1. Кіріспе. Топырақты қорғау



Дата24.09.2023
өлшемі23.98 Kb.
#478457
түріКодекс

1.Кіріспе.Топырақты қорғау
Қоршаған табиғи ортаның бір бөлігі ретінде жерді қорғауға, ұтымды пайдалануға, ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан жердің негізсіз алынып қойылуын болғызбауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа іс-шаралар жүйесін қамтитын іс-әрекеттер жерді қорғау жұмыстары болып саналады.
Қазақстан Республикасының жер Кодексінде жерді қорғаудың мақсаттары мен міндеттері айқын көрсетілген. Осы Кодекстің 139 бабына сәйкес жерді қорғаудың мақсаттары келесідей:
1) өндірістің экологиялық қауіпсіз технологияларын ынталандыру, орман мелиорациясы мен мелиорация жұмыстарын және басқа іс-шараларды жүргізу арқылы жердің азып-тозуы мен бүлінуін, шаруашылық қызметтің басқа да қолайсыз зардаптарын болғызбау;
2) азып-тозған немесе бүлінген жерді жақсарту мен қалпына келтіруді қамтамасыз ету;
3) жерді оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерін тәжірибеге енгізу.
Жер Кодекснің 140-бабында жер учаскелері иелері мен жер пайдаланушыларға жерді қорғау үшін келесідей міндеттер жүктелетіні көрсетілген:
1) жерді су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталуынан, өндіріс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивті және басқа да зиянды заттармен ластанудан, өзге де бүліну процестерінен қорғау шараларын іске асыруға;
2) ауыл шаруашылық жерін карантиндік зиянкестер мен өсімдік ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шілік басып кетуден, жердің жай-күйі нашарлауының өзге де түрлерінен қорғауға;
3) бүлінген жердің жаңартылуына, оның құнарлылығын және жердің басқа да пайдалы қасиеттерін қалпына келтіру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;
4) жердің бүлінуіне әкеліп соқтыратын жұмыстар жүргізілген кезде топырақтың құнарлы қабатын алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған шараларды жүргізуге міндетті.
Жердің үстіңгі құнарлы қабаты-топырақтың жел және су эрозиясынан азып-тозбауы үшін олардың алдын алу шараларын, сонымен бірге бұл құбылыстарға шалдыққан жерлерде олардың әрі қарай дамымауын қамтамасыз ететін іс-шараларды жүзеге асыру керек.
Эрозиядан қорғау келесідей топтарға жататын іс-шаралар жүйесін қамтиды: ұйымдық-шаруашылық, агротехникалық, орман мелиорациясы және гидротехникалық.
Ұйымдық-шаруашылық іс-шаралары қатарына эрозияға қарсы қолданылатын жұмыстардың жоспарын жасап, негіздеу және оның іске асырылуын қамтамасыз ету жатады. Осы жұмыс барысында жер аумағының эрозияға төзімділігі бағаланып, топырақтың оған шалдығу дәрежесінің картограммасы жасалынады. Осы жинастырылған деректерге сүйене отырып, эрозияға төзімді болып келетін шаруашылықтың жер аумағын ұйымдастыру жоспары жасалынады.
Топырақты эрозиядан қорғаудың агротехникалық іс-шаралары қатарына топырақтың эрозияға төзімділігін арттыратын өңдеу әдістерін қолдану, көпжылдық шөптер мен бір жылдық дақылдардың топырақты қорғау қасиеттерін пайдалану, қар тоқтату және оның еруі қарқынын реттеу, топырақ құнарлылығын арттыру жұмыстары жатады.
Жел эрозиясына қарсы қолданылатын іс-шараларды зерттеу жолында А.И.Бараев атындағы Қазақтың астық шаруашылығы ғылыми зерттеу институты, Павлодар ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеу институты және басқа ғылыми өндірістік мекемелер ғалымдары мен қызметкерлері бірлесіп үлкен жұмыс атқарды. Олар егіншіліктің топырақ қорғау жүйесін қалыптастырып оны ауыл шаруашылығы саласында қолданып, іске асырды. Осы жаңа егіншіліктің топырақ қорғау жүйесінің басты буыны-топырақты соқаның орнына, жазық тілгіш құралдармен өңдеп, топырақ бетінде аңыз, өсімдік, қалдықтарын мол қалдыру. Сөйтіп, топырақ бетінің желге төзімділігін арттыру, қыста мол қар жинап топырақтың ылғалдылығын жақсарту. Сонымен бірге топырағы қарқынды өңделетін, эрозияға төзімсіз пар алқабында қышадан ықтырма егу және пар мен егіс алқабын әр 100-200м сайын кезектестіріп, жолақтап оларды желдің соғу бағытына көлденең келтіріп орналастыру. Ал желге өте төзімсіз жеңіл гранулометриялық құрамды (құм, құмайт, жеңіл құмбалшық) топырақтарда жоғарыда аталған агротехникалық шаралармен бірге арнайы топырақ қорғау ауыспалы егісін қолдану. Яғни, дәнді-дақылдар мен пар және көпжылдық шөп алқаптарын жолақтап 50-100м сайын кезектестіріп орналастыру.
Жел эрозиясына өте шалдыққан топырақтарды егістіктен шығарып, оларға көпжылдық екпе шөптерді егуі.
Жоғарыда баяндалған Қазақстан ғалымдарының қалыптастырған топырақты жел эрозиясынан қорғау іс-шаралары жүйесі ТМД мемлекеттері ішінде қолдау тауып, мақұлданып, осы елдердің ауыл шаруашылығы саласында да іске қосылған.
Топырақты су эрозиясынан қорғау үшін де оның үстінде мол өсімдік қалдықтарын қалдырып топырақты жазықтілгіш құралдармен өндеу қолданылады. Топырақты өңдеу, саңылаулар қалыптастыру тұқым себу, қар тоқтату жұмыстары еңістікке, яғни су ағысына көлденең бағытта жүргізілуі тиіс.
Су эрозиясы байқалып, жырашалар қалыптасқан беткейлерде жер бетін тегістеп, көпжылдық шөп өсіру қажет. Әсіресе, көктемде су жиналып, қатты ағыс байқалатын жер бедері бар алқаптарда міндетті түрде көпжылдық шөп егілген болуы керек.
Орман мелиорациясы (ағаштар мен бұталар егіу) шаралары жыралар, сайлар жағалауына, су қоймалары, суару жүйесінің бойына жүргізілуі тиіс. Егілген ағаштар мен бұталар жыралардың әрі қарай дамуын тежеп, топырақтың су эрозиясына төзімділігін арттырады.
Егер жоғарыда көрсетілген шаралар су эрозиясын елеулі түрде бәсеңдетпесе, онда күрделі гидротехникалық шаралар қолданылады. Олар: тау беткейлерін террасалау, жырыларды бекітетін инженерлік құрылыстар салу, ирригациялық эрозия болдырмау үшін арықтардың, каналдардың табаны мен қапталын бетондау, не басқа заттармен бекіту.
Қорыта келгенде, топырақты жел мен су эрозиясынан қорғау, оның басқа жолмен азып-тозуын болғызбау, улы заттармен, өндіріс қалдықтарымен ластануының алдын алу үлкен маңызы бар мемлекеттік, халықтық іс, жер иелерінің, жерді пайдаланушы кәсіпорындар мен ұжымдардың, жеке тұлғалардың абройлы міндеті, келешек ұрпақ алдындағы борышы.
Асыраушы анамыз, жер бетіндегі тіршіліктің тірегі, биосфераның экологиялық тұрақтылығының негізі, күн нұрының ғасырлар бойы жерге жеткен қуатын сақтап, оны әлемдегі тіршілік иелеріне үнемдеп таратушы, табиғи мұрамыз, баға жетпес байлығымыз – топырақ. Сондықтан оны қадірлеп, қастерлеп, ұтымды пайдаланып, көздің қарашығындай қорғай білуіміз керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет