1.Дене тәрбиесінің теориясы мен әдістемесінің жалпы негіздері пәні, оның маңызы. Дене тәрбиесі теориясы - адам денесін жетілдіру процесін басқарудың жалпы заңдары туралы ғылым. Дене тәрбиесі теориясы дене тәрбиесі жүйесінің мақсатын, міндеттерін, қағидаларын зерттейді, тәрбиенің басқа түрлерімен – ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық, еңбек тәрбиесі мен дене тәрбиесінің заңды байланысын ашып көрсетеді. Дене тәрбиесі құралдарын оқып-білуге, дене жаттығуларын үйрету қағидалары мен әдістерін ашып көрсетуге, қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға және дене қасиеттерін дамытуға, спорттық жаттығулардың жалпы негіздерін, денені жаттықтыру сабақтарының әртүрлі формаларын (дене тәрбиесі сабақтары, ертеңгілік гимнастика, қимыл-қозғалыстық ойындар т. б.), сондай-ақ дене тәрбиесі жөніндегі жұмысты жоспарлауға және есепке алуға көп көңіл бөлінеді. Сонымен бірге, мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балалардың, жастардың, ересек және жасы ұлғайған адамдардың дене тәрбиесінің өзіндік ерекшеліктері анықталады. Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі үнемі қоғамдық практикамен бірлікте дамып келеді. Ол ғылыми зерттеулерді пайдаланады, озат практика жетістіктерін таратады, өткеннің алдыңғы қатарлы тәжірибесін және қазіргі дүниежүзілік ғылымдағы игіліктің бәрін қолдап отырады. Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі практиканы ғылыми негіздермен қаруландырады, сөйтіп оның одан әрі дамуына көмектеседі. Ол сондай-ақ практикаға жол ашуға, адамның күш-қуатын кемелдендіруде қандай құралдар және әдістер арқылы жақсы нәтижелерге жетуге болатындығын болжауға тиіс. Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі педагогика институттарының мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу мамандығындағы оқу пәні ретінде мектеп жасына дейінгі балалардың дене тәрбиесі мәселелерін терең оқып-білуге көмектесетін негізгі мәселелерді ашып көрсетеді. Елімізде дене тәрбиесінің мақсаты мен міндеттері Қазақстан Республикасының Ата Заңынан өрбиді, онда адамның жан-жақты дамуы жөніндегі ілім өзінің нақты бейнесін тапқан. Жеке адамның жарасымды дамуы қоғам құру шарттарының бірі ретінде қаралады. Дене тәрбиесінің мақсаты - ӛмірге, еңбекке, Отан қорғауға даярлау, дені сау, моралі таза, шығармашылық еңбекке жарамды адамдарды тәрбиелеп қалыптастыру. Бұл мақсат адамдардың дене тәрбиесін жүзеге асыратын барлық мекемелер мен ұйымдар үшін бірдей болады. Осы мақсат біздің еліміздің әрбір адамының және қоғамның мүддесін білдіреді. Бұл денені жетілдіру, дене мүшесінің кемістігі жоқ барлық қажеттілікті бойына жинақтаған тұлға туралы адамдардын ғасырлар бойы арманын бейнелеп, 16 мектеп жасына дейінгі баланың болашақ құзыретті тұлға болып қалыптасуының алғышарттары болмақ.
Дене тәрбиесінің аталып көрсетілген мақсатына сәйкес:
1. Сауықтыру міндеттері: денсаулықты нығайту, денені жан-жақты дамыту, ағзаны шынықтыру, адамдардың ұзақ өмірін қамтамасыз ету;
2. Білім беру міндеттері: қозғалыс дағдылары мен іскерлікті қалыптастыру, дене қасиеттерін (жылдамдық, ептілік, икемділік, күш, төзімділік т.б.) қалыптастыру, арнаулы білімді меңгеру, ұйымдастырушылық қабілеттерді бойға сіңіру;
3. Тәрбиелеу міндеттері: ақыл-ой, адамгершілік, эстетикалық және еңбек, т.б.тәрбиелерге ықпал ету сияқты міндеттерді шешу қарастырылады. Бұл міндеттер дене тәрбиесімен айналысушылар құрамына байланысты, олардың жас ерекшеліктеріне, денсаулық жағдайына, дене дамуының деңгейіне, дене әзірлігіне, сондай-ақ кәсіптік ынта-ықыласына қарай нақтыланды.
Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі мазмұны дене тәрбиесі ілімі мен әдістемесінің дамуын, қоғамда алатын орнын, ерешеліктерін, заңдылықтарын белгілеп, талдайды. Мектепке дейінгі балалар дене тәрбиесінің міндеттері құралдары, бағдарламалары, жас кезеңіндегі дене тәрбиесі, дене тәрбиесіне үйрету, тәрбиелеу, дамыту, қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыру, мектепке дейінгі дене тәрбиесін ұйымдастыру формаларын, дене тәрбиесін жоспарлау және есепке алу, дене тәрбиесіне әдістемелік басшылық, отбасы, мектеппен сабақтастық мәселелерін қамтиды.