Адилбекова забираш ашимхановна қазалы қаласы мен уезiнiң әлеуметтiк-экономикалық және мәдени дамуы


Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар



бет2/4
Дата19.06.2016
өлшемі480.16 Kb.
#148289
түріДиссертация
1   2   3   4

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар.

– Сырдарияның төменгі ағысы ежелден көшпеліліктің, отырықшылықтың үлкен бір ошағы болды. Бұл жер қазақ халқының қалыптасуына үлес қосқан Кіші жүз қазақтарының бір тармағы қоныстанған ірі аймақ еді. 1847 жылы Райым бекінісі салынғаннан кейін Ресей империясының Сыр бойы мен Оңтүстік Қазақстанға соғыс экспансиясын жасауға жағдай жасалынды;

– 1867 жылғы әкімшілік реформадан кейін бұл аймақ Орталық Азияны жаулап алудың маңызды плацдармына айналды. Аймақ Ресейдің отарлау саясатында үлкен экономикалық рөл атқарды. Орынбор және орал казактарын, орыс шаруаларын қоныстандыру кең етек алды. Қазалы уезі Ресейдің отарлау саясатын жүргізген бір өңірі болды;

– ХХ ғ. басында Орынбор-Ташкент темір жолының салынуы Сырдария облысы құрамындағы Қазалы уезінің ірі темір жол бекетіне айналуына әкелді. ХХ ғ. басында қоғамдық – саяси өмірдегі революциялық толқулар аймақ дамуының жаңа жолдарын ашты;

– ХІХ ғ. аяғы-ХХ ғ. басында Қазалы уезінде оқу-ағарту саласындағы атқарылған жұмыстар жергілікті халықтың сауаттануына әкелді. Алайда патшалық Ресей бірінші кезекте түземдік оқығандарды өз мүддесі үшін пайдаланды.

Зерттеу жұмысының хронологиялық шегі 1847 жылдан 1917 жылдардың аралығын қамтиды. ХІХ ғ. ІІ жартысындағы ХХ ғ. басындағы маңызды оқиғалар Қазалы қаласының қала деңгейіне көтеріліп, дамуына негіз болған кезең.

Зерттеудің жағрафиялық шеңбері. Кіші жүздің территориясында орналасқан Қазалы қаласы Сырдария облысының солтүстік бөлігін алады. Территориясы мына жерлерді қамтиды, Арал теңізімен, Торғай облысының Ырғыз уезімен, Торғай уезімен, Сырдария облысының Перовск уезімен, Амудария бөлігімен шектеседі. Уездің жалпы көлемі 58866,40 текше. верст. Ал қоныс аудару басқармасының топографтарының есептеуінше уездің жалпы көлемі 87262,76 текше верст. Оның себебін былай түсіндіруге болады, ашық жатқан Қызылқұмның құмды жерлері жалпы көлемге кірмеген.

Зерттеу жұмысының қолданбалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижесін Қазақстан тарихының курсында және қалалар тарихы бойынша жоғары оқу орындарының арнайы курстарында сабақ өткенде пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен зерттеу әдістері. Отан тарихының өзекті мәселелерінің бірі қалалар тарихын зерттеу жалпы ғылыми және арнайы-тарихи әдістемелік кешенге негізделді.

Қалалар тарихын жазуда қалыптасқан теориялық-әдістемелік тұжырымдар негізге алынды, яғни салыстырмалық принципі жеке мәселелерден жалпылама қорытындылар шығару тәсілі қолданылды. Зерттеу әдісі жүйелі, шынайылық, тарихи-салыстырмалық тәрізді ғылыми таным қағидаларына негізделді. Сондай-ақ, кейінгі уақыттарды қалыптасып келе жатқан жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжырымдар, жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан жазылған еңбектер басшылыққа алынды. Зерттеу барысында нақты тарихи, салыстырмалы-тарихи, жүйелеу, талдау, жинақтау және қорыту әдістері қолданылды.

Қазіргі замандағы тарих ғылымына тән методологиялық негіздерді қолдану барысында тарихи үрдістерді, дәлелдерді бағалауда өркениеттік көзқарастар мен ұлттық мүдде ұстанымдары басты назарға алынды. Негізделген тұжырымдар мен ой-пікірлердің өзара логикалық байланыста болуына баса мән берілді.

Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыс ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихы бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқылаудан өтіп, қорғауға ұсынылған. Диссертацияның негізгі мазмұны Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым саласындағы Бақылау комитеті бекіткен тізімге сәйкес 3 ғылыми мақала, 3 халықаралық, 1 республикалық ғылыми конференцияларда баяндама жасалып, журналдарда жарияланған.

Диссертация құрылымы. Диссертация жұмысы қысқартылған сөздерден, кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Жұмыстың Кіріспе бөлімінде зерттеу тақырыбының өзектілігі, міндеті мен мақсаттары айқындалып, зерттеу дәрежесіне тарихнамалық талдау жасалған, методологиялық негізі мен қолданбалық маңызы, ғылыми жаңалығы мен қорғауға ұсынылатын тұжырымдары берілген.

«Райым бекінісін құрудың әскери-саяси және экономикалық алғышарттары мен себептері (1847–1867 жж.)» деп аталатын бірінші тарау үш тараушадан тұрады. Бұл тарауда аймақтың ХІХ ғ. ортасына дейінгі тарихы, Патшалы Ресейдің Сырдарияның төменгі ағысында бекіністер мен форттар салуы және аймақтың осы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарастырылады.

«Аймақтың тарихы ХІХ ғ. ортасына дейін» деп аталатын бірінші тараушада Сыр өңірі сонау бір ықылым замандардан бері қаншама ұрпаққа құтты қоныс, жайлы мекен болып бұл қасиетті топырақта Жанкент, Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Жент, Жаңа қала т.б. сияқты қалалардың өмір сүргенін, аталған қалаларда қолөнер мен мәдениеттің, архитектураның, түрлі шаруашылық салаларының дамығаны қарастырылып, аймақтың ХІХ ғ. ортасына дейінгі тарихы 3 бағытта баяндалған:

1. Аймақтын қалалары. Сырдарияның сол жақ жағасында, Қазалының оңтүстік жағына орналасқан Жанкент қаласын ерекше атауға болады.

Жібек жолы бойына орналасқан осы Жанкент қаласы байлыққа кенелген, бау-бақшалы көк желекке оранған, халқы көп алты алаштың әулеттері орналасқан ірі орталық болған көрінеді. Тарихшы Рашид ад Диннің деректеріне сүйенсек, Жанкентті ХІІІ ғасырдың үшінші онжылдығында Шыңғысханның үлкен ұлы Жошыхан қиратқан делінеді.

2. Аймақтан шыққан тарихи тұлғалар. Қасиетті Қазалы өңірі жерін жаудан қорғаған бағлан батырларға, кенде емес. Соның ішінде батырлығы мен даналығының арқасында Мешһед пен Кабулды өзіне қаратқан, Самарқан шаһарын билеп, Самарқанның Регистан алаңында сәулет өнерінің озық үлгілері қатарына жататын Ширдар, Тіллә-қари медреселері сияқты сәулет өнерінің бірегей жауһарын салдырған Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұл (1576–1656 жж.) туған.

Қарасақал Ерімбет шайырдың шығармаларының негізі адамзат баласына ислам идеологиясын ұсынған жаңа жүйені насихаттаушы, сыр сүлейлерінің арасынан шыққан жаңашыл ақын.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – елу жыл өмірін қалмақтармен соғыста өткізген, елін қоқан және хиуа хандығының шапқыншылығынан қорғаған батыр. Халқының қорғаны болған Жанқожа батырдың есімі Қазалы және Арал өңірінде ерекше құрметпен аталады. Жанқожа батыр айбаты мен қайраты аңызға айналған ірі тарихи тұлғаның бірі.

3. Аймақтың қоғамдық-саяси тарихы. ХІХ ғ. басында Арынғазы сұлтанның хан сайлануы үлкен тарихи бетбұрыстың бастамасы болды. Арынғазының қоғамдық-саяси өмірінде тарихи оқиғалар басталды. Ол сыр бойы қазақтарын қайтадан кіші жүз хандығына қосып, күш біріктірмекші болды.

«Бекіністі құрудың әскери-саяси және экономикалық алғышарттары» деген екінші тараушада 1847 жылы Райым бекінісінің салынуы, осыған орай өз ойларын білдіріп әскери министрге құпия түрде келген хаттардың мазмұнын толық көрсете отырып 1848 жылы Қазалы қыстағынан осы атаумен форттың салынуы, №1 фортта әскери гарнизондарды орналастыру, оны азық-түлікпен, артиллериялық жабдықтар, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, ондағы әскери шендердің құрамы жөнінде қарастырылады.

1847 жылы Арал теңiзiнiң жағалауына Ресей Райым фортын салады. Бекіністің Райым деп аталуы жөнінде екі түрлі пікір айтылады: 1) бұл жердегі қазақтың белгілі имамы Райымның моласына байланысты, 2) Райым деп аталатын көлдің атауына қарай қойылған болуы қажет.

Ресей Райым бекінісін салуда сауда керуендерін тонаушылардан қорғау дегенді желеу етті. Ал, шын мәнінде, Райым бекінісінің салынуы Ресейдің Хиуа хандығына қыр көрсетуі әрі Түркістан аймағын отарлауға жасаған алғашқы қадамы еді. Хиуа хандығы Сырдария бойында Райым бекінісі секілді орыс әскери бекіністерінің салынуына қарсылығын оның төңірегіндегі қазақтарды талап-тонаумен білдірді. Бірақ әскери күші басым Ресей империясы Райым бекінісінің негізін қалаған соң, Арал теңізі мен Сырдария өңіріне өз ықпалын жүргізе бастады. Сырдарияның сағасына Ресей әскерлері келгенге дейін жергілікті қазақ халқы хиуа және қоқан әскерлерінің тұрақты шапқыншылықтарынан зардап шегіп отырды. Сырдария сағасының халқы Райым бекінісін, Қазалы мен Ресейдің басқа да әскери форпостарын салуға, сондай-ақ Арал теңізін зерттеу мен игеруге қосалқы жұмысшылар мен жолбасшылар ретінде белсене қатысты. Сырдария шекаралық өкімет ұйымдары қазақтарды Райымның және № 1 форттың (Қазалы) әскери бекіністерін салуға мәжбүрлеу тәртібімен жұмылдырды. Бұл форпостарды салу үшін мыңдаған кедейлер айдап әкелінді. 1848 жылы Райым бекінісі жанында Орынбор казактарының 26 отбасы тұрды. Қоныс аударушылар саны жылдан жылға көбейе берді. Көшіп келушілер ежелгі тұрғындар қазақтарды ығыстырып шығарып, Сырдария жағасындағы шұрайлы және жақсы суландырылатын жерлерге орналастырылды.

Райым бекінісін салудан кейін Патша үкіметі өзіне қызмет ететін форттар сала бастады. 1848 жылдың аяғында Қазалы қыстағынан осы атаумен форт тұрғызылады. Қазалы форты генерал-инженер Бюрноның жобасымен салынады. Оның ең алғашқы тұрғындары Орынбор казактары, Арал флотының отставкадағы солдаттары мен матростары болды.

Патшалық Ресейдің аса әккі, айлалы әрі ақылды шенеуніктері жергілікті халықтың арасынан шыққан өте беделді, артынан елді ерте алатын, сөз ұстаған, мәдениетті, парасатты, заманның ыңғайы мен бейімін жіті аңғара алатын сауатты, оқыған адамдарды осы бекініс-қалалардың құрылысына кеңінен қатыстырыпты. Жергілікті оқығандар қала салуға қай жердің ыңғайлы екенін, әрине, патша шенеуніктеріне қарағанда жақсы біледі. Жоғарыдағы құжаттарға көз жіберсек, патша шінеуніктері бекініс-қаланың қай жеріне мектеп, қай жеріне монша, қай жерге аурухана, қай жерге фельдшерлік пункт салуға болатынына дейін осы жергілікті қайраткерлермен ақылдасып-кеңесіп отырған. Және олардың кейбір ұсыныс-тілектеріне құлақ асып та отырыпты. Орыс тілін жақсы білетін, зиялы би, суретші, зауряд-хорунжий Сердалы Бекшоринді патша шенеуніктері Форт-1-дің, яғни Қазалы қаласының құрылысына мейлінше қатыстырыпты. Қазалы қаласының құрылысына қатысқан тек Сердалы Бекшорин ғана емес. Мыналар да қатысқан: би Рахмет Айтов, би әрі хорунжий Үмбет Моллағалиұлы, асан руының биі Жетес Қыстаубаев. Әрине, Қазалы қаласының құрылысына бұдан басқа да белгілі билер мен рубасылардың қатысуы әбден мүмкін. Бірақ, біздің қолға тиген құжатта осы тұлғалардың аты ғана аталған.

Қазалы қаласының Елтаңбасы (Гербі) қаладағы Ғ. Мұратбаев атындағы мұражайде сақтаулы. Алтын түстес жердегі қара қалқанда жүк артқан түйе, жоғарғы жағында алтын жалатқан ашамай құрал бар. Бос бөлігінде Сырдария облысының гербі. Қалқан ашамайдан бастап күміс түсті тәжбен көмкерілген және Александр лентасымен жалғасатын алтын түстес екі жүзім шоғымен қоршалған.

№ 1 форттағы әскери гарнизонды, башқұрт жұмысшыларын, инженерлердi азық-түлiкпен қамтамасыз етудi патша үкiметi арнайы реттеп отырған. 1860-1863 жылдары Далалық бекiнiстер мен форттардағы әскери гарнизондарды етпен қамтамасыз ету туралы деректер сақталған. Онда ет тасымалының мөлшерi, кiмдер тасығаны, № 1 форттағы дүкенге түскен еттiң таратылуы, жарнамалар туралы ведомостар бар. Осыған орай Орынбор корпусының генерал-майоры Данзас 1860 жылы 1 қыркүйекте Далалық бекiнiстермен форттардағы әскери гарнизондарға 1861-1862 жылдары ет тасудың 24 бөлiмнен тұратын кондициясын бекiтедi [23, 5-п.].

Сырдария шебінің бойындағы №1 форт патша үкiметiнiң осы аймақтағы бiр жерден екiншi жерге зат тасу, уақытында жеткiзу, көлiк жағынан қамтамасыз ету сияқты тапсырмаларын орындауда ерекше роль атқарды. Әскери заттарды тасуда негiзгi көлiк түрi - түйе едi. 1867 жылы 7 қазанда Орал бекiнiсiне азық-түлiк тағы басқа заттарды жеткiзу үшiн № 1 форт қазақтарынан 27 түйе алып, оның әрқайсысына 5 сомнан төлеген. Перовск фортында қыстап қалған төменгi шендегiлерге заттар жiберу үшiн 10 түйе сұралған.

1872 жылы 24 ақпанда патша үкiметi Қазалыдағы әскери отрядты Жаңадария бойына жайылымдық жердi қазақтардан қорғау үшiн жiбередi. Оларға арнайы 2 айға жететiн азық-түлiк бөлiнедi.

«Аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына сипаттама» деген үшінші тараушада Сырдарияның төменгі ағысын мекендеген Кішкене шекті, Шөмекей, Төртқара, Қарасақал, Кете руларының жайлымдары, суармалы шаруашылық, Қазалы уезіндегі мал шаруашылығының дамуы, шаруашылықтың аралас (мал өсіру, егіншілік) түріне көшу, балық шаруашылығы, сауданың дамуы туралы қарастырады.

Егін салатын жерлер негізінде Райым, Қазалы маңында Ақ-ирек, Арық-балық өзендерінің маңындағы жерлерінде болған, егінді негізінен бұл аудандағы шаруалар суғарып салатын болған. Сырдарияның және оған құятын өзендердің сулары егін суғаруға мол жеткен. Ақ-ирек өзенінің өлкесінен қазақтар екі тоған алады оның бірі Әлтай, екіншісі Бекбауыл. Жазғытұры Сырдария тасыған кезде осы тоғандар арқылы суды ойпаң жерлерге бөгеп қалып сол өлкедегі егіндер суғарылады да, сөйтіп, мұнда егіннен мол өнім алуға мүмкіншілік болады.

ХIХ ғасырдың I жартысында орын ала бастаған шаруашылықтың аралас (мал өсiру, егiншiлiк) түрiне көшу Қазалы уезiнде де орын алды. Егiн шаруашылығында негiзгi құрал сайман жер ағаш, мала, кетпен ғана болды.

Кең тараған кәсіпшіліктің бірі балық аулау болды. Сол кезде суы мол Әмудария мен Сырдария құйып жатқан Арал теңізі қоныс аударушыларды балық байлығымен қызықтырды. Бұл кәсіпшілік Көкарал түбегінде шоғырландырылды, балық аулаумен негізінен Қазалы, Перовск уезінің тұрғындары айналысты.

Қазалы Орта Азия мен Ресей арасындағы сауда тауарларын реттеп, бақылап отыруда, олардың тонаусыз жеткiзiлуiнде маңызды рол атқарды. Орта Азия хандықтары орыс рыногына: жiбек мата, қаракөл елтiрiсi, мақта т.б. шығарды. Ал Ресейден: көйлек, аяқ киiм, шәй, сабын, мануфактуралық, галантериялық, кондитерлiк заттар, түрлi құрал-саймандар, фарфор ыдыстар әкелiнген.

Орынбор өлкесіне мақта апара жатқан керуендердің № 1 форт пен Перовскіге келгенін есепке алу туралы материалдар сақталынған [24, 9-п.]. 1852 жылы Арал бекінісінен Бұхарға баратын бұхаралық керуендерді қорғау үшін команда бөлу жөнінде істер сақталынған [25, 18-п.].

Ресейден және Орта Азия хандықтарынан келген жүктердi Қазалыдағы көпес Иванов конторы, Россия транспорт қоғамы конторы, Каменск конторы есепке алып отырған. Кеден посттары таратылған уездерде тасымал жүктерге бақылау жүргізу уезд басшысының міндетіне кірген.

Қазалы уездік басқармасы ай соңында кеден департаментiне және Түркiстан генерал-губернаторының кеңсесiне есеп беру үшiн өткен жүктер туралы жоғарыдағы конторалар аптасына бiр рет полицияға мәлiмет беруiн мiндеттеген арнайы жарлық шығарады.



«Қала мен уездің ХІХ ғ. ІІ жартысында дамуы (1867–1900 жж.)» деп аталатын екінші тарау үш тараушадан тұрады. Бұл тарауда Қазалы уезінің және болыстардың құрылуы, уездегі әртүрлі оқиғалар барысы, Қазалыда орыс-түзем мектебінің және кітапхананың ашылуы, халықтың әлеуметтік жағдайы, демографиялық ахуал жөнінде қарастырылады.

«1867 жылғы реформа және Қазалы уезінің құрылуы» деген бірінші тараушада 1867 жылғы әкімшілік реформаға байланысты Қазалының қалаға айналуы және уездің құрылуы қарастырылады.

Қазалы уезі Сырдария облысының солтүстiк-батыс бөлiгiне орналасты. Солтүстiк-батысында Торғай облысымен, оңтүстiкте – Әмудария бөлiмiмен, оңтүстiк-шығыста – Перовск уезiмен, батыс және солтүстiгiнде – Арал теңiзiнiң жағалауларымен шектестi.

Уезд тұрғындарын негiзiнен Кiшi жүз қазақтарының әлiмұлы тайпасы мен оның шектi, қаракесек, төртқара, шөмекей және қарасақал рулары құрады. Арал теңiзiнiң жағалауында шектiлер, Сырдария жағалауында қалған рулардың қыстақтары орналасты. Уезді қоныстаған осы аталған рулардың ара қатынасы мынандай болған: шектi-40%; төртқара-15%; шөмекей-30 %; қаракесек-4%; қарасақал-7%. Бұдан басқа 4% сұлтандар, төлеңгiттер, қожалар, Сырдария жағасындағы қарақалпақтар құраған.

1853 жылы № 1 форт (Қазалы) болып құрылғаннан кейiн оның алғашқы тұрғындары Райым бекiнiсiнен қоныс аударғандар, Орынбор казактары, Арал флотының матростары, солдаттары болды. Алғашқы кезде бұл әскери бекiнiс болып құрылады, өйткенi осы территорияны көшпелi халықтан қорғайды. Кейiннен мұнда Орал казактары, қырғыздар, өзбектер, татарлар қоныстанды. Ресейдің Бұқара, Ташкент, Хиуа қалаларымен сауда байланысының дамуынан керуен жолы өтедi. Бiрте-бiрте Қазалы 1867 жылы iрi уездік қала болды. Орал казактарының көшiп келуiнен балықшылық пен қолөнер кәсiбi дами бастайды.

1867 жылғы реформадан кейiн Сырдария облысы әскери губернаторы Қазалы уездік басқармасына капитан Соболевке ұйымдастыру комиссиясын құру туралы 1867 жылы 23 желтоқсанда Ташкеннен хат жiбередi. Ұйымдастыру комиссиясының төрағасына – уезд басшысын, құрамына Новокрещенов, титулдық кеңесшi Карловты енгiзiп, тапсырманы нақты орындау керектiгi және ұйымдастыру комиссиясы қай күнi бекiтiлсе, сол күнi жұмысқа кiрiсуi қажет екенiн ескертедi. Ұйымдастыру комиссиясының мақсаты – уездерде болыстар мен ауылдар құру еді. 1867 жылғы 21 желтоқсанмен 1868 жылдың 1 ақпанына дейiн 1217 сом 33 тиын күмiс ақша, ақпан айына 379 сом ақша комиссияның жұмыс iстеуiне бөлiнедi. Комиссия жұмысы кезiнде, Қазалы уезін басқару № 1 форт коменданты майор Юнийге тапсырылады.

Қазалы уезінде 1868 жылғы 1 сәуiрден бастап 6 болыс құрылады. Олар: Қарақұм, Райым, Қостам, Сарытоғай, Қарабастоғай, Заңғар. Ал, Қалышбас болысы кейiннен қазақтар Қызылқұмнан Сыр бойына түскен соң құрылады [26, 2-п.]. Қазалы уезі басшысы Қаракөл, Қостам, Сарытоғай болыстарында адам санының өсуiне байланысты тағы да 3 болыс құру керектiгiн, тiптi уездегi 7 болыстан 14 болыс құруға болатынын, оның әрбiр болысында 1000-1600-дей үй бар екенiн хабарлайды.

Патшалы Ресей өзіне адал қызмет еткендерді арнайы ұсыныстармен марапаттап отырған. Қазалы уезінің бастығы 1875 жылы мамырда адал қызмет еткені үшін 61 адамды марапаттау туралы сұранысының негізінде, 1875 жылы 20 қарашада Түркiстан генерал-губернаторы Қазалы уезiнiң Алайғыр, Райым, Қостам, Ақтөбе, Қараман-Макбал, Сарытоғай, Қарабас-тоғай, Көшербаев, Заңғар, Қорғаншы болыстарының басқарушыларын өз iстерiне берiлгендiгi үшiн арнайы мадақтайды. 1876 жылы Мумин Байдосов алтын сағатпен мадақталған. Ал уезді басқаруға патша үкіметі арнайы өз адамдарын тағайындап отырған.

1865 жылдары Қазалы уезiнде сусын сататын орындар ашылды. 1867 жылы Қазалыда жексенбiлiк приход қоғамының жанынан ссудный касса ашу туралы мәселе көтерiліп, 1886 жылы 1 қаңтарда Қазалыда ссудный касса ашылды. Қазалыда Қалалық басқарма құрылды. Оның 7 бөлiмнен тұратын уақытша жобасы болған және атқарушы комиссия құрамы сайланды. Қазалы қаласы почта қызметiнде де айтарлықтай орын алды. Мұрағат деректерiнде Орал-Қазалы почта байланысы трактында почта қызметкерлерi туралы контракттiк шарттардың 44 ережеден тұратын iс-қағазы сақталды [27, 3-10-пп. арт.]. Қазалы уезi құрылғаннан кейiн 1898 жылы қалада арнайы базарлар ашылды.

Уездегі көптеген дау-жанжалдарды, түсініспеушіліктерді дұрыс шешіп отыру үшін Қазалы уезі билерінің төтенше съезді маңызды орын алды.

«Қазалы уезінің мәдени–ағартушылық дамуы» атты екінші тараушада ХІХ ғ. ІІ жартысында білім беру саласының дамуы, мешіттің салынуы, Қазалыда Бутаков атындағы кітапхананың ашылуы туралы қарастырады.

1860 жылы 21 қаңтарда тұңғыш Қазалы училищесi ашылады. 1861 жылы 9 ақпанда Қазалыда дiн басы Победоносцевтiң бастауымен қыздар мектебi ашылды. Мектеп 1862 жылдың аяғында оқытушылардың басқа жаққа кетуiне байланысты жабылды. Мұрағат деректерiнде №1 фортта және Перовскiде қазақ және орыс тұрғындары үшiн ашылған мектептердiң 4 бөлімнен, 32 тараудан тұратын ережесi сақталған [28, 2-7-пп. арт.].

1865 жылы Орынбор генерал-губернаторының нұсқауымен Қазалыда қазақ балалары үшiн мектеп ашылады. Қазақ балаларына арналған сабақ кестесi төмендегiдей болған. Аптасына алты күн сабақ, жексенбi – демалыс күнi. Сабақтар түске дейiн сағат 9.00–12.00 аралығында, түстен кейiн 14.00–16.00 аралығында жүргiзiлген. Қазақ балаларын оқыту төмендегiдей ерекшеліктермен шектелген: а) қазақ және орыс тiлдерiнде оқыту, жазу; б) арифметиканың алғашқы төрт ережесi; в) грамматика; г) қазақ тiлiнен орыс тiлiне аудару, орыс тiлiнен қазақ тiлiне аудару, түсiнiк. Мектепте 16 бала бiлiм алған. Олардың тiзiмiн бере отырып байқағанымыз үздік және өте жақсы оқыған оқушылардың ерекшелігін атап көрсеткен. 1879 жылы 19 тамызда 2 сыныптық қыздар училищесi ашылады. Түркістан өлкесі училищелерінің бас инспекторы Қазалыдағы оқу орындарының жайы туралы хабардар болып тұрған. Айта кетерлік нәрсе, қаладағы училищенің мұғалімдерін бесжылдық және онжылдық қызметі үшін қалалық қордан қосымша ақы төлеп отырған.

1885 жылғы 26 сәуірдегі Қазалы уезі басшысының 13 дана «Начального руководства на обучению русскому языку киргиз» және Ыбырай Алтынсариннің «Қырғыз хрестоматиясының» 13 данасы алынғаны туралы мәлімет бар.

ХІХ ғ. аяғында рухани салада атқарылған істердің бірі мешіттің салынуы еді. Мұрағат деректерінде мешіт салуға байланысты уезд басшысымен Сырдария облыстық басқармасының қатынас хаттары сақталған. 1886 жылғы 10 шілде күні Сырдария облысы басқармасының құрылыс бөлімі техникалық шендерінің жиналысының хаттамасында 4 шілде күнгі жиналыста татар Хусайновтың бастамасымен Қазалы қаласында салынатын мешіттің жобасы қаралғаны айтылады. 1888 жылы құрылысшы Муравьиннің жобасы бойынша көпес Хусайновтың қаражатына қаланың ортасынан мешіт салынады. Алғашқы мұсылман мешітін 1872 жылы бұқарлық діншіл Әлімбаев салдырған.

Қазалы қаласында ағартушылық салада атқарылған жұмыстың бірі қалалық қоғамдық кітапхананың ашылуы еді.

1900 жылы 21 қарашада Қазалыдан Ташкент Әскери губернаторына «қалада кітапхананың ашылуы болды» – деген жедел хат келеді. 1900 жылы 12 қыркүйекте Сырдария облысы әскери губернаторы кітапхананың 19 параграфтан тұратын ережесін бекітеді. 1847 жылы Қазалыға А.И. Бутаковтiң келуi, 1848–1849 жылдары Арал теңiзi маңын зерттеуi, маңызды ғылыми дәлелдерi Ресейдің ғана емес, Батыс Европаның ғылым әлемiнде оған бедел әкелдi. 1902 жылы 8 қарашада Қазалы уезiнiң басшысына Губернатор көмекшiсiнен кiтапханаға А.И. Бутаков есiмiн беруге қарсылық жоқ екендiгi туралы хат келедi.

«Қаланың экономикалық және демографиялық сипаттамасы» атты үшінші тараушада 1891 жылғы аштық, қайырымдылық комитетінің жұмысы қала мен уездегі халықтың саны іріктеліп беріліп, климаттық жағдайларға байланысты орын алған жағдайлары талданады.

Сырдария облысының Қазалы уезiнде астық өндiру 1891 жылдың көктемiнде ауа-райына байланысты өте төменгi жағдайда болды. Осындай қиын жағдайды шешу үшiн, аштыққа қарсы күрес жүргiзiп, Қазалы уезiне Әскери министрдiң тапсырмасымен 75 мың сом көлемiнде ссуда бөлiнедi. Бұл қаржы 2 жылдың iшiнде жеңiлдетiлген жолмен қайтарылуы тиiс болды. Бөлiнген қаржыға Ташкент, Шымкент, Әулиеата уездерiнен арзан бағаға ұн сатып алынды.

Қазалы уезiнде аштықтың орын алуына байланысты жер-жерден көмектер келдi. 1892 жылы қаңтар, ақпан айларында Қазалы уезіне Самарқан, Ферғана облысының уездерінен 1900 сом 27 тиын ақшалай көмек келеді. Осы кезде Қазалы қайырымдылық комитеті қоныс аударушыларға көмек көрсетті. Көмек сұрағанның өтініші комитеттің отырысында талқыланып отырды.

1871 жылы Қазалыда 15 жел диірмен, 2 су диірмен, 4 кірпіш, зауыты, 4 сабын өндіру зауыты, 1 қыш өндіру және 7 май өндіру т.б. орындары болды. Қазалы уезiнде көпес Александр Петрович Ивановтың есебiнде сыра зауыты жұмыс iстеген. Онда 1 сыра дайындаушы, 1 бондарь, 4 ерікті жалданушы жұмысшы болған. Зауыт от жағу арқылы жұмыс iстеген. 1881 жылы 10 000 сомның 5 мың шелек сырасы өндiрiлген. Сонымен бiрге Қазалыда күйдiрiлген кiрпiш дайындайтын пештер болды.

1871 жылы Қазалы уезінде 34284 адамның ұлттық құрамын анықтағанда қазақтардың (33450 адам) басым екені байқалады. 1871 жылғы Қазалы уезіндегі халықтың діни құрамын сараптағанда 17 православиялық, 9 магометан, 3 еврей, барлығы 29 неке жіктеліп шығады. 1871 жылғы Қазалы уезiнiң болыстарындағы адам саны 59145 болған. Уездің негiзгi халқын Кiшi жүздiң төртқара, қарасақал, қаракесек, арғын рулары құраған. 1871 жылғы Қазалы қаласындағы халықтың таптық құрамын саралағанда әскери шендердің (2069 адам) көп болғандығы анықталды. 1897 жылғы халық санағы бойынша Қазалы қаласының халқының саны 7585 (4303 ер, 3282 әйел) адам болса, уездің халқы 140598-ге жетті [29].

Колпаковскийдiң тапсырмасына орай 1879 жылы қазан айының 20 жұлдызынан Қазалыда уездік денсаулық сақтау комитетi жұмыс iстей бастайды. Комитеттiң құрамы: төрағасы – уезд басшысы – И.Н. Абграл; уездік судья – Г. Фонь-Куббе; уездік дәрiгер – Г. Гайгер; жергiлiктi дiнбасы – О. Евгений-Егротовтан құрылды. 1880 жылы комитеттiң жалпы жиналысы өткiзiлiп, iш аурулары және асқазан аурулары туралы қаралды. 1882 жылы 19 қаңтарда комитеттiң кезектi жиналысы кейбiр адамдардың табиғи оспа ауруынан қайтыс болуына байланысты iс шаралар жүргiзу қажеттiгiн қатаң ескертеді.

1898 жылы 14 қазанда Қазалы қалалық қоғамдық басқармасы кезекті жиналыс өткізіп, балалар үйін ашу туралы талқылайды. Қазалыда 1 ғана тұл жетім, 27 жартылай жетім бар екені анықталған. Қазалы қалалық қоғамдық басқармасы қаржы көзі болмауына байланысты және жетім бала жоқтың қасы болғандықтан балалар үйін ашуға негіз жоқ деп тапты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет