Акционерлiк қоғамдар туралы Қазақстан Республикасының 1998 ж. 10 шiлдедегі n 281-1 Заңы



бет1/7
Дата25.02.2016
өлшемі402.5 Kb.
#25936
  1   2   3   4   5   6   7
Акционерлiк қоғамдар туралы Қазақстан Республикасының

1998 ж. 10 шiлдедегі N 281-1 Заңы

(ҚР 16.07.99 ж. N 436-1; 15.12.99 ж. N 497-1;

15.12.01 ж. N 272-II; 21.05.02 ж. N 323-II

Заңдарымен енгізілген өзгерістермен)

Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы N 415-ІІ Заңына сәйкес осы заңның күші жойылды

1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 8 баптар)

2-тарау. Қоғамды құру (9 - 14 баптар)

3-тарау. Қоғамның капиталы, қоғамның таза (15 - 20 баптар)

табысын және өзге де төлемдерін бөлу

4-тарау. Қоғамның акциялары және басқа да (21 - 39 баптар)



бағалы қағаздары

5-тарау. Акциялардың сот шешімі бойынша (40 - 45 баптар)



қосымша эмиссиясы

6-тарау. Қоғамды басқару (46 - 75 баптар)

7-тарау. Iрі мәмілелерді жасасу (76 -80 баптар)

8-тарау. Қоғамның мәмілелер жасасуына мүдделілік (81 - 84 баптар)

9-тарау. Қоғамдағы есепке алу және есеп (85 - 91 баптар)

беру, ақпарат беру

10-тарау. Қоғамның қайта ұйымдастыру (92 - 101 баптар)



және тарату

11-тарау. Қорытынды ережелер (102-бап)

Осы Заң, акционерлiк қоғамның құқықтық жағдайын, оны құру, капиталдандыру, қайта құру және тарату тәртiбiн; акционерлер мен үшiншi тұлғалардың құқықтарын, мiндеттерiн, олардың құқықтары мен мүдделерiн қорғау жағдайларын; қоғамның органдары мен лауазымды адамдарының өкiлеттiгi мен жауапкершiлiгiн айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

ҚР 16.07.99 ж. N 436-1; 15.12.01 ж. N 272-II Заңдарына сәйкес 1-бап өзгертілді және толықтырылды

1-бап. Акционерлiк қоғамдар туралы заңдар

Акционерлiк қоғамдар туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңның нормалары мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

Акционерлiк қоғамдар туралы жалпы ережелер азаматтық авиацияны мемлекеттiк реттеу, банк және сақтандыру қызметi туралы заң актілерiнде өзге ережелер белгiленбеген жағдайларда қолданылады.

ҚР 16.07.99 ж. N 436-1 Заңына сәйкес 2-бап өзгертілді



2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:



осы тұлғаның аффилиирленген тұлғасы (аффилиирленген тұлға) - шешiмдi тiкелей және/немесе жанама айқындауға және (немесе) осы тұлғаның қабылдаған шешiмiне, оның iшiнде ауызекi шартты қоса алғанда, шарттың немесе өзге де мәмiленiң күшiне әсер етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға (өзiне берiлген өкiлеттiк шегiнде осы тұлғаның қызметiне бақылау жасауды жүзеге асыратын мемлекеттiк органдарды қоспағанда), сондай-ақ осы тұлғаның сол жөнiнде, осындай құқығы бар кез келген жеке және заңды тұлға. Акционерлiк қоғамның лауазымды адамдары, оның дауыс беретiн акцияларының он және одан да көп процентiн (ашық халықтық акционерлiк қоғамдар үшiн - бес және одан да көп процентiн) иеленетiн акционер мiндеттi түрде акционерлiк қоғамның аффилиирленген тұлғалары болып танылады;

шығарылған акциялар - акционерлер арасында орналастырылған және олар толық төлеген акциялар;

дисконттық облигация - атаулы құнынан төмен баға бойынша орналастырылатын және оны ұстаушының облигацияның атаулы құнын ол көздеген өтеу мерзiмiнде алу құқығын куәландыратын облигация;

бiлiктi көпшiлiк - шығарылған дауыс беретiн акциялардың жалпы санының үштен екiсi мөлшерiндегi көпшiлiк;

бiлiктi инвестор - бағалы қағаздар рыногында қызметiн жүзеге асыратын және айлық eceптiк көрсеткiштiң 50 000 еселенген мөлшерiнен кем емес мөлшерде өз капиталы бар заңды тұлға;

конверсияланатын бағалы қағаз - акционерлiк қоғам шығарған, конверсияланатын бағалы қағаздарды шығарған кезде белгiленген шарттар бойынша осы акционерлiк қоғамының басқа түрдегi бағалы қағазына айырбасталуға тиiстi бағалы қағаз;

акциялардың бақылау бумасы - акциялардың осындай бумасының меншiк иесiне акционерлiк қоғам қабылдайтын шешiмдердi айқындауына құқық беретiн белгiлi бiр акциялар бумасының акционерлiк қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталының мөлшерiне проценттiк арақатынасы;

кумулятивтi дауыс беру - акционерлiк қоғамның әpбip дауыс беретiн акциясына акционерлiк қоғамның алқалы орган мүшелерiнiң жалпы санына тең дауыстар саны сәйкес келуге тиiс реттегi дауыс беру тәсiлi:

купондық облигация - оны ұстаушының акционерлiк қоғам облигациялар шығару шарттарына сәйкес төлейтiн сыйақыны (мүдденi) алу құқығын куәландыратын облигация;

халықаралық облигация - шығару және орналастыру шapттары, осы Заңның 33-бабы 6-тармағының ережелерiн қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңдарымен реттелмейтiн, Қазақстан Республикасының резиденттерi эмиссиялайтын облигация;

тәуелсiз директор - ашық халықтық акционерлiк қоғамның директорлар кеңесiнiң өзi директорлар кеңесiне сайлануының алдындағы бес жылдың iшiнде осы акционерлiк қоғамның немесе оның аффилиирленген тұлғаларының лауазымды адамы, сондай-ақ осы акционерлiк қоғамның тәуелсiз аудиторы және (немесе) консультанты болып табылмайтын және болмаған, сондай-ақ акционерлiк қоғамның және (немесе) оның аффилиирленген тұлғаларының өзге аффилиирленген тұлғасы болмаған әрi аталған ұйымдардың лауазымды адамдарымен бағыныстылығы және туыстық қатысы жағынан байланысы жоқ мүшесi;

тәуелсiз тiркеушi - белгiлi бip акционерлiк қоғамның бағалы қағаздар ұстаушыларының тiзiлiмiн жүргiзу жөнiндегi кәсiби қызметтi жүзеге асыратын және сол акционерлiк қоғамның, оның лауазымды адамдарының және әрбiр жеке акционердiң аффилиирленген тұлғасы болып табылмайтын, дербес немесе аффилиирленген тұлғалармен бiрге сол акционерлiк қоғамның дауыс беретiн акцияларының бес және одан көп процентiн иеленетiн заңды тұлға;

бағалы қағаздың атаулы құны - бағалы қағаз құнының акционерлiк қоғамның жарғысында немесе бағалы қағазды шығару кезiнде белгiленген ақшалай көрiнiсi;

шығарылатын болып жарияланған акциялар - бағалы қағаздар рыногы туралы заңдарға сәйкес шығаруға рұқсат етiлген акциялар;

опцион - келiсiлген баға бойынша және шартта белгiленген мерзiм iшiнде бағалы қағаздардың белгiлi бip түрiнiң белгiлi бiр мөлшерiн бip тараптың сатып алуға (сатуға) құқығын және екiншi тараптың сатуға (сатып алуға) мiндеттемесiн куәландыратын екі жақты шарт;

баспасөз басылымы - таралымы кемiнде 30.000 дана болатын мерзiмдi баспасөз басылымы немесе бағалы қағаздар рыногының мәселелерi жөнiнде материалдар жариялайтын мамандандырылған басылым. Баспасөз басылымдарының тiзбесiн уәкiлеттi орган белгiлейдi;

облигацияларды өтеу - акционерлiк қоғамның бұрын шығарылған облигацияларды атаулы баға бойынша сатып алуы немесе оларды қолданылып жүрген заңдарға сәйкес сол акционерлiк қоғамның акцияларына конверсиялау; тiзiлiм ұстаушы - тәуелсiз тiркеушi немесе ол заң актiлерiне сәйкес өзiнiң бағалы қағаздарын ұстаушылардың тiзiлiмiн дербес жүргiзуге хақылы болса, акционерлiк қоғам;

уәкiлеттi орган - бағалы қағаздар рыногында қалыптасатын қатынастарды мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

3-бап. Акционерлiк қоғам ұғымы

1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатында акциялар шығаратын заңды тұлға акционерлiк қоғам (бұдан әрi - қоғам) болып танылады.

2. Қоғам өз акционерлерiнiң мүлкiнен оқшауланған мүлiктi иеленедi және олардың мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

Қоғам өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлiкпен жауапты болады.

3. Акционер қоғамның мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi және осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, өзiне тиесiлi акциялар құнының шегiнде қоғамның қызметiне байланысты зияндарға тәуекел етедi.

4. Егер қоғам өзiнiң жаңа акциялар немесе акцияларға конверсияланатын басқа да бағалы қағаздар шығаратын ниетi туралы хабарласа, қоғам осы жаңа акцияларды немесе акцияларға конверсияланатын бағалы қағаздарды олардың қолындағы акцияларға бара-бар артықшылықты сатып алу құқығына сәйкес акционерлерге бiрдей жағдайларда ұсынуға мiндеттi.

Уәкiлеттi орган акционерлерге артықшылықты сатып алу құқығын пайдалану жөнiнде ұсыныс беру тәртiбiн белгiлеуге хақылы.

5. Заңдарда көзделген жағдайларда қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында табысы тек қана қоғамды дамытуға пайдаланылатын коммерциялық емес ұйымдар құрылуы мүмкiн.

6. Акционерлiк қоғам директорлар кеңесiнiң шешiмi бойынша заң актiлерiнде көзделген тәртiппен өз филиалдары мен өкiлдiктерiн құруға хақылы.

4-бап. Қоғамның үлгiлерi және қоғамның үлгiлерiн өзгерту

1. Қазақстан Республикасында қоғамның екi үлгiсi - ашық және жабық үлгiлерi құрылады.

2. Қоғам өзiнiң үлгiсiн акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша осы Заңның талаптарын сақтай отырып өзгерте алады.

3. Егер жабық қоғам акционерлерiнiң саны жүзден асса, ол қоғамның үлгiсiн ашық етiп өзгерту туралы шешiм қабылдау үшiн келесi үш айдың iшiнде акционерлердiң жалпы жиналысын өткiзуге мiндеттi.

4. Егер қоғам акционерлерiнiң саны жүзден аспаса, акционерлерiнiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша ашық қоғам жабық қоғам болып қайта құрылуға хақылы.

5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгiленген нормалар коммерциялық емес ұйымдарға қолданылмайды.

6. Қоғамның фирмалық атауы болады, онда қоғамның атауы, сондай-ақ қоғамның үлгiсiне қарай, "ашық акционерлiк қоғам" немесе "жабық акционерлiк қоғам" деген сөздер немесе тиiсiнше "ААҚ" және "ЖАҚ" аббревиатурасы болуға тиiс. Қоғам осындай фирмалық атауымен мемлекеттiк тiркеуден өтуге тиiс.

5-бап. Жабық қоғам

1. Акциялары осы бапта белгiленген тәртiппен өзiнiң құрылтайшылары мен алдын ала айқындалған адамдар тобының арасында орналастырылатын қоғам жабық қоғам болып табылады. Жабық қоғам өзi шығаратын акцияларды осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда тек жабық әдiспен ғана орналастыруға хақылы.

2. Жабық қоғам акционерлерiнiң саны жүзден аспауға тиiс, бұған жабық қоғам коммерциялық емес ұйым болып табылатын жағдайлар қосылмайды.

3. Жабық қоғам акционерлерiнiң осы қоғамның басқа акционерлерi сататын акцияларды сатып алуға артықшылықты құқығы бар.

4. Жабық қоғамның өз акцияларын сатқысы келетiн акционерi оларды қоғамның басқа акционерлерiне, ал олар бас тартқан жағдайда қоғамның өзiне сатып алуға ұсынуға мiндеттi. Сатылатын акцияларды сатып алудың артықшылықты құқығы акциялар сатуға ұсынылған кезден бастап отыз күн бойы акционерлерде сақталады. Егер акционерлердiң ешқайсысы аталған мерзiмде осы құқықты пайдаланбаса, ол қоғамға өтедi және онда отыз күн бойы сақталады. Қоғам сатылатын акцияларды сатып алудың артықшылықты құқығын акционерлердiң жалпы жиналысының тиiстi шешiмiн қабылдау жолымен iске асырады. Қоғамның жарғысында сатуға ұсынылған акцияларды артықшылықпен сатып алу құқығын қоғамның акционерлерiнде немесе оның өзiнде қалдырудың өзге мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн, бiрақ ол кемiнде отыз күн болады.

Қоғам және оның акционерлерi акцияларды сатып алудан бас тартқан немесе белгiленген мерзiмдер iшiнде жауап алмаған жағдайда акционер акцияларды қоғамға және оның қатысушыларына ұсынған бағадан төмен емес құны бойынша үшiншi тұлғаларға сатуға хақылы. Сатуға ұсынылған акциялардың бағасын төмендету туралы шешiм қабылдаған ретте акционер осы бапта белгiленген тәртiппен оларды басқа акционерлерге және (немесе) қоғамға сатып алуға қайта ұсынуға мiндеттi.

Жабық қоғамның акцияларын өзге негiздер бойынша иелiктен айыру заңдарға сәйкес жүргiзiледi.

5. Жабық қоғам акцияларының эмиссиясы осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда мемлекеттiк тiркеуге жатпайды.

Жабық қоғамның жарғысында өзiнiң әрекетiмен немесе әрекетсiздiгiмен қоғамның мүдделерiн едәуiр бұзушы акционердi сот тәртiбiмен акционерлер қатарынан шығару мүмкiндiгi көзделуi мүмкiн. Аласталған акционердiң акцияларын қоғамның таза активтерi құнының ол шығарған акциялардың жалпы санына қатынасы есебiмен сот белгiлеген баға бойынша қоғам сатып алуға тиiс.

6-бап. Ашық қоғам

1. Акционерлерi өздерiне тиесiлi акцияларды басқа акционерлердiң келiсiмiнсiз иелiктен айыруға хақылы қоғам ашық қоғам болып табылады. Ашық қоғам акцияларды жабық, жеке және ашық әдiспен орналастыруға хақылы.

2. Ашық қоғам акционерлерiнiң саны шектелмейдi.

7-бап. Ашық халықтық қоғам

1. Бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногында акциялар бағаланатын, активтерiнiң мөлшерi кемiнде айлық есептi көрсеткiштiң 200 000 еселенген мөлшерiн құрайтын және акционерлерiнiң саны бес жүзден кем болмайтын ашық қоғам ашық халықтық қоғам (бұдан әрi халықтық қоғам) болып табылады. Халықтық қоғамның белгiлерiне сәйкес келетiн ашық қоғам күнтiзбелiк жыл аяқталғаннан кейiн отыз күннiң iшiнде бұл туралы уәкiлеттi органға хабарлауға мiндеттi.

2. Халықтық қоғам мәртебесiн алу тәртiбi бағалы қағаздар рыногы туралы заңдармен белгiленедi.

3. Қоғам мына жағдайлардың:

1) осы баптың 2-тармағына сәйкес халықтық қоғам мәртебесiн алған қоғам акционерлерiнiң саны алты айдың iшiнде бес жүзден кемiп кетуiнiң;

2) оның активтерiнiң мөлшерi айлық есептi көрсеткiштiң 200 000 еселенген мөлшерiнен кемiп кетуiнiң;

3) қоғам акцияларының бағалы қағаздардың ұйымдасқан рыногындағы бағалануы тоқтатылуы жағдайларының бiреуi пайда болған кезден бастап алты ай өткеннен кейiн уәкiлеттi органға хабарлай отырып, халықтық қоғам мәртебесiн жоғалтқаны туралы мәлiмдеуге мiндеттi.

4. Халықтық қоғамның акцияларымен жасалатын мәмiлелер есебiн Орталық депозитарий немесе тәуелсiз тiркеушi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырады.

8-бап. Қоғамның жарғылық капиталының ең төмен мөлшерi

1. Қоғамның жарияланған жарғылық капиталының ең төмен мөлшерi:

жабық қоғам үшiн - айлық есептi көрсеткiштiң 100 еселенген мөлшерi;

ашық қоғам үшiн - айлық есептi көрсеткiштiң 5000 еселенген мөлшерi болып табылады.

2. Жабық қоғамның жарияланған ең төмен жарғылық капиталы қоғам мемлекеттiк тiркеуден өтетiн кезге қарай төленуге тиiс.

Ашық қоғамның жарияланған ең төмен жарғылық капиталының жиырма бес процентi қоғам мемлекеттiк тiркеуден өтетiн кезге қарай ақшалай төленуге тиiс.

3. Ашық қоғамның шығарылған (төленген) жарғылық капиталының ең төмен мөлшерiн:

1) ашық қоғам мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап бiр жыл iшiнде - жарияланған жарғылық капиталдың ең төмен мөлшерiнiң жиырма бес процентi;

2) ашық қоғам мемлекеттiк тiркеуден өткен кезден бастап бiр жыл өткеннен кейiн - жарияланған жарғылық капиталдың ең төмен мөлшерi құрайды.

2-тарау. Қоғамды құру

ҚР 21.05.02 ж. N 323-II Заңына сәйкес 9-бап өзгертілді

9-бап. Қоғамның құрылтайшылары

1. Қоғамды құру туралы шешiм қабылдаған жеке және (немесе) заңды тұлғалар қоғамның құрылтайшылары болып табылады.

2. Қазақстан Республикасының Үкiметiн, жергiлiктi атқарушы органдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiн қоспағанда, мемлекеттік органдар мен мемлекеттiк мекемелер қоғамның құрылтайшысы немесе қатысушысы ретінде әрекет ете алмайды.

3. Шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, шетелдiк заңды және жеке тұлғалар заң актiлерiнде және (немесе) халықаралық шарттарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының аумағында акционерлiк қоғамдар құруға және қызметiне қатысуға хақылы.

4. Қоғамның құрылтайшысы жалғыз тұлға болуы мүмкiн.

5. Қоғамның құрылтайшылары оны құруға байланысты және ол мемлекеттiк тiркеуден өткенге дейiн туындаған мiндеттемелер бойынша бiрлесiп жауапты болады.

Қоғам осындай мiндеттемелер бойынша аталған тұлғалардың iс-қимылын кейiннен қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы мақұлдаған жағдайда жауапты болады.

10-бап. Қоғамды құру

1. Қоғам құрылтай жиналысының шешiмi бойынша құрылады. Қоғамды жалғыз тұлға құрған жағдайда оны құру туралы шешiмдi осы тұлға жеке-дара қабылдайды.

2. Құрылтай шарты мен жарғы қоғамның құрылтай құжаттары болып табылады. Жалғыз тұлға құрған қоғамның құрылтай құжаты оның жарғысы болып табылады.

3. Құрылтай жиналысында құрылтайшылар қоғамды құру туралы шешiм қабылдайды, оның жарғысын бекiтедi, қоғамның органдарын, сондай-ақ қоғамды мемлекеттiк тiркеуге арналған құжаттарға қол қоюға және ұсынуға, заңдарда белгiленген тәртiппен мүлiктi, оның iшiнде қоғамның акцияларын төлеуге құрылтайшылар енгiзетiн мүлiктiк құқықтарды ақшалай бағалауды жүргiзуге уәкiлеттi адамдарды сайлайды. Құрылтайшылар құрылтай жиналысының хаттамасын және құрылтай шартын жасасып, қол қоюға, сондай-ақ қоғамның жарияланған жарғылық капиталының мөлшерi туралы шешiм қабылдауға тиiс.

4. Қоғамның құрылтай жиналысында сайланған органдар қоғам мемлекеттiк тiркелгеннен кейiнгi акционерлердiң бiрiншi жалпы жиналысына дейiн жұмыс iстейдi.

5. Шетелдiк инвестордың қатысуымен қоғам құру заң актiлерiне сәйкес жүзеге асырылады.

6. Қоғам осы Заңда және басқа да заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен жұмыс iстеп тұрған заңды тұлғаны қайта құру (бiрiктiру, қосу, бөлу, бөлiп шығару, өзгерту) жолымен құрылуы мүмкiн.

11-бап. Қоғамның құрылтай шарты

1. Құрылтай шартында:

1) мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде қоғамды құру туралы шешiм, қоғамның үлгiсiн көрсету, оның толық және қысқартылған атауы;

2) заңды тұлғалар үшiн қоғам құрылтайшыларының мемлекеттiк тiркелгенiн куәландыратын құжаттарға сәйкес атаулары, орналасқан жерi көрсетiлген тiзбесi немесе жеке адамдар үшiн аты, тұратын жерi және жеке басын куәландыратын құжаттың деректерi;

3) қоғамды құру тәртiбi, оның құрылтайшыларының құқықтары мен мiндеттерi және қоғамды құруға байланысты шығындардың бөлiнуi, сондай-ақ қоғамды құру жөнiнде құрылтайшылар жүзеге асыратын қызметтiң өзге де шарттары; құрылтайшылардың, сондай-ақ қоғамды құру және тiркеу процесiнде оның мүдделерiн бiлдiру тапсырылатын басқа да тұлғалар өкiлеттiгiнiң анықтамасы;

4) қоғамның жарияланған жарғылық капиталының мөлшерi;

5) құрылтайшылардың акцияларды төлеу мөлшерi, мерзiмдерi және тәртiбi туралы мәлiметтер;

6) қоғамның құрылтайшылар арасында орналастырылатын акциялары санының анықтамасы;

7) шығарылатын акциялардың түрлерi мен санаттары және оларды бастапқы орналастырудың тәртiбi туралы мәлiметтер;

8) қоғамның жарғысын бекiту туралы жазба болуға тиiс.

Құрылтай шартына құрылтайшылардың шешiмi бойынша қоғамды құруға және оның болашақтағы қызметiне қатысты, осы Заңға және басқа да заң актiлерiне қайшы келмейтiн басқа ережелер мен мәлiметтер де енгiзiлуi мүмкiн.

2. Егер шарттың өзiнде өзгедей көзделмесе, құрылтай шартында баяндалған мәлiметтер коммерциялық құпия болып табылады. Құрылтай шарты мемлекеттiк органдарға, сондай-ақ үшiншi тұлғаларға тек қоғамның шешiмiмен не заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда ғана көрсетiлуге тиiс.

12-бап. Құрылтай шартын жасасу тәртiбi және оның нысаны

1. Қоғамның құрылтай шарты бұл шартқа әрбiр құрылтайшының немесе оның уәкiлеттi өкiлiнiң қол қоюы арқылы жасалады.

2. Қоғамның құрылтай шарты жазбаша нысанда жасалады. Шарттың және құрылтайшы - жеке тұлғалар қолдарының түпнұсқалығын нотариат куәландыруға тиiс.

Құрылтайшылар өкiлдерiнiң, құрылтайшылар жиналысына қатысу және құрылтай шартына қол қою жөнiндегi құқықты қоса алғанда, қоғамды құруға құқық беретiн тиiстi өкiлеттiгi болуға тиiс.

3. Ашық қоғам құру туралы құрылтай шартының күшi қоғамды мемлекеттiк тiркеген және оның барлық құрылтайшылары құрылтай шартында белгiленген мiндеттемелердi орындаған сәттен бастап тоқтатылады.

13-бап. Қоғамның жарғысы

1. Қоғамның жарғысын заңды тұлға ретiндегi қоғамның мәртебесiн айқындайтын құжат болып табылады және қоғамды мемлекеттiк тiркеу кезiнде құрылтай құжаты ретiнде қарастырылады. Жарғыға қоғам құрылтайшыларының уәкiлеттi өкiлдерi қол қоюға тиiс және оны нотариат куәландыруға тиiс.

2. Қоғамның жарғысында мынадай ережелер болуға тиiс:

1) қоғамның үлгiсi (ашық, жабық);

2) қоғамның мемлекеттiк және орыс тiлдерiндегi толық және қысқартылған атауы;

3) қоғамның орналасқан жерi;

4) қоғамның жарияланған капиталының мөлшерi туралы мәлiмет;

5) қоғам жариялаған акциялардың әр түрiнiң саны, санаттары, атаулы құны, оларды иеленушiлердiң құқықтары туралы мәлiметтер;

6) қоғамның органдарын қалыптастыру тәртiбi және олардың құзыретi;

7) қоғам органдарының шешiм қабылдау тәртiбi, оның iшiнде шешiм бiлiктi көпшiлiк дауыспен қабылданатын мәселелердiң тiзбесi;

8) акционерлердiң жалпы жиналысын әзiрлеу мен өткiзу тәртiбi, сондай-ақ жалпы жиналысты өткiзу туралы акционерлерге хабарлаудың осы хабарлар жарияланатын бұқаралық ақпарат құралдары көрсетiлген нысаны;

9) қоғамның резервтiк капиталын құру мен пайдалану тәртiбi;

10) қоғамның қызметiн тоқтатудың шарттары;

11) қоғам коммерциялық емес ұйым болған жағдайда: қоғамның коммерциялық емес ұйым екенiнiң көрсетiлуi, дауыс беру рәсiмi туралы ереже, дивидендтердi төлемеу, осы Заңда және коммерциялық емес ұйымдар туралы заң актiлерiнде белгiленген басқа да талаптар.

Жарғыда бiр акционерге тиесiлi акциялардың санын және (немесе) олардың атаулы жиынтық құнын, сондай-ақ заңдарда көзделген жағдайларда, бiр акционерге берiлетiн дауыстардың ең жоғары санын шектеу белгiленуi мүмкiн.

3. Барлық мүдделi тұлғалар қоғамның жарғысымен танысуға хақылы.

Акционердiң талап етуi бойынша қоғам оған енгiзiлген кейiнгi өзгерiстердi қоса, қоғамның жарғысымен танысуға мүмкiндiк беруге мiндеттi. Қоғам акционерге оның өтiнiшi бойынша ақыға жарғының көшiрмесiн беруге мiндеттi, ол ақы көшiрменi дайындау шығындарынан аспауға тиiс.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет