1-тақырып. Сыныптан тыс жұмыстардың атқаратын қызметі.
Сыныптан тыс жұмыс – сабақтан тыс уақытта, баланың жеке тұлғасын әлеуметтендіруін қамтамасыз етуге қажетті жағдай жасайтын, оқытушының оқушылармен әртүрлі іс-әрекеттерін ұйымдастыру. Сыныптан тыс жұмыс – оқу бағдарламаның шеңберіне кірмейтін және оқу кестесінен тыс мектеп өткізетін әртүрлі тәрбиелік- оқытушылық іс-шаралар.
Сыныптан тыс жұмыс ұғымы – мәні кең және бірмағыналы емес, оған мазмұны, қызметі, өткізу әдістемесі, басқару әдістері және формалары бойынша әртүрлі сабақтар кіреді. Мысалы: пән үйірмесінің отырысы, сыныптан тыс оқылым, мектеп мерекесін және кештерін өткізу сияқты шаралар сыныптан тыс жұмысқа жатады. Кейбір жағдайда (үйірме, сыныптан тыс оқу) оны оқытушы басқарады, басқа жағдайларда (бос уақытты ұйымдастыру, көңіл көтеретін шаралар) өзін-өзі басқару негізінде оқушылар басқарады. Осыған байланысты «сыныптан тыс жұмыс» ұғымын саралау қажеттілігі туындайды, ол үшін педагогикалық әдебиетте және практикада – «оқудан тыс жұмыс» және «сабақтан тыс жұмыс» терминдері қолданылады. Сабақтан тыс жұмыс – мақсаты, мазмұны және әдістері бойынша оқу үрдісімен шектеседі, оның сабақтан тыс кезіндегі жалғасы болып табылады және үнемі ерікті түрде бола бермейді. Оның жоспарлануында және ұйымдастырылуында анықтаушы рөлді ұстаз атқарады. Бұған мысал: пәндік оқытушының қабілетті оқушылармен бағдарламалық материалдан алған білімдерін кеңейту және тереңдету және нашар оқитындардың білімін түзету бойынша өткізетін жұмыстар Оқудан тыс жұмыс – мұғалімдердің, сынып жетекшілерінің бағыттаушы рөлінің арқасында, көбінесе оқушылар ұжымында белсенді және өздерін-өзі басқару негізінде, сыныптан тыс жүргізілетін сабақтар. Сыныптан тыс жұмыс – оқушыларға кеңінен позитивті әсер ету мүмкіндігі бар және оқытушының сабақтағы жұмыспен байланыстыра отырып, оқу-әдістемелік өрісте өз бетімен жасайтын әртүрлі іс-әрекеттердің жиыны болып саналады.
Мектептің тәрбие жұмысының құрамдас бөлігі болып табылатын сыныптан тыс жұмыс оқыту мен тәрбиелеудің жалпы мақсаты – баланың өмірге және қоғамға қажет әлеуметтік тәжрибені игеріп алуына және қоғам қабылдаған құндылықтар жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Үлгермейтін оқушыларды оқудан басқаға назарын аударуға болмайды деген пікір бар. Бірақ бұл дұрыс емес, өйткені дәл сол оқушыларға өздерінің бос уақытын тиімді пайдалануына көмектесу керек. Айтылып өткен міндеттер сыныптан тыс жұмысының негізгі мүмкіндіктерін және бағыттарын анықтайды. Шынайы тәрбиелік жұмыста олар сыныптың ерекшеліктеріне, ұстаздың өзіне, жалпы мектептік оқудан тыс жұмыстың ағымына байланысты нақтыланып дәлденеді. Тәрбиелік шараның сапасын оқушылардың әсері арқылы да бағалауға болады. Олардың назары, эмоциялы икемделуі, өтіп жатқанға қызығушылығы, белсенділігі немесе, керісінше, немқұрайлығы көп нәрсені пайымдайды. Оқушылардың іс-әрекетін бақылау, олармен әңгімелесу, сауалнама жүргізу атқарылған жұмыстың тиімділігін тереңнен бағалауға мүмкіндік береді. Сыныптан және мектептен тыс жұмыстардың жай-күйі мен нәтижелерін педагогикалық кеңестерде және әдістемелік бірлестіктерде жүйелі түрде талқылаған жөн. Тәрбиелік шараға баға беруде оқушыларды да тартқан дұрыс, сол үшін мектеп радиосын, қабырға газеттерін, көрмелерді пайдалануға болады. Мұндай жұмыс формаларының нәтижелері жарыс, байқау, конкурс, айлық және т.б. сияқты ұжымда кеңінен талқылауды қажет етеді.
Сыныптан тыс жұмыстардың мазмұны – оқушының теориялық білімін кеңейтіп, толықтыра түседі және оқушылардың жеке қабілетін дамыта түседі.
Оқушылармен сыныптан тыс жүргізілетін жұмыстардың мақсаты – сабақ үстінде жүзеге асыратын оқытудың міндеттерін толықтыру және тереңдету, олардың қызығушылығы мен ынтасын ояту, қоғамдық белсенділіктерін шыңдау, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруды көздейді.
Оқушылардың сыныптағы сабақ үстіндегі және сыныптан тыс әрекеттерін кіріктіру біріңғай педагогикалық жүйе құруға бағытталған, ондағы әр құралдар тәрбиелік және білімділік міндеттер кешенін шешуге көмектеседі.
Мектеп басшыларынан, мұғалімдерден кәсіби икемділіктері мен шығармашылық қызметте, басқаруда ақпаратты қамтамасыз ету, талдау, жоспарлау, ұйымдастыру әрекетінде біліктілікті талап етеді. Яғни, мектеп жағдайында егер мұғалімдер оқушылардың қызығушылықтары мен сұраныстарын ескеруді көздеген болса, онда атқарылатын жұмыстардың түрлері оқу пәндері мен сыныптан тыс жұмыстың мазмұнын, мақсат-міндеттерін кіріктіре алатын болады.
Сыныптан тыс жұмыстардың түрлері
1) пікір-талас;
2) семинар;
3) экскурсия;
4) факультативтік сабақтар;
5) қосымша сабақтар;
6) конференция;
7) өндірістік оқу;
8) үйдегі оқу жұмысы;
9) тәжірибелік-зертханалық (практикум);
10) пәндік үйірме жұмыстары;
10) олимпиада;
11) сынақ және емтихан;
12) өзіндік жұмыс түрлерін жатқызуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |