АгроЖаршы.- 2010.- №4.- 4 ақпан
Маженова А.
Кәсіптік оқулықтарға ұлттық сипат беру қажет
Жақында Елордамызда өткен «Аграрлық жоғары оқу орындарының күндері» болып өтті. Бүл ретте С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, профессор Айтбай Қабыкешұлы БҰЛАШЕВТЫ осы іс-шараның қорытындысы бойынша әңгімеге тартқан едік. Ректордың айтуынша, елімізде ұлттық сипатқа ие кәсіптік оқу-әдістемелік құралдар жоқтың қасы. Аталмыш мәселені шешу үшін бірқатар іс-шаралар қолға алынуда.
- Айтбай Қабыкешұлы, Сіз еліміздегі салалық ЖОО арнап оқу әдістемелік құралдар жаза-тын арнайы шығармашылық топ құру мәселесін көтердіңіз. Мұндай қажеттілік неден ту-ындап отыр?
- Бүгінде еліміздің білім беру жүйесі кредиттік технологияға толығымен ауысуына байланысты студенттерді оқу құралдарымен толық қамтамасыз ету мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Өйткені, кредиттік технология - студенттерді өздігінен білім алуға үйрететін оқу әдісі. Бұл оқу үрдісі - жаңа ізденістерге мүмкіндік ашты. Оқу барысында студент пен оқытушы арасында өзара жаңаша байланыс қалыптасып, студент өзінің әр оқу пәні бойынша жеке дайындығына көп уақыт бөліп, оқу үрдісіне белсенді түрде қатысуы және алға қойған мақсатқа жетуге деген тұрақты қызығушылығының болуы талап етіледі. Осы орайда еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында оқу-әдістемелік құралдардың жетімсіздігі байқалып отыр. Сондықтан біріншіден, бүгінде университетімізде ашылып жатқан жаңа мамандықтарға арнап оқу-әдістемелік құрал жазу қажеттілігі болса, екіншіден, терминология мәселесіне байланысты туындап отыр. Мәселен, бүгінде қазақ тілінде білім алатын студенттерге өте қиын, өйткені, көптеген, пәндер бойынша бізде терминология әлі де қалыптаспаған. Сондықтан, бірізді, жүйеленген оқулық жазу маңызды. Сонымен қатар, осыған дейін кәсіби пәндер бойынша Ғылым және білім министрлігі өткізген конкурс негізінде жарыққа шыққан оқулықтар бүгінде саусақпен санарлық қана. Сондықтан біз оқу үрдісінің сапасы мен тимділігін арттыру үшін аграрлық мамандықтарға арналған оқу - әдістемелік құрал жазуды қолға алып отырмыз.
- Оқулық жазудағы көзделіп отырган негізгі мақсаты мен ғылыми жаңалығы қандай болмақ? Бұл оқулықтар бұрыннан белгілі қағиданы қайталау, құр қаржы шығыны болмай ма?
- Дұрыс айтасыз, кейбір пәндер бойынша кітап жаза берудің қажеті де жоқ. Өйткені, ағылшын, орыс тілдерінде мысалы, «Жануарлар анатомиясы», «Гистология», «Физиология» пәндері бойынша бұған дейін жазылған жақсы кітаптар баршылық. Ол пәндер барлық жерде бірдей. Бұл ретте тек классикалық үлгідегі шет тілде жазылған кітаптарды аудару мәселесін қарастыру керек. Өйткені жақсы жазылған кітапты қайталап жатпай-ақ, оны жақсылап аударуға болады. Бірақ, аударма жасауға да қойылатын талаптарға мән берген абзал. Мәселен, «мен аудармашы едім» деп кез келген оқулықты аудара беруге болмайды. Ол аудармашы екі тілге жетік, терминологи-яны жақсы білетін әрі осы саланың нағыз маманы болғаны жөн. Сонымен қатар, кітап жазатын топ өндірістік тәжірибені еңбегіне енгізуі міндетті. Өйткені, бүгінде біздің агроөнеркәсіптік кешенде, нақты өндірісте қолданылып жатқан ғылыми жетістіктеріміз аз емес. Соларды бір жүйеге келтіру керек.
- Бүгінде нақты қандай мамандықтар бойынша оқулықтардың жетіспеушілігі байқалып отыр?
- Университеттер арасындағы үш жақты келісімнің аясында, яғни, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық, Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық және Қазақ ¥лттық аграрлық-техникалық университеттерінің оқытушы-профессорларының авторлық ұжымымен ауыл шаруашылық ғылымдары, ветеринария және технология мамандықтары бойынша жарыққа шығарылатын оқулықтар мен оқу кұралдарының тізімі жазылған арнайы кесте жасалды. Ол бойынша 31 пәннен оқулық жазу көзделіп отыр. Олардың негізгілері «Агрономия», «Орман шаруашылығы», «Ветеринарлық санитария», «Балық шаруашылығы» мамандықтарына арналады.
Өйткені, Кеңес кезінде жазылған қазірде бар тарих, саясаттану, философия пәндерінің оқулықтары уақыт тұрғысынан алып қарағанда бүгінде жарамсыз. Олар Кеңес одағының егін шаруашылығына, өсімдік шаруашылығына арналды.
Ал ауыл шаруашылығы технологиясы Кеңес одағын былай қойғанда, Қазақстанның Солтүстік өңірінде бір басқа да, Оңтүстігінде бір басқа. Сондықтан оқулық жазылған кезде ерекшеліктер ескерілуі керек. Біздің оқулық жазардағы басты мақсатымыз - Қазақстанның жағдайына, табиғатын, климаттық ерекшеліктерін толық қамтыған оқу құралын шығару болып отыр.
Екіншіден, ұлттық сипатқа ие оқулық жазу қажеттігі тұр. Мысалы, Біз Кеңестік кеңістікте өсіп-өнген ұрпақпыз. Біз оқыған кезде дүниедегі жаңалыктардың бәрін ашқан Еуропа, Америка деп үйреткен еді. Бүгінде де мал дәрігерлеріне дәріс оқыған кезде вакцинаны алғаш ойлап тапқан ағылшын дәрігері - Эдуард Дженнер дейміз. Ал Дженнерге дейін 300 жыл бұрын, Жәнібек пен Керей хандардың тұсында сол вакцинаны Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы деген бабамыз адамдарды шешек ауруынан сақтап қалу үшін еккені бүгінде табылған «Шипагерлік баян» атты еңбегінен белгілі болып отыр. Ол кітаптың бір бөлімі «Адам ауруының алдын алу» деген тақырыпқа арналса, одан бөлек, дәрі-дәрімектер туралы көптеген ақпараттар берілген. Бұл бір ғана мысал.
Сондыктан тек әлеуметтік пәндер ғана емес, кәсіби пәндер бойынша да ұлттық болмыс көрініс тапқан, патриоттық сезімге баулитын деректер болуы керек.
- Айтбай Қабыкешұлы, аталмыш оқулықтар жазылған соң, кей ЖОО-да жиі орын алатын, оқулықтарды сатып алуга студенттерді мәжбүрлеу жагдайы орын алмай ма?
- Мұндай жағдай орын алмайтынына кепілдік бере аламын. Өйткені, университетіміздің шағын баспаханасы бар, оқулықтар жеткілікті көлемде шығарылады. Мәселен, бүгінгі таңда университетіміздің кітапхана қорында 1 миллионға жуық оқулық бар. Ал жылдың басында екі студентке бір оқулық деген есеппен кітапханамызға, оқу залдарына тапсырамыз. Сонымен қатар, біз шығарып жатқан оқулықтардың барлығының электронды нұсқасы бар. Олар университеттің серверіне орналастырылып, он оқу ғимаратымызбен 7 жатақханамыз университеттің компьютерлік корпоративтік желісіне қосылған. Яғни, студенттер жатақханада немесе кітапханада сол желіге еніп, қажетті ақпаратты компьютерден шығарып ала алады. Осыдан үш-төрт жыл бұрын қолға алынған бұл бастама бүгінде ауыз толтырып айтатын жаңылықтарымыздың бірі. Өткен жылдың соңында тағы екі корпусты аталмыш электронды корпоративтік желіге қостық.
- Сонымен, оқулықтар қай уақытта жарық көреді деп жоспарланып отыр?
- Бүгінде арнайы жұмыс тобы бұл оқулықтар қай кезде, қай айда шығатынын анықтап жатыр. Шығатын уақыты шамамен келер жылдың қаңтар айы. Оған кететін қаражатты қазірден бастап бюджетімізде қарастырып қойдық. Бұл мәселе ағымдағы жылдың ақпан айына дейін анықталып, үш университеттің ректорларымен нақты бекітіледі деп жоспарлап отырмыз.
-Әңгімеңізге рахмет!
Достарыңызбен бөлісу: |