Айқын. – 2013. №77. – 1 мамыр Сұхбаттасқан Тәжиева Г. Ақылбек КҮрішбаев, Сейфуллин атындағы Қазату ректоры



Дата15.06.2016
өлшемі48.8 Kb.
#136640
Айқын. – 2013. - № 77. – 1 мамыр

Сұхбаттасқан Тәжиева Г.


Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры:


Қамданбасақ, қара шегіртке қаптайды





Ақылбек Қажығұлұлы, көктем келіп, өңірлерде егістік жұмыстары басталды. Егін бітік болсын десек, жаз шыға бас көтеретін шегірткені ойлап, ертерек қам қылған жөн-ау. Ауыл ша­руашылығына орасан шығын келтіріп, егістік алқаптар мен жайылымдарды жайпап кететін шегіртке «сойқандары» ұмытыла қойған жоқ...


  – Әңгімені соңғы 10 жылда шегірт­ке сияқты зиянкестерге қарсы қан­дай жұмыстар атқарылғанынан бас­тау керек. Жалпы, 2000-2001 жылда­ры шегіртке зиянкесімен күрес бағытын­да 12,9 млн га аумақта химиялық өңдеу жасалды. Бұл үлкен нәтиже берді. Ал 5 млн га жерге агротехникалық әдіс­тің қолданылуы шегіртке «бас­қыншылығын» шектеді. Соның нә­тижесінде 2004 жылы химиялық өңдеуді қажет ететін жер көлемі 506 мың гектарға азайды. Бірақ 2005 жыл­дан шегіртке шабуылының кезекті кезеңі басталып, химиялық өңдеу аумақтары соңғы 7 жылда 2 228,4 мың га жетті. Яғни 4,4 есеге көбейді. Әсіре­се, 2012 жылдың фитосанитарлық жағ­дайы бізді ерекше мазалап отыр.

Енді қазіргі ахуалға тоқталайық. Өткен жылғы ғылыми экспедиция Батыс Қазақстан облысының 10 ауда­нында және Ақтөбе облысының 5 ауданында шегіртке балаңқұрттары­ның көлемі 20-40 есеге көбейгенін анық­таған. Ең бастысы, бұрын ше­гірт­ке ұяламаған аумақтарда да зиянкестің жұмыртқалары табы­лып отыр. Бұл – үлкен қауіп. Мұның негізгі себебі 2011 жылы Ресей­дің шекаралық аймақтарынан ита­лиялық шегірткелердің көп көлемді миграциясы ықпал етіп отыр. Вете­ринарлық және фитосанитарлық бақылау федералдық қызметінің (Россельхознадзор) мәліметі бойын­ша соңғы жылдары Ресейдің оңтүс­тік аймақтарындағы құрғақшылық италиялық шегірткелердің көбеюі­не және популяцияның алыс қашық­тықтарға миграциялауға қабілетті үйірлі фазасына өтуіне бейімдеген. 2010-2012 жылдар аралығында Ре­сей Федерациясының көптеген субъектілерінде шегірткеге байланыс­ты төтенше жағдайлар жарияланға­нын білеміз. 


Сөзіңізге қарағанда, шегіртке жай­лаған аумақтар ұлғайып, егістік­тер мен жайылымдықтарға кезекті бір «жұт» төніп тұрған сияқты...
  – Иә, қауіп қайдан демеңіз. АШМ ресми ақпараты бойынша, өткен жы­лы италиялық шегірткелерге қарсы Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Қос­танай облыстарында қосымша өңдел­ген 258,3 мың га аумақты қоса есепте­генде, барлығы 1883,4 мың га аумақ өңделген. Едәуір химиялық өңдеу­лерге қарамастан шегірткелер қанатта­нып, үйірлер қалыптастырып Аты­­рау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызыл­орда және Қостанай облыстарына, Ақмола облысының Жарқайың жә­не Есіл аудандарына миграциялаған. Ұшып келген шегірткелер мас­са­сы өз тұқымдарын қалдыруы се­бе­бі­­нен олар қоныстанған өңірлер­дегі фитосанитарлық жағдайды өзгертті. Топырақты қазып тексергенде 1 шаршы метр жерде 100 ұрықтық қорапша (дернәсілдер) анықталды. Ал ең жоғары тығыздық Ақтөбе жә­не Қостанай облыстарында айқын­далып, оның мөлшері 1 шаршы метр­де шегірткені 2000-4000 ұрықтық қорапшасы анықталды. Мұның ал­дын алмаса, көп шығын әкеледі. 
 – Зиянкестердің бұлайша көбейіп бара жатуының себептері неде? Мем­лекеттен қаражат бөлініп, өңдеу, дәрі­леу жұмыстарының бәрі жүргізіліп жа­тыр емес пе?
– Шегірткемен байланысты ахуал шегіртке үйірлерінің шекара асып ұшып келуінен ғана нашарлап кет­кен жоқ. Оның негізгі факторлары – италиялық шегірткелердің тұ­рақты резервацияларының шалғай ошақтарының жоғары қауіптілігі­не тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығында. Шегірткелердің көп көлемді миграциясы жерүсті зерттеу жұмыстарына қолайсыз жә­не қолжетімсіз болып табылатын резервация орындарынан (Нарын, Тайсойған, Үлкен Борсық, Айырқұм, Мамыт, Айырқызыл құмдары) шық­қан. Жол талғамайтын көліктердің жетіспеуі және қашықтықтан зон­дылаудың заманауи құралдары мен аса жеңіл аппараттар жоқ. Сондық­тан мұндай шалғай ошақтарды фи­тосанитарлық мониторингілеу және зерттеу жұмыстары «Фитосанитар­лық диагностика және болжамдар Республикалық әдістемелік орталы­ғы» ММ-сі тиісті деңгейде жүргізе алмайды. 
Шегіртке қаупінің өршуіне хи­миялық өңдеу жұмыстарын ұйымдастыруда кеткен қателіктер де өз әсерін тигізген. Мысалы, өткен жылы химиялық күрес жүргізу қолайсыз жағдайларда өтті: қатты құрғақшы­лық пен жоғары температура өңдеу уақытын әдеттегіден 10-14 күнге, кей­бір жерлерде 20 күнге дейін кешік­тірді. Өңдеушілер мұндай жағдай­ларға нашар дайындалған болып шықты. Өңдеу орнына бүрку техника­сы кешігіп келеді; дабыл беру уақыты мен нақты өңдеулер арасында 7-10 күндік үзілістер болады; препарат­тарды қолдану ережелері сақталмай­ды. Шегірткелер көп жайлаған кей­бір ауылшаруашылық егістіктері өңделмей қалып қойып, ол өз кезегін­де қалыптасқан үйірлердің миграция­сы­на және жаңа аймақтарға көп көлем­де таралуына алып келді. Нәтижесін­де препараттар әсерінің төмендеуі мен аз көлемді химиялық өңдеулер қауіпті зиянкестерді тоқтатуды қамтама­сыз ете алмай, шегірткелердің Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақ­стан облыстарының айтарлықтай көп аумақтарына ұшып қоныс ауда­руына әкеліп соқты.

Жалпы, қолданыстағы тәсілдер, яғни шегіртке үйірлері ұшып келген­нен кейінгі қолданған тәсілдердің әсері қанағаттандырарлықсыз. Жаппай химиялық өңдеудің басты стратегиялық кемшілігі – бұл жұмыс­тардың «өрт сөндіру» тәртібінде өт­кізілетіндігінде, өйткені бастапқы ошақтарда, әсіресе, қол жетпейтін не­месе қолжетімсіз аумақтардағы ше­гірткелер шоғырлануының алғаш­қы кезеңдері назардан тыс қалады. 


– Сонда шегірткемен күрестің бас­қадай тиімді амалдары болмағаны ма? Ғылыми әлеуеті бар салалық жоғары  оқу орнын басқарып отырған ғалым ретінде осы мәселеге қатысты тың із­деніс, ұсыныстарыңыз бар ма? 
– Біздің ойымызша, бүгінгі таң­да шегірткелердің жаппай таралу кезеңін­де үлкен аймақтарда жүргізілетін жаппай химиялық өңдеудің орнына шегіртке «шабуылының» алдын ала­тын, сақтандырғыш тәсіл қолдану қа­жет. Бұл тәсіл шегіртке мәселесінің ұзақмерзімді әрі тұрақты шешімін қамтамасыз етеді. Өйткені ол стратегия қомақты ғылыми негізбен дәлелденген ауқымды тәжірибеге сүйенген, көп жылдар бойы жүзеге асырылған қол­данбалы зерттеулердің нәтижесі.

Аталған сақтандырғыш тәсіл ше­гірткенің бір жылдық тіршілігіндегі мекендерін тиімді бақылау нәтиже­леріне негізделіп, олардың көбеюін және мінез-құлқының өзгеруін ерте анықтау мақсатында іске асырыла­ды. Сол арқылы шегірткенің тұқым салатын ошақтарын азайтатын, ше­гірткелердің көптеп шоғырлануын болдырмайтын ерте ақпараттану және жауапты іс-шараларды жүзеге асыру қамтамасыз етіледі.



Шегірткенің көп шоғырлануын болдырмау үшін ГАЖ және GPS/ГЛОНАСС-технологиялары арқы­лы қашықтықтан алдын ала тексеруге негізделген болжау мен бақылау­дың заманауи тәсілдерін жетілдіру қажет. Бұл орайда ең басты қажетті­лік шегірткелердің алдын алу шаралары­ның стратегиялық бағытын өзгерту, залалы аз инсектицид, биопестицид және басқа да биологиялық құралдар­ды қолдану қажеттігін ескеруіміз керек. Шегіртке көп шоғырланатын жә­не төтенше жағдайлар туындап жата­тын көптеген аумақтар еліміздің Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркімен­стан, Тәжікстан, Қытаймен шекара­лас аймақтарда орналасқан. Бұл елдер­мен шекаралас аймақтардағы алдын алу шараларындағы шегірткемен күрестің көпжылдық тәсілін қол­дану уақыт талабынан туындап отыр. Осыған орай, 2001 жылы Ал­ма­тыда Халықаралық «Орталық Азия­дағы шегірткемен күрес» атты дөңгелек үстелден кейін басталған мемлекетаралық комиссияның ше­гірткемен күрес туралы қолданымда­ғы жұмысын оңтайландыру қажет деп санаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет! 





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет