ӘБІШ КЕКІЛБАЕВТЫҢ ТІЛДІК ТҰЛҒАСЫ
А.Б.БЕЙСЕНБАЙ
филология ғылымының кандидаты
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университеті
Әбiш Кекiлбаев – қазақ рухани әлемiнiң iрi тұлғаларының бiрi. Халықтық дiл қайнарларынан терең сусындап, әлемдiк ақыл-ой аңсарларын жан-жақты жiтi зерделеу арқылы даралық биiгiне көтерiлген қаламгер – ұлттық мәдениетiмiздегi жаңа құбылыс. Оның шығармашылық қуатының алтын өзегi, адастырмас ариадасы – уақыт. Ол үшiн тарих – тек тақырып емес, рухани темiрқазық және адам өмiрiнен, қоғам тағдырынан әлде-қайда биiк тұрған мәңгiлiк өлшемi. Дүние құбылыстарына сол заңғардан көз салады.
Тiл құнарын терең игерiп қана қоймай, оны тамаша түрлендiре де бiлетiн сөз зергерiнiң ойшылдық стихиясы басым. Ойшыл қаламгер көркем сөз кестелерiн көңiл аулар қызыл-жасыл бояу ретiнде емес, өзiне тартып барып, өзегiн тануға жетелер өзгеше жолбасшы ретiнде пайдаланады. Ол үшiн сөз сұлулығы мен ой тереңдiгi екi түрлi категория емес тұтас бiр болмыс. Сондықтан да көпшiлiк оның ойы мен сөзiн бiрдей жақсы көредi. Ойшыл үшiн де, суреткер үшiн де бұл аз бақыт болмаса керек. Әбiш Кекiлбаев шығармашылығының шырайын шығарып тұрған-оптимистiк, өмiршеңдiк рух. Жылағанмен қоса жылап, жасыққа жеңгетайлық жасауды емес, шикiнi ширату мен мықтыны мадақтауды мұрат тұтады. Шартпа-шұрт «не бар, не жоққа» емес, табиғи ұстамдылық пен ұшқырлыққа iш тартып, өлермендiкке емес өмiрдiң өзiне жүгiнуге көбiрек бүйрек бұрады. Айсберг тәрiздi: айтқысы келгенi – айтқанының астарындағы алып мұздақ. Тақырып маятнигi мәңгүрттiк пен мәрттiк арасындағы кең амплитудада еркiн тербелгенiмен, ат байлары айқын: адамгершiлiк, адалдық пен әдiлдiк, тазалық пен тектiлiк.
Ә.Кекiлбаевтың жазушылық шеберлiгiнiң бiр қыры — дүниетанымдық сөздiк қорын өзiне дейiнгi және өз тұсындағы көркем әдебиет туындыларынан ерекшеленiп, өзiндiк жол саралануы.
Ә.Кекiлбаев шағармаларынының тiлдiк қолданысы мен тiлдiк, стильдiк ерекшелiктерiн, ондағы дүниетанымдылық лексиканың қолданысына тоқталу жалпы ана тiлiн қолданушы ретiндегi Ә. Кекiлбаев тұлғасы айқындала түспек.
Бұл қазiргi орыс тiл бiлiмiнде зерттелiп, айтылып жүрген тiлдiк тұлга ұғымымен тiкелей байланысты. Бұл әрi кең мағынасында жалпы тiлдiң тiл ретiндегi жеке тұлғалық ерекшелiгiн, тiл ретiндегi мүмкiндiгiн анықтауға, тiлдiң ұлт тiлi ретiндегi өзiндiк сипатын нақтылау, әрi жеке тiлдi қолданушының тiлдiк байлығын, тiлдiк қолданысындағы шеберлiктi дәлелдеу үшiн қажеттi тiлдiк зерттеу бағыты болып табылады.
Сондықтан тiлдiк тұлга тұрғысынан келгенде қазақ тiлiнiң байлығы, сөз қолданысының ерекшелiгi бiршама жеткiлiктi Ә. Кекiлбаев сынды жазушы шығармаларын, оның шығармаларының тiлiн зерттеу орынды деп бiлемiз.
Зерттеушiлер көркемдiк мән, тiлдiк тұлға ұғымын оның жүйелiлiгiмен тығыз байланыста қарайды.
Әр тiлдiң жүйелi болуы сол тiлдiң тiлдiк тұлға, жеке тiл ретiндегi даралық қалпын, бейнесiн дәлелдей алатындығын атап көрсетедi. Яғни, жүйелiлiктің қажетi тiлдiң тiл ретiнде өмiр сүруi үшiн бiрден-бiр белгiсi екендiгiн негiзге алады.
Бiздiңше, көркемдiк мән болу үшiн тiлде өзiндiк қалыптасқан сөзжасам жүйесi, тiлдiк қолданыс жүйесi болуы керек екендiгiне талас жоқ. Себебi, әр жазушы, әр көркемөнер иесi сол халықтың тiлі негiзiнде ғана өзiндiк ерекшелiгiн айқындап, өзiндiк сөз қолдану ерекшелiгiн жасай алады.
Ю.Караулов өз еңбегінде тiлдiк тұлға ұғымына былай түсініктеме беруге ұмтылады: “...тiлдiк тұлға тiлде (мәтіндерде) және тiл арқылы танылатын тұлға, өзінің негiзгi сипаттары жағынан тiлдiк құралдар базасында қайта толықтырылған тұлға” [1, 38].
Демек, жеке жазушы шығармаларының тiлi ұлт тiлiнiң негiзгi көрiнiсi, соның нәтижесiнде шындалған шеберлiктiң жемiсi болып табылады. Яғни, ұлт тiлiн тани отырып, жеке тұлға тiлiнiң шеберлiгiн түсiнуге, жеке тұлға тiлiнiң өзiндiк ерекшелiктерiн тани отырып, жалпы ұлт тiлiнiң өзiндiк сипатын тануға, тiлдiк кұрылымы мен лексикалық қабатындағы, сөзжасам жүйесiндегi заңдылықтарды анықтауға мүмкiндiк береді.
Мысалы: Ине жұтқан тазыдай Ханбалық пен Петербордың арасында кезек қыңсылап қоңтайшының журiсi анау. Сейлемдегi ине жұтқан тазыдай деген теңеудiң қолданысы iс-әрекет иесiн бейнелеп, сөйлемнiң көркемдiк мәнiн ашып тұр. Бұл қолданыс арқылы жазушы өлуге жақын қалған образдың бейнесін сомдаған.
Жеке тұлға тiлiнiң өзiндiк қырлары арқылы жалпы ұлт тiлi ғана емес, жеке тұлғаның iшкi әлемi жан-жақты ашыла түседi. Осы тұрғыдан, тiлдiк тұлға ұғымы жеке адамның iшкi әлемi, оның тiл арқылы берiлген нұсқасы болып табылады. Демек, Ә.Кекiлбаев шығармалары тек ұлт тарихы, ұлт танымы ғана емес оның жеке жазушы ретiндегi тұлғалық бейнесi де айқындала түседi. Осы арада ойымыз делелдi болу үшiн мысалдар келтiре кетейiк:
...тіпті, қыбыр-қыбыр жүрісі де өмір емес, жай әншейін жартыкеш жанбағыс, итшілеген құр әуре-сараң (Дала баладалары, 2 т., 160-б.).
Бұл сөйлемдегі жартыкеш жанбағыс тіркесі бұрын-соңды Ә.Кекiлбаевқа дейiн қолданылмаған. Себебi, кез-келген қазақ тiлiн қолданушының немесе қазақ жазушысының тiлiнен мұндай тiркестi жиi кездестiрмейсiз. Тiптi, жоқ деп айтуға да болады. Осы сөздердi өзара үйлесiммен тiркестiре отырып, жазушы әдемi сөз қолданыстарын жасап, жаңа тiркестер калыптастырған. Нәтижесiнде, алдымен сөйлемдегi ойды көркемдетiп жеткiзiп тұр. Оның көркем болуына себеп — аталған қолданыс алдымен тiркес түрiнде жасалғандығы. Екiншiден, бұл тiркес ауыспалы мағынасында белгiлi бір мағынаны бiлдiрiп, тiлдiң ойнақы түрде мазмұнды беруге қызмет етуiне ұйтқы болып, көркем шығарма тiлiнiң талабына сай, көркемдiк деңгейдi сақтай отырып қолданылып тұр. Жазушының әлемге деген көзқарасын, қоршаған ортаға деген көзқарасын кейіпкердің ішкі толғанысын суреттеу кезінде пайда болған тіркестен көре аламыз. Күнделікті өмірдің күннен-күнге нашарлап бара жатқанын, тіршіліктің нашарланғаны т.с.с. ұғымдарды автордың қолданысындағы тіркестен (окказионал қолданыс) байқауымызға болады.
Тiлдiң даралығы сияқты мәселеге, тiлдiк тұлға ұғымына қатысты тiл бiлiмiндегi зертеудiң маңызын аңғару қиын емес. “Тiл бiлiмi тiл және тiлдiк тұлға бiрлiгi бойынша зерттеудiң жаңа бағытына бет бұрды”, - деп көрсетедi тiлшi Ю.Караулов [1, 24]. Мұндай бағыт қазақ тiл бiлiмiне де қажет екендiгiн, оның Ә.Кекiлбаев сияқты шебер жазушының лабораториясын ғана емес, сол арқылы ұлт тiлiнiң мүмкiндiгiн белгiлеп беру үшiн де маңызы зор екендiгiн байқай аламыз.
Тiлдiк тұлғаның айқындалуы тiлдi қолданушының шешендiгiмен, тiлдiк шеберлiгiмен де байланысты.
Жеке тұлға тілінің өзiндiк қырлары арқылы жалпы ұлт тiлi ғана емес, жеке тұлғаның ішкі әлемі жан-жақты ашыла түседi. Осы тұрғыдан, тiлдiк тұлға ұғымы жеке адамның iшкi әлемi, оның тiл арқылы берiлген нұсқасы болып табылады. Демек, Ә.Кекiлбаев шығармалары тек ұлт тарихы, ұлт танымы ғана емес оның жеке жазушы ретiндегi тұлғалық бейнесi де айқындала түседi. Осы арада ойымыз делелдi болу ушiн арасында мысалдар келтiре кетейiк. Мысалы: Оның тұңғиық жанарында қуаныш та, мұң да, ақжарылыс та, абыржушылық та емес, олардың бәрінен де терең, бәрінен де жұмбақ, бұрын бұл жан баласынан көрмеген бір тұңғиық тосын сыр тұнып тұр. Осындағы ақжарылыс сөзінің жазушының контекске сәйкес қолданған өзіндік сөз жасау ерекшелігі. Халықтың тілінде ағынан жарылу, барын айту деген ұғымдар бар екені рас. Дегенмен аталған сөз қуаныш сөзінің орнына қолданылып, сөйлемге өзінше бір ажар беріп тұр.
Орыс ғалымдары тiлдiң өзiндiк ерекшелiгiн, тiлдiк тұлға ретiндегi тiлдiң маңызын ашу үшiн тiлдiң табиғатын оның көркемдiк мәнiмен, көркем әдебиет тiлiндегi қолданылу деңгейiмен байланыста зерттеген. Осы бағыттағы зерттеу еңбектердiң қатарына М.Б.Храпченконың еңбегiн айтып кетуге болады. М.Б.Храпченко өз еңбегiнде көркемдiк мән мәселесiне тоқтала келiп, көркемдiк мәнге тән төрт түрлi белгiнi белгiлеп бередi: “... а) дүниенің мәндiк қасиетiн, сипатын, бейнелеу жене топтастыру, адамдардың рухани өмiрiнiң қиындықтарын ашу; ә) шығармашылықтың объектiсi болып табылатын барлық нәрселерге эмоционалдық қатынасты бейнелеу; б) идеалдық, жетiлгендiктiң, өмiр, табиғат сұлулығының көрiнуi, эстетикалық маңызды заттық дүниенi құру; в) шығармашылық, образдылыққа тән және сонымен байланысты эстетикалық әсер ету күшi бар оқырманға, көрерменге, тыңдарманға бағытталған iшкi ұстаным” [2, 67].
Осы пiкiрге сүйенсек, адамның iшкi рухани әлемiнiң тiл арқылы көрiнуi, оның қоршаған ортаға деген эмоционалдық қатынасының көрiнiс табуы, жаратқан дүниеге, тiршiлiкке, сұлулық пен табиғатқа деген идеяларының жинақталып берiлуi, оқырманның не тыңдаушының тарапынан өз деңгейiнде қабылданып, оларға әсер ете бiлуi сияқты негiзгi белгiлерiн атап көрсетедi. Аталған ерекшелiктер көркем мәтiннiң көркемдiк мәнiне жауап беретiн белгiлер ретiнде ұсынылады.
Бұл белгiлердiң негiзгi белгiлер екендiгiнде сөз жоқ. Аталған белгiлердiң барлығы дерлiк бiз қарастырып отырған Ә.Кекiлбаев шығармаларынан да кездеседі.
Ұлт тiлiн қолданушының тiлдiк қолданысы, оның жеке тұлға ретiндегi ерекшелiктерi М.Б.Храпченко атаған белгiлер негiзiнде айқындала түсетiндiгi де анық. Дегенмен, көркемдiк мән, көркемдiк ерекшелiк болу үшiн шығарма тiлi тек осы тiлдiк, мәтiндiк белгiлермен шектелiп калмайды. Былайша айтқанда, еңбекте көрсетiлген көркемдiк мән ұғымына тән тiлдiк белгiлер толық анықталған деп айта алмаймыз. Сондықтан қосымша басқа да шығарма тiлiнiң көркемдiк мәнi тұрғысынан тiлдiк тұлғаның даралығын анықтайтын белгiлердi анықтап көрсетуге болады. Ондай белгiлердiң қатарына бiздiңше, тiлдiк қолданысындағы ерекшелiктер, тiлдiк өзiндiк шеберлiгi, сөз саптау стилiндегi өзiндiк қолданыстар, стильдiк ерекшелiгi, өзiндiк сөз жасап қолдану тәсiлi деген сияқты мәселелердi айтып өтуге болады. Әрине, бұлар көркемдiк мәннiң тiкелей өзiне қатысты болмауы мүмкiн. Сонымен бiрге аталған белгiлер көркемдiк мәнге қатысты айтқанда көркемдiк мәннiң мәтiнмен байланысы тұрғысынан келгенде қажеттi белгiлер болып табылады.
Әр жазушының өзіндік тiл қолданысындағы, сөз жасау тәсiлiндегi шеберлiгi, стильдiк ерекшелiгi болатыны мiндеттi. Сол тұрғыдан келгенде, әр жазушы тiлiн тану арқылы қазақ тiлiндегi сөз жасау тәсiлiндегi не сөз қолдану тәсiлiндегi, көркем сөйлеу мүмкiндiгiндегi әр түрлi жолдарды анықтай түсiп, ұлт тiлiнiң мүмкiндiгiн бiле түсетiндiгiміз айқын. Осыған байланысты Ә.Кекiлбаев сынды тiлдiк қолданысы бай, әсiресе, ұлт табиғатына қатысты сөздiк қоры мол жазушының тiлiн зерттеудiң де тиiмдiлiгi түсiнiктi болмақ. Бұл тиiмдiлiктi талдау барысында келтiрiлiп жатқан мысалдар, екiнiң бiрiне түсiнiктi бола бермейтiн сөздердiң қолданысы, олардың беретiн мағыналарының контекске сай немесе одан тыс айқындалып жатуы айғақтай түссе керек. Оның себебi кез келген шығарманың өзiндiк тiлдiк ерекшелiгiн бiз дәстүрлi тiл бiлiмi шеңберiнде ғана түсiндiруге тырысатындығымыздан болу керек. Шын мәнiнде осы ерекшелiктiң табиғатын, оның тiлдiк тетiктерiн тек тiлдiк негiзде ғана емес, тiлден тыс немесе тiлдiң терең құрылымымен тамырлас, танымдық табиғатынан да iздеген дұрыс болар.
Жазушы шығармаларының көркем шығарма ретiндегi көркемдiк мәнiн алудағы ұлт дуниетанымына қатысты лексиканың, олардың қолданысының өзiндiк қызметi бар. Бұл мәселеге қатысты бiраз тоқталып, жоғарыда мысалдар арқылы талдап да өттiк.
Тiлдi дүниетанымдық тұрғыдан тану мақсатында жүргiзiлетiн зерттеулердiң объектiсi — ұлт тiлi екендiгi белгiлi. Сол себептi, тiлдiң көрiнiс табатын түрлi формалары әр дәуiрдегi әдеби шығармаларын, ондағы тiлдiк қолданыстарды, шығармалар тiлiндегi ұлттың ерекшелiгiн беретiн тiлдiң қызметiн айқындаудың маңызы зор. Қазiргi көркем шығармалардың iшiнде, әсiресе, тарихи тақырыпта жазылған шығармалар тiлiндегi ұлттың байырғы табиғатын, болмысын беретiн тiлдiк қолданыстар мен ерекшелiктер молынан кездеседi.
Тiл ұлттың болмысын, дүниетанымын бiлдiретiн негiзгi белгiсi екендiгi айтылып өтті. Тiл болмаған жерде ұлттың ұлт ретiндегi табиғатын елестету мүмкiн емес. Оны тiлсiз дәл бере де алмаған болар едiк. Ұлт тiлiсiз ұлттың рухани мәдениетiнiң тарихын құрайтың рухани құндылықтарды, түрлi тарихи, көркем шығармаларды өмiрге келтiре алмаймыз, сонымен қоса ұрпағымызға ұлттық үрдiстегi бiлiм мен тәрбиенi де бере алмаймыз. Демек, ұлттың айнасы – тiл десек, сол ұлт тiлi көркем әдеби шығармаларда көрiнiс тауып, сол көркем шығармалар арқылы ұлттың табиғатын беруге ұмтылады. Ә. Кекiлбаев шығармаларын осындай құнды дүниелердiң қатарына жатқызуға болады.
Пайдаланылған әдебиеттер
-
Караулов Ю.Н. Руский язык и языковая личность. -М.,1987.
-
Храпченко М.Б. Горизонты художественного образа. -М., 1982.
Достарыңызбен бөлісу: |