Барысова Н.Т.
Өмір Азамат
ОҚМПИ, Шымкент
«АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІН» АУДАРУ БАРЫСЫНДА ЛЕКСИКАЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫЛУЫНА ТАЛДАУ ЖАСАУ
Тіл арқылы ойын жарыққа шығаратын адам, әдетте жаңа сөз жасамайды, сол тілде бар, сол тілдің сөздік құрамында бар сөздерді өзінше қолданады. Шебер шешен болғанның өзінде сол тілдің байлығын бар мүмкіндігінше пайдаланады. Міне, осыдан келіп шығады, аудармашы да аударма тілде бар, түпнұсқа тіліне сәйкес сөздерді таңдап, тауып алады. Тек кейбір жағдайда, айталық, термин я болмаса авторлық неологизмді басқа тілде жеткізуде жаңа сөз жасайды, оның өзінде ол мұны тілде бар лексикалық, морфологиялық элементтердің көмегімен жүзеге асырады.
Кез келген жазушы, ақын өз шығармасын басқа бір тілге аударғанда түпнұсқаның толық мазмұнының сақталуын талап етеді, ал аударма дегеніміз – үлкен өнер, ал сол өнерді аса шеберлікпен пайдалана білу – тәржімашының ең үлкен міндетінің бірі. Сөз – тіл жүйесінің бөлігі, ол – қолданысқа түскенге дейін нақты лексикалық мағынаға ие дербес мәнді единица. Ал қолданысқа түскен сөз – белгілі бір мәтіннің лексикалық, стильдік жүйесінің бөлігі. Тілдердің лексикалық жүйесін, жекелеген категорияларды салыстыру, фактілердің констатациясын тізбелеп шығу қандай да болмасын проблеманы толыққанды шешіп бере алмайды. Бір тілден екінші тілге аударылған мәтін мен тұпнұсқаның тілдік материалдарын салыстыруда осы сипаттар назарға алынады және жеке тілдік единицаның аударылуы ең шағын мәтін деңгейінде талдауға түскенде аударудың объективті заңдылықтары айқындалады.
Коммуникативтік-функционалдық белгілер үшін аудармашы тарапынан нақтылау (конкретизация), ұлғайту (генерализация), мағыналық дамыту әдістері пайдаланылады, сөздердің орны ауыстырылады, дербес лексикалық единицаның орнына сөз тіркестері қолданылады, синонимдердің бірнешеуінің қатар жұмсалуы арқылы мағына дамытылады, стильдік бояу үстеледі. Бұндай түрлендірудің нақты, объективті себептері болуға тиіс; объективті себептері болмаған жағдайда негізгі мазмұнның бұрмалануына жол берілуі мүмкін.
Аударманы салыстыра зерттеу барысында аударма тілдегі, яғни ағылшын тілдегі тіл бірліктердің түпнұсқа тілде бір немесе бірнеше сәйкестіктері бар лексикалық бірліктер, сонымен бірге тікелей сәйкестіктері кездеспейтін бірліктер бар екендігі анықталады.
Лексикалық трансформацияны аудармада қолданудың бірнеше себептері бар:
-
екі тілдің лексикалық мағыналарының өзгешелігі, яғни ол өзінің мағынасын кеңейте немесе оны нақтығырақ, абстракты мән бере алады;
-
екі тілдік сәйкестік әр түрлі болады, яғни бір тілдегі ықтимал болуы, екінші тілде қолайсыз. Бұндай ерекшеліктерді аударуда лексикалық трансформациялар түрлерін қолданамыз.
Тілдердің сөздік құрамының құрылымдық-мағыналық сипаттарының арасындағы айырмашылықтар, сөздің контексте әралуан қызмет атқаруы сөз таңдаудағы белгілі бір ортақ заңдылықтарды жүйелейді. Сөз таңдаудың лексикалық трансформация жасаудың түрлері ретінде, әдетте мағынаны ажырату (дифференция значений), мағынаны нақтылау (конкретизация значений), мағынаны ұлғайту, үстемелеу (генерализация значений), мағынаны дамыту (смысловое развитие), антонимдік аударма немесе шендестіре аудару (антонимический перевод), тұтастай өзгерту, түрлендіру (целостное преобразование) сияқтылар аталады.
Қазақ аудармашыларының сөз мағынасын дәлдеп көрсету, сондай-ақ түпнұсқадағы сөздің мағынасын ұлғайтып, негізгі баламаға бірнеше синонимдерді, тұрақты тіркестерді қосып, үстемелеуі – тілдердің сөздік құрамындағы элементтердің мағыналық көлемінің арасындағы айырмашылықтарға, сөздің стильдік-экспресивтік қызметіне байланысты. Ал, сөздің лексикалық мағынасы дегеніміз – дыбыстық комплекстің, ақиқат өмірдегі құбылыстардың бірімен белгілі бір тілде сөйлеуші коллектив арқылы белгіленген байланысы болып саналады [3].
Лексикалық аудару туралы негізгі мәселелер аударманың лексикологиялық тұрғысына қатысты айтылады. Екі тілдегі сөздердің мағыналық ауқымы әр түрлі болады соған байланысты түпнұсқа тіліндегі кең мағыналы сөздердің аударуда нақтыландыруға тура келеді, немесе керісінше түпнұсқа тілдегі тар мағыналы сөзді аударма мәтінінде кең мағыналы сөзбен береміз. Осыған орай жинақталған материалдарға негіздей отырып, сөз таңдаудың негізгі екі түріне ғана тоқталуға болады. Олар:
-
сөз мағынасын нақтылау (конкретизация);
-
сөз мағынасын ұлғайту, үстемелеу (генерализация).
Сөз мағынасын нақтылау – түпнұсқадағы сөздің сөздіктегі сәйкестігі болмаған жағдайда, сондай-ақ қолданылған тілдік единица жалпы атау, жергілікті тіл ерекшелігі болған жағдайда игерілетін аудару амалы. Сөз таңдау тәсілі бұнда тектік атауды түрлік атаумен, мағынасы көмескі сөзді қазақ тілінің айналымында бар балама нормасымен ауыстыру арқылы жүреді.
Қоршаған орта мен мәдениет, дүние-болмыс ұғымдарын беруде әр тілдің мүмкіндіктері әрқилы; заттың, құбылыстың жалпы, тектік атауы (родовое понятие), сондай-ақ осы заттың сыртқы нысанына, қасиет-сапасына, тұрмыс-тіршілікте қажеттілігіне, адам қызметі мен өмірінде атқаратын рөліне қарай бөлініп, таратылатын түрлік атауы (видовое понятие) болады. Мәселен, Абайдың 37-сөзінде делінген:
«Әкесінің баласы – адамның дұшпаны.
Адамның баласы – бауырың».
«Сын своего отца для других – враг.
Сын человеческий – твой брат».
«A father’s son is an enemy to other people.
But a son of mankind is your dear brother».
Бұл мысалдан көрінгендей, «бауырың» сөзі – тектік ұғымның жалпы атауы, ал аударма мәтінде берілгендей «брат», «brother» – осы ұғымның түрлік атауы. Сөз қызметінде тектік атаулар мен түрлік атаулардың арасында белгілі бір байланыстар болып отырады, бұлар тіл ғылымында гиперо-гипонимдік қатынастар деп аталады. Тіл-тілдердегі гиперо-гипонимдік қатынастар – күрделі мәселелердің бірі. Қазақ ұғымында «бауырың» тектік атаудың көрсетілген түрлік атаулар «брат», «brother» үшін қолданылатын тұстары бар. Өз аударма мәтінінде тәржімашы түпнұсқадағы «бауырың» сөзіне нақты балама тауып, бауырдың ішіндегі ағаны бөліп, нақтылап конкретизация тәсілін қолданған. Дегенмен, бұл мысалда сөз мағынасының тарылуы деген мәселе пайда болуы мүмкін. Сөз мағынасының тарылуы – кеңеюге қарама-қарсы процесс. Бұл, негізінен, адам ұғымының жалпылықтан жалқылыққа саралап, даралауынан, заттар мен құбылыстардың ерекшелігін, қыр-сырын айқындай түсуінен, нақтылап, дәл білуінен пайда болады [2, 4].
Халықтардың айнала қоршаған ортаны танып-біліп, ұғым-құбылыстарды түр-текке бөліп, ажыратып атауында айырмашылықтардың болуы – заңды құбылыс.
Түр-тек ұғымдарының әр халықтың өз ұғымына сай қалыптасқан атауларының аударма процесінде берілуі аудармашының лингвоэтникалық коммуникативтік құзыреті деңгейіне байланысты. Түпнұсқадағы тектік атаудың (гипероним) түрлік атаумен (гипоним) алмастырылуы, сондай-ақ бұған қарама-қарсы жағдайлар қазақ тіліне аударылған көркем әдебиетте ұшырасып отырады. Тектік атаудың түрлік атаумен алмастырылуы және керісінше – стихиялы құбылыс емес, бұл аудармашының сөзге, сөз тіркесіне саналы түрде функционалды сәйкес балама іздеуінен жасалатын ерекшелік.
Төмендегі Абай 37-сөзінен алынған мысал сөз мағынасын нақтылау тәсілі берілуінің нақты үлгісі:
«Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?».
«Кому из нас не приходилось бывать в беде? Теряет надежду только слабый. Верно, что в мире нет ничего неизменного, но ведь и зло не вечно. Разве после суровой зимы не приходит полноводная цветущая весна?».
«Who among us has not known trouble? Only the weak lose hope. Nothing in this world is immutable and misfortune cannot last for ever. Does not the bountiful and blossoming spring follow the harsh winter?».
Бұл үзіндіден К.Серікбаева мен В. Чистяковтардың шебер аудармашы екенін көреміз. Жалпы қандай да дүниені жазғаннан аударған қиын. Өз бетіңше жазсаң, сен өз қиялыңа беріліп кейіпкердің өзіңе ұнаған қасиетін көркейтіп, ұнамаған қасиетін төмендетуге қақың бар. Ал, аудармада сен біреудің жазғанын дәл түпнұсқадағыдай беруің керек. Әсіресе Абай Құнанбаев сияқты ұлы ақынның күрделі де салмағы ауыр қарасөздерін аударғанда мұндай іске жауапкершілікпен қарау керек.
«Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жаз келмеуші ме еді?» деген суреттеулерді аудармашылар «Разве после суровой зимы не приходит полноводная цветущая весна?», «Does not the bountiful and blossoming spring follow the harsh winter?» деп, қыстан кейін бірден жаз келмей, көктем келетінін нақтылап, конкретизация тәсілімен ұтымды тәржімалаған.
Сөз мағынасын нақтылау тілдердегі тектік, түрлік атаулардың ара қатысымен қатар бір халықтың мәдениетіне тән белгілері бар лексикалық единицаларды беруде де пайдаланылады. Ұлы ақынның 38 қарасөзінде адам өмірінің мәнін ашатын биік мақсаттар қойылған. Өзге қарасөздер осы биікке біртіндеп, саты-сатылап жеткізетін таным баспалдақтары секілденеді. Бұл сөзінде де тәржімашылар нақтылап аударған жайттар кездеседі. Мәселен:
«Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым, құдірет сипаты бірлән сипаттадық. Бұл бірлік, барлық ғылым, құдірет олула боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым құдіреті бар болады: хаяты-мағлұм бірі – ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге харекет бермейді. Һәммаға харекет беретұғын өзі. Ол ирада ғылымның бір сипаты кәләм, яғни сөйлеуші деген, сөз қаріпсіз, дауыссыз болушы ма еді?» [5].
«Мы говорим: Аллах есть, Аллах един, характеризуем и воспринимаем его, как могущество Науки. Задумаемся, имеют ли реальную силу понятия «есть», «един», «могущество», «наука»? Не приходится сомневаться в том, что могущество науки – реальная сила: где Жизнь, там и Желание. А там, где Наука, Желание тоже неизбежно. Наука сама по себе ничего не дает. Все на свете приводится в движение Могуществом Всесильного. Одним из свойств, присущих Желанию, является Слово, то есть речь. Разве Слово может обойтись без буквенных знаков и голоса?».
«We say: “There is no god but Allah, Allah is one and unique.” We perceive and apprehend Him as the Power of Knowledge. But let us ponder whether the notions “is”, one”,“ power and knowledge are really potent. There cannot be any doubt that the power of knowledge is a real force: where there is Life, there is Will. But where Knowledge is, Will is likewise inevitable. By itself Knowledge will not give anything. Everything on earth is set in motion by the omnipotence of the Almighty. One of the intrinsic properties of Will is the Word, that is, Speech. Can the Word dispense with written letters and the voice?».
Абайдың бірінші қарасөзінен алынған бұл мысал да нақтыландыру процесінің тағы бір көрінісі:
«Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық?».
«Ни в душе, ни в жизни не ведаю покоя, уж какое благочестие среди этих людей, в этом краю!».
«But I have not known peace either in my soul or in my life – and what sort of piety can there be amongst these people, in this land?».
Аударма мәтінде аудармашы «осы елде» сөз тіркесін «amongst these people», «среди этих людей» деп аударған. «Адамдар» сөзін «ел» сөзінің орнына қолданып, сол елдегі дін бағу адамдар арасында ғана болатынын нақтылап, конкретизация тәсілін орынды қолданған [6].
Аудармашы шығармаға кіріспес бұрын, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінуі керек. Алайда, кейде өзара байланысы аз болатын тілдер болады. Кейде тіпті туыстас тілдердің арасында кейбір ұқсаспайтын тұстары болады. Сондай кездерде, әрине, аудармашының өз шеберлігін танытып, шығарманы шамасы келгенше көркем, әрі жетік етіп аударғаны дұрыс. Аудармашы екі жақты өлшемді тең ұстап отырады; оның бірі – түпнұсқаның коммуникативті-функционалдық белгілеріне нұқсан келтірмеу, екіншісі аударылатын мәтіннің эстетикалық, прагматикалық күш-қуатын түпнұсқадағыдан төмендетпеу. Аударма мәтіндегі тілдік единица не үшін қолданылған, неліктен таңдаланылған дегеннің объективті жауабы осы екі өлшем арқылы тарқатылуы қажет. Жоғарыда келтірілген сөйлемдер осы ойға дәлел бола алады.
Келесі, сөз таңдаудағы негізгі тәсілдердің бірі – сөз мағынасын ұлғайту, дамыту түріне ой жүгіртейік!
Қазақ қаламгерлері тәржімалаған көркем туындылардағы дербес сөз етуді қажет ететін проблемалардың бірі – түпнұсқа контекстегі сөз мағынасын кеңейтіп, ұлғайтып беретін баламалардың жұмсалуы. Контекстегі сөздің ауыспалы мағынасын, стильдік қызметін толық жеткізе алатын балама, сәйкестік бола тұрса да, аудармашы көп ретте сөздің семантикасын ашатын басқа баламаны, сөзді, сөз тіркесін іздейді және пайдаланады. Аудармашының бұндай ізденістері көркем аудармаға айтылған сыни еңбектерде «қателік», «түпнұсқадан ауытқу», «еркін кету» деген пікірлермен біржақты түсіндіріледі. Алайда түпнұсқадағы сөздің мағыналық құрылымын толық, жан-жақты беретін функционалды сәйкестіктер жасауда сөз мағынасын нақтылаудағы сияқты белгілі бір заңдылықтар бар. Аудармашының тілдік норма мен тілдік дағдыда қалыптасқан сәйкестікті пайдаланбай, өз тарапынан функционалды қызметі сәйкес келетін тілдік единицаны таңдауға «мәжбүр» болуының басты себебі – өзі интуитивті түрде ұсынатын аударманың прагматикалық жағы – аударма мәтіннің түпнұсқа сияқты кедергісіз қабылдануы. Екі мәтіннің прагматикалық қызметін теңбе-тең ұстау үшін аудармашы өзге де тәсілдермен қатар контекстегі сөзді түрлендіріп, оның орнына функционалды қызметі жақын-жуық, сөз тіркесін, фразаны, тұрақты теңеуді қолданады, сондай-ақ бірі бірінің мағынасын үстейтін бірнеше синонимдерді қатар қолданады. Аударматану теориясында сөз мағынасын дамыту деген термин алынады. Бұл – түпнұсқадағы тілдік единицаның мағынасын логикалық түрде дамыта алатын лексикалық-семантикалық алмастыру деген сөз .
Аударма процесінде сөз мағынасын ұлғайту, үстемелеу:
-
контекстегі сөздің ауыспалы мағынасының қазақ әдеби тілінің тілдік жүйесінде, тілдік дағдысында дәл сондай ауыспалы реңкі болмаған жағдайда;
-
контекстегі сөздің стильдік бояуы өте-мөте қанық, осы стильдік бояуды мейлінше дәл жеткізу қажет болған реттерде;
-
кейіпкердің характерін ашу үшін автор қолданған индивидуалды қолданыстың стильдік қызметін беру үшін;
-
аудармашы өз тарапынан түпнұсқадағы бейтарап реңкті сөзге стильдік бояу үстеу қажет деп тапқан жағдайда игеріледі.
Контекстегі сөздің стильдік қызметінде субъективті-эмоционалды баға және әлеуметті коннотация бар болған жағдайда аудармашы стильдік қызметті ашатын амалдардың бірін – сөз мағынасын ұлғайтуды қолданады. Абайдың 36-сөзін аударуда тәржімашы ұлғайту тәсілін қолданған кездері де бар:
«Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар.».
«The person who knows about such torments but, instead of magnanimously forgiving the offender, only makes his suffering worse is lacking in humanity and mercy».
«Тот, кто знает о таких терзаниях, но вместо того, чтобы великодушно простить виновного, усиливает его страдания, лишен человечности и милосердия».
Аудармашы «адамшылық» сөзінің стильдік бояуын барынша қоюлатады, өз тарапынан сөз қосып («mercy»-«қайырымдылық»), адамның ұяты болмаса оның адамшылық пен қайырымдылық қасиеттерінің жоқтығы екенін, яғни адамшылық пен қайырымдылық қасиеттерінің өзара тығыз байланысын көрсетеді .
Кей кездерде тәржімашы сөйлемдегі, контекстегі негізгі семантиканы фраза теңеу, синонимдердің жұптаса игерілуі арқылы ұлғайтып көрсетеді. Мәселен 38-сөзінде:
«Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда ала алмадың, пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек».
«Your faith will prove truly righteous and bring you good only if you desire this. You should know by what efforts conscious, reasonable faith is achieved…».
«Твоя вера окажется поистине праведной, принесет пользу, когда ты сам этого жаждешь. Нужно знать, какими усилиями достигается осознанная, разумная вера…».
Мұнда тәржімашы аударма мәтінінде «conscious» (осознанная) және «reasonable» (разумная) бір-біріне синоним сөздерді қолданып, мағынаны ұлғайтты.
Сөз мағынасын дамытудағы ерекшеліктерді төмендегі мысалдан да көруге болады:
«Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады».
«Let wealth, general respect and fame find a man of their own accord, only then will they becomes worthy ornaments of his person. But undue regard for them can only lower a man».
«Пусть богатство, всеобщее уважение и слава сами найдут человека, только тогда они смогут стать достойным украшением его. А преклонение перед ними принижает человека, независимо от того, добьется он успеха или нет».
Аударманы оқығанда біз Абай қарасөздерінің төл туындысын оқып отырғандай боламыз. Бұл сөйлемде аудармашы әрбір сөзге тиісті эквивалент тауып, сөздердің орын тәртібін дұрыс орналастырып, нағыз ұтымды, әрі дәл аударма жасаған. Мысалы, «мал» деген сөзге «wealth» («богатство») деген ағылшын тіліндегі баламасын тауып, төрт-түлік малды байлыққа теңеп, жалпылап, генерализация тәсілін қолданған.
Тілдік единицаның мағынасын дамытып, ұлғайтуға аудармашының өзі ұстанатын тәржімашылық тәсілі де ықпал етеді. Біздің ойымызша, кез келген аударма еркін жасалса, көркем шығады. Әрі оқырманның түсінуіне жеңіл болады.
Графика ауызекі сөйлеу тілінің дыбыстық жағын, оның ерекшеліктерінің барлығын түгелдей қамтып бере алмайды. Мұндай қызметті транскрипция ғана атқара алады. Транскрипция – латынның «transcriptio»-«қайта жазу» деген сөзінен жасалған термин. Транскрипцияның әдеттегі жазудан мынадай айырмашылықтары бар: әдетте жазу жүйесінде сөздердің дыбыстық жағымен бірге олардың әр түрлі байланыстары, атап айтқанда, этимологиялық және морфологиялық байланыстары да қарастырылып, есепке алынады. Ал транскрипцияда сөздің дыбыстық жағына ғана назар аударылады. Транскрипция үшін сөздің этимологиялық, морфологиялық байланыстарының ешбір мәні жоқ. Бұл – бір. Екіншіден графика сөздің дыбысталуын әрқашан дәлме-дәл көрсете бермейді. Ал транскрипцияның ең негізгі қызметі – сөздің дыбыстық немесе фонемалық құрамын дәлме-дәл көрсету. Бір әріп ыңғайына қарай әр түрлі фонемаларды белгілей алса, транскрипциялық таңба бір ғана мағынаға ие болады. Бір фонема жазуда (графика) әр түрлі әріптермен таңбалануы мүмкін, ал транскрипцияда ол (фонема) әрқашан бір ғана таңбамен белгіленеді.
Мәселен, Абайдың 36 қарасөзін аударуда тәржімашылар өз аударма мәтінінде кейбір сөздерді транскрипция тәсілімен аударған:
-
«Ұят кімде болса, иман сонда».
«У кого есть стыд, у того есть иман».
«He who has shame also has iman».
-
«Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, я ақылға теріс, я абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады.».
«Истинный стыд тот, который испытывают, совершив поступок, противный законам шариата, совести, человеческому достоинству».
«But true shame is that felt by a person who commits an action contrary to the Shariah laws, human conscience and human dignity».
-
«Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау».
«Назвать стыдливым не позволяют хадис и слова, сказанные мудрыми…».
«The Hadith and the words of the sages do not allow us to call them shame-faced».
«Иман», «шариат», «хадис» сөздері транскрипцияланған.
Транскрипцияның екі түрі бар: 1) фонематикалық (немесе фонологиялық) транскрипция; 2) фонетикалық транскрипция. Фонетикалық транскрипцияда фонемалардың барлық реңкі бір ғана таңбамен берілсе, фонематикалық транскрипцияда фонеманың әрбір реңкі әр басқа таңбамен белгіленеді.
Фонематикалық транскрипция әрбір жеке тілдің фонемалық жүйесін айқындап белгілеу үшін жасалады да, фонетикалы транскипция барлық тілдердегі және тілдердің тобындағы дыбыстық ерекшеліктерді түгел қамтып көрсету үшін жасалады.
Мәселен, төмендегі Абайдың 38 қарасөзінен алынған сөздер транскрипция арқылы аударылған:
құран – коран – Qur’an;
алла – Аллах – Allah;
молда – мулла – Mullah;
Тариқат – тарикат – Tarikat;
намаз – намаз – Namaz;
қыбыла – кыбла – Qiblah;
фатиха – фатиха – Fatihah;
сопы- суфи – Sufi.
Қорытындылай келе «АБАЙДЫҢ ҚАРА СӨЗДЕРІН» аудару барысында көптеген түрлі тілдік ерекшеліктерге мән беру керек екенін, лексикалық трансформациялардың дұрыс қолданылу қажет екеніне көз жеткіздім. Біздің қазақ тіліндегі ерекшеліктер ағылшын тіліне сай келмеуі нәтижесінде аударма барысында сөз таңдаудың негізгі түрлерін, сөз мағынасын ұлғайту, үстемелеу, транскрипция мен транслитерация тәсілдерін қолдануға тиіс екенін зерттедік.
Қолданылған әдебиеттер
1. Федоров, А.В. Аударма мәселелері / А.В. Федоров. – Алматы, 2007. – 245 б.
2. Кари, Э. Аударма ұғымы, шындап келгенде, өте күрделі ұғым / Э. Кари. – Алматы, 2003. – 172 б.
3. Виссон, Л. Мақал-мәтелдер – аудармашылардың соры / Л. Виссон. – Алматы, 2004. – 167 б.
4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан». – Астана, 2007. – 56 б.
5. Жуковский, В. Прозадағы аудармашы – құл, ал поэзиядағы аудармашы – қосавтор / В. Жуковский. – Алматы : Арыс, 1999. – 245 б.
6. Якобсон, Р. Аударма туралы / Р. Якобсон // Ақиқат журналы. – Алматы. – 2004. – № 706. – Б. 25.
7. Алдашева, А.М. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер / А.М. Алдашева. – Алматы : Арыс, 1998. – 215 б.
8. Дәлетбаев, М. Аударма мәселесі / М. Дәлетбаев. – Алматы : Қазақ әдебиеті, 1935. – 175 б.
9. Рецкер, Я.И. Аудармашының мақсаты / Я.И. Рецкер. – Алматы, 2003. – 180 б.
10. Аударматану проблемалары туралы бірер сөз. “Ізденіс – Поиск”. Алматы, 2007. – 192 б.
11. Қазақстан Республикасы ғаламдық мәдениетаралық кеңістікте. – 2 бөлім. – Алматы, 2003. – 338 б.
Достарыңызбен бөлісу: |