Редупликация тәсілі. Редупликация – латынның reduplicatio – қосарлау, қосарлану деген сөзі. Редупликация – синтетикалық тәсілдердің бірі. Қазақ тілінде редупелекацияны қос сөздер немесе сөздердің қосарлау тәсілі деп атайды. Қазақ лингвистері қос сөздерді қайталама қос сөздер, қосарлама қос сөздер деп, ірі екі салаға бөледі. Қайталама қос сөздерге: қора-қора (мал), мая-мая (шөп), айтып-айтып, үй-үйге, қап-қара, т. б. Қосарлама қос сөздерге ата-ана, үлкен-кіші, ертелі-кешті, ол-пұл, аума-төкпе, алды-арты т. б. жатады. А. Ысқақовтың айтуынша, қазақ тілінде сөзді қайталау және қосарлау тәсілі – өзінше ерекшелігі мол құнарлы жүйе. Бұл жүйе бойынша сөзді қайталаудан я қосарлаудан белгілі-белгілі мағыналар туады, сөздің неше алуан жаңа формалары жасалады, олардың мағыналары түрленеді; бірақ лексикалық түсінгі өзгермейді, яғни жаңа сөз тумайды, сөз тек қана грамматикаланады; сөздерді қосарлап қолданудан туған күрделі сөздердің ішінде грамматикаланған да, лексикаланған да тірестер болады. Қазақ тілінде сөзді қосарлау тәсілі жинақтылық, болжалдық, даралау, жіктеу, күшейту тәрізді алуан түрлі мағына туғызады. Тіл-тілде редупликация тәсілі – бір түбірді немесе негізді бүтіндей не жартылай қайталау арқылы сөз жасау, сөз түрлендіру, сөз сипаттау формаларын, фразеологиялық бірліктерді құрастыру амалының бірі. Мысалы: рука об руку, мало-помалому, синий-синий т.б.
Сөздердің орын тәртібі, тәсілі. Әдетте, сөз тіркесі мен сөйлем ішіндегі сөздердің орналасуының белгілі бір заңдылығы болады. Мәселен, сөйлемнің бастауышы, негізінен, бірінші орында, баяндауышы сөйлем соңында, анықтауышы өзі анықтайтын сөзінің алдында келеді. Толықтауыш пен пысықтауыш та баяндауыштан бұрын тұруға тиіс. Тіл-тілде сөйлем ішіндегі сөздердің орналасу тәртібі түрлі-түрлі болып келуі мүмкін. Соған орай, сөйлем ішіндегі сөздер мағынасы өзгеріске түседі. Олай болса, сөздердің орын тәртібі – грамматикалық мағына берудің негізгі амалдарының бірі. Мәселен, Астана – Қазақстан астанасы, Қазақстан астанасы – Астана, - деген сөйлемдерді алайық. Мұнда бірінші сөйлемдегі бастауыш – екіншіде баяндауыш; біріншідегі баяндауыш – екіншіде бастауыш. Бұл – сөйлемдегі сөздердің орналасу тәртібіне байланысты өзгеріс. Сөздердің орын тәртібі тәсілі бірсыпыра тілде, әсіресе ағылшын, француз т.б. тілдерде айтарлықтай рөл атқарады. Түркі тілдерінде кейде сөздердің орын тәртібі жалғаусыз байланысқан анықтауыш сөз бен анықталғыш сөздің ара-жігін ажыратуға көмектеседі. Мысалы, қазақ тіліндегі сағат қалта деген сөз тіркесінің мағынасынан ( сағат салатын қалта) қалта сағат дегеннің мағынасы ( қалтаға салатын сағат) анықтауыш сөз бен анықталатын сөздің орнына қарай ажыратылып тұр. Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі стилистикалық функциялар да атқара алады: белгілі бір себептермен өзінің белгілі орнында тұрмаған сөйлем мүшесі қосымша бір мағыналық, экспрессивті сипатқа ие болуы мүмкін. Бұл – инверсияға байланысты жәйт.
Инверсия – стилистикалық фигураның бір түрі, сөйлем ішінде белгілі бір орында тұруға тиіс бір сөздің екінші бір орынға көшірілуі, сөз орнының ауыстырылуы. Ондағы мақсат – сөйлеудің бейнелеуіш, мәнерлеуіш, көркемдеуіш әсерін арттыра түсу. Инверсия – логикалық екпінмен де, интонациямен де тығыз байланысты. Әдетте, логикалық екпін түсірілген, қалыпты орнынан басқа жерге мәселен, сөйлем басына немесе сөйлем соңына қолданылған сөз әсерлі болып келеді де, оған бірден назар аударылады. Мысалдар: Құтқар мені мынадан! Мынадан құтқар мені! Мені мынадан құтқар!
Көмекші сөздер тәсілі. Тіл-тілде көмекші сөздерге жататындар – көмекші есімдер, көмекші етістіктер, жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер, артикльдер, предлогтар. Көмекші сөздер атауыш сөздерге қызмет етіп, грамматикалық қосалқы мағына білдіреді. Мәселен, айтыпты мен айтыпты-мыс сөздерінің мағынасы бірдей емес. Екеуі де анық өткен шақта тұр. Бірақ, соңғыда шүба, дүдамал, кекесін-мысқыл мағынасы бар. Сол мағынаны туғызып тұрған – мыс демеулігі. Қазақ тілінде көмекші сөздердің негізінен 4 түрі бар: көмекші есімдер, көмекші етістіктер, шылаулар (жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер), модаль сөздер. Көмекші етістіктерге жататындар – отыз шақты сөз: ал, бер, бар, баста, бақ, бол, біт, жатыр, жур, жөнел, жібер, кел, кет, көр,қал, қара, қой, сал, таста, отыр, өт, шық, де, қыл, ет, т. б. Көмекші сөздердің үлкен тобы – шылаулар. Бұлар дербес сөз тобы. Олар өз ішінде 3-ке бөлінеді: жалғаулықтар, демеуліктер, септеуліктер. А. Ысқақовша жалғаулық шылауларға жататындар: мен, және, тағы, әрі, әлде, біресе, я, бірде, яки, не, немесе, болмаса, не болмаса, құй, мейлі, себебі, өйткені, сондықтан, сол себепті, яғни, демекғ ал, ендеше, олай болса. Бұлар салыстырғыш, талғаулықты, қарсылықты, септік, салдарлық, айқындағыш, ұштастығыш т.б. мағына білдіріп, дәнекерлік қызмет атқарады. Септеуліктер түрлі-түрлі грамматикалық қатынасты білдіру үшін қолданылады. Олар белгілі бір септік жалғауын меңгереді. Екінші сөзбен айтсақ, белгілі бір жалғаулық белгілі бір септікпен тіркесіп, грамматикалық қосалқы үстеме мағына туғызады. Септеуліктерге жататындар мыналар: үшін, сайын, туралы, арқылы, шамалы, шақты, қаралы, шейін, қарай, таман, гөрі, бері, соң, бұрын, бетер т.б. Септеуліктер (послелоги) түркі, фин-угор, монғол, жапон т.б. тілдерде өте көп және айтарлықтай рөл атқарады. Демеуліктер өзі тіркескен сөзге қосымша реңк беріп, грамматикалық мағына туғызады. Демеуліктерге жататындар мыналар: ма-ме, ау-ай, -ақ, да-де, ғой (қой), ды-ді, қана (ғана), мыс (міс), түгіл, тұрсын, тұрмақ, екеш. Сол сияқты көмекші есімдер мен модаль сөздер де біршама бар. Мәселен, тіл білімінде көмекші есімдердің де атауыш сөздерден біртіндеп семантикалық даму нәтижесінде қалыптасқандығы айтылған. Көмекші сөздердің қайсысы болмасын ауысу процесі кезінде екі жақтық қызмет атқарады. Мысалы, көмекші есімдер әрі атауыштық, әрі көмекшілік қызметте жүруі белгілі бір уақытқа дейін болады. Сонымен бірге контекске байланысты басқа сөз табының қызметін атқаратындығы да мәлім. Түркітану шеңберінде алып қарайтын болсақ, көмекші есімдердің қалыптасу дәрежесі әртүрлі болып келеді. Яғни, бір топ ғалымдар (Н.К. Дмитриев, Л.Н. Харитонов, Н.П. Дыренкова т.б.) көмекші есімдерді өз алдына жеке категория ретінде есептесе, енді бір тобы (Н.А. Баскаков, А.Н. Кононов, Е.И. Убрятова т.б.) септеуліктердің қатарына қосып қарайды. Қазақ тіл білімінде де алғашқы еңбектерде үстеу мен шылау және көмекші есімдер араласып берілген. Алайда, қазір зат есім сөз табына жатқызылып, соның ішінде семантикасына қарай көмекші есімдер деп жеке қарастырылады. Шындығында, олардың мағынасы қаншалықты солғындағанмен, дербестілігі жағынан шылау сөздерге қарағанда біршама жоғары. Тарихи тұрғыдан келгенде басына, үстіне, алдына, ортасына, арқасына т.б. тәрізді болып өздеріне тән лексикалық мағыналарын толық сақтап, сөз тіркестерін құрайды. Ал олардың шығу тегі «орын, мекен сияқты заттық ұғымдардан шыққан» делінеді. Сол себепті олар белгілі бір заттың, не заттық құбылыстың, не уақыт, мерзім немесе уақиғаның іші, сырты, маңы, ортасы т.б. сияқты ұғымдарды білдіру дәрежесіне көшкен де негізгі сөздермен тіркесіп барып қана сөйлемнің күрделі мүшелерінің құрамына енген болып отыр. Сонда көмекші есімдер грамматикалық мағына тудырушылық қызметте жұмсалғанмен, оларды бастапқы лексикалық сематикасынан бүтіндей алшақтай қоймаған сөздер десе болады. Өйткені, кейде дербес мүше қызметінде қолданыла алатындығын білеміз және көмекші есімдерге көптік, септік, тәуелдік, жіктік жалғаулары жалғана береді. Қазақтың лингвист ғалымы А.Байтұрсынов еңбегінде көмекші есімдер «көбіне жалғаулықтар орнына басқа сөздер жүреді» деп жалғаулықтар тақырыбында қарастырылған. Бұдан көретініміз, біріншіден өз алдына топ болып жеке сараланбаған, яғни Қазан төңкерісіне дейінгі сипатта шылау, үстеу сөздермен араласып келуі бар. Екіншіден, нақты атау берілмеген. А. Байтұрсыновтан кейінгі І. Кеңесбаев (1934),
С. Аманжолов (1938), М. Балақаев (1941), Ғ. Бегалиев, Н. Сауранбаев (1944) т.б. сынды ғалымдарымыздың оқулықтарында да көмекші есімдер өз орнын тапқан емес. Мәселен, М. Балақаев еңбегінде көмекші есімдерді «сөздердің ілік жалғауында тұруын керек етіп, жұмсалатын демеуліктер» деп береді. Мұндай мәселе түркі тілдерінің барлығына қатысты болып келеді және бүгінгі күнге дейін әртүрлілік жалғасын тауып келеді. Сонымен қазақ тіл білімінде бірде үстеу, бірде шылау (демеу) қатарында жүрген көмекші есімдерді алғаш рет жеке қарастыру керектігін А. Ысқақов 1948 жылы «Көмекші есімдер» деген мақаласында дәлелдеген еді. Бұл еңбектен Н.К. Дмитриевтің көмекші есімдерді алғаш рет 1937 жылы «Служебные имена в турецком языке» деп бергенін білеміз. Сонда қазақ тіл біліміне бұл термин 11 жылдан кейін танылған еді. Осыдан бастап көмекші есімдер құрамы нақтыланып, 1950 жылдан былай кейбір еңбектерде жеке тарау ретінде көріне бастайды. Көмекші есімдерді әрі қарай тереңдете және салыстыра зерттеп, ғылыми негізде үлес қосқан ғалымдарымыз В.А. Исенгалиева мен М. Оразов болды. В.А. Исенгалиева оларды орыс тіліндегі предлогтар мен салғастыра отырып, кең тұрғыда маңызды сипаттама жасаған. Мысалы: алдында (алдынан) көмекші сөзін перед, (перед ним); на (на сон грядущий); при (при ней); у (у окна); мимо (мимо окон); навстречу (навстречу Г. Ивановичу); накануне (накануне праздника) деп береді. Сонымен бірге, керісінше қазақ тіліндегі әртүрлі тұлғадағы мағыналас көмекші есімдердің орыс тілінде бір формада болатындығын да мысалдар арқылы түсіндіреді және ілік септеулікті сөз бен көмекші сөздердің арасында сөздердің келуі өте сирек және олар қажетті жағдайда кездесетінін айтқан болатын. Мысалы: Жасы қырықтың жуан ішінде (Ғ. Мұстафин). Жидебай, Масақұлдың екі арасына он шақты үй тігілді (М. Әуезов). Халықтың қалың ішінен шыққан (С. Мұқанов). Мынау теріскейдегі қалың қара биіктің арғы сыртынан артық жер жоқ. Абай үлкен бөлменің тап ортасында тапжылмай қатып тұрып қалыпты (М. Әуезов). Ғалым одан әрі көмекші есімдердің үстеу, септеулік шылау қызметінде жүретінін және кеңістік мағынаны білдіруіне қарай 3-ке топтап көрсетеді. Көне түркі және орта ғасыр жазба ескерткіштер тілінде негізгі сөз бен көмекші есімдердің арасында сөз келуі жоқ. Мұндай көріністер қазіргі тіліміздің өзіндік ерекшелігі болып табылады. М. Оразов түркі тілдеріндегі көмекші есімдерді арнайы зерттеп, көмекші есімдер тарихын тереңдете түседі. Ғалым зерттеуінде жалпы, көмекші сөздерге қатысты ғалымдардың пікірлерін талдай отырып, біршама мәселелердің басын ашқан. Яғни, көмекші есімдердің мағынасына, түркі тілдеріндегі қолданыстарына, шығу тегіне т.б. қатысты ойларымен бөліседі де, И. Батмановтың «Система послелогов широко развитых в современных языках начало формироваться, вероятно еще до енисейского периода» дегенін атап өтеді. Біз де көмекші сөздер көне түркі дәуірінен бұрын атауыш сөздерден қалыптасқан деген пікірдеміз. Сонымен бірге көне түркі тілінде көмекші есімдердің аздығын айта келе, олардың тарихына қатысты екі мәселеге ерекше назар аударуымыз керек дейді: «біріншіден, орхон-енисей жазу ескерткіші VI-IX ғасырларда жасаған түркі тайпаларының (тым болмағанда белгілі бір тобының) тіл байлығын толық қамтыған емес. Ол этнографиялық ескерткіш ретінде сол дәуірдің белгілі бір стильмен байланысты сөздерін қамтыған. Екіншіден, көмекші есімдер айтылайын деген ойды нақтылы, дәл жеткізілуі қажетті болғанда ғана қолданылған. Ондай нақтылық болмаса түркі халықтары басқа грамматикалық формаларды пайдаланған. Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде көмекші есімдердің (сөздердің) аз қолданылу сыры осыдан» деп түсіндіреді. Одан әрі бұл дәуірдегі көмекші есімдер Х-ХІІІ ғасыр жазба ескерткіштерінде грамматикалық категория ретінде, жеке топ ретінде қалыптасқан және ХІҮ-ХҮ ғасырларда жазылған жазба ескерткіштерде көмекші есімдердің қолданылу жиілігі өскен. Біздіңше, көне түркі тілінде көмекші есімдердің қазіргі түркі тілдеріндегі категориялық дәрежесінің негізі қалыптасқан. Өйткені, көне мәтінде олардың аздығына емес, қолданысы мен мағынасына қарай топшыласақ қателеспейміз. Ал орта ғасыр тіліндегі қолданыс жиілігінің артуын айтпаса да түсінікті. Ол жайлы кейінгі бөлімде айтылады. Сонымен автор кеңістік мағыналы көмекші есімдерді: «заттардың үстінгі, астынғы, басын, аяқталар жағын, ішін-арасын, орта тұсын, сыртын-тысын, жақын-айналасын, қапталын-жанын, алдыңғы жағын, арт жағын, бойы-жағасын білдіретін көмекші есімдер» деп он екі (12) лексика-семантикалық топтарға жинақтайды. М.Томанов көмекші есімдердің әртүрлі сөздермен тіркесіп мезгілдік мағынадағы сөз тіркестерін құраудағы қызметіне арнайы тоқталады. Мұнда басты мәселе «көлемді қатынастан басқа қатынастарда жұмсалатын көмекші есімді тіркестерді кейінгі дәуірдің жемісі» деген пікірдің тұрақсыздығын байқатып, қазақ тілінде көмекші есімді тіркестерің мезгілдік мағынада қолданылуы ертеден бері қалыптасқан құбылыс екендігін де тұжырымдайды. Автор көне түркі тілін арнайы алмаса да, жасаған түйіні көңілге қонымды. Т. Сайрамбаев еңбегінде зат есімдер сан жағынан көп болғанымен, түйдекті тіркес құрайтын көмекші есімдер тең еместігін айта отырып, олардың тек зат есімдермен ғана түйдекті тіркес құрайтындығынан, яғни «зат есімге көмекші сөз ретінде беріліп келеді» дейді. Шындығында, көмекші есімдер зат есімдермен тіркесіп келгенде өздігінен көмекшілік қызметке ауысады. Оған қоса, көне түркі тілінен бастап олар тек зат есім сөздермен тіркес құрайды. Ал жеке тұрғанда, яғни зат есім алдында келгенде (үзе туман турды асра тоз турды (ЫБ.15) – үсте (көкте) тұман тұрды, астында (жерде) шаң тұрды) дербестік танытып, толық мағыналы лексема ретінде болады. Мұндай жағдай қазіргі түркі тілдерінде де жалғасын табады. Жалпы көмекші есімдердің түйдекті тіркесі арқылы тілімізде ертеден бастап тұрақты тіркестер қалыптаса бастаған және ол процесс үздіксіз даму үстінде. Мысалы: қылыш үстінде серт жүрмейді, қас пен көздің арасында, жүрегі тас төбесіне түсуі, ит арқасы қияда, ит басына іркіт төгілу, екі оттың ортасында қалу, алты қырдың астында, түйе үстінен сирақ үйітті; балапан басымен, тұрымтай тұсымен; бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде; сабыр түбі – сары алтын, мал арыстанның аузында, түрікпеннің түбінде т.б. болып келеді. Мұндай тұрақты тіркестердің орхон-енисей жазбаларында бар-жоғына кейінірек тоқталамыз. Бұл жерде мұндай қазақ тілінде қалыптасқан тұрақты тіркестердің барлығы көмекші есімдердің шеңберінен шығып, ауыспалы мағынада жұмсалып, кейін тұрақты тіркестің семантикасын иеленген көмекші есімдер біршама екендігін айта кеткенді жөн көрдік. М. Мамаева көмекші сөзді фразеологизмдерді «мезгіл пысықтауыштық, мекен пысықтауыштық, амал пысықтауыштық қатынастағы түйдекті тіркестер» деп топтап, ілік септігі (ашық және жасырын) арқылы байланысатынын мысалдармен дәлелдейді. Сонымен бірге Б.А.Серебренников, Н.З. Гаджиева, А.М. Щербак, Р. Досжан, В.М. Насилов, А.Н. Кононов, В.Г.Кондратьев, Ғ. Айдаров т.б. ғалымдарымыздың пікір негіздері бар.
Орыс тілінде көмекші сөздер қатарына жататындар мыналар: предлогтар, демеуліктер (частицы), жалғаулықтар (союзы). Бұлардың ішінде жеке сөздердің грамматикалық қатынасын білдіретіндері де, сөз тіркестері мен сөйлем ішіндегі синтаксистік қатынасты білдіретіндері де бар. Орыс тіліндегі жалғаулықтар (союзы), негізінен, сөйлемнің бірыңғай мүшелері мен құрмалас сөйлемдер компоненттерін байланыстыру үшін қызмет атқарады. Олар өзі тіркескен сөздерге алуан түлі грамматикалық мағына үстемейді. Предлог. Тіл-тілде предлогтар көмекші тіркес ретінде қызмет атқарады; формалды ұйымдастырушы тәрізді болып келеді; сөзбен сөзді байланыстырушы дәнекер ретінде есепті; кейде предлогтар қызметі септіктер функциясы тәрізді; кейде септіктер функциясын анықтап-айқындай түседі. Предлогтарда дербес, өзіне тән екпін болмайды, предлог өзі тіркескен сөзінің құрамды элементі, бөлігі болып есептелмейді. Ал флекция болса, ол – сөз бөлшегінің бірі. Предлогтың флекциядан айырмашылығы – сөздің құрамды бөлшегі бола алмайды. Частицалар – көмекші сөздердің бір түрі. Частица өзі тіркескен сөзге қосымша мағыналық сипат немесе эмоционалдық реңк береді. Частицалардың мағынасы өте көп: олар таңдану, құптау, сілтеу, күшейту, белгісіздік, сондай-ақ, толып жатқан модальдық мағыналарды білдіреді. Частицалар тілде сөздің аналитикалық формаларын жасауға қатысады. Орыс тілінде частицалар өте көп: кое, либо, нибудь, то; лишь, почти, только, хотя бы; вон, вот, это, даже, же, и, уж, именно, как раз, приблизительно, ровно, точь в точь; ли, разве, неужели, ужели, бы, дай, давай, ну, пускай, пусть, не, ни, нет; авось, вряд ли, едва ли, пожалуй, будто, как будто, как бы, словно, т.б. Артикль – (о баста латынның «мүше» деген сөзі) – сөзге грамматикалық мағына туғызушы белсенді көрсеткіштің бірі. Артикль – зат есімге қатысты құбылыс. Артикльдер – бірсыпыра тілде зат есімдермен тіркесіп, белгілілік немесе белгісіздік мағына білдіретін көмекші сөз. Артикльдерде өздеріне тән екпін болмайды, өзі тіркескен сөз екпінімен бірге айтылады. Тіл-тілде артикльдің төрт түрі кездеседі: белгілілік (определенный) артикль, белгісіздік (неопределенный) артикль, препозитивті артикль, постпозитивті артикль. Белгілілік артикль нақты, таныс, жаңа ғана сөз етілген дегендей белгілі заттар мен біркелкі, бір топ класс атауларына байланысты қолданылады. Белгісіздік артикль белгісіз, таныс емес, бірінші рет аталып тұрған біркелкі, бір топ класс атауларына қатысты қолданылады. Препозитивті артикльдер ағылшын, неміс және роман тілдерінде зат есімнің алдына қолданылады; ал постпозитивті артикльдер албан, болгар, румын және скандинав тілдерінде зат есімдерінен кейін қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |