Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», және 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол - болашаққа жол» атты Жолдауларындағы «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қалыптастыру туралы ой халық арасында кеңінен қолдау тапты.
«Мәңгілік Ел»ұлттық идеясының маңызды құраушыларын (этносты қалыптастырушылық, азаматттық және жалпымемлекеттік), сонымен қатар Мықты және Қуатты Қазақстан мемлекетін құруда басшылыққа алынатын «Қазақстан – 2050» Стратегиясының негізгі алты бағыты:
Бірінші.Жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу. Жаңа қазақстандық патриотизм – бұл этникалық айырмашылықтардан тыс бүкіл қоғамды біріктіруі тиіс барлық мүмкіндік.
Екінші. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі. Біз барлығымыз тең құқықты тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз. Біздің жерімізде бейбітшілік пен тыныштық орнауына біз тікелей жауаптымыз.
Үшінші. Қазақ тілінің дамуы және тілдердің үш тұғырлылығы. Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз және оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту керек.
Төртінші.Мәдениетті, дәстүрлі және даралықты қайта өркендету. Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды.
Бесінші. Ұлттық зиялы қауым рөлін көтеру. Зиялы қауым қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда жетекші күш болуы керек.
Алтыншы. Мемлекеттің зайырлы сипатын нығайту – бұл Қазақстанның сәтті дамуының маңызды шарты.
«Мәңгілік Ел» - Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру стратегиялық мақсатын жүзеге асыруға бағытталған қуатты жұмылдырушы бастама болып табылады.
Президент Қазақстанның «Мәңгілік ел» ретіндегі болашағы туралы сөз қозғағанда, ол ұлттың тарихи санасына қатысты мәселелерді күн тәртібіндегі бірінші сұрақ ретінде қарастырады. Әлеуметтік-мәдени категория ретінде сипатталатын тарихи жады мейлінше терең болған сайын, сондай-ақ тарихи сана неғұрлым тереңнен тамыр тартқан сайын, адам және тұтас қоғам соғұрлым рухани байи түседі.