2.3 Қытай және Ресей
Әлем және Азия Тынық Мұхиты аймағының дамуы жөніндегі болжамдарға сәйкес Қытай ғасырдың ортасында жалпы ұлттық күші бойынша және экономика саласында АҚШ-ты басып озады.
Ал Корей түбегі мыңдаған жылдар бойы Қытай ықпалындағы ел болып келген еді. Қытай оған бақылау жасаудан тек жүзге жуық жыл бұрын ғана айырылған болатын. Қытайға қысым жасау үшін КХДР-дің АҚШ плацдармына айналып кетуі мүмкіндігіне Пекин алаңдаушылық білдіруде. ҚХР үшін әскери-стратегиялық және саяси жағынан алғанда, американдықтардың әскери күшпен КХДР-ды басып алуы тиімсіз болып табылды. Мұның салдары АҚШ-тың Корей түбегіне бақылау орнатуына, Қытаймен шекаралас жерге (Маньчжурия маңында) АҚШ қарулы күштерінің орналасуына әкеп соғады. Сонымен қатар, кейбір ресей мамандары пікірінше, АҚШ-тың Ауғанстандағы террористерге қарсы операциялары, Иракқа қарсы шабуыл нәтижесінде Орталық Азияда құрылған АҚШ әскери базалары АҚШ-қа терроризмге қарсылық көрсету үшін емес, Қытайдың солтүстік-батысына бақылау орнату үшін қажет. Сондай-ақ, ҚХДР-дан «айырылу» ҚХР-дың Азия мен әлемдегі беделі мен сыртқы саяси беделіне нұқсан келтіреді.
Қытайдың ядролық дағдарыс мәселесін шешудегі ролі туралы 2005 жылы ақпандағы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс пен Оңтүстік Корея СІМ-і Бан Ки-Мун кездесуінде Қытайдың бұл мәселені шешуде маңызы зор деп жарияланды [30].
Қазіргі дағдарыс кезінде Пекин әлденеше рет Корей түбегінің ядролық қарусыз мәртебесін қолдайтынын мәлімдеді. Себебі КХДР-да ядролық қарудың пайда болуы Жапония, Оңтүстік Корея, Тайваньды осындай қадам жасауға итермелеуі мүмкін. Бірақ Қытайдың осы қауіптерін пайдалана отырып, оны ҚХДР-ға мейлінше қысым жасауға мәжбүрлегісі келетіндер мына мәселені «аңғармайды». Ол мәселе мынады: ядролық қарудың таратпауға Қытаймен қатар АҚШ та мүдделі. Өйткені Жапония, Корея Республикасы, Тайваньның ядролық қаруға ие болуы американ әскерінің аймақта қалуының қажетсіздігін туғызады, ал бұл жағдай осы елдермен екіжақты әскери альянстарын қайта қарастырып, американ әскерінің шығарылуына әкелуі мүмкін. Бірақ Вашингтонның ең үлкен қорқынышы – АҚШ-тың Кореядағы әскери іс-қимылдарын жүргізуі Ресей мен ҚХР-дің әскери-саяси одағын қайта қалпына келтіруі Қытай ҚХДР-ды АҚШ-пен арадағы буфер секілді ұстауға кең арсеналға ие. Әрі Пекин Солтүстік Кореямен әскери-саяси келісім шартқа ие оның бірден-бір одақтасы болып табылады. Американдықтардың Кореямен саясатындағы соқтығы Кореяда, Ирактан бір ерекшілігі, Қытай ықпалының болуымен түіндіріледі. АҚШ әзірге Қытаймен бұл мәселеге байланысты қарама-қайшылықтарға ие болуға дайын емес. Өйткені бұл бір жарым миллиард адаммен дау-жанжал туады деген сөз, сол себепті Вашингтон Кореяда әскери күш қолдану үшін әлі де көп ойланары анық. Сондықтан, АҚШ тек өз әскерін 38-параллельден әрі асырмайды немесе КХДР-дағы ядролық нысандарға дәл соққы берумен шектеледі.
Сонымен қатар, КХР 1983-1984 жылдардағы жағдайға қарағанда, қазіргі дағдарысты шешуде белсенді позицияны иемденген.
Елдің әрі қарай дамуы үшін қолайлы сыртқы жағдайлар туғызуға бар күшін салатын ҚХР-дің қазіргі басшылығы Пхеньянға белсенді ықпал көрсетуге дайын екендігін білдірді. 2003 жылы ақпанда КХР-дің МАГАТЭ-дегі өкілі КХДР ядролық бағдарламасы мәселесін БҰҰ ҚК-не беру резолюциясына дауыс берді. Дәл сол айда қытайлықтар «техникалық ақауларға» байланысты екі ел арасындағы жалғыз мұнай құбырын жауып, Пхеньянның ядролық мәселеге байланысты саясатына көңілі толмайтынын білдірді.
Солтүстік Корея қоғамдық құрылысы әкімшіл-әміршіл экономикаға, азаматтарға бақылау жүргізуге және елдің сыртқы әлемнен оқшаулығына негізделген тоталитарлық-диктаторлық тәртіп болып табылады.
Қытай, сондай-ақ, КХДР режимін қолдау ісін жеңілдету үшін Солтүстік Кореяны сыртта саясатта сабырлылық және экономиканы қайта құруға шақыруға тырысады. Солтүстік Корея өздерінің жазаланбайтынын байқап (қытайлықтар оларды «сатып кете алмайды», ал мерикандықтар дәл Қытай қасында әскери күш қолдана алмайды), қазіргі режимді сақтау үшін зымыран қаруын жасай бастады. КХДР-дің ядролық қаруды жасау мүмкіндігі туралы КГБ-нің 90 жылдардың басында жүргізілген бақылау жұмыстарында айтылған болатын.
КХДР-дың бұрынғы одақтасы Ресей де Корей түбегінің ядролық қарусыз мәртебесін қолдайды және КХДР-дың ЯҚТК-ден шығу туралы шешімі жөнінде РФ СІМ «бұл қадам халықаралық қауымдастықтың ядролық қаруды таратпауға деген қызметіне нұқсан келтіреді және ядролық қаруды таратпау мәселесін саяси-демократиялық жолмен шешуге тырысатын мемлекеттердің атқарған істеріне әлемдік және аймақтық дәрежеде теріс әсерін тигізеді» деп мәлімдеді.
Путин мен Ху Цзиньгао 2003 жылы мамырда Мәскеуде өткен саммитте қабылдаған декларацияда тараптар ЖҚҚ-ның таратпауды және Корей түбегінің ядролық қарусыз мәртебесін қолдайтынын білдірді. Сонымен қатар, олар Солтүстік Кореядағы дағдарысты шешу үшін Ресей мен Қытай әскери күш қолданбайды және КХДР-дың қауіпсіздігіне кепілдік беріп, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына қолайлы жағдай туғызуға күш салады деп мәлімдеді [31].
Бірақ Мәскеу позициясының бұл екі аспектісіне үнемі күмән келтіріледі. Кейбір ресейлік саясаттанушылары пікірінше, АҚШ-тағы 2001 жылы 11 қыркүйектегі оқиғасынан кейін Ресей дипломатиясы алдында «зұлымдық ошағына» кіретін мемлекеттермен қарым-қатынасты қайта қарастыру мәселесі тұр. Путиннің мұндай мемлекеттерге байланысты қатаң саясаты туралы кейбір сарапшылар Ресей басқа мемлекеттерді қорғауы үшін өзі әлі де болса, тым әлсіз деген пікірде. Ал басқа сарапшылар Ресей өркениетті мемлекет ретінде басқа елдерге сүйеніш қорғау бола алмайды. Осылайща, Ресей өзінің дәстүрлі одақтастарымен қарым-қатынасты үзбесе де, оларға сүйеніш болмайтынын білдірді.
Ресей дәстүрлі түрде Солтүстік Корея үшін дос мемлекеттерінде танылған болатын. Дегенмен, «қырғи - қабақ» соғысынан кейін Мәскеу Сеулмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан соң, Ресей мен КХДР достастығы үзілді.
Пхеньян өз одақтасынан айырылғаннан кейін жаңа қалыптасқан халықаралық жүйеде саяси және экономикалық оқшауланған күйінде қалды.
Осыған байланысты, Пхеньян өзінің ішкі-сыртқы саясатын қайта қалыптастыру мақсатымен АҚШ және еуропалық мемлекеттермен қарым-қатынас орната бастады. 1994 жылы Женевада АҚШ-КХДР қол қойған келісімі Корей ядролық мәселесін шешудің құқықтық негізі болуы тиіс еді.
Алайда АҚШ-тың өз міндеттерін орындамауы аймақтағы жағдайды күрт шиеленістірді.
Ресей пікірінше, мәселені шешу үшін КХДР-ға қауіпсіздік кепілін беру керек, сондай-ақ, Корей түбегіндегі гуманитарлық және экономикалық бағдарламаларды жаңарту керек. Дәл осы тұста Ресей мен кепілдік беру мәселесін қарастырғысы да келмейтін Вашингтон арасында пікірлер сәйкессіздігі орын алады
Бұған 2003 жылы қыркүйектегі Кэмп-Дэвидтегі Ресей-АҚШ саммитінде тағы да көз жеткізілді. Мұнда В.Путин Дж.Буштан бір ерекшелігі, КХДР-дың ядролық қарудан бас тартуы үшін оған қауіпсіздік кепілдігін беру керек деген ұсыныс айтқан болатын.
Пхеньян қазіргі дағдарыс жағдайында Ресей позициясы туралы өз пікірін білдіруден қашқақтайды. Дегенмен, АҚШ пен оның құрамында Ресей де бар одақтастарының мәлімдемелері мен іс-әрекеттеріне берген жауаптарына қарағанда, тараптардың позициялары үнемі сәйкес бола бермейтіні байқалады. Си - Айлендте (АҚШ) Ресей қатысқан «сегіздік» қабылдаған ядролық қаруды таратпау туралы жоспар КХДР-дың наразылығын туғызды. КХДР СІМ өкілі өз мәлімдемесінде АҚШ және басқа мемлекеттерді КХДР-ға қысым көрсетпек болғандары үшін және «халықаралық қатынастардағы әділдік, теңдік» принциптерін бұзғандары үшін айыптады.
Солтүстік Корея, әсіресе, Ресейдің ядролық қаруды «толық, қайта қалпына келтірілмейтін және тексерілетін жою» жолы принципі мен КХДР-дан уран байыту жұмыстарын тоқтатуды сұрауына көңілі толған жоқ. Пхеньянды жұбатарлық нәрсе ол бұл құжатта тек әскери атом жобаларын тоқтату талп етілген, ал бұл бейбіт атомның дамуына жол ашады.
КХДР-дың берген қатал сынына қарағанда, 2004 жылы мамырда Ресейдің, АҚШ-тың «жаппай қырып-жою қаруының таралуымен күресі бойынша бастамасына» қосылуын КХДР мақұлдамағаны анық.
Осы себепті Ресейді алты жақты келіссөздерге жетелеген факторларға баға беру аса маңызды. Бұл жерде ресейлік дипломатия да өз ролін ойнады. Бірақ негізгі себеп Солтүстік Кореяның Пекин позициясынан көңілі қалуында болып отыр, осыған байланысты Солтүстік Корея өзінің екі держава көршісінің бақталастығын тудырғысы келеді.
Әрі, өткен тарих көрсеткендей, Солтүстік Корея АҚШ-пен дипломатиялық қатынас жүргізуінде көршілес мемлекеттердің қауіпсіздігін есепке алмайтыны белгілі. Сол себепті Солтүстік Корея-АҚШ қатынастарының күтпеген нәтижелеріне Ресей мен Қытай еске сақтауы тиіс.
ІІІ тарау. КХДР ядролық дағдарысын шешу жолдары мен нәтижелері
3.1 КХДР ядролық дағдарысын шешудегі алтыжақты келіссөздердің нәтижелері
Солтүстік Корея ядролық бағдарламасы мәселесін алтыжақты келіссөздер арқылы шешуді американ-солтүстік корей диалогының баламасы ретінде АҚШ ұсынған болатын. Мұндағы Вашингтонның айтқан сылтауы Пхеньянның АҚШ-пен жасаған келісімдерді жүзеге асырмауына байланысты сенімнен шығуы. Ал көпжақты күш жұмылдырудағы АҚШ-тың негізгі мүддесі КХДР-дағы қалыптасқан жағдай үшін өз жауапкершілігін басқалармен бөлісу. Кореядағы тұрақтылық, Солтүстік Кореяның ядролық қарусыз елге айналуы және осы елдің бірден нарықтық-демократиялық жолға түспесе де, кемінде нарықтық жолға өтуіне алтыжақты келіссөзге қатысушылардың бәрі де мүдделі. Дегенмен ішінара кейбір мәселелерде мемлекеттердің пікірі әр түрлі.
Шартты түрде айтқанда КХДР мен АҚШ ядролық дағдарыстың екі қарама-қарсы тарабында тұр. Сонымен қатар, бұл жерде Жапония ядролық қаруды таратпау және зымыран технология мәселесін шешудегі қатаң ұсыныстары жағынан басқа мемлекеттерге қарағанда АҚШ-қа жақынырақ келеді. Оңтүстік Корея да сөз жүзінде американ позициясына жақын болса да, іс жүзінде Вашингтон қысымы болмаса, бұл мәселені «айналып өтуге» дайын. Ресей мен Қытай ядролық қаруды таратпауға жауапты державалар ретінде бұл мәселеде американдықтардай қатал саясат ұстануға тиіс болса да, Мәскеу мен Пекин нақты іс-қимылдарды тек Пхеньян ядролық сынақтар жүргізетін болса ғана жүзеге асырады.
КХДР-мен әріптестік мәселеде Оңтүстік Корея мен Қытай белсенділік көрсетуде. Қытай бұл арада Пхеньян режимінің құлауы Солтүстік-Шығыс Қытай провинциялары үшін күрделі әлеуметтік салдарға әкелуі мүмкіндігінен қауіптенеді [32].
Жапония бір жағынан экономикалық қатынастар мәселесін қозғаса, екінші жағынан оған ядролық мәселені шешу шартын қояды. Ресей экономикалық көмек көрсету ресурстарына ие емес. Солтүстік Кореяда мұнай-газ қорының болмауы және жекешелендіру бағдарламасының жүргізілмеуіне орай КХДР Ресейдің ірі іскер орталықтарының қызығушылығын туғызбай отыр. Сондай-ақ, Қытай мен Оңтүстік Корея КХДР режимінің құлайтын болса, жоғары көлемдегі босқындар легінен қауіптенеді. Ал Ресей Солтүстік Кореямен 17 км ғана жер шекералас болса да, бұл босқындар Қытай арқылы өтіп кетеді ме деп алаңдаушылық білдіруде.
Солтүстік Корея өзінің қауіпсіздігі мәселесін АҚШ-пен қарым-қатынаспен байланыстырады. Сонымен қатар, Қытайдан энергетикалық көмек, экономикалық көмекті Оңтүстік Корея және Қытайдан, ал саудада Оңтүстік Корея және БҰҰ-нан жәрдем күтеді. Солтүстік Корея элитасының қаржы мүдделері Жапония және Еуропа мемлекеттерінің (Швейцария, Англия, Австрия) банк институттарымен байланыстырады. Ресей мен Қытай сияқты Жапония да КХДР үшін қаруды заңсыз сатып алу және есірткіні сату үшін маңызды.
Солтүстік Корея ядролық дағдарысын шешудегі аталған елдер мүдделерінің қарама-қайшылықтарына қарамастан, бұл мәселені шешуде тежейтін басты себеп – КХДР мен АҚШ позицияларының қарама-қайшылығы.
БҰҰ хатшысы К.Аннанның кеңесшісі Морис Стронг пікірінше, АҚШ – КХДР қарама-қайшылығы мәселені шешудің өзегі болып табылады. Екі мемлекет те өз міндеттерін орындау үшін өзара кепілдіктер беруі қажет [].
Америка Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын толық жойғаннан кейін ғана, бұл мәселені талқылауға кірісетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, АҚШ Солтүстік Кореяның тек әскери мақсаттағы ядролық бағдарламасын ғана емес, ұлттық энергетиканы дамыту үшін бейбіт қолданылатын атом энергиясын пайдалануды тоқтатқысы келетіні анық. АҚШ талаптары МАГАТЭ-ның мемлекеттерге өз бақылауымен бейбіт атом энергиясын пайдалануға беретін құқығымен қарама-қайшы. Осы жерде АҚШ-тың КХДР-да АЭС салуға құлқы жоқ екендігі айқындалады: яғнм атом саласына тыйым салынса, КЕДО-ның таратылуы заңды түрде ақталады [33].
КХДР-дің өзі бұл мәселені кезең-кезеңімен шешуді ұсынды. Бірінші кезеңде АҚШ-пен мемлекетаралық қатынастарды жақсарту мәселесі қойылады, яғни американ экономикалық санкциялардың жойылуы мен КХДР-дің халықаралық терроризмді қолдаушы мемлекеттер тізімінен шығарылса, КХДР да өзінің плутоний бағдарламасын тоқтатады. Алайда Пхеньян бейбіт ядролық бағдарламасын жүргізу құқығын өзіне қалдыратынын білдірді.
Алты жақты келіссөздерге қатысушылар арасында КХДР-дағы әскери ядролық саласы үлкен дау туғызды. АҚШ пікірінше, ҚХДР-да плутоний бағдарламасынан бөлек, ядролық қаруға материалдар алу үшін уран байыту ісі жүргізілуде деп кінә тағуда. Ал Қытай мен Оңтүстік Корея АҚШ-тың бұл мәлімдемесін дәлелдеуді талап етуде. Ресей болса, Си Айлендтегі «үлкен сегіздіктің» кездесуі кезіндегі қол қойылған құжаттарға сәйкес АҚШ позициясына іс жүзінде қосылды.
Аталмыш алты жақты келіссөздердің сәттілігі үшін АҚШ ең ақырында тек ядролық қаруды таратпау мәселесімен шектеледі ме, әлде келіссөздерді КХДР-дің режимін құлатуға алғышарт ретінде пайдаланады ма деген сұрақ үлкен маңызға ие.
2004 жылы наурыз айындағы «Нью-Йорк Таймс» газетінің редакциялық мақаласында «Буш әкімшілігі келіссөздерді тек басқа қатысушылар – Оңтүстік Корея, Жапония, Ресей, Қытайды Солтүстік Корея дипломатиялық шешімдер жасауға мүддесі мүлде жоқ деп сендіруге пайдаланғысы келгенге ұқсайды деп жариялады. Газет әрі қарай егер Солтүстік Корея өзінің барлық ядролық бағдарламасын бақыланатын жолмен жоятын болса және оған жауап ретінде Вашингтон нақты дипломатиялық және экономикалық қадамдар жасаса ғана бұл мәселені шешуде алға жылжу бар деп айтуға болады дейді.
АҚШ-тың өз позициясын қатаң ұстауы 2004 жылы 23-25 маусымдағы алты жақты келіссөздер (Пекин) кезінде КХДР-дің емес, АҚШ-тың өзінің оқшалануына әкелді. Бұл келіссөздер басталмай тұрып-ақ, Жапония мен Оңтүстік Корея егер КХДР ядролық қаруды толығымен біртіндеп жоятын болса, ядролық бағдарламаны жүргізуді тоқтату кезеңінен бастап КХДР-ға көмек ұсынатынын білдірген болатын.
Осыған орай, АҚШ КХДР ядролық мәселесін кезеңдерге бөліп шешуге келісуге мәжбүр болды. КХДР СІМ өкілі келіссөздердің 3-раундын “игі қадам” деп мойындаса да, бұл келіссөз АҚШ-тың әлі де болса КХДР-дың қарусыздануынан кейін атқаруға тиіс міндеттерін артқа шегеруде деп мәлімдеді. Солтүстік Кореяның бұлайша қауіптенуіне негіз бар: 2004 жылы 15 шілдеде АҚШ делегациясының басшысы Дж.Келли Солтүстік Кореяның өз ядролық қаруын жоюы АҚШ-ты КХДР-мен қарым-қатынасты жақсартуға жетелемейді. Оның себебі – КХДР-да заңсыз қару мен есірткінің саудасы, жалған доллардың шығарылуы және адам құқығының аяққа тапталуы. АҚШ-тың бұл акцияларына жауап ретінде КХДР келіссөздерді жүргізудің түп негізі жоғалды деп мәлімдеді. Өйткені КХДР үшін басты мәселе АҚШ-пен қарым-қатынасты жақсарту болып табылады.
Дегенмен алтыжақты келіссөзге қатысушылар бұл келіссөздің Пекинде 4-раундын өткізуге қол жеткізді. 2005 жылы 19 қыркүйекте Солтүстік Кореяның ядролық мәселесіне байланысты өткен келіссөзде екі жылдан бері алғаш рет ортақ мәлімдеме жарияланды. Алайда бұл мәлімлдеме ешбір нақты істі шешкен жоқ, тек тараптардың онсыз да белгілі позицияларын белгіледі. Дегенмен бұл келіссөздің өз оң тұстары да бар.
Біріншіден, нақты маңызға ие болмаса да, ортақ мәлімдемеге қол қойылудың өзі алға жылжушылық болып табылады.
Екіншіден, Ортақ мәлімдемеде АҚШ Оңтүстік Кореяда ядролық қаруды жоқ екендігін жазбаша мәлімдеді.
Үшіншіден, Солтүстік Корея мәселесі Қытай мен АҚШ-тың тығыз және нәтижелі дипломатияның ең алғашқы қадамы болып саналады.
Бірақ бұл аталғандар Солтүстік Корея ядролық дағдарысын шешуге жеткіліксіз. Келіссөзден кейін келесі күні КХДР бұрынғы әдетімен Солтүстік Корея ядролық реактор алғаннан кейін ғана, ядролық қаруды жояды деп мәлімдеді [34].
Ал АҚШ пен Жапония АЭС құрылысы тек КХДР ЯҚТК-ге қосылған кезде ғана мүмкін болады деп қарсы пікір айтты.
Осылайша, келіссөздердің төрт раундында да Солтүстік Корея ядролық дағдарысын шешуде айтарлықтай жетістікке жеткізілген жоқ, осы мәселеге байланысты алуан түрлі пікірлер айтылуда. Ресей ғалымы В.Михеев пікірінше, Солтүстік Кореядан басқа мемлекеттердің («бестік») қателігі. Олар КХДР-дың ядролық бағдарламасын тоқтатуға қалай көндіруге болады деген мәселеге көп көңіл бөледі, яғни бұл мәселені Солтүстік Корея қолданатын ережелермен жүреді. Бұл қателікті жөндеу үшін бұл мәселені шешу стратегиясын мына екі мақсат үшін қайта қарау керек: қазіргі 1953 жылы Бітім туралы келісімге негізделген тәртіп орнына Кореяда бейбітшілікті сақтаудың жаңа халықаралық құқықтық тәртіп орнату керек; Солтүстік Корея режимін бейбіт жолмен қайта құру.
Бұл үшін алтыжақты келіссөздердің күш тәртібін өзгерту керек: Бітім туралы келісімді КХДР мен АҚШ, Оңтүстік Корея және Солтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қатынастармен алмастыру мәселесін қарастыру керек, бұл мәселені ядролық дағдарыс мәселесі қалай шешіліп жатқаннан тәуелсіз жүргізу керек.
Одан әрі қарай, алтыжақты келіссөздер кезінде Солтүстік Кореяға ядролық бағдарламадан бас тартуы үшін берілетін қауіпсіздік кепілдіктерді беру туралы келіссөздерді КХДР-ға экономикалық және энергетикалық көмек беру туралы келіссөздерден бөлек жүргізу керек. Экономикалық көмек тек КХДР-дың ядролық бағдарламадан бас тартуы үшін емес, нарықтық реформа жүргізуі үшін берілуі керек.
«Бестіктің» кездесулері Солтүстік Корея қатыссын не қатыспасын тұрақты түрде өткізіліп тұруы керек, дегенмен Пхеньян үнемі шақырулар алып отыруы тиіс. Бұл кездесулердің күн тәртібі болашақта аймақтық қауіпсіздік мәселелерімен толықтырылуы мүмкін.
Алтыжақты келіссөздерге қатысушылар Солтүстік Корея ядролық дағдарысын шешу үшін мына мәселелерді қарастыруы қажет:
Біріншіден, мәселенің негізі Солтүстік Корея ядролық бағдарламасы емес, Солтүстік Кореяның жабық, тоталитарлық тәртібі және оның үнемі сыртқы әскери-саяси қауіп туралы үрей таратуы. Яғни Корей түдегіндегі қауіпсіздік сақтауға басты қауіп ядролық қару емес, Солтүстік Корея тәртібі болып отыр.
Екіншіден, КХДР АҚШ және басқа мемлекеттерді өзінде ядролық қару бар деп алдауы да мүмкін. КХДР-дың бұл саясатының мақсаты – ядролық бағдарламаны жою үшін емес, тәртіпті нарықтық қатынастарға өткізуі үшін АҚШ-тан қауіпсіздік және экономикалық кепілдік алу.
Үшіншіден, Кореядағы тұрақсыздықтың тағы бір себебі 1953 жылы АҚШ-КХР-КХДР қол қойған келісім негізінде құрылған тәртіптің ескеруі болып табылады.
Төртіншіден, КХДР ядролық бағдарламасының төндіретін негізгі қаупі – бұл Солтүстік Кореяның шетелдерге радиоактивті материалдар мен зымыран технологиясын сату мүмкіндігі.
Айтылғандарға сай, Кореяда қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтау үшін ядролық бағдарламаға емес, Солтүстік Корея саяси тәртібін қайта құруға мән беру керек. Әскери жолмен тәртіпті қайта құру жолы ҚХР, Ресей, Оңтүстік Корея және КХДР-дағы адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, бұл мәселені шешуде қолданылмағаны жөн. Екіншіден, 1953 жылы Бітім туралы келісім орнына бейбітшілікті қолдайтын жаңа тәртіп орнату. Үшіншіден, Солтүстік Кореядан қауіпті материалдар мен технологияның таралуы жолын бөгеу.
Бұл жерде Солтүстік Кореяның мүлде қарама-қайшы мүддесін есепке алу керек: тәртіпті өзгертпей-ақ, ядролық бағдарламаны мүмкіндігінше қымбатқа сату.
Бір жағынан, соңғы кезде Пхеньянның 1953 жылғы Келісім негізінде құрылған қазіргі халықаралық-құқықтық тәртіпті қайта қарауға ынтасын байқауға болды.
Бұл келісімді ауыстыру Қытай үшін де қолайлы болар еді, себебі ол Пекинде 1950-1953 жылдары Корей соғысы кезіндегі КХДР одақтасы ретінде өз жауапкершілігі мен міндеттемелерінен құтылады [35].
Сонымен қатар, егер алтыжақты келіссөздерге қатысушылар одан әрі Солтүстік Корея қойған шарттармен жүрсе, қалыптасқан жағдай бұрынғы ізін қайталап шығады: Пхеньян келіссөздерге бірде қатысып, бірде қатыспай немесе жағдайды ушықтыруы мүмкін. Ал КХДР келіссөздерге қатысуға келісім беру арқылы тәртіптің қауіпсіздігі туралы кепілдік пен өзінің экономикалық кедейленуін тоқтату үшін экономикалық көмек алғысы келеді.
3.2 КХДР ядролық дағдарысын шешудің болашағына болжам
КХДР ядролық дағдарыстың жағдайының одан әрі дамуының сегіз түрлі жолы бар. Біріншісі – қазіргі дағдарыс жағдайындағы КХДР басшылығы саясаты негізгі мақсатына сәйкес, ядролық бағдарламаны жою ісін Солтүстік Кореяның келіссөзге қатысушылардан қаржылай-экономикалық көмекке айырбастау. Қазіргі кезде саудаға түсіп тұрған нәрсе – бұл КХДР ұлттық қауіпсіздігі, ал ол үшін шабуыл жасамау, ішкі істерге қол сұқпау кепілдігі берілуі керек және КХДР-ды АҚШ-тың мойындауы талап етілуде. Сондай-ақ, бұл жерде ядролық бағдарламаның әскери саласын толығымен жою шарты орындалмақ. Ал МАГАТЭ бақталастығы бейбіт ядролық бағдарлама әлі күнге дейін ашық күйінде қалып отыр.
АҚШ-тың «Пхеньян еш қарсылықсыз тізе бүгеді» деген ойы болмас үшін, Солтүстік Корея өзін ядролық қаруға ие деп жариялады.
Пекинде өткен алты жақты келіссөздер бұл дағдарысты келісім жолымен шешуге болатынын көрсетті. Бірақ бұл үшін АҚШ әкімшілігі КХДР егер ядролық қаруынан бас тартса, онда оны өз мүддесіне қарама-қайшы мемлекет деп қарастырмауы керек.
Егер Дж. Буш әкімшілігі мұндай шешімге келсе, КХДР-дың аталған жоспары жүзеге асу мүмкіндігі бар. Бірақ, ол үшін «бестік» (АҚШ, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония) КХДР-дың көңілі толатындай сомада қаржылай көмек беруі тиіс. Сондай-ақ, бұл жағдайда барлық шығынды АҚШ көтеруге міндетті емес [36].
Екінші жол – қазірігі шектеулі саяси диалог жағдайындағы мәселенің шиеленісуінің күшеюі. Яғни ол бойынша, АҚШ КХДР-ға қарсы әскери күш қолданбаса да, Солтүстік Корея басшылығының шарттарына қатал қарсылық білдіреді. Сондай-ақ, мұндай жағдай туындаса, АҚШ Оңтүстік Кореядағы әскерін күшейтуі мүмкін.
КХДР өз тарапынан американ үстемдігіне күшті қарсылық көрсететінін білдіру үшін баллистикалық зымырандарды сынауды қайта жаңартуы мүмкін. Бұл жағдай КХДР-ға халықаралық бақылаудан тыс әскери ядролық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, АҚШ өз мақсатына жету үшін КХДР-дың толық саяси және экономикалық оқшаулануына қол жеткізуге тырысады. КХДР мен АҚШ-тың бұл іс-әрекеттері нағыз әскери іс-қимылдардың басталуына әкелуі мүмкін.
Үшінші жол – АҚШ-тың әскери шабуыл жасауы. Бұл жағдайдың жақын болашақ орын алуына әзірге сенім жоқ. Дегенмен, бұл іс-қимылдың саяси легитимділігі Ирак жағдайындағыдай күрделі емес болар еді. Бұл жолдың жүзеге асырылуының негізгі қиындығы Солтүстік Корея басшылығы әскери тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да АҚШ пен оның одақтастарының «басқыншы армиясын» Оңтүстік Корея территориясына өткізбес үшін, оған басып кіруге дайын. Пхеньян әскери күш қолдануға бүгінде ниеттесіп отырмаса да, қазіргі таңда қалыптасқан жағдайдың екінші жолмен жүру мүмкіндігі басым болып отыр. Оның басты себебі Дж. Буштың Ким Чен Ир тәртібіне төзімсіздігі болып табылады.
Осы жерде КХДР-дың ядролық қаруға ие мемлекет мәртебесіне алуының салдарын талқылау бөлек мәселе болып табылады.
2005 жылы 10 ақпанда КХДР СІМ: «Біз ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығу үшін шешімін қабылдадық және КХДР-ды барынша оқшалауға тырысатын АҚШ президенті Джордж Буш әкімшілігінің саясатына жауап ретінде қорғаныс үшін өз ядролық қаруымызды жасап шығардық», - деп мәлімдеді [37].
Сондай-ақ, оған дейін аз бұрын КХДР СІМ басшысының орынбасары Ким Ге Гван американ конгресмені Курт Уолдонмен кездесуінде Пхеньян ядролық қаруға ие, бірақ оны «тек қорғаныс мақсатында» пайдаланады деп айтқан болатын.
КХДР СІМ-нің мәлімдемелеріне сенуге бола ма, болмай ма әлі белгісіз болып отыр, себебі Солтүстік Корея ядролық қарудың бар екендігін 2004 жылы КХДР-дың атом нысандарын көрген АҚШ-тың Лосс-Аломос лабораториясының бұрынғы басшысы Зигфрид Хэкер Пхеньянның жақын арада ядролық қару жасау мүмкіндігіне күмәнданады. Оның ойынша, Солтүстік Корея ядролық қаруды іске қосумен байланысты техникалық мәселелерді шешкен жоқ. Бірақ, бір жағынан, Пәкістан ядролық бомбасының негізін қалаушы А.К.Ханның Солтүстік Корея уран бағдарламасы әлем жұртшылығы ойлағаннан гөрі әлдеқайда жоғары дамыған деген пікірін де есепке алу керек. Әрі уран бағдарламасы МАГАТЭ арқылы бақыланған да жоқ. Сондықтан, плутоний қару жобасы деген бүркемемен, Пхеньян 2002 жылдың желтоқсанына дейін уран қаруы жобасын жүзеге асырып келуі мүмкін.
Дегенмен шетелдік, соның ішінде, ресейлік сарапшылар пікірінше, 2006 жылы 10 ақпандағы КХДР СІМ мәлімдемесі Солтүстік Кореяның келесі жалған қауіп төндіруі деп санайды [38].
Алайда, КХДР да ядролық қару жасау жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі, сондықтан Әлемдік Қауымдастық егер дұрыс іс-шаралар жүргізбесе, болашақта тек Солтүстік – Шығыс –Азияның ғана емес, ғаламдық масштабтағы қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдай туындауы мүмкін .
Біріншіден, Корей «ядролық дағдарысын» күш қолдану әдісімен шешу мүмкіндігі көбейеді. Себебі баллистикалық зымыран саудасын жүргізетін Пхеньян ядролық қару жасау технологиясын сатуы әбден мүмкін. Екіншіден, Корей түбегіндегі дағдарыс тұрақтылығы бұзылады. АҚШ-тың Солтүстік Корея ядролық қаруды қолдануын елемеуі мүмкін емес. Сол себепті, дағдарыс шиеленіскен жағдайда КХДР-дың ядролық нысандарына алдын ала соққы беруі мүмкін. Ал Пхеньян мұндай сәтте «to use or to lose» принципін ұстана алады.
Үшіншіден, Солтүстік Шығыс Азия аймағында «ядролық домино» процесі басталуы мүмкін. Жапония аз мерзім ішінде, бір-алты айда, өзінің ядролық қаруын жасап шығара алады. Бұл мемлекетте керекті технологияға ие болып табылады. Сондай-ақ, бес, алты тонна плутоний қоры бар. Осымен қоса, Жапония, Оңтүстік Корея және Тайвань АҚШ-пен ынтымақтаса отырып, зымыранға қарсы қорғанысты ортақтандырады. АҚШ та өзінің және өз одақтастарының территорияларының қорғанысы үшін Солтүстік Корея жағалаулары жағына өзінің әскери кемелерін орналастыруы мүмкін.
Бұл жағдайда Ресей мен Қытай да, зымыран ядролық саладағы мүмкіндіктерін одан әрі күшейтуге мәжбүр болады, мұның өзі зымыран ядролық қарудың таратылуы саласында жаңа жарыстың басталуына әкеледі [39].
Төртіншіден, КХДР-дың ядролық қаруды жасауы және Солтүстік Шығыс Азиядағы ядролық қару жасау жарысы ЯҚТК-нің күйреуіне әкеп соқтырады. ЯҚТК-ге мүше-мемлекеттер арасынан белгілі бір себептерге байланысты ядролық қару жасап шығарғысы келетіндер бұл келісім шарттан шыққан елдер жазасыз қалатынына және әлемнің жетекші елдері оларға еш нәрсе қолдана алмайтынына көзі жетеді.
Осылайша, КХДР-дың ядролық және зымыран саласындағы саясатын талдау арқылы мынадай қорытындыға келуге болады.
Біріншіден, Солтүстік Кореяның оған жау мемлекеттерге тигізетін соққысын айтып, қауіп төндірмек болса да, Ким Чен Ир бұл іс-қимыл жауап соққы салдарынан бәрінен бірден айырылатынын түсінеді.
Зымыран ядролық қаруға ие болу КХДР үшін АҚШ бастаған коалицияның тоталитарлық елдерге жасаған қысымынан қорғаныш іспеттес болады.
Екіншіден, КХДР-да ядролық қару бар деп кесіп айтуға болмайды, бірақ Кореяда ядролық қару жасау үшін жоғары байытылған уран негізінде құрылған керектінің бәрі бар. Бір нәрсені анық айтуға болады, Корея әлі күнге дейін ядролық сынақ өркізіп көрген жоқ.
Үшіншіден, КХДР егер АҚШ өзіне қарама-қайшы саясатын тоқтатса, ядролық бағдарламадан бас тартуға ниеті бар. Бұл жерде жағдайды шешудің кең мүмкіндігі бар, яғни КХДР-дың өзінде немесе басқа мемлекет территориясында КХДР қатысуымен АЭС салу.
Төртіншіден, КХДР-дың ядролық және зымыран бағдарламасының дамуы (немесе жойылуы) алтыжақты келіссөздердің нәтижелеріне байланысты жүргізіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |