Ф-ӘД-001/046
12 тақырып. Әдебиет және философия
Лекцияның мақсаты мен міндеттері:
Әдебиет және философия негіздері жалпы түсініктерін қарастыру, пәннің зерттеу объектісін қарастырып шығу.
Лекция мазмұны:
1. Әдебиет – өнер. Өнердің түрлері.
2. Әдебиет – сөз өнері.
3. Қоғамдағы сананың айрықша саласы – өнер.
4. Әдебиет және өнердің байланысы.
5.Қазіргі кездегі әдебиет пен философиялық өнердің алатын орны.
Лекцияның мәтіні:
Әдебиет – өнер. Өнердің түрі коп емес пе: кескін өнері (живопись), мүсін өнері (скульптура), сәулет өнері (архитектура) т.б. Ал әдебиет қандай өнер?
Әдебиет – сөз өнері.
Мүсіншінің құралы – саз балшық, суретшінің құралы – бояу, әдебиетшінің құралы – тіл. «Сөз әдебиеттің құрылыс материялы» (Федин).
Қоғамдағы сананың айрықша саласы – өнер десек, мұның жалпы адамзат мәдениетінен алар орны өзгеше, адамдардың парасат әлемінде атқарар қызметі орасан зор.
Өнердің көп салаларының ішінде ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет. Оның өнердің өзге түрлерімен әлгідей бірлігі бола тұра өзгешелігі де мол. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын; сөз – бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өзгеден ерекше өз тілі бар; әдеби шығарма сол тілде ғана туады. Бұл – көркем әдебиеттің халықаралық өрісіне біраз бөгеу, тіпті тұсау екені рас. Бірақ мұның есесіне, әдебиеттің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты: симфонияны тыңдаушының бәрі нақты түсіне бермейді,театр сахнасында бүгін кеште жүріп жатқан спектакльдің ертеңгі ұрпаққа мұра болып қалғандай қолға ұстар затты дерегі бола бермейді,ал әдебиетте екеуі де –нақтылық та,заттылық та бар.Бейнелеу,сәулет,мүсін өнерлері затты,нақты болғанымен жансыз,қимылсыз,ал әдебиет кез келген шындықты қимыл,қозғалыс үстінде құбылта,құлпырта көрсете алады.Дәл осы тұрғыдан алғанда ,сөз өнерін-бар өнердің басы, «өнер атаулының ең қиыны және күрделісі»(Бальзак), «ең жоғары түрі» (Белинский)десек, асырып айтқан болмаймыз.Қазақ халқының «өнер алды-қызыл тіл»деген білгір тұжырымы да тегіннен-тегін тумаған-ды.
Әдебиет-ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы; шығарма арқауы-шындық. Жазушы өмір құбылыстарын өзінің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасы тұрғысынан саралайды, оны өмір сүріп отырған қоғамдық орта белгілейді. Ол өзі қаласын, қаламасын-бәрі бір белгілі бір «таптың көзі, құлағы мен үні» (М.Горький). Демек, әдебиет-таптық.
Әдебиеттің таптығы әдеби шығармадағы шындықтың шынайылығына, қаламгердің шеберлігіне тікелей байланысты.
Әдебиеттің таптығының жоғары түрі-әдебиеттің халықтығы.
Әр ұлттың тарихи тағдырына сай, туған топырағына, өсіп-өркендеген табиғи ортасына лайық мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, салт-санасы қалыптасатыны мәлім. Мұны бәрі әр ұлттың зіне тән өзгешеліктерін-сыртқы түріндегі ғана емес, ішкі сырындағы айрықша сипаттарын белгілейтіні хақ. Дегенмен, ұлттық сипат халықтық сипатқа нық байланысты бола тұра оған дәлме-дәл келе бермейді, оған балама бола алмайды, оның орнын ауыстыра алмайды. Ұлттықтың ең таңдаулы сипаттары ғана-халықтық
Ілгерішіл әдебиет пен өнер-әрқашан өмірдің мектебі; шындықтың шежресі, сәулетті болашақтың болжаушысы.
Өнердің кәусар туындысы халық мірінің терең және мөлдір қайнарынан шымрлап шығады да, сол халықтың өзінің рухани сусынына айналады.
Халықтық-әдеби шығарманың терең мазмұнында жатқан түсінік. Халықтық шығарманың тақырыбынан, белгілі бір тақырып арқылы автордың алға қойған мақсатынан дамып, көркемдк шешімге дейін баратын, геройдың мінезін, дүниетанымын, іс-әрекетін қамти келе автордың тілі мен стиліне, бағыты мен әдісіне, эстетикалық идеалына көшетін ұғым.
Халықтық сипат ең алдымен белгілі бір көркем шығармада бүкіл халықтық мәні бар мәселенің сөз болуында жатады. Мысалы, Абай өзінің бүкіл ақындық өнерінің өн бойында туған халқы үшін заманның ең келелі мәселелерін көтеріп отырды. Ұлы ақын биік эстетикалық идеал тұрғысынан өзі өмір сүрген қоғамдқ ортадағы керенаулық пен кеселді, оспадарлық пен опасыздықты сынау арқылы қазақ даласындағы феодализмнің дағдарысын көрсетуі-бүкілхалықтығының бір жағы.
Халық не үшін маңызды мәселені көтеру бар да, оны халық тұрғысынан шешу не шешпеу бар. Демек, халықтықтың екінші шарты-көркем шығармада суреттелегн шындық алға тартқан келелі мәселені халықтың мақсаты мен мүддесіне сай шешу. Ұлы ақын өзінің барлық көркем туындылары арқылы оқушы алға, арманға бастады, жарқын келешекке шақырды. Жамандықтан жирендіріп, жақсылыққа сүйіндіре отырып биік мұратқа жетелейді. Абай халықтығының екінші жағы осында жатыр.
Нағыз халықтыққ шығарма халыққа жетімді, түсінікті болуы шарт. Талант неғұрлым ірі болса, соғұрлым қарапайым болатыны, көркем шығарма неғұрлым шебер жазылса, соғұрлым ұғымды болатыны мәлім. Абай шығармалары қарапайым халыққа да, ойшыл ғалымға да бірдей ұғынықты, екеуіне де әсерлі.
Сонымен, әдебиеттің халықтығы-оның халықтық ірі мәселелерді халыққа түсінікті түрде, халық мүддесіне сай көркем шешуі болып табылады.
Адамның ішкі тұңғиық тереңін, адам психологиясының көзге ілінбес нәзік қалтарыстарын, адамға тән құштарлық қиын құпиясын жарқ еткізіп ашып, көз алдыңа елестету-кез келген суреткердің қолынан келмейді.
Әдебиеттегі адамның ішкі болмысы тек мінездеу, я болмаса күйініш-сүйінішін суреттеу жолымен ғана жасалмайды, оның өзін сөйлету арқылы да танытуға болады. Өйткені, әркімнің сөйлеген сөзінен оның бүкіл ішкі жан сарайы, өзіне тән психологиялық өзгешелігі-ақылы, ойы, сезімі, ұғымы, нанымы, танымы, білімі, мәдениеті т.б. анық байқалады.
Образдың жасалу тәсілдеріне лайық образдаудың түрлері туады. Образдаың жасалу тәсілдерінің әр алуандығы сияқты, оның түрлері де әр алуан. Көркемдік әдіс тұрғысынан келгенде, образ екі түрлі: роматикалық образ, реалистік образ. Әдеби тек тұрғысынан келгенде, образ үш түрлі: эпикалық образ, драмалық образ. Ал жалпы жасалу тәсілдеріне бақсақ, образ тағы да бірнеше түрді болады: юморлық образ, сатиралық образ, фантастикалық образ, трагедиялық образ. Геройлық образ т.б.
Әдебиеттегі көркемдік әдістер мен ағымдарға кейін тоқталамыз, сондықтан сол әдістерге орай романтикалық және реалистік бейнелер жөнінде кейін сөз етеміз.
Эпикалық образ-әрі нақты, әрі затты тұлға, кәдімгі тірі кісідей сөзін құлақпен естуге, мінезін ұғуға, қимылын бақылауға болатын, бүкіл өмір жолын бар бұралаңымен байққауға, өскен ортасын барлық ойы-қырымен байыптауға болатын күрделі, кесек қаһарман.
Лирикалық образ-сыршыл өлең-жырлардағы ақынның өз бейнесі; оның ішкі бітімі; ақынның мың иірім көңіл-күйінен нәзік сыры мен салқын сезімін өріліп жасалған өзгеше кейіпкер.
Эпикалық образ нақты болса, лирикалық образ-шартты.
Драмалық образ-өмірдің өз аясында-сахнада көзбе-көз, қолма-қол жасалатын көркем бейне. Драмалық образдың эстетикалық және тәрбиелік мәні орасан үлкен, әрі күшті. Драмалық образдың эстетикалық және тәрбиелік мәні орасан үлкен, әрі күшті. Драмалық образ оймен қатар іске, сезіммен бірге қимылға құрылады.
Юморлық образ-күлкілі кейіпкер, юмор-өмірдегі кісі күлерлік құбылыстардың өнердегі сәулесі. Күлкі-өмірдегі ескі мен жаңаның арасында болып жатқан күрестің жауынгерлік құралы. Юморда күлкілі құбылыстардың ең бір зілсіз, зиянсыз түрлері алынады, мұндағы күлкі-әзіл; ал әзіл келемежге айналса-ирония, келемеж ащы мысқылға айналып, сын үдей түссе-сарказм болғаны.
Қазақ әдебиетінің тарихына үңілсек, баяғы Қожанасырдың күні кешегі Мырқымбайға дейін талай юморлық тамаша образдарды атауға болады. Мұндай образдар арқылы суреттеп отырған өміршындығын жинақтайды, адам мінезін ашады, әдеби бейнені даралайды. Сонымен қатар мұндай жағдайда күлкі оқырманға айрықша әдемі әсер етеді, көркем шығармаға өзгеше эмоциялық жылылық әкеледі, жайдары шырай береді.
Сатиралық образ-ұнамсыз тип. Сатира өмірдегі кеселді, келеңсіздікті, кері кеткендікті қаза қопарып, көптің алдында қағып сілкілейді, мысқылмен түйрейді, сықақ етеді, көпті одан түңілтеді. Өмірдегі келеңсіз құбылыстарды аяусыз сынап, адамдарды ілгері басыуға, кедергіні жоқ етуге жұмылдырады. Сатира да күлкіге құрылады, бірақ мұндағы күлкі жай әзіл, әжуа емес, ызалы күлкі. Юморда түзеу мақсаты жатса, сатира да жою, жоқ қылу мақсаты жатады.
Адам өмірінен күлкіні бөлуге болмайтыны секілді, әдебиет пен өнерден юмор мен сатираны да бөлуге болмайды.
Сатира-халықтың рухани күші мен қуатының кепілі.
Фантастикалық образ-қиялдан туған қаһарман, адамның ақиқатқа ұқсас арманында бедерленген бейне: әдебиеттегі адам образының бағзы замандардан күні бүніге дейін келе жатқан көне түрлерінің бірі.
Сөз өнерінің ең байырғы түрінің бірі ертегі десек, оның қиялға негізделетіні, ертегідегі адам бейнелерінің көбінде қиял-ғажайып сипат болатыны мәлім. Бұл фантастикалық образдың көнелігіне дәлел. Трагедиялық образ-әдебиетте тым әріден келе жатқан бейнелерді. Трагедия қатерлі нәрселер қайғы, қорқыныш, қаза түрінде көрінеді. Трагедиялық қаһарманның өмірі көбіне өліммен аяқталып отырады. Өйткені, оның айқасқан жауы өзінен күшті, әлеуметтік қиянат адам еркінен тыс үлкен. Сондықтан да қаһарман-халықтың алыс арманы, асыл мұраттарынан туған тарихи тұлға
Әдебиеттегі геройлық дегеннің өзі-қоғамдық, адамдық биік мақсат жолындағы өрлікпен ерлікті, қайсарлық пен қаһармандықты жырлау. Адам рухының ұлылылығын қастерлейтін әдебиеттегі геройлық образ суреткердің ең биік идеалының, яки асыл мұратының көркем жинақталуы.
Геройлық образ-еңбек пен күрес адамының көркем әдебиеттегі ең көрнекті типі, ұлағатты түрі, биік үлгісі.
Қоғамдық сананың айрықша саласы-өнер; өнердің жалпы адамзат мәдениетінен алатын орны өзгеше, адамдардың парасат дүниесінде атқаратын қызметі орасан. Өнердің бірнешеу құралы-бояу, әншінің құралы-үн, бишінің құралы-қимыл болса, әдебиетішінің құлаы-тіл. Демек, әдебиет-сөз өнері.
Өнердің ішіндегі ең бір қадірлі де қасиетті-көркем әдебиет.
Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері нақты, затты болғанымен жансыз, қимылсыз, ал әдебит кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылтып, құлпыртып көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін-бас өнердің бас, «өнер атаулының ең қиыны және күрделілісі» (Бальзак), «ең жоғары түрі» (Белинский) десек, халқымыздың «өнер алды-қызыл тіл» деген қағидасы да соны растайды.
Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, солардың өмірге көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқына, тұрмыс-тіршілігіне ықпал етеді.
Әдеби шығарма адамның бүкіл ой-қиялын, сыр-мінезін түгел баурайды: қуантады, сүйіндіреді, таңдантады, күйіндіреді, жылатады, күлдіреді…Қысқасы, адамның көңіл-күйінде сан сапа құбылыстартуғызып, із қалдырады. Бұл әдеби шығарманың, яғни көркем әдебиеттің эстетикалық әсері, оның таным, тәрбие тарапындағы мәні де осыған негізделген
Кітап және симфония, сурет немесе, мүсін не туралы деген сұрақтың жауабы бір-ақ: адам туралы, адамның әсемдігі мен асыл қасиеттері туралы адам рухының керемет күші мен қасиеті жайлы… Өнер дүниесінің (туындысының) бәріне ортақ мазмұн-адамның ойы, арманы, құштарлығы, мұраты; өнер туындысының қай түрі болсын, әрқайсысы өз тілінде өмірдегі, қоғамдағы адам тіршілігінің мәні мен мағынасын паш етеді.
Адам тағдыры-жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді тунадың өзгеше тәсілі.
Болмыстың көркем көрінісі мен адамды нақты қимыл-әрекет үстіндегі жанды бейнелеу-тек сөз өнерүінің ғана еншісі. Бейнелеу құралы-тіл. Тіл арқылы сөзбен сурет жасалады, яғнио кез келген көркем шығарманың тілсіз өрілуі мүмкін емес.
Көркем әдебиеті тілі-әдеби тілдің ауқымында жасалғанымен, ұғымдық аясы одан әлдеқайда кең. Бұл-оның шығармашылық қызметінен, образды бейнелеуші, кейіпкерді мінездеуші сипатынан туындайды. Өзінің осы ерекшелігіне орай көркем әдебиет тілі екінші және басты ерекшелікке-жалпы халықтық тілдің барлық қабаттарын (диалектілерді, жаргондарды, кәсіби сөздерді) керегінде қамтитын синтетикалық тұрпатқа ие болады.
Көркем әдебиеттің тілі-тіл мәдениетінің, тілдік талғамның ғана тарихы емес, қоғамдық өзгерістердің, әлеуметтік психологияның да тарихы. Өйткені жалпы ұлттық тіл мәдениеті аясында жасалған әр кезең әдебиетінде сол әдебиетті тудырған уақыт ерекшеліктері өзіне тән сөз саптау стилі арқылы таңбаланады.
Әдебиеттің пәні-адамның өмірі, қоғамдық қарым-қатынастар мен алуан түрлі қоғам өміріндегі құбылыстар, өз мінез-бітімімен дараланып көрінетін жеке адамдардың тағдыры. Әдебит қоғам өміріндегі сан қилы шиеленіс, тартыстарды, қақтығыс пен күресті бейнелейді. Сондай-ақ саяси, экономикалық, моральдық тағы басқа талай мәселелерді қорғайды. Алайда оларды дербес талдап кетпей, адамның тағдырын көрсету, кейіпкердің іс-әркетін, мінез-құлқын ашу қажеттілігіне орай, белгілі мөлшерде баяндайды.
Жазушы кейіпкерлер өмір сүретін, әркет ететін қоғамдық ортаны, жағдайды нақты бейнелейді, олардың іс-әркетінің, мінез-құлқының белгілі тарихи жағдаймен байланысын айқындап береді. Әдебиет өмірді көрккем образ арқылы бейнелейді, адамның дараланған характерін жасау, жеке оқиға, жағдайларды суреттеу арқылы қоғамдық өмірдегі аса маңызды заңдылықтарды ашып береді.
Қоғамдық өмірде әдебиет қозғамайтын мәселе, назар аудармайтын жағдайлар аз-ақ, жоқтың қасы. Алайда әдебиет алдымен адамның тұтас тұлғалы бейнесін көрсететін болғандықтан, қоғамдық өмірдегі қай мәселеге болсын эстетикалық қатынас тұрғысынан қарап, оны шығармадағы көрсетілетін нақтылы өмірлік жағдайларға орай бейнелейді. Көркем шығармада өмір құбылысы, оның әр түрлі ерекшеліктері тұтас көрсетілсе де, ненің маңызды, мәнді екені айқын ажыратылып, дәл танылады. Уақиғалардың, адам бейнесінің әдебиетте нақтылы сереттеледі, оқырманға өмірдің өзін көріп отырғандай әсер беріп, шығарманың ой-сана күшті ықпал етуіне мүмкіндік береді. Әдебиетте қоғам өмірі, тарихи даму пройесі үнемі алға қарай бастайтын тура тартылған жол сияқты болып жатпайды, қайшылығы мол қиын жағдайлар, қақтығыстар, адамдардың тағдыры арқылы көрінеді. Жекелеген жағдайлар, сан түрлі адамның өмір-тағдыры арқылы жазушы қоғамдық заңдылықтардың, әлеуметтік құбылыстардың сырын ашып береді.
Әдебиет адамның байқағыштық, сезімталдық, көркем ой-қиялдан ләззат ала білу секілді қабілеттерін күшейте түседі, эстетикалық сезімін байытады. Әдебиет адамды биік қоғамдық идеялдар, зор арман-мұратарға жетелейді. Адамгершілікке, еңбексүйгіштікке, табандылыққа баулиды, адалдық үшін күресуге жігерлендіреді. Оқырман әдеби шығармадан әлеуметтік мәселелерге жауап-шешім іздейді. Ендеше, көркем әдеби шығарма өзінің үлкен қоғамдқ, тәрбиелік маңыздылығымен де эстетикалық сезімімізге әсер етіп, өмірдегі адамның бойындағы, мінезіндегі, әдемілікті, әсемдікті қалай түсіну керектігін үйретеді.
А.Байтұрсыновтың «Әдебиеттанытқышы», ең алдымен, сөз өнерінің табиғатын, өнердің басқа түрлерінен айырмашылығын, артықшылығын сөз етеді.
…Сөзбен сымбаттаудың я кескіндеудің үлгісін көрсету үшін автор Абай өлеңдерінен мысалдар келтіреді. «Әдебиет танытқышта» ауыз әдебиетінің ең шұрайлы, ең бейнелі, мазмұны мен көркемдігі бай үлгілерін пайдаланған. Ағартушы өз айтқандай, «адамның насихатшысы» ретінде қазақ халқының көркем ойлау жүйесіндегі рухани қадір-қасиеттерге, жақсылық пен жамандық тартыстарына, ерлік пен батырлқ істерге, бірлік пен ынтымақ, сұлулық сырларын бейнелеген үлгілерген көбірек көңіл бөлген.
…ауыз және жазба әдебиеттің әлеуметтік, қоғамдық мән-маңызын ашудан гөрі адамгершілік, эстетикалық, әсемдік әуенін талдауға көбірек көңіл бөледі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өнер мен әдебиетте жас, кәрі деген өлшем жоқ. Талантты, талантсыз деген ғана өлшем бар» деген екен. Шындық – осы. Сөзіміздің түйінін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанның сөзімен түйіндегіміз келіп отыр. «Ақын-жазушылар, өнер адамдары завод-фабрикаларды, сан алуан ғимараттарды, мал-мүлікті, магазиндер мен кітапханаларды, мәдениет ошақтарын жекешелендіріп алған жоқ. Сондықтан да ашқұрсақ. Олар коммерциядан да бейхабар. Қаламгер мен өнер адамының қара басы мен талантынан басқа ешнәрсесі жоқ. Сондықтан да кейбір шенеуніктер 777 жазушы неге классик болмайды деп ойлайды. Ол мүмкін емес. Олардың бәрі халқының рухани сұранысына орай қалам тартып жүр. Ұсақ-ұсақ бұлақтар жиылып келіп, асау өзенге ұласады. Қазақ әдебиеті бар, қазақ өнері бар, қазақ оқырманы бар. Әдебиет саласында 38 мемлекеттік сыйлықтың лауреаты бар. Демек, жақсыны көре білейік, талантты демей білейік! Қазақ әдебиеті – ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің әдебиеті мен өнерімен құнарлана түседі».
Достарыңызбен бөлісу: |