№ 1лекция 1- апта
Тақырыбы: Стилистиканың жалпы мәселелері
Жоспары:
I Стилистиканың, аныктамасы, лингвистикикалық, пән ретінде қалыптасуы, зерттейтін мәселелері, алдағы міндеттері, оны оқытудың маңызы.
2. Стилистиканың жалпы тіл білмінде, оның ішінде қазақ тілінде зерттелу дәрежесі, ғылым саласы ретінде қазіргі дамуы туралы.
3. Стилистиканың зерттеу нысаны, салалары, тіл білімінде алатын орны.
4. Стилистика мен тіл мәдениетінің арақатынасы. Әдеби норма және стилистикалық нормалар.
1. Стилистика - тілдік тұлға-бірліктердің бәрін де — дыбыстарды, сөздерді, сөз тіркестері мен сөйлемдерді кұрылымдық тіл білімінің міндеттері тұрғысынан емес, қарым-қатынастың, белгілі бір саласы мен мақсаттарына сай қолданысы тұрғысынан зерттейді. Осыған байланысты стилистика ғылым ретінде тіл ғылымының басқа салаларынан кейін барып пайда болды.
Көрнект орыс ғалымы В.В.Виноградов стилистиканы "тілді зерттеудің ең биік шыңы, ұлттық тіл мәдениетін арттырудың теориялық негізі" дейді . Қазіргі ұлттық әдеби тілдің даму кезеңінде халықтың тіл мәдениетінің артуына байланысты стилистика ғылымын зерттеу ісі де, оны оқыту мәселесі де жанданып отыр. Өйткені барлық қарым-қатынастың түрі тілдік құралдар арқылы жүзеге асады, стилистика сол тілдік құралдардың қызметін, қолданылу заңдылықтарын қарастыратын аса маңызды ғылым саласы әрі стиль туралы ілім екендігі мәлім.
Стилистика жеке ғылым саласы ретінде әуелі Ресейде ХХг. 20—30 жылдарында-ақ қалыптаса бастады, әсіресе 50-ж. ортасында зерттеу ісі жанданып, функционалды стилистка деп аталатын ғылым саласы пайда болып, оны тілдің коммуникативтік, эстетикалық қызметімен, қолданылу мәселелерімен тығыз байланыста қарастыра бастады. Жалпы стилистиканың пайда болуын, қалыптасуын орыс ғалымдары әдеби тіл, норма, көркем әдебиет тілі мәселелерін зерттеумен тығыз байланысты екендігін атап көрсетеді. Орыс тіл білімінде стилистика мәселелерін жан-жақты зерттеп, оның мақсат-міндеттерін айқындап, функционалды стиль түрлерінің ара-жігін ажыратып, тілдік белгілерін көрсетіп, ғылыми теориясын айқындауда стилистика ғылымының негізін салушы академик В.В.Виноградовтың, сол сияқты А.Пешковскийдің, Р,А.Будаговтың, Г.О.Винокурдың, А.И.Ефимовтың, А.Н.Гвоздевтің, В.П.Мураттың, Д.Э.Розентальдың, В.В.Одинцовтың, М.Н.Кожинаның т.б. еңбектерін атауға болады. Бұл салада бірсыпыра еңбектер, зерттеулер, оқулық, оқу құралдары баршылық. Мысалы, Р.А.Будагов өз еңбектерінде (Литературные языки и языковые стили, М:. 1967, с. 101) стилистиканың тіл біліміндегі мәні зор екендігін аса жоғары бағалайды: "...Стилистика — душа любого развитого языка. Поэтому ей должно принадлежать важное место как в науке о языке, так и в науке о художественной литературе".
Алайда бұл ғылымның кейбір мәселелері орыс тіл білімін өзінде де түбегейлі шешімін тапқан жоқ (стиль турлерінің жіктелуі т.б.) анық айқындалмаған. Бұл — тіл саласының аса күрделігін көрсетеді.
Қазақ тілнің стилистикасы — тіл білімінің кейбір дамыған саласының бірі. Егер қазақ тілінің негізгі деңгейлерін зерттеу ісі дәуір жағынан өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталса, стилистиканың пайда болып қалыптасуы кешірек кезеңді қамтиды. Бұлай болуы заңды да, өйткені тілдік деңгейлердің өлшемдер (дыбыс, сөз, сөз тіркесі, сөйлем) стилистиканың құралдары (ресурстары) болып табылады. Демек, қазіргі кезде лексикология мен лексикографияның, фразеология мен фонетиканың және морфология мен синтаксистің басты мәселелері ғылыми жағынан игеріліп, талай табысқа қол жеткен кезде стилистиканы жан-жақты қарастырудың да кажеттігі түсінікті. Сонау 60—70 жж. шыққан "Қазақ тілі стилистикасы" оқулығының алғашқы екі басылымынан өзге не оқулық, не монографиялық күрделі еңбек жарық көрген жоқ. Тек бірді-екілі С.Хасанова мен Р.Жексенбаеваның практикалық жаттығулар жинағын, Ф.Мұсабекованың, Р.Сыздықованың, М.Серғалиевтің, Б.Шалабайдың, Х.Кәрімовтің, А.Жапбаровтың стилистиканың әр түрлі мәселелеріне қатысты еңбектерін атауға болады.
Стилистика ғылымың толыққанды ғылым саласы етіп дамыту үшін басты-басты мынадай мәселелерді шешіп алу керек:
1) стилистика ғылымының теориялық негізін анықтау;
2) стилистика ғылымының зерттеу нысанын анықтау;
3) стилистика ғылымының салаларын айкындау. Осы мәселелерді кеңірек қарастыратын болсақ, төмендегідей міндеттер туындайды. Орыс тіл біліміндегі көзқарастарға сүйенер болсақ, олардың зерттейтін мәселелері мен алдағы міндеттері мынадай:
1) кең мағынадағы стиль ұғымына анықтама беру, оның ішінде функционалды стильді айқындау; тілдегі (язык) стиль мен қолданыстағы (речь) стильдің арақатынасын нақтылау;
2) қарым-қатынастың әр түрлі аясындағы тіл қызметінің заңдылықтарын анықтау;
3) функционалды стильдерді топтастыру;
4) лингвистикалык және экстралингвистикалық факторлардың арақатынасын белгілеу;
5) лингвистикалық стиль мен әдебиеттанудағы стильді ажырату;
6) көркем әдебиет тілінің функционалды стильдерге қатынасын айқындау;
7) көркем әдебиет тілі мен әдеби тіл арақатынасын анықтау;
8) тілдік норма мен стилистикалық норма сипатын айқындау;
9) сөйлеу стилі мен жазба стильдердің арақатынасын көрсету;
10) стилистиканың зерттеу әдістерін айқындау,
орнықтыру. Зерттеушілердің көрсетуінше (М.Серғалиев), стилистиканы зерттеудің әдістері мыналар: семантика-стилистикалық, салыстырмалы, статистика-стилистикалық және диахрондық-синхрондық стилистиканы зерттеудің де, оны оқытудың да теориялық және практикалық та мәні зор. Алдымен, стилистика лингвистикалық сауаттылықты көтереді, дамытады, стилистикалық ұғым-категориялар туралы мағлұмат береді, стильдік талдаулар жасай білуге, практикалық жұмыстарда функционалды стильдердің ерекшеліктерін қолдана білуге, стильдік қателер жібермеуге дағдыландырады.
Достарыңызбен бөлісу: |