«Ақылды үй» жобасы көптің назарын аударуда



Дата21.06.2016
өлшемі51 Kb.
#152519
Қанат Жаңдырбай

«Ақылды үй» жобасы көптің назарын аударуда


М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дiң көпсалалы колледжiнiң «Радиотехника және байланыс» мамандығының студенттерi Николай Першин мен Сергей Фёдоровых «Ақылды үй» ғылыми жобасымен көпшiлiктiң назарын аударды. Әзiрге жас өнертапқыштар оны тек макет жүзiнде ғана жүзеге асыра алған. Алдағы уақытта олар өз идеяларын техникалық тұрғыда жүзеге асыруға дайын. Жуырда өнертапқыш студенттердiң бiрi Николай Першинмен жолығып, жоба туралы сұрап-бiлдiк.

— Аталмыш жобаны таңдауыңызға не, кiм түрткi болды?

— «Ақылды үй» жобасымен айналысу идеясын кураторымыз Екатерина Механикова ұсынды. Бастапқыда облыстық ғылыми жоба сайысына қатысу үшiн энергетика тақырыбына қызыққанымызбен, кейiн «Ақылды үй» жобасына көңiлiмiз ауды. Бұл шешiмдi әлi күнге дейiн дұрыс деп санаймыз. Себебi, бұл саланы терең зерттегендер шамалы.

— Николай, қолға алған жобаңыз жайында тоқталып өтсеңiз.

— Көз алдыңызға елестетiп көрiңiз: пәтерiңiзге кiрген кезiңiзде автоматты түрде жарық қосылып, желдеткiш бөлмеде Сiзге қолайлы температураны ұстап, өз бетiмен қосылып-сөндiрiледi. Мiне, бұл — бiздiң ғылыми жобамыз. Жобаға кiрiспес бұрын «Ақылды үйдiң» тарихына терең үңiлдiк. Бiлгенiмiздей «Ақылды үй» тарихы ХХ ғасырдың ортасынан бастау алады. Бiрақ мұндай идея негiзiнен Германияда туындаған. Өйткенi, ол елде электр энергиясының құны тым қымбат болған. Яғни, бұл үйдiң шығынын азайту мақсатында жасалған. Өздiгiнен ашылатын есiк пен дыбыстың шығуына қарай жарықтың өшiп-сөнуi секiлдi технология көпшiлiктi бертiнге дейiн таңғалдырып келгенi белгiлi. Ал кейiн өз өмiрiн қайтсем жайлы етем деп ойлана бастаған бай америкалықтар жобаны жетiлдiре түскен.

Бiзде аталмыш жобаға өз үлесiмiздi қосып, одан әрi жетiлдiре түстiк. Жобамызды мектептер, лицейлер, колледждер арасында өткен облыстық «Жас техниктер және рационализаторлар» байқауына ұсынып, жеңiмпаз атандық.

— Николай, «Ақылды үй» дегендi қалай түсiнесiз?

— Жаңа технологиялар кеңiнен қанат жайып, қарыштап дамыған мына заманда қалаған дүниенiң бәрi де бар. Өздерiңiзге белгiлi, қазiр үйдегi кiр жуатын машинадан бастап, астымыздағы көлiкке дейiн — автомат. Ендi осылардың қатарына тұратын баспанамыз да ақырындап енуде. Жайлылығы жағынан ең жоғары көрсеткiшке ие мұндай үйлердi ауызекi тiлде «ақылды үй» деп те атайды екен. ХХI ғасыр — жоғары технологиялар заманы деп бекер айтылмаған. Қазiр Америка, Түркия және Еуропа елдерiнде «Ақылды үй» орнату жаппай сипат алды. Ойлап көрiңiзшi, үй Сiздi дауысыңыздан танып, кешке шам жағып қарсы алып, таңертең бiр пульттегi бiр-екi түймешiктi басуыңыз арқылы кофе қайнатып, өзiңiз ұнататындай етiп жылы су дайындай бастайды және сүйiктi ТВ-арнаңызды қосып қояды. Осы күнге дейiн тек қиял, арман болып келсе, ендi қазiр ол өмiр шындығына айналды. «Ақылды үй» — қауiпсiз әрi жанға жайлы жағдайда өмiр сүру үшiн арнайы ойластырылған үйiңiздiң автоматтандырылған жүйесi. Ендi, сiз үйдiң емес, үй сiздiң бабыңызды табады!

— Жобаңыздың өзгелерден артықшылығы қандай?

— Таңертең «Ақылды үй» сiзбен бiрге оянып, барлық жүйелердi сәйкес режiмге ауыстырады. Үй иесiне барлық қолайлы жағдай жасау үшiн автоматты түрде терезе шымылдығын ашып, ауа температурасын төмендетедi. Ал егер үй иесi жұмысқа кеткенде немесе серуенге шыққанда «Ақылды үй» бөлмелердегi жарықты сөндiрiп, есiктердi жабады. Сонымен қатар күн батқанда есiк алдындағы шам өзi жанып, күн шыққанда сөнедi.

— Жоғарыда айтылып өткен облыстық ғылыми жұмыстар жобасына дайындалу қиынға соқты ма?

— Сайысқа дайындалу барысында бiраз қиындықтарға кезiккенiмiз рас. Облыстық кезеңге арнап жобаның екi макетiн пластик материалынан жасадық. Әрқайсысына 2-3 апта уақытымыз кеттi.

— Бүгiнгi таңда «Ақылды үй» жобасын жоғары сапа түрiнде жасауды ұсынып отырған ондаған компаниялар бар. Бiрақ олардың бағасы шарықтап тұр. Осы орайда сiздер, бұл мәселенiң шешiмiн табу жолын қаншалықты қарастырдыңыздар?

— Автоматтандырылған баспананың жайлылығына келер болсақ, шетелдердегi «Ақылды үйде» барлық iс-әрекет ұялы телефонмен, я болмаса Интернет арқылы басқарылып отырады. Мәселен, автоматтандырылған жылу жүйесi құрылғандықтан, жылдың мезгiлiне қарай емес, үй iшiндегi «ауа райы» бойынша бiрқалыпты температураны ұстауға болады. Әрi бұл жүйе отбасы бүтiндей демалысқа сапарлап кеткенде де өз тиiмдiлiгiн танытады екен. Ең бастысы, мұндай жүйе көп электр қуатын қажет етедi. Үйдiң жалпы шығынының 15 пайызын қамтиды, осызаманғы технологиямен жабдықталған мұндай ғимараттың құны да нарықтағы бағадан 10–15 пайызға қымбат болады.

Сондықтан «Ақылды үйдiң» қарапайым ортан қолды қазақстандықтарға қолжетiмдi болуы үшiн ғылыми жобаға шетелдегiдей бағасы қымбат компьютер, чиптер және тағы басқа электрмен қоректенудiң зияткерлiк жүйесiмен емес, механикалық қондырғылармен жасақтауды ұйғардық. Бұл ойымыз дұрыс болды. Себебi, соңғы жылдары автоматтандыру жүйесi қарқынды дамуына байланысты тек жекеменшiк үйдi ғана емес, тiптi, коттедждi қалашықтар, мейманхана кешендерi де автоматтандырылып жатыр. Өйткенi, компьютерлендiрiлген «Ақылды үйден» гөрi механикалық құралдармен жабдықталған жоба әлдеқайда арзанға түседi. Шығыныңыз да бiршама азаймақ. Яғни, Еуропада «Ақылды үйдiң» бiр сызбасы күйiп кеткен жағдайда қыруар қаржыға жаңа тетiктердi толықтай жаңартуға тура келсе, бiздiң жоба арқылы тұрғызылған үйдiң қажеттi бөлшегiн кез келген техникалық тетiктер сататын дүкендерден аз ақшаға алуға болады.

Сондай-ақ электр қуатын үнемдеу мақсатында ғылыми жобамызда жарықтандыру шамдарын жарықдиодтық шамдарға ауыстырдық. Себебi, үнемдi шамның шығыны аз, пайдасы шаш-етектен. 2012 жылдың 1 шiлдесiнен бастап 100 ваттық шамдарға тыйым салынғаны белгiлi. Ал үстiмiздегi жылдан бастап 75 ваттық шамды да қолдануға болмайды. Сондықтан олар энергияүнемдеушi шамдармен алмастырылады. Себебi, «Ильич шамынан» энергия үнемдеушiнiң айырмашылығы өте көп. Энергияүнемдеушi шамның жарамдылық мерзiмi де ұзақтау. Қарапайым шамның қызмет мерзiмi 1000 сағат болса, үнемдi шам 15000 сағатқа жарайды. Қызмет көрсету уақыты жоғары — он жылға дейiн. Десек те, кез келген дүниенiң кемшiлiгi болады. Жаңа шамның үлкен кемшiлiгi — бағасының қымбаттығы. Кәдiмгi шамның құны 40–45 теңге тұрса, энергияүнемдеушi шам бiрнеше есе қымбат. Дегенмен, жаңа шамға ауыссаңыз, еш ұтылмайсыз. Сонымен қатар, үй иесi белгiлеген уақытта жарықты сөндiретiн ажыратқыш, тiкелей адамға әсер ететiн инфрақызыл детектор, фотоэлемент сияқты энергияны үнемдеудiң анағұрлым тиiмдi тәсiлдерiн енгiзу жоспарымызда бар.

— Облыстық жас техниктер және рационализаторлар байқауында жеңiске жеткен екенсiздер. Содан соң ғылыми жобаның республикалық кезеңiне қатыса алдыңыздар ма?

— Жобамызды байқау комиссиясының назарына алғаш ұсынғаннан кейiн ел ағалары мен жергiлiктi кәсiпкерлер тарапынан жобамызға қызығушылықтары туғандығынын естiген едiк. Жобаның болашағынан мол үмiт күттiк. Бiрақ, қанша жоспарлағанмен, кейде армандарымыз бен ойлағандарымыздың жүзеге аспай жататындығы тағы бар. Өкiнiшке орай белгiлi себептермен республикалық кезеңге қатыса алмадық. Бiрақ та бүгiнде «Ақылды үй» ғылыми жобасын одан әрi жетiлдiре түсу жолдарын қарастырудамыз. Жобамыз ұмыт қалған жоқ.

— Ал «Ақылды үй» қазақстандықтарға қаншалықты қолжетiмдi болмақ?

— Бүгiндерi нарықта «Ақылды үй» жүйесi деп аталатын қызмет түрiне күн өткен сайын сұраныс артып келедi. Ендеше, ол қанша тұрады, автоматтандырылған жүйенiң басты тұтынушылары кiмдер деген сауалға жауап iздеп көрдiк… Егер де болашақта бiздiң макетiмiз бойынша «Ақылды үй» тұрғызылатын болса, заманауи технологиялар қуат көздерiн үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар әрбiр қазақстандықтың бас ауруына айналған баспана мәселесiн шешуге де ықпалын тигiзбек. Батыстың мұндай тұрғын үйлерi жайлы болғанымен, екiнiң бiрiнiң қалтасы көтере бермейдi. Әрине, жаңалық аштық деп айтудан аулақпыз. Бiз бүгiнге дейiн бар идеяны жетiлдiрiп, Қазақстанның климатына бейiмдедiк. Кететiн шығын көлемiн азайтудың жолдарын таптық. Үйдiң iргетасын құйған соң арнайы дайындалған қабырғаларын орнату арқылы үйдi 2–3 есе тез тұрғызуға болады.

— Бүгiнде аталмыш жобадан басқа немен айналысасыз?

— Өткен жылдың жаз айыннан бастап Есiл ауданының орталығында жекеменшiк фирмада табысты қызмет етудемiн. Жұмыс көп, бос уақытым аз демесем, бәрi ойдағыдай. «Радиотехника және байланыс» мамандығы бойынша оқығаным өз жемiсiн бердi десем артық айтқандық болмас. Құдайға шүкiр, жалақым жақсы. Әрi бiлiктiлiгiмдi шыңдап келемiн. Жұмыс орнымда жинаған тәжiрибем, әрiптестерiмнен үйренгенiм алдағы уақытта «Ақылды үй» жобасын одан әрi жетiлдiрiп, қазақстандықтар үшiн қолжетiмдi қылып жасауға септiгiн тигiзерiне сенiмiм мол.

— Әңгiмеңiзге рақмет! Жобаларыңздың өмiршең болып, қазақстандықтардың баспана мәселесiн шешуге үлесiн қосуына тiлектеспiз.



// Молодежная-Жастар. - 2014. - 23 қаңтар

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет