Смағұлова Күлшат Қабдоллақызы ҚазҰУ, Халықаралық қатынастар факультеті, Дипломатиялық аударма кафедрасы, ф.ғ. к., доцент



Дата15.06.2016
өлшемі46 Kb.
#136942
Смағұлова Күлшат Қабдоллақызы

ҚазҰУ, Халықаралық қатынастар

факультеті, Дипломатиялық аударма кафедрасы, ф.ғ.к., доцент
Шыңжаңдағы саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі діни жағдайдың алатын орны

ШҰАА өкіметінің дінге қатысты саясатындағы маңызды түзетулер автономиялы ауданның өзінде ғана емес, сонымен қатар бүкіл елдегі және әлемдегі болып жатқан саяси өзгерістерге байланысты еді. Әрине, бүкіл ШҰАА басшылығының автономиялы ауданның жағдайына қатысты «жағдайды тұрақтандырудың» өз жоспарлары жасалып, шыңдалады. Оның үстіне осы бағыттағы басты ұйғарымдар орталық органдармен арнайы кеңестер мен дерективті материалдарда анықталып қойған еді. Әсіресе ҚХР Мемлекеттік кеңесінің «№ 62 құжатында» (1989 ж. қыркүйек), Тибет мәселелері бойынша кеңестерде (1989 ж. қазан), Шекаралық ұлттық аудандардағы жағдайды әрі қарай тұрақтандыру міндеттері бойынша (1990 ж. наурыз), Ұлт істері бойынша комитеттердің төрағалардың жиналыстарында (1990 ж. ақпан) және т.б. Шекаралық аудандарда ішкі және сыртқы сепаратистердің зиянкестік әрекеттеріне қатаң шек қою, сырқы қастық күштердің әрекеттеріне деген сақтықты күшейту, соңғы жылдары едәуір әлсіреген идеологиялық жұмысты күшейтуге ерекше көңіл бөлінуі керек деп көрсетіледі [1].

«Милитаристер және Қытайлық Орта Азия мұсылмандары» атты еңбектің авторы А.Форбс: «Шыңжаң провинциясы географиялық тұрғыдан оқшауланған жер, Шығысқа да Батысқа да тиесілі емес» деп тұжырымдаған ойын Зотов О.В. өзінің еңбегінде алға тартады [2]. Аймақтың тарихи рөлін тек жаһандық мәселелер мен өзара қатынастардың жүйесі ретінде қарастыру арқылы түсініп бағалауға болады.

1949 жылы революция аяқталып, Қытай Халық Республикасы құрылғаннан кейін дінге қатысты саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып дін ұстану еркіндігі қағидасы жарияланды. Ол 1954 жылы ҚХР Конституциясында бекітілді. Алайда іс жүзінде бұл қағиданың жүзеге асуы көптеген бұрмалаулармен қатар жүрді. Қытай Коммунистік Партиясының саясаты кез-келген діни қызметті тоқтатуға және атеизмді насихаттауға бағытталды. Бұл шаралар Қытайдың әлеуметтік-экономикалық деңгейін де, басым көпшілігі діни догмалардың ықпалында қалған ұлттық азшылық шоғырланған аудандардағы халық санасының даму деңгейін де ескермеді. Бұл ең алдымен Қытайдың мұсылман халқына қатысты болды. Олар үшін ислам тек дін емес, өмір салты болып есептелінді.

70 жылдардың соңы мен 80 жылдардың басында ҚХР үкіметі мен ҚКП ОК дінге қатысты саясатын қайта қарастыруға мәжбүр болды. Қытай басшылығының жаңа әдістерін анықтаған алғашқы акт 1982 жылдың 31 наурызындағы «Қытайдағы социализм кезеңіндегі діни мәселелердің негізгі көзқарастары мен саясаты» жөніндегі құжат. Бұл құжатта «жаңа тарихи кезеңде дінге қатысты партия мен үкіметтің басты мақсаты – дін ұстану еркіндігі саясатын жүргізу, ұлттық діни орталардың патриоттық саяси одақтарын кеңейту мен нығайту, олардың әлеуметтік және патриоттық өзара байланыс тәжірибесін күшейту, ірі социалистік модернизацияланған держава құру мен гегемонизмге қарсы, бейбітшілік үшін отанның бірігуі жолындағы үлкен істі аяқтау үшін бірігіп күресу», - деп жазылған [3]. Сонымен қатар құжатта діни қызметтің тарихи жерлері мен дінге табынушылардың көп шоғырланған аудандарындағы табынушылық пайда болған орындарды қайта қалпына келтіру туралы кең ауқымды бағдарлама келтірілді. Және де өз еркімен діни қызметкер болуға тілек білдірген жас буын қатарынан табынушылық қызметкерлерін дайындау қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Бұл жағдайлар діни мәселеге тікелей қатысты құқықтық нормаларда бекітілді. ҚХР жаңа Конституциясының 36-шы бабы бойынша: «ҚХР-ның азаматтары дін ұстану еркіндігін иеленеді. Мемлекет діни қызметтің дұрыс жүргізілуін қадағалайды. Ешкім дінді қоғамдық тәртіпті бұзу, азаматтардың денсаулығына, мемлекеттің білім жүйесіне зиян келтіру мақсатында қолдана алмайды. Діни ұйымдар мен діни қызметтер шетел бақылауынан бос» [4].

80 жылдардан бастап Қытай үкіметі өзінің қызмет ету жолдарын өзгертті және аймақта мұсылман дәстүрлерін дамытуға және жергілікті табынушылар арасындағы қатынастарды өзгерткен жаңа мәдени саясат жүргізе бастады. Жалпы әлеуметтік іс-қимылды анықтаудың екі түрі бар: бірінші, бақылау арқылы, екінші, іс-қимылдық дәлелдер арқылы. Пекин үшін мәдениет пен діннің дамуын бақылау және тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы дамытуды реттеу өте маңызды болды, өйткені бұл ұлттық қозғалыстарды басудың амалы ретінде болды.

Мәдени либерализация саясатында Пекин ШҰАА-ның әртүрлі аймақтарында әртүрлі бағыттардағы саясат жүргізгендігін ескеруіміз керек. Шыңжаңдағы жалпы халық санының 55 % мұсылмандар болып келеді [5]. Ол қандай да бір аймақта ислам идеясының қаншалықты түрде енгендігіне байланысты. Мысалы, Тұрфан оазисінің мұсылмандарының көбі консервативті оңтүстіктегі әсіресе Қашғардағы мұсылмандарға қарағанда, Пекин бұл аймақта діни мәселеге келгенде көп жағынан басымдылық көрсетпейді, бұл бір жағынан осы жердегі жергілікті ұйғыр ұлтының қытай үкіметімен ара-қатынасын қалыпты жағдайда болуын біршама жақсартады. Ал Қашғарда антиқытайлық көңіл-күй тұрақты болғандықтан, мемлекет діни сауаттылықты және мешіттердің бой көтеруі сияқты мәселелерді қатаң түрде өз бақылауына алады.

Көп бөлігі мұсылмандар болып табылатын және түркі тілдес топқа жататын тілде сөйлейтін ұйғыр халқының көптеген жылдар бойы Қытайдың ресми билігімен мәселелері болды және ШҰАА-ның тәуелсіздік алу қозғалысын қолдады. 1953 жылы ШҰАА халқының 80% құраған ұйғырлар, қазіргі кезде 20-миллион шамасындағы ШҰАА халқының жартысын құрайды. Екі миллиондық Үрімші қаласында этникалық қытайлар үлесі 70% асады [6]. ШҰАА-ғы қытай этносы өкілдерінің үлесінің артуы ұйғырлар арасында этникааралық шиеленістер, лаңкестіктің өршуі, сепаратистік толқулардың артуы күйіндегі жауапты әрекетті тудырды. Қытайлықтардың ағылуын ұйғыр халқы «жұтылу» саясатының саналы жүзеге асырылуы ретінде қабылданды. Ислам дінінің қалыптасуының ерте кезеңінде ұйғырлар суфизмді ұстанды, бүгінде халықтың басым көпшілігі сунниттер болып табылады. Ұйғырлардың қазіргі заманғы салт-дәстүрлерінің өзіне тән ерекшелігі көптеген өзінің дәстүрлі элементтерін сақтап келеді. Бұл – баланың туылуы мен тәлім-тәрбиесі, неке қию және жерлеу рәсімдеріне байланысты салттар.

ҚХР басшылығы бағыттап отырған қытайлықтардың жаппай қоныстандырылуының ШҰАА халқына әлеуметтік салдарлары айқын. Шыңжаңда 47 этникалық азшылықтың өкілдері тұрады. Хань (қытай) ұлтын есептемегенде ШҰАА-ның басым бөлігін әртүрлі көрсеткішпен 13 этностың өкілдері құрайды. Көп этносты мемлекттің әлеуметік-саяси бағыттарын зерттеу этнос және конфессияаралық қатынастардың және ұлт мәселесінің негізі болып табылады, ШҰАА осындай аймақтардың бірі болып келеді.

Этникааралық және конфессияаралық қатынастар аумағы түбінде әлеуметтік-экономикалық дамуға байланысты болғанымен біршама өзіндік, тәуелсіз сипатқа ие. Ұлт, мысалға, бір қоғамдық құрылыстан екінші қоғамдық құрылысқа өтсе де, саяси жүйелер ауысып жатса да өзінің этникалық және конфессиялық бейнесін (тілін, мәдени ерекшеліктерін, ұлттық салт дәстүрлерін, дін мен діл ерекшелігін т.б.) сақтайды.

1990-жылдардың басында Орталықазиаттық аймақтағы геосаяси жағдайдың өзгеруі Қытай Халық Республикасының бұл аймаққа қатысты сыртқы саясатының өзгеруіне маңызды әсер етті. Бұл өзгерістер, ең алдымен, Орталық Азия елдерімен шекаралас ҚХР Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданының ішіндегі жағдаймен байланысты. Соның ішінде, өзіне «үш қауіп» мәселесін қосатын «ұйғыр мәселесі»: ұйғыр сепаратизмі, діни экстремизм және халықаралық терроризм. Жоғарыда айтылғандарға қарап, «Үш қауіп» мәселесіне қатысты келешекте қытайлық үкімет неғұрлым тиімдірек шешім қабылдауы керек болады деген қорытынды жасаймыз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Конституция и законодательные акты КНР. – М., 1984. – С. 31.

2. Зотов О.В. Китайский «Средний Восток»: ислам и национализм в Синьцзяне как факторы глобальной геополитики //Ислам на современном востоке. Регион стран Ближнего и Среднего Востока, Южной и Центральной Азии. – М.: Краф, 2004. – С. 361.

3. Lin Chashun. Xinjiang zongjiaode jiben tedian // Minzu tuanjie. – 2002. – № 3. – 24-25 ye.

4. Кожин П.М. Государство и религиозные организации в Китае // Проблемы Дальнего Востока. – 1986. – № 4. – С.142-146.

5. Абен Е., Карин Е. Национал-сепаратистские тенденции в СУАР КНР и проблема безопасности центральноазиатского региона // Центральная Азия и Кавказ. – 1999. – №(3)4. – С.103.



6. Ломанов А. Погром в Урумчи спровоцировали через Интернет // Источник Время новостей. - 07.07.2009. - www.asu.ru

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет