4.5-ресурс.
Пікірталасты ұтымды ұйымдастыру шеберлігі
Қазіргі кезде коммуникативтік әдіс жаңарып, тың салалар дамып келеді. Олар оқу жүйесінде коммуникативтік-танымдық, коммуникативтік-ізденімдік, коммуникативтік-әрекеттестік сияқты қаты-сымдық бағыттардың басымдылыққа ие болуын қамтамасыз етеді.
Осы орайда білім алушыларға пікірталас кезінде өз ойын жеткізу, дәлелдеу, қисынды сөйлеу т.б. амалдарының маңыздылығын айтпасқа болмайды. Ал өз пайымдауыңды дәлелдеу шеберлігі тек қана шындықты айғақтаудан емес, ол қарсыласыңның (оппоненттің) көзқарасын жоққа шығару, жөнсіз мақұлдағанын да әшкерелеуден тұрады. Сондықтан бұл жағдайда теріске шығару сияқты логикалық амалды пайдалана білген жөн. Ол тезис түрінде ұсынылған пікірдің жалғандығын немесе негізсіздігін айғақтап, алдын ала дайындалған дәлелді бұзуға бағытталады. Дәлелдеу мен теріске шығару әртүрлі қызмет атқарады. Дәлелдеу үшін қандай да бір ойды негіздеу басты назарда болса, ал теріске шығару сындық сипат алады. Теріске шығару үш түрлі амал арқылы жүзеге асады: тезис теріске шығарылады, дәлелдер сыналады, өзін көрсетуге қауқарсыздығы әшкереренеді. Бұл әрекеттердің барлығы қарсыласқа қолданылады. Әлдеқайда өнімді әдіс болып жалған тезисті айғақтар арқылы теріске шығару саналады. Бұл сыналған әдіске пікірталасқа бұрыннан қатысып жүргендер жұрт алдында дәріс оқығанда, митингілер мен жиналыстарда сөз сөйлегенде, ашық пікірталастар кезінде жиі жүгінеді.
Шынайы оқиғалар, құбылыстар, статикалық деректер, тәжірибе жүргізілген зерттеулер нәтижелері, куәгерлердің сөзі жоққа шығарылмай тұрған «қирамайтын» пікірді әшкерелейді. Қарсыластың дәлелдемесін сынау да теріске шығарудың тиімді тәсілдерінің бірі болып табылады.
Айғақтардың жалғандығын немесе негізсіздігін көрсете отырып, пікірталасқа түсуші адам тыңдаушы-ларды ұсынылған тезис дәлелденбеген деген ойға келтіреді. Пікірталас кезінде тағы бір тәжірибеден өткен әдіс - демонстрациялауды теріске шығару маңызды рөл атқарады. Бұл жағдайда қарсыластың тезисінде келтірілген деректердің қисынсыздығын анықтайды.
Пікірталасқа түсушінің міндеті қарсыластың пайымын талдап, баяндағанының шындыққа жанаспай-тындығын көрсету. Талданған сынау тәсілдері – қарсыластың дәлелдерін, көрсеткендерін теріске шығару – дәлелдеудің құрылымын бұзады, тезистің негізсіздігін көрсетеді, бірақ тезистің өзін жоққа шығармайды. Пікірталас барысында тезистің өзі дұрыс болып, бірақ оны жеткізуші адамның шынайы айғақтарды дұрыс таңдап ала алмайтын жағдайлары да кездеседі. Кейде ол жеткілікті дәлелдерді келтіре алмауы да мүмкін. Тәжірибелі пікірталасқа қатысушылар, ереже бойынша, бір уақытта бірнеше теріске шығару тәсілдерін қолданады. Тезис сыны дәйектерді теріске шығарумен, көрсетіп дәлелдеудің болымсызды-ғымен сәйкес келуі мүмкін.
Өз көзқарасын дәлелдеу және қарсыласының ойын теріске шығару үшін пікірталасқа қатысушылар басқа да амалдарды қолданады. Сондай тиімді құралдардың бірі болып әзіл-сықақ, ажуа-сықақ (мысқыл), мазақ ету (юмор, ирония, сарказм) болып табылады. Бұл амалдар сөздің сындық реңін күшейтіп, тыңдаушылар сезіміне тікелей әсер етеді, қиын жағдайды «сейілтеді», өткір мәселелерді талқылауда белгілі бір дәрежеде дем береді, сөз таластыру барысында табысқа жетуге көмектеседі. Әзіл араласқан ескерту қарсыласты ұялтып, оны қиын жағдайда қалдыруы мүмкін, тіпті бұл ескерту айтыс тақырыбына тікелей қатысы жоқ болса да, мұқият дайындаған дәлелдерін бүлдіруі де ғажап емес. Сондықтан пікірталас барысында абдырамай, адам өзін табиғи қалпыңда ұстаған жөн. Егер күлкілі нәрсе болса, басқалармен бірге күліп, содан кейін маңызды мәселені талқылауды жалғастырған дұрыс. Теріске шығарудың кең таралған тәсілдерінің бірі «жөнсіздікке дейін жеткізу». Бұл амалдың жай-жапсары – шындыққа сай келмесе де, тезистің немесе дәлелдердің жалғандығын көрсету. Пікірталас кезінде «кері соққы беру» немесе бумеранг әдісі де жиі қолданылады. Айтысу барысында тезис немесе дәйек оны айтқандарға қарсы қару ретінде қолданылады. Осымен байланысты соққы күші бірнеше есе артады. Қарсыластың жеңілісі барлық қатысушылар үшін анық болады.
Кері соққы берудің тағы бір түріне «ілікпе сөзді қағып алу» болып саналады. Даулы мәселені талдау барысында пікірталасқа қатысушылар әртүрлі сипаттағы ілікпе сөздермен тап береді. Өз дәлелдеріңді күшейту мақсатында қарсыластың ілікпе сөзін қолдана білу, қарсыластың көзқарасы мен ұстанымынәшкерелеу, қатысушыларға психологиялық тұрғыдан әсер ету – пікірталаста қолданылатын оңтайлы тәсіл. Қарсыластың ілікпе сөзін съездерде, мәжілістерде, митингілер кезінде қолданады.
Пікірталас кезінде сұрақтармен шабуыл жасау да дәстүрге айналған. Бұл әдістің мақсаты – қарсыластың жағдайын қиындату, оны қорғануға, ақталуға мәжбүрлеу, айтысу үшін өзіне әлдеқайда жайлы жағдай туғызу. Кейде бір жағдайды, тақырыпты талқылаудың орнына қатысушы адамның жетістігі мен кемшілігін бағалай бастайды. Айтысу кезіндегі бұл амал «Адамдарға дәлелдеу» деп аталады. Ол адамға күшті психологиялық әсер етеді. «Адамдарға дәлелдеу» пікірталас тәсілі ретінде басқа да нақты және негізделген дәлелдермен бірге қолданылу керек. Бұл амалды өздігінен қолдану логикалық қате болып саналады. «Адамдарға дәлелдеу» тәсілінің бірі «көпшілікке аппеляция жасау» (шағымдану) болып табылады. Бұл тәсілдің мақсаты тыңдаушылар сезіміне әсер ету, олардың пікірін, мүддесін, айтысушы жақтың ығына бағындыру. Бұл тәсілдерді орынды пайдалану пікірталас барысында қарсыласыңды тұқыртып, пікірталасты жемісті өткізуге жетелейді. «Ақылды сұрақ қоя білу дегеніміз - адамдағы қажетті ақылдылық пен тіл табыса алушылықтың белгісі. Егер сұрақ өз-өзінен мән-мағынасыз болып пайдасыз жауаптарды талап етсе, онда ұялудан басқа сұрақ қойған адам үшін тағы да бір кемшілік шығады. Бұл аңғал тыңдаушыларды жөнсіз жауап беруге итермелеп, күлкілі жағдай туғызады: біреуі ешкі сауып тұр (ежелгі әдебиеттен), ал басқасы оның астына елек ұстап тұр», - деп жазады неміс философы И.Кант.
Пікірталасқа түсушілердің сұрақтарды дұрыс тұжырымдап қоя білуі және оларға епті жауап беруі көбінесе көпшілік алдында айтысудың тиімділігін байқатады. Дұрыс қойылған сұрақ қарсыластың көзқарасын анықтауға, одан қосымша мәліметтер алуға, оның талқыланып отырған мәселеге қатысын пайымдауға мүмкіндік береді. Сәтті жауап пікірталасқа түсушінің өзіндік ұстанымын бекітеді, ұсынылған тезистің дәлелдемесін күшейтеді.
Сұрақ логикалық формалардың бірін көрсетеді. Ереже бойынша ол білімнің белгілі бір жүйесіне сүйенеді. Әрбір сұрақ, бәрінен бұрын, сұрақтың негізі немесе шарты деп аталатын бастапқы ақпарат береді. Сұрақ пайымдау болып табылмайды, сондықтан ол ақиқат немесе жалған да болмайды. Сұрақ қою үшін талқыланатын нәрсе жайында қандай да бір ақпаратты білу керек. Сұраққа жауап беру үшін де білім керек, сұрақтың мазмұны мен сипатын дұрыс бағалау қабілеттілігі болу керек. Қазіргі ғылыми, оқу және әдістемелік әдебиеттерде сұрақтар мен жауаптардың түрлі жіктелімі бар. Логикалық құрылымына байланысты, әдетте, сұрақтардың екі түрі – айқындаушы және толықтырушы – бөліп алынады. Айқын-даушы (жабық) сұрақтар ондағы пайымдаудың ақиқаттығын немесе жалғандығын анықтауға бағыттал-ған. Мысалы: «Біздің қаламызда спорт кешені ашылатыны рас па?»; «Білім алушылдардың жатақханасы шындығында жөндеуден өтті ме?». Жабық сұрақты сөйлемдерде сұраулық шылаулар мен қыстырма сөздер қолданылады. Бұндай сұрақтарға жауаптар да шектеулі түрде «иә» немесе «жоқ» түрінде келеді. Толықтырушы (ашық) сұрақтар тыңдаушыларды қызықтыратын оқиғалар, құбылыстар, заттарға қатысты жаңа білімді анықтап алумен байланысты қойылады. Бұндай сұрақтардың грамматикалық белгісі ретінде кім, не, қайда, қашан, қалай, неліктен т. б. сұрау есімдіктері қолданылады. Жоғарыда айтылған жабық сұрақтарды ашық сұрақтарға айналдыруға болады: «Біздің қаламызда спорт кешені қашан ашылады?»; «Білім алушылардың жатақханасы қашан жөндеуден өтті?». Құрамына қарай айқындаушы сұрақтар да, толықтырушы сұрақтар да жай және күрделі болып бөлінеді. Жай сұрақтар бөлуге келмейді және оған басқа сұрақтар жалғаспайды. Күрделі сұрақтарды жай және құрмалас сөйлемдер сияқты, екі немесе бірнеше жай сұрақтарға бөлуге болады. Күрделі сұрақтар жауап берушілерге қиындық тудырып, оларды шатастыруы мүмкін. Сондықтан пікірталас барысында жай сөйлеммен келген сұрақтарды қою ұсынылады.
Сұрақтар формасына қарай да ажыратылады. Егер олардың негізі, шарты болып шынайы пайымдаулар алынса, онда сұрақтар логикалық тұрғыдан дұрыс қойылған болып есептеледі. Логикалық тұрғыдан дұрыс қойылмаған, бұрыс деп негізі жалған немесе белгісіз пайымдаулар жататын сұрақтарды айтады. Мысалы, бір пікірталас барысында бір қызға мынадай сұрақ қойылады: «Сіз айына киноға неше рет барасыз?». Бұл сұрақтың бұрыстығы алдымен ол қыз киноға бара ма, жоқ па, соны анықтап алып, содан кейін ғана барса, неше рет баратынын сұрау керек. Сұрақтарда сондай-ақ айтушы адамға қатысты қарым-қатынас та яғни, оның пайымдауларын қатысушылардың көзінше не мақұлдау не жоққа шығару көрініс табады.
Пікірталас барысында қойылатын сұрақтар сипатына қарай бейтарап, ниеттес және қарсылықты (жаман ниетті), жаулық ниеттегі, арандатушылық болып бөлінеді. Сондықтан өзіңді ұстаудың дұрыс тәсілін қолдану үшін сұрақтың тұжырымынан, адамның үнінен сұрақтың сипатын анықтауға болады. Бейтарап және ниеттес сұрақтарға айтылған жайды анығырақ түсінуге тырысып, сабырлы жауап беру керек. Сұрақ қоюшыға тіпті сұрағы нақты емес немесе оншалықты сауатты болмаса да ыстық ықылас және сыйластық білдірген жөн. Кейістік білдіріп, жақтырмаушылыққа жол бермеу керек.
Дегенмен пікірталас барысында сұрақтар істің мәнісін анықтау үшін ғана емес, қарсыласты ыңғайсыз жағдайда қалдырып, оның дәйектеріне күмән тудыру, оның ұстанымымен келіспеушілікті білдіру үшін, бір сөзбен айтқанда, қарсыласын жеңу үшін қойылатынын да ұмытпау керек. Жаман ниеттегі сұрақтарға жауап бере отырып, олардың арандатушылық мәнісін анықтау керек, қарсыластың ұстанымын әшкерелеп, лайықты тойтарыс беру керек. Талқылау барысында өткір сұрақтар да аз қойылмайды, яғни, өзекті, өмірлік маңызы бар, ымырасыз (принципиальные) сұрақтар. Пікірталасқа түсушіден бұндай сұрақтарға жауап беру белгілі бір дәрежеде жүректілік пен психологиялық дайындықты қажет етеді. Айтысушы қойылған сұрақтан жалтарып қашпай, әділетті және адал түрде жауап беру керек.
Әрине, төтесінен қойылған сұрақ қарсыласты қиын жағдайда аз қалдырмай, онда абдыраушылық және қымсыну сезімін де тудыруы мүмкін. Қойылған сұрақтарға байланысты, жауаптар да әртүрлі болып жіктеледі. Мысалы, мазмұнына қарай дұрыс және дұрыс емес жауаптар болады. Егер жауаптар сұрақтың сипатына байланысты ақиқат және логикалық жағынан байланысқан болса, ол дұрыс деп есептеледі. Дұрыс емес, қате жауаптар сұрақпен байланысты өз мәнісінде шындықты дұрыс көрсетпеуімен байланысты. Егер жауап сұрақпен байланысты болмаса, ол мәнсіз болады да, қарастырылмайды. Бұдан басқа жауаптар ұнамды (позитивті) (қойылған сұрақтарға жауап беруге ұмтылушылық) және келеңсіз (негативный) (жауап беруден қашу) болып бөлінеді. Жауаптан қашқақтаудың себебі пікірталасқа қатысушының құзырының жоқтығы немесе талқыланатын тақырып бойынша білімінің саяздығы болуы мүмкін.
Айтылатын ақпараттың көлеміне қарай жауаптар қысқа және кең түрде болады. Қандай да бір мәселені талқылауда бір сөзбен ғана жауап беру мүмкін бола қояр ма екен. Айтысу, пікірлесу барысында толық, кең түрдегі, дәлелденген, нақты, көз жеткізілген жауаптар талап етіледі. Білмейтінін жасыру мақсатында әркім ойына келгенін айтуға немесе нақты дәлелі жоқ болса да, білгішсініп өз жорамалын айтуға болмайды Пікірталас барысында айтысушының тапқырлығы жоғары бағаланады. Пікірталасқа түсушінің амал-айласы, оның жағдайды дұрыс бағдарлай алуы, жағдаяттан шығу үшін дұрыс сөз таба алушылығы, шапшаңдығы қиын жағдайдан шығуға көмектеседі. Техникалық жоғары оқу орындарының білім алушыларына пікірталасқа түсуден бұрын сұрақтардың жіктелімі туралы түсінік беріледі. Жыл басында мәтінді оқыту барысында әрбір сөзге, содан кейін сөйлемдерге сұрақтар қойылып, талданады. Қиындық келтірген жағдайда ол сұрақтарды жазып қойғызуға болады. Осымен байланысты жауап түрлері де талқыланып, дұрыс-бұрыстығы тексеріледі. Әр сабақ сайын жүйелі жүргізілген жұмыс, әрине, өз жемісін берері сөзсіз. Білім алушылармен оқылым, айтылым, сөйлесім, жазылым әрекеттері бойынша ұдайы жұмыс жүргізілу нәтижесінде олардың белгілі бір дәрежеде сұрақ қойып, дұрыс жауап беру дағдыларының қалыптасқанын байқауға болады.
Сілтеме: Шәрібжанова Ғ.Ғ. «Коммуникативтік лингвистика және сөзтаным» ІІ том. ҚР ҰҒА корреспондент- мүшесі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ф.Ш. Оразбаеваның 70 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. − Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, «Ұлағат» баспасы, 2019. – 396 б.
Достарыңызбен бөлісу: |