6-7-тақырып. Педагогикалық процестегі балалар ұжымы.
Оқушылар ұжымын қалыптастырудағы тәрбие жұмысының ерекшеліктері.
Дәрістің түрі: Проблемалық дәріс.
Дәрістің мақсаты: оқушылар ұжымын қалыптастырудағы тәрбие жұмысының ерекшеліктерін анықтау.
Жоспары:
1.Педагогика ғылымындағы «Ұжым» туралы түсінік. Ұжымның теориясы мен практикасын қалыптастыруда А.С.Макаренконың рөлі.
2 Жеке тұлға және ұжымның өзара қатынасының моделі
3.Балалар ұжымының түрлі типтері, олардың ерекшеліктері, өзара әрекеті, бірізділігі.
4.Балалар ұжымын қалыптастырудың кезеңдері, заңдары мен қызметтері.
5.Балалар ұжымын қалыптастырудың негізгі құралдары.
Негізгі ұғымдар: ұжым, коллектив, перспектива, дәстүр.
Мазмұны:
1.Педагогикада оқушылар ұжымының ұйымдастырудың және оны жан-жақты тәрбиенің теориясы мен практикасының негізгі, жетекші проблемалары ретінде қарайды.
Ұжым (collectives –лат. «жинақтық») қоғамдық маңызды мақсаттар, ортақ құндылықты бағалау және бірігіп жасайтын қызметтер мен қарым-қатынас негізінде адамдардың әлеуметтік біріккен қоғамы деп қарастырылады.
Мектепті жаңа сапалық деңгейге көтерудің шешуші жолының бірі ұжым проблемасы болып саналады. Онда бүгінгі талаптарға байланысты мынадай түсініктеме беріледі: Тәрбиенің ең негізгі құралы мектеп ұжымы, ол-ортақ мақсатпен, іс-әрекетпен, гуманистік қарым-қатынаспен және жоғары жауапкершілікпен біріккен балалар мен ересектердің одағы.
Философияның методологиясының негізі бойынша совет педагогтары Н.К.Крупская, А.В.Луначарский, А.С.Макаренко, С.Т.Шацкий, П.П.Блонский, И.А.Сухомлинский т.б. ұжым теориясына зор үлес қосты.
А.С.Макаренко балаларды ұжымда тәрбиелеудің теориясының әрі практикасының негізін жасай отырып, жас өспірімдерді жастайынан бірлесіп ынтымақта өмір сүруге, еңбек етуге үйрету керек деп есептейді. Қазіргі тәрбие ісінің көлемді міндеттерінің бірі - балаларды ұжым болып жұмыс істеуге және коллектив болып өмір сүруге үйрету.
Педагогика теориясында жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар жалпы коллектив проблемасын жан-жақты қарастырып, коллектив ұғымына бірнеше анықтама берді. Мәселен, «коллектив дегеніміз-бірыңғай қоғамдық бағалы мақсаты бар, мақсатты орындау барысында барлығының өзара байланысты, жауапты міндеттері, тапсырмалары бар, өздерінің коллективті органы бар, басқа ұйымдармен тығыз байланысты бар балалардың біріккен тобы» - деп түсіндірсе, екінші ғалым «Коллектив-арнайы мақсатқа бағытталған, іс – әрекет негізінде ұйымдасқан адамдар бірлестігінің формасы», екенін көрсетеді. Үшінші ғалым «Қоғамдық мәні бар, ортақ мақсаттар жалпы маңызды бағыттарға байланысты қарым қатынас жасайтын адамдардың әлеуметтік бірлестігі-коллектив деген ұғымды қамтиды», -дейді. Сонымен жоғарыдағы педагогтардың коллектив ұғымына берген анықтамалары жеке адамның коллективке қалыптасу жүйесі туралы ғылыми теориясына, зерттеген проблемасына негізделгенін көреміз.
А.С.Макаренко дәлелдеуінше ұжым адамдардың жай ғана жиынтығы емес кездейсоқ топтаса салуы емес, ол жалпы мақсатқа жетуді алға міндет етіп қойған, қоғамға пайда тигізуге тырысушылар тобы. Сондықтан оның ойынша тек түсінушілік принцип негізінде құрылған әлеуметтік бірлестік ғана «коллектив» деп аталуы мүмкін.
2. Жеке тұлға және ұжымның өзара қатынасының моделі. Бұл жөніндегі мәселе тәрбие процесіндегі дара қатынас орнату мәселесімен өте тығыз байланысты. Ұжым туралы мәселеде жеке адам мен ұжым арасындағы қарым-қатынас орталық мәселе болып есептелінеді.
Балаларды ұжым біріктірудің негізгі көзі - ортақ мақсаттың болуы және оны іске асыруға бағытталған біріккен іс-әрекеттің болуы шарт ұжым сипаты болуы үшін бірімен бірі байланысты іс-әрекеттің болуы шарт. Ұжым сипаты болуы үшін бірімен бірі байланысты іс-әрекет барысында адамдар арасында тұрақты қарым-қатынастар туады. Ұжым мақсатын орындау барысында балалар қатынасы олардың психикалық әрекеттерінде көрінеді. Ұжымның жеке адамға тигізетін тәрбиелік ықпалын қарастырғанда психикалық процестердің заңдылықтары негізге алынады.
Ұжымның іс-әрекетте әрбір оқушының іс-әрекеті басқалармен тығыз байланыста болады. Мұндай жағдайда коллективизм сезімі туады. Бұл қарым-қатынас басқаның ісіне енжарлық туғызбай, керісінше бір-біріне көмектесуі, өз жолдасының ісіне қуану, ренжу, мақтану не намыстану сияқты әр түрлі қатынастар жүйесін туғызады. Адамның көңіл-күй жағдайының тәрбиелік мәні арта түседі.
Ұжым мүшелерінің ортақ көзқарасы, ортақ мүддесінің болуына мақсаттың ортақ болуы көмектеседі. Бірақ мақсат өсіп дамып отырумен бірге қоғамдық бағалы құнды мақсат болуы ұжымдағы балалардың үнемі жетілуі мен дамуына ықпал жасай алады.
Кез келген, кенет пайда болған мақсат оқушылардың жеке басын тәрбиелеуге ықпал жасай алмайды. Мысалы, бір топ жас өспірімдер кенет танысып, екі команда болып доп ойнап жарысады делік. Ойын барысында қызу қобалжу, қарсы команданы жеңу үшін бір-бірімен көмектесіп бірлесіп, ынтымақ сезімін білдіреді. Немесе тәртіп бұзушылардың тобын алсаң, бұларда «темірдей қатаң тәртіп» бар екенін білеміз. Бірақ бұлардың мүддесі қоғам тәртібіне, ұжым мүддесіне жат, қаррсы бағыттағы мақсатта. Сондықтан кейбір кездейсоқ байланыстар, өзара әрекеттес адамдар тобы, олардың біріне-бірінің жанашырлық сезімдері, кейбір ортақ мақсаттары ұжым болудың шарты бола алмайды.
Тек қана қоғамдық бағалы мақсат, оны орындауға деген барлық мүшелердің ықыласы болуы, басқа ұжымдармен ортақ пікір, ортақ табысқа жету қажеттілігі, басқаға да, өзіне де қатаң талап қою нағыз ұжымы болуының шарттары болып есептелінеді. Нағыз шын ұжым, мейлі ересектер, мейлі балалар ұжымы болсын, қоғамның бір мүшесі болып есептеледі.
Осыған байланысты қоғамның бастапқы бір ұясы болып саналатын оқушылар ұжымы да басқа ұжымдармен байланысты болуы тиіс, оның алдында да қоғам мен ел алдындағыдай міндеттер тұрады.
Жоғарыда көрсеткен ұжымды сипаттайтын міндеттер төмендегілер:
ұжым алдында айқын түрде мақсат болуы;
барлық ұжым мүшелерінің қоғамдық мақсатқа бағытталған іс-әрекет жасауы ұжым мүшелерінің өз арасындағы міндеттерді ұқыпты орындауы, ұжымдағы жеке адамдардың өз мүшелері үшін ұжым алдындағы жауапкершілігі, өзара көмек, бақылау, жолдастық сезім, қайрымдылық қарым қатынас болуы.
Ұжымның бұл сипаттамалары, белгілері, ұжымның даму, өсу қалыптасу жолында бір-бірімен байланысты құралады.
Ұжымның ең басты көрсеткіші- өзара адамгершілік қарым – қатынастың орнауы, әр адамның бірінің қызығушылығын, ынтасын ескеріп, олардың қажетсіну ерекшілігін білу, мақсатқа бағытталған іс-әрекеттің ең тиімді жолдарын табуға ықпал жасаумен бірге, істің нәтижелі болумен әр адамның ұжымда өзара әрекеттесуі жеке адамның кең дамуына негіз болады.
Егер ұжым мен жеке адамның қатынасы жалаң бұйыру, талқылау, қорқыту, зорлау сенімсіздік туғызу, орынсыз тексеру, бақылау жасау, күдіктену негізігде жүргізілсе, ол сөз жоқ ұжымның ыдырай бастағанының белгісі болады.
Жеке адам мен ұжымның қарым-қатынасы тәрбие процесінде оларға дара, жеке қатынас жасауды талап етеді.
Бұл салада мұғалімнің басты міндеті – әрбір баланың ұжымдағы поэзициясы қалай болатындығын берік есте сақтау. А.С.Макаренко бұл жайында біздің алдымызда әрдайым екі объекті – жеке адам және қоғам тұрады. Жеке адамды бөліп ұстау оны коллективтен ажырату мүлдем мүмкін емес. Тек нағыз қатынас біздің педагогикалық жұмыстарымыздың объектісін құрады.
Сонымен ұжым іс-әрекетте үнемі дамып отыратын әрі іс-әрекетті қажет ететін әлеуметтік организм деп анықтама беру заңды.
Бұл екі атрибуттың біреуі болмаған жағдайда ұжымның әлі ұйымдаспағаны, не мүлде болмағаны. Іс-әрекеті жоқ ұжымды демі біткен, жүрегі тоқтаған адаммен тең деуге болады. Әрекеті жоқ ұжым демі таусылған адамдай болады. Ұжымды организм деп қарастырсақ, оның дененің саулығын қорғау, сақтау, шыңдау жолдарын, даму, жетілу кезеңдерін білуіміз керек.
Оқушылар коллективтің мәні мен міндеттері оқу тәрбие процесінде жүзеге асырылады. Еліміздің экономикалық, әлеуметтік дамуын жетілдіру, қоғамның барлық саласын жаңарту демократиялық жариялылық принциптерін дамыту кезеңінде ұжымның тәрбиелік ролі жоғарылап отыр.
Бұл міндет мектеп оқушылары ұжымын қайта құрудың гуманистік мәнін бейнелейді.
3. Балалар ұжымының түрлі типтері, олардың ерекшеліктері, өзара әрекеті, бірізділігі.
Ұжымның түрлері.
Алғаш ұжым – мұнда тәрбиеленушілер үнемі іскерлік және тұлғааралық өзара әсерде болады. Алғашқы ұжымның тұрақты және уақытша түрлері бар. Дамыту немесе жетілдіруге қатысты алғашқы ұжымды ұйымдасқан әр түрлі жетілдіру қызметтері (сыныптар, отрядтар, топтар); жетілдірудің бір ғана түріне негізделуі (кружоктар, клубтар, секциялар. т.б.); тұрғылықты жері бойынша оның немесе басқа түрлері негізінде ұйымдасқан жетілдіру іскерліктеріне ажыратуға болады. Жас ерекшеліктеріне қарай алғашқы ұжым құрамы бір жастағы адамдардан құралғандай, әр жастағы да болуы мүмкін.
Ұжымның негізгі белгілері - қоғамның маңызды мақсаттардың болуы, олардың кезекпен дамуы, оқушылардың жүйелі түрде әртүрлі әлеуметтік істерге араластыру және бірлескен қызметтерді ұйымдастыру.
4. Оқушылар ұжымын ұйымдастыру және тәрбиелеу жолдары
Ұжымды ұйымдастыруды неден бастау керек. Ұжым әлеуметтік жанды тұлға. Сондықтан А.С.Макаренко: дұрыс тәрбиелеудің бір-бір жолы жеке адамды тәрбиелеу емес барлық ұжымды тәрбиелеу керек.
Ең алдымен біріншіден жеке оқушыны ұйымдастыру, соны тәрбиелеу, екіншісін, үшіншісін, оныншысын тәрбиелеу, бәрі де тәрбиелеу болған кезде олар жақсы ұжым болады. Балалар өздері ұйымдасқан соң оқушымен сөйлеспей-ақ, бәріне айту керек, әрқайсысы амалсыз көпшілікпен ортақ әрекетте болатындай форма жасау керек.
Міне осыдан соң ұжымды тәрбиелейміз, оны шыңдаймыз, оны қалыптастырамыз сонан кейін оның өзі үлкен тәрбиеші күш болып алады. Оқушылар ұжымы ұйымдасқагн бірақ олардың міндеттерінің түсіндіру жұмысын бастау керек.
Кез-келген оқушылар ұжымын тәрбиелеуді ұйымдастыруды тәрбиеші ең алдымен талап қоюдан бастайды. Талап қою ережелерінің педагогикалық негізгі – талаптың бір-бірімен байланыстылығы, талап қоюға дайындық, алдын-ала ұжым ережелерін зерттеп бірінші күннің зор шешуші ролін түсіну, талап түсінікті, нанымды, балалар орындай алатын, нақтылы, жігерлі түрде айтылуы, біртіндеп қиындатылуы, әр талаптың орындалу жолдары және сенімді, дәйекті болуы көзделінеді.
Талап қоюды ең алғашқы кездесуде жалпы оқушылар жиналысынан бастау пайдалы, нәтижелі болады. Активтермен жүргізілетін жұмыстар жүйесі – ұжымды ұйымдастырудың басты шарттарының бірі.
Белсенділер тобын іріктеп алып жұмыс жүргізу мұғалім, мектеп талабын іске асырудың негізгі мақсаты, іс-әрекетті ұжымның өміріне пайдаланудың басты жолы болып есептеледі. А.С.Макаренко ұжымды тәрбиелеуде сол коллективтен шыққан ең алдыңғы топ мықты активтің роліне үлкен мән берген, активті ол педагогтардың ең жақын тірегі ретінде қараған.
Актив дегеніміз балалар мекемесіндегі пайдалы және қажетті резерв, бұл ұжымдағы ұрпақтардың орнын басады, ұжымның стилін, бейнесі мен дәстүрін сақтайды. Өсіп келе жатқан актив қоғамдық жұмыста оқу бітіріп кеткен тәрбиеленушілердең орнын басады, сөйтіп мекеменің біртұтастығы камтамасыз етіледі.
Активпен жұмыс жүргізудегі педагогикалық міндеттер:
- сенімді активтерді іріктеу, жастар ұйымдарының активтерінің іріктелуіне басшылық жасап, көмектесуі;
-оқушылар алдында мұғалімнің сенімді, беделді оқушыларды активі бар екенін сездіру;
-актив оқушылардың беделін, сенімін арттыру үшін орындай алатын класс жұмыстарын тапсыру, өздері шешім қабылдауына мүмкіндік туғызу;
-активтер өскен сайын оқушыларды көбірек олардың айналасына топтастыра бастау, олардың оқушылармен өзара әрекеттесу шеңберін кеңейту;
-оқушылар коллективтің барлығына дерлік тапсырмалар беру, тұрақты қоғамдық міндеттер жүйесін белгілеу;
-активтердің қоғамдық жұмысқа деген жауапкершілік, қажетсіну сезімін басқа оқушыларға да ықпалы болуына сүйеніп, әр оқушының талап, тілегіне сай жұмыстарды шебер үйлестіріп отыру;
-активтердің үнемі ұжым алдында есеп беруін іске асыру, ал ұжым мүшелерінің тапсырмаларының орындалуын активтер тобының тексеруіне, бақылауына сеніп беру.
Осылай ұжымда активтер тобы құрылу арқылы коллектік қатынастар тәжиірбиесі қалыптасып, ұжымның біртіндеп ұйымдасуына, дамуына көмектеседі. Жоғарыда аталып өткендей коллективті ұйымдастыру және тәрбиелеудің ең тиімді жолдарының бірі параллельді ықпал жасау. Балалар коллективінің ұйымдастыру және нығайту жұмысында А.С.Макаренконың ұсынған және тәжиірбиесінде дәлелденгент паралельді әрекет жасау принципінің маңызы өте зор.
Бұл принциптің мәні мынада. Мұғалімнің және оқушыға талап ықпал етуі тікелей өзіне емес, ұжым арқылы, олардың активтері арқылы жүргізіледі. Мұғалім активтерге сүйене отырып ұжымның әр мүшесіне сол ұжымның өзінің сайлаған, тағайындалған сенімді адамдары арқылы талап қою – коллективтің өсуіне көмектесетін шарттардың бірі.
А.С.Макаренко жеке адамға әрі ұжым активінің әрі мұғалімнің қатар талап етуін параллельді ықпал пинципі болады. Мысалы кластағы бір оқушының нашар баға алуы барлық оқушыны қынжылтуы - бір мәселені шешуге екі жақтан да әрекет жасау ұжым беделінің өсуіне көмек береді.
Қоғамдық пікір туғызу ұжымның жеке адамға әсер ету күшін арттырады. Қоғамдық пікір әр оқушының тәртібінің өлшеміне айналады. Оқушыға талап қою мен сенім көрсету жағдайында өсіп, жақсыға ұмытылуға үйренеді.
Ұжымның толық мәнді рухани өмірі бұл үнемі үздіксіз дамып, жетіліп отыратын процесс. Мұның негізіне ең алдымен оқушылардың ынтымақтасқан біріккен, мазмұнды қызықты еңбектері жатады. Ұжымның өсуі, қозғалысы және жеке адамның дамуы бұл бір-бірімен шартты байланысты процесс.
А.С.Макаренко ұжымның даму дидактикасын ұжымның алдағы қуанышты іс-әрекеттері және перспективті мақсаттарымен байланыстырған. Оқушылар ұжымын құрудың және дамытудың ең тиімді жолының бірі-оқушылар алдында үнемі қызқты, тартымды перспективаларды қоя білу.
Перспектив-ұжымның барлық мүшелерінің қол жеткізуге талпынатын, олар жүзеге асыру үшін күресетін , жарқын, қызық және қуанышты оқиға. Алдына ешқандай қуанышты болмаса, адам жарық дүниеде тіршілік етіп жүре алмайды. Адам өміріне шын мәнінде қуат беруші күш ол ертеңгі күннің қуанышы екенін А.С.Макаренко тәрбие жұмыстарында бірімен бірі байланысты түрде құрылған үш түрлі перспектива арқылы белгіленген; жақын, орта, алыс перспективалар. Жақын перспектива оқушылардың күнделікті өміріндегі орындалатын жұмыстары.
Оқушылардан бірден-ақ еңбек ету перспективасы талап етіледі. Басқаша айтқанда бұл орындалатын еңбектер оқушылардың әрқайсына толық, түсінікті, ертеңгі қуанышты көре алатындай болуы керек. Мысалы, жексенбіге белгіленген қызықты серуен де циркке немесе киноға баруда, қызықты ойын-жарыс және әр түрлі сенбіліктерде т.б осындай істер жақын перспектива бола алады. Ұжым алдындағы жай қуаныштың өзі ғана ұжым ісінің мақсаттың болуына көмектеселі. А.С.Макаренко адамның бірлігі қарапайым, жай мақсаттың күн ілгерілген сайын күрделеніп отыруы керек, мақсаттың тоқтауы әлеуметтік мәні жоғарлауы қажет деген.
Ұжымның перспективасы оқушылардың іс – әрекетінің қызықты көтеріңі болуына көмектеседі. А.С.Макаренко перспектива ұжымыеың тоқтауы болмауына үнемі ілгері қозғалып отыруына негшізгі және тоқтауы-ұжыменың өліммен тең болатынын ескертеді.
Бірақ мақсат орындап, одан әрі сол мақсат жалғаспаса ұжымда тоқырау, тыныштық орнайды. Ал, бұл жағдай коллективтің ыдырауына себеп болады. Инициатива, күш - жігер талап ететін перспективалар-коллективтің алға ұмтылу, ұйымдасу нығайу заң болып табылады.
Педагогика теориясында орта перспективаға уақыт жағынан едәуір дайындықты қажет ететін, оқушыларды толғандыратын, қызықтыратын іс-әрекеттер жататыны айқындалған. Мәселен, оқушы ұйымдарымен жиналыстарын, тақырыптық пікір сайыстар кештерді мектептің әр түрлі мерекелерін дайындау және өткізу орта перспектива бола алады. Алыс перспективаға –уақыт жағынан ілгерірек, әлеуметтік жағынан мазмұнды жұмыстар, мұнда қоғам өмірі, болашақ қоғам мүддесін орындауға байланысты алынатын істер жатады.
Алыс перспектива мектеп жағдайында өз жеке перспективасын Отанның келешегін байланыстыратын, өзінің болашақ мамандығы жөнінде ойланатын ұжымның әр мүшесінің жеке перспективасынан құралады. Тек бұл жағдайда алыс перспектива мектеп нәтижесінің көрінісі қызметін атқарады. Ұжым мүшесі өзінің болашақтағы бет алысын қоғам мүддесі және отан игілігі үшін еңбек етумен байланысы жоқ.
Тар көлемдегі жеке перспективасымен анықтаса, бұл ұжыммен мектеп оған адамның шын қасиеттерін дарыта алмағанын, оны шын мәніндегі коллективизм рухында тәрбиелей алмағанын көрсетеді. Адамды тәрбиелеу деген сөз ола адамда перспективалы жолдардың болуын тәрбиелеу деп түсінуге болады. Сынып ұжымының алдында күнделікті, класс кітапханасын ұйымдастыру, сынып ішін жабдықтау, жаңа жылға дайындық жүргізу т.б. ұжымдық істер шеңбері кеңейіп ол әр ұжым мүшесінің тартымды ісі болуы шарт.
Жоғарыдағы айтылған перспективалар барған сайын күрделеніп, әлеуметтік мәні артып кластың, мектептің бүкіл еліміздің пайдасына бағытталған еңбектерімен ұштасуы керек. Сонымен ұжым алдында перспективалар неғұрлым жиірек қойылса және оған оқушылар ынталанып отырса-ұжымның соғұрлым дамуы жеделдей түседі.
Ұжым дәстүрін жасау:
Ұйымдасып, дамып келе жатқан ұжым ұжымның бір –бірімен қарым-қатынасын нығайтатын әр түрлі ынтамақтастық жолдары, салттар (ритуалдар), дәстүрлер болуы керек.
Дәстүр-ұжым өміріне орнығып қалыптасқан тартымды тәжірибе, салт-сана. Дәстүрдің құрылуы ұжымның тәрбиелік ықпалын күшейтеді, себебі әрбір оқушы өзінің дәстүрінде бекітіп отырады, қабылдайды.
А.С.Макаренко өзінің тәжиірбиесінде коллективті ұйымдастыру және тәрбиелеуде дәстүрді қолдануға зор мән берген. Ол: «Ұжымды дәстүрлер сияқты еш нәрсе де бекіте алмайды. Дәстүрлер тәрбиелеу, оларды сақтау-тәрбие жұмысының аса маңызды міндеті»- деген.
Қазіргі кезде мектептің ұжым тәрбиесінде дәстүрдің 3 түрі анықталып отыр. Олар:
-дәстүрлі көшілік шаралар (мектеп мерекелері, олимпиадалары, дәстүрлі жиындары т.б), бұлар белгілі перспективаны «бүкіл ұжымның ертеңгі қуанышын» құрайды.
- мектеп өмірінің маңызды оқиғаларына байлынысты ұйымдастырылған салтанатты өткізу дәстүрлері (мысалы соңы қоңырау дәстүрі және т.б.) бұларға да бүкіл мектеп ұжымы қатысады:
- оқушылардың іс-әрекетіне қатысты дәстүрлер. Мысалы, дәлдік дәстүрі (барлық мектеп класс шараларын дәл уақытында бастау), өз білгенімен адал ізетті болу дәстүрлері және т.б. бұл дәстүрлер аса бағалы. Мысалы тазалық сақтау өзін мәдениетті ұстау дәстүрлері және т.б. олар этикалық мінез –құлықты тәрбиелеуге және нығайтуға көмектесетінімен құнды.
Дәстүрлердің көп түрлігіне қарамастан олардың барлығыда коллективтің әр мүшесінің өзінің класына, өз тобына мектебіне деген қарым-қатынасын білдіреді. Оқушылардың жауапкершілігін, қоғамдық сезімін ұжым өмірінің қызықты және мазмұнды болуына қосқан үлесін көрсетеді. Мектепте қалыптасқан дәстүр ұжым дамуының жаңа деңгейінің көрсеткіші болып табылады.
Оқу орнында педагог пен оқушы алдында тұрған тапсырмаларға барлық оқушы өзінің қатынасын сезінетін қалпын жасауы керек. Бұл жағдайда оқушылардың өз ұжымын басқару басты орынды иеленбек. Өзін басқарудың дамуы әлеуметтік қарым-қатынасты сезінуге көмектеседі.
Өзін-өзі басқаруды түсінудің жаңа әдісі оқушылардың әлеуметтік қалыптасу шарттарының пайда болуын болжайды. Ал бұл ұжымдағы күрделі мәселелерді шешуімен қамтамасыз етеді. Оқушылар осындай күрделі мәселелерді шешуге атсалысу барысында, өмірде кездесетін қиындықты төтеп бере алатын қасиетке ие болады. Оқушылардың өзін-өзі басқару – қоғамдық маңызды мақсаттарға жету үшін өздігінен жеке шешімдер қабылдауды дамытудағы оқушылар ұжымындағы ұйымның формасы. Өзін-өзі басқару ол оқушылардың таңдау мен алға қойылған мәселелерді өзі шешім қабылдайтын жағдайда ғана пайда болады. Сонымен ұжымның дамуы мен қалыптасуында шешім қабылдау ғана бастау болады.
А.С. Макаренко ұжымның өмір сүру заңын былай түсіндіреді:
Қозғалыс- ұжымның өмір сүру түрі;
Тоқтау - оның жойылу түрі;
Ұжымның даму сатылары мен кезеңдері:
Бірінші кезең – ұжымда педагог тәрбие жұмысының мақсаты ретінде көрінеді. Ұжым белсенділері анықталып, тәрбиеленушілер жалпы мақсатқа, іс-әрекетке және ұжымдық бірлікке келгенде бірінші кезең аяқталады.
Екінші кезең - белсенділердің ықпалының арта түсуі, ұжым құрылымының тұрақтауы, өзін-өзі реттеу, өзін-өзі ұйымдастыру, механизмдерінің іске қосылуын көрсетеді. Сондай-ақ ұжым өз мүшелерінен белгілі-бір қылықтар нормаларын талап ете бастайды, ол талаптар біртіндеп кеңейе береді.
Үшінші кезең – ұжымның кемелденуі.
Бірінші кезеңде оқушылар ұжымы жеткіліксіз ұйымдастырылған топ. Сондықтан мұғалім сынып өмірін ұйымдастыратын жұмысты талап қоюдан бастайды. Талап қою балаларды мінез-құлық нормасына үйрету, әлеуметтік тәжірибеге тарту. Бұл кезеңде мұғалім ұжым іс-әрекетінде белсенді, ынталы, оқушыларға сүйену керек. Ұжым өміріндегі мұндай тәсіл сыныпта белсенді жұмыс істейтін оқушылар тобын көбейтуге және балалар мен мұғалімдердің жұмысты бірлесіп істеуіне әсер етуі мүмкін.
Бұл кезеңде мұғалімнің негізгі қызметі - оқушылардың ұжымдық іс-әрекетін ұйымдастыру, оларды өр түрлі іс-әрекеттеріне қатыстыру, ұжымды балаға педагогикалық ықпал жасайтын құралға айналдыру. А.С.Макаренко ұжымды нығайту үшін тәрбие жұмысын барлық ұжымды тәрбиелеуден бастау қажет дейді.
Екінші кезеңде ұжым өзін-өзі басқаруға, сынып жетекшісінің ұйымдастырушылық қызметі тұрақты ұжым органдарына көшеді. Бұл кезеңде белсенді топпен жұмыс істеудің маңызы зор. Мысалы: жұмысты бірігіп жоспарлау, әр түрлі оқу, қоғамдық еңбек тапсырмаларын орындау, әрбір ұжым мүшелеріне көмектесу, іс-әрекеттерін бақылау, т.б.
Мұғалімнің қызметі - коммуникативті, балалармен байланыс жасау, ұжымның өмірі үшін оқушылардың ынтасын қуаттау, жалпы міндеттерді орындауда барлық оқушылардың күш-қуатын нығайту.
Ұжымның бұл даму кезеңінде қатар ықпал жасау принципі қолданылып, тұлғаға талап қою ұжым арқылы жүзеге асырылады.
А.С. Макаренко қалыптасқан ұжымның ерекше белгілерін көрсетті:
- үнемі сергектік, іс-әрекетке дайындық;
- өзіндік қадірін сөзіну;
- ұжым мүшелерінің достық бірлігі;
- әр мүшенің өз қауіпсіздігін сөзінуі;
- іс-қимыл, іс-әрекет белсенділігі;
- дер көзінде ұстамдылыққа әдеттенуі, көңіл шарпуларымен тілдесудегі өзіне шек қоя білуі.
Оқушылар ұжымын нығайту мен қалыптастыруда аса маңызды мәселелердің бірі - ұжым алдындағы мақсатты - перспективаны тандау. Осыған орай А.С.Макаренконың теориялық мұрасына сүйеніп, оның жақын, орта және қашық атты перспективаларын еске түсірген жөн. Жақын перспектива - бұл күнделікті өмірдегі әр түрлі іс-әрекетке жеке тұлғаны ынталандыру, қызықтыру. Жақын перспектива: жарыс, саяхат, жексенбілік серуен, цирк, мұражай және көрмеге бару, үйірмелердегі қызықты жұмыстар. Орта перспектива: балалар лагеріне бару, жылсайын өткізілетін ән, сурет сайыстарына қатысу, әдебиет, эстетикалық және этикалық тақырыптарға пікірталас өткізу. Қашық перспектива - ұжымның немесе жеке адамның ұзақ мерзімге созылатын бір істі орындауға талаптануы. Қашық перспектива: келешек мамандықты таңдау, білім алу, мектеп бітіргеннен кейін халық шаруашылығында жұмыс істеуге тілек білдіру немесе кәсіптік оқу орындарына түсу.
Қоғам адамдары қашық перспектива арқылы мүмкіндігінше ұжымға, Отанға пайда келтіруі тиіс. Бұл перспектива жақын және орта перспективалармен мызғымас байланыста іске асырылады. Әрбір мұғалімнің міндеті - перспективаларды оқу және тәрбие барысында тиімді пайдалану, перспективаны баланың, сыныптың, мектептің пайдасы үшін таңдап ала білу, оқушылардың жас ерекшеліктерін және жалпы дайындық дәрежесін еске алу.
Достарыңызбен бөлісу: |