Катонқарағай ауданы ертеден өз республикамызға, әлемнің көптеген елдеріне жақсы таныс. Олардың назарын өздеріне аударған жұмыр жердің бетінен онша кезіге бермейтін, еш жердегіге ұқсамайтын әсем де сұлу табиғатымыз, табиғи байлықтарымыз. Қазақстанның қиыр шығысындағы Төр Алтай – барша түркі жұртының кіндік отаны, ақ жайлау ата қонысы болған киелі мекен екені тарихтан белгілі. Алтайдың көне қойнауында тылсым жұмбақ сырларды ішіне бүгіп жатқан ескі обалар, таңбалы тастар, керуен соқпақтар алыста қалған ғасырлардың үнсіз куәгерлері іспетті. Орманы нулы, өзені шулы, бұлағы шипалы, ауасы дуалы, шұрайлы да құйқалы жерұйықты мекен еткен ата-бабаларымыздың көзі болған тарихи жәдігерлер қазіргі таңда әлем жұртының назарын аударуда.
Катонқарағайдың қар басқан тау шыңдары, ну орманы мен шалқар көлдері, мөлдір бұлақтары мен асау өзендері, су құламалары мен қоймалары, аң мен құсы, көздің жауын алар көрікті келбеті кез келген жанды тамсандырмай қоймайды. Аудан аумағында орналасқан Берел қорымдары, Көккөл кеніші, Рахман қайнарлары, Көккөл, Арасан, Қараайрық, Рахман сарқырамалары, Қаракөл, Үшкөл, Марал, Қаумыш, Шәнген сынды көлдері, тарихта терістіктегі Алтын Тармақ деген атпен қалған Ұлы Жібек жолының Солтүстік тармағы, өзіндік ерекшелігімен тарихи құндылыққа ие Австриялық жол Табиғат-Ананың сыйлаған баға
жетпес байлығы десек болады.
Ауданымыздағы туристік саланың негізін емдік-сауықтыру, экологиялық, ауылдық , мәдени-танымдық және белсенді
туризм құрайды.
Жыл сайын ауданымызға жақын және алыс шетелден, республикамыздың түпкір-тупкірінен мыңдаған туристер келеді. Туристер мен демалушыларға 1 шипажай («Рахман қайнарлары» шипажайы), 1 оңалту орталығы («Ұзақ өмір сүру») ,12 пантамен емдеу орталықтары («Жанат» Барлық ауылы, «Ақ-Қайын» Катонқарагай ауылы, «Баян» Топқайың ауылы, «Ақмарал», «Ақбұлақ Алтай» Ақмарал ауылы, «Маралды» Маралды ауылы, «Абзал» Сенное ауылы, «Жазаба» Жазаба ауылы, «Беловодье» Бекалқа ауылы, «Верх-Катунь» Акшарбақ ауылы, «Димаш» Шұбарағаш ауылы, «Темірлан» Белқарағай ауылы), 5 қонақ үй, 12 шағын қонақ үй, 12 дәмхана, 5 мейрамхана, 9 ЖҚС, бал өнімдері мен пантаны қайта өңдейтін 1 фармацевтикалық цехы (АҚ «Ақсу ДЭЕН) , бал өнімдерін қайта өңдейтін 2 цех («Қасенов» ШҚ, «Нектар Катон-Карағай» ӘКК, 2 автобекет, 1 паром (маусымдық) өз қызметтерін көрсетеді. Ауданның шипажайлары мен пантамен емдеу орталықтары сыйымдылығы күніне 920 орындық 105 номерден тұрады.
Пайдалы ақпарат
Бағыт бойынша пайдалы материа
Достарыңызбен бөлісу: |