5-күн тапсырмасы Берілген мәтіндерге жоспар құрыңыз. 1-мәтін



Дата24.04.2024
өлшемі22.86 Kb.
#499693
5-күн тапсырмасы Қазақ тілі1


5-күн тапсырмасы
Берілген мәтіндерге жоспар құрыңыз.
1-мәтін
Ерік пен Серік – ағайынды балалар. Олар ауылда тұрады. Екеуі ауыл шетіндегі тоғайға барып ойнайды. Тоғайда әнші торғайлар көп. Олар құстардың сайрағанын тыңдап, қызықтайды.
Бір жолы Серік шөп арасынан құстың жұмыртқасын көріп қалды. Оны тақиясына салып, үйіне әкелді. Әкесі оған:

      • Балам-ау, бұл бозторғайдың жұмыртқасы ғой. Оны неге әкелдің? Бозторғай – пайдалы құс. Олар дән жемейді. Егінге түскен зиянды құрт-құмырсқаларды жейді, - деді.

Балалар өз қателігін түсінді. Ертеңіне жұмыртқаны орнына апарып қойды.
Қарапайым жоспар

  1. Ерік пен Серік

  2. Тақияға салынған жұмыртқа

  3. Бозторғай – пайдалы құс

  4. Қателігін түсінген балалар

2-мәтін
Туған ауылым
Менің ауылым қаладан қашық емес. Қалаға күнделікті авто­бус қатынайды. Мен де қалаға жиі барып тұрамын. Алайда қалаға барсам, ауылға қайтқанша асығамын. Неге дейсіздер ғой? Өзім де толық түсіндіре алмаймын. Қаладан ауылға жақындағанда, бір жақын, таныс адамымды көргендей қуанамын, ауылымды жақсы көремін. Ауылда барлық адам бір-біріне жақсы таныс, сондықтан жақын. Көшеде кетіп бара жатқанда, біз бір-бірімізбен амандаса­мыз. Үлкендермен қол алысып, ал кішілерімен әртүрлі бірде қол көтеріп, «сәлем» десек, бірде бас изеп, «қалайсың?» дейміз. Ауыл­да әр үйде не болып жатқанын жиі біліп отырамыз. Ауыл адамдары бір-біріне қол ұшын беріп, көмектеседі. Олар уақытым жоқ, істемей­мін демейді. Той болса, не бір оқиғалар болса, тез бірігіп, бір-біріне қолдау көрсетіп жатады. Ауырсаң, жағдай сұрап жатады. «Ауырып қалыпсың ғой, қалайсың?» деп үлкен апалар да сұрайды.
Ауылда өз отбасыңмен бірге тұрып, сәкіде кешкі дастарқанда бірге отырып тамақтанғанды жақсы көремін. Бауырларымның бәрі жиналып, у-шу боламыз. Дастарқан басында самаурынмен шай ішуді ұнатамын.
Демалыс күндері осы ауылда тұратын әжеме барамыз, шаруа­сына көмектесеміз. Кішкентай сіңілім қозы мен лақты қолым­мен ұстаймын деп жылайды. Ал олар оңай ұстатпайды.
Ауылдағы бір қалыпты, бірақ жайлы өмір маған ұнайды. Мен туған ауылымды сүйемін. Ол менің ең жақын адамдарымның мекені.
Күрделі жоспар

  1. Ауылына асыққан бала

  2. Үлкенге-құрмет, кішіге-ізет

  3. Берекелі дастархан басындағы күрең шай

  4. Атамекен – жайлы қоныс.

3-мәтін
Компьютер: пайдасы мен зияны
Қазір барлық үйде компьютер бар. Компьютер өміріміздің бөлінбес құрамына айналды. Компьютер туралы адамдар арасында әртүрлі пікірлер қалыптасты. Бірі оның пайдасы көп десе, бірі оның зияны көп дейді. Шынымен де, оның қандай пайдасы және зияны бар?
Компьютердің басты артықшылығы деп адамның уақытын үнемдеуін айтуға болады. Компьютерде жұмыс істеу арқылы, ақпаратты компьютердің көмегімен интернетте жіберу арқылы адамдар уақыттарын үнемдейді. Әйтпесе, бір ақпаратты екін­ші орынға жеткізу үшін қанша уақыт кетер еді. Сонымен қатар компьютер арқылы жаңа ақпараттарды біліп отыруға, білімді дамытуға болады. Ерте жастан-ақ балалар компьютерді меңге­ру арқылы білімдерін жетілдіріп, жаңа дағды түрлерін үйренеді. Олар сурет салуды, музыкалық аспаптарда ойнауды арнайы кур­стар арқылы компьютерде меңгере алады.
Алайда, осындай тиімді жақтарымен қатар, компьютердің зиянды жақтары да бар. Компьютердің пайда болуымен адамдар жұмыссыз қала бастады.Өйткені компьютер көптеген жұмыс орындарында адамның орнын ауыстырғандықтан, жұмыссыздар саны көбейді. Со­нымен қатар компьютер адамның денсаулығына да зиянын тигізе баста­ды. Қозғалыссыз ұзақ уақыт отыру бас, көз ауруын, қан айналымымен байланысты ауру түрлерін туғызуы мүмкін.
Бұл қиындықтардан шығудың бірнеше жолдары бар: 1) компьютерді қолданудан бас тарту; 2)компьютер қолдану мәдениетін дамыту; 3)адам­ның қызметін көп керек ететін қызметтің жаңа түрлерін ойлап табу. Аталған шешім жолдары ішінде қолдану мәдениетін дамыту маңызды деп ойлаймын.
Қорыта келгенде, компьютердің пайдалы жақтары мен зиянды жақтарының барын әр уақытта ұмытпау керек. Бір нәрсені есте сақтау керек: компьютер адамның өмірін жеңілдетуге қызмет етуі керек.
Тезистік жоспар

  1. Компьютердің пайдасы мен зияны

  2. Дамыған технология – заман талабы

  3. Жұмыссыздықтың көбеюі

  4. Компьютерді қолдану мәдениетінің маңыздылығы

  5. Өмірді жеңілдетуге арналған технология


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет