99. Көру қабілеті бұзылған балаларға инклюзивті білім берудегі ерекшеліктер мен кездесетін қиыншылықтардың шешу жолдарын айтыңыз.
Мүмкіндігі шектеулі оқушылардың оқып-үйренудегі қиындықтарын дер кезінде анықтап, оларға коррекциялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін, сондай-ақ жалпы білім беретін мектептегі білім игеруге байланысты қолжеткізілген деңгей туралы оқушылармен ата-аналарды хабардар етіп отыру үшін тұрақты түрде психологиялық-педагогикалық мониторинг өткізіліп тұруы тиіс. Бұл интеграциялық оқыту сыныбы мұғалімінің арнаулы (коррекциялық) сынып мұғалімімен, пән мұғалімдерімен, психологпен, тифлопедагогтармен, арнаулы және әлеуметтік педагогтармен тығыз ынтымақтастықта бірлесіп жұмыс жүргізу нәтижесінде іске асады. Осымен қатар арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдаудың бақылануын және орындалуын мектеп психологиялық-медициналық-педагогикалық консилиумы арқылы жүзеге асыруы тиіс.
Көру қабілеті бұзылған бала жалпы білім беретін мектепте оқытылса, сол сыныпқа сабақ беретін педагог баланың қабілетін жіті тексеріп және денсаулығына байланысты қойылған диагнозына қарай оқытуы тиіс. Бұл баланың көзі көрмейді, не нашар көреді деп ысырып тастауға мүлдем болмайды. Бұл топтағы балалардың диагноздары, көзінің көру мөлшерлері, қабылдауы, ойлау ерекшеліктері, зейіні, есте сақтау қабілеттері әр түрлі деңгейде болып келеді. Көру қабілеті бұзылған балалар үш топқа бөлінеді.
Олар: 1-топ мүлдем көрмейтін балалар;
2-топ көру деңгейі төмен балалар;
3-топ көру деңгейі функционалдық бұзылған балалар. (қыли, амблиопия)
1 - топтағы балаларға брайль жүйесінде оқытылу ұсынылады.
Брайль жүйесі – бұл бедерлі нүкте арқылы оқыту мен жазу. Аталған жүйемен оқыту үшін арнайы құралдар (прибор, брайль дәптері, грифель) қолданылады.
1-топтағы балаларға брайл жүйесін үйретпес бұрын ет сезім қабілеттерін дамытумен жұмыстану керек. Баланың ет сезім мүшелері дамыса, қалыптасса бедерлі нүктелерді сезуіне, әріптер мен сандарды тез үйренуіне көп көмегін тигізеді.
Ет сезім мүшелерін дамытуға түрлі әдістерді пайдалануға болады. Үлкен заттан бастап, ұсақ затқа дейін ауысу. Мысалы: жіпке тізілген үлкен моншақтан бастап, ұсақ моншаққа дейін төмендеу және оған ілгекті де алуға болады. Сабаққа қатысты үлестірмелі материалды грифелмен бастыру, құрастырмалы, бұрандалы заттармен, жіптің түрлерімен, өсімдік дәндері мен дақылдарын пайдаланға т.с.с. көрнекі заттармен жұмыстануға болады.
Әр 15 минут сайын көз бұлшықеттері шаршамауға, көру деңгейі төмендемеуі үшін көзге арналған жаттығулар жасап тұру керек. Мысалы мынадай жаттығуларды қолдануға болады. Брайль жүйесінде оқитын балаларға әуеннің сүйемелдеуімен орнында отырып, басты оңға, солға, алға, артқа айналдыру. Қолды алға созып алақандарымызды ашып-жұму. (15-20 рет). Орнынан тұрып, басын жүректен төмен қойып, дем алып, дем шығару. Қолдарын жаңға созып, жұдырығын түйіп білегін, шынтағын, айналдырады, қолдарын жоғары көтеріп жұдырықтарын ашу. (15-20) рет, басында 5-10 рет, т.с.с. Сонымен қатар саусақ ұштарына, алақанға бүдірлі заттармен жеңіл массаж жасау.
Көру деңгейі төмен балалар мен көру деңгейі функционалдық бұзылған балаларға мынадай үлгідегі көзге арналған жаттығулар жасатуға болады. Әуеннің сүйемелдеуімен көзді ашып, жұму, ауаға көзбен көлденеңнен сегіз салу (15-20 рет), көзге сұқ және ортаңғы саусақпен жеңіл массаж жасау, т.с.с. Көзге арналған жаттығулармен қатар денеге де жаттығулар жасап отырылады. Сонымен қатар көзге арналған электронды жаттығулар мен тренажорлар бар.
Көру деңгейі функционалдық бұзылған балалардың ауру диагнозына байланысты әр қайсысымен ұсынылым бойынша жұмыстанылады.
Егер балада миопия ауруы болса, жақында тұрған нәрселерді жақсы көреді де, алыстағыны көрмейді. Бұл баламен жеке жұмыстану қажет және көзге арналған арнайы жаттығуларды жасап отыру керек. Жұмыс орны жарық болуына ықпал жасау және баланың денесін тіке ұстап отыруына бақылау жасап отыру керек. Көрнекілік түстері үйлесімді реңмен берілуі тиіс (қара реңге- қызғылт сары, жасыл түсті). Көру жүктемесі 10 минуттан аспауы тиіс, ауызша жұмыстану 10 мин.
Достарыңызбен бөлісу: |