Алишев саян әбдімәуленұлы аймақ экономикасының әлеуметтік экономикалық даму мәселелері



Дата27.02.2016
өлшемі334.89 Kb.
#28003
ӘОЖ 378.374 (574) Қолжазба құқығында
АЛИШЕВ САЯН ӘБДІМӘУЛЕНҰЛЫ
Аймақ экономикасының әлеуметтік экономикалық даму мәселелері

(Қызылорда облысы мәліметтері негізінде)

6 М050600 – Экономика мамандығы бойынша экономика ғылымдарының магистрі

академиялық дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

Рефераты

Кызылорда, 2012

Жұмыс Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде орындалды


Ғылыми жетекші экономика ғылымдарының кандидаты

Г.Е.Талапбаева
Ресми оппонент экономика ғылымдарының

кандидаты Г.Е.Ержанова

Диссертацияны қорғау 2012 ж. ____ маусымда ____ сағатта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде өтеді. 120014. Қызылорда қ., Әйтеке би к-сі, 29А. ( бас оқу ғимараты, Экономика факультеті, № 308 дәрісхана)

Магистрлік диссертациямен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кітапханасында танысуға болады. (120014. Қызылорда қ., Байсеитова к-сі, 100.)




КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Нарықтық қатынастар аясының кеңеюі, экономиканы басқару жүйесіндегі соңғы уақытта жүргізіліп жатқан өзгерістер аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жүйесіндегі орны мен роліне айтарлықтай ықпалын тигізді. Осыған орай аймақ экономикасын басқару, олардың дамуын мемлекет тарапынан реттеу мәселелері өзекті бола түсері сөзсіз. Республиканың әрбір аймағы еліміздің шаруашылық кешенінде белгілі бір орынды ала отырып, осыған қоса басқа аймақтармен бүтіндей экономикалық бірлікті құрайды. Сондай-ақ әр аймақтың өзіндік табиғи ресурстары, оларды орналастырудағы ерекшеліктері, экономикалық даму деңгейі, өзіндік шаруашылық құрылымы бар. Соған байланысты аймақтық саясат қалыптасып жүзеге асырылады.

Қазіргі кезеңде негізгі шаруашылық қызметтің аймақтарда жүзеге асырылатынын ескерсек, оларға әлеуметтік-экономикалық мәселелерді өздігінен шешуге лайықты қаржылық дербестіктің берілуі маңызды болып табылады.Осымен байланысты бүгінгі таңда мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіліктерді ажырату, аймақтың экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері еліміз аймақтарының экономикалық өсуіне мүмкіндік беретін негізгі шарттар ретінде қарастырылуда.

Қазақстан жолының жаңа кезеңі – экономиканы нығайтудың, халықтың әл ауқатын арттырудың жаңа міндеттері.

Қазақстан үшін экономикалық табыстар мен қоғамдық игіліктерді қамтамасыз етудің оңтайлы теңгерімін табу - өмірлік маңызды мәселе. Бұл таяу он жылдықтағы Қазақстан дамуының басты бағыты.

Қуатты Қазақстан дегеніміз – ең әуелі өңірлердің қуаттылығы. Елдің болашағы экономикадағы келешегі зор салалардың дамуымен байланысты деп Ел басы өзінің «Әлеуметтік – экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты жолдауында атап көрсетті.

Қазақстан Республикасының құрамында 66 жыл бұрын құрылған Қызылорда облысы міне ұзақ уақыттар бойы өзіне көптеген елдердің назарын аудартып отыр. Қызылорда облысында 712,9 мың адам тұрады, халықтың тығыздығы 1 шаршы шақырымға 2,7 адамнан келеді. Қызылорда облысын көптеген елдердің, халықаралық ұйымдардың және аймақтық одақтардың назарында болатын ерекше аймақтар қатарына жатқызуға болады. Өйткені, облыс тек қана экологиялық апат аймағына жатқызылып, «Байқоңыр» ғарыш айлағының жанында орналасқандықтан емес, облыста сонымен қатар, кедейшілік және жұмыссыздық сияқты басқа да ірі ауқымды мәселелер орын алады. Бұл орайда облыс, әрқашанда кедейшілік, денсаулық сақтау және басқа да аймақтық бағдарламаларды жүзеге асыру үшін шетел инвестициясының, техникалық және қаржылай көмектің құяр көзі болып қалады.

Қызылорда облысы – дағдарыстық экономикалық аймаққа, яғни –қысылшаң табиғи-климаттық, әлеуметтік-экономикалық және техника-технологиялық жағдайдағы, шаруашылықтың салалық құрылымы ұтымды емес дағдарыстық аймаққа, сонымен қатар экологиялық дағдарысқа ұшыраған аймаққа жатады. Әрине аймақтағы ең басты мәселе бұл – облыстағы экологиялық ахуал болып табылады. Бұған себеп, әрине Арал теңізінің тартылуы. Теңіз табанынан ұшқан тұзды шаң айнала қоршаған ортаны бұзып, аймақта экологиялық диспропорцияны тудырып отыр. Сонымен қатар, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан күн ара ұшырылған зымырандар да аймақтың климаттық ерекшелігін мүлде өзгертті. Ал соңғы уақытта Сырдария өзенінің ирригациялық кезеңде тартылып қалып, ал қыс-көктем айларында арнасынан шығып жақын жатқан елді мекендерді су алуы аймақтағы экологиялық ахуалды тіпті ушықтырды. Сонымен қатар, Кеңес Одағы күйрегеннен кейін облыстағы бүкіл өндіріс тоқтап, аймақтың нарықтық экономикаға жедел кіріп кетуіне кедергілер туғызды. Қазақстанның басқа аймақтарына қарағанда облыста шағын бизнес баяу қарқынмен дамыды. Осы және басқа да мәселелер тізбегі – аймақтағы халықтың тұрмыс деңгейін төмендетіп, аймағымыз халықтың ауру-сырқаулығы, кедейшілік, жұмыссыздық сияқты көрсеткіштер бойынша Қазақстан аймақтарының арасында соңғы орындардың бірін алды. Алайда соңғы жылдары Кызылорда аймағының даму деңгейі жақсара түсті десек болады. Бұған себеп, аймақта жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық-экологиялық бағдарламалар легі және олардың оң нәтижесі. Сонымен бірге облыстағы мұнай және газ конденсаты, уран, басқа да руда металлдарының кен орындарының ашылуы аймақтың экономикасын біршама жандандырып, халықтың әл-ауқатының деңгейін көтерді. Шағын және орта бизнесті несиелеу негізінде облыста шағын бизнес субьектілері құрылып, аймақтағы шағын кәсіпкерлік, сауда даму үстінде. Десек те облысымыз әлі де аяғына тік тұрған жоқ және алдағы уақытта әлеуметтік-экономикалық зерттеуді қажет етеді. Бұл мәселені зерттеу маңыздылығы оған қоса аймақтағы халықтың қазіргі кезде өткір әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, экологиялық мәселерін шешу мақсатында аймақтың демография-миграциялық жағдайының, өндірістік-өнеркәсіптік әлеуетінің, экологиялық хал-ахуалының және әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымының өткен кезеңдердегі өзгерулерінің ғылыми тұрғыда бағалануының және алдағы уақытта осы салалардың мүмкіншіліктерін саралап, болжамдауының қажеттілігінен туындаған.

Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Аймақтық даму және аймақтық саясат мәселелері көптеген отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған. Аймақтардың дамуын саралау, олардың экономикалық дамуын бағалау, аймақтық саясат ерекшеліктерін талдап, оның жүзеге асырылу механизмдерінің жетілдіру жолдарын анықтау – аймақтық дамуды зерттеген ғалымдардың еңбегінің негізі болып табылды.

Әсіресе аймақтық басқару мәселелерін зерттеуде Г.С.Смағұлова, Ю.С.Дульщиков, В.Я. Афанасьева және М.Б. Кенжегузин сияқты ғалымдардың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, аймақтың экономикалық дамуы және оны басқарудың ерекшеліктері В. Архангелський, М. Баяндин, Е.Айтаханов, Н.Ташимова, М. Дузбаева секілді ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

Қазақстан экономикасын реформалаудың жетістігі бұл оның аймақтарда жүзеге асырылуына тікелей байланысты. Өйткені экономиканы реформалаудағы негізгі мақсат бұл – аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын реттеу арқылы жалпы елдің экономикасын тұрақтандыру. Осы негізде жоғарыда аталып өткен ғалымдардың еңбегі зор деп ойлаймын.

Аймақтық экономиканы, оның ішінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын, экологиялық жағдайын және экономикалық қауіпсіздік мәселелерін зерттеген ғалымдардың ішінен С.Ө. Нұрғисаевтің, И. Ким және А. Темированың, А Хакимованың еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Бұл зерттеушілердің зерттеу жұмыстары Қызылорда облысының экономикасын зерттеуде, оның экономикалық даму ерекшелігін анықтауда қосқан үлестері зор.

Жоғарыдағыларды қорытындылай келе, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын Қазақстандық зерттеушілер кең зерттегенін айтуға болады. Алайда бұған қатысты көп мәселелер әлі күнге дейін шынайы зерттеулерде тұжырымдық позицияға ие болмаған. Мысалға, қазірде дағдарыстық аймақтардың, оның ішінде Қызылорда облысының нарықтық экономика жағдайында қолда бар шикізат әлеуетін тиімді пайдалану есебінен жоғары технологиялық өңдеу өнеркәсібін құру және дамыту арқылы облыстағы халықтың тұрмыс деңгейін көтеру мәселелері толық зерттелмеген. Аталмыш тақырыпты осы ғылыми жұмыстың авторы сол себептен таңдап отыр.

Зерттеудің мақсаттары мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын реттейтін механизмді жасау, оны осы процесстің болуын қамтамасыз еткен факторларды сараптау арқылы жүзеге асыру. Осыған байланысты келесі міндеттерді шешу көзделген:

- Қазақстан Республикасының экономикалық дамуының аймақтық факторларын және аймақтық мәселелерін қарастыру;

- Қазақстандағы аймақтардың типологиялық ерекшеліктерін, аймақтық саясат және оны жүзеге асыру механизмдерін талдау;

- Қызылорда облысының демография-миграциялық жағдайының, өндірістік-өнеркәсіптік әлеуетінің, экологиялық хал-ахуалының және әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымының өткен кезеңдердегі өзгерулерін ғылыми тұрғыда бағалау;

- Жалпы аймақтық өнім ішіндегі шикізат өндіру бөлігін экспортқа бағытталған өндіріске ауыстыру негізінде экономика салаларын диверсификациялау арқылы аймақтың экономикалық өсуін болжамдау;

- Аймақтың ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін қарастыру;



Зерттеу нысаны болып Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы болып табылады.

Зерттеу пәні – аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы мен мүмкіншіліктерін зерттеу.

Зерттеудің теория -әдістемелік негізі болып осы зерттеуге байланысты отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері танылады. Зерттеудің ақпараттық базасын Қызылорда облысының бағдарламалық құжаттары, Қызылорда облысының «Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінің» мәліметтері және ҚР статистика бойынша Агенттік материалдары мен Қызылорда облыстық Статистика Департаментінің мәліметтері құрайды.

Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы. Диссертациялық зерттеу барысында ғылыми жаңалық ретінде мынадай нәтижелер алынды:

- еліміздің экономикасының қарқынды дамуында аймақтық саясаттың маңыздылығы анықталды;

- теориялық ережелерді жинақтап қорытындылау негізінде «аймақ экономикасын басқару» ұғымына авторлық ұғымдық-мазмұндық және әдістемелік дәлелдемелер берілді; еліміздің экономикасындағы аймақтардың рөлі мен алатын орны негізделді;

- ғылыми түрде талдау жасау тұрғысынан аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуының тұжырымдамалық негізі мен бағыттары әзірленді және аймақтық айырмашылықтары мен ерекшеліктері анықталды;

- аймақты экономикалық дамытудың ерекшеліктерін, ресурстық әлеуетін жүйеге түсіру негізінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламасын дайындаудың нақты айқындамасы жасалды;

- аймақтың экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту динамикасына, сандық және сапалық өлшемдеріне салыстырмалы түрде жасалған талдау негізінде олардың даму тенденциясы анықталды;

- үкіметте қабылданған бағдарламалық құжаттары негізінде Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын жетілдірудің негізгі бағыттары белгіленді.

Диссертацияның қорғауға шығарылатын тұжырымдары:

- Қазақстан Республикасындағы аймақтардың әлеуметтік – экономикалық дамуын ұлттық экономиканың кешенді дамуымен үйлестірудің әдістемелік аспектілері зерттелді;

- аймақтардың әлеуметтік – экономикалық даму жағдайын бейнелейтін негізгі көрсеткіштер негізделді;

- экономиканың үдемелі даму жағдайында аймақтардың әлеуметтік – экономикалық дамуына әсерін тигізетін ерекше факторлар айқындалды және оларды есепке алудың қажеттілігі дәлелденді;

- Қызылорда облысының қазіргі кездегі әлеуметтік-экономикалық дамуын бағалау, олардың өз шешімін күтіп тұрған әлеуметтік-экономикалық-экологиялық өзекті мәселелері анықталды;

- аймақтардың дағдарыстық деңгейін анықтайтын критерийлері ұсынылды;

- үкіметтің орта және ұзақ мерзімді перспективті бағдарламалық шешімдері аясында аймақтардың әлеуметтік - экономикалық дамуын жетілдірудің стратегиясы жасалынып оны жүзеге асырудың шаралар кешені белгіленді.

Жұмыстың ғылыми-тәжірибелік маңыздылығы. Зерттеудің теориялық және тәжірибелік маңыздылығын зерттеу барысында жасалған тұжырымдамалар мен ұсыныстар әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, инновациялық-техникалық дамытудың мемлекеттік және аймақтық бағдарламаларды әзірлеу кезінде қолдануға болатындығында. Зерттеу нәтижелерін мемлекеттік басқару органдары аймақтың әлеуметтік – экономикалық даму стратегиясын әзірлеу кезінде, өкілетті органдар мен әкімшіліктер аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларды жақсарту шараларында қолдануға болады. Сонымен қатар диссертацияның тұжырымдамалары мен ережелері ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік жұмыстарда пайдалана алады.



Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу (апробациясы). Зерттеудің негізгі нәтижелері мен тұжырымдары халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференцияларда: «Актуальные проблемы обеспечения качества и конкурентоспособности товаров и услуг в условиях глобализации» (Қарағанды қаласы, 2012 ж); «20 жыл: Экономикалық өрлеу және тәуелсіздік туы» Экономика факультетінің 20 жылдығына арналған облыстық ғылыми тәжірибелік конференция (Қызылорда қаласы, 2012 ж) баяндалып талқыланды.

Дисертацияның зерттеу нәтижелері Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының перспективалық жоспарын әзірлеу барысында Қызылорда қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінде пайдаланылды.

Басылымдар. Диссертация тақырыбы 2 мақала басылымдарда шығарылған.

Диссертация құрылымы. Диссертация кіріспе, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыста 4 кесте, 37 сурет келтірілген.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 Қазақстан Республикасының экономикалық дамуының аймақтық факторларының теориялық негіздері.

Нарықтық экономикаға кең көлемде өту барысында Қазақстанның әр облысы жаңа жағдайларға икемделіп, қандай да бір жолдармен әлеуметтік тығырықты мәселелерден шығып, өндіріс құлдырауын тоқтату үшін экономикалық дамудың өзіндік үлгілерін дайындауға талпынды. Нарықтық экономикаға өтудің мұндай жолы әрине тиімді болып табылмайды. Өйткені, республикалық маңызды стратегиялық мақсаттарды шешу сияқты мәселелер аймақтық басқару органдарының басқару шегінен тысқары қалды. Бұл жерде аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын басқару мәселелерін қайта қарастыру қажеттігі туындады және ол өлкелік шаруашылық жүргізудің жаңа принциптеріне негізделуі керек:

- табыс пен шығынның өлшемделуі, яғни шаруашылық қызмет нәтижесінде алынған өз табыстар есебінен шығындарды өтеу (өтімділік);

- табыстардың шығындардан артуы (өзін-өзі қаржыландыруды қамтамасыз ету);

- шаруашылық қызмет нәтижелеріне материалды және моральды жауапкершілік;

- аумақ деңгейінде алынған табыстар есебінен әлеуметтік және аймақ ішілік мәселелерді шешу.

Қазақстан үшін әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын тегістеуге бағытталған мемлекеттік аймақтық саясатты жүргізу стратегиялық тұрғыдан маңызды болып табылады. Ұлттық экономиканың тұрақты өсуі елдің проблемалық аймақтарындағы өмір сүру жағдайын жақсартпайынша мүмкін емес.Республиканың қазіргі экономикалық кеңістігі әлеуметтік, экономикалық, экологиялық ерекше проблемаларымен сипатталатын әр түрлі аумақтарды қамтиды. Осы тұрғыдан алғанда және аймақтардың мамандандырылу қағидасына сәйкес республика аймақтарын төрт топқа бөлуге болады:

- шаруашылықтарының құрылымы экспортқа бағытталған;

- индустриялық дамыған;

- агроөнеркәсіптік;

- дағдарыстық.

Аймақтардың экономиккалық дамуының және экономикалық рефораларды жүзеге асыру ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан аймақтарын беске бөлеміз:

- Батыс Қазақстан;

- Солтүстік Қазақстан;

- Шығыс Қазақстан;

- Оңтүстік Қазақстан;

- Орталық Қазақтан.

Аймақтардың қысқаша түсініктемесі келесі кестеде көрсетілген (1 -кесте): Аймақ дамуының кез келген аясындағы дағдарысты жою, бір жағынан алғанда, экономикалық белсенділік деңгейімен байланысты. Әлеуметтік даму салыстырмалы түрде дербестікке ие бола отырып, айтарлықтай дәрежеде ресурстық мүмкіндіктермен анықталады, олар өз кезегінде экономикалық даму деңгейіне байланысты. Екінші жағынан, нарықтық шаруашылықтың әлеуметтік жағдайға зиянын тигізе отырып, тек ғана экономикалық басымдыққа біржақты бейімделуі нарықтық экономиканың және тұтас мемлекеттің дамуына қауіп туғызады. Сондықтан мемлекеттік реттеудің әлеуметтік және экономикалық құраушыларының тепе-теңдігі қажет.

Экономикалық және әлеуметтік құраушыларды тепе-теңдікте дамыта отырып, аймақ дамуындағы әр түрлі бағыттағы олқылықтардың орнын толықтыруға және халықтың тұрмыс жағдайының деңгейін көтеруге болады, бұл түптеп келгенде мемлекеттің аймақтық саясатының табысты жүргізілуін анықтайтын негізгі шарттардың бірі болып табылады.

Кесте 1 - Қазақстандағы аймақтардың қысқаша сипаттамасы



Аймақ

Территория, мың шаршы шақырым

Сипаттамасы

Орталық Қазақстан

398,8

Құрылыс индустриясының, қара және түсті металлургияның, химия өнеркәсібінің және көмір өнеркәсібінің өндірістік-өнеркәсіптік орталықтары

Шығыс Қазақстан

277

Түсті металлургия, электроэнергетика, химия және ағаш өңдеу өнеркәсібі

Солтүстік Қазақстан

600,9


Жылу-энергетика, кен өндіру салалары, аллюминий және ферроқорытпа өндірісі, агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі

Батыс Қазақстан

728,5

Мұнай және газдың бай кен орындары, хромит, марганец, никель, фосфорит, ферроқорытпа, минералды тыңайтқыштар, мұнай-газ химиясы, балық өнеркәсібі

Оңтүстік Қазақстан

712,2

Бақшагерлік, жүзім, мақта, қант қызылшасы, күріш шаруашылықтары, Фосфорит, фосфорлы тыңайтқыштар, тұз өндірудің әлемдегі ірі кешендері

Ескерту – Айтаханов Е. «Региональная политика: основные ориентиры реализации в РК» // Саясат – 2008, № 4, с.56-58

Ұзақ мерзімді экономикалық саясатқа өту – бұл аймақтық басқару органдарының әрқайсысы белгілі бір міндеттер мен мәселелерді шешетін өзара байланысты құжаттар жүйесін дайындауды қарастырады. Аймақтық дамуды білдіретін құжаттардың ымырасыз сызбасы келесі суретте көрсетілген (1-сурет).



Ескерту – Архангельский В. «Региональная экономическая политика и механизмы ее реализации» // Аль-Пари – 2008, №3, с. 17-21
1сурет - Аймақтық дамуды және олардың байланысын білдіретін құжаттар

Аймақтық саясат деп мемлекеттік басқару органдарының қызметінің маңызды бағытталуын түсіну керек. Аймақтық саясат бұл - аймақтың, жалпы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында көзделген мақсаттарға жету үшін мемлекеттік басқару органдарының қоғамның территориялық құрылымдарына принциптер, басым бағыттар, әдістер және іс-шаралар арқылы әсер етуі. Концепция – бұл ұзақ мерзімді кезеңге арналған аймақ экономикасының тиімді бағытталуын және оның әлеуметтік – экономикалық негіздемесін білдіретін құжат болып табылады. Ол әлеуметтік – экономикалық өзгеріссіз табиғи және өндірістік базаның тұрақты жағдайдағы кезеңін қамтиды.Экономикалық саясат (негізгі бағыттар) – концепцияда жасалған бағыттарды нақтылайтын ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді іс – шаралар жүйесін, негізгі ресурстар мен оларды тиімді қолдану есебін және әлеуметтік нәтижелерді қамтиды. Әлеуметтік – экономикалық саясаттың негізгі бөлігі болып табылатын экономикалық саясат 10-15 жылға дайындалады.

Аймақ экономикасы дамуының факторлы болжамы - өз және басқа да тартылған ресурстарды тиімді қолдану шарттарын, мүмкіншіліктерін, көлемін, ресурсты тарту көздерін, тауарлы нарықты дамытуды және дайындалатын экономикалық саясатты жүзеге асыру нәтижесінде халық шаруашылығының тиімділігін жоғарылату мүмкіншіліктерін қамтиды. Бұл құжат орта мерзімді (5-10 жыл) және қысқа мерзімді (3-5 жыл) перспективаға дайындалуы мүмкін.

2. Қызылорда облысының әлеуметтік – экономикалық даму жағдайын талдау

Қызылорда облысы Қазақстан Республикасының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Жалпы жер көлемі – 226 мың шаршы шақырымды құрайды, яғни республиканың бүкіл территориясының 8,3 % жерін алып жатыр. Әкімшілік орталығы – Қызылорда қаласы, Сырдария өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан. Облыста 01.01.2012 жылғы жағдай бойынша 7 аудан, 3 қалалар, 2 кенттер, 143 ауылдық округтер, 263 елді мекендер бар. Жалпы облыстағы халық саны 2011 жылы 712,9 мың адамды құрады. Оның ішінде 301,5 мың адам (42,3 %) - қалада тұрса, 411,4 мың адам (57,7 %) – ауылда тұрады. 2011 жылы облыстағы халық саны 2007 жылмен салыстырғанда 80,7 мың адамға өсті. Ал облыстағы халықтың табиғи өсімі 10900 адамды құрады. Республикамызда соңғы жылдары аймақтық экономикаға, аймақтарды дамытуға, дәлірек айтсақ, республикамыздағы әрбір аймақтың экономикалық өсуіне, әлеуметтік жағдайына, қаржы жағдайын тұрақтандыруға, халықтың әл-ауқатын көтеруге,отандық және шетелдік инвестицияларды тарту және оны тиімді пайдалануға, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, сонымен қатар шағын және орта бизнесті дамыту сияқты мәселелерді шешуге айтарлықтай қөңіл бөлініп, нақты іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Аймақтар дамуындағы қазіргі қалыптасып отырған жағдайды саралау және соған орай аймақтық саясаттың бағыттарын айқындау өзекті мәселеге айналады. Осы мақсатта аймақтық саясаттың қалыптасуына әсерін тигізетін негізгі жағдайларды, яғни Қызылорда облысының 2007-2011 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын көрсеткіштер тізбесін сараптайық (2-кесте). 2 - кестеден көріп отырғанымыздай облыстағы халық саны 2007 жылы 632,2 мың адамды құрасы, 2011 жылы 712,9 мың адамды құрап 12,7 % - ға артып отыр. Хлықтың табиғи өсімі 2007 жылы 11,2 мың адамды құраса, 2011 жылы 10,9 мың адамды құрады, бұл көрсеткіш 2007 жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға төмендеген.

Кесте 2 - Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын негізгі көрсеткіштер

Көрсеткіштер

2007 жыл

2008 жыл

2009 жыл

2010 жыл

2011 жыл

1. Халық саны , мың адам

632,2

641,6

689,7

700,6

712,9

2. Халықтың табиғи өсімі, кемуі

- мың адам

- 1000 адамға шаққанда


11,2


17,99

13,1


20,59

13,8


20,16

14,8


21,32

10,9


20,30

3. Экономикада жұмыспен қамтылғандар саны, мың адам

282,6

283,9

287,0

298,7

333,9


4. Жұмыссыздар саны, мың адам

25,3

21,2

20,4

18,7

19,1


5. Экономикада жұмыс істейтіндердің орташа айлық атаулы жалақысы, теңге

46859

53333

60227

69753

86844


5. Жалпы аймақтық өнім, млн тенге

691035,1

875597,4

663230,6

853889,9

1069367

Оның ішінде:

1 жан басына шаққанда, млн тенге


1093,06

1364,71

961,6

1218,8

1500


6. Өнеркәсіп өнімі (қызмет) көлемі (қолданыстағы бағамен), млн. тенге

666889


845879


625019


809648


1069322


7. Ауыл шаруашылығы өнімі, млн. тенге

24146,1

29718,4

38211,6

44241,9

44 741,4

8. Негізгі капиталға инвестиция көлемі, млн.тенге

102934

172339

171033

246867

273 627

9. Бөлшек сауда тауар айналымы, млн теңге

29396,9

39868,8

52772,1

81242,2

93456

10. Халыққа көрсетілген қызметтің көлемі, млн теңге

1046,4

1177,6

2081,9

1923,2

28 949


11. Тұтыну бағаларының индексі, пайызбен

106,2

108,8

105,9

107,8

109,5


12. Өнеркәсіп өнімін өндірушілер бағасының индексі, пайызбен

161,1


50,5


215,6


109,5


113,6


13. Жүк тасымалдауға арналған тарифтердің индексі, пайызбен

102,8

102,5

99,9

100,0

102,3


14. Құрылыстағы бағалар индексі, пайызбен

106,5

107,6

103,6

104,9

106,1


Ескерту – Қызылорда облысының Статистика департаментінің мәліметтері негізінде автордың құрастыруы

1000 адамға шаққанда табиғи өсім 2007 жылы 17,99 ды құраса 2011 жылы 20,33 құрады. Экономикада жұмыспен қамтылғандар саны 2007 жылмен салыстырғанда 2011 жылы 51,3 мың адамға немесе 18,1 пйызға өсіп отыр. Жұмыссыздар саны 2007 жылмен салыстырғанда 2011 жылы 6,2 мың адамға немесе 24,5 пайызға кеміген. Экономикада жұмыс істейтіндердің орташа атаулы жалақысы 2007 жылы 46859 мың теңгені құраса 2011 жылы 86844 мың теңгені құрап 85,3 пайызға өсіп отыр. 2007 жылы жалпы аймақтық өнім (ЖАӨ) 691035,1 млн теңге құраса, 2011 жылы ЖАӨ 1069367 млн теңге құрап, 54,7 %-ға артып отыр. Оның ішінде бір жан басына шаққандағы ЖАӨ 2007 жылы 1093,06 млн теңге болса, 2011 жылы 1500 млн теңгені құрап, 2007 жылмен салыстырғанда 114,5 мың теңгеге немесе 37,1 %-ға артты. 2007 жылы аймақта өндірілген өнеркәсіп өнім көлемі (қолданыстағы бағамен) 666889 млн теңгені құраса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 1069322 млн. теңгені құрап, 60,0 %-ға артты. Бұның ішінде аграрлы сектордың жалпы өнім көлемі 2007 жылы 24146,1 млн. теңгені құраса, 2011 жылы 44 741,4 млн. теңгені құрап, 85,3 %-ға артып отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2007 жылы 102934 млн теңгені құраса, 2011 жылы 2,6 есеге артып, 273 627 млн. теңгені құрады.

Бюджеттің кірісі 2007 жылы 27,2 млрд теңгені құрады, ал 2011 жылы 37,7 млрд теңгені құрап, 38,6 %-ға артты.Ал бюджеттің шығыс бөлігі 2007 жылы 26,8 млрд теңгені құраса, 2011 жылы 36,9 млрд теңгені құрап, 37,7 %-ға артып кетті.Оның ішінде халықты әлеуметтік қорғау саласына бюджеттен бөлінген ақша көлемі 2007 жылы 2,3 млрд теңгені құраса, 2011 жылы 1,5 млрд теңгені құрап, 34,8 %-ға төмендеп кетті. Ал білім беруге жұмсалған ақша қаражат көлемі 2007 жылы 8,0 млрд теңгені құраса, 2011 жылы 11,2 млрд теңгені құрап, 40 %-ға артты. Денсаулық сақтау саласына кеткен қаражат көлемі 2007 жылы 5,8 млрд теңге болса, 2011 жылы 7,8 млрд теңге болып, 34,5%-ға артып отыр. Ал аймақ бойынша жалпы бөлшек сауда айналымы 2007 жылы 29396,9 млн теңгені құраса, 2011 жылы 93456 млн теңгені құрап, 3,2 есеге артқан. Аймақтың экономикалық дамуын және өндірістік-өнеркәсіптік әлеуетін бағалар болсақ, облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары (кіші, қосалқы шаруашылықтар мен үй шаруашылығы секторларын қосқанда) 2011 жылы қолданыстағы бағамен 1069322 млн теңгенің өнімін өндірді. Жалпы аймақта өндірілген өнеркәсіптік өнім көлемі жылдан –жылға артуда.(4-сурет). Айта кетсек, 2009 жылы аймақта өндірілген өнеркәсіптік өнім көлемі 625019 млн теңгені құраса, 2010 жылы бұл көрсеткіш 809648 млн теңгені құрады, 2011 жылы 1069322 млн теңгені құрап, 2009 жылмен салыстырғанда 2011 жылы бұл көрсеткіш 444303 млн теңгеге немесе 71,0 % артты. 2011 жылы өндіріс көлемінің өсуі 2009 жылмен салыстырғанда Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы және Шиелі аудандарында байқалды.

3 Қызылорда облысының әлеуметтік – экономикалық мүмкіншіліктері мен даму әлеуетін жетілдіру бағыттары

Қызылорда облысы өдірістік-өнеркәсіптік әлеуетіне қарамастан, аграрлы-индустриалды, яғни интенсивті мал және егін гаруашылығы аймағы болып табылады. Республикада қалыптасқан ауыл шаруашылығы еңбегінің бөліну жүйесіне байланысты облыстағы басты маңызды шаруашылық түрі бұл – күріш және бақша дақылдары шаруашылығы.Тауарлы экспорт құрылымында күріш және басқа да ауыл шаруашылық өнімдерінің өсуі күтілуде. Болашақта аймақтың ішкі экономикалық әлеуетін қорғасын өндірісін, мұнай экспортын және әйнек, кірпіш сияқты құрылыс материалдары өндірісін ұлғайту арқылы жоғарылату көзделуде.

Аймақтың 2010-2015 жылдарға арналған индустриалды – инновациялық дамуы келесi негiзгi басым бағыттар бойынша дамиды:

1. Экспортқа бағытталған салалар:

- тау кен саласы;

- мұнай газ саласы.

2. Iшкi бағыттағы салалар:

- мұнай химия өнеркәсiбi;

- құрылыс материалдары өндiрiсi индустриясы;

- ағаш өңдеу өнеркәсiбi;

- жеңiл және тiгiн өнеркәсiбi.

Индустриалды-инновациялық даму арқылы аймақтағы өндірістік-өнеркәсіптік әлеуетті дамыту алдағы жылдары облыс дамуының басты бағыттары. Сондықтан да алдағы 3 жылда аймақтың өндірістік-өнеркәсіптік әлеуеттің дамуын саралайтын болсақ, өнеркәсіп саласы бойынша өндіріс көлемінің артуы жаңа өндірістерді іске қосу, техникалық қайта жарақтандыру, кәсіпорындарды кеңейту есебінен жоспарланып отыр (3-сурет).

Ескерту - Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2010 -2015 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары негізінде автордың құрастыруы


3 сурет - 2013 - 2015 жылдарда аймақтағы өнеркәсіптің дамуы, млд. теңге

Жалпы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 2015 жылы 305,1 млрд теңгені құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 115,7 % - ды құрайды.

Тұрғын үй құрылысын дамыту. 2013-2015 жылдарға пайдалануға берілетін тұрғын үйдің көлемдері айқындалып, 383,8 мың шаршы метрді құрады. Оның ішінде 2013 жылы 112,6 мың шаршы метр, 2014 жылы 143,5 мың шаршы метр, 2015 жылы 127,7 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысының мақсаты – аймақтың тұрғын үй құрылысын дамыту арқылы облыс халқын қол жететін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасау болып табылады . Соның негізінде аймақта 2010-2015 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр (4-сурет). Алдағы 3 жылда республикалық бюджеттен коммуналдық және ипотекалық тұрғын үйлер салуға 1926,7 млн теңге қаржы бөлінбекші. Ағымдағы жылы республикалық бюджет қаржысынан 11 ипотекалық үйлердің құрылысы жүргізілуде. Сондай ақ 8 пәтерлік – екі, 14 пәтерлік – екі, 40 пәтерлік – екі, 50 пәтерлік – екі, 60 пәтерлік бір үйдің құрылыстары басталады.

Биылғы жылы екі 60 пәтерлік коммуналдық үй пайдалануға берілді. Жыл аяғына дейін құрылысы 2011 жылы басталған 128 және 70 пәтерлік ипотекалық тұрғын үйлер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Ауылдық аумақтарды дамыту Бағдарламасы шеңберіндегі ауылдағы жас, білікті мамандар үшін 1000 үй құрылысын салу аяқталуға жақын. Алдағы жылдарда, ауылға қажетті мамандар үшін тұрғын үй салу жалғасын табады.

Ескерту – Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2013-2015 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары негізінде автордың құрастыруы


4 сурет - 2013 - 2015 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы

Облыста қаржыландырудың келесі жобасы пайдаланылатын болады. Коммуналды тұрғын үй құрылысы үшін республикалық бюджет қаржысы есебінен қайтарымсыз негізде 393,7 млн. теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр. Ипотекалық несиелендіру жүйесі арқылы тұрғын үй құрылысы үшін республикалық бюджеттен қайтарымды негізде 2015 жылы 937,0 млн. теңге көлемінде қаржы қаржыландыру көзделген. Агроөнеркәсіптік саясат. 2013-2015 жылдары ауыл шаруашылығын дамыту аграрлық өндірістің өнімін арттыру жолымен ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және жұмыспен қамтудың барлық формаларын қолдай отырып, ауылдық жерлерді индустриязациялау болып табылады. Шағын бизнесте жұмыс істейтін адамдар саны 2011 жылы – 34200 адам, 2013 жылы – 34900, 2014 жылы – 35700, 2015 жылы – 36500 адамды құрайды. Берілген көрсеткіштің өсу қарқыны 2015 жылы 2013 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 106,7 пайызды құрайды.

Ескерту - Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2013-2015 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары мәліметтері негізінде автордың құрастыруы
5 сурет - 2013-2015 жылдары шағын кәсіпкерлік аясында жұмыспен қамтылған адамдар саны (салалар бойынша)
Оның ішінде салалар бойынша шағын кәсіпкерлік аясында жұмыспен қамтылғандарды саралайтын болсақ, ауыл шаруашылығы, аң аулау және орман шаруашылығы саласында 2014 жылы 6106 адам жұмыс істесе, 2015 жылы 6595 адам жұмыс істеп, 8 пайызға артады деп күтілуде. Ал өнеркәсіп саласында 2011 жылы 4030 адам жұмыс істесе, 2015 жылы 4190 адам жұмыс істеп, 4 пайызға артады және құрылыс саласында 2009 жылы 3112 адам жұмыс істесе, 2012 жылы 3211 адам жұмыс істеп, 3,2 пайызға артады деп жоспарлануда. Сауда, автомобильдер мен тұрмыстық қолдану бұйымдарын жөндеу саласында 2009 жылы 9729 адам жұмыс істесе 2012 жылы 10434 адам жұмыс істеп, өсім 7,2 пайыз болады деп күтілуде. Қонақ үйлер мен мейрамханаларда 1097 адам, көлік және байланыс саласында 2153 адам жұмыс істесе, 2009 жылы 1151 адам және 2288 адам жұмыс істеп, сәйкесінше 4,9 және 6,3 пайызға көбейеді деп күтілуде (5-сурет).

Қорытынды

Қазақстан үшін әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын тегістеуге бағытталған мемлекеттік аймақтық саясатты жүргізу стратегиялық тұрғыдан маңызды болып табылады. Ұлттық экономиканың тұрақты өсуі елдің проблемалық аймақтарындағы өмір сүру жағдайын жақсартпайынша мүмкін емес. Республиканың қазіргі экономикалық кеңістігі әлеуметтік, экономикалық, экологиялық ерекше проблемаларымен сипатталатын әр түрлі аумақтарды қамтиды.

Проблемалық аймақтардың қатарына бірқатар себептердің салдарынан экономикалық әлеуеті орташа республикалық көрсеткіштерден бірнеше есе төмен, ал экономикасы өнеркәсіптің аз әртараптандырылған (диверсификация) құрылымымен, нашар дамыған инфрақұрылымымен сипатталатын аймақтар жатады. Мұндай аумақтар олардың өзіндік дамуын ынталандыратын мемлекеттің көмегіне мұқтаж.Сондықтан да экономикалық ғаламдану үрдісіне қадам басып отырған Қазақстан үшін шешілуі тиіс басты міндет – аймақтар үшін жағымсыз салдарларды бейтараптандыра отырып, олардың дамуы үшін қажет жағдайларды қалыптастыру негізінде тиімді нәтижені ұлғайту.

Аймақ дамуының кез келген аясындағы дағдарысты жою, бір жағынан алғанда, экономикалық белсенділік деңгейімен байланысты. Әлеуметтік даму салыстырмалы түрде дербестікке ие бола отырып, айтарлықтай дәрежеде ресурстық мүмкіндіктермен анықталады, олар өз кезегінде экономикалық даму деңгейіне байланысты. Екінші жағынан, нарықтық шаруашылықтың әлеуметтік жағдайға зиянын тигізе отырып, тек ғана экономикалық басымдыққа біржақты бейімделуі нарықтық экономиканың және тұтас мемлекеттің дамуына қауіп туғызады. Сондықтан мемлекеттік реттеудің әлеуметтік және экономикалық құраушыларының тепе-теңдігі қажет. Экономикалық және әлеуметтік құраушыларды тепе-теңдікте дамыта отырып, аймақ дамуындағы әр түрлі бағыттағы олқылықтардың орнын толықтыруға және халықтың тұрмыс жағдайының деңгейін көтеруге болады, бұл түптеп келгенде мемлекеттің аймақтық саясатының табысты жүргізілуін анықтайтын негізгі шарттардың бірі болып табылады.

Диссертациялық жұмыста жүргізілген зерттеу нәтижелері бірқатар теориялық және тәжірибелік тұжырымдамалар мен ұсыныстар келесідей қорытындылар жасау үшін негіз болады:

1.Түрлі-түсті металлургияны дамыту

- “Шалқия” кенiшiнде қорғасын-мырыш рудасын өндiру бойынша анағұрлым тиiмдi кешендi жұмыстарды жүзеге асыру:

- қуаттылығы 500 мың тонналық байыту фабрикасының құрылысы және бiрiншi кезегiн iске қосу;

- металлдық мырыш пен қорғасын өндiретiн металлургиялық зауыт құрылысының ТЭН әзiрлеу.

- Қарамұрын рудалық танабындағы алтын кенiшi мен Шиелi ауданындағы Балауса және Құрымсақ ванадий кенiштерiн өнеркәсiптiк игеру.

- Ақжар, Дарбаза алтын кеніштеріне және Шиелi мен Жаңақорған аудандарындағы жезқазған типтес мыс кеніштеріне егжей-тегжейлi барлау жұмыстарын жүргiзу.

2. Мұнай химиясын дамыту

Болашақта мұнай химия өнеркәсiбiнiң дамуы келесi бағыттар бойынша жүргiзу көзделеді:

- төмен қысымды полиэтиленнен және үлкен диаметрлi поливинилхлоридтен жасалынатын труба өнiмдерiн дамыту;

- жеңiл көмiртектiң кеңейтiлген фракциясын (ЖККФ) газды қайта өңдеуден қалған қалдықтардан әр түрлi жанар май (автол, нигрол, битум және т.б.) алу бойынша мұнай химиялық зауытының және қуаты 20,0 мың тонна мұнай өнiмдерiн өңдейтiн шағын мұнай өңдеу зауытының құрылысы;

- пластмассалық өнiмдер (халық тұтынатын тауарлар) өндiрiсiн ұйымдастыру.

Облыс ғалымдарымен мұнайды және мұнай өңдеудiң iлеспе өнiмдерiн пайдалану және өңдеу бойынша зерттеулер жүргiзiлуде:

- жанар май өнiмдерiн алу үшiн солярлық фракцияны пайдалану;

- гидротехникалық және жол құрылысы үшін мұнай өңдеу қалдықтарын пайдалану;

3. Құрылыс индустриясын дамыту

Болашақта аймақтағы құрылыс индустриясы төмендегідей бағыттар бойынша дамиды:

- қаптауыш кiрпiш және черепица шығару зауыты;

- құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт;

- ұнтақталған тас шығару зауыты;

- гипсокартон және басқа қаптауыш материалдар зауыты.

4. Аймақтық кластерлерді дамыту

Күріш кластері

Аймақта күріш өсіру, оны өңдеуге және күріш қауызынан қаптауыш материалдар, брикеттер, спирт, жартылай дайын фабрикаттар өндіруге байланысты облыста күріш өңдеу кластерін дамыту көзделіп отыр.

Аталған кластердің аймақтық мамндандырылуы немесе оның жұмыс жасау аймағы Қызылорда облысына және де өз өндірісінде қайта өңделген күріш өнімін пайдаланатын кәсіпорындар орналасуы мүмкін республиканың басқа аймақтарына да таралады.

Күрішті неғұрлым терең өңдеудің, өнімнің жаңа түрлерін меңгерудің, қажеттілігі бар (тағам өнімдерін, құрама жемшөп, крахмал сірнесін, жылу өткізбейтін материалдар, органоминералдық тыңайтқыш және т.б., күріш қауызынан қаптауыш материалдар, брикеттер, жартылай дайын фабрикаттар өндіру).

Осы кластердің дамуы келесі жобалардың іске асырылуын қамтиды:

I кезең (2009-2010 жылдар)

- Күріш қауызы негізінде жылу өткізбейтін материал – арболитөндірісін ұйымдастыру;

- Дән қалдықтарынан құрама жем өндіру;

- Сүрленген күріш ботқасын өндіру.

II кезең (2010-2015 жылдар)

- Жармақ күріштен крахмал сірнесін өндіруді ұйымдастыру;

- Брикет отын өндіру;

- Жапа мен күріш сабанынанбиогаз өндіру,

- Күріш сабанынан картон қағазын өндіру;

- Күріш қауызы негізінде органоминералдық тыңайтқыш шығаратын өндіріс құру.

Балық кластері

Балық кластерін құруға негіз бар және олар балық питомнигі, балық аулау артелі, балық өңдеу кәсіпорындары және Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы Министрлігі ғылыми-өндірістік балық шаруашылығы орталығының Арал филиалы.

I кезең (2007-2009 жылдар)

- «Арал – Пластик Қайық» МКК базасында пластикалық шыны, қайық және катерлер жасау бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастыруға жағдай жасау;

- Қамыстыбас балық питомнигінде шабақ өсіру бойынша жаңа технология енгізу;

II кезең (2009-2015 жылдар)

- Арал қаласындағы балық өңдеу зауытын одан әрі кеңейту;

5. Шағын кәсіпкерлікті дамыту

Облысымызда шағын кәсіпкерлікті қолдаудың толыққанды инфрақұрылымын құру қажет. Ол үшін ең алдымен, кәсіпкерлік қызмет саласында кәсіби біліктілікті арттыруға, бизнесті жүргізу туралы оқу курстарын, семинар тренингтер өткізілетін техникалық жабдықталған орталық құрудан бастак керек.

Облысымызда шағын кәсіпкерлікті табысты дамыту үшін оьлыстық аймақтық даму және кәсіпкерлікті басқармасы мен «Республикалық ақпараттық көрме орталығы» ЖАҚ – ның филиалы шағын бизнестің проблемаларын зерттеу, түрлі әдістемелік көмекші құралдар шығару, кәсіпкерлерді оқыту, шағын және орта бизнес субьектілері үшін орталықтандырылған бухгалтерия құру жұмыстарын бірігіп атқаруды көздеп отыр.

Білім деңгейін көтеру үшін кәсіпкерлерді, шағын бизнес мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметшілерді шетелдерде оқыту жұмыстарын жалғастыру керек.

Осы бағыттағы жұмыстар Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың әрі қарай жалғастырыла береді:

- «SABIT» бағдарламасы (АҚШ арнайы американдық іскерлік стажировка бағдарламасы) бойынша мұнай, газ салаларын, туризм, қонақ үйді басқаруды оқыту;

- Винрок халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту институтының «Фермер - фермерге» бағдарламасы бойынша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді нарықтық экономикаға оқыту;

- «МАШАВ» халықаралық ынтымақтастық бағдарламасы бойынша бизнес – жоспарлау мен компьютерлік бағдарламаларды үйрету (B plane ) т.б.;

6. Әлеуметтік инрақұрылымды жетілдіру

Нағыз пәрменді әлеуметтік саясат – ол халықты жұмыспен тұрлаулы қамту саясаты болып табылады. Жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасына орай аймақта халықты жұмыспен қамту үшін келесідей іс-шаралар кешенін атқару керек:

- жұмыс берушілердің таяудағы 3 жылда жұмыс күшіне деген қажеттілігін айқындап және кадрлар жүйесін экономикалық қажеттіліктермен сәйкестендіру;

- жастардың бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізу;

- жұмыс күшін қайта даярлауды жетілдіру;

- ауылдарда фирмалардың инфрақұрылымдарын дамыту және сол арқылы ауылдарда жұмыссыздар санын қысқарту;

- салалар бойынша қоғамдық жұмыстар жүйесін дамыту.

Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына қолдау көрсету үшін мынадай жұмыстар жасалу керек.

- әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету механизмін жетілдіру;

- көп балалы жанұяларға әлеуметтік қолдау көрсетудің қосымша формаларын жетілдіру;

- мүгедектерді әлеуметтік қамсыздандыру және реабилитациялау жүйесін дамыту.

7. Экологиялық ахуалды реттеу

- экологиялық дағдарыстың тереңдеу үрдісінің алдын алу;

- осы аймақтарда тұратын халықтардың өмір сүру сапасын және деңгейін көтеру үшін материалдық негіз құру жөнінде нақты шаралар қабылдау;

- қоршаған табиғи ортасы адамдардың денсаулығына өте қауіпті ауылдық аймақтардан, кіші және шағын қалалардан және басқа да тұрғылықты жерлерден республикамыздың басқа аймақтарына орын ауыстырғысы келетін халықтар үшін қажетті жағдайлар жасау;

- шетелдік техникалық және гуманитарлық көмектерді тарту және оларды тиімді пайдалану.

Қазіргі уақытта, Қызылорда облысы үшін аймақтық даму мақсаттары ретінде төмендегілерді атауға болады:

Аймақтағы халықтың тұрмыс – жағдайының деңгейін теңестіру;

- Аймақтың кешенді дамуын жеке аймақтық мақсаттармен ұштастыру;

- Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету.

Аймақтың дағдарыстық жағдайдан шығып тұрақты экономикалық өсуі және халықты әлеуметтік қамсыздандыруды арттыру үшін келесідей іс-шаралар жүйесі атқарылуы тиіс:

- халыққа әлеуметтік кепілдіктерді ұсынуы және негізгі конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуі тиіс;

- шаруашылық жүргізудің әр түрлі механизмдерін қолдануды реттеу қажет;

- халыққа қажетті, бірақ пайдасы аз және тиімділігі төмен кәсіпорындарды ұйымдастыру мен қолдау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруы тиіс;

- басқару органдары аймақтың артта қалған аудандары дамыту саясатын жүргізу керек;

- табиғат қорғау шараларын жүргізуі тиіс.

Қызылорда облысының алдағы жылдарда дамуының басты басымдығы ретінде - нарықтық экономика жағдайында қолда бар шикізат әлеуетін тиімді пайдалану есебінен жоғары технологиялық өңдеу өнеркәсібін құру және дамыту арқылы облыстағы халықтың тұрмыс деңгейін көтеру саясаты болуы тиіс.

ДИССЕРТАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША ЖАРИЯЛАНҒАН ЖҰМЫСТАР ТІЗІМІ
1. Аймақ экономиксының дағдарыстығын анықтаудың критерийлері// Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Экономика» факультетінің 20 – жылдығына арналған «Тәуелсіздік туы – экономикалық өрлеу» атты облыстық ғылыми – тәжірибелік конференция материалдар жинағы, Қызылорда, 2012 жыл.

2. «Қазақстан Республикасының аймақтарының типологиялық ерекшеліктері»// Халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференцияның материалдары «Жаһандану жағдайларындағы тауарлар мен қызмет көрсетудің сапасы және бәсекеге қабілеттілігінің өзекті мәселелері», Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, 2012 жыл.



РЕЗЮМЕ
Алишев Саян Абдимауленович
Проблемы социально-экономического развития региона (на материалах Кызылординской области)
на соискание академической системы магистра экономических наук по специальности 6М050600 – Экономика
Объект исследования – социально-экономическое развитие Кызылординской области

Предмет исследования – исследование возможностей и социально-экономического развития региона

Цель исследования – разработка механизма регулирования социально-экономического развития Кызылординской области,

Теоретическая и методическая основа исследования – труды отечественных и иностранных ученых. Информационную базу исследования составляют данные Департамента экономики и бюджетного планирования Кызылординской области, Агентства по статистике Республики Казахстан, Кызылординского областного департамента по статистике.

Научная новизна исследования. В качестве научной новизны исследования получены следующие результаты:

- определено значение региональной политики в экономическом развитии страны;

- на основе резюмирования теоретических изысканий даны авторское понятийно-содержательное и методическое обоснование понятия «управление экономикой региона», обоснованы роль и место регионов в экономике страны;

- на основе сравнительного анализа развития социальной и экономической инфраструктуры региона определены тенденции их развития;

- определены основные направления социально-экономического развития Кызылординской области на основе правительственных программ

Научно-практическая значимость работы заключается в том, что выводы и предложения, приведенные в исследовательской работе, могут быть использованы во время разработки государственных и региональных программ социально-экономического, демографического, инновационно-технического развития. Наряду с этим выводы и правила диссертации могут быть использованы в научно-исследовательской и учебно-методической работе.

SUMMARY
Alishev Sayan Abdimaulenovich
Problems of social and economic development of region (on materials of Kyzylorda area)
on receiving of the academic degree of the master of economic sciences on a speciality 6м050600 – economy

Object of research – social and economic development of Kyzylorda area

Subject of research – research of possibilities and social and economic development of region

Research’s objective is working out of the mechanism of regulation of social and economic development of Kyzylorda area

Theoretical and methodical basis of research – works of domestic and foreign scientists. The information base of research is made by the data of Department of economy and budgetary planning of Kyzylorda area, Agency of Statistics of Republic of Kazakhstan, Kyzylorda regional department on the statistics

Scientific novelty of research. As scientific novelty of research following results are received:

· role of a regional policy in economic development of the country is defined;

· on the basis of a summarization of theoretical researches an author's conceptually-substantial and methodical substantiation of concept «management of region economy» are given, the role and a place of regions in national economy are proved;

· on the basis of the comparative analysis of development of region’s social and economic infrastructure tendencies of their development are defined;



· the basic directions of social and economic development of Kyzylorda area on the basis of the governmental programs are defined

The scientifically-practical importance of work consists that conclusions and the offers resulted in research work, can be used during working out of the state and regional programs of social and economic, demographic, innovative-technical development. Along with it conclusions and dissertation rules can be used in research and methodical work.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет