Қабышұлы Ғ. Бір күні / Ғ.Қабышұлы // Орталық Қазақстан. 2005. 27 қаңтар. Баяғы байланыс құралымыз телефоным бебеулеп жөнелді. 1978 жылдың шілдесі болар. Сенбі еді. Таңертең. «Ішегі түйіліп қалмағай»



Дата30.06.2016
өлшемі62 Kb.
#168096
Қабышұлы Ғ.

Бір күні.../ Ғ.Қабышұлы // Орталық Қазақстан. - 2005. -27 қаңтар.
Баяғы байланыс құралымыз - телефоным бебеулеп жөнелді. 1978 жылдың шілдесі болар. Сенбі еді. Таңертең. «Ішегі түйіліп қалмағай», деп барып, тұтқасын алдым.

- Повестка қолыма тиді деп біл де, тез келе қал, сені бір балуанмен таныстырамын,- деп күледі, Амантай Сатаев. Есікпе-есік көршім. Белгілі қаламгер, тарихшы. Ондай «повестка» сәтінде бірімізді- біріміз тостырмайтынбыз, дереу жетіп бардым. Евней Бекетов екеуі мәз-мейрам болып отыр. Сәлем бердім. Еңселі Ебекең мол денесін жеңіл көтере түрып, қолын жымия ұсынып:

Уағалейкүмәссәләм! - деді, маған анық барлай қарап. Сонсоң Амантайға мойнын бұрып: - Ғабекеңді екі-үш ай бордақыласа, Оспанхан айтқандай, екеуіміздің пошымымыз бірдей болады екен, ә?— деп қуақылаңды.

- Қай курортқа, неше айға барғысы келсе де, путевканың бәрі қолында, бірак, почему-то бармай жұр ғой, - деп күлді Амантай.

- «Өзге жұрттан сөзі ұзын қазақтың» безгегін ұстатпай-ақ қояйын деп бармай жүрмін, осыдан төрт жыл бұрын Балтық жағасындағы Дубулты шығармашылық үйінде демалып едім, кейбір әріптестерім: «путевканың жақсысын өзі алады» десіп, үстімнен Мәскеуге әлгі домалақ хаттарын әлі күнге дейін айдап жүр,- дедім. Евней қарқылдап күлді.

- Кәне, отыра қалыңдар, біздің аю келгенше біраз жерге жетіп алайық,- деп жымыңдаған Амантай үстелін жайнатуға кіріскен әрекетін жалғастырды.

- Гүлекең қайда?— дедім. Амантай бәйбішесі Гулжанды әзілмен қағытып: «біздің үйдегі аю» деп отыратынды.

- Балаларға киім-кешек алуға базарға кеткен. Ғаббас, сен Ебекеңді білесің ғой? - деді Амантай.

- Қазақта әрі ғалым, әрі жазушы, өрі әдебиетші-сыншы, әрі аудармашы Ебекең біреу-ақ, неге білмеймін?- деп едім, екеуі де қарқылдап күлді.

- Рас, рас! - дейді Амантай, күректей-күректей екі алақанын шапалақтап. Евней шынтағымнан демеңкіреп:

- Ғабеке. сізді 1972 жылдан білемін, жаңа Әбекем де сыртыңыздан толық таныстырды, жоғары шығыңыз! - деп үстелдің төргі орындығын қолымен мегзеді.

- Бұл үйде төрге шығуға құқым жоқ, Амантай ренжиді,- дедім. Амантай басын изеп күліп:

- Рас, рас. Құдай маған бастық атаулыны сыйлайтын өнер бермеген, почему-то,- деді. Мені «бастық атаулыға» қосуы — ол жылдары КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры болатынмын.

Үстел басына жайғасып, «іске кірісіп кеттік». Отағасы кәдесімен бірінші тосты иеленген Амантай:

- Ебекең жаңа айтты ғой, шынында сені сыртыңнан жақсылап таныстырып үлгердім, мен білмейтінің болса, оны өзің қоса отырарсың, ал енді саған Ебекеңді сипаттап берейін, бұл балуан екеуіміз баяғыдан доспыз,- деп Евнейге қарап жымиды да: - Однако, товарищи, әуелі бірді алып жіберейік, тіліміз жұмсарсын, ә! - деді. Үшеуіміз күлісіп, рүмкелеріміздің «жүгін жеңілдеттік». Амантай досы жайында қысқа да нұсқа айтып шықты. Оған қалыңша қасын кере қарап отырған Евней енді жымия маған бұрылып:

- Ғабеке, сіздің: «әлгі домалақ хаттарын әлі күнге дейін айдап жүр» дегеніңізге еріксіз күлген себебімнің шет-жағасын Әбекем айтты ғой. Абай ақсақалдың: «Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» дегені де тегін түйін емес, мен сол домалақ хаттардың да, үшкір хаттардың да астында жүрмін, ақыры қалай боларын құдай біледі,- деп, енді сол әредікте қолына алған күміс шанышқыға қиықша көзін сығырайта түсіп қарап, ойланыңқырап қалды. Қаратаяқтардың арасында ол туралы қаулап тұрған өсек-аяңнан да, қазақ тілді, орыс тілді газеттерде жарияланып жатқан албаты сындардан да хабардар едім. Соның бәрінің «жаназасын шығарып» тастауды жөн көрдім де: Ебеке, сіздің ғылымдағы, адебиеттегі еңбегіңізді халқымыз жатқа біледі дей аламын. Сізді кімдердің, не үшін нысанаға алып отырғандарын да біледі. «Ғылым академиямызға президент болып кетпесін» деген сасык, қауіпті біреулер бықсып айтып, басқалары лықсып қостап жур. Жариялатып жатқан мақаласымақтарын оқып көрдім, бәрі де - шатпақ! Ит үру үшін, шошқа қорсылдау үшін жаратылған ғой, құрысын бәрі де! Амантай, кел, Ебекеңнің денсаулығы мықты болсын, қаңқу-шаншу деген пәлекеттерге бой бермей, ғылыми жетістігін молайтып, әңгіме-хиқаяларын жазып, проза мен поэзиядағы жаңа аудармаларын еселеп жасап, алдымызда емендей еңселі күйінде жасы тоқсан тоғызға жеткенше жүрсін деп бір алып тастайықшы! - рүмкемді ұстай түрегелдім.

- Өй, айналдым, бәрекелді!- деп Амантай абың-күбің турды. Евней бұйрасын қалың қара шашын артқа қарай он саусағымен тарай ысырып-ысырып жіберді де, кең маңдайы жарқырай түрегеліп, маған құшағын ашып:

- Ай, інім, мың да бір рахмет! Сен жүз жаса! — деді. Біз айлап кездесе алмай сағынысқан аға-ініше құшырлана құшақтастық.

- Міне, осылай болса керек еді, кәне, алып жіберейік!— деп ақкөңіл Амантай балаша мәз болды. Рүмкелеріміз де сыңғырлай құптады. Сонсоң көршім:

- Ғаббас, сен жаңа Евнейге тоқсан тоғыз жас тіледің, арғы жағында қалған бірді не істейсің?- деп күлді. Евней жымың-жымың. Мен Амантайды қалжыңмен «Сатаевич» деп атайтынмын, сол әдетіммен:

- Түу, Сатаевич, сен де қызықсың осы. «Жүз десең, ол арық, әлсіз кісі айтып қалған жетім сөздей жүдеу естіледі, өзің айтып көрші, ернің шүршиеді де тынады, ә? Ал «то-о-оқса-а-ан то-о-оғы-ыыз» деші, операдағы ариядай! -дедім.

Екі дос үйді бастарына көтере қарқылдап күлді...

Евней Арыстанұлын соңғы көргенім — сол жолы.

Ол аса дарынды ғалым еді. Менің топшылауым бойынша, жақсы аты жаһанға жайылған ғұлама Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ерекше талантты екі шәкірті болды: бірі – Евней Бөкетов, екіншісі - Шаһмардан Есенов. Құдайдың құдіреті, екеуінің де өмір жолы әрі ерте, әрі қиын аяқталды. Екеуі де қазақы қиянаттың құрбаны болды дей аламын.

Евней 57 жасында көз жұмды. Қазақстанның ғылымына мол үлес қосқан галыммың жүйкесін бақталастар тоздырды. Қарағанды университетінің ректоры кезінде республика Ғылым академиясының президенттігіне кандидатурасы ұсынылғаны оған пәле болып жабысты. Бәсекелесі Асқар Қонаев еді. Дінмухамед Қонаевқа жақсы атанып қалуды көздегендер інісін жағымпаздықпен шашбаулап, Ебекеңе жабыла ор қазды. Университетті үсті-үстіне тексеру басталды. Кейбір газеттер Ебекеңді беталды сынаған мақаласымақты жаудырды, тіпті «Ленинская смена» фельетонсымақ та жариялады. Бірақ, олардың өкініштеріне қарай, ешқайсысы «о, мінеки!» дей алатындай мін таба алмады. Сөйте тура, күштінің бір жері диірмен тартады деген емес пе, жазықсыз Ебекеңді орнынан алып, Қарағанды химия-металлургия институтына қатардағы қызметкер етіп жіберді. Қазақстанның ғана ма, бүкіл КСРО химия өнеркәсібінің аса атақты маманы, анау Жезқазғанда, Теміртауда, Балқашта кен өндіру, өңдеу, байыту істеріне енгізген тиімді әдістері, жаңалықтары үшін Мемлекеттік сыйлық алған академикті бұдан сорақы қорлау болуы мүмкін емес. Ал ол сұмдықтарды Д.Қонаев білмеді деудің қисыны бар ма?.. Жоқ! Бүгінде марқұм Димекеңе шаң жуытпайтын әдет таптық. Жөн емес. Оның елге, халыққа сіңірген еңбегін айтумен бірге кадр саясатында жасаған ағаттықтарын жасырмау керек. Жалпақ жұрт білгенді бүркемелеу дұрыстыққа жатпайды. Ол Евней Бөкетовтің үлкен ғалым, тұлға екенін біле тұра оны тұқыртуға тыйым салмады, хабарсыз кейіппен үнсіз мақұлдады. Әйгілі академикті көпе-көрінеу қуғындауды ұйымдастыру үшін қандай дейің болсын әуелі жоғарыға қарап, сол жақтың райын біліп алғаны сөзсіз, әйтпесе өзінің желкесі қиылады. Дәл қазір есімде жоқ, алайда Ебекеңді сынаған мақаласымақтың ба, фельетонсымақтың ба, әйтеуір біреуінің авторы Д.Қонаевтың идеология жөніндегі көмекшісі В.Владимиров болды (егер жаңылмасам). Соның өзі-ақ құйынның қай жақтан соққанын көрсетіп берген.

1977 жылы-ау деймін, «Жазушы» баспамыздан Ебекеңнің «Шығармашылық сырлары» атты кітабы шықты. Ғылым академиямыз, жалпы ғылымымыз хақындағы ол еңбекте Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың тарихи тұлға екені, академияны ұйымдастырушы болғаны нақты фактілермен

баяндапған-ды. Ал Д.Қонаев жайында бірер сөйлем ғана болды ғой деймін. Жалдамалы тапқыш-бектерге сол «кателік» жетіп жатты да, мақаласымақтарында «жерден жеті қоян тапты». Келесі жылы баспаға Ебекеңнің «Досқа алты хат» деген кітабының қолжазбасы өткізіліп еді, анау -қателікті-ескергендер мен ескерткендер оның жолына тасбөгет қойды да, кітап он бір жылдан кейін, авторы бақиға кеткен соң ғана жарық " көрді. Ол да кездейсоқтық па?.. Жоқ. қысастық!..

... Біздің кездескеніміз Ебекеңнің қысталаңда жүрген кезі еді. Мен шамамның келгенінше әзіл айтып, әңгімені әдебиет аулынан шығармай отырдым. Евнейдің өзі біраз шығармаларын қазақшалаған Маяковский, Есенин, Золя туралы оқыған естеліктерімді айттым. Амантай да, ондай әңгімені қыздырып жіберетін әдетімен, Ебекеңді көңіл кірбіңінен айықтыру-дан аянбады. Ал Евней болса, ер мінезділігін анық танытып, әңгімесін де, әзіл-қалжыңын да жпрқылдап айтып, емім-еркін отырды. Ғабиден Мустафин ағамыздың «Оянған өлкесінен» мол-мол үзіндіні жатқа айтып: «Ғабаң ойға да, сөзге де бай ғой! - деп сүйсінді де.

(Қиыншылықтан қайысуды білмеген, әділетсіздікке жігер-күшін қарсы қоя білген Ебекең қуғыншылыққа ұшыраған жылдарында әдеби еңбегін еселеп, қаламын қылышқа айналдырды. Адами, Азаматтық өршілдік һәм ерлік дейтініміз сол болар!).

Біз ұзақ әңгімелесе алмадық, Өскеменнен аға-жеңгем, апа-жездем келіп қалған екен, Ебекеңнен рұқсат сұрап қоштасуға мәжбүр болдым. Әйтпесе, Евнейдей Азаматпен бір мәрте жүздесу - бір жасап қалу ғой!

Қосымша:

Әрбір жаңа жылдың қарсаңында архивімді ақтарып, артық-ауыс қағаздардан арылтатын дағдыммен папкалырымды «ревизиялап» отырып, Ебекеңнің екі хатын тағы оқыдым да, сонау 1972 жылға «бет алдым». «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында сын бөлімінің меңгерушісімін. Редакторымыздың тапсыруымен зиялы қауымның ең көрнекті өкілдеріне хат жазып, көркем әдебиетіміздің хал-ахуалы жайындағы ой-пікірлерін білуді жөн көргенбіз. Евней Бөкетовтің әдебиетші-аудармашы еңбегімен әжептәуір таныс едім, соны сылтау етіп, Ебекеңе хат жаздым. Маусым айында болар. Жауап алдым. Ебекең жауабын кешіктіргеніне кешірім өтініп телефон да шалып, мақала жазып жіберетінін айтты.



Кейінде көбінесе телефонмен хабарласып жүрдік. Бірақ Ебекең Алматыға келген сайын қалайда тым асығыс болады да, дидарласа алмай қаламыз. «Ғабеке-ау, коммунизмді жалғыз өзім орнатсам деп жүрмін ғой, айып етпеңізші!» деп кейде әзілдей күліп «құтылып» кете береді. Үйімде екі рет қана болды. Бір күні Қарағандыдан телефон соғып: - «Қазақстан жазушылары» деген анықтама шығыпты деп естідім, оған мұндағы менің қолым жете қоймас, егер қиынсынбасаңыз, біреуін беріп жіберсеңіз қайтеді, менің де мойнымда қыл арқан щірімес, - деп қалжындай күлді. Ол анықтаманы ертеңінде поштамен аттандырып жібердім. Қолына тиісімен асығыс хатын жолдаған. Алғаш жүздесуіміз жайындағы мынау естелігіме сол екі хатын қосқым келді.

Бірінші хаты:

«Қүрметті Ғабеке!

Сіздің хатыңызды алғалы недәуір уақыт болды, бірақ мына Қарағанды университеті ашылуына байланысты қат-қабат шаруа көбейіп, уақытылы жауап бере алмадым, кешірім сұраймын, ренжімеңізші!.. Сіздің талабыңыз маған ұнады, менің қарабасымды газет тарапынан сыйлаушылық деп есептеймін. Апталық әдебиет газетіміз — халқымыздың ең сүйіп оқитын баспалық перзентінің бірі, сондықтан анда-санда пікір қосып тұру азаматтық борышымыз ғой. Әдебиеттің соңына түсіп оқып отыруға қол тимейтіндіктен пікірім дил-танттық бола ма деген қорқыныштан үндемеушілігім бар, дегенмен, Сіздің өтінішіңізге-орай, ойлануға тура келеді. Кезінде, ретті жерінде, Сізбен, басқа жолдастармен кездесерміз, ақылдасармыз.

Хатыңызға рахмет! Сыр-ағамызға, басқа ағайындарға сәлем!

Сіздерді қадірлеуші — Евней Букетов. 05.09.72»
Үлкен ғалым адамның кішіпейілділігі анык, байқалып тұрған жоқ па?!
Екінші хаты:

Ардақты Ғабеке!

Мынау «жуан» кітапты жіберіп, әбден қуанттыңыз. Үлкен рахмет! Маган ілтифатыңыздың мол екенін бұрында сезетін едім, жүрегімдегі сол жылылық беки түсті. Емді өз кітабыңызды күтемін.

Құрметпен, келінге және балаларға сәлем!

Ағаңыз Евней.

Р.S. Сізге өтініш айтарлық уақыт та жақындап келе жатқан сияқты-ау!

21.08.82»
Ебекең жас жағынан да менен үлкен болғанымен ешқашан «сен» деп сөйлескен емес. Бірде: - Мені «сіз» дей бермеңізші! Ыңғайсыз екен, - деп өтінгенімде: «Қалыптасқан ауызға қылар қайраным болмай жур», - деп әрқашанғысынша әзіл жауап қайтарғаны бар. Ал «өтініш» дегені Жазушылар одағына мүшелік жайты еді. Екінші кітабы шыққанда құттықтап: «Одаққа мүшелікке өтіңіз, баяғыда Амантай айтқандай, курорттың бәрі қолымда, жазушылардың шығармашылық үйлеріне жолдама да қалтамда. Өзіміз де шығармашылык, үй салып жатырмыз, бірінші жолдаманы Сізге береміз» дегенмін. Ебекең рахаттанып күліп: «Ендеше, ол үйлеріңізге бірінші көрімдік - менен!» деген.

Әлбетте, Ебекең жазушылар қатарына бірауыздан қабылданды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет