4.«Дене тәрбиесі», «дене қуаты дайындығы » дегеніміз не?
Дене тәрбиесі - дене дамуына, денсаулықты нығайтуға, жұмыс қабілеттілігін жоғарылатуға және ұдайы өзін-өзі, оның ішінде сыртқы, дене пішінін, жетілдіруге қажеттілікті қалыптастыруға бағытталған адамды жетілдіру жүйесі.
Дене қуаты білімі – адамды қимыл ептілігі мен дағдысына үйрету және теориялық біліммен қаруландыру.
Дене қуатын жетілдіру – адамның дене қуаты қасиетін үйлесімді дамыту және жан-жақты дайындығын жоғары деңгейге жеткізу.
Дене қуатының реабилитациясы – адам организмінің жарақат алып ауырған функцияларын жаттығулар, массаж, монша буы, су процедурлары арқылы емдеу, қалпына келтіру.
Дене қуатының рекреациясы – жаттығулар жасау арқылы белсенді демалыс ұйымдастыру. Ол дене тәрбиесі жаттығуларының көмегімен халықтың көңілін көтереді, бір әрекеттен екінші әрекетке көшіреді.
Дене қуатының дамуы дегеніміз - адам ағзасының табиғи және мақсатты жолмен өсуі. Табиғи жолмен өскенде баланың морфофункционалдық көрсеткіштері: бойы, салмағы, дене мүшесі көлемі өзінің табиғи өсу жолымен өзгереді. Мақсатты жолмен өсуі әртүрлі арнаулы құрастырылған жаттығулар көмегімен өседі, өзгереді.
5. «Спорт» дегеніміз не ? Ол қандай бөлімдерге бөлінеді?
Спорт - әртүрлі жаттығулардың көмегімен жоғары жетістіктерге қол жеткізуге бағытталған өнер түрі. Спорт - (ағылшын тілінде-«ойын», «көңіл көтеру») шынықтыру жаттығуларын қолдануға негізделген, әлеуметтік мәні бар тәрбиелік, ойындық, жарыстық әрекет. Спорт, бұқаралық спорт (барлық адамдар қатыса алады) және жоғары көрсеткіштер спорты (чемпионаттар, олимпиадалар т.б.) деп бөлінеді. Спорттық дайындық-спортшының машықтануы, оның жарысқа қатысуын қамтитын, машықтану және жарыс жүйесін ғылыми әдістемелік және материалдық тәсілдік жағынан қамтамасыз ететін, оқу мен спортты, жарыс пен демалысты үйлестіру үшін қажетті жағдайлар жасайтын көп жақты жүйе. Спорттық машықтану - спорттық дайындықтың негізгі бөлігі және спортшының өзі таңдаған спортында барынша жоғары көрсеткіштерге жетуге ықпал ететін қасиеттер мен қабілеттерді дамыту әрі жетілдіру мақсатында дене жаттығуларын қолдануға негізделген дене тәрбиесі мамандығының арнайы жүйесі (дене машықтығы ұғымымен бірге алып қарауға болады). Спорттық нәтиже - спорттағы көрсеткіштердің сандық және сапалық деңгейі. Спорттық жарыс - спорттық жетістіктер көрсету, салыстыру және бағалау, спорт саласындағы бәсекені белгілі бір түрде реттеп отыру. Спорттық жарыстардың мақсаты үздік спортшылар мен топтарды анықтау, жалпы спорттық шеберлікті жетілдіру, дене шынықтыру мен спортты насихаттау. Спорттық қозғалыс - әлеуметтік қозғалыстың ерекше бір түрі - спорт түрлерін құру, дамыту, сақтау, алмасу және тұтыну жүйелерінің тарихи қозғалысы, жеке адамды қалыптастыру құралдарының бірі. Тарихи спорттық қозғалыстар спорттың тӛмендегідей көпшілік (халықтық), резервтегі (негізгі), жоғары жетістіктер (үлкен), әуесқой және кәсіпқой түрлерін дүниеге әкелді. Спорттық қызмет - адам әрекетінің көп қырлы белсенді жүйесі ретіндегі қимыл-қозғалыс дамуының ең жоғары түрі.
Спорттың функциялары, біріншіден - спорт өз алдында тәрбиелік жағынан дұрыс ықпалын тигізумен қатар, қоғам өміріне дайындаушылық міндеттерді шеше отырып, қызмет етеді.
Екіншіден, спорт өндірістік қызметке жатпайды, материалдық игіліктерді тікелей өндіруге байланысы жоқ.
Спортқа тән барлық белгілер балалар спортында да сақталады. «Балалар спорты» дегеніміз арнайы дайындық негізінде, алдынала үйренген қозғалыс кимыл мүмкіншіліктерін толығынан пайдалану арқылы өз 9 қатарлары арасында өткізілетін жарыстарда өнер көрсету деп білеміз. «Жасөспірімдер спорты» деген түсінікке талдау беретін болсақ, оның шекарасы тек бір жас тобымен, яғни жасөспірімдер тобымен анықталады. Бұл түсінік шартты, оның себебі спортқа қыз балалардың катысуына байланысты.
«Mектептегі спорт» деген түсінік қатысушылардың белгілеріне қарағанда, «балалар спортына» сәйкес. Бұл түсініктің айырмашылығы «балалар спортын» мектепке дейінгі ұйымдар, мектептер, мектептен тыс мекемелер ұйымдастырса, «мектеп спортын» мектеп ұйымдастырады. «Физикалық рекреация» белсенді демалысты қамтамасыз ету, адам бойындағы физикалық қасиеттерді қалпына келтіру үшін басқа бір іспен айналыса отырып, дене тәрбиесінің бір міндетін шешу. «Физикалық реабилитация» – денені қайта қалпына келтіру. Дене шынықтырумен немесе спортпен шұғылдану барысында жарақат алып немесе басқа аурулармен ауырып мүмкіндіктерін уақытша жоғалткан адам ағзасын қалпына келтіру үшін дене жаттығуларын арнайы түрде пайдалану.
Достарыңызбен бөлісу: |