Абылай хан мемлекет қайраткері және саясаткер Мұсабаева Г. Н



Дата03.07.2016
өлшемі78.63 Kb.
#173757
АБЫЛАЙ ХАН МЕМЛЕКЕТ ҚАЙРАТКЕРІ ЖӘНЕ САЯСАТкер
Мұсабаева Г.Н.

(М. Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті, заң ғылымдарының кандидаті )

Сералина М.Е.

(Петропавл қаласы қазақ мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі)

Қалиасқаров М.Б.

(Петропавл қаласы қазақ мектеп-гимназиясының 10 - сынып оқушысы)

Тарих- дәріс, өткеннің өкінішін де, мақтанышын да бойына сіңірген ұлы мектеп, атадан балаға жалғасып келе жатқан тәрбие, өнеге жолы. Есімізді енді ғана жиып, іргелі, егеменді ел бола бастаған қазіргі тұста қиян- қилы заманда халықтың бірлігін, елдігін сомдай түсіп, жүздіңбасын қосып, қазақ еліне ашкөзін тіге, қанды қолып созған қас дұшпан – Жоңғар шапқыншылықтарына қарсы бүкілхалықтық қозғалыстың ұйымдастырушыларының бірі болған хан Абылайдың тұлғасы, оның тарихта алған рөлі жайында көп айтылып жүр.«Қазақтың аңыз– жырларында, - деп жазған Шоқан Уалиханов,- Абылай есімі өте бір әсерлі мәнге ие болған. Жұрт Абылай дәуірін халық қаһармандағының кемелденген тұсы деп сезінеді. Абылайдың жорықтары, батырларының ерлігі тұрмыстық- салттық дастандардың арқауына айналған». [1]

Бұл жерде ғалымның Абылай дәуірі, Абылай заманы деп атап, түстеуі тегін емес. Шынында да, Абылай өмір сүрген ХVІІІ ғасыр- Қазақстан тарихында өзгеше, ерекшеленіп көрінетін, қазақ қоғамының сілкініп оянып, қанатын қомдап, оң- солына жіті қарай бастаған тұсы.Мұның өзі ең алдымен ол жүргізген ішкі және сыртқы саясатпен, оның қазақ рулары мен іс-әрекетімен , өзі орнықтырған ошақтың ұланғайыр кеңістігінде шаруашылық-экономикалық, этно-мәдени және этно-саяси байланыстардың негізінде қалыптасқан аймақтық бірлестіктер, жүздерді аға билер арқылы басқару жүйесімен жандана бастаған егіншілікке, сауда-саттыққа, қолөнерін дамытуға жасаған қамқорлығымен, тағы басқалармен тікелей байланысты. Сол кездегі ел басынан кешкен отаншылдық қаһармандық оқиғалардың қай- қайсысы да Абылай есіміне қатысты. Қазақ жасақтарын жауға қарсы жұмылдыра отырып, талай-талай шайқастарда көзсіз ерлік көрсеткен, жеңіске жеткен Абылай ел арасында аса зор беделге ие болған. Жұрт оның есімін жауға шапқанда айтатын ұранға, басына іс түсіп, нар тәуекелге бел байлаған шақта, қиналғанда сиынатын ұранға айналдырған.

Абылай жөнінде белгілі тарихшы Алексей Левшин былай деп жазған: «Өзінің қадір-қасиетін жақсы түсінген ол- Абылай-жұртты ақыл-айласымен, сабырлы салмақтылығымен маңайына топтастыра білді. Жауын сұсымен де күшімен де сескендіре отыра, ол өз қалауымен біресе Ресейдің, біресе Қытайдың бодандығын қабылдауға мәжбүр болғанымен шын мәнінде ешкім де бой ұсынбаған тәуелсіз басшы болды. Қарапайым халықтың Абылайға арқа сүйеп, оны хан көтеріп соңынан ілесуі тегіннен тегін болмаса керек. Оның шын мәнінде елдің қамын ойлаған пиғылы, халықтың бірлігін нығайтуға ұмтылуы қазақ хандарынан бұрын-соңды ешкім көрмеген абырой мен даңққа бөлеген. Өз билігін нығайту жолында күреске әсіресе, жергілікті хандардың, би-сұлтандардың билігін әлсірету үшін Абылай үш жүздің аға билеріне арқа сүйеген. Абылай хандық құрған тұста олардың ішкі және сыртқы саясатқа ықпалы өте күшті болған. Ұлы жүздің аға биі Төле би Әлібекұлы, Орта жүзді билеген Қазыбек Келдібекұлы, Кіші жүзден Әйтеке би Байбекұлы-Қазақстанның сол кездегі дарынды мемлекет қайраткерлері.Мысалыға Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет сияқты хандардың үзеңгілес серігі, патша үкіметі мен Орта Азия қазақтарын Ресей құрамына қабылдау жөнінде Абылай жүргізген келіссөздерге делдал болған Қазыбек биді алсақ, ол тек ханның Орта жүзді басқарушы аға биі болып қана қоймай, өз заманының асқан дипломаты бола білген. Оның тікелей ықпалымен Абылай бірте-бірте Ресеймен жақындасу пиғылына ауыса бастаған. Шешендіктің, әділқазылықтың, төреліктің тәсілдерін шебер меңгерген Қазыбекті ұтқыр да, ұшқыр ой иесі болғаны үшін замандастары Қаз дауысты Қазыбек» - деп атаған екен [2].

Абылай дәуірінің тағы бір ерекше сипатын тізе қосып қимылдаған халық батырларының ерен тұлғасынан да көреміз. Хан төңірегіне топтасқан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Қарақалпақ Құлашбек, Шапырашты Наурызбай, Құламенді Жібекбай, тағы басқа батырлардың қай-қайсысын алсақ та қалың қол бастап, ел қорғаған, ақыл-парасатымен, ержүректілігімен, иманжүзділігімен ел есінде қалған жандар. 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігінде «Аңырақай» (кей деректерде «Ыныранған сай ») деген жазықта Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Малайсары сияқты батырлардың біріккен қолы жоңғар қонтайшысының қалың әскеріне қайтадан басын көтермес етіп соққы берген. Сондан кейін-ақ Қазақстан мен Орта Азияны тітіреткен Жоңғар мемлекеті бірте-бірте өмір сүруден қалған.

Абылай-қазақ өз бостандығына өзі ие, егеменді ел болсын деген саясат жүргізген адам. Абылай сол арманы бүгінде іске асып, Қазақстан егеменді ел бола бастады.

Тарихымызға «Ақтабанды шұбырынды, Алқакөл сұлама» болып енген ұзақ жылғы қазақ-жоңғар шапқыншылығының шындығын терең ашатын Қожаберген жыраудың әйгілі «Елім-ай» толғауындағы:

Қор болды бірлігі жоқ біздің қазақ,

Басынып ата жауып жауым етті мазақ.

Көршілес екі жұттан дәу мылтық ап,

Көрсетті шапқыншылар елге азап,-

деп күйзеліп те, күйініп те жырлағандай, Абылай ел билігіне келерге дейін кезең қазақ үшін «сорлы, торлы заман», «қан майдан», «маңдайынан бағы тайған», «қазақтан сасық қалмақ озған», олардың көршілес екі елден мылтық, яғни, зеңбірек алып (Ресей мен Қытай) «есірген», «әулиедей болған » заман болған [3].

Халықтың үштен екісі қырылып, «Еділ, Жайық, Арқаға қазақ ауып, Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды» деп жырау айтқандай, еліміздің тоз-тозы шығып, берекесі кетіп, іргесі сөгілген, қысталаң, қиын, сұрапыл заман тарих тілімен айтқанда, «шапқыншы қалмақ пен ұлт-азаттық қозғалысының шешуші кезеңін тудырды». Төле би толғауындағы «көкірек қаққан хандардың лауазымға таласып, елді быт-шыт қылғаны, ағайынның алауыздығынан көлденең көк аттының елді жаулап алғаны, аз дұшпаннан жеңіліп қабырғасын қайыстырған кезеңде «ыдырап жатқан қазақтың басын қосып, береке-бітім іздеген » ел билеушісін уақыт талап етті.

Абылайдың билік басына келуі кездейсоқ жағдай емес. Күрделі де күрмеулі, қиын түйінді, шиеленісті тарихи жағдай оның хандық тізгінді ұстауына ықпал етті. Елдің үміті, асыл арманы, тәңірден тілеген тілегі-басқа түскен зұлмат соғыстан құтылу, бейбіт, баянды тірлікке қол жеткізу болатын. Тағдырдың тәлкегімен әлеуметтік таптың төменгі сатысына іліккен Абылай хан болғанда тек Шыңғыс әулиетінің өкілі болғандықтан ғана емес, майдан алаңында дабыл салып шапқан қас батыр, ерен қолбасшы, ел бастар көсем санатында хан болып сайланды.

Үш жүздің келешегін ойлайтын, соңынан ер азаматы түгел еретін, дұшпанның бақытын байлайтын, көрші елмен татуласып, тіл табысатын, өзі шешен, сардар, данышпан көсем көптен сайлануы тиіс болатын. Абылайдың ел билігіне келуі заман талабы, уақыт қажеттігінен туды. Әрі оның бала кезінен ел мұңын, тілегін жан-жүрегімен ұғынып, қалайда жұртының басын біріктіріп, жоңғар шапқыншылығынан жерін азат етуді армандағанын сезінеміз. Алайда Абылай халықтың арман-тілегіне бар қажыр-қайратын, қабілетін сарқа жұмсағанымен, сол кездегі шиеленісті жағдай ұлы мақсатын іске асыруға көп кедергі келтірді.

Абылай заманында шырматылып, түйінделген елдік мәселелер аз емес еді. Ел тағдырына төнген қасірет жоңғарлардың басқыншылық соғысын тойтару ғана емес, көрші ірі мемлекеттер - Ресей мен Қытайдың отарлап, бодандыққа мойын ұсындыру саясатынан амалдап, айла-ақылмен құтылып, дербес ел ретінде тарих сахнасында Қазақ ордасының күш-қуатын таныту еді. Абылайдың 1730-1731 жылдары алғаш ұрыстарға араласып, қалмақтың азулы да айбынды батыры Шарыш сияқты қолбасыларын жекпе-жекте жеңіп, жойқын ұрыстың тізгінін қолына батыл алып, ел ішіндегі берекелі бірлік орнатып, мықты әскери дайындық, ақылды да айлалы саясатқа сүйенуі өз жемісін бергені мәлім [4, 15 б.]

Қазақ халқының санасында Абылай шын мәнінде тарихи тұлға ретінде баяғыда-ақ орнығып қалды. Осы орайда мынадай сұрақ туар еді: «Неліктен Абылай айрықша тұлға болып саналады? Ол туралы қазақ ауыз әдебиетінде, толып жатқан аңыз-әңгімелерде, жыр-дастандарда тарихи деректердің мейлінше көп болуының сыры неде?»

Халқымыздың санасында ұлы бейне болып қалыптасуы оның тарлық қазақ жүздерін біріктіре білуіне байланысты болатын. Тәуке ханнан кейін дербес, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруы Абылайдың тарихи жетістігі болғанына ешкім де қарсы дау айта алмаса керек. Ал нақ, осындай ешкімге тәуелсіз, дербес мемлекет болу әр уақытта бар қазақтың асыл арманы болған еді. Мұның өзі бүгінде де сол арман күйінде қалып отырған жоқ па?

Барлық кезде бірдей қазақтар, әсіресе олардың жүздері, рулары біріге бермеген ғой. Әуелден-ақ, алғыр, жауынгер халқымыздың сырт жауларға мықты тойтарыс бере алмай, кейде жеңіліске ұшырауына бірінші себеп болған да осы екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан да бар қазақтың басын біріктіріп, шығыс пен батыстағы алпауыт көршілеріне тәуелсіз, біртұтас қазақ мемлекетін құруға қолы жеткен Абылай халықтың санасында тарихи тұлға болып орнығып қалған.

Бұл жерде: «Әйткенмен, Абылай хан белгілі бір дәрежеде Қытайға да, Ресей империясына да тәуелді болған жоқ па?» деген сұрақ тууы мүмкін. Цин империясы кезіндегі Қытай дәстүрі бойынша өздерімен дипломатиялық қарым-қатынаста болып, хат жазысып тұрған мемлекеттердің бәрі Қытайға тәуелді деп есептеліп келген. Тіпті Екатерина екіншінің өзі Қытай императоры қарым-қатынас хаттарында өзін «біздің қызымыз» деп атағаны үшін Қытай империясына хат жазбайтын болған көрінеді. Осындай дәстүр бойынша Абылай да Қытайға тәуелді болып есептелген. Бірақ шын мәнінде Абылай ханның тұсында қзаақ мемлекеті – қазақ хандығы өзінің ішкі де, сыртқы да саясатын ешкімге жалтақтамай дербес жүргізді. Ресей империясымен арадағы қарым-қатынас туралы да осыны айтуға болады.

Абылай Ресей империясының боданы екенін мойындап, тиісті құжатқа қол қойғаны шындық, соған қарамастан ол өз хандығында ішкі-сыртқы саясатты жүргізуде толық дербестігін сақтап қалды. Бір ғана мысал. Ресей патшасы Екатерина екінші Абылайды хандыққа бекіту, әйтпесе, оған әлдебір нұсқаулар беру үшін оны талай рет Петербургке, не Орынборға арнайы шақыртқанын біз қазір жақсы білеміз. Абылай болса, бұған селт етпеген еді.

Үш жүздің басы бірігіп, өзін хан сайлаған туған халқының сенімін Ресей патшасының бекітуіне (мұның өзінде де тек орта жүз ханы ретінде) тәуелді қылу әрі-беріден соң сол ұлы сенімді қорлау екен Абылай бабамыз, әрине, жақсы түсінген. Оның Қытай алдында да илікпей, өз мемлекетінің дербестігін бәрінен де жоғары саналуы осыдан. Мұндай іс тек тарихи тұлғалардың ғана қолынан келмек.

Абылай - қазақ халқының саяси өмірінде ұзақ уақыт жарқырап жанған жұлдызы. Оның жанған жарығы мен ыстық лебі, шапағаты халқымыздың жүрегінде мәңгі бақи сақталатыны сөзсіз. Осы уақытқа дейін еліміздің тарихында болған шындықты айта алмай сыңаржақтылыққа салынып, барымызды көрсете алмай, ерлерімізді ардақтай алмай құр қол болып келдік. Бірақ халқымыздың ойынан олар еш уақытта кеткен жоқ. Қазақ халқының тарихында ерекше орны бар саяси қайраткерлердің бірі - сөзсіз Абылайхан. Абылай қазақ халқының мемлекеттігінің тәуелсіздігін сақтап қалуға, оның егемендігін қамтамасыз етуге жаратылыс молынан берген таудай талап-талантын, таусылмас ақыл-ойын, айбатын, күш-жігерін аямай-ақ жұмсаған ардагер азамат еді.

Сонымен, Абылайды аз халықтың басшысы, ханы болды деп оның тарихи рөлін, саяси дәрежесін төмендетуге болмайды. Абылай адамзат тарихында болған ұлы саясатшылардың қатарына жататыны сөзсіз деп есептеймін. Оның негізгі себептері: бірінші - өз халқының мемлекеттік тәуелсіздігін керемет адам айтқысыз жойқын, ауыр жағдайларда сақтап қалуы. Екіншіден, Жоңғар, Қытай және Ресей сияқты күшті де қуатты мемлекеттерді өзімен санасуға мәжбүр етуінде.Өз заманында, одан кейінгі ғасырларда Абылай хан егемен еліміздің тарихында да сол қадір-қасиетімен мәуеленіп, биіктей береді. Абылай хан халықтың қайталанбас алып тұлғасы ретінде әлемдік тарихтың тұғырында тұруы тиіс. Ол дәуірден дәуірге асқақтайтын ұлы тұлға, рухты ұлт мақтанышы, көсемдік келбеттің керемет үлгісі.




Әдебиет:

  1. Әбуев Қ. Қазақстан тарихының «ақтандақ» беттерінен. – Алматы: Қазақстан, - 1994. - 144 бет.

  2. Абылай хан. Кенесары: ұлт-азаттық қозғалыс мәселелері - Алматы: Ғылым, 1993. -119 бет.

  3. Тарақ Ә. Алаштың айбын-ардағы- Абылай хан». (Әдеби - тарихи монография). - Алматы: Қазақстан баспа үйі. -2003. - 240 бет.

  4. Көкбай. Сабалақ-Абылай хан туралы дастан // Абай. – 1992. - № 3. – 15-20 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет