Алға ауданының 2013 жылғы әлеуметтiк — экономикалық дамуының қорытындылары және 2014 жылға арналған міндеттері туралы ақпарат



Дата22.02.2016
өлшемі148.15 Kb.
#1131

Алға ауданының 2013 жылғы әлеуметтiк — экономикалық дамуының қорытындылары және 2014 жылға арналған міндеттері туралы ақпарат


Алға ауданының экономикалық даму көрсеткіштері жалпы мемлекеттік бағдарламалардың тұрақты қарқынмен жүзеге асырылғандығын көрсетеді. Өңірлерді өркендету, шағын қалалардың тұрмысын түзеу мақсатында қабылданған «Бизнес жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламалары аудан экономикасына оң нәтиже бере бастады.
Өнеркәсіп

2013 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 913,2 млн.теңгені құрады /нақты көлемінің индексі 109,4 пайыз/.

Бұл салада биыл «Кроун Плюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Бестамақ ауылында таза мұнай өнімдерін сақтайтын қойманы (6000 куб эстакада мен 6 резервуар) және «Ақтөбе Дриллинг Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс материалдарын (полистиролбетонды блок пен пластикалық терезе) шығаратын цехты іске қосты.
Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 10,7 млрд.теңгені құрады /2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,3 пайыз/. Өнім көлемінің азаю себептері – тұрғындардың мал басы саны мен мал өнімдерін (сүт, жүн) аз өндіруі және малдарды бірдейлендіру салдарынан.

Мал шаруашылығында. Қазіргі таңда «АкТеп» кешенінде 8000 –ға жуық асыл тұқымды емес ірі қара бордақылануда. Бұл серіктестікте мал басын асылдардыру бойынша ағымдағы жылы Татарстаннан 1500 бас асыл тұқымды ірі қара сатып алынды.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 5 шаруа қожалығы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» және «Агронесиелік корпорациясы» акционерлік қоғамдары арқылы 41,7 млн.теңгеге 114 бас аналық 7 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды..



Ет өндіру. Ауданның ет өндірушілерімен 6,7 мың тонна ет өндірілді, оның ішінде «АкТеп» ЖШС-нде - 256 тонна, «Аққұс» құс фабрикасында 1501 тонна және «Парижская коммуна» малшаруашылық кешенінде – 4519 тонна, «Рейімқұл» ЖШС-нде – 443,8 тонна (376 тонна сиыр еті, 67,8 тонна жылқы еті).

Ағымдағы жылы жоғарыда көрсетілген шағын және орта бизнес субъектілерімен өндірілген ет өнімдеріне 623,5 мың теңге көлемінде өтемақы төленді.



Өсімдік шаруашылығында 2013 жылы күздік егіс алқабы 850 гектарға (1020 га құрады), бақша дақылдарының алқабы 24,4 гектарға (154,2 га), жем-шөп дақылдары 4,5 мың гектарға (13,9 мың га) көбейген. Ал, бидай мен картоп егетін алаңдар азайды, яғни бидай алқабы 21,3 мың гектарға азайып, 34,2 мың гектарды, картоп алқабы 180,0 гектарға азайып, 500,0 гектарды құрады.

2013 жылғы егін науқанында бидай 6,8 мың тоннаны (2012 жылмен салыстырғанда 54,5 пайызға көп), көкөніс 6,6 мың тоннаны (0,6 пайызға), бақша өнімдері 3,2 мың тоннаны (18,8 пайызға), шөп 120,3 мың тоннаны (5,7 пайызға көбейген) құрады. Ал, картоп өнімі 6,7 мың тоннаны құраған немесе өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 2,7 мың тоннаға аз.

Сондай-ақ, «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналасында шоғырланған 14 шаруа қожалығына демеушілік-қолдау көрсетіп, 19,3 млн.теңгеге 11,0 мың га жерге суданка жем-шөбін егіп, күзде жинады. Келесі жылға суданка жем-шөбін 29 мың га жерге егу жоспарланып отыр. Осыған байланысты ауылшаруашылық бөлімі селолық округ әкімдерімен бірлесе отырып, шаруа қожалықтарының арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

2013 жылы «Рамазан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке қаражаты есебінен 560 га суармалы жерді жаңартып, қайта қолданысқа алып, 140 га жүгері мен 420 га тары екті. Әр гектардан түскен түсім бойынша тары - 20 центнерді құрады, жүгері - 18 центнерді құрады.

12 селолық округте құралдармен және техникамен жабдықталған ветеринарлық станциялар ашылды.

2013 жылы «Алға» селолық кредиттік серіктестігімен ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында 85,0 млн.теңгеге 10 жоба қаржыландырылды. Жыл сайын техника паркі жаңартылуда, яғни «КазАгроСервис» АҚ арқылы ағымдағы жылы 33,8 млн.теңгеге 14 ауылшаруашылық техникалары және құрал-жабдықтар сатып алынды.

Ауылшаруашылығы саласында келесі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда:


  • «АкРоссПищепром» компаниясы 70,0 млн. теңгеге құрама-жем зауытын (жобалық қуаты жылына 20 мың тонна құрама жем) іске қосты;

  • «Реймқұл» шаруа қожалығы 35 млн. теңгеге 1,5 мың басқа арналған бордақылау алаңын салды;

  • «Ақтеп» ЖШС-нде 1830,3 млн.тенгеге ірі қара малдар мен ауылшаруашылық техникалары сатып алынды;

  • Бестамақта мал қорымының құрылысына аумақтық даму бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен 2,6 млн. теңге бөлініп, иегірлді.


Шағын және орта бизнес

Шағын және орта бизнесте 2013 жылы 2099 субъект тіркелген, оның 69,0 пайызы, яғни 1448-і белсенді. Мұнда 5500 адам жұмыспен қамтылған. Шағын бизнестен түскен салықтық түсімдер 2162,9 млн.теңгені немесе 2012 жылмен салыстырғанда 127,1 пайызды құрады. Бөлшек сауда айналымы 2013 жыл қорытындысы бойынша 1489,5 млн.теңгені, нақты көлем индексі 107,1 пайызды құрады.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 605,4 млн.теңгеге 4 жоба жүзеге асырылды (бұрғылау құралдарын сатып алу, жүргізушілер мектебін күрделі жөндеу, электр тогын жеткізу линиясының құрылысы, сумен жабдықтау және т.б.).
Инфрақұрылым. Елбасымыз атап көрсеткендей ауданның инфрақұрылымдық кешенін кең көлемде дамыту, сондай-ақ тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін жасау басты міндеттердің бірі болып табылады. Аумақтық даму бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде жыл сайын аудан тұрғындарына көрсетілетін коммуналдық қызметтердің тиімділігі артуда.

Қазіргі таңда аудандағы 32 елді-мекеннің 9-ы газды пайдалануда /ол аудан тұрғындарының 75,8 пайызы - 30047 адам/. Олар Алға, Бестамақ, Тамды, Самбай, Есет батыр Көкіұлы, Қайнар, Тоқмансай және ст.Тоқмансай, Нұрбұлақ.

2013 жылы газбен қамту үшін 4 елді-мекенге (Қарабұлақ, Маржанбұлақ, Қарақұдық, Қайындысай) 304,2 млн. теңге бөлінді. 2014 жылы Қарабұлақ, Қарақұдық, Маржанбұлақ, Қайыңдысай ауылдары газдандырылған соң көгілдір отынды тұтынушылар саны 84,2 пайызға жетіп, 33395 адамды құрайды деп күтілуде.

Орталықтандырылған ауыз сумен қамтылуы.

Ауданымыздың 14 елді мекені яғни тұрғындардың 83,0 пайызы (32893 адам) орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған.

2012 жылы Алғада магистральды су өткізгішін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Сол жұмыстарға қаражат төлеу үшін 2013 жылы 276,4 млн. теңге (РБ - 221,2 млн.тенге, ОБ - 55,2 млн. тенге) бөлінді.

2013 жылы Ақай ауылында су жүйесінің құрылысы жүргізіліп, тұрғындардың тұтынуына берілді. Ал 2014 жылы Маржанбұлақ ауылында су жүйесінің құрылысы жалғасады /сметалық құны 523,9 млн. теңге/.

Осы ауылдарға су берілген соң ауыз сумен қамтылған тұрғындар үлесі 88,8 пайызды (34748 адам) құрайтын болады. Бұл жұмыстар «Ақбұлақ» бағдарламасы шеңберінде өз жалғасын табады.

Алға қаласының жылумен жабдықтау жүйелерін қайта қалпына келтіруге барлығы 544,0 млн.теңге бөлінді (2012 жылы 53,0 млн.теңге). 2013 жылы 489,8 млн.теңге бөлініп, барлығы 17 км жылу желілерінің 11,8 км қалпына келтірілді.


Жаңа әлеуметтік саясаттың маңызды бағыты болып, азаматтардың өмір сүру сапасын айқындайтын тұрғын үй коммуналдық саласын модернизациялау табылады. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын модернизациялау» бағдарламасына Алға қаласындағы 75 көпқабатты тұрғын үй мен Бестамақ ауылындағы 18 үй қатысуы мүмкін. Республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда ағымдағы жылы 10 көпқабатты тұрғын үйге термомодернизация жүргізіледі деп жоспарлануда. Оның ішінде Алға қаласында 8 үй, Бестамақ ауылында – 2 үй. Қазіргі таңда осы мақсатта ПИК (пәтер иелерінің кооперативі) құрылып, қажетті құжаттар әзірленді.
Жолдар. Бәсекеге қабілеттілікті арттырудың негізгі факторларының бірі қазіргі заманғы көліктік инфрақұрылымды қалыптастыру болып табылады.

Алға қаласында барлығы 46 көше бар, олардың 16 – сы ғана асфальт жабындысымен төселген. 2012 жылы «Актеп» ЖШС «Алға-Самбай» көлік жолын қайта қалпына келтірді және аудандық бюджет қаражаты есебінен мәдениет Үйінен № 2 мектепке дейінгі жолға асфальт төселді. 2013 жылы облыстық бюджеттен 192 млн. 200 мың. теңге бөлініп, оған қаладағы 8 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Тоқмансай мен Қарақұдық ауылдарының көлік жолдарына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, тегістелді.


Қала мен елді мекендерді абаттандыру. Алға қаласын абаттандыру және санитарлық жағдайын жақсарту жергілікті орындаушы органдардың басты назарында болуы тиіс. Мұнда аудан халқының 50,2 пайызы немесе 19,7 мың адам тұрады.

2013 жылы елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыруға жергілікті бюджеттен 8,4 млн.тенге, санитарлық тазалауға 2,2 млн.тенге бөлініп, игерілді.

Сонымен қатар 2013 жылдың 29 наурызындағы аудан әкімінің «Қалалық, селолық елді мекен аумақтарын санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша екі айлық өткізу туралы» № 106 қаулысына сәйкес «Біз бірге барлығына қол жеткіземіз!» атты 4 номинация бойынша конкурс өткізілді. Нәтижесінде 134 тонна қоқыс шығарылды, 2996 аула мен саябақтың 282600 ш.м. аумақы тазартылды.

Санитарлық тазалықпен қалада «Алға Тазалық» ЖШС айналысады. Бүгінгі күнде ондағы техникалардың көбі көнеріп, жарақсыз жағдайда. 2012 жылы кәсіпорынға «Тиегіш трактор» (Погрузчик) арнайы техникасы сатып алынды. Ағымдағы жылы аудандық бюджеттен аталмыш кәсіпорынға арнайы техника сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, кәсіпорынмен бірлесе отырып, алаңдар салу мен қосымша қоқыс контейнерлерін орнату да қарастырылуда.

2013 жылы едәуір ластанған алаңдар мен аулаларды тазалау мақсатында қосымша үш бірлік қоқыс жинаушы жұмысқа алынды. Сондай-ақ, барлық селолық округтерде қаралмаған жер телімдерін тазартып, қайта қалпына келтіру және санитарлық тазалау бойынша жұмыстар жүргізілді. Қаладағы Байтұрсынов, Есет батыр, Уәлиханов және Жангелдин көшелеріндегі сәнді безендірілген шамдар жаңартылды. Бұл бағыт бойынша жұмыстар әлі де жалғасады.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 18,5 млн.теңгеге 12 селолық округтің көшелері жарықтандырылды. Мұнда 61 көшеге 542 бағана шамдары орнатылды. Бірақ, елді мекендерді жарықтандырудағы негізгі мәселелер аудан бюджетіне де салмақ салуда. Яғни, 2014 жылдан бастап, жыл сайын бағаналардың жалға алынғандығына, техникалық қызмет көрсетілуіне және жарықты қосу қызметтеріне аудан бюджетінен қаражат қарауды талап етеді. Аталмыш бағдарлама бойынша ағымдағы жылға 17 млн.700 мың теңге бөлінді, бұл қаражат селолық округтердегі көшелерді жарықтандыруды жалғастыру, мектептерді ағымдағы жөндеуден өткізу және санитариялық тазалау жұмыстарына жұмсалады.
Барлығыңызға белгілі, биыл облыста екінші жыл қатарынан «Көркейе бер, туған жер!» акциясы өткізілуде. Біздің ауданның кәсіпкерлері бұл акцияға өз үлесін қосып, белсене атсалысуда. Сонымен, 2013 жылы аудан кәсіпкерлері 27 мектеп пен 5 балабақшаға ағымдағы жөндеу жүргізді, орындық және акт залдарына кресло, спорттық құрал-жабдықтар және т.б. сатып алып берді. Алға қаласы мектептері мен балабақшаларының аулалары асфальтталды, қоқыс алаңдары орнатылды, «НұрОтан» ғимараты жөнделіп, көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеті абаттандырылды.
Өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен аудандық әкімдікке күрделі жөндеу жүргізілді. Бұған облыстық бюджеттен 43 млн.933 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп, нәтижесінде әкімдіктің шатыры мен акт залы жөнделіп, терезелері ауыстырылды. Сондай-ақ, 1 - нші қабаттағы кабинеттер жаңартылып, пластикалық қабырғадан күзет бөлімшесіне және сыртқы киімдерді ілуге арналған бөлме орнатылды.
Елбасымыз өзінің маңызды бағыттарының бірінде қазақстандықтарды қол жетімді баспанамен қамтамасыз етуді атап көрсеткен болатын. Бұл бағдарлама Қазақстан азаматтарының тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған. Өкінішке орай, аудан деңгейінде бұл әлі де толық шешімін таба қоймаған маңызды мәселе болып отыр. Қазіргі таңда Алға қаласында тұрғын үй кезегінде 1150 адам тіркелген. Жыл сайын біздің тек 8 пәтерлі үй салуға мүмкіндігіміз бар.

2012 жылы 8 пәтерлі үймен қоса, облыс әкімдігінің көмегімен 58 пәтерлі тұрғын үй эксплуатацияға енгізілген болатын.

Қазіргі таңда Алғада 2-қабатты 8-пәтерлі жалға берілетін коммуналдық тұрғын үй құрылысы аяқталды. Аудан бойынша 7106 шаршы метрлік 69 жеке, 64 пәтерлі 1 көпқабатты (5798 ш.м.) тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Алға қаласының бас жоспарына сәйкес, аудан орталығынан 60 пәтерлі тұрғын үйдің жобалық сметалық құжаттамасын әзірлеуге аудан әкімдігіне өтініш енгіздік. Жер телімдеріне жеке инвесторлардың төмен пайыздық мөлшерлемесін тарту арқылы коммерциялық тұрғын үй құрылысын жүргізу бойынша жұмыстар атқарудамыз.

Қаланың бас жоспарына сәйкес, Қарабұлақ трассасының бойында тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Республикалық бюджеттен бөлінген трансферттердің аясында № 1 тұрғындар массивіне 2012 жылы газ тартылып, 2013 жылы сумен жабдықтау жұмыстары басталды. Инженерлік – коммуникациялық желілерді жүргізу жалғасуда. Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге бөлінген 300 жер телімінің бүгінгі күні 42-іне үй салынып, қазіргі таңда 15 үйде тұрғындар тұрып жатыр.


Әлеуметтік саланы жетілдірудегі негізгі басымдықтардың бірі жұмыссыздықты азайту болып табылады. Осыған орай, ағымдағы жылы 578 жаңа жұмыс орны ашылды, немесе жоспар 44,5 пайызға артық орындалды (жоспар 400 орын). Әлеуметтік көмекке мұқтаж 136 жұмыссыз азамат жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.

2013 жылы 216 адам «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысуға өтініш-тілектерін білдіріп, әлеуметтік келісімшартқа қол қойды. Бағдарламаны жүзеге асыру барысында бірінші бағыт бойынша 184,8 млн.теңгеге 4 нысан күрделі жөндеуден өткізілді (Маржанбұлақ с. балабақшасы, Есет батыр с.мәдениет үйі мен мектеп-бақшасына, Алға қ. орталық аудандық ауруханасы). Бұл жобалар бойынша 187 адам жұмыспен қамтылды.



«Ауыл кәсіпкерлігін дамытуды қолдау» деп аталатын екінші бағыты бойынша 18 кәсіпкерге 33,4 млн.тенге көлемінде шағын несие берілді (сән салонын, тігін цехын ашуға, киіз үй дайындайтын цех, қымыз өндіретін цех, шағын наубайхана ашуға, моншаны күрделі жөндеуге, техникалық қызмет көрсету станциясына құралдар алуға, малшаруашылығын дамытуға, көкөніс өсіруге және т.б.) Берілген несиелердің орташа көлемі 1 млн. 960 мың теңгені құрады. Несие алған 18 азаматтың барлығы да «Бизнес Навигатор» оқыту орталығында кәсіпкерлікке негізделген оқулардан дәріс алды.

Инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда 3 кәсіпкер («Бәйтерек», «Тұлпар» шаруа қожалылығы және «Рспагамбетов» жеке кәсіпкер) нысандарды газдандыру, электрмен және сумен жабдықтау бойынша құрылыс – монтаждық жұмыстарын жүргізді. Электрэнергиясын жеткізу мақсатында 3 шаруа қожалығына («Дания» , «Бейбарыс-Т», «Алик») 10,6 млн.теңгеге жел генераторы сатып алынды.

Үшінші бағыт бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына 105 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды (жоспар бойынша 60 адам немесе 175 пайыз). Әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыстарын аяқтаған 123 азаматтың 87-сі тұрақты жұмысқа орналасты. Жоспар бойынша бөлінген 13,6 млн.теңге толығымен игерілді. Жастар тәжірибесіне 41 адам жолданды (жоспар бойынша 35 адам, 117,1 пайыз). Жастар тәжірибесін аяқтаған 16 азаматтың 8-і тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл бағытта 6,3 млн.теңге бөлінді.

Бағдарлама бойынша қайта даярлау мен біліктілікті арттыру курстарына қатысушы 12 азаматқа республикалық бюджеттен 1,8 млн.теңге қарастырылды. Кәсіби оқытуға еңбек нарығына қажетті кәсіптер бойынша оқытуға 16 адам жіберілді (кәсіби даярлау – 2 адам, қайта даярлау – 10 адам, біліктілікті арттыру – 4 адам).


Білім беру

Ауданда «Білім беруді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Білім беру қызметінің негізгі нәтижесі - мектеп түлектерін мемлекеттік аттестациялау болып табылады. 2013 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша 9 түлек «Алтын белгіге» қол жеткізді. Нәтижесінде облыс бойынша біздің ауданның түлектері үшінші нәтижеге қол жеткізіп, ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы 73,6 пайызды құрады.

Қазіргі таңда аудан балабақшаларына 360-қа жуық бала кезекте тұр. Бұл мәселені шешу мақсатында Алғада 320 орындық балабақша құрылысына жобалық сметалық құжаттамасы дайындалуда.

2013 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген 38,6 млн.теңгеге Маржанбұлақ бала бақшасына және 55,3 млн.теңгеге Есет батыр мектеп-бақшасына күрделі жөндеу жүргізілді.

Сондай-ақ, Нұрбұлақ және Тоқмансай орта мектептеріне жылу қазандықтары қондырылды.


Денсаулық сақтау

«Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының нәтижелі жүзеге асырылуына байланысты денсаулық сақтау саласы бойынша барлық көрсеткіштер қанағаттанарлық деңгейде.

Аудандық орталық аурухана және селолық дәрігерлік амбулаториялар қажетті құрал – жабдықтармен және дәрі - дәрмектермен қамтамасыз етілген.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасының аясында орталық аудандық аурухананың стационар бөлімі күрделі жөндеуден өткізілді (операциялық блок, жан сақтау, жедел жәрдем бөлімдері және кабинеттер).

Сондай – ақ, Алға қаласына 2 және Қарабұлақ ауылына медициналық автокөлік берілді.
Мәдениет

Ауданның мәдениет саласы да жоспарлы түрде дамып келеді. Облыстық басқарманың қолдауымен Бестамақ ауылында Есет батыр Көкіұлы мемориалдық кешенінің жаңа ғимараты салынды, онда мұражай, намазхана, 180 орындық асхана және т.б. салынған.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Бесқоспа селолық округінің Есет батыр атындағы мәдениет Үйі күрделі жөндеуден өткізілді. 2014 жылы селолық мәдениет Үйінде бишілер ұжымы, қазақ ұлттық аспаптары оркестрі, әртүрлі үйірмелер, сондай-ақ 250 орындық акт залы жұмыс жасайды деп көзделуде.

Аудан тұрғындарының ынтасы мен қайырымдылығының арқасында Алға қаласының орталық саябағында интернационал жауынгерлерге арналған ескерткіш орнатылды.

Алға ауданының энциклопедиясын шығаруға материал жинақтау бойынша белсенді жұмыстар атқарылуда.

Аудандық мәдениетҮйінің ішінен аудандық мұражайға бір бөлме бөлінді, осыған орай, тарихи материалдар мен экспонаттар жинақталуда.

Селолық мәдениет Үйлеріне жөндеуге жобалық сметалық құжаттама әзірлеу үшін селолық мәдениет нысандарын ауыл әкімдіктерінің балансына өткізу бойынша қайта түгендеу жұмыстары жүргізілуде.

2014 жылдан бастап өткізілетін мәдени шараларды орталық алаңнан орталық саябаққа көшіру жоспарлануда.


Дене шынықтыру және спорт

Ойын сауық шараларын ұйымдастыру үшін облыстық бюджет есебінен 29,8 млн.теңгеге Алға қаласында 5 спорт алаңы салынды (БЖСМ, колледж, № 1,3,4 мектептер).

2014 жылы аудан орталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу жоспарланған. Онда 2 күрес залы, 2 ойын залы, теннис залы және интеллектуалды спорт түрлеріне арналған зал болады.

Дәстүрлі спорттық жарыстармен қатар 2013 жылдан бастап, шекарашы А.О.Филипко мен спорт шебері Алғалық Б.Төлеуовтың құрметіне турнирлер өткізілуде.


2014 жылға міндеттер:

- «Транстелекомсвязь» ЖШС оптика-талшықты кабель өндіру бойынша шағын зауыт салу;

- «АкТеп» ЖШС жобалық қуаты жылына 20,0 мың тонна ет өндіру ет комбинаты мен 39,0 мың тоннаастық сақтайтын қойманың құрылысы;

- бұрынғы химия зауытының өнеркәсіптік алаңындағы жартылай бұзылған ғимараттарды жою және оларды құрылыс материалдар ретінде қайта өңдеу бойынша индустриалдық зона құру;

- «Агробизнес – 2020» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламаларын кең ауқымда пайдалана отырып, шаруа қожалықтарын жетіспейтін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және тиісті құрал-жабдықтар сатып алу (жел генераторлары, шағын цехтер және т.б.);

- мал азығы алқаптарын кеңейту, ауыл шаруашылық өндірушілерін ылғалсақтағыш заманауи технологияға көшіру, сондай-ақ, суармалы егіншілікті дамыту бойынша жұмыстарды жүргізу;

- Бестамақ селолық округіндегі үйрек фермасын және Маржанбұлақ ауылындағы кемпинг пен қаз фермасын қайта жаңғырту;

- құрылған ветеринарлық пункттер арқылы бруцеллез және басқа да инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында жеке секторды залалсыздандыру жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізу;

- Алға қаласындағы кәсіпкерлердің өңірлік палатасының бөлімшесін құру;

- кәсіпкерліктің ұлттық палатасының қаражаты есебінен шағын және орта бизнес субъектілерін одан әрі қолдау және ауданда жаңа нысандар ашу;

- кәсіпкерлік саласына жеке қаражаттарды тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу;

- Алға қаласы Аимбаев көшесіндегі ғимаратты фитнес-залы мен балаларға арналған ойын алаңы бар сауықтыру кешеніне күрделі жөндеу;

- 250 орындық 2 кафе құрылысы;

- 2 газ құю станциясы мен «Тәтті тағам» кондитерлік цехын кеңейту және т.б.

- Қарабұлақ, Маржанбұлақ, Қайындысай, Қарақұдық ауылдарын газдандыру жұмыстарын аяқтау;

- Алға қаласының жылу қазандығын одан әрі модернизациялау;

- Алға қаласында орналасқан 6 көпқабатты үйді термомодернизациялау;

- Алға қаласының биотазалау ғимараттарын қайта қалпына келтіру;

- Бестамақ ауылының кәріз желілерін қайта қалпына келтіру;

- Бесқоспа ауылының су құбыры желілерінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу;

- Алға қаласының 8 көшесін күрделі жөндеу қарастырылуда, атап айтсақ, ағын каналдарын жөндеп, Уәлиханов көшесін кеңейту, Байтұрсынов және Уәлиханов көшелерінің тротуарларын жөндеу;

- тұрғындардың өтінішінің негізінде 4 шағын аудан, Байтұрсынов және Уәлиханов көшелеріндегі үйлердің аулаларына асфальт төсеп, балалар ойын алаңын орнатып, абаттандыру;

- 5 селолық округінің орталық көшелерін күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттама дайындау;

- аудандық маңызы бар 4 жол телімдерін «Алға-Үшқұдық», «Алға-Қарабұлақ», «Есет батыр Көкіұлы-Қайнар» және Ақай ауылына кіреберіс көше жолын күрделі жөндеуге ЖСҚ дайындау;

- «Өңірлерді дамыту» бағдарламасын әрі қарай жүзеге асыру (көшелерді жарықтандыру, санитарлық тазалау, әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеу)

- жалдамалы және коммерциялық бағыттағы 5-қабатты тұрғын үйлер құрылысы;

- «Әлеуметтік нысандарды дамыту» атты бірінші бағыты бойынша Бестамақ, Сарықобда, Қарақобда, Тоқмансай орта мектептерін, Үшқұдық пен Алға қ. № 1 мектеп – бақшаларын және Тоқмансай ауылының мәдениет Үйін жөндеу;

- екінші бағыты бойынша, ауданның инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы мен шаруа қожалықтарының бірқатарына құрал-жабдықтар сатып алу;

- Бестамақ селолық округінің Бесқоспа ауылында 60 орындық мектеп салу;

- Қарақұдық ауылында 100 орындық мектеп құрылысына жобалық сметалық құжаттама дайындау;

- Тамды, Қарабұлақ және Алға қаласындағы № 4 орта мектептерін күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттама дайындау;

- денсаулық сақтаудың жалпы жүйесіне инновациялық жобалар мен озық технологиялар енгізу;

- халықаралық нормаларға сәйкес медициналық көмек көрсетудің стандарттарын жетілдіру;

- денсаулық сақтау мамандарын даярлаудың құрылымы мен мазмұнын жетілдіру;

- өткізілетін мәдени шараларды орталық алаңнан орталық саябаққа көшіру;

- аудан орталығында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізу (2 күрес залы, 2 ойын залы, теннис залы және интеллектуалды спорт түрлеріне арналған зал болады).



- «Көркейе бер, туған жер!» акциясының аясында селолық округтердегі спорт алаңдарын абаттандыру, ауылдық мектептерді спорт құралдарымен жабдықтау.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет