Жылдар аралығында шыққан басылымдар



Дата18.12.2023
өлшемі16.09 Kb.
#486849
қбт


1925-1935 жылдар аралығында шыққан басылымдар
1925 жылдың жазында барлық республикалық газеттер жаңа астана — Қызылордаға көшірілді. 1925–1929 жылдары өз жұмыстарын Қызылордада жалғастырған «Жас қайрат», «Лениншіл жас», «Қызыл Қазақстан», «Жаңа мектеп» және «Еңбекші Қазақ" сияқты басылымдарда көркем шығармалар, қазақ тарихына, оның ішінде Сыр өңіріне қатысты зерттеулер мен дерегі мол мақалалар жиі басылып тұрды.


Еңбекші қазақ газетінің 1926 жылғы 319 санында қызықты, әрі тарихи танымды қалыптастыратын мақала „Ақмешіттің тарихы“ деп аталады. Мақалада Ресей мемлекетінің қазақ даласын қалай отарлағаны жөнінде айтылады. Автордың баяндауы бойынша патша үкіметі тез арада Орта Азияны отар елге айналдыруға тырысқан. Бірақ бұған мынадай жағдайлар кедергі болған: 1) шөл, құм, дала; 2) қазақ елінің керуен талайтын ордалары; 3) мұсылман елінің орысты жек көруі; 4) шет мемлекеттермен таласы. Орыстардың қазақ жерін бірден отарлап алуына Бұхара мен Хиуа хандықтары да ырық бермеген.


Газет беттеріңде сол сияқты оқу орындарында Абай шығармаларын оқыту мәселесі кеңінен сөз болды. Ә.Тәжібаев газетке «Қазақ әдебиетін оқыту туралы» мақаласын жариялай отырып, ақын шығармаларының шеберлігі мен олардың тақырыбы мен идеясына, Абайдың дінге көзқарасы, өлеңдерінің таптық сипатына байланысты жиырмасыншы жылдарда өріс алған айтысқа белсене араласты. «Еңбекші қазақ" газетінде 1926 жылы Қ.Кемеңгеров пен С. Мұқанов, Ә.Байділдин арасында «Көркем әдебиет туралы» айтыс болып, оған қорытынды пікірді М. Әуезов пен Ж. Аймауытов «Екеу» деген бүркеншік атпен мақала жазған. «Еңбекші қазақтың" 1927жылғы 15, ақпандағы санында С.Сәдуақасов «Әдебиет әңгiмелерi» деген мақаласында: «Абай да — ескi мұра, бiрақ Абайдан қалған мұра ескiрген жоқ. Әлi-де қазақ ақындары Абайдан шеберлiкке үйренуi керек», — деп жазып, Абай еңбектерiне үлкен баға берген.
1926 жылы шілде айынан бастап Қызылордада тұңғыш әйелдерге арналған «Әйел теңдігі» журналы өмірге келді. Журналдың редакторлық қызметін С.Есова, Н.Сәнәлиева, Н.Арықовалар атқарды. «Әйел теңдігі» сол жылдары әйелдерге арналған бірден-бір журнал болғандықтан, оқырмандарды толғандыратын мәселелерді көтеруге тырысты. Бастапқы кездерде «Әйел теңдігі» журналының «Жалпы бөлім», «Әдебиет бөлімі», «Біздің жұмысымыз», «Еңбекші әйелдер тіршілігі», «Дені саудың жаны сау» сияқты бірнеше айдарлары болды. Журнал партия мен кеңес ұйымдарының алдында тұрған негізгі міндеттерді насихаттау, қазақ әйелдері арасындағы саяси-тәрбие жұмысына, оларды елдің қоғамдық-саяси өміріне қатыстыру мәселесіне аса көңіл бөлді. Сондай-ақ, қазақ әйелдерінің тұрмыс-тіршілігі, қалыңмал, ағарту саласындағы жетістіктері мен кемшіліктері және тағы басқа әйелдерге қатысты мәселелерді көтере білді.
«Әйел теңдігі» журналына жарияланған М. Дулатовтың «Қазақ әйелі» деп аталатын мақаласында қазақ қыздарын әдет-ғұрып бойынша атастыруы бесіктен басталатындығы, тіпті кей жағдайда ананың құрсағында жатқан кезде атастыратындығы, бұл «қарғы бау» деп аталатындығы келтірілген. Ол «құда болу, киіт кию, мінт алу» сияқты жоралғымен жалғасатындығы, егер қызды атастырған адам қайтыс болса, оны «әмеңгерлік» жолмен, ағасы немесе інісі, туысқандарының бірі алатындығы айтылады. Бұл жерде автор малы бар шалдың жас қызды атастыратындығын, «Қызды шал екең алмайды, мал екең алады» деген мақалдың туындағаны осыдан дейді.
Журналдың «Әдебиет бөлімінде» әйел тақырыбына арналған әңгімелер мен қазақ қыздарының өлеңдері жариялана бастады. Ә.Бөкейхановтың «Қыр қазағы» деген бүркеншік атпен жазған «Ақсақ кемпір» атты әңгімесі, Бейімбет Майлиннің өлең, әңгімелері, атап айтқанда, «Раушан коммунист», Малай деген бүркеншік атпен жарияланған «Айымкүл», «Ел күйеуi», сол сияқты, «Ерлiк құрбаны», «Әже», «Некеқияр», Ж. Аймауытовтың «Ақ білек», Қошке Кемеңгеровтың «Назиқа», Шолпан Иманбаеваның «Жалшы әйелдер аузынан», «Октябрь мейрамы» сияқты әдеби туындылары жарияланған.
Сонымен қатар, XX ғасыр басында Ташкент қаласында көптеген қазақ басылымдары, қазақ газет-журналдары жарық көрген. Соның ішінде Мағжан Жұмабаевтің 1923 жылы ташкентте басылып шыққан көлемді жинақтары.


Пролетарлық жазушы С.Мұқанов С.Қожановты «Кеңес үкіметіне қарсы өлең жазудан тынбай келген алашордашыл ақын – М.Жұмабаевтың Қазақстанда бастыра алмаған өлең, поэмаларын 1923 жылы Ташкентте бастырды және өзі кіріспе сөз жазып, Мағжанды аспанға шығара мақтады» деп айыптады. Себебі, Мағжанның өлеңдер жинағының шығуына ірі қызыметте жүргеніне қарамастан тікелей белсене кіріскен С.Қожанов жинаққа «Мағжан өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» деген кіріспе жазды. Шағын ғана кіріспеде «Мағжан өлеңдерінің ішінде кез келетін, марксизм дүние тануына ұйқаспайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік жағына, сыршылдық жағына көбірек көз салу керек» деген пікірі арқылы Мағжан өлеңдерінің сипатына, көркемдігіне мән беру қажеттігіне назар аударады.
Жалпы алғанда, 1925–1935 жылдары шыққан ұлттық мерзімді басылымдар біріншіден, қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті, Ахмет Байтұрсыновтың «Баспасөз- халықтың үні, құлағы, көзі болуы керек», — деген аталы сөзінің үдесінен шыға білді, екінші жағынан, қазақтың алдыңғы қатарлы азаматтары осы газет-журналдар арқылы қарапайым халыққа өз шығармашылықтарын насихаттай білді.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет