Айқын. – 2011. - № 183. – 4 қазан
Сүлеймен Ғ.
Жеті жігіт жарысты жалғастырды
Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында еліміздің боксшылары бірде өз жанкүйерлерін қуантса, енді бірде ойда-жоқта ұтылып, көңілімізге селкеу түсіруде. Бұған дейін ұлттық командамыздың сапындағы ең тәжірибелі әрі белді былғары қолғап шеберлерінің бірі Біржан Жақыповтың жеңілгені аздай, жексенбіде Олжас Сәттібаев көрермендер қатарына қосылды.
52 келі салмақта бақ сынаған Олжас Сәттібаев тұсаукесер кездесуде мароккалық Әбделфатах Нафилді ұтқан болатын. Алайда екінші айналымда ирландиялық Майкл Конланға есе жіберді. Жасыратыны жоқ, алғашқы раундта Олжас сылбыр қимылдады. Соның нәтижесінде, Конлан қазақ боксшысынан үш ұпай озды. Үзіліс кезінде Қазақстан құрамасының бапкерлері өз шәкірттеріне жөн сілтеп, дұрыс ақыл-кеңес берген сыңайлы. Өйткені одан кейінгі кезеңдерде Сәттібаев «қаһарына» мініп, рингте еркін ойқастады. Тіптен, кей сәттерде Майкл Конлан тығыларға тесік таппағандай болып көрінді бізге. Десек те, төрешілер тосын шешім шығарып, Ирландия өкілін жеңімпаз деп таныды. Есеп - 17:18.
Оның алдында жұма және сенбі күндері жерлестеріміз жақсы жұдырықтасқан еді. 69 келі салмақтағы Серік Сәпиев эквадорлық Карлос Санчесті ауыр соққылардың астына алды. Бәсеке барысында екі рет нокдаун белгіленді. Ақыры оңбай таяқ жеген Санческе төрешілер ара түсіп, жекпе-жекті тоқтатты. 64 келі салмақтағы Данияр Елеусіновтің (С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті) де мықтылығы еш күмән туғызған жоқ. Шотландиялық Джош Тэйлор қанша талпынғанымен, Азия ойындарының жеңімпазына азу тісін батыра алған жоқ. Бұл кездесу 11:5 есебімен қандасымыздың пайдасына шешілді. 60 келі салмақтағы Ғани Жайлауов жапониялық Шота Накаямамен қолғап түйістірді. Әдетте жапондардың жанкешті келетіні баршаға аян. Накаяма да сондайлардың санатынан екен. Табандылығы мен өжеттігіне арқа сүйеген ол, Ғаниды сан соқтыруға тырысты. Күн шығыс елінің өрені бірінші раундты өз пайдасына шешті. Екіншісінде таразы басы теңесті. Ал соңғы кезеңде дұрыс тактика қолдана білген Жайлауов қарсыласының үнемі алдын орап, қажетті ұпайларын қоржынға салды -18:12. Сонымен қатар 75 келі салмақтағы Данабек Сужановқа риза болдық. Ол тайпейлік Янг Ю Тингті еш қиналмай ұтты. Үшінші раундта төрешілер екі мәрте нокдаун белгіледі - 24:7.
Жексенбіде Олжас Сәттібаевтың жеңіске ұшырағаны жайында жоғарыда айттық. Сол күні тағы төрт боксшымыз рингке көтерілді. 64 келі салмақтағы Данияр Елеусінов жапониялық Масатсуги Кавачимен қолғап түйістірді. 2007 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегеріне қарсы кездесуде батыл қимылдаған Данияр діттеген мақсатына қол жеткізді. Ол Күн шығыс елінің өкілін 14:4 есебімен ойсырата ұтты. 81 келі салмақтағы Әділбек Ниязымбетовтің тегеуріні өте күшті болды. Оңтүстік Кореяның оғыланы Ким Хианьюмен болған жекпе-жекте жерлесіміз жеңіс тойын тойлады - 14:9. 64 келі салмақтағы Серік Сәпиев рингке көтерілген бетте таиландтық Апичет Саенситті ауыр соққыларының астына алды. Тай боксшысының тіптен қорғануға шамасы жетпеді. Тек басын бұғып алып, қашумен уақыт өткізді. Серік оны қуып жүріп сабады. Екінші кезеңде төрешілердің де шыдамы таусылды. Олар бәсекені тоқтатып, Сәпиевтің қолын көтерді. + 91 келі салмақтағы Иван Дычко сербиялық Милутин Станковичпен кездесті. Бұл есім қазақстандықтарға жақсы таныс. Милутинович Дүниежүзілік бокс сериясы жарысында «Астана арландары» командасының сапында өнер көрсеткен болатын. Шыны керек, Сербиядан келген легионердің өнері көпшілік көңілінен шықпаған еді. Бұл жолы да дәп солай болды. Дычконың шеберлік деңгейі Станковичке қарағанда бір бас жоғары екеніне көрермендер көз жеткізді - 14:2.
Өткен аптада әлем чемпионатындағы алғашқы сенсациялық нәтижелер тіркелді. Әлемнің екі дүркін чемпионы Абош Атоев (75 келі) алғашқы айналымда сүрінді. Өзбекстанның белді боксшысы жапондық Риото Муратадан оңбай ұтылды - 8:14. 2007 жылғы әлем чемпионы, ресейлік Альберт Селимов (60 келі) екінші раундта венесуэллалық Хектор Манзаниланы кіндіктен төмен ұрғаны үшін қатаң ескерту алып, рингтен қуылды. Әйгілі Куба боксшысы Рониель Иглесиас (64 келі) пен украиналық Денис Берничук арасындағы жекпе-жек 19:19 есебімен тең аяқталды. Десек те, төрешілер Берничукты жеңімпаз деп таныды. Марокконың есімі көпшілікке беймәлім өкілі Мохаммед Аржауи (+91 келі) ресейлік Сергей Кузминнен айласын асырды - 12:9. Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, армениялық Храчик Джавакян (64 келі) Чехияның чемпионы Збинек Чаладекке жол берді - 6:10. 2009 жылы Миландағы Дүниежүзілік додада қола медальді мойнына ілген грузиялық Коба Пхакадзе әзірбайжандық Ғайбатолла Хаджиәлиевке есе жіберді - 15:18. Міне, алғашқы екі айналым барысында орын алған тосын оқиғалар осылар.
Кеше Ғани Жайлауов пен латвиялық Артемус Рамлавс, Данабек Сужанов пен израильдік Артем Маслив және Василий Левит Йозеф Вильямспен күш сынасты. Бүгін Данияр Елеусінов венгриялық Гюла Катэ, Серік Сәпиев жапониялық Яшихиро Судзуки, Әділбек Ниязымбетов колумбиялық Джейсон Энтони Манрой Варела және Иван Дычко қытайлық Жанг Жилеймен қолғап түйістіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |