Шынайы һижра – мұсылмандардың белгілі себептерге орай басқа мекендерге қоныс аударуы. Һижраның бұл түріне қатысты шариғи үкімдер (дінбасы мен дін ғалымдарының шығаратын пәтуасы) қоныс аударылатын мекеннің ерекшеліктеріне қарай өзгермелі болып келеді.
Мұсылмандар үшін һижра жасау, яғни дінге қатынасына байланысты зорлық-зомбылықтар көріп, қорлықтардан дінін аман алып қалу үшін өзге жұртқа көшу әрекеті белгілі шарттармен ғана жүзеге асырылады. Мұхаммед пайғамбардың Меккеден Мәдина қаласына қоныс аударуында көптеген нақты себептер болды. Ислам дінін ұстанған алғашқы мұсылмандар өздері өмір сүріп жатқан қоғамнан көп зардап шегіп, ауыр сынға ұшырады. Діни ұстанымы үшін кейбір сахабалар түрлі жолдармен азапталып қорланса, кейбірі тіпті өлім жазасына кесілді. Өзге дінді ұстанған Мекке тұрғындары мұсылмандарға дінін еркін ұстануына, ғибадат жасауларына шектеу қойып, исламнан шығуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар меккелік әр рудан бір өкіл адам таңдалып, олардың тарапынан Мұхаммед пайғамбардың өміріне қастандық жасалмақ болды. Меккедегі мұсылмандар ұстанған діндері үшін азапталып, өмірлеріне үлкен қауіп төнген соң, олар көршілес Мәдина қаласына көшуге мәжбүр болды.
Осы тарихи оқиғадан аңғарылатындай, мұсылмандар өздері өмір сүрген қоғамда дін үшін қысым көріп, ол елде исламдағы бес парыздың (иман, намаз, ораза, зекет, қажылық жасау) орындалуына тыйым салынса, сондай-ақ барлық мешіттер жауып тасталып, мұсылмандық мерекелерді тойлауға шектеу қойылса ғана басқа жерге һижра жасауы мүмкін.
Кейбір теріс пиғылды радикалды ағымдар зайырлы Қазақстанды дінсіз ел деп танытып, мұсылман үмбетін Таяу Шығыс, Сирия, Ирак немесе Ауғанстан секілді қазір соғыс жүріп жатқан аймақтарға көшуге үндеуде. Олардың мұндай бұрмаланған көзқарастарының қателігіне Мұхаммед пайғамбардың «Меккенің ашылуынан кейін һижра жоқ» деген хадисі дәлел бола алады. Бұл хадисте бір мұсылман елден басқа мұсылман еліне һижра жасауға ешбір қажеттіліктің жоқ екендігі анық айтылған.
Ислам ғұламаларының пікірінше, егер ел «дарул-харб» болса, яғни исламды қабылдамаған, сондай-ақ исламның таралуына қарсы тұрған мемлекет болса, ол жерде үнемі қысымның астында өмір сүрген мұсылмандар өзге жерге қоныс аударуы мүмкін. Алайда мұндай жағдайдың Қазақстанға қатысы жоқ. Себебі, Қазақстан исламдық жіктеу бойынша «дарул-аһд», яғни діни бірлестіктердің ұстанымы мемлекет мүддесіне қайшы келмесе, конституциялық заңдары олардың қызметіне шектеу қоймайтын мемлекет болып табылады. Яғни Қазақстанда діни сенім бостандығы толық қамтамасыз етілген.
Қазақстан – зайырлы, демократиялық мемлекет. Онда көптеген ұлттар мен ұлыстар, он сегіз конфессияның өкілдері өзара келісім мен мәмілегерлікте, ынтымақта өмір сүріп жатыр. Ел аумағында заңды түрде тіркелген барлық діни бірлестіктер заң аясында еркін қызмет етуде.
Елімізде мемлекет құраушы қазақ ұлтының және басқа да бірқатар ұлттардың ата діні болып табылатын ислам дінін ұстануға, ғибадаттарын орындауға, діни мерекелерін тойлауға еркіндік берілген. Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының преамбуласында ханафи бағытындағы ислам дінінің елдің рухани дамуындағы тарихи рөлі танылатыны атап көрсетілген.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының һижра жасау туралы 2013 жылдың 7 қарашасында берілген пәтуасында «исламның негізгі рәміздері мен рәсімдерін атқаруға рұқсат етілген мемлекеттен өзге елге көшуге ешбір қажеттілік жоқ» деп көрсетілген.
19. Соңғы уақыттары кейбір мұсылман қыз-келіншектердің «жыныстық жихад» жасауға Сирия жеріне аттанатындығы жайлы ақпараттар пайда бола бастады. Ислам шариғаты бұған қалай қарайды?
Ең алдымен, ислам дінінде «жыныстық жихад» түсінігінің мүлде жоқ екендігін атап өткен жөн. «Жиһад ән-никах» немесе «жыныстық жиһад» мұсылман қыз-келіншектердің жалған насихатқа еріп саналы түрде немесе алдану арқылы дін атын жамылған содырлар лагерлерінде, сондай-ақ олар жаулап алған территорияларда жыныстық қызмет көрсетуі 2013 жылы пайда болған келеңсіз әлеуметтік құбылыс болып табылады.
«Жихад ан-никах» «уақытша неке» деген түсінікке негізделген. Ислам шариғаты бойынша ер мен әйелдің мұндай қарым-қатынастары зина жасау болып табылады. Бұл пәтуаға сүнниттік және кейбір шииттік ғұламалар ижмағ (бір ауыздан қолдау) жасаған.
ИШИМ-нің (Ирак пен Шамдағы ислам мемлекеті) идеологиясы бойынша «жыныстық жихад» ол – әйел адамдардың «жихад жасауға» өмірін арнаған әскерге (содырға) тұрмысқа шығып, дүниеге ұрпақ әкелу және оларды «шынайы ислам» қағидаттарына тәрбиелеу болып табылады.
Ең алғаш жоғарыда аталған оқиғалар тунистік армия мен «әл-Каида» лаңкестік ұйымы содырлары арасында болған қақтығыстар барысында орын алған. Кейбір тунистік қыздар өз еріктерімен саналы түрде жыныстық қызмет түрін көрсету үшін соғыс алаңына аттанған.
Тунис елінің Ішкі істер министрі қоғамды жайлап бара жатқан бұл індетті мәселе етіп көтерген соң, «жихад әл-никах» сөзі бұқаралық ақпарат құралдарында кең қолданысқа ие болып, тез арада өзекті тақырыпқа айналып үлгерді.
«Жихад әл-никах» сөзін ең алғаш болып діни радикалды ағымдар шейхтарының бірі Мұхаммед Арафи айналымға енгізді. Ол өз бетінше сүнниттік мұсылман әйелдерді Сирияда Башар Асадтың билігіне қарсы соғыс ашып жүрген «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйым содырларына жыныстық қызмет көрсетуге шақырған «пәтуа» шығарды. «Пәтуасының» дәлелі ретінде Құранның 24-ші сүресінің 4-ші аятын мысалға келтіре отырып, әйел адамның бір күннен 99 жыл аралығына дейін ер адаммен интимдік қатынаста болуы жайлы көзқарасын паш етті.
Кейінірек Мұхаммед Арафи ел арасында бұндай пәтуаны таратпағандығын айтып, көпшілік алдында ақталады. Дегенмен, тунистік БАҚ-тың дерек көздері аталмыш пәтуадан кейін «жыныстық жихад» жасау мақсатында көптеген қыздардың Сирияға жол тартқанын алға тартады.
Сонымен қатар, саналы түрде өз еріктерімен осы жолды таңдаған әйел адамдардың келеңсіз әрекеттерінен тыс, соғыс алаңында қаза тапқан кейбір содырлардың әйелдері уақытша басқа ер адамға мәжбүрлі түрде әйел болуға некелестірілетіндігін де атап өткен жөн. Бұл үдерістер ислам шариғатына түбегейлі қарама-қайшы әрекеттер болып табылады. Бұл жерден жан мен ар, тән тазалығына, жалпы алғанда рухани тазалық пен құндылықтарға шақырған ислам дінінің тұнығын лайлауға, оған қара күйе жағуға барынша тырысып жатқан содырлар әрекеті айқын аңғарылады. Осы сынды әрекеттер әлем сахнасында мұсылмандарға деген исламафобтық көзқарас қалыптастыруда.
Ислам дінінің шариғаты бойынша неке қиюдың өзіндік шарттары мен талаптары бар. Әйел адамның келісімінсіз зорлықпен немесе алдап-арбау арқылы неке қиылмайды. Ал жоғарыда аталған әрекеттер тек нәпсі құмарлықтың, азғындықтың көрінісі екені айқын.
«Жыныстық жихад» әрекетін барынша қалыпты құбылысқа айналдырған мысырлық «Мұсылман бауырлар» ислам партиясы болып табылады. Партияның әлеуметтік желідегі парақшаларында уақытша некеге немесе «жихад әл-никахқа» шақырған үндеулер үнемі жарияланады.
«Уақытша неке» Қасиетті Құран мен Мұхаммед пайғамбардың сүннетіне қайшы амалдардың бірі болып табылады. Уақытша некелесуге қатысты Мұхаммед пайғамбардың заманында сахабалардың алыс жерлерге соғысқа аттанған екі жағдайда ғана уақытша некеге рұқсат беріліп, кейінірек бұл рұқсаттың үкімі жойылғандығы жайлы сахих хадистер кездеседі. Осы жайлы бірер хадистерге тоқталып өтсек:
1. «Мен сендерге уақытша некені [ұзақ мерзімге созылған соғыс уақытында] рұқсат еткен едім, бірақ Жаратушы қиямет-қайымға дейін уақытша некеге тиым салды».
2. Сәләмә ибн әл-Ақуа былай деп жеткізеді: «Исламның алғашқы жылдарында Пайғамбар мутаға (уақытша неке) үш күнге рұқсат берді, бірақ [үш күн өткен соң] оған тиым [біржола] салды».
Сабр есімді сахабаның сөзі бойынша «Пайғамбар [бірнеше қайтара әрі сенімді түрде] өзінің халықпен қоштасу сәтінде уақытша некеге тыйым салып, бұл тыйымның қиямет-қайымға дейін жалғасатынын атап өткен [яғни бұл тиымды ешқашан және ешкім қалпына келтірмейді]».
Имам Әли ибн Әбу Тәлиб былай дейді: «Шындығында, Алла елшісі Хайбар күні мутаға (уақытша неке) тиым салған болатын».
5. Омар ибн әл-Хаттаб халиф болып сайланғаннан кейін көпшілік халыққа былай дейді: «Шындығында, Алла елшісі біздерге үш күнге мутаға (уақытша неке) руқсат беріп, бірақ артынан бұл неке түріне тиым салған болатын. Мен егер үйленген әлдебір еркектің әлдебір әйелмен уақытша некеге түскенін естісем, онда сол адамды өлім жазасына кесетініме Алла атымен ант етемін!»
Көрнекті мұхаддис (хадис ілімі және әдістемесімен айналысушы) ғалымдар имам әл-Бухари мен имам Муслим уақытша неке туралы хадистерге өз еңбектеріндегі «Мұхаммед пайғамбардың уақытша некеге тиым салуы» және «Уақытша неке туралы: уақытша некеге рұқсат және кейінірек оған қиямет-қайымға дейін салынған тиым» атты жеке тарауларда тоқталып өткен.
Жаппар ибн Мұхаммедтен уақытша неке туралы сұрағанда ол былай деп жауап береді: «Бұл – барып тұрған зина!»
Исламдық діни кітаптарға сәйкес мутаның (уақытша некенің) харам (тиым салынған) іс екендігі жайлы сахабалар мен оқымысты-ғалымдар бір ауыздан ортақ пікірге (ижма) келген.
20. ИШИМ ұйымының идеологиясы шариғатпен сабақтаса ма?
Қазіргі таңда дін атын жамылған экстремизм мен терроризмнің өршуіне Таяу Шығыс аймағындағы орын алып отырған оқиғалар, әсіресе, Сирия және Ирак аумақтарындағы қанды қасап жағдай шешулі ықпал етуде. Аталған өңірлерде басталған азаматтық соғыс бүгінде дербес қарулы ұйымдардың толассыз қақтығысына айналды. Осы соғыста қаржыландырылу және әскери әлеуеттілік жағынан «Ислам мемлекеті» (бұл ұйымның исламға қатысы жоқ болғандықтан ИШИМ атауын пайдаланған жөн) ұйымы үстем шығып, өздері басып алған аумақта халифатын орнатты.
ИШИМ халықаралық террористік ұйымы 2006 жылы «әл-Каида» және басқа да он бір экстремистік ұйымдардан құралып, 2014 жылдың 29 маусымында өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялады. Бұл ұйым қазіргі күнде өзін әлемде шариғатқа негізделген жалғыз ислам мемлекеті – халифат деп жариялап, өзінің қызметінде діни сарындарды пайдалануда. ИШИМ өз әрекетін діни тұрғыда негіздеуге тырысқанымен, әлемдік мұсылман қауымы тарапынан қатаң сынға ұшырап отыр. Мұсылман әлемінің беделді ғалымдары мен танымал тұлғалары ИШИМ-ге 126 қол қойылған ашық хат жолдап, іс-әрекеттерін тоқтатуға және тәубеге келуге үндеді. Яғни ИШИМ-ді исламға қатысы жоқ, саяси және қаржылық мақсаттарды көздейтін ұйым деп қарастыруға толық негіз бар.
Теологиялық, шариғи тұрғыдан қарағанда бұл ұйымның қызметін исламмен байланыстыруға болмайтындығын айғақтайтын бірнеше айғақты келтіруге болады:
-
ИШИМ өз әрекеттерін аса қатыгездікпен жүргізеді, ымыраға келмейді және өзге дін өкілдерімен өзара келісім орнату мәселесін жоққа шығарады.
Тарихта көптеген империялар мен мемлекеттер сан-алуан сылтаулар арқылы өзге ұстанымдағылар мен көзқарастағыларды қудалап, өлім жазасына кескендігі белгілі. Ал исламда мұндай әдістерге жол берілмейді. Мысалы, Мекке мен Мәдина қалаларында қалыптасқан алғашқы ислам мемлекетінде мұсылмандар көршілес еврейлермен және пұтқа табынушылармен өзара келісімде өмір сүрген. Олардың ешбіріне қысым көрсетілмейтін. Егер қандай да бір өңірде өзге дін өкілінің құқықтары заңсыз шектеліп, діни негізде басымдылық басқаға берілсе, бұл хабар шұғыл түрде халифке жеткізіліп, сол өңірдің әкімі ауыстырылатын. Өзге дін өкілдері тұратын жаңа жерлердің қосылу барысында да мұсылмандар олардың мінәжат үйлері мен ғибадатханаларын бұзбай, адамдарға таңдау еркін беру үшін жанынан мешіттер салған. Еуропада қудалауға ұшыраған еврейлер Кордова халифалығы кезеңіндегі мұсылмандық Испания аумағынан, Осман империясынан қауіпсіз мекен мен пана тапты.
-
ИШИМ көптеген бейкүнә адамдар мен эмиссарларды жазықсыз өлтіруде.
Исламда адамдарға зұлымдық пен әділетсіздік танытуға, нақақтан жан иесін өлтіруге жол берілмейді. Бұл тақырыпқа қатысты бірқатар Құран аяттарын мысал ретінде келтіруге болады:
«Шура» сүресінің 42-аяты: «Шынында жаза, адамдарға зұлымдық қылып, жер жүзінде орынсыз шектен шыққандарға лайық. Міне солар үшін жан түршігерлік азап бар»;
«Әнғам» сүресінің 151-аяты: «Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер»;
«Мәида» сүресінің 32-аяты: «Соның салдарынан Израил ұрпақтарына: Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең деп жаздық».
Сонымен қатар эмиссарлар мен елшілердің өміріне қастандық жасау барлық діндерде тыйым салынғандығы белгілі. Эмиссарлар – бір топтың екінші топқа бітімгершілік жасау үшін немесе хат-хабар жеткізу үшін жіберілетін құрметті адамдар. Олар ерекше дербес құқыққа ие. Мұхаммед пайғамбардың сахабасы Ибн Масғуд: «Елшілердің (эмиссарлар) өміріне қауіп төндірмеу – пайғамбардың сүннеті» деген. Журналистер мен БАҚ өкілдері де эмиссарлар қатарына жатады. Өйткені олардың қызметіне орын алған оқиғалардың шынайы келбетін көпшілікке жеткізу кіреді. Ал ИШИМ Джеймс Фоли мен Стивен Сотлофф секілді журналистерді аяусыз қатыгездікпен өлтірді. ИШИМ мүшелері гуманитарлық миссия эмиссары Д.Хэйнсті де өлім жазасына кесті. Бұл әрекеттердің барлығы исламға жат, яғни харам.
Жарылыстар мен өмірге қастандық жасау, адамдарды кепілге алу және тағы басқа зорлық-зомбылық, лаңкестік әрекеттерге қатысты Құранда қатаң жаза қарастырылған. Ал егер террорлық әрекеттердің салдарынан бейкүнә жандар зардап шексе, бұл әрекеттердің жазасы күшейе түседі. Өйткені Құранда «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең» делінген.
-
Исламда халифалықты барлық мұсылмандармен бірлесе арнайы кеңес – «Шура» өткізбей жариялауға болмайды.
Халифалықты халықтың келісімінсіз жариялау фитна (бүлік) болып табылады. Өйткені мұндай шешімнің салдарынан оған келіспеген мұсылман үмбетінің басым бөлігі жарияланған халифалықтан тыс қалып, ел ішінде бір-бірімен араздасатын бірнеше халифалықтың пайда болуына жетелейді. Елдің бірлігі мен берекесі бұзылып, туындаған бүлік қоғамды ыдырауға әкеп соғады. Құранның «Бақара» сүресіндегі 217-аятында осыған қатысты: «Бүлік шығару – адам өлтіруден де ауыр күнә» делінген. Бүгінгі ИШИМ-ге қатысты оқиғалар желісінде мұндай бүлік Мосул имамдарының бұл ұйымға бойсұнбау әрекетінен басталды. Нәтижесінде ИШИМ мүшелері олардың барлығын өлім жазасына кесті.
-
Ислам бойынша шариғатта бекітілген қағидалар сақталмай қылмыстық жаза жүзеге асырылмайды.
Құран мен сүннетте айқын білдірілген ислам шариғатындағы жазалау (худуд) – исламдағы әділеттіліктің ажырамас бөлігі. Алайда айыптыны жазалау қылмыстық істі мұқият тергеуден кейін, тергеудегі кісінің айыбы толығымен дәлелденген соң жүзеге асырылады. Сондай-ақ айыптыны жазалау қатыгездікпен орындалмауы тиіс. Сонымен қатар, тергеу барысында туындаған күдіктер мен күмәндар қатаң жазалауды (худуд) болдырмауға, сот шешімінің өзгеруіне себеп болады. Бұл мәселеге қатысты Мұхаммед пайғамбардың хадистері бар.
ИШИМ ұйымының мүшелері болса тиісті тергеу істерін жүргізбестен халықты жаппай өлім жазасына кесуге көшіп, мұсылман үмбетінің қанын төкті.
-
Әскери жиһад тек шариғатта бекітілген жағдайларда, шариғатта бекітілген мақсаттарға жету үшін және шариғатта бекітілген әскери қағидаларды орындау арқылы ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
Әскери жиһадтың мұсылмандар үшін мәнісі – бейбіт өмір сүріп, қысым көрсетпейтіндермен ынтымақта болып, жаулап алу ниетімен келген күштерге қарулы тойтарыс беру. Осыған қатысты Құрандағы «Хаж» сүресінің 39-40 аяттарында: «Шынында шабуыл жасалып, зұлымдыққа ұшырағандарға соғысу үшін рұқсат берілді. Күдіксіз Алланың оларға жәрдем етуге күші толық жетеді (39). Олар жазықсыз: “Раббымыз Алла” дегендіктерінен ғана жұрттарынан шығарылғандар. Егер Алла адамдарды бір-бірі арқылы қорғамаса, ғибадатханалар, шіркеулер, яһудилердің құлшылық орындары және ішінде Алланың аты көбірек зікір етілетін мешіттер құлатылар еді. Кім Алла жолына жәрдем етсе, Алла оған жәрдем етеді. Шәксіз Алла, аса көруші, тым үстем (40)» делінген.
Исламда әскери жиһадты жүргізу қағидаттары пайғамбар хадистеріне де негізделген. Мұхаммед пайғамбар соғыс жүргізу тақырыбына қатысты көптеген адамгершілік қағидаттарды насихаттай отырып, мұсылмандарды соғысқан жағдайда қатыгез және қиянатшыл болмауға, шегінгендер мен жараланғандарды өлтірмеуге, қарттар мен әйелдерге, бала-шағаға зорлық танытпауға, ғимараттарды құлатпауға, ағаштарды кеспеуге, қажеттіліксіз үй шаруашылығына зардап тигізбеуге, тонаушылық жасамауға бұйырды.
Әлемдік ақпарат құралдары ИШИМ-нің жаулап алған аумақтарында жүздеген әскери тұтқындарды өлім жазасына кесіп жатқандығын хабарлап отыр. Діни ұранмен тергеусіз тұтқындардың қанын төгуде. Мұхаммед пайғамбардың өміріне көз салсақ, ол өзі қатысқан барлық шайқастардың ішінде Бадр соғысының екі тұтқыны – Уқба ибн Әби Муғайт пен Надр ибн әл-Хаританы ғана өлім жазасына кескен. Аталмыш екі тұлға да мұсылмандармен соғысып жатқан қарсы тараптың қолбасшылары еді. Дегенмен, Мұхаммед пайғамбар 10 жыл бойы басынан өткізген 29 шайқастың ешбірінде тұтқындалған қатардағы жауынгерді өлімге кеспеді, тіпті керісінше оларға рақымшылық танытуға үндеді.
Сонымен қатар әскери жиһадты жүргізудің басты қағидаттарының бірі – соғыс жағдайында қолына қару алған қарсылас жауды ғана өлтіруге болады, алайда олардың отбасы мүшелері мен соғысқа қатыспағандарды қасақана өлтіруге тыйым салынған.
Айтылғандардан белгілі болғандай, қазіргі таңдағы ИШИМ жүргізіп жатқан қарулы қырғын исламның шариғи қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан мұндай әрекеттер исламға, мұсылман қауымына және жалпы адамзатқа қарсы жүргізіліп жатқан террорлық акт ретінде бағаланады.
ДІН САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША
20 СҰРАҚ-ЖАУАП
6-шығарылым: Шетін көзқарас – дінге жат
Астана қ., Орынбор көшесі, 8, «Министрліктер үйі» ғимараты,
15 кіреберіс
Достарыңызбен бөлісу: