ӘОЖ 94(574) «1919/1930» :622.323
1920 жылдары алғашқы мұнайшы мамандарды дайындау тарихы
Бердіғожин Л., «Болашақ» университеті, Қызылорда қ.
Азамат соғысы мен шетел соғыс интервенциясы негізінде қираған мұнай кәсіпшіліктерін қалпына келтіру елде басталған ашаршылық кесірінен өте қиын жағдайда жүргізілді.
Бұл өз кезегінде ұлттық маман мұнайшы кадрларын дайындау мен қалыптастыру ісіне кедергі келтірді.
Себебі, 1921 жылы соғыстың аяқталуына сай босаған әскери адамдар мен аштыққа ұшыраған Еділ өзені бойынан көшкен босқындар есебінен мұнай кәсіпшіліктерінде жұмысыздар саны өсті. Мақат кенішінің 1925 жылға дейін консервацияда болуы, орталықтың Доссор кенішіне қаржыны аз мөлшерде бөлуі бастапқы кезде маман дайындау мақсатын емес, бар мамандар мен жұмысшыларды қамту ісін бірінші кезекке қойды.
Дегенмен маман дайындаудағы алғашқы оңды қадамдар 1920 жылдары жасалды.
1919 жылы наурызда өткен РКП(Б) VIIІ съезі шешіміне сай жұмыс күшін ұтымды пайдалану, 17 жастан жоғары жасөспірімдерді кәсіптік-техникалық білім алу ісіне көптен тарту үшін ФЗУ-лар (фаврично-заводское ученичество
Л-Б) ашу міндеті қойылды. Бұл шешім мұнайлы аудан үшін өте қажет еді. 1920 жылғы 1 маусымдағы Жайық-Каспий мұнай қоғамының Гурьев кеңсесі мәліметі бойнша мұнай кәсіпшіліктерінде 575 қазақ жұмысшы, қызметші және көмекші мамандар болған. (1)
Ал, олардың 7-8 пайызы кілтші, майшы, бұрғышы көмекшісі болса, қалған 90-92 пайызы қара жұмыстар ғана атқарды. Оларды техника тіліне үйретуде ФЗУ-лар ашу өте маңызды еді. 1921 жылы өткен РКП(Б) Х съезінде «жергілікті халық өкілдерінен маман жұмысшы кадрларын дайындау мақсатында ұлттық тілде кәсіптік техникалық бағыттағы курстар мен орта мектептер ашу» кезек күттірмес шара ретінде көрсетілді. (2)
Осы жылы өткен РКП(Б) облыстық бірінші конференциясы жұмысшы табын қалыптастырудың негізі техникалық сауатсыздықты жою деп белгіледі. (3)
Жайық-Ембі мұнайлы ауданында кәсіптік-техникалық бағыттағы оқу орны, ФЗУ 1924 жылы 13-қаңтарда Гурьевте «Ембімұнай» тресті базасында ұйымдасты. ФЗУ директоры болып, трест заңгері Карл Карлович Тушовский тағайындалды.
Ильич атын иеленген ФЗУ-ға трестен М.Г.Юдин, Е.Д.Котельников, В.П.Яковлев сияқты мықты мамандар жіберілді. (4)
1925 жылы 3 қыркүйекте «Ембімұнай» трестінде кәсіптік техникалық білім мәселесіне арналған арнайы техникалық кеңес өтті.
Кеңеске трест басқарушысы орынбасары С.И.Кузнецов, кәсіпшіліктерді басқарушы Р.Р.Новосильцев, бөлім басшылары Н.Н.Карский, И.Д. Жилин, инженерлер Л.П.Савельев, Гросвальд, статист Н.И.Розов қатысып Гурьевтегі ФЗУ-дың мәселесі сөз болды.
Р.Р.Новосильцев ФЗУ оқушылары білімі өте төмен екені, бірінші оқу жылы қиын болғанын қазір түзеліп келе жатқанын мәлімдесе, С.И.Кузнецов мамандар бізге ауадай қажет, біз оларды өзіміз дайындамасақ, басқа жақтан мамандар келмейді. ФЗУ-лар жастарды кәсіптік-техникалық білім алу үшін, ал кәсіптік-техникалық курстар ересек жұмысшыларды қайта даярлау үшін керек деп атап көрсетті. (5)
ФЗУ-дың материалдық-техникалық базасын ұстап тұру үшін қаржы мәселесіне байланысты ФЗУ басшылығы мен мұнай кәсіпшіліктерін басқарушы атынан Мәскеуге, «Ембімұнай» тресті кеңсесіне 1926 жылы 22 маусымда арнайы хат жолданды.
Хатқа берілген қосымшада ФЗУ-да 5-оқу тобы барлығы, оқу пәндеріне қосымша техникалық бағытта сызу, механика, мұнай және металл техникасының пәндері жүргізілетіні айтылған. ФЗУ-да бір ауысымда 110 оқушы, ал екі ауысымда 220 бала оқыту мүмкіндігі бар деп көрсетілген. (6)
1925 жылы қыркүйекте ФЗУ Доссор кәсіпшілігінде ашылды. Алғашқы кезде екі топқа 43-оқушы алынды. Сабақ таңғы 7-ден күндізгі 11-ге дейін 4-сағатқа созылды.
1925 жылы 25 қарашада Доссорда Томский атындағы ФЗУ мектеп кеңесінің бірінші мәжілісі өтті. Оған «Ембімұнай» трестінен А.М.Фадеев, К.И.Сергеев, аудандық комитеттен А.В.Бародин, оқушылар Садков, Буянов қатысты. Мәжілісте ФЗУ-дің материалдық техникалық базасы мәселесі қаралды. Оқушылардың кәсіпке баулу мәселесінде шеберханаларды кеңейту, оларды тікелей өндіріс басында ұйымдастыру мәселесі көтерілді.
Ембімұнай тресті ФЗУ-ға төмендегідей мамандарды жіберген. Бескин-мұнай ісі мұғалімі, Айвазов-қоғамдық пәндер мұғалімі, Яковлев-зоология мен ботаника пәні мұғалімі, Котельников орыс тілінен, Смирнов-механика және технологиядан, Шитов-химия пәнінен. ФЗУ-да оқу мерзімі 3 жыл болып белгіленді. Оқу корпусы үш бөлмеден, 2 бөлме оқу класы, 1-бөлмеде 6-оқушылық жатақхана болды. Оқу күнінің ұзақтығы 8 сағат болып белгіленді. Сағат 700 1040 дейін академиялық сабақ уақыты, 1200 ден 1600 ға дейін өндірістік тәжірибе уақыты. ФЗУ-директоры Ананьев жазбаларында оқушылар Досмұхамбетов, Исенов есімдері шеберханада жақсы еңбек еткен деп көрсетілген. (7)
1926 жылы 11 қарашада ФЗУ жанындағы курсты 16 оқушы құрылыс, пеш маманы бойынша бітірген. 1927 жылы 16 маусымда ФЗУ-дың негізгі курсын 14 оқушы техника мамандығын, 5 оқушы құрылыс мамандығын бітірді. (8)
Гурьев және Доссор ФЗУ-ры оқушылары жазғы демалыстарын Баку, өндіріс орындарында, Еділ бойында орналасқан Варинск мұнай айыру зауыттарында өткізді.
Жергілікті халық өкілдерінің мұнай, мұнай өндірісі туралы ғылыми түсінігінің қалыптасуында қазақ тілінде екі рет 1929 жылы Оралда, 1931 жылы Қызылордада жарық көрген Сабыр Шариповтың “Мұнай” атты монографиясының маңызы зор. Монографиялық еңбек бірнеше тараудан тұрды. Бастапқы тарауларда автор мұнай түсінігі, пайда болуы және Каспий өңірі, Қазақстанның халқы оны бұрыннан біліп емдік бағытта пайдаланғанын көрсетеді. Кейінгі тарауларда мұнайдың өндірілу тәсілі, онан алынатын тауарлар, дүниежүзілік көлемдегі мұнай өндіретін елдер мен олардың арасындағы талас сипатталады. С.Шарипов ғалымдардың зерттеулерін саралай отырып Қазақстан жеріндегі маңызды деген 30 мұнай кен орнына сипаттама береді. Жалпы, С.Шариповтың “Мұнай” еңбегі ФЗУ-лар үшін оқу құралы ретіндегі пайдасы көп болды. (9)
1927 жылы мұнайлы ауданда тұрақты жұмысшылардың орташа саны 1640-қа жетті. Олар Доссор, Мақатта мұнай өндірумен қатар Бекбике, Сағыз, Ескене, Байшонас т.б. кәсіпшіліктерінде бұрғылау жұмыстарында болатын. Барлық жұмысшылар ішінде мамандығы барлар 488, яғни 25,7 процент болды. Ал оның ішінде қазақтардың үлес салмағы мүлдем аз еді. Міне, сондықтан да мамандығы бар жұмысшылар ішінде қазақтарды көбейту мақсатында Доссор ФЗО-сында 1927 жылдан бастап жоспарлы жұмыстар басталды. Жастардан маман дайындау бронь арқылы жүргізіліп, онда басты назар қазақтарға аударылуы тиіс делінді. Осы жылы ФЗО шәкірттерінің ішінде 17 қазақ баласы болса, ал өндірісте барлығы 33 қазақ жасөспірімдері еңбек еткен. Осындай шараларға қарамастан "қазақ балалары мамандық алудан сырт қалып отыр" - деп сипаттады осы кезеңді С.Шарипов.
Жайық-Ембі ауданындағы ФЗО 1930 жылға дейін мұнайшы мамандығын даярлайтын жалғыз оқу орны болғаны белгілк Ол 1930 жылға дейін осынша маман жұмысшыларды дайындаған. (10)
Сөйтіп, ФЗО-лар 1927 оқу жылында 570 оқушы, оның ішінде 236 қазақ
қабылдаған. Оқу жылы 3 жыл болғандықтан, алғашқы мамандық алған
шәкірттер тек өндіріске 1927 жылы жолдама алған. Жеті жыл ішінде (1924-1931) 81 жасөспірім, оның ішінде 21 қазақ баласы бұрғышы, слесарь, токарь, ағаш шебері т.б. мұнай кәсіпшілігіне қажетті мамандықтарды меңгерген. Әрине, осынша жылдьң ішінде не бәрі 81 жұмысшы дайындау мүлдем жеткіліксіз еді. Әсіресе, ФЗО-да оқу қазақ жастары үшін қиынға соқты. Себебі, бүкіл оқу жоспары орыс тілінде болатын.
Мұнай кәсіпшілігінде маман дайындаудың кеңірек дамыған жолы жеке-жеке оқыту, я болмаса тәжірибелі жұмысшыға бекіту, сол арқылы маман жұмысшының мамандығын игеру еді. 1928 жылдың 1 шілдесінен 1929 жылдың 1 қаңтарына дейін осындай оқумен өндіріс пен кеңседе - 67 адам, оның ішінде - 17 қазақ оқыған. Мамандық бойынша олар былайша бөлінеді: слесарь-токарь - 37, қазағы - 7; құрылысшы - 9, қазағы - 5; электро техника мамандығына - 12, қазағы - 3; кеңсе қызметі - 9, қазағы -2. Бұлайша оқыту Доссор, Мақат сияқты ірі өндіріс орындарында ғана дамыды. 1928/29 жылдар аралығындағы 6 ай ішінде Доссор, Мақат кәсіпшіліктеріндегі 63 жас жеткіншек сынаққа түсіп, оның 61-і жоғары разрядқа ұсынылған.
1928/29 жылы Жайық-Ембі ауданында 3 кешкі кәсіптік-техникалық
курстар болған еді. Оларда барлығы 163 адам оқыса, оның 78-і жастар, 8-і
жасөспірімдер болатын.
1929 жылы 17-19 наурызда Жайық-Ембі ауданының жұмысшы жастарының ІІІ конференциясы өтті. Конференция өндірістегі 22 жасқа дейінгі жастардың бір жыл ішінде 253-тен 380-ге өскендігін атап өтіп, әлі де қазақ жастарының өндіріске тартылмай отырғандығын атап өтті. Оған дәлел тіркелген 380 жас жұмысшысының ішінде 126 қазақтың болуы. ФЗУ, техникалық курстар есебінен 1925-1927 жылдары маман кадр құрамы бірталай өзгерді.
В данной статье рассматриваются вопросы формирование кадров нефтяников и династии нефтяников Казахстана.
In the article is reporting the about specialists of petroleum industries, and Heir history development in Kazakhstan.
Әдебиеттер
1.Мақат аудандық М.М. 112-қор, 2-тізім, 1-іс. 10-17 парақтар.
2.КПСС в резолюциях и решениях. ч-І. Стр 559.
3.Байшин А.А. Исторические этапы формирование рабочего класса в Советском Казахстане. Алма-
Ата 1958. стр 14.
4.Атырау ОММ. 146-қор, 1-тізім, 171-іс, 127 парақ.
5.Атырау ОММ. 146-парақ. 1-тізім, 682-іс, 26-27 парақтар.
6.Сонда, 76-79 парақтар.
7.Сонда, 24 парақ.
8.Атырау ОММ. 146-қор, 1-тізім, 911-іс, 40 парақ.
9.Утебаев Е. Сабыр Шарипов. стр 58-63 парақтар.
10.Мұқтар Ә. Қазақ мұнайының тарихы. Атырау 2004. 62-бет.
Достарыңызбен бөлісу: |