«алаш» баспасы



бет24/25
Дата09.06.2016
өлшемі2.02 Mb.
#125163
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25

АЛАШ АВТОНОМИЯСЫ

Өткен декабір басында Орынбор шаһарында жалпы қазақ-қырғыз съезі болғаны ћєм онда бүкіл қазақ-қырғыз жұртының негізгі тіршілік мәселелері қаралып, қаншама қаулылар шығарылғаны оқушыларға белгілі.

Русияға қараған он облыс қазақ-қырғызының сайлап жіберген өкілдері тоғыз күндей кењес құрып, сол съезде бата қылып тараған қаулыларының бәрі де бастан аяқ Алаштың ең зор, ең киын, оның бер жағында ең шұғыл, мұқжтаж істері туралы еді.

Бірінші Русияның ішінде болып жатқан үлкен ойран, зор бүліншіліктен Алаштың аман қалуы үшін, екінші Алаштың түпкілікті ел болып, басқалармен қатар қызықты тіршілікке жетуі үшін сонда қабыл етілген қаулыларды кешікпестен іске асыруы өте қажет еді. Сол себепті жалпы съез соларды орындап іске асырудың қамына кірісуі үшін он бес кісілік бір ұлт кеңесі сайлап Алаштың барлық негізгі істерінің тізгінің соған тапсырылған һәм ол Алаш автономиясының жоғарғы хүкіметі болғандықтан оған «Алаш ордасы» деп ат қойған еді.

Ол жалпы съездің Алаш ордасына артып қалдырған қызметтерінің бәрі де шетінен ірі, шетінен зор кесек қызметтер. Олардың бәрінің ойдағыдай орындалып іске асуы үшін жалғыз Алаш ордасының ғана қылатын қайраты 15 кісінің ғана еңбегі жетпейтұғыны анық. Олардың бәрініңде түп тетігі, жуан тамыры халықтың өз ішінде, өз ортасында. Соның үшін халықтың өз ішінен екпінді қимыл басталып, ел ортасынан жуан тамырға жан кірсе ғана ол істердің көгеріп гүлденбегі, ұлт үшін күтілген жемістер шықпағы мүмкін. Егер халық өз арасында бұл туралы қаракет қылмай сақиған тоқ күйінше жата берсе, ол уақытта бір Алаш ордасы түгіл он Алаш ордасы жиналса да ол істердің оннан бірі орындалмай қалып қоюында шек жоқ. Алаш ордасы - ұлт істерінің басында тұратын күзетші. Ол ұлт қызметтерінің ұлы ұрғасын белгілеп, халықтың аталы істеріне бағыт көрсететін жетекші ғана.

Алаш ордасына тапсырылған қызметтердің осындай ауырлығы һәм халық өзі қимыл қылмағанда ол қызметтердің орындалмай жолда қалуын жалпы съезде ескермей кеткен жоқ еді. Сол себепті ондағы жиналѓан өкілдердің бәрі де өз елдеріне барып бұл жұмыстардың жабдығына кірісе беруге, сүйтіп ұлт жұмыстарын арғы түп тамырынан козғап жандандыруға бата қылысып тараған еді.

Ол съезде бата қылынып, жіп тағылған Алаш автономиясын жарыққа шығару үшін ең үлкен шұғыл жұмыстардың бірі — ел ішінде халық әскерін жасау, екінші ұлт қазынасына халықтан пұл жинау.

Бұл ж±мыстарды орындап, іске асыруға әр облыста, әр уезде орда ұйымдары жасалып, ол ұйымдар жоғарғы Алаш ордасының шығарған бұйрығы бойынша іс атқарып тұруға ұйғарылған еді. Сонымен осындай зор қаулыларды шығарып жалпы съезд тарады. Кешікпей іске кірісу үшін Семей қаласына жиналуға Алаш ордасы да жабдықтана бастаған еді.

Енді онан бері екі айдан артық уақыт өтті. Сол уақыттың ішінде Русиядағы бүліншіліктің бұрынғыдан да жаман күшейіп, күннен-күнге өршуге бет алды. Съезд уақытында бұл бүліншілік ауруынан аман тұрған жерлердің көбі болшеуиктердің қолына түсіп, оның кесапаты бұрынғыдан да көрі көбірек жайылды. Міне сол бүліншіліктің кесірінен Алаш ордасында өзінің ойлаған уақытында Семей қаласына барып жете алмай, оның бастайын деп тұрған тығыз жұмыстары бірталай кешеуілдеп қалды.

Жақында Семейден келген бір тіліграм: "Алаш ордасы үшін керекті жабдықтар даяр болып, түгелденіп келеді. Бірақ оның ағзалары әзір тегіс жинала алмай жатыр. Сол себепті автономияның ресми ағлан қылуына кешігіп тұр" деген. Онан кейін Алаш ордасыныњ төбе ағасы Ғалихан Бөкейханов, оқу комиссиясының ағзалары Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Бақыткерей Құлманов, Тұрағұл Құнанбаев һәм Міржақып Дулатовтардың да Семейге бара жатқандықтары туралы хабар алынды. Соған қарағанда олар осы күні, құдай біледі, Семейде болса керек. Алаш ордасының шет жерлердегі ...............болған жоқ. Сүйтіп біздің жаңа бастайын деп тұрған ұлы істерімізге Русиядағы мына зор бүліншіліктің кесірі тиіп бөгет болып қалды. Басында жалпы съездің де мақсаты осы бүліншіліктен қазақ-қырғыз халқын күні бұрын қорғап қалу еді. Бірақ біз өзіміз қамданып күтінгенше болмай, анық алас ұрып саулаған толқыны біздің Алаш жерлерінің шеттеріне жетіп қалды. Сол себепті жалпы съезд болып Алаш ордасының сайланғанына екі айдан артық уақыт өткенде де анық істері әлі жөнге түсіп кете алмай жатыр.

Алаш ордасы туралы әзірге біздің білетініміз осы.

Ал енді Арқадағы қалың Алаштың бұл істер туралы өз бетінен не қам қылып жатқаны бізге қараңғы................телеграф, отарба секілді қатынас жолдары тәртіпсіз болып кеткендіктен ол жақтағы хабарлар бізге уақытында келіп жете алмайды. Бірақ Орынбор қаласын болшеуиктер алғаннан кейін Торғай облысына бір бұралқы комиссар болып, "Қазақ" газетін тоқтатып қойғанына қарағанда, онда да автономия істері ілгері баспай тұрған сықылды көрінеді.

Акмола облысына да кәдімгі атышулы Көлбай Төгісов комиссар болып алыпты. Енді ол автономия жұмыстарына қарсы келіп, өзі білген қошқар мүйіздерін салып жатқан шығар.

Ішкі орда — Бөкейлік арасында да қазақ "комиссарлар" шығып, орыс "товарищтардың" соңынан қалмай қимыл жасап жатқан хабарлары бар.

Орал облысы болса да онда да автономия туралы пәлендей істер істеліп жатыр деген дерек жоқ.

Ал енді қалды жалғыз Семей қазақтары. Осы күнге шейін Семей облысында болшеуиктер күшейді деген жаманат жоқ. Бірақ қазақтардың не қылып жатқаны әзірге белгісіз.

Біздің Түркістанмен сыбайлас Жетісу облысынан да көңіл көтерерлік хабарлар естілмейді.

Енді өзіміздің осы Түркістан аймағындағы қазақ-қырғыздар болса бұлар өзі биыл өзге жерлерден де жаман ашаршылық, ауырмалықтарға ұрынып, жүдеп отырған жайлары бар. Оның үстіне мұндай ұлт істерін жарамды зиялы азаматтары да басқа жерлерден өте аз. Сол себепті бұл жақта пәлендей дерлік өз алдына іс басталып кете алмайтындығы белгілі. Оның бер жағында бұлар өзі екі енеге тел қозыдай бір жағынан Алаштың тілеуін тілеп, екінші жақтан мынау Түркстан автономиясында бір бөксесін артып отырған халық еді. Араларындағы барлық сорпаға шығар бірен-саран азаматтары болса сол Түрксітан автономиясының қызметінде жүретін еді.

Өткен ғинуар айында...............тіккен ордасын жығып, сайлаған үкіметін қуып жіберіп, екі көздерін аппақ қылып отыр.

Түркістан қазақ-қырғыздары бұл Түркістан автономиясының жоғалуына ондағы өзге халықтардан кем қайғырмайды. Қайта бұл мұндағы сарттардан да көрі осылардың бүйрегіне қатты болып отыр. Бұлардың арғы түп тілеулері қалың Алашпен бірге болып, ақырда сол Алаштың тіккен ордасына қосылуға бата қылған болса да әзірге оны сүйеп қалқайтып отырған осылар еді.

Бірақ осы күні құдайдан соңғы мықты қара күш болып тұрған соң амалсыздан содан жығылып отыр. Енді оның бер жағында бұлардың ататілектері, түпкілікті армандары — Алаш ордасының көгеруінде. Осы күні бір жақтан мынау бүліншілік салдарынан, екінші жақтан өз арасындағы ашаршылық, ауыр малдықтардың салдарынан жүдеп отырған болмаса Алаш ордасының бастаған істерін қуаттауға бұлар даяр.

Алаш автономиясының әзіргі көрініп тұрған жәйі осы. Оның салған жерден жүріп кете алмай жатқан себептері де жоғарғы айтылғандар. Бірақ Алаш автономиясы — неше миллион Алаш ұранды қазақ-қырғыз халқының ұлұғ арманы. Алаш аман болса мұның көгеріп жарыққа шығуына күмән жоқ.

Осы күні бостандық, теңдікке ұмтылған барлық жұрттарға қарсы шауып жатқан мынау қара күштің ғұмыры көктемдегі қысқа түндей шоп-шолақ. Алаштың бұл ұлұғ тілеуі болса көктегі күн сөнбесе, сөнбестей ұзақ. Оны уақытша қара бұлт қаптап тұрғанменен бір уақытта жалт етіп шығуына да шек жоқ. Найза, қылыш майысады. Алаштың бұл тілегі күннен-күнге өткірленіп күшейеді һәм түбінде жеңеді.

Осы күні Русияда қылышын жалаңдатып құтырып тұрған "жұмыскерлер қожайындығы" мемлекет денесін уақытша билеп тұрған аурудеп мұнанда бұрын талай жазған едік. Соны әлі де болса айтамыз. Оның бұ күн болмаса ертең құруына да дау жоқ. Кім біледі: Петербор, Мәскеудің күн жылып, қары ерігенде олар да сол қармен бірге еріп, дарияға түсіп жоқ болар. Оның ар жағында қызғылықты жаз бар. Ол жаздан бүкіл халықтардың үміт қылып күтіп отырған тілектері бар... Соның үшін аз күнгі өз бастарының пайдасын қуып "комиссар"" болып өз ұлты, Отанының қасиетті тілектеріне ереуіл болып жүрген бұзақылар осы бойынша дәурен сүріп кете берер екен деп жұрт оларға алданбасын. Ондай бұзақылардың бұ күнгі түйіп тұрған қабақтарынан қаймығып, жұрт кешегі бата қылған ұлұғ ниеттерін ұмытпас. Егер біз кеше қылған батаны бүгін ұмытып, бұ күн ұмтылған бағытымызды, бірінші әлдекімдей бұзақылардан жасқанып, ертең тастап кететін болсақ онда біздің елдігіміз қайда?

Бостандық, теңдікке аңсаған қай бір Алаш ұлы, құдай біледі бұндай масқаралыққа баспас. Соның үшін жұрт қолынан келетін жерде Алаш автономиясының жабдықтарын орындап, іске асыруға ұмтыла беру керек. Бұл туралы барлық істердің қара басы - ұлт қазынасына ақша жиып, ел арасында орда комитеттерін ашу. Болшеуик бүліншіліктерінен оқшау отырған жерлерде бұл істерге қарсы тұратын себептер болмаса керек.

Ұлт ісі - ұлтпен көгереді. Ұлт ісі - жүре көркейеді. Соның үшін бұл іске қалың ұлттың өзі еңбек қылуға тиіс һәм оны бір күнде орындалып бітеді демей, аз болса да тоқтатпастан жүргізе беру керек.

ТҰЛА БОЙЛАРЫ ҚАН САСИДЫ

31 ғинуардан 10 февральға шейінгі күндер Түркістан халқының есінен өмірінде шықпас. Ол күндерде адам-хайуан өзінің бет аузын Түркістан халқына ашық көрсетті.

Ол күндер - Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндер.

Адам пішінді жыртқыштардың ол күндерде Қоқандық көшелерінде істеген сұмдықтарын естігенде денең түршігіп, қаның мұздайды. Жүгені сыпырылып, мейірімі кеткен, аузы көпіріп, көзі қызарған адам-хайуан Қоқандық көшелерінде құтырған қасқырдай кәріні, жасты, еркекті, әйелді талғамай қырған күндер - ол күндер.

Топ пулемет отымен жалғыз хүкімет әскерлерін ғана емес, бәлки неше мыңдаған обалсыз, бейбіт халықты қамыстай жапырып бүкіл Қоқандық шаһарының күлін көкке ұшырған күндер - ол күндер.

Тозаңдай күнәсі жоқ есепсіз мұсылман халқының қаны судай шашылып, жаңа ғана қайтып, өсіп келе жатқан бостандық гүлінің адам пішінді жыртқыштар табанында тапталған күндер - ол күндер.

Япырмай, осы сықылды үлкен масқара зор сұмдық күндерінде Түркістан халқы бір уақыт ұмытар ма екен!

- Жоқ! Мың қабат жоқ!

Неше бүгін сүйегіне құлдық сіңіп, тамырына ірің толса да бұл күндерді ұмыта қоймас!...

Тым болмаса. неше мыңдаған сәбилердің күнәсіз ыстық қандары мен кірсіз, таза аруақтары ұмыттырмас!

Тым болмаса, өмірінде бет ауыздарын күннен басқа жан көрмеген мұсылман әйелдердің сүттен аппақ намыстары бұл күндерді ұмыттырмас!

Осындай сұмдықтарды көргенде де халықтың қаны нағып бір тұтанбай кетеді? Бұл сықылды масқаралыққа шыдап та мұсылман рухы қалайша қысылып жата береді?

Адамзаттың ең қасиетті құкықтарын таптап, күнәсіз қанын судай шашқан бұл сұмдықты не деп айтуға сөз таба алмаймын. Мен түгіл бұл масқаралықты жазбақшы болған тарихшы да оған ұнамды ат қоя алмас.

Бұршақтай жауған пулемет оқтары астында тұла бойлары қалш-қалш етіп, екі көздері білеудей болып, құлындағы даусы құраққа шығып шыңғырған жас сәбилердің көргендерін тіл күрмелмей кім сөйлей алар?!

Құшағына баласын қысып, екі көзі ұясынан шығып қайда тығыларын біле алмай, дуалдан дуалға секіріп жүрген мұсылман әйелдердің сүйреттерін қолы қалтырамай кім сала алар?!

Көкірегіне шынжыр күйдірілгендей аяқ-қолдары тәлтіректеген аппақ бастары селкілдеген сорлы кемпір-шалдардың тірідей орға тасталғанын жүрегі сескенбей кім жаза алар?!

Жоқ, бұларды ешкім жаза алмас. Бұларды жазуға сол адам пішінді жыртқыштар сықылды жыртқыш болу керек.

Сорлы Түркістан! Сен кеше бостандық болды, теңдік күні туды деп қашанғы жоғалтқан еркіндігіңе талпындың ғой. Сен Русияның үлкен өзгерісінің буына желігіп, баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырларыңды есіне алдың ғой.

Жоқ, босқа алданғансың! Шеттен келген буменен өлген теңдік тірілмейді. Сен ол теңдікті шын өксіп, анық сағынған болсаң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын!

Сырттан — Русиядан, Еуропадан келген өзгеріс буы саған әл болмайды. Сен әлі тоңсын, күнің ыстық болса да саған әлі бостандық қызуы кірген жоқ. Енді мына көз алдыңда судай аққан кінәсіз қандар сенің бойына жылу жүгіртсе сонда сен жылынасың. Сонда ғана сен Темірлерің мен Бабырларыңды көресің.

- Аһ! Айнала қан сасиды!

Енді мен бұл қанды көріп бұрынғыдай тоң болып қала алмаймын. Бұл қан мені ұйықтатпайды. Бұл қан көз алдымда тұрғанда қалың мақталы дүрия көрпені жылы жамылып жата алмаймын. Тұншықтырады... түсіме енеді.

Адам пішінді жыртқыштардың тұла бойлары қан сасиды! Олардың қолдарына жұќқан мұсылман қаны әлі кеткен де жоқ.

Біздің ұлтын сатып, дінінен безген бұралқылар солардың қолдарын қысып, ауыздарын сүйіп жүр-ау!

Ұятсыздар!... Имансыздар!... Кіммен жолдас болып жүрсіңдер?! Достарыңның қолдарындағы жосадай қызыл бояу не екенін білесіңдер ме?

Ол - сендердің бауырларыңның қаны... Әлде сендер Қабылдың сарытын ішіп, өз бауырын өзі бауыздаған, өз ұлтынан өзі безген шоқындысыңдар ма?!

Дені дұрыс бауырларым! Оларға жолама! Олардың тұла бойлары қан сасиды.

ЕЛДІҢ ЖАЙЫ


Біздің Түркістан аймағындағы қазақ-қырғыз елінің жайы өте нашар екені көптен-ақ белгілі. Өткен күздің басынан бері қарай-ақ Түркістан қазақ-қырғызы өмірінде көрмеген ауыртпалықтарды көріп келді. Түркістан қазақ-қырғызының арасына ашаршылық бәлесі кіріп, қырылып жатқаны үстіне, Русиядағы болшеуик кесапаты тағы қосабеткей болып, жығылғанның үстіне жұдырық болды.

Күздің ана басынан бері қарай ашаршылықтан шұбырып қала-қалаға жиналған сорлы алаш балаларының есебі жоқ. Олардың нағыз ажалсыз болып бір-бір себептен аман қалғандары болмаса, көбі-ақ шыбын есебінде қырылып жатыр. Осы күні Түркістан аймағының қай шаһарында болса да көше-көшені толтырып, қайыр сұрап жүрген сорлы алаш балаларынан адам аяқ алып жүре алар емес. Өң жоқ, түс жоқ, аруақтай қуарып, аяғын әрең басып жүрген алаш балаларын көргенде адамның тұла бойы мұздап, құйқа тамыры шымырлайды. Кез-келген жерде аштан бұралып жатып қалған ... жатыр.

Мұндайлар он емес, жүз емес, һәр шаһарда неше мыңдап бар. Бұларды көргеніңде басыңа бүкіл алаш аштықтан босып, қайыр сұрап кеткен бе деген ой келеді. Расында да Түркстанда алаштың барлық бұқарасы осы күйге түсті. Бұларға жаны ашып, жәрдем қолын созатын ағайын аз, шаһарларда орыс, сарт халықтары ішінен жәрдем қылған болып жатыр. Бірақ олардың бұл жәрдемдері әлгі есепсіз көпке һешнәрсе болмайды.

Шаһарларға шұбырып келген бұл сорлылардың арасында аштықтан жаман рақымсыз ауру өршіген. Оған қарсы шара қылудың қамына кіріскен де ел жоқ. Шаһар халқы болса, әсіресе ауруынан шошынып зар-зар етеді. Сол себепті Ташкентке келген аш қазақтарды болшеуиктер айдап қуып жатыр. Болшеуиктер оларды шаһардан аулақ бір жерге орнатып, тамақ беріп тұрмақ болған екен. Соңынан олардың берген тамағына місе қылмай сорлылар қашып отырып қалаға қайтады.

Алаштың нашары, бұқарасы осындай күйге түсіп жатқанда елдегі қарны тоқ, дені бүтіндердің істеп жатқандары адамгершілікке сыяр емес. Олардың ел ішінде не істеп жатқанын һәм қазіргі қожайын болшеуиктердің халыққа не барқадар көрсетіп тұрғаны төмендегі тілші хатынан ашық көрініп тұр.

Ақмешіт уезінде болшеуиктердің істеп жатқан істері туралы тілші жазады:

Біраздан бері елге солдат шығып, жұрттың малын хаттап, оннан бір салық алып жатыр. Олар малдың нарқымен алса да жарар еді ғой. Ол жоқ, солдаттардың кесімі малдың нарқынан жоғары. Мысалы, біреудің көрсеткен I түйе, 1 атын 10 мың сомға шағып, болшеуиктер 1 мың сом салық салды. Осы күні мал арзандап кетті: түйенің ең жарамдысы 5 сомнан аспайды.

Мұндай кұбылысты көрген соң жұрттың көбі солдаттармен шығысып, ел аралатпай әр ауылнайға 3-5 мың сом беріп жатыр. Бір ауылнай 3 мың, тағы бір ауылнай 10 мың сом төлеп әрең құтылды.

"Мұндайда қасқыр қарап қалсын неге" дегендей, арам-адалды талғамай ылай суда балық ұстап жатқандар да аз емес.

Ел арасында кәдімгі мықты жоқ. Ашаршылық көргенін құдай адам баласына бермесін. Ел ішінде аштан өліп жатқандардың саны күннен күнге өсіп барады.

Бір жағынан болшеуик, бір жағынан ашаршылық, үшінші жақтан "қасқырлар" қосылып, жұрттың берекесін түгел кетірді. Осы күні елдің ахуалына бір көз салған адамға ғарасат майданы елестейді. Әркім "Уа, ынсап!" деп өз қара басынын қайғысынан басқаны ойламайды.

Болшеуиктер бұрынғы халық ұйымдарының бәрін құртқан, жоқ қылған. Көбінің құр аты болмаса, һешбір қызметі жоқ, барлық тізгін, барлық ықтияр «совет» қолында, Ақмешіт "советінің" председателі бұл күнде құдайдан соңғы халықтың қожайыны. Халық оның кұлы есебінде оған һешкім қарсы сөйлеуге болмайды. Қарсы сөйлеу түгіл жөн айтқан жазықты қылып, каһарына алады. Жалғыз соның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Оған жөн айтып, жұрт пайдасын айтамын деген адамдардың бәрі де сұраусыз, тіркеусіз абақтыға жабылады. Осы күні Ақмешіт түрмесі сондайларменен лық толы.

Түрмеде бос орын қалмаған соң енді жұрттың көбін үйге қамап "домашний арест'" қылып жатыр.

Болшеуиктердің бұл ісі ел ішіндегі бұзықтарға өте жағып тұр. Осы күні Құдай солардың тілеуін берді. Ақмешіт уезінде сондай бұзақылардың бірсыпырасы болшеуик жаққа шығып алып, көңілдеріне жақпаған адамдарды тасырлатып қиратып жатыр, болшеуиктерде дәлелге, жөнге тоқтау деген жоқ. Өз пікірлеріне тура келгендерді қызыл гвардия шығарып, атып жіберемін деп тұрғаны. Соның үшін қит етсең, бәлеге қаласың. Шын адам, шын періште — болшеуик, одан былайғы жаннын бәрі хайуан.

Бәлки онан да жаман. Болшеуик болмағаннын малы түгіл, жаны да бір пұлға татымайды.

Сөздің қысқасы, жұрттың басына қара тұман түсіп, қара күн туды. Ал енді әлгі айтқандай бірсыпыра адамдар көрмеген дәрежені көріп, көңіліне келгенін істеп жүр. Неғылса да «қилы-қилы заман болды, қарағай басын шортан шалды» деген заманға ұшырадық қой. Құдай ақырының қайырын берсін...

Болшеуиктер уез қол астындағы елдердің билерін қайта сайлатты. Бұл жаңа билер бір ауылнайға біреуден. Халықтың бұған партия болып таласқаны өте қатты болды. Кейбіреулер билік үшін 5-10 мың сомнан ақша шығарды. Бір мың, жарым мың шығарып би болғандардың ең...

Байлар билікке таласып, соншама ақша шашып жатқанда, құдайдың құтты күні қырылып, аштан өліп жатқанда сорлылардың аузына су тамызатын да жан жоқ... Байлардың пейілі сондай жаман. Олар бір тиынын ұрыға, иәки болшеуикке қиятын, өліп жатқан бауырларына қиятын емес! Осыны көріп тұрып «Жұрттың өзіне де обал жоқ қой» деген ой басқа келеді...

Мінеки, елдің жайы осы. Ол елге һәкім болып, бұқараның қамын жегіш болшеуиктердің істері де әлгіндей.

ӨЗГЕРІСТІҢ БІР ЖЫЛ ТӘУЛІГІ


Өткен феуралдың, ескі есеп бойынша, 27-де Русия өзгерісінің бір жыл тәулігі болып өтті.

Бұдан нағыз бір жыл бұрын Русияда неше жүз жылдан бері келе жатқан тәртіп естен шығып, Романов тұқымы тақтан түсіп, мемлекет билеу тізгіні халық қолына көшті. Соның үшін бүкіл халық тарапынан сайланып келетін ушредителни собраниа (құрылтай) құрылмақ болды һәм оған шейін мемлекет істерін жүргізіп тұруға былтырғы ескі дума ағзамдарынан һәм басқа халық азаматтарынан уақытша үкімет жасалды. Бұл уақытша үкіметтің ең бірінші міндеті мемлекетті аман-есен ушредителни собраниаға жеткізіп тапсыру еді. Бірақ ол өзінің бұл міндетін атқара алмады. Мұның себептерін тексеріп ол уақытша хүкіметті ақтап, қаралап шығару тарих ісі. Бұған Русияның сол күндердегі әр түрлі ахуалы себеп болды ма, жоқ уақытша хүкіметтің өзінің тұтынған бағыты бастан-ақ теріс болды ма, мұны айырып, бұл жұмбақты шешетін — тарих. Әйтеуір неғылғанменен уақытша хүкімет өзінің мойнына алған міндетін атқара алмай, мемлекет тізгінін қолынан шығарып алды.

Ескі тәртіп орнынан құлап, өзгеріс басталысымен-ақ Русияда бұрын жарыққа шығып көрінеу қызмет ете алмай бұғып жүретін толып жатқан саяси партиялар бас көтерді. Сөзге, жазуға бостандық болғаннан кейін Русияның түкпір-түкпірінде сан-сапалақ газеттер, журналдар шығып, әрқайсысы өз пікірінше халыққа басшылық етпек болды.

Бұрынғы патша тәртібі уақытында саяси бағыттары үшін Сібір айдалып, яки сыртқы мемлекеттерге қашып жүрген көп халық азаматтары бостандық алып мемлекет билеу істеріне бұлар да араласты.

Сол уақытта уақытша үкіметпен қатар дүние жүзіне, одан көрі саяси бағыттары солырақ болған адамдардың жасаған солдат һәм жұмыскерлер советі деген келіп туды. Бұл советтің бастапқы кезде тұтынған бағыты өздерін сайлаған солдат һәм жұмыскерлер пайдасын артығырақ көздеп, уақытша хүкіметтің істеген істерін сырттан бақылап тұру еді. Бірақ ол бара-бара бұған ғана қанағат етпей, тіпті уақытша хүкіметтің де үстінен қарап, соған бұйрық беріп тұратын мемлекеттің ең жоғарғы мекемесі болуға ұмтылды. Әрине, уақытша хүкіметтің бұған көнгісі келмеді. Сондықтан "совет" пен уақытша хүкімет арасында арбасу, арпалысу басталды.

Уақытша хүкіметтің тұтынған бағыты Русияға осы күнгі өзінің шамасына лайық бірсыпыра саяси кеңшіліктер, еркіндіктер беріп өзгерісті тым артық, тым тереңге жібермеу һәм басқа одақтас мемлекеттермен жасалған бұрынғы шартнамаларды бұзбай, соғысты солармен бірге жауды жеңгенше соза беру еді. Соның үшін мемлекет ішінде байлар мен жарлылар арасындағы қиқылжыңдарды баса тұрып бар күшті сыртқы жауға қарсы жұмсауға еңбек қылды. Оның бұл бағытты тұтынудағы түпкі мақсаты Русияның бірлік, бүтіндігін сақтап, басқа мемлекеттер көзінде оның абыройын арттыру еді. Оның басында тұрғандар болса қашаннан Русияда халық қызметін қуып ысылған князь Львов, Милюков, Шинкарев һәм Гушков сықылды белгілі адамдар еді.

Ал енді оның бұл бағытына қарсы болып онымен арпалысуға кіріскен солдат һәм жұмыскерлер советінің қуған жолы бұдан басқа болды. Оның уақытша хүкіметке әсіресе қарсы келген жері соғыс мәселесі тақырыпты. Ол мұнан былай соғысты соза беруді бұқараға зиян деп біліп, неғылса да оны жылдамырақ тоқтату жағына бет алды. Соның үшін ол соғысып жатқан мемлекеттердің бірінен біріне жер, су алып бермей, шығын төлетпей, бұрынғы күйінше қоя қою керек деп дүние халқына жар салды. Һәм әрбір күшті мемлекеттің қол астында еріксіз отырған жұрттарға толық еркіндік беріліп, олардың өз пікірі сұралсын деген жобаны да ортаға қойды. Бірақ оның бұл сөзіне құлақ асып, "жарайды, солай қылайық" деген һәм бір мемлекет бұқарасы болмады.

Уақытша мемлекет пен "совет" арасындағы бұл арпалыста қай жағының жеңері көп ұзамай-ақ білінді. Уақытша үкіметтің көздеген түпкі мақсаттары надан халықтың сасық миына үйлеспей, жұмыскерлер мен солдаттардың көбі соғысты тоқтатуды қуаттаған "совет" жағына шықты. Русия халқының Отан һәм мемлекеттің негізгі ұлұғ армандары үшін өз ықтиярымен соғысты алып барарлық мәдени дәрежеге өспегені сонда көрінді. Ол тек басқаныњ қамшысы астында жүрмесе, өзі біліп отаны үшін жанын пида қыла алмайтындығын сонда анық білдірді. Уақытша хүкімет халықтың бұл сырын білмей, оны жақсы сөз, таза ақылмен айтқанына жүргізбек болса да мұның қателігі көп ұзамай-ақ жарыққа шықты. Апрель айының екінші жартысында "советтің" дүмпуімен Уақытша хүкіметтен Милюков пен Гушков кетті. Сүйтіп осыдан былай қарай өзгерістің екінші түрі басталды.

Өзгерістің бұл екінші түрі кіргеннен кейін-ақ мемлекет істері, әсіресе, социалист партиялардың қолына көшті. Олар Русиядағы "Өзгерісшіл демократия" атынан майданға шығып, көп мәселелерде өз айтқандарын жарыққа шығаруға беталды. Бірақ бұл социалист партиялардың өздері ішін-ара бір ауыз емес еді. Олардың біркелкісі саясат жүзінде тым солға қарай тартып, байлар мен жарлылар арасын ажыратуға ењбек қылды. Мемлекет тізгінің біржолата буржуазияның қолынан алып барлық билікті жарлыларға беруге һәм күні бүгін одақтастардан бөлініп болса да соғысты бітіруге ұмтылды. Ал социалистердің екінші біркелкісі өздерінің Русияға лайық деп білген түпкі мақсаттарын ушредителни собраниаға қаратып, оған шейін мемлекет ішінде бай мен жарлыны өшіктіріп, бүліншілік шығармасқа тырысты.

Бірақ өзгерістің бұл екінші түрі де тым ұзақ тұра алмады. Ең сол бағытты социалистердің желіктіруімен жарлылар байларға қарсы күннен-күнге өшігіп кетіп мемлекетте болшеуиктер көріне бастады. Бірінші байлардың мүлкін жарлыларға үлестіреміз дегенге, екінші соғысты жылдам тоқтатамыз дегенге қара халықтың көбі осылар жаққа шығып күш осыларға ауды. Сол екі ортада Керенский майданға барып халықтың пікірін сыртқы жауѓа айналдыру үшін немістерге қарсы соғысты жаңалатты. Бірақ мұнанда еш пайда өнген жоқ. Қайта мемлекет ішінде бұзықшылық күн сайын өршуге бет алып, сол социалистер бұрынғыдан жаман өрлей бастады.

Сонымен иүн айының бас кезінде Петербордың жұмыскер, солдаттары уақытша хүкіметке қарсы тағы көтеріліп "советтің" күші тағы өсті. Енді осыдан былай қарай өзгерістің үшінші түрі басталды.

Өзгерістің бұл үшінші түрінде мемлекет күші бұрынғыдан да бетер халге айналды, әр жерлерде талан-тараж, қырылыс, қан төгулер көрінеді. Майдандағы әскерлер быж-тыж болып тозуға бет алды. Мемлекет машинасы әр жерінен ќирап, бұзыла бастап, оның үстіне халықтың көз алдына жұттың сәулесі елестеді.

Бірақ әлі де болса уақытша хүкімет дүние жүзінде бар еді. Оның ішіндегі Керенский һәм Церетели секілді адамдар мемлекеттің мынадай жаман күйге еңкейіп бара жатқанын көрген соң оны құтқару үшін әр түрлі шаралар іздеді. Ғаскер арасында өлім жазасын қайта жаңартты. Мәскеуде ............... жасады. Корнилов уақиғасы шықты. Предпарламент құрылды. Бұлардың бәрі де мемлекетті қайтадан бір жөнге салу үшін қылған далбасалар еді. Бірақ бұл далбасалардың бәрі де іске аспай далада қалды. Русияға социализм кіргізуге ұмтылған партиялар күннен-күнге күшейе берді. Сөйтіп ақырында октәбір айының аяқ кезінде құр сүлдесі тұрған уақытша хүкімет біржолата орнынан қалып, Керенский қашып кетіп, мемлекет тізгіні болшеуиктерге өтті.

Енді бұл күнде Русияға қожайын болып тұрғандар — болшеуиктер (қазіргі жаңа атымен атасақ - коммунистер). Бұлар октәбір аяғында өздерінен хүкімет жасап, оған халық комиссарларының советі деп ат қойды. Бұрынғы "советті" бастан-аяқ жаңадан өзгертіп, ағзаларының бәрін тағы өздерінен сайлады.

Бірақ бұлар мемлекет тізгінің өз қолдарына жеңілдікпен алған жоқ. Октәбірден кейін мемлекет ішінде талан-тараж бұрынғыдан да жаман күшейді. Жалпы халық пен байлар арасындағы өшпенділік шектен асты. Русияның көп шахарлары олардың хүкіметі танымаған соң бәрін болшеуиктер ішінде бір уақыттың өзінде әлденеше жерлерде соғыстар болып жатты.

Болшеуик бүліншілігі басталысымен-ақ Русиядағы тегі бөтен жұрттардың бәрі іргелерін бөлек салып, өз бастарының қамын қарастыруға кірісті. Соның үшін олардың бәрі өз алдына автономиялар алған етіп, өз тізгіндерін өздері ұстамақ болды. Баста болшеуиктердің өздері де әр жұрт өз тізгінің өзі алсын деген жарлық шашқан еді. Соңынан ол жарлықты екінші мағынаға бұрып, автономия алған жұрттардыңда істеріне қол сұқпақ болды.

Сонымен болшеуиктер оларға да қарсы соғыс ашты. Ақырында қару күшімен жұрттың бәрін қамыстай жапырып, жаңа жасалған автономиялардың күлін көкке ұшырды. Болшеуиктер іс басына мінген соң ушредителни сабраниа құрыды. Оның орнына жұмыскерлер, солдаттар һәм өте жарлы бұқара халық қожайындығы ағлан етілді. Мемлекет билеу тізгіні толып жатқан советтерге тапсырылып, Русия осы советтердің құрамасы деп жария қылынды. Ол құраманың ең жоғарғы қожасы — кіндік совет болды.

Банк секілді халық шаруасының ең зор тармақтары бүкіл ұлттық болып аталды. Менікі, сенікі біржолата құрымағанменен оған да жақындап таянды.

Хаты, адамның жаны да өзінікі болмай кетті. Мұның да ақыры сол советтермен қарулылардың еркіне тапсырылды.

Адамның басқа саяси құқықтары алдақашан адыра қалды.

Ең ақыр аяғында осы шарттың басында соғыс тоқталып, бітім жасалды. Ол бітім шарттарына муафык Польша, Украина, Финляндия, Балтық теңізінің бойындағы облыстар, Белоруссияның бірсыпырасы һәм Закавказияның Кәріш, Арзамас, Батум облыстары Русиядан кетті. Онан қалған '"Русияның" шаруа тіршілік тізгіндері де Германия ықтиярына тапсырылды.

Мінеки, өзгерістің бір жыл тәулігінде болған оқиғалар осы.

Енді екінші тәулігінде жаңа бір қалыпқа айналар ма, жоқ Русиянын әлде болса көретіндері бар ма, оны ілгері көрсетер.

ТАШКЕНТ 18 (5-ШІ) АПРЕЛ


Түркістан аймағындағы болшеуиктердің кіндігі болған Ташкенде жақын арада жергілікті совет қайта сайланып қойылды. Сайлаудан бастап аз-маз жақсылық күтіп, игілік үміт қуушылар біржолата алданды. Болшеуиктердің әлі де болса халық пікірін, жұрт тілегін ескермеу жолынан шетке шыққандығы осы уақытта ашық көрінеді. Олар өздері ұнатпаған 26 халық ұйымдарының өкілдерін жиылыстан қуып шығып, советтің басқарушы комитеттеріне ылғи өз адамдарын ғана өткізіп отыр.

Енді осы уақытша Ташкентте Түркістан аймағындағы советтердің жалпы съезі болайын деп жатыр. Бәлки мұнан да халық үшін жақсылық... қуушылар бар шығар. Бірақ бұл жолы да олардың алданып қалулары................ жалғыз ...............дәл күшіне ғана...............жұрт үшін игілік күтудің орны жоқ.

Болшеуиктер соңғы кезде Түркістан автономиясы туралы әр жерлерде көбірек сөз қыла бастады. Бұл туралы Ташкенттегі жаңа советтің бірінші жиылысында товарищ Товолин бірталай сылдыраған сөздер айтты. Онан соң Мәскеудегі Ұлт істері комиссары Сталин Түркістанда автономия жасау қамына кірісудің керектігін білдіріп телеграм беріп жатыр.

Түркістанның автономиялы болуы ондағы барлық халықтардың ең қасиетті тілектері екені белгілі. Өзгерістің басынан бері қарап халық өзінің бұл тілегін әр жерлерде-ақ қақсап айтып келеді. Сол себепті оның жарыққа шығып іске айналуына тілектес болмайтын жан жоқ.

Бірақ болшеуиктердің жұртқа уағда қылып отырған бұл автономиясы мен шын халық тілеген автономияның арасы жер мен көктей. Халықтың бұ күнге шейін тілеп келген автономиясы - жұрттың өз тізгіні өзінде болып оның тіршілігіне шеттен ешкімнің араласпауы мағынасында. Халық бұл тілегін жарыққа шығаруға бұл күнге шейін ыжаһад қылып келеді, әлі де болса ыжаһад қылады. Ал енді болшеуиктердің Түркістанда жасамақ болып жүрген автономиясы анау автономияға тіпті жуыспайды. Олардың ниеті халықтың өз тізгінің өзіне беріп, оның тіршілігіне қол сұќпау емес. Бәлки іс басына қара бұқараны қоюды сылтау қылып жұртты ылғи бұзақылардың қолына байлап бермек.

Болшеуиктер екі сөзінің бірінде: "Біз автономияға қарсы емеспіз. Автономия біздің програмымызда бар. Бірақ біздің қуаттайтын автономиямыз байларға ғана жақпайды. Біз автономияны жалғыз қара бұқара пайдасына лайық жасамақпыз. Соның үшін біз бұқара пайдасына бола Советски автономияны жарыққа шығармақпыз", - дейді.

Олардың жасамақшы болып жүрген автономиясында тізгін жалпы халықтың қолында емес, жалғыз советтер қолында болмақ.

Советтерге де жалғыз бұқара - кедейлер тоның жамылған азғындар кіріп іс басында солар тұрмақ. Солай болатын болған соң мұндай автономияның біздің жұртқа қаншама пайдалы екенін түсіну тіпті қиын емес.

Советски автономия жасаған болып іс басында ылғи онан, мұнан қуылған бұралқы-қаңғыбастар отырмақ. Біздің халықтың өз бұқарасының надандығын сылтау қылып, әлгідей бұралқы .... кіріп, өз ойларынша тон пішпек. Мұнан кімге пайда?

Автономия деген құр аты болмаса ол уақытта да іс басына тұрушылар осы күнгі советтер болады. Осы күнгі советтерде кімдер отырғаны жұрттың өзіне мағлұм ғой.

Хүкімет тізгінің советтер алғаны, біздің жұрттың қаншама игілік көріп тұрғаны да көз алдымыздағы нәрсе. Советтер қожайын болғалы әр жерлерде халықтың азды-көпті ауқатты адамдары таланып жатыр. Кей жерлерде жұрттан "оннан бір" жиылып алынды. Мұның пайдасын біздің бұқарамыз мұсылман бұқарасы көрді ме? Советтер жинап алған сол "оннан бірдің" жүзден бірі осы күнгі аштан қырылып жатқан қазақтың сорлыларына тиді ме? Қайта сол "оннан бірден" артық зиян көріп отырғанның өзі сол қазақтың бұқарасы, кедейлері. Байлар, қолында пұлы барлар елге шыққан "товарищтер" мен жең ұшынан жалғасып, малын жасырып, аман қалып, оны қыла алмаған сорлылардың малы артық шағылып, сорлап жатқанын кім білмейді.

Болшеуиктер тіл ұшынан бұқара-бұқара деп қақсағанда ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейді. Ал енді өздерінің қай жерде шын бұқара тілегін тыңдағаны бар?

Декабір ішінде Қоқанда бүкіл мұсылман жұмыскерлері мен диқаншылары съезд жасап, қаулылар шығарды. Бұқара пікірі екен деп оған елең қылған болшеуик болды ма? Оның бер жағында болшеуиктердің Түркістанда қылып жатқан бұзықтықтарыңда есеп жоқ. Мұның бәрін олар қайсы бұқараның тілегі бойынша қылып жүр екен? Қоқант һәм Бұқара қырғындарына қай халықтың шын бұқарасы риза? Сүйтіп отырып, олар осындай істерінің бәрін жергілікті бұқара пайдасы үшін қылдық деп көрсетеді.

Осы күні жұрттың шын қызметкер білімді мұсылмандары қашқында жүр. Қолдарына түсірсе советтер оларды өлтіреміз деп дік-дік етеді. Бұл туралы біздің шын бұқараның пікірін, тілегін кімнің сұрағаны бар? Олар сол қашып жүрген азаматтарды өздерінің дұшпандары деп қай жиында айтып еді? Жоқ.

Болшеуиктердің тізгінді советтерге береміз деп жүргендегі ниеттері халық бұқарасының пайдасын көздеу емес. Олар тек бұқараны сылтау қылып, іс басына ылғи әлде қайдан жиналған сілімтіктерді, ішіп кетер, жеп кетерлерді қойғалы тұр. Оларға бұқара пайдасынан да өздерінің қалтасы қымбат. Олар со күн............... жемсаулары толған күні әлде қайда зытып кететін сырғалар. Оны біз көрмей отырғанымыз жоқ. Түркістанда қанша уақыт қылышынан қан тамып тұрған һәм "Бұқара пайдасы" үшін Қоқант қырғынын жасаған Перпиловтар, Астасиковтар осы күні қайда жүр?..

Бұқара қожайындығы, жұмыскерлер қожайындығы дегенде болшеуиктердің ауыздары тола кетеді. Біздің Түркістан мен Қазақстанда бұл сөздердің не мағынада жүретұғынын білеміз. Бізде ия халық қожайындығы болады, ия бұқара қожайындығы астына тон жамылған бұзақылар қожайындығы болады. Шын бұқара қожайындығы жалпы халық қожайындығынан басқа бізде болуға мүмкін емес.

Осы күні бұқара қожайындығы дәуірлеп тұр. Ал осыдан біздің бұқараның көріп отырған игілігі не? Рас, шаһар бұқарасы жұмыскерлер онша-мұнша пайда қылса қылып жүрген шығар. Олар ақыларын көбейттіріп еді. Жұмыс уақытын кеміттіріп еді һәм өздерін кұл есебінде ұстатудан аз-маз босамауы. Бұдан біздің кедейлерге қанша пайда бар?

Бұқара қожайындығы - бұқара қожайындығы................

Болшеуиктердің ел ішіндегі бұзақыларға тізгін беріп отырғаны да бұқара қожайындығы бола ма екен? Өмірінде пара алып жұртты жеген қара жүректер бұ күнде болшеуик болып елге қожалық қылып жүр. Халықтың шын бұқарасы солар ма екен? Жұртқа ылғи сондайларды бас қылып отырып, бұқара қожалығы деп қақсағанның мынасы не?

Ал енді болшеуик хүкіметі Түркістан мен Қазақстанға автономия бергенде сол бұқара қожалығына "советтер билігі" не жастанатын қылып бермекші. Егер олар мұны қылса, ол автономия бұқара қожайындығына емес, бұзақылар қожайындығына жастанады. Мұндай автономиянын сырғалардан басқа ешкімге керегі жоқ. Егер шын автономия болатын болса, ол жалпы халық қожайындығына жастанатын автономия болуы керек һәм барлық іс басында тұратұғын адамдар да сол жалпы халықтың тегіс ұнатуымен сайлап қойылу керек.

Жалғыз сол уақытта ғана шын халық тілегі орнына келеді. Жалғыз сондай автономия жұмыстарына ғана шын халық азаматтары араласып қызмет ете алады.

Енді мынау болайын деп жатқан советтер съезі бұл туралы сөз қозғап, Түркістанға советски автономия бермек екен. Ол автономиянын түрі жоғарыда айтылғандай болатұғыны анық. Сол себепті болшеуиктердің бұл марқаматлығына біздің қуанып, мәз болар орнымыз жоқ. Не шынымен құлдықтан құтылып тењдікке жететін жалпы халық болып тењдікке жете аламыз. Жоқ, бұрынғыдай құлдықта қалсақта жалпы халық болып қаламыз.

Жалпы халық теңдікке жете алмағанда біздің шын бұқарамыз өз алдына бөлініп көгере алмайды.

ФЕУРАЛ ӨЗГЕРІСІ


Русияда ескі патшалық тартысынын жығылып құлағанына мініки нағыз үш жыл толды. Мұнан дәл үш жыл ілгері Русия халқы қашаннан бері иығын албастыдай басып, жаншып, езіп келе жатқан зорлықшыл, залым тәртібінің тамырын қиып, сабағын кесіп түсірді. Мұнан дәл үш жыл ілгері ол залым патшалық тәртіппенен бірге оның қорғаушылары: ақсүйектер, асылзадалар да ескі орындарынан тайып қожалықтарынан айрылды.

Бұл үш жылдың ар жағында Русия жұрттары баяғы ертеден келе жатқан адамзаттың құлдық, жаңа тіршілік, жаңа тұрмысқа дұшпан болған ескі, шірік, бір жалдама тәртіптің құлы еді. Ғылым жолына, адамгершілік жөніне, жайлы тіршілік, көркем тұрмыс салтына үйлеспейтін ол шірік тәртіп өзегін құрт жеген шірік ағаштай өзгерістің үп еткен алдыңғы лебінде қарсыласа алмай шарт кетті. Оның да бұл әлсіздігі, дәрменсіздігі, тозуы жеткен шүберектей бір жері тесілген соң оп-оңай ыдырап жидіп сала беруі ол тәртіптің тарих жүзінде өмірінің таусылғанын, жазудағы ажал сағатының төтелеп жеткендігін анық көрсетеді.

Бір мемлекетті жалғыз бір адам билеп-төстеу тәртібі - тарих бетінде ең ескі, ең ертелікті тәртіп. Бұл тәртіптің бас адамдарының бастапқы шақтарында бір атаның руына сол рудың ең қариясы, ең үлкені бас-көз болып, ағалық қылуынан туып өршіген. Ол шақтарда адамзат бұ күнгідей топталып, бірікпей һәр ру өз алдыңа жеке-жеке тіршілік қылып, өз алдына жеке-жеке бастық сайлап алып күн көріп жүрген. Ол заманда адамзаттың ақыл-ойы да бұл замандағыдан тар болған. Төңірегіндегі көзіне көрінген заттардан алысқа ұзай алмаған. Сол себепті мінін, бұл дүниені жасаған тәңіріні де өз айналасынан ғана іздеген. Әлгідей бір руға бас болып тұрған адамды тәңірі қатарында көріп, оны тәңірінің өзі, не болмаса тәңірінің адам арасындағы көзі деп түсінген. Соныменен бір қан, бір денеден өрбіген бір рудың арасында бір тап бөлініп, оқшау шығып, өзін тәңіріменен жекжат көрсетіп бүкіл руды тәңірі атынан билеп-төстеуге кіріскен.

Патша тұқымының өзгелерден артықша қасиеті саналуы, оның дін атынан тәңіріге жақындығын жұртқа ұғындыру һәм бір тұқым, бір нәсіл ішінде ақсүйек, қара сүйек деген екі жіктің айрылуы бәрі де сол бастапқы тар ақыл, саяз ойдың адасуынан туған асасыз ескі, шірік ұғыныс.

Адамзаттың ақыл-ойы ұлғайып, төңірегіндегі заттардың сыр-сипаттарын түсіне бастағаннан кейін ол ұғыныстың терістігі ашылды. Мұнан кейін ол тәртіп бұрынғыдай қасиетті, тәңірінің өзі арнаған тәртіп емес екендігі қалың жұртшылыққа да бірте-бірте анық болды.

Тарих бетінде ең алдыменен Еуропа жұрттары бұл тәртіпке бастап қарсы болып, мемлекетті билеп-төстеу ақсүйек, асылзада патшалардың қолынан алынып, жалпы жұрт қолына көшті. Бірақ ол замандарда жалпы жұрт тегіс өз билігін өзі алып жүрерлік бола алмай ақсүйектердің орнына қалтасы толық байлар келіп отырды. Анау бастапкы тәртіп ақсүйектер тәртібі болса, онан кейін тарих жүзіне туған тәртіп байлар тәртібі.

Еуропада ақсүйектер қожайындығы құрылып, оның орнына байлар тәртібі орнағалы бірталай заман болса да, біздің Русияда ақсүйектер қожайындығы мұнан үш-ақ жыл ілгері ќұлады.

Өмір соқпағында байлар тәртібі ақсүйектер тәртібінен көп артық. Ақсүйектер тәртібіне қарағанда байлар тәртібінің заманға үйлесімді, тіршілікке келісімді жақтары толып жатыр. Сол себепті су...............пада болсын, басқа жерлерде болсын жұрттың көбінің көңілі ақсүйектерден безіп, байлар тәртібіне қарай ауған.

Бірақ өмір салты бір орында тоқтап кідірмейді. Ол жыл сайын, ай сайын түрін алмастырып, түсін өзгертуде. Бұл айнымалы өмір соңынан байлар тәртібінің де жағымсыз-үйлесімсіз болып тозып шыққанын көрсетеді.

Адамзат өмірінің гүлденуі, нұрлануы үшін байлар тәртібінің де соңынан жетімсіз болғанын, халыққа кесір болғанын тарих ашты. Сонымен тарих бетіне ақсүйектердің де, байлардың да тәртібінен басқа жаңа бір тәртіп келіп туды. Бұл социализм, яки коммунизм тәртібі деп аталады.

Біздің қазіргі Русиядағы орналасып келе жатқан жаңа тәртіп - сол социализм тәртібіне қарай көшкенде түпкі қонысқа жеткенше тұтынарлық көш жөнекей жол тәртібі.

Егер өзгеріс көші жолда тоқтап қазаға ұшырамай аман өтсе, алдымыздағы ендігі тәртіп сол социализм тәртібі болар.

Сүйтіп мұнан дәл үш жыл ілгері болып өткен феурал өзгерісі біздің Русияда ескі, тозған тәртіпті жығып, оның орнына байлар тәртібін туғызды. Соңынан байлар тәртібі де тіршілікке үйлеспей, сол жылы октәбір айында ол да құрып, оның артынан қазіргі совет тәртібі келіп отыр. Тарихтың ендігі ұсынып отырған тәртібі социализм.

СОВЕТ ҮКІМЕТІ ҺӘМ КҮНШЫҒЫС (II)


Русиядағы октәбір өзгерісі болып хүкімет жұмыскер бұқараның қолына тигеннен кейін күншығыс мәселесі хүкіметтің өте ескірген жұмыстарының алдыңғы қатарына кірді. Күншығыс мәселесі өзгерістен кейін туған жаңа мәселе емес, бәлки адамзат тарихыменен қатар жасап келе жатқан ескі, көне мәселе болса да, бірақ оның қазіргі мағынасы ілгері мағынасынан тіпті басқа.

Күншығыстың жері, елі қашаннан бері дүниенің үлкен әскер бастары һәм бағындырушылардың көздерін қызықтырып, көңілдерін толқытып келе жатқан. Әрі кетсе барлық Күншығысты, қала берсе Күншығыстың меруерті Хиндустанды өзіне бағындыру үшін талай ұлұғ патшалар, әскер бастары әлденеше рет әскер аттандырып, жорық жасап, немесе басқа түрлі саяси жолдарменен талай еңбек қылып талпынған. Ең алдымен баяғы Ескендір Македонскийден бастап кешегі тақтан түскен Вильгелмге шейін Күншығыс үшін өзегін үзген мықтылардың саны толып жатыр. Солардың ішінде орыстың атақты патшасы Петр 1-дің де Күншығыс көкейін тескен.

Күншығыс мәселесі ілгері мағынасы жоғарыда айтқандай оның жерін, суын малданып, елін-жұртын құлданудың жолдарын қарастыру еді. Енді октябрь өзгерісінен кейін Русияда хүкіметті өз қолына алған коммунизм партиясы ол ескі мағынадан біржолата безіп, Күншығыс мәселесіне екінші түрлі жаңа мағына, басқа маңыз кіргізіп отыр.

Бұл жаңа мағынаның қысқаша қорытуы осы мақаланың мұнан ілгері бас бөлімінде аз ғана айтылып өткен еді. Бірақ бұл мәселе сондай үлкен мәселе. Мұның әр түрлі шешілуінен жалғыз Күншығыс халықтарының, әйтпесе Русия мемлекетінің ғана емес, бәлки бүкіл дүниенің тарихи бағыты өзгеріледі деп айтуға болады. Үйткені дүниедегі империализмнің жеңіліп, жеңілмей мынау Русияда басталған үлкен өзгерістің кеңейіп ұлғаю, ұлғаймау тетігі көбінесе Күншығыс жұрттарының империализмге қарсы бел байлап қозғалу, қозғалмауына тоқтайды. Сол себепті бұл мәселені бес-алты жыл жазуменен ғана я болмаса бір-екі газет мақалаларыменен ғана топ-толық айқындау қиын іс.

Сүйтсе де бұл мәселе бүкіл дүние саясатына жанасымды, бер жағында біздің өзіміздің ұстайтын жолымызға сабақтас мәселе болғандықтан, қолдан келгенше түсінуге, түсіндіруге тырысуымыз керек.

Совет үкіметінің Күншығыс мәселесі туралы ұстаған бағыты, ілгеріде айтылғандай, Күншығыс халықтарын империализмге қарсы мықтап аяқтандырып, капитал қожалығын жоқ қылу жолында күнбатыс жұмыскерлерімен жолдас қылмақ.

Русияда екі жылдан бері болып келе жатқан, келешекте бүкіл Еуропада...............көптеген байлар мен жұмыскер-бұқаралар соғысы уақытында Күншығыс жұрттарын жұмыскер-бұқараларыменен қатар байларға қарсы аттандыру. Сүйтіп байлар империалистерді жеңіп, жұмыскер-бұқараларды капитал тегеурінінен құтқарып һәм Күншығыс жұрттарын да империализм тырнағынан азат қылу.

Күншығыс мәселесінің бұл жаңа мағынасы — ілгергідей күншығыстың жер-суын тартып алып, ел-жұртын бағындыру емес екендігі осы.

Совет үкіметі басқалардай әскер, қару-жарақ күшіменен күншығысты құлданбақ емес, бәлки екі жақта да жағымды саясат, пайдалы бағыт тауып, Күншығыс жұрттарының ойын, пікірін өз жолына бағындырмақ. Егер бұл саясат, бұл бағыт ойдағыдай жүріп кетіп, Күншығыс жұрттары Совет үкіметі сілтеген өріске қарай бет алса, дүниедегі империализм діңкелмек, түбі босап, тамыры қиылуы шексіз. Сол себепті осы күні бір жақтан Совет үкіметі Күншығыс саясатын ен үлкен қызметі санап қабыл-қабыл һәр түрлі істер істеп жатса, екінші жақтан Күнбатыстағы империалистер бұл саясаттан сескеніп түрлі шаралар іздене бастаған көрінеді.

Совет үкіметінің Күншығыс мәселесі туралы ұстаған бұл бағыты, жаңа саясатының жайдақ ойға салып шамалағанда өте мақұл, орасан қисынды саясат екені күмәнсіз.

Бірақ тіршілік ұғымы деген дүлей күш құр жайдақ ойдың қақпалағанына жүріс беретін дау емес. Сол себепті бұл саясаттың іске асар-аспасын тек сылдыраған жайдақ ойға қарап қана айту дұрыс болмайды.

Қандай саясат, қандай бағыт болса да тіршілікте сүйенетін шарттары табылса ғана іске аса алады. Соның үшін Совет үкіметінің Күншығыс саясатының мақұл, не мақұл емес екенін Күншығыс халқының тіршілік шарттарына қарап қана айту мүмкін.

Бұл саясаттың іске асып кетуін қуаттайтын шарттар тап осы уақытта Күншығыста көп. Бірінші. Күншығыс жұрттарының өз арасында Еуропа хакімдігіне қарсы қозғалған ұлтшылдық бағыты соңғы замандарда өте күшейген. Кешегі Еуропа соғысы уақытында һәм онан кейін осы күнге шейін Мысырда, Ғарабстанда, Хиндустанда, Ауғанстанда, Түркияда, Иранда һәм басқа жерлерде әлденеше рет көтерілген тынышсыздық-бүліншіліктер Күншығыс жұрттары арасындағы Еуропаға қарсылық козғалысының үдеп бара жатқанын көрсетеді.

Екінші, осы күнгі Күншығыс жұрттары өзара ылғи жанданып ұйымдасуға бет ала бастады. Күнбатыста болса мұндай икемдеу, ұйымдасу күннен-күнге азайып, оның орнына бір-біріменен тістелесу, бір-біріменен пышақтасу күшейіп барады.

Онан соң, үшінші, осы күнге шейін байлардың қолында қуыршақ болып келе жатқан күнбатыс жұмыскер-бұқаралары бірте-бірте күшейіп, байлар қайда айдаса сонда кететін құл есебінде шығуға бет алды.

СОВЕТ ҮКІМЕТІ ҺӘМ КҮНШЫҒЫС (III)


Еуропа бұ күнде баяғы мұнан 5-6 жыл ілгергі Еуропа емес. Өткен айдың сұрапыл соғысы оны бастан-аяқ қаусатып, әлсіретіп, шала-жансар күйге түсіріп кетті. Неше жылдай жауға жабылып, өртке шалынған ел қандай болса, Еуропаның күні сол жаудың аяғы астында тапталып, жаншылып қалған есепсіз көп ауылдар, егін жайлар, фермалар, темір жолдар, көпірлер, шаһарлар, мектептер, шіркеулердің қиратқандары Еуропада.

Неше жылдай өртке шалдығып, күл үйіліп, көмірі бықсып жатқан жерлер Еуропада.

Кешегі сұрапыл қырғында уақытсыз құрбан болған есепсіз адам балаларының сүйектерінен таудай болып үйіліп жатқан адам сүйектері Еуропада.

Бұл жемтіктердің үстінде ұлыған жел, топтанған құзғын, төгілген көз жастары Еуропаның көз алдында. Осы айтылғандардың үстеуіне сеңдей соғылысып, сенделіп, тіршілігін сағат сайын жүз қарғап, көзі қарайған аш, жалаңаш жетім балалар, жесір қатындар, балаларынан айрылған ата-аналар, кемпір-шалдар тағы Еуропада.

Осылардың бәрін көз алдарында көріп отырып, Еуропаның жұмыскер бұқарасы тып-тыныш қарап отыра алмайды. Ол енді бұрынғыдай байлардың байлауына көніп, айдауына жүре бермейді. Сол себепті Еуропа ішінде байлар менен жұмыскерлердің арасында соғыс басталуы шексіз.

Ал енді Күншығыстың осы күнгі саяси күйі Еуропадағыдай өзара қырық пышақ болып бүлінерлік қалыпта емес. Қайта сыртқы дұшпанды біржолата өз араларынан қуып шығару үшін күншығыстағы һәр ру, әр түрлі ұлтқа бөлінген жұрттар бір-бірімен күннен күнге жақындасып, ұйымдасып келе жатқан жайы бар. Соныменен Азия шөлдерінің ортасынан Конфиусы мен будданың отандарынан, Мысыр пирамидаларының үстінен, мұсылмандардың кіндігі Қағбаның төбесінен ұлтшыдлық өзгеріс қимылдарының шаңы көрінеді.

Өз іші аласапыран болып сапырылысып жатқан Күнбатыспенен ішінара бірігіп, күш жинап түйініп жатқан күншығыстыњ шекаралығындағы Русиянын жұмыскер бұқарасы өз ішіндегі байларды жеңіп, капиталды мұқатып, дүниедегі сорлы-бишаралардың туын көтеріп майданға шығып отыр.

Бір-біріменен қырқысып қалжыраған күнбатыс жұмыскерлері мен сыртқы жаудың бұзауын сүйретіп құлдықта жүрген күншығыс ұлттарының жүрегі дүрсілдеп, көзін тіккені жалғыз Русия.

Күнбатыс жұмыскерлер бұлқынысы ішінде күншығыс ұлтшылық құтылысы алдыңда.

Мінеки, осы айтылғандардың бәрі де совет хүкіметінің Күншығыс мәселесі туралы тұтынған жолының теріс емес екендігін анық көрсетіп отырған бұ жолдың Күншығыс ұлттарының тілектеріне де қарсы емес, үйлесімді жол екендігі белгілі.

Бірақ осы жолды, бұл политиканы орыс коммунистері, Күншығыс өзгерісшілері қандай қалыппенен, не түрменен іске асыруы керек? Мәселенің ең түпкі шегі, ең ауыр жері осы жер.

ТҮРКСТАН КОММУНИСТЕРІНІҢ

КОНФЕРЕНЦИЯСЫ
"Ұшқынның" өткен нөмірінде Ташкентте 15-ші ғинуарға аймақтық мұсылман коммунистерінің конференциясы шақырылғандығы һәм оның програмы жазылған еді. Бұл конференция 20 ғинуарда ашылып, програмдағы мәселелерді кеңесіп, қаулылар шығарып тарқаған. Бірақ қатынас, хабарласу жолдарының ретсіздігі себепті конференциясының толық есебі һәм түгел қаулылары әлі күнге шейін бізге келіп жете алған жоқ. Тек әзірге конференцияда қаралған мәселелердің ішіндегі ең үлкен екі мәселе туралы конференцияның қабыл еткен қаулылары ғана бізге мағлұм болды. Бұл қаулыларға қарағанда ол конференция өз істерін көңілдегідей қылып жақсы өткізген сияқты.

Бұл екі мәселе партия мәселесі мен жұмыс мәселесі.

Партия мәселесі туралы конференция Түркістанда Түрік коммунистер партиясын жасап, мұның кіндік комитетін сайлап қойған. Бұл комитетке сайланған 15 мүшенің тоғызы түрік тұқымыннан, қалған алтауы Түркстандағы басқа текті жұрттардан болған.

Мұнан бұрын Түркістанда «Түрік коммунистер партиясы» деген өз алдына жеке партия жоқ еді. Онда Русияның өзге жерлеріндегі "Русия коммунистерінің партиясы" ғана болып, Ташкентте оның аймақтық комитеті болатын еді.

Түркістандағы мұсылман коммунист ұйымдарының кіндік бюросы сол комитеттің бір бұтағы есебінде келген еді. Енді жоғарыдағы қаулыға қарағанда, мұнан былай Түркістанда партия істері негізінен өзгеретін секілді көрінеді. Мұнан былай Түркістанның жергілікті коммунист ұйымдары аймақтық комитеттің бір бұтағы болып қана қалмай партия тіршілігінде өздеріне лайық емен-еркіншілік алып іс жүргізетін болған сияқтанады.

Конференцияның бұл ісі Түркстандағы мұсылман Түрік коммунистерінің партия тіршілігіндегі бір үлкен ұтысы.

Бұл істің түбінде осылай керек екендігін Түркістандағы жергілікті жұрттар арасында партия істерінің түзу бағытпен жүруі үшін бұнан төте жол жоқ екендігі өз-өзінен-ақ белгілі нәрсе. Сол себепті конференцияның бұл қаулысын құттықтағаннан басқа көп сөз айтудың керегі жоқ.

Бірақ Түркістанда "Түрік коммунистер партиясы" дегеннің болуы ғана һәм оның басындағы комитетке Түрік тұқымынан сайланған мүшелердің көптігі ғана істің негізін өзгертпейді. Партияның атына Түрік сөзі қосылып, комитеттің ішінде Түрік балалары отыруы былай қарағанда көңілге әжептәуір қуаныш беріп бір азырақ мақтаныш кіргізетін нәрсе болғанменен, анық жұмыстың негізі тап осы арада емес. Бұлар әшейін істің сыртқы көріністері, тысқы жамылғылары ғана. Соның үшін Түркістандағы Түрік коммунистері барлық күштерін істің сол негізгі жағына жұмсаулары тиіс.

Партияның ісінің негізі, түпкі сабағы - програм, бұл - партияның ішкі дәні, кеудесіндегі жаны. Сол себепті партияның анық Түрік партиясы болуы үшін оның програмы сол түрік жұрттарының қазіргі тұрмыс қалыптарына үйлесімді болып өзгерілуі тиіс. Әйтпесе, партияның атын жамылған бір ауыз сөздің тіршілік үшін маңызы шамалы.

Програм өзгерілуі тиіс деген сөзді бірақ теріс түсініп, яки өтірік партияшылық білгізбек болып: бұл не деген сөз? "Коммунизм програмы бүкіл дүние жүзінде бірдей. Оны өзгертсек ұлт партиясы болады. Жоқ, бұл — біздің бағыт емес! Аттан!" деп айғайлаушылар да бар. Партияға түсініп кіріп, тарих соқпағын, тұрмыс закондарын аңғарып іс қылатын шын партияшылар мұндай сөздерге елең қылу керек емес. Коммунизмнің түпкі қазығы, негізгі нысанасы бір болғанменен, дүниедегі әр түрлі ұлттардың тұрмыс қалпы, мәдениет дәрежесі бірдей емес.

Сол себепті негізгі нысана бір болғанменен оған апаратын жолдар әр түрлі.

Түркістандағы Түрік коммунистер істің сырт жағын әлгідей өзгерткен уақытта мәселенің бұл жағында өте ескерген жоқ шығар. Соның ішінде олардың бұл қадамын құттықтап, істеріне жақсылық тілеу ғана керек.

Конференцияның жұмысы туралы шығарған қаулысын өз алдына жеке сөз қылармыз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   25




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет