1916 жыл қарсаңындағы Қазақстанның саяси әлеуметтік ахуалы



Дата07.07.2016
өлшемі110.86 Kb.
#183704
Ә. К. ШАШАЕВ

ҚРБҒМҒКШ.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкер, т. ғ. к.


1916 жыл қарсаңындағы Қазақстанның саяси - әлеуметтік ахуалы
XIX ғасырдың ортасына таман әскери - полициялық тәртіп, жазалау жүйесі қазақ даласына толығымен орнығып үлгерген еді. Ал оның қызметі жергілікті түрғындар үшін аса қасіретті болды.

Биліктің бүкіл тетігін өз қолына жинаған патша үкіметі жергілікті халықтың мүддесімен санаспастан, отаршылдық жүйені нығайтудың келесі кезеңіне аяқ басқан еді. Ендігі жерде полицияның қазақ халқының өміріне, түрмысына ғана емес оның рухани дүниесі, ақыл-ойы, көңіл-күй ауанына бақылау жасағандығын мұрағат құжаттары айқындап отыр.

Бұратана халықтардың ой-өрісіне, көңіл-күйіне, яғни рухани өміріне бақылау жасау ендігі жерде отарлаушылардың жерді отарлаудан, сананы отарлауға көшуінің алғышарты ғана емес, нақты жүзеге асуы еді.

Полиция департаментінің жарлығымен, төменгі шендегілерге Жетісу облысы мүсылман түрғындарының ақыл-ой, көңіл-күйі ауандарына бақылау жасау туралы арнайы бүйрығы шығарылды. Соның нәтижесінде 1906 жылдың 10 шілдесінде № 245-ші Түркістан генерал-губернаторының Жетісу өлкесі әскери-әкімшілік басқармасына жіберген іс-қағазы жарық көрді [1]. Бүл іс-қағазда халықаралық жағдайға сипаттама беріліп, Қытай мен Ауғанстанның, Англия мен Оңтүстік Африка Республикалары арасындағы күрес, қазіргі Қиыр Шығыстағы оқиғалар христиан әлемі мен мүсылмандар арасының ушығуына алып келгендігі баяндалады. Міне осыған байланысты жергілікті мұсылман тұрғындарын ой-пиғылын тыңғылықты түрде бақылауға алу жайында өлке басшысының жарлығы жарық көрді. Жетісу өлкесінің мұсылман тұрғындары толық бақылауға алынды. Қандай да болмасын бұратаналардың ой-санасындағы жат пиғылдардың көрінісі бақылаудан тыс қалмай олардың елеулілері жоғарыға баяндалып отырылсын делінді.

Бұндағы айтылған мәселе Ресей мен Қытай арасындағы Қиыр Шығыс үшін күреске мұсылман әлемі қалай қарайды? Ресей бодандығындағы мүсылмандардың көңіл ауаны қайда бүрады деген мәселелерге жауап іздеу болды. Бүның себебі, Далалық өлкеге ағылшындар мен Ауған әмірі де өз ықпалын жүргізуге ынталығын көрсеткендігінде болды.

Міне осындай жағдайда, жергілікті тұрғындардың бүйрегі қайда бұратындығын анықтау өзекті мөселелердің қатарында болды. Сөзіміз дәлелді болу үшін, Жетісу облысы әскери губернаторының сақшылар бөлімдері бастықтарымен хат алмасуы нәтижесінде алынған құпия мәліметіне жүгінейік: "...Жоғары мәртебелім, менің сізге баяндайтыным қазіргі уақытта мұсылман тұрғындары арасында Балқандағы оқиғаларға деген қатты қызығушылық бәсеңдегенімен олардың арасында қобалжу басылар емес, бұл олардың көңіл-күйіндегі өрепкудің Ресейдің Түркиямен соғысушы христиан мемлекеттеріне берген көмегімен байланысты емес, қырғыз (қазақ) түрғындарының барлығының мүддесіне сай келетін, үміт ететін жер мәселесіне байланысты. Қырғыздардың жерінің бір бөлігі қоныс аударушы орыстарға беріледі деген сыбыстың жүзеге асуымен қатар, көптеген ықпалды мұсылмандар енді түрікшіл болып алды. Олардың жер мәселесіндегі жалғыз үміті Түрік сүлтаны, ал Қытаймен шекаралас тұрғындар жерді бұрынғы негізде пайдалана отырып, Қытай үкіметіне үміт артады. Қытаймен соғыста Ресей жеңілсе ел ішіндегі бүкіл орыстарды қуып шығудан үміттенуде" [2].

Міне осылайша мұсылман тұрғындары, бұрынғы жерлерін қайтарып алу үшін Ресейдің қандай да болмасын дұшпанына көмек беруге әзір екендігі көрінеді. Құрғақ, кеңсе тілімен жазылған сөзі сараң полиция мәліметтерінің мән-мағынасына тереңірек үңілсек, халықтық санасында тәуелсіздікке деген үміттің жоғалмағандығын көреміз. 1867-68 жылдардағы әкімшілік реформа нәтижесінде елдің бас бірлігі бұзылып, жері талауға түскен еді. Халықтың рухани өміріне де үстемдік жасау әрекеттері бой көрсеткен болатын. Кеңселермен қатар мектеп, медреселерге де, елдің санасына "жарылқаушы иең" - дегенді сіңіру ниетімен "патша ағзамның" портреті ілінсін дегенде халық тарапынан әлсіз болса да қарсылық бой көрсетті. Бұл да полиция тыңшыларының қырағы көзінен таса қалмаған еді: "Тұрғындар санасындағы жерді тартып алушы патша ағзам деген ойдың орын алуы себепті, олар тіпті патшаның портретін мектеп-медреселерде ілуге қарсылық көрсетуде, сақшылар бөлімдері мәліметі бойынша, шариғатта ілінбесін деген қағиданың жоқ екендігін анықтадық"[3].

Қоныстандыру мәселесі бойынша Ішкі істер Министрлігіне Жетісу облысына қатысты соңғы алты айдағы мәліметке сәйкес министрдің орынбасары штальмейстр П.Г. Курловтың қазақтардың көңіл күйі жайында баяндауы жасалады. Бұнда негізінен айтылған нәрсе, орыс қарашекпендерін Жетісуге қоныстандыру мен барлық жергілікті тұрғындардың әскери міндет атқаруға тартылатыны жайындағы сыбыс нәтижесінде түрғындар арасындағы қобалжудың орын алғандығы. Осыған байланысты болыстық съездерде (мәслихат) пікірталастар туындап, қалыптасқан жағдайға баға беру, кеңесу үшін облыстық съезд шақыру көзделгені баяндалған.

Полиция мәліметі бойынша жоғарыда айтылған съезд 1910 жылы 21 қыркүйекте Ұзынағашта өтеді. Болыстықтардың өкілдері қабылдаған қаулы бойынша:


  1. Қазақтардың жерге орналастыруын шешу мен бұдан әрі облысқа
    қоныстануды тоқтатуды өтіну.

  2. Бұл үшін өкілетті депутация құру.

  3. Осы шараларды жүзеге асыру шығындарын болыстықтар
    қаржысына арту және мешіттерде жылым жинау.

  4. Бұл депутация Бұхар әміріне жолығып, Ұлы ағзам императордың
    қабылдауына көмек көрсетуін өтінсін. Осы мәліметтің ортаңғы бөлігінде съезден өкіл ретінде Верный қаласына Сардыбек Сырттановтың келгендігі жөне оның беделді қазақтармен кездесіп ақылдасуы барысында қаулының жаңа мазмұнға ие болғандығы айтылады.

26 қаңтарда С. Сырттанов жергілікті жандарм офицеріне келіп, мүсылмандардың, әсіресе Жетісу облысы қазақтарының кейінге қалдыруға болмайтын қажеттіліктері туралы баяндады. Оған жетудің жолдары мен тәсілдерінің барлығын ашық түрде пайдаланатындығын, оны жергілікті мұсылмандар өкілетті еткендігін айтты. Осы мәселелер бойынша Мемлекеттік думаға дейінгі барлық әкімшілік сатыларды тіпті мүмкін болса ұлы император алдында да ұсыныс жасап, қазақтардағы жер мәселесін шешуді, Қоныстандыру басқармасының отырықшылыққа ыңғайлы жерлерді тартып алуына тыйым салуды өтінетінін жариялады. Жетісу мұсылмандарының ұсыныстары негізгі төрт бөліктен тұрады:

  1. Жерге орналастыру.

  2. Жалпы білім беру.

  3. Әділ сот.

  4. Рухани (діни) істер.

Тұрғындар тіпті панисламдық істерден аулақ және арнайы С.Сыртанов үшін ақша жинау орын алмаған. Бірақ та генерал-губернатор тарапынан қарсылық болмаса, қаржы жиналады. Міне осындай қарсылықтарға қарамастан штальмейстер П.Г. Курлов Түркістан генерал-губернаторына оның басты міндеті өлкедегі орыс отарлауын қамтамасыз ету екендігін ескертіп, қоныстандыру басқармасына көмек көрсетуді талап етеді. Қазақтардың Мемлекеттік Думаның 1-ші және 2-ші шақырылымына жіберген ұсыныстары өкімет тарапынан қолдауға ие болмайтындығы, оларға қоныстандырудың қандай жағдайда болмасын тоқтатылмайтындығын жергілікті әкімшіліктердің баса айту керектігі айтылады.

"Қоныстандыру басқармасының басты міндеті қоныстанушыларға жер тауып орналастыру, содан кейін ғана қалған жерлерден отарлаудың пайдасына жарайтындай қазақтарға үлестік жер беру және оның орыс қоныстанушыларына зияны тимейтіндей жағдайын ойластыру" [4].

Әрине 21 қыркүйекте Верный, Пішпек және Қапал мен Пржевальскі ояздықтары өкілдері қатысқан съездің қаулысы Мемлекеттік Думаның мұсылман фракциясына жеткізіліп, Орынбор казактарының жер пайдалану үлгісіне сәйкес қазақтарға өз жерлерін беру мәселесін көтеру тапсырылды. Империялық саясаттың үстем болып отырған кезінде бұл мәселенің шешілуі мүмкін болмады. Солқылдақтық танытқан Мемлекеттік Думаның таратылуы, демократиялық шаралардың жүзеге аспайтындығын, оған империялық мүдделердің қайшы келетіндігінің айқын дәлелі болды.

1911 жылдың 3 наурызында № 550-ші Джалал-Абад учаскелік приставының ояз бастығына жіберген есептік баяндамасына тоқталайық [5]. Бұл баяндамада орыстардың өз беттерімен қазақтардың жерін басып алғандығы жайында баяндалады. Осы жылдың 2 наурызында Көгарты болыстығының № 4 ауылының қазақтары Жырғалыталға қазаға көңіл айтуға бара жатып (барлығы 15 адам) Жаукүнгей деген жерден өте бергенде, орыстардың ешбір рүқсатсыз, өз бетімен олардың жерін жыртып жатқанын көріп, оларды қуа бастайды. Міне осы себептен араларында төбелес басталып, орыстар жоғарыда аталған № 4 ауылдың қырғыздарын өлтірді. Олар: 1) елу басы Асылбек Мірсейтов - 65 ж.; 2) Қонақбай Қалшаев - 40 ж. және мылтықтың оғынан бетінен жараланған Ботақан Тоқтаханов пен иығынан жараланған Пұсырманқұл Бекбаев - 25 ж. Сонымен қатар төбелеске қатысып аман қалғандар: Мамедәлі Жаппаров, молда Шөкір Нұрбаев, Сұлтанбай Дәулетов, Мәш Базарәлиев, Жүнісәлі Итімов, Қайып Жайшыбаев, Жолдас Тайырбеков жөне Тұрдыбай Қарашаев. Тағы бір адам Оразәлі Зұлымбеков жараланып және Жолдас Тайырбековтың астындағы аты оқ тиіп қаза болды" [6].

"Орыстардан қатысқан шаруалар: 1. Теренти Иванович Лагуткин, Воронеж губерниясы, Острогож уезы, Сагуловскі болыстығы Юдин селосынан, қазір осы жерде палаткада түрып жатыр" [7].

Орыс шаруаларының тізімі осы тәртіппен берілген, барлығы 24 адам. Тергеу барысында орыс шаруаларының барлығы қарулары болғандығынан бас тартты. Қазақтардың айтуы бойынша, орыстардың төртеуінде қару болған. Олардың біреуі Андрей Завьялов винтовкамен және әскери патрондармен үсталғанымен, оқ атпағандығын айтып ақталады. Орыстардың ішінен біреуі ғана Яков Иванович Поляков соққыға жығылған, қазір жағдайы түзеліп аман-сау күйінде.

Сұрастыру барысында орыс шаруалары жерді өз беттерінше жыртқанын мойындады, оны қазақтардан жалға алмаған жөне оның кімге қарайтындығын, шекарасы қайда екендігінен мүлдем хабарсыз болғандығы айтылады.

Ресейдің ішкі губерниясынан келген қоныс аударушылар әр түрлі жолдармен Оңтүстік Қазақстанға еніп, жалған түсінік бойынша: "жерді басып алсақ болды, өкімет ерте ме, кешпе оған рұқсат береді" делініп қазақтардың ата-бабаларының жерін иемденуге көшті. Міне, осындай қоныс аударушылардың бір тобы (барлығы 24 адам) қазақтардың қыстауындағы қораларын басып алып, үй түрғызуға және одан кейін 12 соқамен қазақтардың жерін өз еріктерімен жырта бастағанда, жоғарыда айтылғандай төбелес орын алған еді [8].

Жерлерді басып алудың екі тәсілінің болғандығын: біріншісі жоғарыдағыдай күшпен ашық түрдегісі, екіншісі қазақтардан жалға алу арқылы, кейін өз меншігіне айналдыруынан көруге болады. Бұл екеуіндегі ішкі есеп уақыт ұтуда, сол арада құрылыс салуға мүмкіндік алуда. Уақыттың өтуі әрқашан тиімді – бірінші жағдайда ұзаққа созылатын хат-қағаз алмасу арқылы сөзбұйдаға салынса, екінші жағдайда жергілікті әкімшілік жалға беру жайында ауызша өзара келісім болғандықтан, тіпті қарастыруға ынталы болмады. Уақыт ұтқан соң, үй-жай, қора-қопсылар салынғаннан кейін өкімет басып алғандарға жерін заңдастыруға мәжбүр болғандай болды. Бұндай басып алулар үнемі қайталанып, олардың жаңа толқынымен жаңарып, қоныстанушылардың мекендері ұлғая берді. Қоныстанушылар мәселесі бойынша жеке зерттеу еңбектерінің молдығына байланысты, біз бұл мәселе төңірегінде толық тоқталуды жөн көрмедік, тек оның тәсілдеріне ғана аздаған шолу жасадық. Қоныстандыру нәтижесі жергілікті халық үшін өте қайғылы болды. Қазақтардан тартып алынған жерлер аса көп күш жүмсауды қажет етпейтін, құнарлы, тыңайтылған және суғару жүйесі бар жерлер болды, осындай жерлерден қуылған қазақтар иелігінде жартылай шөлейт, таулы, далалық аудандар ғана қалған еді.

Г.Сафаровтың сөзімен айтсақ, "Ресей патшалығы өзінің отаршылдық саясатымен қырғыздардың (қазақ) отырықшылыққа көшуін тежеді. Оларды шөлді аймаққа ығыстырып, осы шөлді, таулы аймақта "қырғыз (қазақ) отырықшылығының шекарасын" белгіледі. Оларды тонау арқылы, орыс қоныстанушылары мен казактарға пайданың көзін тауып берді" [9].

М.Дулатовтың жер мәселесі жайында "жыл сайын біздің жеріміз бен суымыз азайып барады. Оны орыс шаруалары алып қойып жатыр. Біздің ата-бабаларымыздың молалары олардың деревняларындағы көше араларында қалуда. Орыс шаруалары өздеріне үй салуға тас пен ағаш керек болғандықтан оларды бұзуда. Мен осыны ойлағанда қайғы жүрегімді оттай өртейді",- деп ақын жанды, отанын сүйген патриот ретінде, шерлене жазады [10].

Еркіндік аңсағанның оған жетудің жолдарын іздестіретіндігі анық. Оның бір жолы сырттан қолдау іздестіру әрекеті болса, ол жайында мәлімет, 1916 жылдың 1-ші қаңтарында Ішкі істер Министрлігінің, Полиция департаментіне Жетісу облысы әскери губернаторының сақшылар бөлімдері мен хат алмасуы барысында келіп түседі. Әлі толық тексерілмеген құпия мәлімет бойынша Ресей бодандығындағы мұсылмандар өкілдері Венаға келіп прьемер-министр Штюргпен, сыртқы істер министрі граф Форгачтың қабылдауында ұзақ болып, оларға өздерінің төмендегідей өтініш-тілегін ұсынады:

"1. Бұхара мен Хиуаны орыс өктемдігінен азат ету жөне оған Түркістанның қосылуы.


  1. Қазан патшалығы мен Қырым хандығын қалпына келтіру, соңғысын
    Түрік сұлтанының қол астына алуымен.

  1. Қырғыздардың (қазақ) әкімшілдік-саяси тәуелсіздігі.

  2. Еділ мен Каспий теңіздерін бейтарап деп тану" [11].

Бұл мәліметтерде осы құжатты жеткізушілердің де аты аталғандықтан олардың шығу тегін, мекен жайын анықтау туралы полицияға арнайы міндет жүктелінеді. Құпия мәлімет бойынша анықталғаны: "...түркі газетін шығарушы Юрду-Юсуф (оглы) Акчура (Жүсіп Ақшора) басқа бір мәлімет бойынша Юрды-Юсуф-оглы, орыс азаматтығында Симбирскі губерниясында туып өскен, жергілікті бай фабриканттың туысы. Париж университетінің философия мен тарих факультетін бітірген. Келесі біреуі университет профессоры, газет редакторы Фуюзай-Али-Гусейнзаде, дінтану профессоры Махмад-Эссад-Эсиливзаде және Мукум-Эддин-Бейдшау (Мукумеджан Бид-Шав) Бұхара азаматы" [12].

Мәліметтерге жүгінсек, бұлар өздерін "орыс мұсылмандары комитетінен"-деп көрсетеді. Бұл мәлІметтер арқылы Жетісу съезіндегі Сырттановтың ұсынысының Венаға дейін жеткендігін байқаймыз.

Полиция департаменті мәліметтерін қарастыра отырып, жалпы мұсылмандық қозғалысты бақылау жан-жағынан қамтылғандығын байқауға болады. Осындай мәліметтердің бірі Верный қаласы іздестіру бөлімі бастығының әскери губернаторға жіберген 1916 жылғы 4-ші шілдедегі № 5263-ші хаты.

Басқарма басшысының 1915 жылға берген есебінде, алдыңғы қатарлы мұсылмандар өкілдері Мемлекеттік Думадағы мұсылман фракциясына риза еместігін білдірді дейді. Олардың империядағы бірнеше миллион болатын мұсылман тұрғындарының мүддесін қорғай алмай отырғандықтан, алдағы Мемлекеттік Думаның шақырылуына, жер-жерден тәжірибелі, білімді мұсылман өкілдерін келуге үгіттеу жүргізіле бастағандығы баяндалды. Шақыру мұсылмандар фракциясының төрағасы Тевкелевтің Қазанда шығатын "Юлдуз" газетінде жариялануымен шықты. Мұсылман фракциясы жанынан құрылған кеңесші бюроның құрылу уақыты мен құрамы туралы мәлімет Полиция департаментінің 1916 жылғы 9-шы мамырында № 105301-шы іс-қағазында тіркелді [13].



Жоғарыдағы айтылған саясаттың негізгі қорытындысы ретінде К.Нүрпейісов қоныстандырудың зардаптарына тоқтала келе мынаны айтады: "Патша өкіметі қазақтардың тарихи отанын, ғасырлар бойы мекендеген жерлерін, мемлекеттің меншігі деп жариялады. Шүйгін шөпті шалғындар мен жайылымдар, құнарлы жерлер тартып алынып, қоныстандыру қорына берілді, орыс-қазақ әскери қамалдарына, император кабинеттерінің жеке меншігіне және т.б. 1917 жылға дейін отаршылдардың иелегінде қазақ халқының 45 млн. десятина жері болды" [14].
Пайдаланған деректер тізімі:

  1. ҚРОММ. 73-құпия қ., 2 «с»-т., 1-іс, 5-п.

ҚРОММ. 73-құпия қ., 2 «с»-т., 1-іс, 5-п.

  1. ҚРОММ. 73-құпия қ., 1 «с»-т., 10-іс, 60-п.

  2. ӨзРОММ. 461-қ., 1-т., 1025-іс, 6-п.

  3. ӨзРОММ. 461-қ., 1-т., 1023-іс, 6-п.

  4. ӨзРОММ. 461-қ., 1-т., 1023-іс, 6-7-п.

  5. ӨзРОММ. 461-қ., 1-т., 1023-іс, 7-п.

  6. ӨзРОММ. 461-қ., 1-т., 1023-іс, 7-п.

  7. Сафаров Г. Колониальная революция (Опыт Туркестана). Алматы:
    Жалын, 1996. С.73.




  1. Дулатов М. Оян қазақ. Алматы, 1987, 27 б.

  2. ҚРОММ. 73-құпия қ., 2 «с»-т., 2-іс, 18-п.

  3. ҚРОММ. 73-құпия қ., 1 т., 15 «а» іс, 10-п.

  4. ҚРОММ. 73-құпия қ., 1 т.,10 іс, 27-п.

  5. Нурпеисов К. Восстановление территориальной целостности Казахстана в ХХ веке // Казахстан и мировое сообщество. 1996, № 4. С. 68.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет