Аңыз адамда» ақынға орын бар ма?!
Бүгінде «Жұлдыздар Отбасы АҢЫЗ АДАМ» журналы еліміздегі танымал ақпарат құралына айналып отырғаны жасырын емес. Заманауи маркетинг пен менеджменттің қыр-сырын еркін меңгерген басылым – қазақ жастарынның өз ұлы тұлғаларын тануына ықпал етіп, жас ұрпақты елеулі істерге үндеген, жалпы халыққа ортақ тұңғыш энциклопедиялық жоба болып табылады. Журнал республикамыздың түкпір-түкпіріне тарап, көзі қырағы оқырманын лезде-ақ тауып келеді. Демек, ой төркінін өзге арнаға бұрсақ...
Бір күні осы жобаның авторы һәм бас редакторы Жарылғап аға Қалыбайға хабарласып, материал жібермек болғанбыз. Орайы келгенде «Аңыз адам» жобасы туралы аз-кем пікірімізді білдірдік. Бас редакторға журналдың алда атқарылар жоспарымен танысқанымызды айтып, «алда шығатын тұтас бір санды Қасым Аманжоловқа арнасаңыздар» екен деп ұсыныс жасадық.
Кейінгі әңгіме mail желісі арқылы өрбіді. Ж.Қалыбайға журналдың жоспары мен тұлғалардың фотоколлекциясында дауылпаз ақын қарастырылмай, ескерусіз қалғанын, сондықтан, көпшіліктің қынжылыс танытып отырғанын жасырмай айттық. Ұлтжанды журналист қолқа салғанымызда бірден елең ете қалды. Сөйтіп, журналдың алдағы бір санын Қасым Аманжоловқа арналғанын құба-құп көрді.
«Дулат, біз биылғы жоспарымызда ең алдымен, Қаздауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай батыр өмірін жазсақ, калғанын келесі жылы дегенбіз. Егер Қасым Аманжолов туралы жақсы сұхбат, дерек, мәлімет, фотосуреттер беретін ғалымдар, зерттеушілер, ақындар бар болса, дереу бізге олардың аты-жөнін, қызметін, телефондарын, электронды адресін жолдауыңызды өтінемін. Мүмкін ақынның жақын туған-туыстарымен хабарласып, сұхбат алуымыз керек болар. Сонда, біз Қасым аға туралы қандай форматта жазу керек екенін жақын арада қолға ала бастаймыз. Қысқасы, Қасым аға туралы айтатын адамдардың тізімін бірлесіп, келісіп жасасақ дұрыс болар. Жауап күтеміз. Құрметпен, Жарылғап Қалыбай». Әрине есімін М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Е.Ысмайылов, Ғ.Сланов, Ә.Тәжібаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Айбергенов, М.Мақатаевтар аузынан тастамаған аса көрнекті ақын туралы құнды деректер де, тартымды материалдар да аз емес. Мысал үшін, жылдың басынан бері «Орталық Қазақстан» газетінде Қасым Аманжоловтың өнегелі өміріне қатысты тұшымды мақалалар, соны деректер үзбей жарияланып келеді. Ақынның шабыты шарықтап өрлеген Орал мен Жайықта да тың дүниелер жетерлік. Фотосуреттер мен құнды жәдігерлер Қарқаралыдағы ақын мұражайынан табылады. Зерттеушілер мен қасымтанушы ғалымдар қолда бар деректерімен бөлісері сөзсіз. Әлбетте, Қ.Аманжоловтай ұлт мақтанышы «Аңыз адамның» кейіпкері болуына өзінен өзі-ақ сұранып тұр! Тек уақыт пен мүмкіндікті мүлт жібермей, осынау игілікті іске білек сыбана кірісіп, белсене үн қоссақ, ағайын!
Дулат АМАНЖОЛ.
Орталық Қазақстан. - Қарағанды, 2011. - 21 сәуір (№ 62).- 6 б.
Достарыңызбен бөлісу: |