байланысты сипаттауға тырысайық.
Педагогикалық саладағы изоляциялау әдістемесі төмендегі схема бойынша жүргізілуі мүмкін.
1) Изоляциялау көрсеткіштері сипатталады, қандай адам изоляцияланатындығы сипатталады, яғни баланы не себептен топтан оқшаулау керектігі туралы мәлімет болу керек. Баланың жеке даралық ерекшеліктері мен эмоциялық әсерлігіштігіне орай кейінгі жағдайда психологиялық жарақаттың болмайтындығына сенім болу керек.
2) Изоляциялау тактикасы, яни баланы ұжымнан оқшаулаған жағдайда оған қандай технология қолданылытындығын анықтап алу керек.
3) Изоляцияланатын жағдайлар мен ситуацияларға қойылатын талаптар міндетті түрде сақталыну қажет.
4) Изоляцияны өткізу барысы балаға ешқандай теріс әсер етпеу керек.
5) Изоляцияны аяқтау жағдайларында одан шыққан нәтиже мүмкіншілігінше толығымен нақты көрсетілуі қажет.
Оқушының топтан изоляциялану жағдайларында оған кері әсер ететін жағдайларда кездесуі мүмкін, яғни кейбір басқа мұғалім күтпеген нәтиже, эффектілер көрінуі мүмкін.
Әрбір мұғалім педагогика саласында қолданатын изоляциялаудың құқықтық аспектілерін міндетті түрде білуі шарт.
1. Түрмелік сипатта жалғыз ұстау қажет болған жағдайда сот шешімі, сондай-ақ ата-ана рұқсаты қажет. Ал көптеген ата-аналар мен заңгерлер мұндай әрекеттер зиянды, балаға теріс әсер етеді деп санайды.
2. Кейбір ата-аналар мен заңгерлердің көзқарастары бойынша баланың мінез-құлқында дөрекіліктер мен теріс қылықтар болған жағдайдың өзін де оны психикалық бұзылуларға жатқызбайды.
3. Сондай-ақ ата-аналар мен заңгерлер баланы топтан оқшаулау баланың мінез-құлқын жөндеу жолы емес, оны қоғамнан оқшаландыру деп есептейді. Сондықтан көптеген мұғалімдер, ата-аналар, заңгерлер баланың ұжымнан оқшаулану мерзімі қысқа болғанды дұрыс көреді.
Мектеп қабырғасында көрінетін баланың ұжымнан оқшаулану жағдайлары бірнеше себептің негізінде болады. Мұны біз зерттеуіміздің басқа тарауларында кейінірек кеңінен тоқталамыз. Дегенмен балалардың өз арасында туындаған оқшаулану жағдайларын сынып мұғалімі аңғарысымен-ақ оны тиімді және дұрыс басқаруды, оны басқаруға қойылатын талаптарды тиімді жүзеге асырып отыру қажет.
1. Изоляцияланатын адаммен жұмыс істейтін адамдар, топтан оқшаулап тастаған оқушылар изоляцияланудың педагогикалық, құқықтық және этикалық ережелерімен танысу қажет. Ережелерді білмеген жағдайда сынып жетекшісі сынып оқушыларымен әңгіме жүргізуі қажет.
2. Баланы ұжымнан оқшауламас бұрын, оған алдын-ала ескерту жағдайлары, өз кемшіліктерін жоюға мүмкіншіліктер берілу қажет тек одан нәтиже шықпаған жағдайда ғана күштеуі мүмкін.
3. Оқушылар арасында туындаған мұндай жағдайдағы оқшауланған баланың ата-анасымен немесе балаға жауапты жанұя мүшелерімен тез арада байланыс жасау қажет. Олардың мұндай жағдайдың не себептен туындағандығын білгісі келген сұрақтарына жауап беру қажет.
4. Сыныпта болып жатқан бұл процесті мұғалім үнемі бақылап, қадағалап, ситуацияларды белгілеу арқылы парақта түсінікті етіп тіркеп отыруы тиіс.
5. Шұғыл жағдайларда бала мұғаліммен кеңесе алатындай жағдайды ыңғайластыру керек, яғни бала ең болмағанда мұғалімге шағымдануға болатындығын сезіне алу керек. Ұжымда оқшауланған баланы аңғара салысымен-ақ мұғалім оны алғашқы күндері жиі бақылау арқылы ондағы эмоциялық күйлерді үнемі бақылап отыру қажет.
6. Оқушылар арасында өздері оқшаулап тастаған бала туралы мұғалім басқа балалармен оның соңы немен аяқталатынын алдын ала мүмкіншілігінше талқылап алған жөн. Олармен оқушылардың ойлары бойынша баланы ұжымнан оқшаулау арқылы оның қай жақтары жөнделетіндігін алдын-ала көрсете алатындай болу қажет.
1.2 Қарым-қатынастың адам психикасының
дамуына әсері
Қарым-қатынас - жалпы адам өмір сүруінің негізгі жағдайы. Адам қалыпты өмір сүру үшін, өзінің психикалық қасиеттерін дамыту үшін, жеке тұлғалық ерекшеліктерін жетілдіру үшін, сондай-ақ білім меңгеріп тәжірибе жинақтау үшін адамдармен қарым-қатынас жасайды. Қарым-қатынас арқасында ғана адам өзінің кім екенін танып, өзін өзгелерден ажырата алады, өзін басқалармен салыстыру арқылы басқа адамдағы қасиеттерді меңгереді. Қоғамнан тыс адам өмір сүре алмайды. Адам психикасының дамуындағы қарым-қатынастың ролі ерекше. Сондықтан адам өзгелермен қатынасқа түсу арқылы ғана қалыпты өмір сүре алады.
Адам дүниеге шыр етіп келіп түскеннен бастап-ақ айналасындағылармен қатынас жасай бастайды. Өмірінің алғашқы кезеңінде биологиялық сипаттағы қарым-қатынас болса, одан әрі оның қарым-қатынас сипаты әлеуметтік сипатқа түсе бастайды.
Мектеп жасына дейінгі балалардың ересектермен қарым-қатынасы туралы М.И.Лисина зерттей келе балалардың әлеуметтік мінез-құлқы мен жеке басының дамуын тек ересектермен қарым-қатынасымен ғана түсіндіруге болмайтындығын атап өтеді. Баланың жасы ұлғайған сайын оның жеке басының дамуында қарым-қатынас ерекше орын алатындығын айтып өтеді. Өз құрбыларымен қарым-қатынас жасай отырып, өзінің ішкі жан дүниесіндегі тұйықтықты аша алады, өз құрбылырымен өзара әрекеттесе отырып, өз көзқарастарын жеткізе алады.
Тек балалардың қарым-қатынас ерекшеліктерін зерттеу ғана олардың арасында туындаған қиыншылықтарды басқаруды жеңілдетеді, топтағы барлық балалармен өзара қатынасты толық құруға жол ашады.
Мектеп жасына дейінгі балалардың өз құрбылары арасындағы қарым-қатынас сипаты көбінесе ойын әрекеттерінде көрінеді. Ойын барысында туындаған кейбір келіспеушіліктер мен конфликтілер баланың топтан оқшаулануының бір себебі болып табылады. Осыған орай психологиялық конфликтіні олардың ойын іс-әрекеті жағдайында зерттеу, сонымен қатар еңбек іс-әрекетінде бақылау арқылы топтан оқшауланатын баланы зерттеу оңайырақ.
Ойын кезіндегі балалар қарым-қатынасының құрылымы мен мазмұны. Ойын - мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті бола отырып, ол жан-жақты әрекет негізінде балалар қарым-қатынасының бірқатар типтерін ажыратады.
А.Н.Леонтьев балалар арасындағы қарым-қатынастық ойындарда фантастикалық өлшемдер кездесетіндігін көрсетеді. Оның айтуы бойынша шындық әрекет, шындық тәсіл және заттармен шындық бейне жасау болады. Сюжетті-рольдік ойындарда әрбір баланың сюжетке, рольге, рольді орындауға қатысы көрінеді.
Рольге бөліну немесе ойыншықтарды бөліп алу негізінде туындаған конфликті нәтижелердің соңғы нәтижелері адалдыққа бағытталған жағдайда баланың адамгершілік нормаларын меңгеруге бірқатар әсер етеді.
Кей жағдайда педагогтың басқаруымен жүргізілген ойындар сырт қарағанда жағымды қатынас болғанымен, дәрігер ролінде ойнайтын баланың орнында топтағы әрбір бала болғысы келуі мүмкін, яғни емделуші емес, емдеуші болатын балалардың қалауы болуы да мүмкін. Осының негізінде балаларда үнсіз келісу туындайды.
Ойын қатынасындағы сыртқы көріністің тағы бір түрі - рольдік, іскерлік қатынаста педагогтардың, психологтардың бөліп қойғанына байланысты баланың жеке басының дамуы адамгершілік бағытта көрінуі мүмкін. Дегенмен, баланың ішкі жан дүниесі, әсері, қызығушылығы мен қажеттілігі, өзінің ойында алған рольдік жағдайына қанағаттану, қанағаттанбау сезімдері жауапсыз қалады.
Ойын кезіндегі қарым-қатынастың сыртқы көріністерінің бір жағы - баланың өзіндік, жеке даралық қатынасында байқалады.
Мысалы, бір-біріне симпатиялық, антипатиялық, селқостық -балалар қатынасында көп байқалмайды, бұл арнайы зерттеуді қажет етеді.
Балалар арасындағы қарым-қатынас ерекшеліктері туралы көптеген педагогикалық, психологиялық және әлеуметтік-психологиялық зерттеулер анықталып келеді. Сонымен қатар балаға комплексті, жүйелік формадағы іс-әрекетті ұйымдастыру Л.С.Выготский, В.Н.Мясищев, С.Л.Рубинштейн, Л.И.Божович еңбектерінде терең қарастырылады. Педагогика және психология ғылымындағы А.С.Макаренконың ойы: «Жеке адам ұжымда дамиды және ұжым арқылы қалыптасады».
Балалар арасындағы жүйелі қатынас балаларда болатын әсерлік жағдайлардың бір-бірімен тығыз қатынас құратындығын, жеке адам қатынасында эмоционалды жиынтық құратындығы, топтағы адамдарға үйреніп қалатындығын, оларда эмоционалдық қанағаттану, жағымды әсер алатындығын дәлелдей түседі.
Мектеп жасына дейінгі балаларда сыртқы және ішкі психологиялық конфликтілер кездеседі. Сыртқы психологиялық конфликті - олардың бірлескен іс-әрекеті барысында туындаған қарама-қайшы көзқарастарынан шығады (мысалы: жалпы істі таңдау, міндеттерді бөлісу, ойын, еңбек материалдарын бөлісу, рольдерді таңдау).
Ішкі психологиялық конфликт - мектеп жасына дейінгі балалардың негізі ойын іс-әрекетінде өз құрбылары арасында пайда болады және олар бақылауда байқалмайды. Мұнда міндетті түрде ересектердің көмегі қажет болады. Баланың үлкендермен қарым-қатынасының генезисі. А.С. Выготскийдің позициясына сәйкес әлеуметтік өмір және қоршаған орта адам дамуының органикалық қажетті жағдай болып табылады. Бала жастайынан қоғамға енеді және ол неғұрлым кіші болса, соғұрлым ол әлеуметтік нәрсе болады. А.С. Выготскийдің концепциясына сүйене отырып М.И.Лисина ғылыми мектеп ашады. Ол Кеңестік психологияға жаңа - баланың үлкендермен қарым-қатынасы атты пәнді енгізіп, оны зерттеудің жаңаша жолдарын қарастырады. М.И.Лисина қарым-қатынастың әсерін ғана зерттеп қоймай, өзінің түсіндірмелік схемасын ұсынады. Схема қарым-қатынастың жүйесін, спецификасын көрсетті. Сол арқылы баланың үлкендермен қарым-қатынас генезисінің концепциясын анықтау мүмкіндігі туды.
Біз білетіндей, 1970-ші жылдары психологиялық ғылымның екі жетекші саласы - қарым-қатынас пен іс-әрекет кеңінен зерттелді. Осыған сәйкес М.И.Лисина қарым-қатынасты іс-әрекеттің ерекше түрі деп қарауды ұсынды.
М.И.Лисина баланың үлкендермен қарым-қатынасының келесідей критерийлерін бөліп көрсетті:
1) үлкенге деген қызығушылық,
2) үлкендердің әсерінің қабылдануындағы эмоционалды деңгейі,
3) баланың үлкендерге бағытталған индивидуалды актілері,
4) баланың үлкендердің оның әрекетіне деген қарым-қатынасы немесе сезімталдылығы.
Зерттеу нәтижесінде баланың үлкендермен қарым-қатынасының генетикалық реттелген 4 формасы байқалды. Олардың әр қайсысы коммуникативті қажеттіліктің түрлілігімен сипатталады:
I - ситуативті - жекелік (сәбилік шақ)
II - ситуативті - іскерлік (ерте балалық шақ)
III - ситуациядан тыс танымдық (мектепке дейінгі ерте орта шақ)
IV - ситуациядан тыс - жекелік (мектепке дейінгі орта және жоғары деңгей).
Үлкендермен қарым-қатынас формаларының классификациясы оның психикасының басқа да қырларының дамуымен бірлікте қарауға мүмкіндік берді. Қарым-қатынастың әр бір жаңа формалары өткен формаларына сәйкес орнығады. Бала өскен сайын барлық коммуникативтік құралдарды жақсы пайдаланып, әрекет жағдайына қарай қарым-қатынас формасын өзгерте алады.
Қарым-қатынастың дұрыс дамуы - әрбір қарым-қатынас формасының өздеріне сәйкес жас кезіңде ретті түрде толығымен орындалғанда ғана жүзеге асады.
Зерттеулер көрсеткендей үлкендермен қарым-қатынас - бала әрекетінің ішкі құрылымын (А.В.Болбочану, Г.И.Копчеля), оның эмоционалды қобалжу сферасын (С.Ю.Мещерякова, А.И.Сорокина), танымдық белсенділігін (Е.О.Смирнова, Т.А.Землянухина), еріктілігі мен өзін-өзі бағалауы мен саналылығын (Н.Н.Авдеева), құрбылармен қарым-қатынасын (Л.Н.Галогузова) анықтайды.
Жеке адамның қалыптасуына тек үлкендермен қарым-қатынас қана әсер етіп қоймай, құрбыларымен қарым-қатынас та ерекше орынға ие болады.
1970-80 жылдары А.Г.Рузскойдің басшылығымен жүргізілген зерттеулер үлкендермен қарым-қатынас тек ерекшеленетін құрбылармен қарым-қатынастың спецификалық ерекшеліктерін анықтауға жағдай жасады:
I- коммуникативті әрекеттің түрлілігі.
II- қарым-қатынастың ерекше эмоционалдық сипаты.
III- қатынастың стандартталуы және регламенттенуі.
Мектепке дейінгі шақта құрбылармен қарым-қатынас үлкендермен қарым-қатынас сферасына пара-пар келетіндей бірнеше кезеңдерге бөлінеді:
1) эмоционалды тәжірибелік (1-4 жас аралығы)
2) ситуативті - іскерлік (4-6 жас аралығы)
3) ситуативтіктен тыс іскерлік (6-7 жас аралығы)
Жүргізілген зерттеулер негізінде мектепке дейінгі шақтағы балалардың қарым-қатынасын дамытушы және түзетуші бағдарламалары жасалынды.
Ал мектеп оқушылары арасындағы қарым-қатынас сипатына түсініктеме беретін болсақ, оқушылардың өз сыныптастарымен қарым-қатынас жасауына, бірлестік әрекеттеріне мұғалімнің жеке тұлғасы үлкен әсерін тигізеді. Оның әрекеттесуі әртүрлі аспектілерден көрінуі мүмкін.
Біріншіден, мұғалімнің басқа оқушыларымен әрекеттесу стилі баланың өзімен жасты балалармен әртүрлі қарым-қатынасқа түсуінің алғы шарты болып табылады. О.Осадьконың зерттеулерінің көрсетуі бойынша оқушының алғашқы мұғалімінің педагогикалық тактикасы мен қарым-қатынасқа түсу стилі, оның ата-анасымен және сыныптастарымен қарым-қатынасқа түсуін және жеке тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді екен. Мұғалімдердің жеке тұлғалық қарым-қатынасқа түсу стилі және педагогикалық іскерлік тактикасының әсері балалардың бір-бірімен конфликтілі қарым-қатынасқа түспеуінің алғы шарты. Бірақ мұндай стильді тек төменгі сынып мұғалімдерінің санаулылары ғана қолданады (15%). Бастауыш сынып оқушыларының мұғалімдерінің қарым-қатынасқа түсуінің айқын функционалды стилі (85%) бойынша, олар бір тактиканы қолданады (диктатура). Бұл әрекет сыныптағы жеке тұлғалық қарым-қатынастардың арасындағы кернеуді күшейтеді.
Екіншіден, мұғалім оқушылар арасындағы болып жатқан қиыншылықтарға араласуға міндетті. Бұл, әрине, қиыншылықтарды басып тастау емес. Ситуацияға байланысты администрациялық араласу немесе қарапайым кеңес болуы да мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |