ӘУЕЛБЕК ҚОҢЫРАТБАЙҰЛЫ - ӘДЕБИЕТ ТАРИХШЫСЫ
Абдуллақызы Ұлжан
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті
Қоңыратбаев қазақ әдебиетінің тарихын ескі замандардан бастайды. Ол көне түркі жазбаларын мына ізде ұсынады: 1. Ертедегі аңыздар. 2. Аңыздық- генеологиялық эпос. 3. Түрік қағанаты кезіндегі жазба ескерткіштер. 4. Оғыз – қыпшақ дәуірінің жырлары. 5. Қарахандар мемлекеті тұсындағы жазбалар. 6 . Сопылық әдебиет. 7. Қыпшақ тіліндегі әдебиет.
Ежелгі әдебиетті зерттеп жүрген басқа да ғалымдардың жүйелеуіне қарағанда Әуелбекте мәселені кеңінен қамтығандығы, тарихтың тереңіне барыңқырағандығы көрінеді. Ескі әдеби мұраны тек өзбектікі, не болмаса, ұйғырдікі дей келген пікірге қосылмайтын ол бұлардың барлығын түркі халықтарына ортақ санайды; қазақ әдебиетінің де қайнар- бұлақтары деп біледі. Ғалым түркі тілінің және көне жазбалардың тілі, түркі поэзиясындағы аллитерация мен ұйқас, «шөкли» және «түрік» сөзінің тегі туралы қызғылықты байқаулар жасай алған. Мысалы, ол түрік сөзінің төркіні «төрдегі ел» деген А. Кононовтың пікірімен келіспей, «түрік» - төрдегі көшпелі ел емес, «отрак», отырықшы деген сөзден туған сияқты»- деген өз ойын ұсынады.
Ол ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетін алғаш зерттеушілердің бірі болды. Әбунасыр әл – Фарабидің есімі елге белгісіз кезде оны қазақ мәдениетінің аса ірі қайраткері ретінде мақала жазып, жұртшылыққа таныстырды.
Әуелбектің Қорқыттануға қосқан үлесі айтарлықтай. Қорқыт туралы бірнеше мақала жазған ол кейіннен «Қорқыт ата кітабын» тұңғыш рет қазақша сөйлетті. Сондай –ақ , Сүлеймен Бақырғани, Қожа Ахмет Иассауи, Мәшһүр Жүсіп туралы зерттеулері де тың жерге түрен салғандай еді. Ол кезде Қожа Ахмет пен Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығы жайында мақала жазбақ түгілі, аттарын атаудың өзі қиын шаруа – тұғын. «Дін- апиын» саналып келген заманда діни бағыттағы әдебиет өкілдерінің барлығы да реакцияшыл, зиянды деп жарияланып, атеизмнің суық желі соғып тұрған.... Тіпті Мәшһүр Жүсіп Көпеев шығармаларының зияндылығы жайлы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті арнайы қаулы да шығарған болатын. Соған қарамастан діншіл бағыттағы әдебиеттің аса ірі өкілінің шығармашылығы жайлы мақала жазуы Ә. Қоңыратбаевтың ғалымдық тұлғасын айқындай түседі. Жалпы өткендегі әдеби мұралар жайлы жазған еңбектері арқылы Әуелбек Б.Кенжебаев жазған қазақ әдебиетінің тарихы тереңде жатыр, оны зерттеп, халықтың рухани қажетіне жарату азаматтық парыз деп білген ғалымдар тобында көрінеді.
Қазақ әдебиетінің тарихын Бұқар жыраудан бастап жүргенде ғалым «Көне түркі дәуірінен саға тартып, Шығыстың классикалық дәстүрінен нәр алған қазақ халқының төл әдеби мұрасы ХV- XVI ғасырларда қалыптаса бастаған еді» (Ә. Қоңыратбаев. Көп томдық шығармалар. III том. Алматы, 2005, 12- бет)- деп жазды. Әуелбек қазақ әдебиетінің тарихына арналған оқулығын «XV- XVI ғасырлардағы қазақ, өзбек ұлысының тарихын білдіретін», «Шайбанинамадан» бастаған. Алтын Орда ыдыраған соңғы XV- XVI ғасырлардағы әдебиетті «Ноғайлы дәуірі» атап, оның өкілдері ретінде Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалгез жырауларға тоқталған. XVII- XVIII ғасырлардағы жыраулық поэзиядан Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Тәтіқара, Үмбетей жыраулардың шығармаларына сипаттама беріледі. Осы кездің аса көрнекті өкілі – Бұқар жыраудың жырларында «бір тарихи дәуірдің көрінісі берілген» деп жоғары бағалайды.
Қоңыратбаевтың қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеуі ары қарай XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиеті, XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдебиеті, XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті болып жалғасады. XIX ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиетке Махамбет Өтемісұлын,. Кенесары – Наурызбай қозғалысына қатысты туған жырларды жатқызған. Кенесары туралы жырлардың үздік үлгісі ретінде «Наурызбай - Қаншайым» Әуелбектің елуінші жылдарда қуғынға ұшырауына бірден- бір себепкер болғандығын да айта кеткен жөн.
Қоңыратбаетың еңбектерінде Шортанбай, Мұрат, Дулат сияқты отаршылдыққа қарсы ашық күрескен әдебиет арыстары сөз болмайды.Өйткені бұлар кеңестік кезеңдегі қазақ әдебиеттануындағы жабық тақырырыптар еді.Ал діни бағыттағы Нұржан Наушабаев,Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәді Жәңгірұлы сияқты ақындарды ағартушылық бағыттағы әдебиетке жатқызып,олардың шығармашылықтарына талдау берілуі сол кездегі қазақ әдебиетінің ғылымы үшін айтарлықтай табыс болатын.
Әуелбек ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетін ағартушылық бағыттағы (Нұржан,Мәшһүр Жүсіп,Шәді,Тұрмағамбет) және сыншыл реализм әдебиеті (Спандияр,Мұхамеджан,Сұлтанмахмұт,Сәбит Дөнентаев), 1916 жылғы көтеріліске байланысты туған халық поэзиясы деп жіктеген.Мұның қазіргі діни – ағартушылық, ағартушы-демократиялық және ұлт-азаттық бағыттарға бөліп қарастырып жүргенімізден өзгешелігі көрініп тұр. Мұның басты себебі – кеңестік кезеңдегі қоғамдық ғылымдарда үстемдік құрған таптық теорияда жатқан болатын.
Ә.Қоңыратбаев негізінен ауыз әдебиетін зерттеуші ретінде танылып,кандидаттық (“Қазақтың лиро-эпосы”,1945), докторлық (“Көне түркі поэзиясы және қазақ фольклоры”,1971) диссертацияларын фольклортану ғылымынан қорғаған.Ол қазақ фольклорынан орта мектепке арналған оқулық жазған (1968). Оқулықтың қолжазбасы республикалық бәйгеде екінші орын алғанына қарамастан , басылып шықпай, арада жиырма жылдан астам уақыт өткен соң барып “Қазақ фольклорының тарихы”(1991) деген атпен жарық көрді.
“Қазақ фольклорының тарихы” негізінен бүгінгі қазақ фольклортануында қолданылып жүрген жүйеге құрылған. Азын-аулақ өзгешеліктері де жоқ емес. Мысалы,біздің қазіргі қиял-ғажайып ертегілері деп жүргенімізді автор “мифтік ертегілер” дейді.Қазақ эпосына батырлық, лиро-эпостық жырлармен бірге тарихи жырларды да жатқызған.
Ары қарай қазақ эпосын тегі мен жанры жағынан он салаға бөлген:
Ертегілік эпос (“Ер Төстік”,”Құламерген”)
Түрік қағанаты дәуірінде туған жылнамалық эпос (“Орхон ” жазулары,”Күлтегін” жыры).
Оғыз эпосы(“Қорқыт ата кітабы”, ”Оғызнама”).
Тайпалық эпос (“Алпамыс”, ”Қобыланды”).
Лиро-эпос (“Қозы-Көрпеш”, ”Қыз Жібек”).
Ноғайлы эпосы (“Орақ-Мамай”, ”Қарасай Қази”).
Тарихи эпос (“Досан батыр”, ”Бекет ”, 1961 жыл поэзиясы).
Шығыс дастандары (“Рүстем-дастан”,т.б.).
Авторлық эпос (“Еспембет”, ”Өтеген батыр ” т.б.).
10) Кеңес дәуіріндегі эпос (Амангелді, Төлеген туралы жырлар). Бұлайша жіктеудің өзіндік ерекшеліктері көрініп тұр. Тұрмыс - салт жырларын бақташылық, діни, үйлену, ұлыс, бөбек, жаназалау жырларын жіктеген. Жаназа жырларының естірту, көңіл айту, қоштасу, жоқтау сияқты түрлерін көрсеткен.Қорқыт пен Асан қайғы, Жиренше шешен мен Алдар көсе аңыз ретінде талданады.Батырлық жырының бірі ретінде “Көрұғлына” талдаулар жасайды.Лиро-эпостық жырда ”Мақпал қыз”, ”Құл мен қыз” сияқты дастандарға да тоқталады. Ғалымның ауыз әдебиеті жайлы зерттеулерінің ішінде қазақ фольклорының тарихи негіздері хақындағы еңбектерінің шоқтығы биік.”Көне түркі поэзиясы және қазақ фольклоры” тақырыбынан докторлық диссертация қорғаған Әуелбек тек әдебиет қана емес, ертедегі қазақ тарихына келгенде де кең құлаш сермеп, еркін жүзеді. Жалпы , ғалым еңбектерінің басты ерекшеліктерінің бірі ретінде әдеби үлгілердің тарихи негіздерімен тығыз байланыста қарастырылуын атап айтар едік. Кеңестік кезеңнің Қазақстан тарихын зерттеуге онша құлық таныта қоймағаны аян.Зерттелінбегендіктен де қазақ тарихының қазан төңкерісіне дейінгі жолдары алыстан ақтаңданып жататын. Ол “ақтаңдақтарға ” баруға рұхсат та етілмейтін.Сондықтан да кез-келген адам ол жаққа бара бермейтін.Барғанымен онша абырой ала бермейтін. Міне, осындай жағдайларға қарамастан, Ә.Қоңыратбаев түрлі тарихи деректерге, шетел ғалымдарының түркілер хақындағы зерттеулеріне сүйене отырып, қазақ эпосының тарихи түп- тамырларына тереңдеп бара білді. Сөйтіп, фольклорлық мұраны халық өмірімен, тарихи оқиғалармен тығыз байланысты зерттеудің үлгісін көрсетті.
« Сақ тайпаларының салт – санасы және оның қазақ фольклорына тигізген әсері», « Қазақ эпосының табиғаты», « Қазақтың ертегілік эпосы», « Қобыланды жырының тегі», « Фольклортану ғылымындағы «соллярность» теориясы», « Ежелгі аңыздар сабақтастығы», « Қазақ фольклорының тарихилығы» деген тақырып атауларының өзінен- ақ зерттеуші көтерген ғылыми мәселелердің қаншалықты кең ауқымдылығы, салмақтылығы айқын көрінеді. Мұндай ғылыми проблемалар алпысыншы, жетпісінші жылдардағы қазақ фольклортану ғылымында енді – енді ғана қолға алына бастаған болатын.
Қоңыратбаев тек қазақ әдебиетінің білгірі ғана емес, шығыс- батыс мәдениетінен мағлұматы мол энциклопедиялық білім иесі болды. Шығармашылық ізденістерінің бастапқы кезеңінде ол орыс әдебиетіне назарды көбірек аударса, кейіннен классикалық түркі, араб, парсы әдебиеттеріне қарай ойысқаны байқалады. « Крылов и казахская литература», « М. Горький – социалистік реализмнің атасы», « Гоголь и казахская литература», « Орыс халқының ұлы жазушысы», « Жауынгер, жазушы, ұстаз» т.б. мақалаларында орыс әдебиеті, оның қазақ әдебиетімен байланыстары сөз болды. « Шаһнама және оның аудармасы туралы», «Рүстем-Дастан», «Заһирриддин Бабур », « Әл- Бируни еңбектері», « Рабиндрант Тагор», « Индия және қазақ мифологиясындағы ұқсастық» т.б. баспасөз бетінде жарияланған материялдарында қазақ әдебиетінің шығыс мәдениетімен өзара әсерлері қарастырыла бастады. Кейіннен ғалымның ауыз әдебиеті, әдебиеттің тарихы хақындағы көлемді зерттеулерінде біртұтас ғылыми концепцияға айналды, яғни қазақ әдебиетінің өткенін шығыс мәдениетінің құрамдас бір бөлігі ретінде алынды.
« Әдебиет және искусство » журналының 1946 жылғы бірнеше нөмірлерінде « Әдебиет классиктері» айдарымен Ә. Қоңыратбаевтың Әбілқасым Фердауси, Әбу Райхан Бируни, Омар Хайям, Низами Ганжеби, Муслехеддин Сағди, Әлшер Науаи, Мирза Абдулқадыр Бедил жайлы шоғыр мақалалары жарық көрді. Бұларда парсы және түркі жұртының әйгілі ақындары жайлы мол мағлұматтар бар. Бар білім мен өнердің, өркениеттің бастауы батыста деп тұмсығын көкке көтеретін Еуроцентристік көзқарасқа қарсы Әуелбек Шығыста да дамыған мәдениеттің, әдебиеттің болғандығын алға тартты. Шығыс та бір кездерде ренессанстық дәуірлерді басынан өткеріп, әлемдік өркениетте ұлы ілгерілеулер жасағанын Фараби фактісімен – ақ дәлелдеп берді. « Фараби және Шығыс ренессанысы» атты еңбегінде оның заманы, еңбектері, оның грек философиясымен байланысы , Науаиға және Абайға әсері жан- жақты қарастырылып, әлемдік ауқымдағы ұлы ғалымның биік тұлғасы сомдалды.
Шығыс және қазақ әдеби байланыстары « Алтын топчы» жылнамасы», « Шайбанинама» қандай жазба?», « Тотынама» - ортақ мұра» еңбектерінде нақтылы түрде әңгімеледі. Автор монғол, араб, парсы әдебиеттеріндегі үздік үлгілерден қазаққа тікелей қатысы бар көптеген тарихи, әдеби, тілдік деректер табады. «Алтай мен Қазақстан тайпаларының мәдени қарым- қатынасы ерте замандарда болса, этникалық, тарих, фольклор, этнография мәселелерін ендігі жерде кең көлемде алып, тарихи – салыстыру негізінде жүргізген жөн» (Ә. Қоңыратбаев. Көп томдық шығармалары. 2 том, А., 2005, 359- бет)- деген сөздері күні бүгінге дейін өзінің ғылыми зәрулігін жойған жоқ.
Ұлттың жақсы жақтарына қуанып, кемшіліктеріне күйіне білген Ә. Қоңыратбеав XX ғасырдағы қазақ қауымының мәдени өмірінің барлық саласында дерлік қалам тартты. « Қазақтың ою - кесте өнері», « Қазақтың музыкалық мәдениеті», « Сыр бойындағы ескі қалалар», « Сунақ » және « Сунақ ата» дегендер не?», « Көне тарихымыз терең зерттелсе», « Мәдениет тарихы тереңде», « Әдет – әдет емес, жөн – әдет » секілді мақалаларды да жазған Әуелбек. Ұлтын сүйген азамат мәдени өмірімізде болып жатқан елеулі оқиғалардан қалыс қала алмай, болашақ ұрпақтың рухани қазынасын жасау істерінде белсенділік танытты. Қоңыратбаев- жарты ғасырдан астам білім беру саласында қызмет етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ол - қазақ әдебиетін зерттеумен бірге оны оқыту, насихаттау істерін тікелей атқарып, әдіс – тәсілдерін зерттеу, жетілдіру мәселелерімен арнайы айналысқан кәнігі әдіскер де. Ғалымның бұл тараптағы ізденістері қырқыншы жылдарда – ақ басталыпты. 2- сыныпқа арналған « Оқу кітабы» (Қ. Төлебаев, Ғ. Айдаровпен бірге)1945 жылы басылып щығып, жеті рет басылым көрген. Әр кездері « Мектепте Абайдың мысал өлеңдерін оқыту туралы», « Орта мектепте шығарма жазуды үйрету», « Қазақ мектептерінде Крылов мысалдарын оқыту», « Әдебиет пәні ғылыми негізде өтілсін», « Қазақ әдебиетін оқытуды жақсарту жөнінде бірер сөз» т.б. мақалалары жарияланып тұрған. Ұзақ жылғы ұстаздық қызметінің , әдістемелік ізденістерінің барысында « Әдебиетті оқыту методикасының очерктері» (1962), «Әдебиетті оқыту методикасы» (1966), атты кітаптары жарияланып тұрған.
Ғалым бұдан басқа « Көркем әдебиеттің ерекшеліктері», « Оқыту теориясы және мұғалім сапасы», « Қазақ ідебиеті» пәнінің бағдарламасы т.б. еңбектер жазды. Бұлардың кейбіреуі кезінде жарық көрмеген , кейін (2005) ғалымның он томдық шығамалар жинағының 7- томына енді. Әлемдік педагогика алыптарын таныстыру мақсатымен В. Г. Белинскийдің, В. И. Водолазовтың, В. Я. Стоюниннің, Н. Кошанскийдің, Я. А. Коменскийдің т.б. әдістемелік еңбектерімен таныстырып мақалалар жазды; олардың бірсыпыра еңбектерін қазақ тіліне аударды. Солардың ішінде чех халқының ұлы педагогы Ян Амос Коменскийдің классикалық мұрасы - « Ұлы дидактикасы»да бар . Ә. Қоңыратбаевтың әдістемелік еңбектерінен күнделікті оқыту жұмысын жетілдіріп , жақсарта түсуге көмектесетін көптеген пайдалы нәрселер табатыны анық.
Қаламы жүйрік ақын, прозашы , аудармашы, сындарлы сыншы, қазақ, шығыс, батыс әдебиеттерін жетік меңгерген зерделі зерттеуші, мыңдаған шәкірттерінің санасына әдебиет арқылы адамгершіліктің асыл қасиеттерін құя білген ұлағатты ұстаз Ә. Қоңыратбаев тоталитарлық қоғамда өмір сүріп, қуғын- сүргінді көп көргеніне қарамастан адалдықтың ақ жолынан таймай ұлтына адал қызмет етті. Халқының жарқын болашағы үшін мәдениет, әдебиетті зерттеу, ұлттық сана – сезімі жоғары жастарды тәрбиелеу саласында аянбай тер төгіп, артына қазақ руханиятының қазынасына мол үлес болып қосылған қыруар еңбек қалдырды. Әр азамат ұлтына қаншалықты қызмет еткеніне қарай бағаланады десек, Ә. Қоңыратбаевтың да бүкіл саналы ғұмырын халқының еңселі ертеңі үшін күреске арнаған ғылым- білім, мәдениет қайраткері болғандығы талас тудырмайды.
Кеңестік кезеңде еткен қиыншылығы мол, күреске толы. Сексен жылдық саналы ғұмырында елдің ертеңіне сенген Әуекең қарапайым ғана ғұмыр кешті. Етілген еңбек еш уақытта ұмытылмақ емес; қазір Ә. Қоңыратбаевтың ғылыми, педагогикалық мұрасы өзіне лайықты жоғары бағасын алып жатыр. Ол- қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасып, дамуына үлес қосқан аса көрнекті ғалым; қазақ әдебиетін оқытудың әдістемелік негіздерін жасаған әдіскер педагог, мыңдаған шәкіртті ұлттық рухта тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ең бастысы халқына абыроймен қызмет еткен ұлтжанды азамат.
Пайдаланган әдебиеттер:
Қоңыратбаев Ә. Көне мәдениет жазбалары.А.1991,146-б.
Қоңыратбаев Ә.Қазақ фольклорының тарихы. –Алматы,Ана тілі,1991. 288–б.
Кенжеахметұлы С.Жеті қазына (екінші кітап).-Алматы,Ана тілі,2005, -136-б.
Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы.-Алматы:Санат,1994,-312-б.
Достарыңызбен бөлісу: |