Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Филология және көптілді білім беру институты
Қазақ тілі мен әдебиеті
№ 8 - ПРАКТИКАЛЫҚ САБАҚ
Пән атауы: Көркем мәтінді әдеби талдау әдістемесі
Тақырыбы: Қазіргі оқыту үдерісіндегі көркем шығарманы талдау әдістері
Орындаған: Әлімғожа Дастан
(ҚТӘ ЖОО 2-курс ДОТ)
Тексерген: Юсуп Айжан
Алматы 2023 жыл
Қазіргі оқу үдерісіндегі көркем шығарманы талдау әдістері
Қазіргі таңда балалар өздігінен кітап оқымайды. Олардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін мұғалім де, ата-ана да қандай да бір амал іздейтіні анық. Барлық білім осы сөз арқылы берілетінін білеміз, сондықтан кітапты балаға мәжбүрлі түрде оқытуды емес, өзі құлшынып, қызығып оқитындай амалдарды қолданғанымыз жөн. Әдебиет зерттеушісі Қажым Жұмалиевтің айтуынша, көркем шығарманы оқыту арқылы оқушының ойлау жүйесін, сөздік қорын ғана дамытып қоймаймыз. Баланы жан-жақты тәрбиелейміз: эстетикалық талғамын жетілдіріп, адамгершілік қасиетін қалыптастырып, рухани дүниесін байытамыз. Осы орайда, мұғалімдердің мойнына артылар жүктің салмағы ауыр түсінеміз. Өйткені, оқыту үдерісінде көркем шығарманы оқытып қана қоймайды, оны жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізіп, оқушының есінде оқыған шығармасы жақсы сақталуын қадағалайды. Көркем шығарманы талдау жұмыстарын тақырыбына, көтерген проблемасына, кейіпкерлердің образын ашуға, композициялық құрылымына, сюжетіне қарай түрлі әдіспен жүргізуге болады. Осы орайда «Қандай талдау әдістерін қолданған тиімді?» деген сұраққа төмендегі оқыту әдістерін қолдансақ болады.
Біріншіден, көркем туындыны оқытудың мақсатын анықтап алғанымыз жөн. Екіншіден, сол мақсатқа жетуге итермелейтін әдісті дұрыс таңдап алу керек. Әрине, әдіс таңдағанда, міндетті түрде оқушылардың жас ерекшелігін ұмытпаймыз. Егер мақсат «Композицияны тұтастан бөлшеккке, бөлшектен тұтасқа қарай талдау» болса, «Кроссенс» әдісі өте тиімді дер едім. «Ойлардың қиылысу» деген мағынаны беретін бұл әдіс шығарманың сюжетін суреттер арқылы құрастырып, тұтас шығарманы немесе бөлімін құрауды талап етеді. Суреттер нақты оқиғаны бейнелейтін суреттер емес, сын тұрғысынан ойлануға арналған болуы керек.
Шығарманы оқып болғаннан кейінгі автордың идеясын, көтерген мәселесін, өмірмен байланысын, өзектілігін пайымдау үшін «Төрт сөйлем әдісін» қолданса, оқушы өз пікірін дәлелді жеткізуге үйренеді. Яғни оқушы оқыған туындысына қатысты пікірін, оған дәлелін, мысалын, қорытынды ойын бір-бір сөйлеммен тиянақты, нақты жеткізуі тиіс.
Жаңартылған білім бағдарламасына сәйкес оқушы көркем шығарманы оқи отырып, әдеби шығармадағы мәселелерді ғаламдық мәселелермен байланыстыра отырып та, талдай алуы тиіс. Яғни анализ және интерпретация жасай алуы, өзіндік ой қорыта алуы, бағалай алуы керек. Ол үшін «ПОПС формуласы», «Балық қаңқасы» секілді оқытудың белсенді әдістерін қолдану жақсы нәтиже береді. Әдеби эссе де жаздыруға болады.
Қорытындылай келе, білімді ұрпақ өсу үшін мұғалімдеріміз де өз білімін шыңдап, біліктілігін арттырып отыру қажет. Әдебиет пәнінің мұғалімі де балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттырудың, әдеби шығарманы талдаудың жаңа тәсілдерін тауып қолдануы тиіс. Сондықтан әдебиет сабақтарында көркем шығарманы талдау барысында әдістерді дұрыс таңдау маңызды. Оқыту үдерісінде жан-жақты талданған шығарма оқушы санасында жақсы сақталады және өміріне рухани азық болатыны сөзсіз.
Достарыңызбен бөлісу: |