2013 жылдың 09 айының қорытындылары бойынша жасалған жұмыстар жөніндегі Рахат кентінің әкімі С. Исабергеннің есебі



Дата23.02.2016
өлшемі50.6 Kb.
#6772
2013 жылдың 09 айының қорытындылары бойынша жасалған жұмыстар жөніндегі Рахат кентінің әкімі С.Исабергеннің

есебі.

Құрылым. Рахат кенті Жаңаөзен қаласының шекарасында Маңғыстау облысы әкімдігінің 2012 жылғы 05 желтоқсандағы №306 қаулысы мен Маңғыстау облыстық мәслихатының 2012 жылға 07 желтоқсандағы №7/81 шешіміне сәйкес құрылды. Әкімшілік-аумақтық бірлігіне «Рахат», «Ақсу», «Жұлдыз», «Мерей» шағынаудандары кіреді.

Осыған сәйкес, Жаңаөзен қаласы әкімдігінің 2013 жылғы 17 қаңтардағы №10 қаулысына сәйкес «Рахат кенті әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі құрылды. Қазіргі уақытта штат құрамы толықтырылып, мекеме қалыпты жұмысын жүргізуде.

Рахат кентінің тұрғындарының санын анықтау мақсатында санақ жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда тұрғындар саны 30612 адамды құрап отыр. Санақ жұмыстары әлі де жалғасуда.

Кәсіпорындар. Кент көлемінде 3 орта мектеп, 1 жекеменшік политехникалық колледж, қалалық емхананың бөлімшесі, 2 мемлекеттік – «Нұршуақ», «Айгөлек» балабақшалары, 2 жекеменшік – «Әмірхан», «Ақерке» балабақшалары жұмыс жасайды. «Ақсу» шағынауданында жаңа емхана құрылыс жүргізілуде.

Ақсақалдар кеңесі. Кенттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірінде өздерінің ақыл-кеңестерімен, бай тәжірибелерімен, ықпалды әрекеттерімен өзіндік рөл атқаратын Ақсақалдар кеңесі құрылды. Оның төрағасы болып Айтжанов Жанәділ сайланды. Кент қариялары бүгінде қалалық шараларға белсене қатысуда. 1 қазан – Қарттар күні қарсаңында қарияларды кент әкімінің құттықтауы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, кенттегі Ақсу шағынауданында тұратын жалғызілікті қарияның үйіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ауласы тазаланды.

Әлеуметтік көмек. Қазіргі уақытта әлеуметтік көмек көрсету, жұмыссыздарды тіркеу т.б. шаралар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда кент тұрғындарынан 2013 жылдың 9 айында 82 жанұяға (431 адам) атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген, сомасы – 7584,1 мың теңге. Сонымен қатар, жыл басынан бері 123 жанұяға, яғни 435 балаға 2970,4 мың теңгенің 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы берілген.

Жұмыссыздық. 01.10.2013 ж. жағдай бойынша 496 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде қоғамдық жұмысқа – 197 адам, жастар практикасына – 23 адам, әлеуметтік жұмысқа - 64 адам, кәсіптік оқуға – 46 адам жіберілген. Тұрақты жұмысқа тұрғандар саны – 125 адам.

Кәсіпкерлік. Кент бойынша орналасқан барлық кәсіпкерлік нысандарының тізімі жасақталды. Қазіргі уақытта барлығы 67 кәсіпкерлік нысандары тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 49 азық-түлік дүкені, 5 шаштараз нысаны, 4 тігін цехы, 2 автокөліктерге қызмет көрсету орталығы, 1 наубайхана, 1 құрылыс материалдарын сататын база, 2 кафе-бар т.б. Аталған нысандар 219 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Денсаулық сақтау. Тұрғындарға медициналық қызмет көрсету терпевтикалық және акушерлік профиль бойынша жүргізіледі. 2013 жылдың 9 айына ересек тұрғындар арасында 1962 аурушылық, балалар арасында – 12592 аурушылық тіркелген.

Аурушылықтың құрылымы бойынша, 1-орында қан айналымы аурулары 2-орында ас қорыту аурулары, 3-орында – сүйек-бұлшық ет аурулары тұр. Ал балалар арасында 1-орында тыныс алу аурулары, 2-орында қан аздығы, 3-орында ас қорыту және тері аурулары кездеседі.

Ағымдағы жылдың 9 айында 64 өлім жағдайы тіркелген, оның ішінде: 17 жағдай – жасы жетуіне, 14 жағдай – ас қорыту ауруларымен, 8 жағдай кенеттен болған жағдайлармен байланысты.

Тазалық. Рахат кентінде 2 санитарлық тазалық бөлімі жұмыс жасайды. Оның бірі «Рахат», «Ақсу» шағынаудандарын қамтыса, екіншісі «Жұлдыз», «Мерей» шағынаудандарын қамтиды, екі бөлімшеде 65 жұмысшы жұмыс жасайды. 1326 дана қоқыс жәшігі орнатылған. Жыл басынан бері Рахат шағынауданы бойынша - 2199 тонна, «Ақсу» шағынаудан бойынша – 2827 тонна, «Жұлдыз» шағынауданы бойынша – 1229 тонна, Мерей шағынаудан бойынша – 79 тонна қоқыс шығарылды. Кенттегі Т.Айдаров, Ө.Балғымбаев, М.Әбдіхалықов көшелеріндегі тас-топырақ үйінділерін алуға техникалар қойылды. Ауыл тазалығын сақтау мақсатында сенбіліктер өткізілді. Тазалықты қалыпты деңгейге жеткізу мақсатында «Тазалық» МКК-ның, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның, «Жөндеу» ЖШС-нің қолдау-көмектері арқылы шағынаудандардағы қоқыстар тазаланды. Көктемгі екі айлық сенбіліктер барысында тал егу, әктеу, жаңарту шаралары ұйымдастырылды.

Жылу энерги ясымен жабдықтау. Кентте «ӨзенЖылу» МКК-не қарасты 4 жылу қазандығы жұмыс жасайды. Жақын арада Ақсу шағынауданындағы емхана мен «Нұршуақ» балабақшаларының жылу қазандықтары іске қосылады. Биылғы жылы Ақсу шағынауданындағы №18 орта мектептің автономды жылу қазандығына қосымша 1 дана бойлер орнатылды.

Газбен қамту. Рахат кенті бойынша газ құбырларының жалпы ұзындығы 96,811 п/м, газ тұтынатын тұрғын үй саны – 6052. Кент бойынша 37 адам қызмет көрсетеді.

Электр энергиясымен қамту. Қазіргі уақытта кентте бір «Рахат-110/6 кв» қосалқы подстанциясы, жүз комплект трансформаторлық подстанция, үш тарату торабы, үш трансформаторлық подстанция және 45,2 км 6 кв жоғары кернеулі әуе желісі, 425,08 0,4 кв әуе желісі жүргізілген. Электр энергиясын тұтынатын тұрғындар саны - 5881

Биылғы жылы Рахат шағынауданы бойынша №1-5 көшелерге, Н.Тлендиев көшесіне жаңадан 0,4 кв әуе желісі жүргізіліп, ескі комплект трансформаторлық подстанциялары жаңартылды. Ақсу шағынауданы бойынша №11-15, 18, 34 көшелерінің бір жақ бетіне 13,34 км 0,4 кв әуе желілерінің құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілді, 8 дана трансформаторлық подстанция орнатылып, іске қосылды.



Құрылыс. Биылғы жылы кент бойынша іске асырылатын инвестициялық жобаларға тоқталсақ:

1/ Мерей шағынауданынан салынатын 1200 оқушыға арналған мектеп құрылысы. Биылғы жылға жоспарланған қаржы толықтай игерілді. Нысанның үшінші қабатының үсті жабылып ішкі сылақ жұмыстары жүргізілуде. Сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы жалғасуда. Іске қосу мерзімі – 2014 жыл.

2/ Жұлдыз шағынауданында салқын судың есептегіштерін орнату. (қосымша жұмыстар) Жұмыстар жалғасуда, іске қосу мерзімі – желтоқсан, 2013 ж.

3/ Жұлдыз шағынауданын сумен қамту жүйесінің құрылысы. (1,2 –кезек) Жылдық жоспарланған қаражат толықтай игерілді, нысан іске қосылды.

4/ Мерей және Жұлдыз шағынаудандарын электрмен қамту жүйесінің құрылысы, жылдық жоспарланған қаражат игерілді, аталған шағынаудандар толықтай электр энергиясымен қамтылды.

5/ Жұлдыз шағынауданындағы 320 орындық балабақша құрылысы, қаражат игерілді, нысан іске қосылды.

Мәдени-көпшілік шаралар. Есепті кезең ішінде Наурыз мерекесіне, Жеңіс күніне, 1 маусым – балалар күніне орай шаралар ұйымдастырылды. Шара барысында белсенді қатысқан ұжымдар мен жеке адамдарға кент әкімінің алғыс хаттары тапсырылды. Ұстаздар мерекесінде кенттің білім беру орындарында мерекелік шаралар, салтанатты кештер, жолдастық кездесулер өткізілді.

Қорытынды. Жаңадан ашылған кент әкімшілігінің жұмысын ұйымдастыруда бірқатар шаралар өз шешімін күтіп тұр. Тұрғындар тарапынан түсетін арыз шағымдарға дер кезінде жауап беріліп, мәселелерін мүмкіндігінше шешуге жұмыстанудамыз.

Тұрғындардан түсетін мәселелердің басым бөлігі кенттегі иесіз иттерге байланысты. Бұл бағытта қалалық ауыл шаруашылығы бөлімімен бірлікте жұмыстар ұйымдастырылып, жыл басынан бері 233 ит атылды. Бұл жұмыстар жалғасын таба беретін болады.



Тұрғындардың банкомат жөніндегі өтініш-тілектері бойынша жасалған жұмыстар өз нәтижесін беріп, Жұлдыз шағынауданының Орталық көшесінде орналасқан «Мейірбек» дүкенінде банкомат желісі орнатылды.

Әрине, кент бойынша қордаланған мәселелерді шешу күн тәртібінде тұр. Автомобиль жолдарына асфальт төсеу, жүргіншілер жолдарын салу, шағынаудандардағы сумен қамту жүйелерін жетілдіру, электр энергиясы т.б. мәселелерді шешу бойынша тиісті органдарға ұсыныстар жасап, өз кезегінде жұмыстар жүргізудеміз. «Көш жүре түзеледі» деп халық даналығында айтылғандай, бірлік пен түсіністіктің нәтижесінде небір асуларды бағындырарымызға сенімдімін.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет