2014 жылдың бірінші жарты жылдық қорытындысы бойынша Маңғыстау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы
аудан әкімі Ж.Қ.Айтуаровтың есебі
Ауданның құрылған жылы: 3 қыркүйек 1928 жыл
Аумағы: 4 701 832 га
Аудан орталығы: Шетпе селосы 1966 жылы құрылған
Халқының саны: 35,2 мың адам
12 селолық округ, 21 елді мекен бар
1928 жылы құрылған Маңғыстау ауданының бүгінгі таңдағы жерінің аумағы 4 701 832 га, халқының саны 35200 адам. Аудан орталығы Шетпе селосында 12 мыңнан астам адам тұрады. Ауданда 12 селолық округ, 21 елді мекен бар.
Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі мұнай мен газ өндіру және ауыл шаруашылығында мал шарушылығы болып табылады.
Аудан аумағында ірі өндіріс кәсіпорындары орналасқан. Олар: «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қарақұдықмұнай» ЖШС, «КомМұнай» ЖШС, «Кен-Сары» ЖШС, «Арман» бірлескен кәсіпорыны (негізі қызметтері мұнай және газ өнімдерін өндіру, тасымалдау) «Каспий Цемент» ЖШС-нің цемент зауыты (зауыт мақсаты цемент өндіру және тасымалдау).
Сонымен қатар, аудан территориясында жер қойнауын пайдаланушы 18 кәсіпорын бар. Олардың негізгі өндірісі қиыршық тас және ұлутас өндіру болып табылады.
Тіркелген саяси партия филиалдары – 1 («Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы), үкіметтік емес ұйымдар саны – 7 («Қазақстан Мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ аудандық өкілдігі, «Маңғыстау аудандық азаматтық бастамашылығы» ҚБ, аудандық білім мен ғылым қызметкерлері біріккен кәсіподақ ұйымы, «Маңғыстау аудандық ардагерлер кеңесі» ҚБ, «Ауыл әйелдерінің белсенділігін арттыру» ҚБ, «Зерде» және «Шаңырақ» қоғамдық қорлары
Аудан бюджеті:
Бүгінгі таңда аудандық бюджеттен 50 мемлекеттік мекеме және 22 қазыналық және 3 коммуналдық кәсіпорын, яғни барлығы 75 мекеме қаржыландырылады.
2014 жылға арналған аудан бюджетінің кірістер бөлімі 5 148 378 мың теңгеге бекітіліп, жыл ішінде 6 267 526,4 мың теңгеге нақтыланды.
Ағымдағы жылғы 1 шілдедегі жағдайға кірістер бойынша жоспарлы 2 683 863,0 мың теңге 102 пайызға орындалып, аудан бюджетіне 2 747 699,1 мың теңге түсірілді.
Ал шығындар бойынша 5 148 378 мың теңгеге бекітіліп, жыл ішінде 6 304 833,7 мың теңгеге нақтыланды. 01.07.2014 жылғы жағдай бойынша жоспарлы 2 704 177,7 мың теңге 99 пайызға орындалып, 2 685 637,9 мың теңге игерілді.
Республикалық трансферттер бойынша түсімдер 2014 жылға 938 196 мың теңгеге бекітіліп, жыл ішінде 2 020 655,0 мың теңгеге нақтыланды. 01.07.2014 жылға жоспарлы 833 310,0 мың теңге 99 пайызға орындалып, 829 325,0 мың теңге түсірілді.
Ал, шығындар бойынша жоспарлы 836 870,0 мың теңге 99,3 пайызға орындалып, 831 011,6 мың теңгесі игерілді (Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттер бойынша жоспарлы 227 460,0 мың теңге 99 пайызға орындалып, 225 184,5 мың теңгесі игерілді және мақсатты даму трансферттері жоспарлы 553 850,0 мың теңге 99,7 пайызға орындалып, 552 350,0 мың теңгесі игерілді).
Ауыл шаруашылық саласы бойынша:
Маңғыстау ауданы облыстағы ауыл шаруашылығы дамыған аудан болып саналады. Себебі мал басының саны, олардан алынатын өнімдер, дайындалатын мал азығы (ірі сояулы шөп дайындау, жем қоры) жөнінен ауданымыз бірінші орында.
Бүгінгі таңда аудан көлемінде 274 шаруа қожалығы, 10 ұйымдасқан шаруашылық қызмет етеді. Оның ішінде 31 шаруа қожалығы егін шаруашылығымен, 243 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен айналысады.
2014 жылдың 1 шілдесінде ауданда 6 998 бас мүйізді ірі қара, 18 697 бас түйе, 27 765 бас жылқы, 194 328 бас қой-ешкі, 3 330 бас құс болды.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту малдың өнімділігі мен өнім сапасын арттырудың негізі болып табылады. 2011 жылы ауданда 5 асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісі болса, 2012 жылы 6, 2014 жылы 7 асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісі болды («Жакен», «Аңсар», «Нақхан», «Баймағанбетов» ШҚ, «Ақшымырау» ӨК – асыл тұқымды Адай жылқысын өсірсе, «Қызан» ӨК қаракөл қойын өсіруде). Барлық асыл тұқымды мал шаруашылықтары республикамыздың салалық ғылыми-өнідірістік орталықтарымен келісім шарт негізінде жұмыс жасап келеді.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арқылы 5 айда тірілей салмақта 1 646,9 тонна ет, 534 тонна сүт, 65,8 мың дана жұмыртқа өндірілді. Шетпе селосындағы жүн қабылдап, өткізетін «Бағлан» жүн дайындау цехы 2013-2014 жылдары сұраныс болмауына байланысты престелген жүнді қоймада сақтап отыр.
Мал өсіргеннен кейін оның өнімін өткізу басты назарда болатындығы шындық. Шетпе селосындағы мал сою пункті «Қинах Шопан» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға беріліп, мал сою пункті жұмыс жасап келеді.
Қазіргі таңда «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы, аудан әкімдігі және «Қинах Шопан» ЖШС-нің үш жақты келісіміне сәйкес, мал осы пунктте сойылып, мұнай кәсіпорындарына тапсырылуда. Жыл басынан бері «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-на 25 тонна 500 кг, «Қаражанбасмұнай» АҚ-на 7 тонна ет тапсырылды.
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, 2013 жылы 28 бригада ірі сояулы мал азығын дайындаумен айналысып, 23 096 тонна шөп дайындады (жоспардан 100 тн. артық орындалды). Шөп шабушылармен арадағы меморандумға сәйкес мал азығы жергілікті тұрғындарға 350-550 теңге аралығында сатылды. Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысынан 34 тонна тайланған (пресс) жоңышқа жеке кәсіпкер есебінен алынды.
Қоспалы жем әкелумен тұрақты түрде 8 кәсіпкер айналысады. Олар құрама жемді Солтүстік облыстардан тасып, тұрғындарды мал азығымен қамтамасыз етуде.
Қоныстың ала болуы мал азығын дайындаушы бригадаларға да оңай болған жоқ. Шабындық жоқ. Бүгінгі күнге 8 бригада мал азығын дайындауда, мал азығын дайындау өте қиын жағдайда жүруде, сәйкесінше шөп бағасының өсуіне әкелуде. 2014 жылдың 1 маусымындағы қолда бар малдың үштен бірі қолдан азықтандырылады деп есептеп, 28 730 тонна мал азықтық кебек жем, 40 400 тонна мал азықтық пішенге сұраныс хат облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына берілді. Малдың күйсіз болуына байланысты басқа облыстардан мал азығын алдыртуға қаржы бөлінсе нұр үстіне нұр болар еді. Жауынның аздығы, қардың жаумауынан жылдан-жылға қоныс болмай шаруагерлерді тығырыққа тіреуде.
Қоспалы мал азықтық жем әкелумен тұрақты түрде 8 жеке кәсіпкер айналысады. Мал азықтық жем бар, бірақ егіншілікті облыстардан келетін мал азықтық жем бағасы бірте-бірте көтерілуде
Егін шаруашылығы негізінен Жыңғылды, Өтес, Ұштаған, Онды және Шетпе селоларының аумақтарында өсіріледі. Өткен жылы 14 шаруа қожалығы 83,5 гектар жерге егін егіп, 3 300 тонна өнім алынған болатын. Биыл 27 шаруа қожалығы 144,5 гектар жерге егін егуде, оның ішінде 8 шаруа қожалығы 47,5 га жерге тамшылата суару қондырғысын пайдалануда. Бір егінші жылыжай құрылысын салуда.
Егіншілерге «Қаз Азот» зауытынан 50 пайыздық жеңілдікпен тыңайтқыштар алынып берілді.
Ауданда су мәселесі өте күрделі мәселенің бірі. Қазіргі уақытта бұрғылап су шығару, оны жабдықтау қымбат болуына байланысты шаруа қожалықтарының мүмкіндігі шектеулі. Соңғы 20 жылда бұрынғы су көздеріне жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ, су көздері уақыт өте келе ескіріп, бітелуде. Су көзінің тапшылығынан қолданыстағы су көздерінің маңайындағы жайылымдарды тұрақты пайдалану салдарынан олар бірте-бірте істен шығып топырақ эрозияға ұшырауда. Ойдағы жайылысты сақтау мақсатында су тартатын шағын моторларды пайдаланып аудан бойынша 68 малшы бақташы өткен жылы жазғы жайылыс Үстіртке шыққан болатын. Биылғы жылы қоныстың болмауынан Үстіртке 10 малшы бақташы шықты. Ылғалдың аздығы, күннің ыссылығынан тау бойындағы бұлақтар кеуіп, құдықтар тартылып қалуда. Жайылысты суландыру мақсатында жаңадан қазылатын 8 құдықтың тізімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына берілді.
Ветеринария саласы бойынша:
Ветеринариялық стансаны материалдық-техникалық жабдықтау жақсы жолға қойылған. Аудан бойынша ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық шаралар жоспарға сәйкес орындалуда. Соңғы 10 жылда аудан көлемінде жұқпалы ауру ошағы тіркелген жоқ. Ветеринариялық станса мамандары арқылы малдар сырғаланып, дерекқор базасына енгізілуде. Жұмыс жоспарға сәйкес уақытылы жасалуда. (ветеринария саласындағы негізгі қиыншылық ветеринар мамандарының тапшылығы).
Кәсіпкерлік саласы бойынша:
«Шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанның индустриалды және әлеуметтік жаңғыруының негізгі құралы» – деп Елбасымыз Жолдауында атап өткеніндей кәсіпкерліктің үлесі неғұрлым басым болса, соғұрлым ел экономикасының дамуы тұрақты болмақ. Ал, ауданымызда бұл сала қарқынды дамып келе жатыр деп айтуымызға болады.
Аудан бойынша тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 884 болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,4 пайызға өсті (2013 жылдың осы кезеңінде 1 800 адам болды).
Ағымдағы жылы «Маңғыстау облыстық микрокредиттік ұйымы» ЖШС арқылы 3 кәсіпкерге 11,35 млн. теңге шағын несие берілсе, ал «Жұмыспен қамту 2020 Жол картасы» бағдарламасының екінші бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан 6 пайызбен 10 адам 29,4 млн.теңге көлемінде несие алды. «Маңғыстауагросервис» ЖСШ арқылы 2 кәсіпкерге 6,551 млн. теңге лизингке несие берілді. Барлығы 15 кәсіпкерге 47,301 млн. теңге шағын несие берілді.
«Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша аймақтық филиалы арқылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша пайыздық ставкасын субсидиялауға жеке кәсіпкер Жубаева Қарашаға наубайхананың құрал-жабдықтарын жаңғырту үшін 10 млн.теңге несие берілсе, бизнесін дамыту үшін жеке кәсіпкер Маханбет Мерекеге наубайханаға шетелдік құрал жабдықтар алу үшін 30,0 млн.теңгеге екінші деңгейдегі банкілер арқылы несие берілді.
«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Маңғыстау облысы бойынша филиалының өкілдері «Бизнес-кеңесші» оқу семинарын өткізіп,семинарға қатысқан 187 адамға сертификат берді. (2013 жылы 252 адам сертификат алған).
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын бағасын көтермеу
Ауданда әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарығындағы бағаның конъюктурасының өзгеруіне әрекет ететін және бағаға мониторинг, жанар-жағар май мен сұйытылған газ бағаларына мониторинг жүргізуді жүзеге асыратын аудандық штаб құрылды. Бірінші сортты ұнға, одан пісірілген нан бағасын тұрақтандыру үшін 4 нан пісіретін наубайханамен меморандумға отырылды. «Бейнеу астық терминалынан» наубайханалар үшін облыстық ауыл шарушалығы басқармасына сәуір, мамыр айларына 128 тонна бірінші сортты ұнға ұсыныс түсіріліп, алдырылды. Келесі айға тағы да 64 тонна бірінші сортты ұнға ұсыныс жіберілді.
«Үдемелі индустриялы-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында бой көтерген «Каспий Цемент» зауыты ағымдағы жылғы 2 шілдеде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстанның Жаңа индустриаландырылуы» атты телекөпір барысында салтанатты түрде іске қосылды.
Бүгінгі таңда зауытта 400-ден астам адам жұмыс жасаса, оның ішіндегі 155 адам Шетпе селосынан қабылданған мамандар.
Маңғыстау ауданы бойынша жүзеге асыралатын өнеркәсіп, өндіріс саласындағы жаңа инвестициялық және инновациялық жобалар саны 4, жалпы жобалар құны 1,058 млрд. теңге құрады. Оның ішінде, «Карьертау» ЖШС жалпы құны 300,0 млн.теңге құрайтын темір бетон зауыт құрылысын салу, «Шетпесулары ЛТД» ЖШС жалпы құны 225,0 млн.теңге құрайтын минералды су шығаратын цех құрылысын салу, жеке кәсіпкер Б.Сарина жалпы құны 83,0 млн.теңге құрайтын жылыжай шаруашылығы құрылысын салу, «Байкал ВАМ» ЖШС жалпы құны 450,0 млн.теңге құрайтын жылыжай шаурашылығы құрылысын салу жөніндегі жобалар жоғарғы тұрған ведомстволық бағынышты органдарға аймақтық және республикалық Индустриаландыру картасына енгізілді.
Аудандық маслихаттың шешімімен Индустриалды аймақтарды құру бойынша Жыңғылды селосында орналасқан аграрлық аймағына инженерлік инфрақұрылымның жобалық-сметалық құжаттамасына 30,0 млн.теңге, аудан орталығында салынатын кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жобалық-сметалық құжаттамасына 5,0 млн.теңге қаражат аудан бюджетінен бөлініп, инфрақұрылым объектілерінің жобалық сметалық құжаттары жасақталуда.
Инфрақұрылымды дамыту
«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша (сумен жабдықтау
жүйесін дамыту)
Елді мекендерді сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында ауданның барлық ауылдарына селоішілік су құбырларын тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді.
Аудан елді мекендері 75 пайызға таза ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. 2013 жылы селоішілік су құбырлары құрылыстары аяқталған Ақшымырау, Қызан, Тұщықұдық, Шебір, Өтес селоларына қазіргі кезде таза ауыз су берілуде. Ақшымырау және Қызан селоішілік су құбырларын «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының балансына, ал Өтес селоішілік су құбырын «Теміржолсу-Маңғыстау» ЖШС-не 5 жылға сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді.
Сондай-ақ, 2007 жылы салынған Жармыш селоішілік су құбырын қалпына келтіру және есептеу құралдарын орнату құрылысына, Жыңғылды селоішілік су құбыры құрылысына және Шетпе селосының Жаңа орпа-1,2, Ащыбұлақ-1,2, Қосбұлақ-1,2 шағынаудандарының су құбыры құрылыстарына ЖСҚ жасақталып жатса, Тұщыбек селосына селоішілік су құбырын жүргізу үшін ЖСҚ дайындалды.
Маңғыстау ауданы Онды, Жармыш, Шайыр селоларындағы дренаж құрылысына 294 720,0 мың.теңге жергілікті бюджеттен қаралды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жүргізіледі деп күтілуде
Инженерлік-коммуникациялық желілерді дамыту
Шетпе селосы Қосбұлақ-2 шағын ауданында жеке тұрғын үйлерге газ құбырын тарту құрылысын аяқтауға 349 902 мың теңге, электрмен қамту құрылысын аяқтауға 84 673.7 мың теңге қаралып, есептік кезеңге жоспарланған қаржылары толықтай игерілді. Жоба 2013 жылы басталған өтпелі болып саналып, 1 қыркүйекке пайдалануға беріледі.
Онды селосындағы жаңадан салынған тұрғын үйлерді электрмен жабдықтау құрылысын аяқтауға 29 935 мың теңге жоспарланып, есептік кезеңге жоспарланған қаржылары толықтай игерілді. Жоба 2013 жылы басталған, 1 тамызда пайдалануға беріледі.
Боздақ елді мекенінде жаңа орналасқан тұрғын үйлерді электрмен жабдықтау құрылысын аяқтауға 49 205 мың теңге жоспарланып, есептік кезеңге жоспарланған қаржылары толықтай игерілді. Жоба 2013 жылы басталған өтпелі болып саналып, 1 тамызда пайдалануға беріледі
Шетпе селосында төрт пәтерлі муниципалдық (коммуналдық, жалгерлік) тұрғын үйлерге сыртқы электрмен және сыртқы газбен жабдықтау құрылысын аяқтауға 36 787 мың теңге жоспарланып, есептік кезеңге жоспарланған қаржылары толықтай игерілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2012 жылғы 27 қаңтардағы «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында «Қолжетімді баспана 2020» бағдарламасы бойынша да ауқымды істер атқарылуда.
Шетпе селосының Қосбұлақ-2 шағын ауданынан 4 пәтерлі 10 муниципалды тұрғын үй салынып, тұрғындар игілігіне берілді. Бүгінгі күні Шетпеден тағыда осындай 8 үйдің құрылысын салу үшін қажетті құжаттары дайындалып, қазіргі таңда 5 үйдің құрылысына республикалық бюджеттен 91,0 млн. теңге бөлінді. Конкурсы өткізіліп, жеңімпаз мекеме анықталды, алдағы күндері құрылыс жұмыстары басталады.
Бұдан бөлек осындай тұрғын үйлерді 12 ауылдан бір-бірден салу үшін ЖСҚ-ы жасақталып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Дәл қазіргі кезде 15 үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары дайын.
Бұдан өзге, ауылға келген жас мамандарымызға, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 129 170 теңге бір жолғы көтерме жәрдемақы, 2 778 000 теңге көлемінде тұрғын үй алу үшін несиелер берілуде.
Жыл басынан бері 50 маманға бір жолғы көтерме жәрдемақы берілсе, (30 маман білім саласы, 20 маман денсаулық саласы) тұрғын үй сатып алу үшін 21 маманға (15 маман білім саласы, 5 маман денсаулық саласы,1 маман ветеринария саласы,) бюджеттік кредит берілді.
Автомобиль жолдары бойынша:
Маңғыстау ауданындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы – 298,6 шақырым, оның ішінде қатты жабындысы бары – 120 шақырым, гравиилі қиыршық тастысы – 166,6 шақырым, жолдың таптамасы – 12 шақырымды құрайды..
Облысымыз бойынша ірі жобалардың бірі «Бейнеу-Ақтау» жолы құрылысының бірінші траншы «Бейнеу-Шетпе» бөлігін түріктің «Алсим Аларко» компаниясы мен «Нияз Мұхаммед» ЖШС жүргізуде. Аудан әкімдігі тарапынан бұл мердігер мекемелерге қажетті көмектер кідіріссіз көрсетіліп келеді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сай Маңғыстау ауданындағы 21 – 49 шақырым «Шетпе – Қызан» автомобиль жолын (участок Шетпе – Тұщықұдық) қайта құрылымдау жұмысына жобалық – сметалық құжаттама жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді (жоба құны 2096,977 млн.теңге).
Биылғы жылға осы 21 – 49 шақырым «Шетпе – Қызан» автомобиль жолын участок (Шетпе – Тұщықұдық) қайта құрылымдау жұмысын бастауға жергілікті бюджеттен 400,0 млн теңге қаржы бөлінді. Жеңімпаз анықталып, жұмыс басталып кетті.
Жыңғылды селоішілік автокөлік жолының құрылыс жұмысының ЖСҚ-сы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Ағымдағы жылға жергілікті бюджеттен 126 122 мың теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Шетпе селосынан 50 орындық автобекет құрылысы (жоба құны 107 316 мың теңге) мен Қызан селоішілік автокөлік жолдары құрылысының (жоба құны 309 227 мың теңге) ЖСҚ-сы дайын. Шайыр селоішілік автокөлік жолдары құрылысының ЖСҚ-сы мемлекеттік сараптамаға тапсырылды.
Аудан орталығындағы Мақаш, Қарашоқы шағын аудандарының жолдарын (30 287,0 мың теңге), Орталық көшені асфальттау (25 700,0 мың теңге), Ұштаған селоішілік жолын ағымдағы жөндеу (5 100,0 мың теңге) жергілікті бюджеттен жоспарланып, жұмыстары басталып кетті. Жауын-шашынды күндері жол қозғалысына үлкен кедергі келтіретін Шетпе селосы Базарлы шағын ауданындағы автожолға «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның демеушілігімен автокөлік және жаяу жүргіншілер үшін аспалы көпір құрылысы салынып пайдалануға берілді. Сондай-ақ, теміржолдан жаяу жүргіншілер өтуге арналған аспалы көпір құрылысының ЖСҚ-ын «Транскомпроект» ЖШС жасақтауда.
Жалпы аудан көлеміндегі автокөлік жолдарын кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізу, асфальттау, жол қозғалысына тиімді жағдайларды қалыптастыру жоспарымызда бар.
Аудан бойынша 2013-2014 ж.ж. күзгі-қысқы жылу беру маусымының өту барысы туралы
Аудандағы 61 әлеуметтік мекемелердің дербес жылу қазандықтары және 3 орталықтандырылған жылу қазандығы аудандағы 91 әлеуметтік нысанды жылумен қамтиды. Тек қана Ұштаған, Шайыр селоларының мәдениет үйлері тоқпен, басқалары газбен жылытылады.
Ауданның барлық жылу қазандықтары мен жылу жүйелері, су нысандары, тоқ, газ қызметтерінің 2014-2015 жылға дайындық жұмыстары жасалып, іс-шаралар жоспары жасақталды.
.
Елді мекендерге тазалық жүргізу жұмыстары жылдағы үрдіс бойынша көктем айларында басталады. Осыған байланысты жыл сайынғы облыс әкімінің «Облыс елді мекендерінің аумақтарын санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру іс-шараларын өткізу туралы» Қаулысына сәйкес аудан әкімінің өкімімен аудандық штаб құрылып, нақты атқарылар жұмыс көлемі анықталады.
Биылғы жылы өндірістік кәсіпорындардан Шетпе, Жыңғылды, Онды, Шебір, Өтес, Қызан, Ақшымырау селоларына «Қаламқасмұнайгаз» ӨБ, «Голд-1» ЖШС, «Абат» ЖШС, «МКДСМ» АҚ, «НК Групп Строй» ЖШС және тағыда басқа мекеме, кәсіпорындардан 53 техника келіп, тазалық жұмыстарына көмек көрсетті. Аудан бойынша сенбілік жұмыстарына мекеме, кәсіпорын ұжымдары, студенттер, мектеп, балабақша қызметкерлері, тұрғындардан барлығы 12 200 адам және әртүрлі 104 техника күші жұмылдырылды. 908 га алаң тазартылып, 2 520 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.
19.04.2014ж. күні «Бүкіл Қазақстандық орман отырғызу акциясы» ұйымдастырылып аудан бойынша мекеме, кәсіпорын ғимарттары және жеке тұрғын үйлер маңына 730 түп жас шыбық отырғызылды.
Бұдан бөлек Тобықты жеріндегі Бекет ата жерасты мешітінің түнеуханасы маңына 300 түп жас көшеттер, жеміс ағаштары отырғызылды.
Денсаулық сақтау саласы бойынша:
Денсаулық сақтау саласы бойынша аудан халқына 150 төсектік 1 орталық аурухана, 1 емхана (30 төсектік күндізгі ауруханасымен), 10 дәрігерлік амбулатория (5-10 төсектік күндізігі ауруханасымен), 7 медпункт медициналық қызмет көрсетеді.
Аудан халқының 10 000 тұрғынға шаққанда төсекпен қамтамасыз етілуі – 95%-ға дейін көтерілді. Аудан бойынша 72 дәрігер, 248 мейірбеке қызмет атқарады.
2013 жылы Жармыш, Шайыр, Тұщықұдық, Шебір селоларынан күніне 50 адам қабылдауға арналған, жаңа медициналық құрылғылармен жабдықталған амбулаториялар салынып, пайдалануға берілді.
Биыл Ұштаған, Жыңғылды, Қызан селоларынан осындай дәрігерлік амбулаториялар құрылыстарын өтпелі нысандар есебінде бастау жоспарлануда.
Биыл бірінші жарты жылдықта ауданда 528 бала туылды (2013 жылы 557 бала), 1 жасқа дейінгі бала өлімі 2013 жылға қарағанда 8,9-дан 11,3-ке дейін көбейіп отыр. (2013 жылы 5, 2014 жылы 6 бала өлімі тіркелді), ал соңғы 5 жылда ана өлімі болған жоқ.
Білім саласы бойынша:
Ауданның білім жүйесін дамытудың басты басымдықтарының бірі - білім сапасын көтеру болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру ұйымдарымен қамту, білікті педагогикалық кадрлардың болуы, материалдық техникалық базаның сәйкестілігі, оқушылардың оқу мен тәрбиеде қол жеткізген жетістіктері арқылы анықталады.
«Балапан» бағдарламасы бойынша мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарымен қамту:
Шетпе селосынан 75 орындық «Ер Төстік» балабақшасы іске қосылды.
Астана күні мерекесі қарсаңында Ақтөбе селосына қарасты Сазды елді мекенінде пайдаланусыз тұрған ескі фельдшерлік акушерлік пункт (ФАП) ғимараты «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның демеушілігі арқылы күрделі жөндеуден өткізіліп, 20 орындық шағын орталық есебінде ашылды. Бұдан өзге, Ұштаған және Жыңғылды селоларынан 80 орындық жаңа балабақша құрылыстарын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту ауданда 81 пайызға жетіп отыр.
2013-2014 оқу жылын аудан мектептері 6 511 оқушымен бастады. Оқу үлгерімі 99,7 % болып, білім сапасы 48,3 % - ға жетті. Білім сапасын жақсарту үшін ауданның білім беру жүйесінің бюджеті жылдан-жылға арттырылып келеді, яғни өткен жылы 2 576 048,0 мың теңгені құраса, 2014 жылға 2 808 697,0 мың теңге жоспарланған.
Білім ордаларын оқулықпен қамтамасыз ету үшін 2013-2014 оқу жылында жергілікті бюджеттен 29,4 млн.теңге қаржы бөлінді
Мектептердің материалдық-техникалық базаларын жақсартуға жергілікті бюджеттен 21 мектепке оқушы партасын алуға 17 888,0 мың теңге, 21 мектепке спорттық тауар алуға 21 000,0 мың теңге , 15 мектепке бейнебақылау қондыруға 22 000,0 мың теңге, 17 мектепке технология кабинетіне – 16 660,0 мың теңге, ақпараттық технологиямен қамту мақсатында 8 мектепке компьютер сыныбын алуға – 8 929,0 мың теңге жоспарланып, жаңа оқу жылына дайындалуда. 2 мектепке химия кабинетін сатып алуға Республикалық бюджеттен 8 194,0 мың теңге жоспарланды.
Өтес және Тобанияз орта мектептеріне автобус көлігін алып беру жұмыстары ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда аудан бойынша 1 компьютерге 16 оқушыдан (республикада 16 оқушыдан, облыста 28 оқушыдан) келеді. Аудан мектептері 39 интерактивті тақтамен жабдықталған.
Ауданда 11 мектеп (52%) Онлайн режимдегі интерактивті сабақтарға қатысып отыр. 21 жалпы білім беретін мектептің барлығы да интернет желісіне қосылған.
«Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында «Шетпе лицейіне» 76 341,0 мың теңгеге күрделі жөндеу, Тұщыбек негізгі орта мектебіне 27 776,0 мың теңгеге күрделі жөндеу, Онды селосындағы «Құлыншақ» балабақшасына 14 032,0 мың теңге, Қаратөбе орта мектебіне 2 130,0 мың теңге, Шайыр мектебіне 6 794,0 мың теңгеге ағымдағы жөндеуге қаржы бөлініп, жұмыстары басталды.
Сонымен қатар, жалпы құны 515,3 млн.теңгені құрайтын Жыңғылды селосындағы 200 орындық негізгі мектеп құрылысы аяқталып, 1 қыркүйеккте ашылады деп жоспарланып отыр.
Жалпы, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базаларын нығайту, оқу сапасын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар өз нәтижелерін беріп жатыр.
Ағымдағы жылғы қаңтардың 7-10 күндері аралығында өткізілген облыстық пәндік олимпиадада ауданымыздың 4 оқушысы жүлделі бірінші орынды алып, облысымыздың намысын қорғау үшін республикалық олимпиадаға қатысып қайтты. 12 оқушы халықаралық ғылыми жобаға қатысып, нәтижесінде 6 оқушы грант иегері атанды.
Мәдениет және спорт саласы бойынша:
Ауданда 1 аудандық мәдениет үйі, 7 селолық мәдениет үйі, 4 селолық клуб және аудандық орталық кітапханаға қарасты 15 селолық кітапханалар халыққа қызмет көрсетеді.
Шебір ауылында клуб құрылысына жергілікті бюджеттен 139 635,0 мың.теңге жоспарланып, кұрылыс жұмыстары басталды.
Сондай ақ, Шетпе селосындағы С.Қондыбаев атындағы мұражай құрылысына жергілікті бюджеттен 121 774,0 мың.теңге жоспарланып, кұрылыс жұмыстары басталып кетті. Нысан ағымдағы жылдың желтоқсан айында қолданысқа беріледі деп күтілуде
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның демеушілігімен Қосбұлақ ауылының клубын жөндеуге 2,0 млн.теңге бөлінсе, Шебір селолық мәдениет үйінің ЖСҚ-ы жасақталды.
Енді осы жобалық-сметалық құжаттаманы Жармыш, Өтес селоларына байламалау жұмысы қолға алынды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 59 клубтық құрылым жұмыс жасайды, (Маңғыстау аудандық халық театры, Жармыш халық театры, Шайыр халық театры, «Отпан» фольклорлық ансамблі, «Жастар» ән-би ансамблі және т.б.) оларға 1013 өнерпаз қатысады.
Бұқаралық спортты дамыту – саламатты өмір салтының негізі, ұлт саулығының кепілі. Елбасының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында айтылатын бұқаралық спортты дамыту бағытында аудан көлемінде нақты жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі таңда Шетпе селосында Ш.Бөлтекұлы атындағы спорт кешені, күрес және бокс залдары, жүзу бассейні мен стадион, Өтес селолық спорт мектебі, Ұштаған селолық спорт мектебі халыққа тұрақты қызмет көрсетуде.
Аудан бойынша спортпен шұғылданатын спортшылар саны 2013 жылы 6826 адам болса, 2014 жылы 7272 адамға жетті.
Оның ішінде 2013 жылы аудандағы 72 спорт секциясында 3 384 спортшы қамтылған болса, биыл жылы 76 секцияда 3 566 спортшы спортпен шұғылданды. Аудан көлеміндегі барлық спорттық үйірмелер ақысыз қызмет көрсетеді.
Жыңғылды, Шебір, Жармыш, Ұштаған, Отпан елді мекендеріне бір-бірден және Шетпе селосына 2 жасыл жасанды төсенішті шағын футбол алаңдары салынды.
Осындай спорт алаңдарын Шетпе селосының Қызылтұран, Қарашоқы шағын аудандарынан, Бекі елді мекенінен салу жұмыстары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, Шетпе және Жыңғылды селолық жастар орталығына 3,6 млн.теңгеге жаттығу құрылғылары (тренажер) алынып берілді.
Тұщықұдық селосынан ауыл азаматтарының және өндірістік мекемелердің демеушілік көмектері арқылы жабық спорт сарайының құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Осындай спорт зал ғимараты Шебір селосында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ демеушілігімен салынып халық игілігіне берілді.
Алдағы уақытта осындай жабық спорт залдарын әр селодан салу жоспарымызда бар.
Биылғы жылы бокс, кикбокс, самбо, дзюдо, қазақ күресі бойынша ауданымыздың 14 спортшысы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын қорғаса, 16 спортшы ірі халықаралық турнирлерде жүлделі орындарды иемденіп, ел мерейін асқақтатты. «Ақ бидай» ауыл ойындарының жазғы Спартакиадасында облыс бойынша ауданымыз 1 орынды иеленіп, Шымкент қаласында өткен республикалық жарыста өнер көрсетті.
Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту
«Жұмыспен қамту 2020 Жол картасы» бағдарламасы
Аудан тұрғындарын жұмыспен қамту, халықты жұмыспен қамтудың арнайы бағдарламалары бойынша жүзеге асырылып келеді.
Бірінші бағыт: Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
Бұл бағыт бойынша 7 жоба, атап айтқанда жалпы құны 113,0 млн. теңгеге Тұщыбек, Шетпе, Шайыр, Шебір елді мекендеріндегі орта мектептерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстарға аталған ауылдардан уақытша жұмысқа 91 жұмыссыз тартылып, оның ішінде 46 адам бағдарлама бойынша жіберілуде.
Сонымен қатар 50,2 млн. теңгеге Шетпе селосын абаттандыру және көгалдандыру жұмысына 10 жұмыссыз азамат, Тұщықұдық селосындағы «Нұрай» балабақшасын жөндеуге 3 адам бағдарлама бойынша жолданып, қазіргі таңда жұмыс жасауда.
Ал, Онды селосындағы «Құлыншақ» балабақшасын жөндеу жұмысына 5 адам, Шайыр орта мектебін ағымдағы жөндеу жұмысына 3 адам, Тұщыбек негізгі орта мектебін күрделі жөндеуге 8 адам, Қаратөбе орта мектебіне (Шебір селосы) 2 адам және Шетпе лицейіне 15 адам жоспарға сәйкес жұмысқа орналастырылды.
Сонымен қатар, жалпы құны 67,0 млн. теңгені құрайтын 8 жоба мақұлданып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Екінші бағыт: Кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру. Бағдарламаның екінші бағыты бойынша қазіргі кезде 10 адам «Кәсіпкерлік негіздері» курсын оқуда. Жалпы биылғы жылдың жоспары бойынша 20 адамға несие беру көзделген болатын. Алайда, бүгінгі таңда несие алуға ниет білдіргендер саны 70 адам болып отыр. 44 адамның құжаты несие алуға жолданып, оның ішінен алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша 10 адам – 26,6 млн.теңге көлемінде шағын несие алды (11.07.2014 жылғы жағдай бойынша 18 адам – 49,2 млн. теңге көлемінде несие алды).
Үшінші бағыт: Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу
2014 жылы кәсіптік оқытуға – 25 адам, біліктілігін арттыруға - 15 адам, қайта даярлау курсына – 30 адам жіберіледі. Оқуға республикалық бюджеттен 12 859,0 мың теңге бөлінген. Қазіргі таңда кәсіптік оқытуға 25 адамның құжаттары дайындалып тұр.
Дене тәрбиесі пәні мұғалімі мамандығы бойынша біліктілігін арттыру курсына және тәрбиешінің көмекшісі курсына 25 адам жіберілді. Ал, аспазшы, шаштараз мамандықтары бойынша қайта даярлау курсына 20 адам тамыз айында оқуға жіберілмек.
«Жастар практикасы» аясында 15 адам өз мамандықтарына сәйкес әр түрлі кәсіпорындарда жұмыс жасауда. Биыл еңбекақыны ішінара субсидиялау бойынша 29 адамды жұмыспен қамту жоспарланған болатын. Қазіргі таңда 53 адам (оның ішінде 9 адам биылғы жылғы қатысушылар) кәсіпорындар мен мекемелерге жұмысқа жолданды.
«Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында оқу бітіргендер арасынан 15 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Аудан бойынша әлеуеті төмен ауылдарға Қияқты,Тасмұрын елді мекендері жатады. Қазіргі таңда бұл бағыт бойынша 1 жанұя Түпқараған ауданына көшірілді.
2013 жылы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмысқа орналасуға ықпал ету жөнінде 252 адам өтініш білдірді. Экономиканың барлық салаларында 217 жаңа жұмыс орындары құрылды.
Кәсіптік даярлау бойынша, олардың еңбекақыларын ішінара өтеуге аудандық бюджеттен 1 200 мың теңге жоспарланды.
Уақытша ақылы қоғамдық жұмысқа 59 адам жіберіліп, олардың еңбек ақысы мен әлеуметтік төлемдеріне 3 804,7 мың теңге жұмсалды
Жалпы 2014 жылы жұмыссыздар есебінен 168 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. Аудан бойынша 2014 жылдың 1 шілдесіне тіркелген ресми жұмыссыздық деңгейі 0,4 пайызды құрап отыр (2013 жылы жұмыссыздық деңгейі 0,4 пайыз болды)
Халықтың әлсіз топтарына әлеуметтік қолдау көрсету
Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуі бойынша:
Отын сатып алу үшін әлеуметтік сала қызметкерлеріне 4 адамға 48,4 мың теңге;
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін облыс бойынша белгіленген кедейлік шегінен төмен тұратын 22 отбасының 132 адамына 2 286,2 мың теңге;
Тұрғын үй көмегін алу үшін 36 аз қамтамасыз етілген азаматтарға 103,4 мың теңге;
22-23 Наурыз мейрамына 1 382 алтын алқа, күміс алқа иегеріне 5 118 928 теңге және барлық топтағы 1 470 мүгедекке 13 612,2 мың теңге;
26.04.1986 жылғы ЧАЭС апаты болған күнге 5 қатысушыға 160,0 мың теңге;
1 мамыр мерекесіне барлық топтағы 1400 мүгедекке 12 964,0 мың теңге;
9 мамыр Жеңіс күніне соғысқа қатысушылар мен соларға теңестірілген 253 адамға 3 160 мың теңге және Семей ядролық сынақ полигонында болған 57 адамға 1 140 мың теңге;
1 маусым - балаларды қорғау күніне 186 мүгедек балаға 1 722,3 мың теңге;
Ай сайынғы әлеуметтік көмек алу үшін үйден оқитын 11 мүгедек балаға 903,0 мың теңге;
Балалар жәрдемақысын алу үшін облыс бойынша белгіленген тұтыну карзинасынан төмен тұратын 38 отбасының 18 жасқа дейінгі 147 баласына 1 348,4 мың теңге төленді.
Достарыңызбен бөлісу: |