Айтыла бермеді екен ғой



Дата01.07.2016
өлшемі70.48 Kb.
#171215
ЖӨНГЕ ЖҮЙРІК АҒА ЕДІ
Көңілге көңіл қосылып, бірігіп көңіл жұбататын көңілсіз күндер сирек те болса кездеседі. Сондай бір ауыр күнді басымнан өткізіп жатқанда Батташ ағаның өмірден қайтқаны туралы азанаманы оқып, жүрегім шым ете қалды. Анамдай болған апайым Айымхан екеуі бір күнде бақиға жол тартыпты. Ағамыздың бейесі көз алдыма елестеп, аллауакпарымды айтып: «Дүние бәйтерегінің тағы бір жапырағы үзіліпті. Артының қайырын берсін. Армансыз емес шығар. Бірақ Айымхаға қарағанда дүние қызығы көрді. Артына алаңсыз аттаған шығар» - деген мүттайым ой келді. Ауыр күдерді арқалап Астанадағы жұмысыма к елсем алдымда екі жеделхат жатыр екен. Біреуін қолыма алып, одағы: «Орны толмас ауыр қаза – асыл апаңыз Айымханның өмірден өткеніне қайғырып көңіл айтамын. Тіршіліктің таусылмас күйбеңіменн жүргенде қашан да іздегенде жаныңнан табылардай, өзінен гөрі өзге үшін көмек қолын созуға даяр тұрар, қолынан келген жақсылығына шын пейіл, адал иетіне жан-жүрегін қоса ұсынар қайран апаңыздың қазасы қабырғаңызды қайыстырса да, Сізге берік бол демекпін. Қайғы деген пәле осылайша сен күтпеген жерден кенеттен келіп опық жегізетінін тағы дәлелдеді. Тағдырдың жазғанына амал қанша, бекем болыңыз. Апаңыздың жаны жұмақтың төрінен орын алсын. Марқұмның топырағы торқа болсын. Әулеттеріңізге Алла тағала еш жамандық бермесін!» - деген Ерланның көңіл айтуын оқығанымда өзегімді ыстық бір қимастық бауырмал сезім қарып өтті.

Осыған қоса: кездескенде бауырына баса кететін, өзім де тығыла түскім келіп тұратын Араб ағамыздың жанды шымырлатқан жұбаныш сөзін оқығанда көзімнен ыстық жас ыршып кетті. Алыс-жақынды, үлкенді-кішілі ыстық-суығы араласқан ағайындардың арасынан менің күрсінісімді түсініп, басу айтқан осы екі азамат қана болды. Сонда Тайырдың:

Жан сүйер сөз саулықта,

Айтыла бермеді екен ғой.

Жандарыңды жай уақта,

Азырақ ұққан екем ғой,-

деген жолдары ойыма оралды.

Мұндағы «жан сүйер» деген жолдар маған: «Жаныңа сүйеніш, демеу болатын сөз» деген астарлы әсер беріп еді. Өйткені менің жай-мекенімді жатқа білетін семейліктер де аз емес болатын. Сол күндердің өзінде маған мұқтажын айтып, тапсырмасын беріп жатқан араластарым да, құраластарым да болды. Сонда ойыма келгені: «Не нәрсенің бәрі тәрбиеден екен ғой. Өзі қаралы туды көтеріп жүріп Ерланның менің де жанымды түсінгені, жан жұбатқаны қандай кішіпейілділік. Бұл сөзсіз әкесі, менің Бәтташ ағамның тәрбиесі»- деген ой келді.

Егерде Бәтташ ағаның артында қалдырған бір ізетті ізі болса, өнегесі болса, ол сөзсіз жөнге жүйріктігі еді деп толық сеніммен айта аламын. Өйткені сол жөн-жобаны бізге де үйретіп, сөзімен де, мінезімен де баулыған адамның бірі осы Бәтташ аға еді. Жеңсе де жөнімен жеңіп, жығылса да жөнімен жығылып, шалқалап барып қарқылдай күліп жіберіп, асығыстау қимылдап, қолын бір сермеп жібергенде бүлінген дүниені орынына қойып, орынын білдірмей «дуалап, ұшықтап» жіберуші еді. Артына зіл қалдырмайтын. Тіпті ол кісінің кеудесінде зіл сақтайтындай орын да жоқ сияқты көрінетінн маған. Оның бұл мінезін әркім пайдаланды, соның біреуі мен шығармын деп ойлаймын (Қалжың араластыратындай кекселікке жеткеннен кейінгі он жыл мөлшерінде). Әрине, жақсы мағынасында. Әсіресе өз мініңді біліп тұрып, соны сездіргің келмегенде, ол кісіден бұрын сөйлеп, әңгімені басқа жаққа бұрып жіберетінмін. Ал бір бет алған жағынан ағамыз мойынын жақын қашықтықта бұра қоймайтын да, қайта оралып соққанша тағы бір «тақырыпты» тауып үлгеретінмін.

Иман-Жүсіптің мешіті ашылғанда Семейден Ғафиз, Нәкен, Бәтташ, Зәрел, Балташ ағаларымыз барды. Солардың көлігіне әдейі отырдым да, жайғаса бере: «Батташ аға! Қазір қай майданда соғысып жүрсіз?» - деп таусылмайтын және көңілді тақырып тауып бердім. Оған аяулы ағаларымыз да белсене араласып, соның арқасында бәріне бір еркелеп қалдым. Сонда Бәтташ аға: «Ей, Тұрсын-ай! Басқа майданды қойшы. Мына шалдардың бітпейтін Мұсақұл соғысын айтсаңшы. Не ұтып тынбайды, не ұтылып тынбайды. Әншейінгі шалдардың қарт Қожағы. Кілең компартияның Құнанбайлары (бірінші хатшылар) біз сияқты қатардағы хатшыларды қорқытып үйреніп алған. Не алдына түсе алмайсың, не қалып қоя алмайсың. Түбегейлі жеңіссіз майдан оңушы ма еді. Ағаңның күйі сол, шырағым!» - деп қолын бір сілтеп қойып әрқайсысына «шалдық мінездеме» беріп, кәсіптерін «әшкерелеп» бәрімізді әңгімеге бір қарық қылды. Бұрын қалжыңға бармайтын ағаларымың ортасында өстіп бір марқаланып қалғаным бар. Маған ең маңыздысы – ол кісілердің көңіл-күйін біліп, көңіл көбеңін көру еді. Әйтеуір өзара тату екен. Соған ерекше қуандым. Ал Бәтташ ағаның жаңағы сөзінде үш түрлі астар бар еді. Оны таратып жатпайын.

Жөніне көшсек, менің жоғарыдағы ағаларыма жортақтайтын жөнім жоқ еді. Ғафиз ағадан бастап олардың бәрі де менің өмірім мен шығармашылығыма шипалары тиген, шапағатты жандар болатын. Еркелетіп, еркін өсірген де солардың өздері. Мен Бәтташ ағаны алғаш рет 1967 жылдың 29 қазаны – комсомол мерекесі қарсаңында көрдім. Мектепте оқитынмын. Ол кісі Аудандық партия комитетінің атынан кезекті салтанатты жиналысқа келіп, сөз сөйледі. Қап-қара шашы артына қайырылған сырықтай ұзын қара жігіт екен. Екпіндеп, екі иығынан дем ала сөйледі. Қасында ауылдың жас тілшісі Тұрсын Құдакелдиннмен – менімен «арайы сөйлесуге келген» ақын ағамыз Мерғали Ибраев бар. Менің көзім,әрине, Мерғали ағада болды. Батташ аға сөзін аяқтай бере: «Әй, Мерғали! Әлгі тілші балаң қайда? Е, мына жігіт пе. Дұрыс шырағым, аудандық партия комитетінің жұмысын насихаттау сенің мойныңда. Ал енді екеуің әңгімелесе беріңдер» - деп мектеп директоры Серікқазы Мейірхановпен өзі бір жаққа беттеді. Мер-ағаңмен оңаша әңгімелестік. Сөйтсем, Мерғали ағамыз біздің ауылдың ең сұлу қызы, біздің ұстазымыз Р-екеңе ғашық екен. Соған сәл «жеңгетайлық» ету керек екен. Бәтташ ағамыз да одан хабардар болса керек, көптің көзінше мені жекелеп шақырып, заңдастырып берген сыңайы сол екен. Неғыласыз, біраз уақыттан соң Төлеген Жанғалиев жеңгелі болды. Есімде қалғаны да сондықтан шығар.

Ол кісі ауданның идеология жөніндегі хатшысы ретінде мені тілшілердің аудандық жиналысынан қалдырмайтын болды. «Қызылтудың» парторгі Тілеш Жарқынбаев ағамыз машинасына салып алып отар аралатады. Жазып тұрамын. Марапаттарын көрсетіп жатады. Бір жолы кезіккенімізде: «Әкем сен ақынбысың. Ақын болсаң аудандық партия комитетінен аулақ жүр. Сендерге сенсек, газетті жауып тынатын түрлерің бар. Бізді тағы да өлеңге қосып, мазақ қылып жүрерсің. Шәкерің бар, Төлеужаның бар, соның ішінде Мерғали сен де барсың, оңып тұрған жоқсыңдар» - деп «қалжыңдағаны» бар. Сөйтсем менің «пірім» Төлеужан Ысмайылов ағамыз ол кісіге әзіл өлең шығарыпты және сол тұста аудандық газетке Төлеужан бастатқан кілең ақындар жинала қалып, бір-екі номер шықпай қалса керек. Мен оны қайдан білейін. Қарауылға келгенде кеңсеге жоламайтын болдым.

Оқуға түстік. Демалысқа аудандық газетке тәжірибеден өту үшін келдік. Сонда да сәлем бере барғамын жоқ. Бір күні көріп қалып: «Ей, мен әлгі Құдакелдин қайда кетті?» - деп іздетіп жүрсем, Жұртбаев болып кетіпсің ғой. Сен менің сөзіме өкпелеп жүр екенсің ғой. Мен сені Шәкір мен Төлеужанның соңынан қуып кетпесін деп сақтандырғаным ғой. Оларға бәрібір, енді түзелмейді. Сен жассың, ерте солып кетуің мүмкін. Мына партия комитетіің үйі – сенің үйің. Келіп тұр»,- деді.Оға бірінші хатшы Ғафиз ағамның: «Бұдан кейін сені көшеде және автобуста көруші болмайын. Сенің түсеті жерің де, көлікпен қамтамасыз ететін де – аудандық партия комитеті» - дегені дем беріп ақ үйге қайта үйірсектей бастадым.

Жөн біледі дегенен шығады, 1972 жылы Абайдың туғанына 125 жыл толуына орай Рымғали (Нұрғалиев) мен Оралхан ағаларымды қара тұтып Қаруылға мерейтойға келдім. Ол өзі бір салтанаты осы күнге дейін ұмытылмайтын мереке болды. Ғафиз ағамыздың да дүлдүл шағы. Кеңес одағының барлық республикаларынан қонақтар келген. Соның ішінде Бауыржан Момышұлы да бар. Қайтарда ұшақтың ішінде Батташ ағаның аты жаңғырықты да кетті. Рымғали аға: «Одан бәрі де шығады. Оның шешендігін айтпаңыз. Шыбынды пушкамен автоматша атады» - деп түсініктеме беріп жатыр. Сөйтсем, Баукеңді күтуге Батташ аға бөлініпті. Тура табақ тартар кезде қойдың басы жоғалып кетіпті. Шегінетін жер жоқ. Бәтташ аға Баукеңе қос табақ тартқызып, екіншісіне төсетекті тұтасымен салдырып, батырдың алдына қояды. Еркелігі мен мінезі қатар жүретін Баукең сәл тосаңсып, қабағын шыта бастағанда: «Сіз сияқты кәрі күйеуге осы жамбас та жетеді, жезде. Жамбас – батырлығыңыз үшін, төсетек – күйеулігіңіз үшін. Мұны сіз түсінеді деп істеп отырмыз» - депті. Сонда Баукең мырс-мырс күліп: «Рас, рас кәрі күйеумін. Күйеу түскен үйге бас тартпайды. Қайран, жөн білгіш Абай атамның тұқымдары-ай!»- деп мәз болыпты. Жұрттың ауызындағы сөз осыдан туып отыр екен.

Үлкенді силай білген Бәтташ аға кішіге өзін силата да алатын, силай да білетін. Университетті тәмәмдаған соң мен: қайда барсам да ерікті болайын деп жолдаманы «Сохоз туы» газетіне алдым. Жағыпар Жүнісжанов ағамызға сәлем айтып, келісіп қойғамын: Іздемейміз. Алматыда қалғаның дұрыс – деген. Қыс күндері деканымыз Қожакеевтен, Алматы облыстық партия комитетінен: Жолдама алған жеріне барсын, не ол арадан рұқсат алсын – деген пәрмендер түсе бастады. Ауданға хабарлассам бұл әңгіме Батташ ағадан шығып жатыр екен. Телефон арқылы хабарласып, жөнімді айтып: Алдыңыздан өткенім осы...» - дей беріп ем: «Әй, Тұрсын, сенің Алматыда жүргенің ауданның, елдің абыройы. Оны біз мақтаныш көреміз. Бірақ жөн деген болады. Бұл сенің отаның. Отаныңды менсінбей кетпесін деп, есіңде жүрсін деп, елдің есебінде тұрғаныңды, елдің есебінен шықпайтыныңды айтайын деп әдейі іздеу салып отырмын. Енді ештеңеге алаңдама. Сені әуреге салмаймын. Обкомыңды да, деканыңды да өзім бітіремін» - деді. Ертеңінде-ақ Алматы обкомына, деканатқа: Т.Жұртбаев Абай ауданының мақтанышы. Қабыл көріп, қамқорлық жасауды Абай елі атынан өтінеміз – деген мазмұнда жеделхат келіп, жанымды шақырғаным бар.

Көп ұзамай Семейге ауысты. Ара-тұра сәлем беріп жүрдім. Бір жолы қадап отырып айтып, тізгінді қатты ұстап сілкілеп қазіргі Шәкерім көшесіннің бойындағы «кітап-үйге» қонаққа шақырды. Үміт жеңешеміздің бапты дәмін татып, коньяктан ұрттатып (ол әлі ауызданбаған кезім еді) отырып өзіннің жоспарын айтып, кітап жазғысы келетінін, соған көмектес дегендей емеуірін білдірді. Мен оның ұзына қарасын қағазға түсіріп беріңіз – деп өтіндім. Аз ойланып отырды да Ерлан мен Нұрланды шақырып алып: «Осы екеуіне бас-көз бол. Ерлан тарихшы» - деді. Бұдан кейігі ағалы-інілі қарым-қатынас тереңдей берді де, ақыры еркін әңгімелесу дәрежесіне дейін жетті. Қайым ағаны жөнелткенде ме, жоқ, жылын бергенде ме, еске алу дастарханына Семейдің Мағжан ағадан басқа ардагерлері келмей қалды. Қапыда Бәтташ аға қарсы алдымнан шыға келгені. Амандықпен қоса: «Бәтташ аға!» - дй беріп ем: «Ендігісін айтпа. Біз саясаттың жазылмайтын ауруымен ауырғанбыз. Онсыз ұйықтай алмаймыз, сүйек-саяғымыз қақсайды. Мағжан ағамыз барды ғой. Сол кісінің батасы қабыл болсын!»- деп алдымды орап әкетті. Шындығын мойындаған азаматқа осындайда сүйсінесің. Бәкең ойындағысын жасырғысы келсе де жасыра алмайтын ақ көңіл осалдығы бар еді. Оның ең үлкен адамгершілік қасиеті де сол аңғалдықтан тамыр тартатын.



Бір кезде маған тапсырып жүрген Ерлан қазір белді ғылым қайраткері. Сәлемі түзу әрі кішіпейіл. Көңілімді қалдырған емес, сөзімді жерге тастаған емес. Әкесінің «ағаласып, жағаласып» жүрген інісі болғандықтан ба, жоқ, құлын кезінен көріп қалғандықтан ба, қазір де Ерланды көрсем жұмсағым келіп тұрады. Бұрынғы дәнекеріміз мықты еді. Ендігі дәнекеріміз – Батташ ағаға деген ортақ сағыныш болатын шығар. Сенің де әулетіңе Алла тағала амандық берсін!
Тұрсын ЖҰРТБАЙ, жазушы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет