Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеуде ойынның ролі
Жоспары:
1.Ойын мектеп жасына дейінгі балалардың негізгі іс-әрекет
2.Мектеп жасына дейінгі балаларды ойын арқылы тәрбиелеудің маңызы
3. Дидактикалық ойындардың өзіндік ерекшеліктері
Бала өмірінің алғашқы алты-жеті жылы – оның өсіп жетілуіндегі ең жауапты кезең, бұл кезде ақыл-ой қабілеті, адамгершілік қасиеттері, эстетикалық сезімдері қалыптасады. Баланың адам ретінде қалыптасуының осы жақтары қызықты, мазмұнды сабақ, еңбек, ойын процесінде тәрбиеленеді.
Ойын - тәрбие берудің ең тиімді амалдарының бірі. «Балабақшада тәрбие беру программасында» баланың денесі мен психикалық жетілуі, жеке басының дамуы үшін, балалар қоғамының қалыптасуы үшін ойынның үлкен маңызы бар екені атап көрсетіледі. «Бала қоғамының қалыптасуының ең үлкен мүмкіндігі балалардың ойын әрекеті арқылы қамтамасыз етілетінін қоғамдық тәрбие беру тәжірибесін көрсетіп отырса, ал зерттеу оны дәлелдей түсті, - деп атап көрсетеді А. П. Усова. – Ойын кезінде ғана балалардың қоғамдық өмірі барынша толыға түседі». Ойын әрекетінің осы мүмкіндігіне сүйене отырып, А. П. Усова ойынды «қоғамдық» сапалы қасиеттерді тәрбиелеу амалы ретінде қарастырды. Программа ойынның әр түріне байланысты тәрбиелік міндеттерді айқындайды: қимылды ойындар балалардың қозғалысының жетілуіне, дидактикалық ойындар ақыл-ойының қалыптасуына, адамдардың еңбегі мен тұрмысын бейнелейтін сюжетті-рольді ойындар моральдық және т.б қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі.
Ойынға берілген осы сипаттаманы жетекшілікке ала отырып, бұл белгілердің шартты түрде ұсынылғанын, ойынның әрбір түрінде тәрбиешілердің назар аудуруы керек басқа да мүмкіндіктер бар екенін ұмытуға болмайды. Мәселен, қимылды ойындар кездерінде қозғалыстың белсенді болуы тек қимыл аппараттарын ғана нығайтып қоймайды, сонымен бірге көбіне баланың нервтік-психикалық тұрғыдан жетілуіне де әсерін тигізеді. П. Ф. Лесгафт қимылды ойындарды өте жинақы болуға жаттығу деп санай отырып, қимылды ойындар баланың ақыл-ойының айқын да ширақ, сезімі қызу, өткір, әрекеті ұйымдасқан жағдайда болады деген.
Құрастыру ойындарында конструкторлық қабілет, творчестволық қиялдаудан, эстетикалық сезімдердің жетілуінен басқа өз қимылын бақылау, оның күшін, бағытын ескеру дағдылары тәрбиеленеді. Құрастыру жұмысында мақсатқа жету ұстамдылықты, шыдамдылықты қажет етеді. Жұмыс нәтижесінде балалар әс жүзінде эстетикалық қуанышты, еңбек қуанышын танитын болады.
Тәрбиеші ойындардың мазмұнын балалардың бойында оңды көзқарас, Отанға, өз халқына сүйіспеншілік қалыптастыру үшін пайдаланады, оларды қоғамдық мінез-құлық ережесіне үйретеді,. Ойын үстінде және ойын арқылы тәрбиеші мектеп жасына дейінгі балалардың батылдық, адалдық, ұстамдылық секілді сапалық қасиеттерін дамытады.
Педагогикалық басшылық болмаған жерде балалардың ойындары кейде жарамсыз ықпал жасауы да мүмкін. Н. К. Крупская былай деп жазған: «Қатыгездікке, дөрекілікке машықтандыратын, ұлттық өшпенділікті қоздыратын, нерв жүйесіне жаман әсер ететін, құмарпаздық, менменшілдік туғызатын ойындар бар. Сондай-ақ орасан зор тәрбиелік мәні бар, ерікті нығайтатын, әділет сезіміне, қиын жағдайда көмектесе білуге, т.т және т. с. с тәрбиелейтін ойындар да бар».
Ойынның оңды әсерін пайдаланып, жарамсыз ойындардың тууына жол бермеу үшін балаларды ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата білуге үйрету керек. Осы мақсатпен тәрбиеші ойын арқылы және ойын үстінде балаларға қайсыбір жағымды фактілердің мағынасын ашып береді, ол фактілерге баға береді, балалардың соларға еліктеуге ұмтылған ықыласын туғызады, сол арқылы олардың ойында бейнеленген нәрсеге көзқарасын қалыптастырады.
Тәрбиеші ойынды дене тәрбиесінің құралы ретінде кеңінен пайдаланады. Ойындардың көпшілігі қан айналысын күшейтіп, неғұрлым толық та терең зат алмасуына көмектесетін активті қозғалыстарды керек етеді. Активті қозғалыс дұрыс тұлғаның қалыптасуына, жүріс-тұрыстың икемді, әсем болуына жәрдемдеседі. Алайда ойын өзінен-өзі дене тәрбиесінің құралы бола салады деп ойлау қате болар еді. Педагогикалық басшылықсыз ойын баланың дене құрылысының дамуына зиян келтіруі де мүмкін. Кейде балалар ұзақ уақыт бір позада тұрып немесе, керісінше , шамадан тыс көп қимылдап, қатты шаршайды. Сондықтан тәрбиеші бәрінен бұрын балалар ойындары үшін гигиеналық шарттардың сақталуына қамқорлық жасайды.
Ойын эстетикалық тәрбие құралы ретінде де кеңінен пайдаланылады, өйткені балалар өздерін қоршаған дүниені роль, бейне арқылы көрсетеді. Ойында қиялдың – бұрын алған әсер негізінде бейне жасаудың зор маңызы бар. Көптеген ойындардың мазмұнына таныс әндер, билер, тақпақтар, жұмбақтар енгізіледі. Осының бәрі тәрбиешіге балалардың эстетикалық әсерленуін тереңдете түсуге мүмкіндік береді. Көп жағдайда олар ойында өз құрылыстарын жақсылап безендіреді, маскарадтау элементтерін пайдаланады, мұның өзі көркемдік талғам тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
Сонымен, ойын балаларды жан-жақты тәрбиелеу және дамыту құралы болып табылады.
Ойын бала үшін – нағыз өмір. Егер тәрбиеші ойынды ақылмен ұйымдастырса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік алады. А. П. Усова былай деп атап көрсетті: «Балалардың өмірі мен іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыру – оларды тәрбиелеу деген сөз. Тәрбиенің тиімді процесі ойын және ойынның өзара қарым-қатынастары формаларында жүзеге асырылатын себебі сол, бала мұнда өмір сүруді үйренбейді, өз өмірімен тіршілік етеді».
Балалар ойында адамдардың белгілі қылықтарын, жеке ерекшеліктері мен өзара қарым-қатынастарын бейнелейді. Бірақ мұның бәрінің тасасында әлі баланың өзінің жеке басының шын қасиеті мен сапасы тұрған жоқ. Мысалы: ойында ақ пейілділік пен қамқорлық көрсетуді талап ететін рольді ойнап тұрған бала өмірде кейде өзімшіл және дөрекі болуы мүмкін. Міне, сондықтан да ойынға оның жоғары тәрбиелік тиімділігін қамтамасыз ететін педагогикалық басшылықтың болуы өте маңызды.
Ойынды таңдап алудың елеулі маңызы бар. Оған күнбе-күн басшылық жасай отырып, тәрбиеші әрбір баланы зерттейді, балалар бірлестіктерін, қалыптаса бастаған ойын коллективтерін ашады. Оның қайсы бір топтанудың пайдалы немесе зиянды екенін бағалауға, балаларға белгілі дәрежеде ықпал жасау қажеттігі туралы қорытынды жасауға мүмкіндігі болады.
Мектепке дейінгі сәбилер әлі ойнай білмейді. Нақ сондықтан да тәрбиеші ойынды ұйымдастыра жүріп, оларды ойнауға үйретеді. Балалар ойынды игеріп, ойын іс-әрекетінен жеткілікті тәжірибе алған соң, ойын өз бетінше істелетін әрекетке айналады, олардың өздерінің ұйымдасуына негізделеді.
Ойынды балалар өмірін ұйымдастырудың формасы ретінде пайдалана отырып алдымен солардың ортақ мүддесін бағыттап және дамытып отыру, балалар коллективін топтастыруға күш салу керек. А. С. Макаренко ойынның балалар өмірін ұйымдастырудағы ролін жоғары бағалай келіп, тәрбиешінің ролі туралы былай деп жазды: «Мен де педагог ретінде олармен аздап ойнауға тиіспін. Егер мен тек қана үйретіп, талап етіп, айтқанымды істетіп тұрсам, онда мен, бәлкім, пайдалы, бірақ жақындығы жоқ бөгде күш қана боламын. Мен міндетті түрде аздап ойнауға тиіспін және мен өзімнің барлық әріптестерімнен осыны талап еттім».
Тәрбиеші балаларға жақын болуға, олардың ойындарының сүйікті қатысушысы болуға тиіс. Ойынның мазмұны мен ережесін, өзінің ойындағы ролін пайдаланып, ол ойнаушылардың ынтасын басып тастамай, әдеппен ойынның барысын, олардың өзара қарым-қатынасын бағыттап отырады.
«Балалар бақшасындағы тәрбие программасында» ойынның күн режимінде бекітілген уақыты көрсетілген. Сол уақыт қатаң сақталуға тиіс ойынды балалармен жүргізілетін жұмыстың басқа бір формасымен ауыстыруға болмайды.
Таңертеңгі тамақ пен сабақ арасында (8-10 минут) балалар әдетте басталған ойынды жалғастырады немесе ойыншықтармен, стол үстіндегі ойындармен ойнайды.
Ересек балалар үшін бағдарламада оқу аралығындағы ойындар көзделген. Олардың мақсаты – балалардың қысқа ғана (8-10 минут) тынығуы, бірақ ол ойындар тым көп қимыл белсенділігін талап етпеуге, ақыл-ойға айтарлықтай салмақ түсірмеуге тиіс. Ең жақсысы – доппен, бильбокпен, ұсақ ойыншықтармен ойнайтын ойындарды пайдалану керек.
Серуендеу кезінде ойынға ең ұзақ (1сағаттан – 1сағат 20 минутқа дейін) уақыт бөлінеді. Оны дұрыс ұйымдастыру, қызықты ойындармен толтыру балалардың ауада болуын пайдалы әрі сүйкімді етеді. Бұл үшін учаскеде арнаулы ғимараттар мен құрылыстар, көптеген құрылыс материалдары, зембілдер, күректер, доптар, секіргіштер, шеңберлер, т. с. с болуға тиіс.
Күндіз ұйқыдан және түстіктен соң ойын үшін уақыт көзделеді. Қыс пен күзде әдетте топ бөлмесінде, ал көктем мен жазда ауада сюжетті-рольді ойындар өрістейді немесе балалар ойыншықтармен, құрылыс материалдарымен, үстел үстіндегі ойындармен ойнайды. Ермек элементтері бар ойындар да сол кезде пайдаланылады.
Достарыңызбен бөлісу: |