Алмас қылыш тарихи трилогия бірінші бөлім



бет1/2
Дата12.03.2022
өлшемі1.16 Mb.
#456201
  1   2
Көшпенділер І. Алмас қылыш


АЛМАС ҚЫЛЫШ
Тарихи трилогия
БІРІНШІ БӨЛІМ
Ажал — үстемдігіңді жүргізудің ең берік құралы емес пе?
Бабасы Шыңғысхан бүкіл әлемді осы ажал арқылы бағындырмақ болған жоқ па еді?
Қара бұқараны өліммен әлдилеуден Шыңғыс ұрпағынан шыққан қай хан тартынған?»
Әбілқайыр ірбіз1 терісінің үстінде аунап түсті.
«Иә, өлім себу — Шыңғыс бабаның ұлы саясаты. Ол өзінің бүкіл әлемді жаулап алам деп жинаған жау жүрек ератын2 да осы өліммен қорқытып ұстаған жоқ па?.. Иә, иә, сөйткен еді ғой. Қалай делінген еді сол бір тәртіп Ясысында?»
Әбілқайыр көзін жұмды. Жақында ғана фарсы тіліне аударылған. Шыңғыс бабасының әмірі жүріп тұрған кезінде Қарақұрымда болған италиялық бір жиһанкез жолаушының жазған кітабының әрбір әрпі бақандай боп көз алдында тұра қалды. Әбілқайыр ернін жыбырлатып оқи бастады: «Монғол әскері жайында. Шыңғысхан он адам бір адамға бағынсын деп бұйырған (біздіңше оны онбасы дейді), ал ол онбасы бір жүзбасыға бас иген. Он жүзбасының үстінен бір адам қараған. Оны мыңбасы деген. Бар әскерінің басына үш ноян қойған. Бұл үш ноян барып бір қолбасшыға тізе бүккен». Әбілқайыр сәл көзін ашты. Ең қызығы ар жағы... Ол қайтадан оқи түсті:
«Егер ұрыс кезінде осы он адамның біреуі, не екеуі, үшеуі, тіпті одан көбі кейін қашар болса, олар өлтіріледі, ал жүздіктің өзгелері қозғалмай, әлгі он адам бәрі бірдей кейін шегінсе бәрі де жойылады: қысқасын айтқанда, бөрі бірге шегінбесе, өз бетімен шегінгеннің бәрі тегіс өлтіріледі. Осы айтқандай, он адамның бір-екеуі жауға қарсы ұмтылып, өзгелері тұрып қалса, тұрып қалғандар тегіс құртылады. Ал, осы онның біреуі, не одан көбі тұтқынға түсіп, өзге жолдастары, оларды құтқармаса, құтқармағандардың бәрі де өлтіріледі». Әбілқайыр қайтадан ойға кетті. «Шыңғыстың қай ұрпағын ойлаған мақсатынан басқаның тағдыры тоқтатқаны бар? Тоқтатып көрген емес. Ондай оқиға панднамада да3 келтірілмейді. Тақтағы хан да, алтын табақтағы жылан да бір. Тием дегенді алуға тиісті. Бабамыз салған қанды-жосықты жол бар. Сол жолдың сүреңі емес пе біз келе жатқан? Қара қазақ түгіл, әлем қожасы Шыңғысханның ұрпағы бірін-бірі аяп көрмеген. Мөңке ханның бір өзінің істегені неге тұрады?».
Шыңғысханның төрт ұлы болған. Жошы, Жағатай, Үгедей, Төле. Төртеуі әлем қожасы Шыңғысхан жаулап алған жерді төрт ұлысқа бөліп, әрқайсысы бір-бір ұлыстан басқарған.
Шыңғысхан өлісімен әлем қожасының төрт ұлының арасында жанжал басталған. Жанжал Шыңғыс ордасы — Қарақұрым Ұлы тағын кім иеленедіден шығады да, аяғы ұлыс арасындағы жер, атақ, бақ тартысына айналады. Жошы мен Төле ұрпағы бір жақ, Үгедей мен Жағатай ұрпағы екінші жақ. Шыңғысхан өлгеннен кейін Қарақұрым тағына Үгедей отырады. Үгедейден кейін ұлы хан оның баласы Күйік болады. Күйіктен кейін Жошының екінші ұлы — Алтын Орданың алғашқы ханы, атақты Батудың арқасында қазақтар Мөңке деп атап кеткен, Төленің үлкен баласы Меңгу Қарақұрымға хан сайланады. Мөңкені хан сайларда, өздерінің күшінің жетпейтінін білген Үгедей мен Жағатайдың балалары толып жатқан сылтау тауып, ұлы құрылтайға келмей қалады.
Тек бір жыл өткеннен кейін, Мөңкенің ызбарынан сескеніп, Үгедей, Жағатайдан тараған бір топ сұлтандар хан тағына құтты болсын айтқалы келеді. Хан оларды үлкен қошаметпен қарсы алады, атағат көрсетеді, бірақ түбінде менің ұрпақтарыммен хан тағына таласатын осылар болар деп, барлығын бір түнде қырғызып тастайды.
Бір мың үш жүз қырық екінші жылы Батудың ұрпағы Алтын Орданы ісләм дініне бағындырған Өзбек хан өлді. Содан кейін Дәшті Қыпшақ жеріндегі осы ханның атымен атала бастаған Өзбек ордасының тағына бір мың төрт жүз жиырма жетінші жылы Әбілқайыр ие болды. Бұл Жошының бесінші ұлы Сайбаннан тараған Дәулет-Шайхы сұлтанның баласы. Қазір оның Мөңке жолы деп отырғаны жоғарғы айтылған Мөңке ханның қанды оқиғасы. Расында да бұл қанды оқиға Шыңғыс ұрпақтарына белгілі сара жолға айналған.
Әбілқайыр теріс бұрылып түсті. «Мөңкеден кейін де бұл қанды жанжал өршелене түскен жоқ па еді? Иә, сөйтті ғой».
Мөңке өлгеннен кейін Шыңғыстан туған төрт ұл ұрпағы төрт дара болып кетеді. «Талас тек Шыңғыстан туған төрт ұл ұрпақтарының арасында болып қойды ма? Жошыдан туған балаларының арасының өзі де сан алуан қанды оқиғаларға айналған жоқ па?» Әбілқайыр ауыр күрсінді. «Иә, Шыңғысханнан кейін бүкіл әлемге аты шыққан Жошының ұлы Батухан мен Төленің балалары Құбылай мен Құлағу болды...
Батухан мен Құлағу бірігіп, Үгедей мен Жағатайдың ұрпақтарына қарсы шықты. Бірақ өздерінің арасы немен бітті? Екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма? Егер әлем тоқты болса, бұл екеуі көкжал қасқырлар еді ғой, таласпай-тартыспай қос арлан қалай қисын орталарындағы жылы-жұмсақ бағланды? Түбі екеуінің жолы екі бөлінуге тура келді емес пе...»
Әбілқайыр тағы күрсінді. Кенет оның көз алдында, дәл бүгінгідей, сонау бір бабалар жыр қылған қанды оқиғалар елестей жөнелді.
Бір мың екі жүз отыз бесінші жылы, яғни Мешін жылы, Қарақұрымға бағынышты елге жар салып Үгедей бүкіл Шыңғыс ұрпағын жиды. Осы құрылтайда бүкіл Батысты жаулап алу мәселесі шешілді.
Miнe, Батысқа қарай лек-лек боп монғол әскері аттанып бара жатыр. Бұны елу жылдық жаугершілік өмірінде жеңілуді білмеген Сүбітай баһадур мен жиырма сегіз жасар Батухан басқарып келеді... Бұлардың мінгендері кәкір-шүкір тай-тұяқ емес, он күн желіске шыдай алар аласа бойлы, тоқпақ жалды, құшақ құйрықты, кілең сайгүлік шабысты жылқы. Үстерінде сауытты, жалпақ бет, сығыр көз ноян, баһадурлар. Аттарына да тізелеріне дейін сауыт жабылған. Екі жағында жебеге толған екі-үш қорамса, белдерінде қисық жүзді қылыш пен ұзын сапты айбалта, қамал бұзатын тас атқыштарды сүйреу үшін ер қасына байлап алған жуандығы білектей қыл арқан. Әрқайсысында кем дегенде екі садақтан. Кейбір көрікті киінгендердің тақымдарында бір жақ ұшы пышақтай өткір найза. Жебелерінің ұшы екі жүзді қанжардай өткір, сүйір. Ысылдап келіп қадалса, егер тәнің тастан жаралмаса, ар жағынан бір-ақ өтері хақ. Белге байланған қорамсалар, қазақ батырларыныкіндей емес, талдан иіп тоқылған. Жауынгерлерінің басына киген темір, қола дулығалары анадайдан күнге шағылысып жарқ-жұрқ етеді.
Лек-лек боп, борт-борт желген қалың қосынның будақтатқан шаңы алыстан жер бетінен көтерілген бұлт тәрізді.
Батысты алуға бұл жолы аттанған әскер үш жүз мың! Үш лек қол! Айбарлы да, сұсты да! Кім, оған шыдай алар! Иә, шыдай алған жоқ.
Сол бір жыл күн тұтылған бір мың екі жүз отыз алтыншы жылы еді ғой. Батухан бастаған қалың қол жаздың аяқ кезінде Еділ бойындағы бұлғарлардың астанасын алды. Үш жылдың ішінде Бату әскері Рязань, Владимир, Суздаль, Киевті шауып Батысқа жол ашылды. Қан судай ақты. Жанған қала, жылаған бала. «Шыңғысхан!», «Батухан!», «Сүбітай баһадур!» аттары әлемді түршіктірді. Бату әскерінің алдында Европа мемлекеттерінің бай өлкелері қалды. Монғолдың ақтангер тапал жылқысының тұяғы енді Польша, чехтар мен мадиярлардың жерін басты. Алдарынан Адриат теңізінің жағасын жайлаған тағы славян елдері көрінді.
Батухан ол араларға да жетер ме еді, қайтер еді, дәл осы кезде Яғни бір мың екі жүз қырық бірінші, Доңыз жылы ұлы хан Үгедей өлді деген хабар келді. Бату кейін қайтты. Бөтен елдерді алу қуанышынан Қарақұрымдағы Шыңғыс тағына кімнің отыру қаупі күшті болды.
Ұлы таққа Күйік отырды. Енді біріне-бірі қас қос бөрінің арасы алыстай берді. Бірі «Ұлы Орданың ханымын» деп көкірек көрсеткісі келсе, екіншісі туы аспанда желбіреген Алтын Орданың айбынын алдынан кес-кестей тартты. Батухан Күйіктің бұйрықтарын жалпы тыңдағанмен, кейде сылтау тауып орындамай қоюды да шығарған.
Бұндай жағдайда үш жыл шыдаған Күйік төртінші жылы қалың қосынмен Тарбағатай тауынан түсіп, Алтын Ордаға қарай бет алған. Осындай жанжалды күтіп отырған Бату да су жүректік көрсетпеген.
Еділ өзенінің сағасындағы Алтын Орда астанасы Сарай қаласынан «Сарыарқадағы елімді көремін» деген сылтаумен он түмен қолмен Күйікке қарсы жүрген.
Қалың қол екі жақтан таяй берді. Күйік пен Бату алыстан айбат көрсетіп, аяқтарымен жер қопарып сүзісуге келе жатқан екі бұқа тәрізді. «Қайсысының мүйізі сынбақ? Ал сынбаса қайсысының мүйізі мұқалып, намысқа шыдай алмай қан қақсап сырқырамақ?».
Бүкіл Шыңғыс әулеті болып демін ішіне тарта күтті. Бірақ заңғар мүйіздер сарт-сұрт ұрысқан жоқ. Күтпеген жерден жол-жөнекей Күйік екі күн ауырып қаза тапты...
Әбілқайыр езу тартып күлімсіреді. «Иә, Күйік жоқ жерден о дүниеге сапар салды. Бірақ қандай аурудан кеткенін әлі күнге дейін тірі жан айта алмайды. Әлде... О да ғажап емес. Егерде жауыңды жеңер найзаның ұшынан басқа да жол таба алсаң, несі айып? Жоқ, жоқ, Шыңғыс бөрілері кісі өлімінен сескеніп көрген емес. Ал сонда өзінікі не? Бір қара қазақты өлім жазасына қия салуға неге осыншама қиналады? Бұл не, қорқақтығы ма, әлде кәріліктің алды боп, табанының бүрі кете бастағаны ма? Жоқ, жоқ, екеуі де емес, бүл жағдайды оңай шешуге болмайды. Мұнда ойланатын кәп көп...»
«Өлім! Керек жерінде, Жошы тұқымы да екі қолын қанға бояп шыға келері хақ. Оған сонау Бату ұрпағының істері куә».
«Иә, иә, Күйік өлгеннен төрт жылдан кейін, Батуханның өзі де дүние салды. Бірақ Ұлы Орда ханы етіп Төленің үлкен ұлы, өзінің үзеңгілес серігі Мөңкені отырғызып кетті. Ал Бату өлгеннің ертеңіне-ақ Алтын Орда тағына талас басталған жоқ па еді... Бұл талас та қандай қанды оқиғаларға апарып соқпады! Ақыры қайынды құртқан түнгі ағаш жегі көбелектей Батудың бар ұрпағын жойып тынды».
Шыңғысхан заңы бойынша хан өлсе оның орнын үлкен ұлы басуы керек. Батудың төрт ұлы болған-ды. Сартақ, Тұхухан, Аюхан, Ұлақшы. Алтын Ордаға Сартақ ие болуға тиісті еді. Насрани4 дініне кіргені болмаса, өткір, от жүректі жас екен. Және оны Мөңке хан да ұнатқан көрінеді. Бірақ Алтын Орданы оған Жошының үшінші баласы Берке қиғысы келмейді. Берке Батудың тірі күпімде көзге түскен хан ұрпағы. Мұсылман дініне кіріп, Бағдаттағы Аббасид халифатының осы кездегі халифы Мұстасимнан шапан киіп, тартуға құран алған адам. Мөңкеден Алтын Орда тағына отыруға рұқсат алуға Сартақ Қарақұрымға жүріп кеткенде, осы Берке мойнына бұршақ салып «Уә, алла, бар болсаң Сартақты Қарақұрымға жеткізбей ал!» деп көзінен жасы сорғалап, нәр татпай, екі күн бойы құдайдан тілейді. Сартақ сұлтан жол үстінде іш ауруға ұшырап, қаза табады. Сартаққа келген құдай жіберген ажал ма, әлде Беркенің тапсыруымен сұлтанды күзетіп бара жатқан кісілердің біреуінің берген уы ма, .бұны да осы күнге дейін білген жан жоқ...
Әбілқайыр миығынан күлді. Жайшылықта шыбын өлімі құрлы көрмейтін әлгі бір қара қазаққа айтылмақ өлім үкімі миынан шықпай қойғанына күлді. «Жошы ұрпағына адам тағдыры қашан хан шеше алмас жұмбақ болған? Жоқ, бір ғана Жошы ұрпағы емес, бір әке, бір шешеден туған сұлтандар да бірін-бірі бауыздап жатпайтын ба еді?»
Иә, Берке хан болды... Ал бір мың екі жүз алпыс алтыншы жылы Берке дүние салысыменен Алтын Орда тағы қайтадан Батуханның ұрпағына қайтқан. Бірақ Бату ұрпағы Алтын Ордаға жеті атасынан асып хан бола алмады. Бір мың екі жүз тоқсан бесінші жылдан бір мың үш жүз он екінші жылға дейін тақта отырған Тоқтағудан кейін Батудың немересі, Аюханнан туған Өзбек хан өлгеннен соң Алтын Орда тағына Өзбектің баласы Жәнібек отырды. Осы әз Жәнібек ханды қараңғы түнде туған баласы Бердібек өз қолынан бауыздап, хан тағына жетті. Бірақ Бердібек құр әкесін өлтіріп қана қоймады. Алтын Орда тағынан дәметер деп, бір жазда ат жалын тартып мінер аға-інісін тегіс өлтірді. Абат елді ала айран етті. Әйтсе де меншіктенген алтын тақ оған да құтты болмады. Таққа отырғанына екі жыл өтер-өтпестен, қастасқан туыстары оның өзім бауыздап өлтірді. Халық арасына тарап кеткен «Нар мойны кесілген, Бердібек хан өлген кез» деген мәтелдің аңысы содан. Міне, осы Бердібек ханның өлуімен бірге Бату ұрпағының Алтын Ордаға хан болуы да біткен.
Әбілқайыр осы оқиғаларды біраз ойлап отырды да, орнынан түрегеліп терезе алдыма барды. Бірақ бірінен соң бірі тізбектелген ауыр ойлар, соңынан ерген жетім күшіктей, қалмай қойды.
«Алтын Орда хандығына талас Батухан ұрпақтарының арасында біткенмен, Жошының өзге балаларының үрім-бұтақтарының ішінде бітті ме?» Дәшті Қыпшақ ханы тағы да ауыр күрсінді.
«Жошыдан қырық ұл, он жеті қыз туған екен. Әрқайсысы бір ұлыс, әттең ауыз бірліктері болмады. Алтын Орда ханы боламыз деп қырық пышақ боп қырылысты ғой бәрі. Соның ішінде тек Бату ұрпағы ғана үстем болып келді. Егерде Жошының үлкен баласы Орда Батудай азулы жаратылғанда көкек әні басқа түрде айтылар еді. Әйткенмен Орда ұрпағының бозөкпе болғаны теріс тимеді. Міне енді, Бердібек сұмның қанды қолы арқылы Бату ұрпағынан бақ құсы ұшып еді, Алтын Орда өзгемізге қалған жоқ па?
Рас, Алтын Ордадағы Сайбан ұрпағы кешірек хан бола бастады. Ал, Жошының он үшінші баласы Тоқай Темір ұрпағы бесінші буынында, Ақсақ Темір көрегенмен алысып өткен Орыс ханның кезінен-ақ бауыр басты.
Игіліктің ерте-кеші жоқ, тек арты қайырлы болсын.
Әбілқайыр қабағы қарс жабылып кетті. Оның сұлу мұртты ағайраң түрінде бір орасан қобалжу сезілді. Ханның бүйтіп жан-жағына үрке қарап, көңіл күйінің өзгере қалуының аужайы көп еді.
Қос қолы қызыл қанға боялғанына қарамай, он жеті жасар Әбілқайырды азулы тілектестері Дәшті Қыпшаққа хан етіп ақ кигізге көтерді. Бақ құсы басына қонып, ақ түйенің қарны жарылды. Бірақ адамның бағы көтерілген сайын, жауы да көбейеді. Бұған Жошының өзге ұрпақтарының арасындағы көкіректерін ежелден жегідей жеп келе жатқан бақ күндестік, ел билеуліктен туған талас кеселдерінен басқа бөтен де себептер қосылған.
Біз әңгіме етіп отырған бір мың төрт жүз елу алтыншы жылы осы талас жарға тіреліп тасығалы тұрған өзендей шеңберіне әбден жеткен кезі еді. Әбілқайырдың сескенетін жауы екеу: бірі — Орыс ханнан туған Құйыршық ханның баласы Барақ ұлы Жәнібек пен оның үш аталас туысы Керей. Екіншісі өзінің аталасы Мақмүдек ханнан туған Ходжа Мұхамед ханның баласы Абақ. Бүл да құр сұлтан емес, Алтын Орда мен Ақ Ордаға ие болған хан тұқымдары. Әсіресе Орыс ханның ұрпақтары қауіпті. Жәнібек пен Керейдің құр өздері ғана емес, арттарында әрқайсысы бір түменге қолбасшы бола алар қасқырдың бөлтірігіндей сегізден ұлдары тұр. Әсіресе жас болса да Жәнібектің ұлы Қасымның, Керейдің баласы Бұрындықтың аяқ алыстары бөлек. Бұлары да ештеңе емес, Жәнібек пен Керейден сескенер басқа да қаупі бар. Көк Орда тірегі, Әбілқайырдың оң қолы Қыпшақ болса, Жәнібек пен Керейдің сүйенері Арғын. Арғын жүрген жерде Қоңырат, Найман, Керей, Уақ, Тарақты да үзеңгілесе кетеді.
Ал, ақиқатына келсек жанжал түбі әріде жатыр. Бүл мезгіл сонау Соғды жері мен Еділ өзенінің жағасына дейін Ұлы Дешті Қыпшақ даласын жайлаған түркі тұқымдас елдердің екіге бөліне бастаған шағы еді. Шаруашылығына қарай, Мауреннахр деп аталатын Жейхүн5 мен Сейхүн6 дарияларының ортасында тұратын түркі руларының көбі Күншығыс — Оңтүстігіндегі, түбі көшпелі ирандықтар, өзі тәрізді егіншілікпен шұғылданған отырықшы Соғды елімен қауымдасып, өзбек халқының іргесін қалай бастаған. Ал Сейхүн дарияның орта шенінен төмен қарай сонау Еділ, Жайықтың арғы бетіне дейін көшіп жүрген түркі тұқымдас рулар өзі тәрізді мал бағатын, Жетісу бойындағы көне заманнан келе жатқан Үйсін, Дулат, Жалайыр, Қаңлы тәрізді көптеген салты мен дәстүрі бір рулармен бірігіп, қазақ деген ел болсақ деп талпынған-ды. Осы кездегі бүкіл Дешті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр өз ордасын қазақ даласына тіксе де, жаулап алған жерлері сол Мауреннахр, Соғды, Қорасан жағы болғандықтан көңілін көбіне осы тұсқа аударған. Солардан қыз алып, Орда салтын да көбіне Мауреннахр елінің әдет-ғұрпына қарай көшіре бастаған.
Қарамағындағы көшпелі елдерге алым-салықты коп салып, оны тек бөтен жұртты шабатын әскерге жұмсап, халықтың күйін нашарлатып жіберген. Және өзі Дәшті Қыпшақтың даласынан көрі Мауреннахр шаһарларының бірін хан
Ордасы етуді дұрыс көрген. Бұның бәрі көшпелі Дәшті Қыпшақтың асау жылқы тәрізді, арда руларын ханнан шошытуға айналған. Өзінің шаруашылығын, дәстүрін, салт-ғұрпын, бәрін түбі Мауреннахр тұрғын елінің дегеніне қарай айналдырғысы келетінін сезген Дәшті Қыпшақ тайпалары енді Әбілқайырдан іргесін әрі салуды ойлаған. Осы тілектің туын көтерген басты адам — Жәнібек сұлтан. Әрине, Жәнібектің бұл қылығы Әбілқайырға ұнамайтын. Орыс ханның ұрпақтарының ел арасын былай қобалжыта бастауы тек өздері хан болғылары келуден деп қана түсінетін Дәшті Қыпшақ әміршісі алдымен Жәнібекті құртуды көксеген. Ал бұл көкейкесті арманның түбі халықта жатқанын ол аңғармаған. Халыққа тек импрам7 деп қарайтын Әбілқайыр, сонау апай төс, жүнді балақ батырлардың артында рулары барын, ал ел деген мағына осы руларда екенін есепке алмайтын. Ханның ұғымы бойынша бұл импрамдарды сұлтандар басқарады. Тек сол сұлтандармен тіл тапса болғаны. Сондықтан Әбілқайыр Орда маңына қазақтың Қаптағай, Бөрібай, Қарақожа секілді ерлігі үшін әр ру аттарын ұран ғып көтерген аңғал батырлардан көрі, өзі тәрізді, дәулеті шалқыған сұлтан, әмір, хакімдерді жинайтын.
Әбілқайырдың ойынша осылармен тіл тапса, болғаны. Ал, тіл табу үшін хан қандай тәсіл қолданса да, Жәнібек пен Керей көнбей-ақ қойған. Бұл сұлтандар күннен-күнге араларын ханнан алыстатып бара жатқан. Арғын мен Қыпшақтың да қазір екі бөлінуінің түп себебі де осы екеуінің хан Ордасына деген ала көздігінен туған.
Ел билеу! Бұл — мансапқор жанның ұлы тілегі. Кенет Әбілқайырдың есіне Шыңғыстың ел билеу жөнінде балаларына айтыпты-мыс деген қағидасы түсті. Ұлы хан жаулап алған жерін төрт ұлысқа бөліп, төрт баласына беріпті. Сол мәжілісте әкесінен өсиет естігісі келген үлкен ұлы Жошы: «Ұлы мәртебелі, Әлем әміршісі, хан қандай болу керек?» — деп сұрапты. Шыңғыс: «Хан халқының көңілін табу үшін ақылды, ал халқы оның көңілін табу үшін тақымды болуы керек», — деп жауап беріпті.
Шыңғыстың екінші баласы Жағатай: «Ханды қайткенде халқы сыйлайды?» - деп сұрапты. Шыңғысхан: «Халқың сыйласын десең тағыңнан түспе», — деп жауап беріпті.
Шыңғысханның үшінші баласы Үгедей: «Хан қайткенде тағынан түспейді?» - деп сұрапты. Шыңғысхан: «Маңына әзінен ақылы темен, бірақ құлқы өзіндей адамдарды жинай білсе, сол хан тағында ұзақ отырады», — деп жауап беріпті.
Шыңғыстың төртінші баласы Төле: «Қандай хан абыройлы болады?» — деп сұрапты. Шыңғысхан: «Ойынан шықпаған туған баласын да бауыздай алар хан әрқашанда абыройлы болады», — деп жауап береді.
Шыңғысханның осы төрт ақылын алған төрт баласы өле-өлгенше абыройлы хан болып өтіпті-міс.
Әбілқайыр да осы төрт өсиетке бас иген адам. Сондықтан да ол маңайына тек Сайбан ұрпағы емес, Шыңғысханның өзге балаларының да, Жошының өзге бұтағын да жинаған. Тек бұлардың бірде-бірі өзінен ақылды болуға тиісті емес және үнемі оның ойынан шығып отыруы керек. Солай болып та келген. Тек соңғы кезде ғана Орда маңындағы сұлтандар арасындағы дау-жанжал күшейе түскен. Әсіресе, бұл алауыздыққа дем беріп жүрген — ақыл-айлалы Жәнібек сұлтан. Серіксіз жау болмайды, оған шөбере ағасы Керей қосылған. Бұлардың бергі өкпесі Әбілқайырдың қазақ пен өзбек арасындағы саясаты болғанмен, хан ойынша түпкі армандары бақ күндестік. Көк Орданы екіге бөліп, қазақ хандығын құрмақ. Өздері соны билемек. Ал Әбілқайыр бауыр басып қалған Дәшті Қыпшаққа, ешкімді ортақ етпек емес. Ортақ етпек түгіл, осынау қарамағындағы Мауреннахр, Дәшті Қыпшақ, Қорасан жеріне шектес елдерді, әсіресе Моғолстан хандығын түгелдей қосып алмақ.
Барлық елді жеке өз басыңа табындыру қасіреті — о да бір іштен жеген жегі құрт. Мұндай кеселге душар болған адам тек өз мерейім өсе берсін дейді. Ол мұндай арманның, әр нәрсеге дұрыс баға беріп, дұрыс қарайтын ақылын іштей жеп жатқан жегі құрт екенін аңғармайды. Кесел бүкіл денесін қаулай алып болып, бір күні тек қауқиған сыртының өзінен өзі опырылып түсетінін күні бұрын байқатпайды. Бұл кеселдің күші де, қауіптілігі де осында.
Көк Орда ел-жұртын жеке билеп келген Әбілқайыр мен қазақ Ордасын бөліп алам деген Жәнібек сұлтанның таласы әлдеқашан-ақ басталған. Бұлар бір-бірін жан алқымнан ала түсер көкжал қасқыр мен арлан тазы теңдес. Араларында бітім болуға тиісті емес. Бірақ әлі қарсы шабар күн туған жоқ, тек қазір сол күнді күтіп жүрген жағдайлары бар.
Әбілқайыр бір рет Жәнібекті мүлдем құртып жібере де жаздады. Әттең, әттең, ойлаған жеріне жете алмай қалды. Хан сол бір сәтті кез есіне түссе-ақ әлі күнге дейін бармағын шайнайды. Шыңғысханның «ойынан шықпаған туған баласын да аямаған хан — хан бола алады» деген қағидасын жақсы ұққан Әбілқайыр, әрине Жәнібекті аяйын деген жоқ, бірақ бұл жалғанда жазмыштан күшті не бар? Ажалсыз — аждаһаның аузынан құтылады.
Оқиға былай болған еді. Әбілқайырдың Маңғыт руынан алған бәйбішесінен туған он жеті жасар, аппақ жұмыртқадай, жастық желікті ерте бастаған жеңіл мінезді, ерке қызы Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің сұлу жүзді, арыс тұлғалы Жәнібекке көңілі кеткен. Хан қызына қолы жете алмай өліп жүрген өзге батыр, сұлтандарға көзі түспей, төрт әйелі бар Жәнібекке неге сонша құмар болғанын кім білсін, әйтеуір қыздың өзі ортаға жеңгелерін салып, ұзатылғанша сұлтанмен көңіл қосуға тілек білдірген. Бұл кезде Әбілқайырмен арасы іштей әбден суып болған Жәнібек: «Әкесінің кеудесіне міне алмасам да, қызын тоят етсем, о да ханнан бір өшімді қайтарғаным емес пе» деп, алдымен хан қызымен жақындасады да, артынан қыздың оңашадағы сан түрлі назды қылықтары ұнап, оған үйленбекші болады. Ханға қызын берсін деп, шөбере ағасы Керейді салады. Жайшылықта қастарымен татуласу үшін қыз алып, қыз беруге оңай баратын Шыңғыс тұқымы, бұл жолы қасара қалады. Жәнібекпен, түбі бірге от жағып, түтін түтете алмайтынын сезген хан, қызын беруден үзілді-кесілді бас тартты. Бірақ жауабын тікелей айтуға, Тоқай Темір ұрпағын біржолата шамдандырып алармын деп ойлайды да, «Жақсы, ойланып көрелік, шешімін күз қыстауға қайтқанда естірсіңдер» дейді Керейге. Ханның бергісі келмей отырғанын түсінген Керей намысқа шауып, Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімнің бетінің ашылып қалғанын алыстан тұспалдап сездіреді. Енді қызының абыройы үшін Жәнібекке бергенің дұрыс деген сыңай білдіреді. Қызының мұндай күйге ұшырағанына намыстанып қалған хан, сырттай сыр бермей:
— Жақсы, жауабын күз қыстауға барған соң аларсыңдар, — дейді жаңағы сөзін қайталап, сазарған қалпында, Керей кеткеннен кейін, дәйекші Инелікті жіберіп, шымшып алар еті жоқ, қан-сөлсіз сұп-сұр боп қатып қалған Құрыбай жан алғышты шақыртып алады.
— Менің қызым Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім бабалары заңы бойынша «қан төгілмей» өлуге тиісті! — деді оған.
«Қан төкпей» өлтіру — ақ кигізге орап, екі жағынан бұрап тұншықтырып, не аяғы мен басын артына қайырып, бел омыртқасын сындырып өлтіру. Көне монғол ғұрпында бұл жеңіл өлім.
Ертеңіне Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегімді бабасы Жошы ажал тапқан көне монгол әдісімен емес, басқа тәсілмен: жүрегіне қанжар салып өлтіріп кетеді. Бұлай өлтіру кімнің ісі екенін білсе де жұрт үндемейді. Хан жарлығы екенін сезіп, жұмған ауыздарын ашпайды.
Қызын құрметтеп қойып, жетісін бергеннен кейін, хан тағы Құрыбайды шақыртып алып:
Ертең аңға шығамыз. Жаныңа екі-үш сенімді адамыңды ерт. Жәнібек сұлтан да Ғайып-Жамал-Сұлтан-Бегім ажалымен өлуге тиісті, — деп бұйырады.
Бұл жолы Құрыбай жан алғыш жалт береді. Жәнібекті өлтірсе жауапсыз кетпейтінінен қорқады.
Менің қай уақытта аңға шығатынымды білетін сұлтандар сезіктеніп қалулары мүмкін, — деген ол, — бұ жолы аңға шықпауға, хан ием рұқсат етіңіз... Менің орныма туған інім Сарыбай барсын...
Өз басын пәледен аман алып қалғысы кеп, туған інісін қауіпке қиып тұрған қасқыр мінездес Құрыбайдың қылығына Әбілқайыр хан езу тартып күлген. Иә, хан маңайына өзіне керек адамдарды тарта білген. Бабасы Шыңғысханның Жағатайға айтқан ақылын құрандай бекер жаттап алмаған екен. Хан тағының амандығы, міне, осындай құлқы өзі тектес жандармен сақталады. Бұлар барда, Әбілқайыр да бар.
— Болсын, — деген ол, — тек не істейтінін Сарыбайға дұрыстап түсіндір.
Ал Жәнібек ханның мезгілсіз кезде, қызының мынандай жан түршігерлік айуандық әдіспен қаза тапқан шағында, аңға шығуының болашақ бір қанды оқиғамен байланысты екенін айтпай-ақ түсінген. Оның үстіне Әбілқайыр Жәнібек пен Керей сұлтанға «Менімен бірге аңға шықпай ма екен?» — деп арнаулы кісі салған.
Хан аңға шығарда Орда маңындағы сұлтан, әмір, батыр, билерге хабар беру ежелгі салт. Жәнібек бұдан күдіктенген жоқ. Оның күдіктенгені ханның аңға мезгілсіз уақытта шығуы мен басқа бір себеп еді. Сұлтан астыртын тіл алып көрсе, соңғы кезде Әбілқайырға қырғи қабақтана бастаған бекзадалардан ешкім хабарландырылмапты. Бұл жолғы шақырылғандар кілең Әбілқайырдың өзіне дос адамдары және Жәнібек пен Керей ғана екен.
Хандардың аңға шығуы ежелден бір үлкен мереке. Жұрттың жақсы ат, қыран құс, салтанатты қару-жарақ, ер-тұрмандарын көрсететіні осы жер. Ердің ерлігі, ептілігі, мергендігі де байқалатын осы жер... Жайшылықта мардамсып жүретін өр көңіл батырсымақтардың күтпеген жерден, қамыс арасынан өзіне қарсы атылған ірбіз, барыс, арыстандардан үрейі ұшып кетіп, қолындағы алдаспанын көтеруге де жарамай, жайрап қалатыны да осы ара. Той-думан, жарыста жамбыны бір атқаннан жарқ еткізіп жерге түсіретін мергендердің, аяқ астынан зу етіп тұра қашқан қыр қоянынан сасып қалып, қолындағы садақ жебесін құла жонға жіберіп күлкі болатыны да осы ара... Бұрынды-соңды жұрт көзіне түспеген жас жігіттің, қанжардай қос азу тісін жалақтатып, қылшық жалын тікірейтіп, тайшадай қара доңыз қарсы ұмтылғанда, үзеңгісіне шірене тұрып сауыт бұзар жебесін қақ маңдайдан қарыс сүйем кіргізіп, омақата құлатып, атаққа ілінетіні де, тағы сол саят базарында.
Жәнібек Керей сұлтанмен іштей жер танысып, ақылдасып алғаннан кейін, ханмен бірге аңға шықпақ болды. «Тағдырдың жазғанын көріп алармын, — деді ол, — егер ажалың келсе, алтын сандық ішінде тығылып жатсаң да табады. Ал ажалың жоқ болса, жаңбырдай жауған оқтан да адам тірі қалады». Керей де бұны мақұлдады, тек «сақ болайық және қасымызға сенімді жігіттерді көбірек ертелік, — деді ол, — егер біз аңға шықпай қалсақ, Әбілқайыр хан ойын сезгенімізді бірден ұғады. Ондай жағдайда тастай түйініп алған хан, шешінген судан тайынбас дегендей, ойлаған мақсатына жету үшін басқа шара қолданады. Ажал қашан да болса ерте, егер дәміміз сол күні бітер болса, оған да тәуекел!»
Жәнібек енді аңға шығуға қамдана бастады. Сұлтанның жалғанда жақсы көрері жүйрік ат, қыран құс. Ол Дәшті Қыпшақтағы атақты қүсбегінің бірі болатын. Ақ Ордасының жанында бүркіт, қаршыға, лашын, тұйғын, ителгілерге арнап тігілген қараша үйлері іргелес тұратын. Өзге құсбегідей бүркітті ол балапан күнінен емес, әбден қанды балақ болған кезінде торға түсіретін. Сосын үйрететін. Далада өскен қыран алғыр келеді дейтін. Тағы бүркіт көпке дейін көндікпейтін, сөйтсе де әбден жыртқыш құсты баулуға машық болған сұлтан еркіне қоймайтын. Кереге қанат қыранға томаға кигізіп, алтыбақанда әткеншек тепкізіп, ат үстіндегі қимылға үйрететін. Содан кейін суға салып, ақ жем ғып ет беретін. Алғашқы кезде көндіге алмаса да, ашыққан қыран бірте-бірте бүл ақ жемге де үйренетін. Осылай бірте-бірте асау бүркіт жуасып, иесіне мойынсұна бастайтын. Содан кейін барып, бүркіттің томағасын алып, қызыл жегізеді. Қанды көз жыртқыш қызыл етті көргенде, жанын қоярға жер таба алмай асығады. Ием қашан жем береді деп шыдамсыздана күтеді. Қыранын мұндай жағдайға жеткізген Жәнібек енді құсын қолға қондырып, атқа мініп, ұшырып байқайтын. Алыстап бара жатса кейін шақырады. Иесінің даусына әбден үйренген құс, жаны сүйер қызылға қарайлап қайта оралады. Осылай түз қыранын бірте-бірте сыннан өткізіп қолға мейлінше үйретіп болғаннан кейін, бір күні оны алып шығып, қызыл түлкіге салатын. Қыран құс тұтқында боп, қанша қолға үйренсе де, кенет өзінің ата салтына бағып сол баяғы тағы қалпына тез көшетін. Көктен шүйіле түсіп қызыл түлкіні іледі. Ыстық етке тұмсығы тиіп дәніккен бүркіт, ием тағы түлкіге салса екен деп шабыттана түседі.
Жәнібектің осылай үйреткен бірнеше кереге қанат, ақ иық қыраны болушы еді. Бірақ қыс бойы аңға салған бүркіттерін ол жаз шыға түлетуге кіріскен. Күз таяп келе жатқан соң, кеше ғана ақ жем беріп, қырандарын баптай бастаған. Бүркіт салуға ерте болған соң, Жәнібек бұ жолы бүкіл Дәшті Қыпшаққа аты шыққан Сомбалақ атты қаршығасын алып шығуды жөн көрді. Хан шақыруынан қатты сезіктенген Жәнібек, бешпетінің ішінен қорасан болатынан жұқа етіп тоқыған шағын сауыт киді. Алдаспанын қамсыз қайрап, садақ жебесіне жаңадан сұңқардың қауырсынын қадады.
Ханның аңға аттанатын күні жеткенде адыр басына керней-зурнайшылары шығып, бүкіл даланы басына көтере, барылдата тартып, аңшыларға «жиналыңдар» деп белгі берді. Оқшау төбелі мидай дала. Ат құлағы мен бұйра қымыздығы аралас біткен жасыл шалғын. Әлжуаз сабақтары толығып ылдидағы қызғалдақ, сарғалдақтар көк майсадан жоғары көтеріліп, өрекпіп жеткен... Тұс-тұстан төбе басына сұлтан, әмір, бектер ағыла бастады. Кенет хан ордасы жағынан бір топ адам көрінді. Өзгеден сәл үздіктеу келе жатқан, жал-құйрығын түйіп тастаған күрең қасқа жүйрік ат мінген, үстінде аң аулауға деп арнап тіккен шолақ сауыт, зерлі күміс дулығасы бар Әбілқайыр ханның өзі. Соңынан ергендері үзеңгілес батыр нөкерлері. Кілең жеңіл сауыт, ықшам киім киген. Аттарының бәрі жал-құйрығын түйіп тастаған, ауыздығымен алысқан жүйріктер. Үстеріндегі сауыттары, асынған қару-жарақтары күнмен шағылысқан осынау топтың ішінен үш-төрт әйел көзге түседі. Әсіресе, ортада келе жатқан, бүкіл Дәшті Қыпшақ жеріне әйгілі, «Ортеке» деп ат қойылған күлсары сәйгүлік мінген жас әйел таңғажайып салтанатымен анадайдан-ақ көздің жауын алады. Астындағы сайгүлік жүйрігінің ат-әбзелі, жүген-құйысқаны, өмілдірігі — бәрі сары алтынмен апталған. Әйелдің үстінде алтын жіппен зерлеген сарғылт, дүрия қысқа шапан, басында сүйір ұшты құндыз бөрік. Шалбарының етегі де алтын оқамен әдіптелген. Кеудесіндегі гауһар таспен безелген алқасы көзді шағылыстырып күн сәулесімен ойнайды. Алыстан-ақ бұл әйел қалың көкпек арасындағы сарғалдақтай көзді тартады. Өзі де мейлінше сұлу, жаңа туған ай секілді жіңішке қасын сүрмелеп тастаған. Ұзын шаштарын жиырма-отыз сала етіп, ұп-ұсақ етіп өрген. Бір өзінің түр-келбеті бүкіл әлемге сән бергендей осынау салтанатты әйелді көрген адам «бұ жалғанда мұндай жан жаратылмас» деп ойларлық. Бұл — Әбілқайыр ханның төртінші әйелі, атақты ғалым — Самарқант ханы Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлу еді. Бұлар төбеге жеткен кезде солтүстіктегі ақ ордалардан тағы бір топ салт атты көрінді. Алдарында қос қара көк жүйрік мінген Жәнібек пен Керей. Екеуі де аңға шыққандарын әдейі аңғарғандай иықтарына қаршыға қондырған. Ерлеріне атпа найза ілген. Киімдері де ықшамды. Құндыз жағалы, қысқа лұқпан шапан, бастарында қазақы қимаш бөрік, сырттарынан қимылымызға жеңіл болсын деп кереге көз торлы сауыт киген. Ерлерінің басына ешкі терісінен жасаған дабыл іліп алған. Бұл топтың арасында да үш-төрт әйел. Бұл әйелдердің ішінен біреуі ерекше көзге түседі. Бұл Жәнібек сұлтанның екінші әйелі. Алтын хан еліндегі монғолдармен аралас отырған көшпелі Керей руының қызы Жаған бикем. Бұның астында аты шулы «Киік аяқ» атанған ақбоз жүйрік, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің ер-тоқымындай ат-әбзелін алтын жаппаған, жүген-құйысқаны, ат кеудесіне түсіре салған өмілдірігіне дейін бәрі қақтаған ақ күміс... Рабиу-Сұлтан-Бегімдей ерекше салтанатымен емес, Жаған өз келбетімен, жасынан ат құлағында ойнап өскен көшпелі елдің қызы екенін көрсетіп тұрған ерекше отырысымен, қамшыны сипап тартқан болмысымен көздің жауын алады. Әсіресе Рабиу-Сұлтан-Бегімдей емес, қолына ұстаған найзасы, басына киген меруертпен торлаған қызыл барқыт сәукелесі, астындағы ақ боз аттың кекіліне таққан үкісі, бұның жауынгер елден шыққан әйел екенін көрсетеді. Дене келбеті де, астындағы атының бітімі де Рабиу-Сұлтан-Бегім көркі мен мінген жүйрігінен анағұрлым асып түскендей. Жұрт оған сүйсіне қарауда. Әбілқайыр да көз астымен Жағанды бір шолып өтті. Кенет оған бір күпірлік ой келе қалды. «Сұлу-ақ екен. Хан әйелі болуға әдейі жаратылғандай. Егер Жәнібек сұлтан осы жолы жазым болса, алтыншы әйелім етіп алармын-ақ!».
Хан бетінен көзін алмай тұрған Жәнібек, Әбілқайырдың зұлым ойын көз қарасынан түсінгендей, теріс бұрылып кетті. Енді ол адыр басы мен етегіне жиналған бекзадаларға бажайлап қарай бастады. «Қайсысы екен маған ажал әкелер!» Кенет көзі топтан сәл оқшаулау тұрған үш қоңыр киімді жат адамға түсті. Бұрын аңға шығып жүргенде, бұл үш қоңыр пішін болмайтын. «Осылар екен. Тек сақ болу керек» деді Жәнібек ішінен.
Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды. Бұлар арада бір қонып, келесі күні Ұлытаудың солтүстігіндегі, Кішітаумен жалғасып жатқан, Арғынаты құз-асуларына келіп, қостарын тікті.
Бұл ескі қиссада:
Ұрпақтан ұрпақ қуып бізге жеткен,
Ежелден Арғын атам қоныс еткен.
Көк шалғын, күміс бұлақ Арғынатым...
Шықпайтын арманымсың көкіректен, —
деп жыр еткен қазақтың көне мәдениет ошағы — Арғынаты тауларының кең өңірі еді. Солтүстіктен оңтүстікке қарай үзіле созылған жықпыл тасты құздар, түкті қабақты қайғылы жартастар. Үстін қарақат, мойыл, көк шалғын басқан ұры сайлар, тағы қойнаулар. Жағасын айбалдырған мен ақшуағы аралас белден келер көгал шөп көмген, жұлындай боп жер астынан шығып жатқан, сылдыр қаққан жіңішке бұлақтар. Қуаңшылық жылдардан басқа кезде, қаптаған малым суаратын Барақ көлден бөтен мол сулы айдыны болмағандықтан бұл араға жаз ел сирек қонатын. Сондықтан да Арғынаты төңірегінде қырғауыл, дала қазы секілді суы аз жерде үйреншікті құстар мен арқар, бөкен, киік көгі кездесетін. Хан тобы үш күн бірдей аң аулады. Дабыл қағылып, қаршығалар жерден жаңа көтерілген кездерінде кекілік пен ұларды топырлатып ілді. Мерген жігіттер киіктерді садақпен қиядан қағып қырып салды. Бірақ Сарыбай бастаған үш жігіт қанша аңдыса да, көз қиығын бұлардан аудармаған Жәнібекті қолдарына оңаша түсіре алмады. Ажал алайын деп қанша құлшынғанмен, жауыздықтың реті келмеді. Әбден ызаланғам жігіттер не істерін білмей, хан өртеп елге қайтады деп тұрғандарында, Жәнібекті мерт етер бір жағдай кездейсоқ тап болды. Аң аулау қызығына кіріп кетіп, әбден елеуреген Жәнібек бір мезет аужайын байқай алмай қалды. Қастарынан жанай қашқан ақ бөкенді көре сала, атын борбайлап тұра қуды. Күнімен аң соңынан шапқан серіктерінің аттары әбден болдырған-тын. Тек түске дейін ұдайы шапса тері ғана шығатын Жәнібектің көкбуырылы ғана әлі тың еді. Атбегі әбден жаратқан екен, қабақ қаққанша жолдастарынан ұзап кетті. Ол ақ бөкенді қуып келе жатып, төтеден қосылған хан тобы мен әлгі үш қоңырды көрді. Хан атын жаңа ғана ауыстырған. Ал Сарыбай тек Жәнібекті аңдумен ғана жүрім астындағы жүйрігін тың ұстаған. Әрі-беріден соң Жәнібек, хан, Сарыбай үшеуі өзгелерден қарасын үзіп, үздік кеткен. Бие сауымдай жер шапқанда ғана бұл үшеуі қалжырауға айналған бөкенге бірдей таянған. Әбден дымы құрып етпетінен құлаған дала еркесінің үстіне аңшылар бірдей жеткен. Аң құмар Жәнібек сойылын лақтырып жіберіп, бөкенді бірінші боп бауыздайын деп, қынабынан кездігін ала атынан секіріп түскен. Дәл осы сәтте: «Жоқ, олжа менікі!» деп Сарыбай да сойылын ыңғайлап бөкенді бауыздауға еңкейген Жәнібектің ту сыртынан ұрмақ боп таяй берген. Бірақ Жәнібек барыстай атылып, Сарыбайды ат үстінен жұлып алған, Жәнібектің тізесінің астына түсіп қалғанын бір-ақ білген Сарыбай ханға:
— Ау, ұрсаңызшы көк желкеден! — деген, ханның қолындағы сойылға көзі түсіп.
Неге екені белгісіз, ханның бойы дірілдеп кетіп, Жәнібекті сойылмен ұруға қолы көтерілмеген.
Дәл осы кезде шапқан ат дүбірі кенет естіліп, бір бүйірден Керей сұлтан шыға келген. Тізесімен Сарыбайды бір-екі нығарлап жіберіп Жәнібек: «Бір жолға қастығыңды кештім, екінші мәртебе қолыма түссең өзіңнен көр» деп түрегелген де, жатқан аңға қараған. Өкпесі өшіп әбден орнынан тұра алмай қалған бейшара, сол мойнын созып етпетінен құлаған қалпында әлі жатыр екен. Жәнібек оны аяп кеткен. «Жазықты жауыма тіршілігін қиғанда, жазығың жоқ, ақбөкен, сені несіне өлтірем», деп анандай жерде жатқан сойылын алып атына мінген. Осы сәтте Керей де жеткен. Болған оқиғаны айтпаса да түсінген Керей сұлтан, інісін қасына ертіп, ханға бұрылып та қарамастан, шауып келе жатқан топқа қарсы ақырын аяңдап жүре берген.
Бұл кезде тәлтіректеп орнынан Сарыбай да түрегелген. Атының үзеңгісіне аяғын салып жатып:
— Бекер сойылмен ұрмадыңыз, хан ием, — деген алқына сөйлеп, егер де жығылғанда мойын омыртқасын бұрап үзіп алатын едім де, атынан құлап өлді дейтін едім. Қалай өлгенін көзімен көрген ешкім жоқ... — деп келе жатты да,
тақсыр хан, кешіріңіз... — деп басын қолымен қорғай берген.
Бірақ құлаштай сілтеген көк құрыш алдаспан оның мойнын қиғаштай кесіп, зәресі ұшып көзі адырайған басын анадай жерге ұшырып түсірген.
Қайтып оралған Жәнібек пен Керей Сарыбайдың әлі де болса жаны шыға коймай, анадай жерде ақырын қимылдап жатқан басы мен қан-қан болып діріл қаққан денесін көрген. Бұйрығын орындай алмаған құлы енді тірі куәге айналмас үшін, ханның әдейі өлтіргенін екеуі бірдей ұққан. Бірақ Әбілқайыр: Жәнібек сұлтанға қастық ойлағаны үшін басын алдым! — деген. Ана екеуі оған жауап қайтармаған, үн-түнсіз аттарының басын бұрып, келе жатқан адамдарға қарсы аяңдаған.
Хан қазір өзінің сол күнгі қылығын ойлауда. «Он алты жасымда Едігенің немересі Қазы биді өз қолыммен бауыздағанда, он жеті жасымда аталас туысым Дешті Қыпшақ ханы Жұмадүкті туған баласындай боп қолында өскеніме қарамастан, жекпе-жекте шоқпармен ұрып өлтіргенде шімірікпеген басым, қастасқан жауым Жәнібекті қара құстан сойылмен бір салып өтуге қалай жарамадым? Кезі келгенде қандай құрбандыққа да болса бара алатын жүрегім, сол жолы қалай дауаламады?
Иә, өзгелер айқай-сүрең салып жеткенше, сойылмен бір-ақ періп өлтіруім керек ақ еді, ар жағында аттан құлап ажал тапты деп көрсету — Сарыбайдың шаруасы: Ал мен... Міне, сондағы сәл бөгеліп қалғанымның күнәсін енді тартып жүрмін... Жауыңа деген сойылды дер кезінде соқпау — үлкен қылмыс! Киді міне Жәнібектің басын қалай алудың жолын таба алмай, аңыс-аужайым азаптануда... Ашық кетуге болмайды, қазір олар жағындағы ел аз емес. Әттең, әттең, сол бір сәт қайта оралар ма еді! Апырай, сол жолы қолымдағы сойылымды бір сілтеуге жүрегім қалай дауаламады екен. Дауалатуым керек-ақ еді».
Әбілқайыр ойына өлім жазасына бұйырмақ жігіті қайтадан түсті. «Иә, бұл жолы тағы мен үкім айтуым керек. Айтпасқа амалым жоқ. Орда маңына топталған Арғын, Қыпшақ арасындағы дау-жанжал бүгінгі күні осы жігіт арқылы шешілмек. Егер бұл жігітті өлім жазасына бұйырсам, Қыпшақ қуанады. Босатсам Арғын мәз болады... Қандай шешім алу керек? Орда бүтіндігі осы бір жігіттің тағдырымен байланысты. Қастасқан Жәнібек, Керей, Абақтардың да күтіп отырғандары менің шешімім, қандай үкім айту абзал?» Әбілқайыр терлеп кетті. Бір қара қазақтың тағдырының өзіне осыншама салмақ салғанына таң қалды. Ал өткен заман болса... «Иә, иә, Шыңғысхан бабамыз кезінде, бір адамның өмірі түгіл мың адамның тіршілігі де ұлы ханның бір қабақ қаққанынан шешіліп жатпас па еді? Иә, сөйтер еді-ау! Жоқ, Шыңғыс бабамды қойып, бертініректегі Мөңке ханның тұсында да, бір кісінің тағдыры ешкімнің ойына ойран салмас еді!».
Оның есіне Мөңке ханды жерлеу жайындағы аңыз түсті.
Өзге жұртқа қарағанда монғол халқының өздерінің бекзадаларын жерлеуде екі айрықша дәстүрі болған.
Бірі — қабірге өлген сұлтанымен бірге бекзаданың құлын салу дәстүрі. Терең зираттың бір бүйірінен қуыс қазады. Оған өлікті түсіреді. Өліктің астына бекзаданың тірі кезінде ең жақсы көрген құлын жатқызады. Құл бірнеше сағат өліктің астында жатып тұншыға бастағанында оны бейіттен алып шығады. Есін жиғаннан кейін, құлды өліктің астына қайта жатқызады. Осылай үш рет істейді. Егер құл тірі қалса, оның сұрағанын беріп, құлдықтан біржолата босатады. Монғолдардың түсінігі бойынша құл бекзадаға шын берілген адам болып шығады. Қожасы өліп, құлы тірі қалғанда ол өмір-бақи қожасының бар күнәсін арқалап өтеді-міс. Сондықтан оны тірі қалдырады. Астоданға салынған өліктің денесін қуысқа тығады. Зираттың ішіне қазан толы ет, құмыра толы сүт қояды. Садақа етіп көптеген күміс, алтын білезік, сақина, алқа тәрізді қымбат заттар қалдырады. Бұндайда егер бекзада бай адам болса, алтын, гауһарлар зиратқа аянбай салынады. Бекзаданың жанын қинауға келген періштелер алтынды алып, өлікке тимей кетеді деп ойлайды монғолдар.
Екіншісі — қойылған бекзаданың зиратын тірі жан білмеуі керек. Бекзада қойылғаннан кейін оның көрін білетін адамдар тегіс өлтіріледі, қабір үстінен үйірлі жылқылар өткізіліп жер бетін теп-тегіс етеді.
Мұндағы ойлары — қабірге салынған асыл мүлікке қызығып бекзаданың моласын қазып, өлік сүйегін қорлаудан сақтау ғана емес, монғолдардың басқа да себептері бар. Римнің бір императоры «тарих менен басталады» деп өзінен бұрын өткен, капитолияның астында саркофагта жатқан жиырма тоғыз императордың бальзамдалған денелерін алып өртеп жіберген. Тірі кездерінде өшіккен патшаларының сүйектерін өлгеннен кейін қазып алып қорлау, бөтен елдерде де сан мәртебе кездескен. Мұндай сорақылық өткен замандарда жиі болып келген. Ескі монғол заңы бұндайға орын бермеген. Тірі — өлі жаннан өшін алуға тиісті емес. Сомдықтан оның зиратының қай жерде екенін тірі жауы білмеуі керек. Білетін құл өлтіріледі, зират үстінен жылқы айдалып қабір беті жермен-жексен етіледі.
Бір мың екі жүз елу тоғызыншы жылы Қарақұрымдағы Шыңғыстың ұлы тағында отырған Мөңке хан өлгенде, оның інілері Арық Бұғы, Құбылай Құлатулардың әмірі бойынша осы ханды жерлеуге қатысқан он мың адам тегіс бауыздалған. Ондағы ойлары — тірісінде қатігез болған ханның өлігінен Шыңғыстың өзге балаларының ұрпағы өшін алып жүрмесін деген және монгол халқының отқа табынатын кездегі діни түсінігі бойынша бекзаданың жаны о дүниеде тыныш серуен құруға тиісті-міс.
Інілерінің Мөңке ханды аталары Шыңғыстан да артық етіп былайша дәріптеулерінде бұл екі салттан да басқа бір мақсат бар-ды. Ол мақсат — бүкіл әлемге, қала берді өздерімен бақ күндес жауларына, он мың адам қаза тапқан қанды қырғынмен сес көрсету болатын.
Сөйткен Шыңғысхан ұрпағынан шыққан Әбілқайыр хан болса, енді мынау, бір жігіттің тағдырын шеше алмай жаураған торғайдай құты қашып тұр. «Бір Шыңғыстан тараған екі ұрпақтың біреуі он мың адамды бауыздағанын мақтан етеді, ал екіншісі бір адамды ажалға бере алмай, күні бойы әуре-сарсаң ойға берілуде. Бұл қалай? Расымен-ақ бір кезде бүкіл дүниені тітіреткен айбынды «Әлем иесі» тұқымдарының уақтап кеткені ме? Солай тәрізді.
Әбілқайыр тағы да ауыр күрсінді. Расында да бұл оған Төле балаларының он мың адамды құрбанға шалғанынан шешуі қиын кесік еді. Пышақ кесті үкімін шығара алмай қиналуы да содан туған.
Қара қазақ жерін жаулап алған Шыңғыс балаларының арасы қым-қиғаш бір тарих. Әбілқайырдың дағдаруының өзі де осыдан еді.
Үгедей балалары монғолдың өз жеріне Ұлы Ордаға ие болып қалғанда, Жағатай балалары мен Төленің кіші ұлы Арық Бұғы осы күнгі Орта Азия өлкесі — Жейхүн мен Сейхүн өзендерінің арасын — Мауреннахрдың бай алқабына ие болған-ды. Ал Төленің екінші баласы Құбылай Қытай жерінің Солтүстігі мен Батыс жағын жаулап алып, енді дені Дәшті Қыпшақ пен алан8 әскерлерінің күштерімен сол Қытайдың Оңтүстік жағын жаулауға кіріскен. Үшінші баласы Құлағу осы күнгі Кавказ жерінің бүкіл Оңтүстік тұсын шауып, Иранды алып, енді сонау Египетке қол соза бастаған-ды. Құлағуды жергілікті ел ықпалына түсіп кетпес үшін, будда монахтары — ұйғырлардан, тібіттіктерден, қытайлықтардан құрылған кілең сенімді адамдармен қоршаған. Бұлардың бәрі ұлы хан Мөңкенің қарамағында болатын.
Үгедей, Жағатай, Төле балаларының басшылық саясаты қан төгіспен, бағынған елді қыру, талаумен аяқталатын-ды. Қорқыту, қорғансыз елді тек найзаның ұшымен, айбалтаның күшімен бағындыру — бұлардың негізгі саясаты еді. Өртенген, қираған қала, құлазып бос қалған егін даласы, тау-тау болып үйілген адам сүйегі, қашқан, босқан жұрт — міне, монғол қанды балақтарының бір кездерде гүл-гүл жайнаған өлкелерге алып келген үлесі осы болатын...
Ал қазақ жеріне келген Жошы да осы саясаттан танбаған. Тек ойын орындау тәсілі өзгеше еді.
Қият руының батыры Есугейден туған Шыңғысхан Қоңырат Дай-ноянның қызы Бөртеден бес қыз, төрт ұл көрген. Солардың бір қыздан кейінгі ең үлкені Жошы. Монгол ғұрпы бойынша өз руынан әйел алуға болмайды. Жігіт қалыңдықты басқа рулардан, әсіресе нағашы жұртынан іздеуі керек. Осы дәстүрге қарап, Жошы да өзінің заңды төрт қатынының үшеуін Қоңырат руынан алған.
Үлкен бәйбішесі Жүке-бегімнен үлкен баласы Орда, екінші әйелі Үкі-бегімнен Бату туған. Бұлар да нағашы жұртынан бір-бір әйелден алған. Осылай атадан әкеге, әкеден балаға ауысқан ғұрып бойынша Жошы ұрпағы Қоңырат руына күйеу жұрт боп кеткен. Ал бір кезде Керулен, Онон, Орхон өзендерінің бойымен көшіп жүрген Найман, Керей, Уақ рулары тәрізді монғол жеріндегі Қоңырат руы, енді бірінші боп Жошы ұлысына кіреді. Бұның үстіне «Шыңғыс монғолда хандыққа таласып жүргенде, Бөрте Керейдің бір батыр жігітімен көңілдес болған екен. Жошы содан туыпты» деген де қауесет бар. Бұл қауесет қисынға да келетіндей. Оған дәлел: Шыңғысхан енді өлетініне көзі жетіп, орнына Жошыны қоймақ боп бір мың екі жүз жиырма алтыншы жылы Ұлы құрылтайды шақырғанында, монғол жыраулары хан алдында «Жошыны қойма, ол сенің нәсілің емес», деп жыр айтады.
Осындай себептерімен Жошы Қоңырат, Керей руларын іштей қанап жатса да, сырттай жақын ұстаған болып көрінеді...
Жоқ, қарамағындағы жұртты Жошы қандас болдым деп аяған емес. Оған басқаратын, әмірін жүргізетін ел керек. Ал Дәшті Қыпшақ Жошы хандығының туын тігетін негізгі жері болуға тиісті еді.
Демек, қазақ шежірелері Жошыны Шыңғыстың өзге балаларындай қанішер атамайды. Жыр, аңыздарда кейде қаһарымен бірге сөзге тоқтайтын, ашуын ақылға жеңгізе білетін адам етіп көрсетеді. Бұған «Ақсақ құлан — Жошы хан» аңызы куә.
Қайткенмен де осы Жошы Жағатайдай басып алған елін құртып жіберуге құштар болмаған. Оның бүйтпеске амалы да жоқ еді. Қазақ жерінде қалған монғол басқыншылары сан жағынан жүздің біреуіндей-ақ аз-тұн. Шыңғысхан жаулап алған жерінде төрт баласына төрт ұлыс етіп бөлгенінде монғол әскерінен әрқайсысына он санадан9 бар бергені төрт мың әскер деген ақпар бар. Монгол нояндары да, бір шелек суға салынған бір уыс тұздай қалың қазақтың арасына кіріп біржолата оның тілін, дінін алып өздері де қазақ болып кетеді. Тек Шыңғыс ұрпағымыз, төре тұқымымыз дегенді өздерінің үстемдігін қорғауға ғана пайдаланады.
Тағы бір еске алатын жағдай: қазақ жерінде, Хорезм, Киев тәрізді үлкен қалалар болмағандықтан, Жошы тұқымы қан жоса етіп алатын бекіністер де аз еді. Дәшті Қыпшақ рулары да монғол тәрізді көшпелі жұрт, қашып жүріп, босып жүріп соғысып өз теңдігін оңайға бермеді. Жошы ұрпағына бұнымен де санасуға тура келді. Тиімді болса қазақтан қыз алып, қыз беріп кетуден де тайынбайды. Осындай жағдайда Бату өзінің бір қызын Маңғыт жігітіне береді. Одан Ноғай деген инал10 туады. Ноғай асқан батыр, ақылды кісі болады. Хан тағына отыруға хақы жоқ, әке жағынан Шыңғыс тұқымынан емес, бірақ Батухан өлген кезде оның әскерін басқарады. Осы Ноғай қырық жылдай бүкіл Жошы тұқымына айтқанын істеді. Алтын Орда хандарын өз қолымен отырғызып, өз қолымен алып тастай алатын әмірші болады. Ақырында Алтын Ордаға Мөңке ханның бесінші баласы Тоқтағу (қазақтар оны Тоқтайхан деп атаған) хан болады. Бұл кезде Ноғай батырдың қартайған шағы. Жас ханмен кәрі тарлан айқаса кетеді. Дәшті Қыпшақ елінің ру-руға бөлінген алауыздығын пайдаланып, Тоқтағу әскері Ноғайды жеңеді. Ноғай он жеті нөкерімен Башқұрт жеріне қашады. Жолай оны Алтын Орда қызметіндегі бір князьдің жауынгері ұстап алып өлтіреді. Басын Тоқтағуға әкеп береді. Бірақ жауынгер қылығынан шошынған Тоқтағу «Қарапайым адам хан тұқымына қол көтермес болар» деп өзінің басын алдыртады.
Хан атын алмағанмен, Ноғай Ұлы би аталған. Дәшті Қыпшақ жерінің батыс бөлегі Ноғайлының хандығына айналады. Бұл хандықтың негізін қалаған Маңғыт руы.
Әбілқайырдың да өзінің қол астындағы Арғын, Қыпшақ руларының белді адамдарынан сескенуінің де бір себебі осында. Ноғай батыр секілді Ақжол бидің де (бұл ел қойған аты, шын аты Дайырқожа) артында тұрған қалың Арғын елі бар. Ал Майсара Қобыланды батырдың соңынан ерген Қызыл бас елін шауып, қисса жырына айналған арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыдан қалған жау жүрек бықыған айбарлы Қыпшақ жұрты тұр... Қайсысының сөзін жақтау керек. Бұдан қиын хан басына сын бар ма?
«Жалғанда не қиын, қазақтың ру таласын шешу қиын. Бірақ оны шешудің қандай қажеті бар? — Әбілқайыр хан мырс-мырс күлді. — Шыңғыс тұқымының хан тағына осыншама ұзақ отыруының себебі де осында емес пе? Егер ру-ру боп бөлінген бар қазақ бірігіп кетсе не болар еді? Жоқ-жоқ, бұл жұрт — абайлап ұстамасаң қолыңды алып түсер қылшылдаған ұстара. Абайлап ұстаудың жалғыз жолы — біріне-бірін бақтырып қою. Сонда ғана бұл өткір ұстара қауіпсіз».
Бұл — Әбілқайырдың ойы. Ал Жәнібек болса, осынау ру таласына өзгеше қарайды. «Қазір Әбілқайыр қиын халде, — деп болжайды ол, — Ордасының да айбары бұрынғыдай емес, жан-жағы түгел аш қасқырдай талауға әзір жаулары. Оңтүстік-күнбатыс жағынан Қорасан қайтадан бас көтере бастады. Мауреннахр бұқарасының да өшпендігі күшеюде. Ақсақ Темір ұрпақтары іштен тынып, сәтті күнін күтіп отыр. Солтүстік-батыс тұсы да жауар күндей түнеріп тұр. Ал Еділ өзенінің арғы бетіндегі Ноғай Ордасы күннен-күнге іргесін әрі салып бара жатыр, достықтан қастық тілеуі басым. Ежелден бәсекелес жаулары Қазан мен Қырым хандықтары да бел алып кеткендей. Астрахань сұлтандары Әбілқайырдан көрі, соларға қарай иек артпақ... Бұның бәрі құр доңайбат емес, бір хандықты жүн етер қаһар. Ал Алтын Орданың өзінің іші қалай? Жиди бастаған теріге ұқсас. Хан салған алым-салықтың зардабына шыдай алмай әбден ауаланып алған. Күні бүгін Әбілқайырдан бөлінгелі тұрған қазақ рулары аз емес... Тек солардың санын көбейте түсу керек».
Жәнібек, қырға шыққан сайын, ел тауқыметін көріп, ордасына үнемі ренжіп қайтатын. Әсіресе, өткен жылғы, бір оқиға сұлтанның көз алдынан кетпей-ақ қойған. Ол аңнан келе жатып Әбілқайыр лашкерлері шауып кеткен бір ауылдың үстінен шыққан. Шаңырағы күйрей жерге түскен үйлер... Ұлдары сойылға жығылып, ботасы өлген інгендей боздаған аналар...
Жәнібекті таныған ақсақал:
— Шырағым, Жәнібек, — деген, — бөтен елдерді шабуға жігіттеріңді бермедіңдер, мерзімінде алым-салықты төлемедіңдер деп ханның аш бөрілері аулымызды шауып кетті. Еділ бойында да көрген күніміз осындай болатын. Құтқара көр енді бізді бұл қорлықтан!
— Қалай құтқарам?! — деген Жәнібек.
— Әбілқайырдан бізді бөліп ал, — деп жауап қайырған қарт. — Өзгенің жер-суына қызықпайтын, өз елінен жат жұрттай ауыр алым-салық салмайтын жеке шаңырақ көтер.
Қытай мен Жоңғар жеріндегі рулар да осындай ой білдірген. Осының бәрінен Жәнібек жеке хандық құрудың көптің арманы екенін және өз басының қамы мен ел-жұрттың тілегінің сабақтаса бастағанын көптеп түсінген. Бұл — мұратқа жетудің даңғыл жолы. Бүгін болмаса ертең шаруашылығы, жер-суы, әдет-ғұрпы, тілі, тілегі бір Дәшті Қыпшақ даласының көп руының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бір ел болып құралып, бір халыққа айналатынына шек келтірмеген.
Осы себептен де Әбілқайыр хандығы — Алтын Ордаға бағынышты екі белді ру Арғын мен Қыпшақтың арасындағы дау, таластың өрши түсуінен қатты үміттенген Әбілқайырдың ойы, бұл рулардың бастарын біріктіртпей билеу болса,Жәнібектің ойы Әбілқайырдың Ордасын құлату үшін сол рулардың арасындағы Алтын Ордаға деген өшпенділік орши түсуі керек. Ескі Орда таластан әлсіресе, жаңа Орда тігудің жеңілге түсетініне ол күмән келтірмеген. «Қазақтың көшпелі рулары алмас қылыш, — деп ойлаған сұлтан Жәнібек, — егер жұмсай білсең — ол жауыңа айбар, жер-суыңа қорған. Қара халық өз бетімен бірімен бірі соғыспайды, тыныштықты, достықты тілейді. Бар пәле бізде, хан, сұлтандарда. Қолыңдағы осындай күшті аужайлап пайдалана алсаң, ойыңдағыдай хандықты құруға болады. Ноғай, Қазан, Қырым, Астрахань хандары мен сұлтандары таламасын десең, арғы жағыңдағы ұлы жұрт — орыс елімен тіл тауып, одақтасқан жөн. Бірақ ондай күнге жету үшін ең алдымен Әбілқайыр Ордасынан бөліну қажет».
Ал Әбілқайыр Дәшті Қыпшақ хандығын күшейтудегі алғашқы күрестерінде өзіне сенімді құрал еткен көшпелі рулардың қазір теріс қарай бастағанын тек сұлтандардың қастандығынан көретін. Орынсыз соғыс-жорықтан, басқа елдерді шабудан кешегі алмас қылыштың жүзі қайтып, іске алғысыз боп мұқалатынын ұққысы келмейтін. «Жыланның үш кессе де кесірткелік қауқары бар, — деп ойлайтын ол, — егер де сұлтандардың өшпенділігін жойсам, Алтын Орда елі де талай елді бағындыра алады. Тек соңыңнан ерген тобырды өткір қайрап жауыңа сала біл! Аужарлық етпе!».
Әбілқайыр тағы ауыр күрсінді. «Тобыр! Бірақ сол тобырға ерік берсең, ол қожасының да басын алатын қаһарлы күшке айналады... Ерік беріліп еді, Мысырға құлдыққа сатылған Бейбарыс не істемеді? Атақты Құлағудың өзін Египет жерінен қуды...».
Шыңғыс шапқыншылығы тегеурінді екпінімен қазақ руларының быж-тыжын шығарды. Көпшілігі өз жерінде қалғанменен, бірталайлары басқа елдерге қашып, жан сақтауға мәжбүр болды. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Қыпшақтың біраз ауылы бастығы Қотан хан болып мадиярлар жеріне ауып кетті. Бұларды мадиярлардың королі қоныс беріп, алдарына мал салып жақсы қарсы алды. Бұған ашуланған Бату венгер короліне хат жазды. Ол хатында: «Оның үстіне менің Қыпшақ құлдарыма сен қорған болатын көрінесің. Мені өзіңе қарсы қоймайын десең, бұдан былай қарай қарамағыңа Қыпшақтарды ұстама. Қыпшақтарға менен қашу жеңіл, — олардың үйі-күйі жоқ, шатырда тұрады, ал сенің үйін, бар, жерің бар, қалаларың бар. Менен қалай қашып құтыласың» деп қорқытқан Бату.
Бір мың екі жүз жиырма тоғызыншы жылғы Лаврентьев шежіресінен қыпшақ-қазақтардың монғолдардан ығып, өзі жау. тепкісіне түскен Еділдегі бұлғарлар жеріне, Россияға, Польша, Литваға барғандарын көреміз. Бір кездегі көшпелі жауынгер елді Құждай мықты бекзада, ел билеген батырлары енді жат жерде бетегеден аласа, қойдан жуас күйге ұшырайды.
Қазақтардың біразы Қиыр күншығысқа, Монголия, Қытайға да апарылады. Шыңғысхан мен Жошы кезінде қазақтардың бірнеше бекзада, батырлары Монғол императорының Ұлы Ордасында қызметке әкетілген. Қыскасы бір кездегі айбынды елді дұшпандары талан-таражын шығарып, ұлын ұрымға, қызын қырымға шұбыртады. Қазақтың батыр жігіттерін топтап құлдыққа, мүсінді қыз-келіншектерін үйіріп күңдікке сата бастайды.
Көп кешікпей монғолдар мен мұсылман саудагерлері Европа мен Сирия, Солтүстік-батыс Африканы, әсіресе Египетті Дәшті Қыпшақ жерінен әкелінген құлдарға толтырады.
Осындай жағдайда Египеттің халифаттық гвардиясы он үшінші ғасырда дені Қыпшақ жігіттерінен жиналған болатын. Ал Египетке ер жүрек, мықты әскер өте керек еді. Мұндай әскерді мамлюктер11 құра білді.
Бұл кезде Египетке Шығысынан монғол шапқыншылары төнсе, он екінші ғасырда ұрыста жеңілгеніне қарамай, батыс жағынан Таяу Шығысты өлі де болса өзіне бағындырмақ боп, Кресшілер шабуылға шыққан-ды. Енді бүкіл мұсылман қауымының кіндігі, оның мәдениет, көркем өнер, ғылым-білім орталығы Египет пен Сирия басына шын қауіп-қатерлі қара бұлт түнерген-ді.
Дәл осы сәтте бала кезінде Қыпшақ жерінен құлдыққа сатылып әкелінген Сирия әскерінің қолбасшысы Бейбарыс баһадур соңынан мамлюктерден құрылған гвардиясын ертіп, Бағдатты алып, енді сарқырамадай Сирияға құлаған Иран шахы Құлағу әскеріне қарсы шықты. Құр ғана қарсы шыққан жоқ, Құлағуды жеңіп, екі жылдан кейін оны бүкіл Египет жерінен қуды. Ал бір мың екі жүз тоқсан бірінші жылы Қыпшақ мамлюктері әбжіл қимылдап Сириядан Крест ұстаушыларды бір жолата қуып, рыцарлардың Шығыстағы ең ақырғы қорғаны Аққа қаласын алды.
Сөйтіп, өз жерінен қуылған, құлдыққа сатылған мамлюктер араб жауынгерлерімен бірігіп, Египет пен Сирияны монғол басқыншыларының күйретуінен құтқарды. Әлемге әйгілі өнер-ғылым ошақтары болған Отырар, Самарқант, Киевтердің халіне жеткізбей, Каир, Алжир, Кордаваларды күл-талқан етуден аман сақтап қалды.
Енді қыпшақ бекзадаларының, әскер басшыларының қаны араб қанымен араласты. Біріне-бірі қыз беріп, қыз алысты. Осы құл сату арқылы құр ғана Египетте емес, Солтүстік теңіз бен Жерорта теңізінің жағасындағы Европа халықтарының қанына орыс, татар, черкес, түрік, африка ұлдарының қаны қосылды.
Жошын мамлюк сұлтандары басқарған Египет жерінде Қыпшақтар Алтын Орда мен қазақ жерінің әдет-ғұрпын, тәртіп-дәстүрін енгізуге тырысты. Ата-бабасы Қыпшақтан шыққан мамлюк сұлтандарының енді серуенге барар жолдарына күні бұрын сырнай, керней тартқан жүздеген, қыпшақша киінген сәнді-салтанатты нөкерлерін шығарып Бағдат, Мысыр, Мекке, Каир шаһарларының көшелерін басына көтерді. Қыпшақтың бай, манаптары өздерінің жас кезінде бабалары мінген пәуескемен Ніл өзенінің жағасында серуендеуді шығарды.
Мамлюктер тіпті шариғатты былай қойып, сот ісін де Дәшті Қыпшақ жобасымен жүргізуге тырысты.
Бұның бірін істеген қара құлдардан шыққан батыр, әскер қолбасшылары. Осыдан кейін қара қазаққа, құлдарға ерік беруге бола ма? Жоқ, болмайды. Әбілқайыр тағы қабағын қарс жапты. «Қыпшақ жерінен сатылып барған құл Бейбарыс Құлағуды жеңді. Жоқ, қара халықпен ойнауға болмайды». Оның есіне енді Ақсақ Темір көреген түсті. Әбілқайырдың бойы суынып кетті. «Алтын Орданың түбіне жалғыз ғана орыс патшалары жетті ме? Хан Мамай жеңілген бір мың үш жүз сексенінші жылғы Куликов қырғынынан кейін Тоқтамыс пен Едіге Мәскеу түбіне қайтадан сан барған жоқ па еді? Рас, басы біріге бастаған орыс князьдары да ай қарап отырмаған-ды, тозуға айналған Алтын Орданы, түбі, күл-талқанын шығаратыны ақиқат еді ғой... Күл-талқаны шыға да бастаған еді-ау. Жұт жеті ағайынды, айыр ағашпен сегіз. Жауынан сан опық жеген көне Дәшті Қыпшақтың күншығысына сонау алабұртқан заманда тағы бір қабылан көрінді. Бұл Маңғыт руынан таралатын Барластан шыққан Ақсақ Темір еді ғой. Сойқанның бір басы сонан өрбіді емес пе. Құжынаған лашкерін құмырсқадай қаптатып, қанды ауыз қабылан Алтын Орданы қаппақ болды. Ол бір мың үш жүз тоқсан екінші жылғы, Алаша ханның Әмет пен Самет деген балаларын жолай өлтіретін аттанысында-ақ Алтын Орданың босағасын бірден солқылдатып кеткен жоқ па еді. Ал бір мың үш жүз тоқсан бесінші жылғы аттанысында Бату мен Берке Еділ өзенінің сағасына салған Алтын Орданың астанасы ғажайып сұлу Сарай шаһарын Кавказ жағынан, Дағыстан қойнауынан келіп басып алды ғой. Осы шабуыл біздің бірлігіміздің де біржолата түбіне жеткен-ді. Орыстардан Мамай күйреді. Темірланнан Тоқтамыс жеңілді. Осы екі жеңілу Алтын Орданы біржолата күйретті. Жоқ-жоқ, төре тұқымдарына жатпайтын батыр, билердің соңында импрамы бар. Қиын-қыстақта бұл тобыр заты Шыңғыс тұқымынан шыққан хандарды емес, өз көсемдерін қолдап кетеді. Мұны да ойлау керек. Өз тобыры соңынан ермесе Ақсақ Темір бүкіл Мауреннахрды өзіне бағындырып, Хорезм мен Алтын Орданы шауып, кейін Үндістанның астанасы Дели мен Түркияның кіндік қаласы Анкараны ала алар ма еді? Осының бәрі импрамымен құрған әскерін өзіне ерте білуінен. Жоқ-жоқ, соңында елі бар қолбасшы, билердің қашан да болса қолдарында күші бар. Олармен санаспасқа болмады. Қобыланды мен Акжол дауын тағы да ақыл таразысына салу керек. Бұл таластан қазір басым ауырып, балтырым сыздап жатқан жоқ қой. Мүлт кетсең — дұрыс жолдан адасқаның... Мұндай істе қашан да болса күдік пен үміт қатар тұрады.
Әбілқайыр шешетін тағдыр расында да киын тағдыр еді. Қазақ даласына Шыңғыс ұрпағының үстемдігі жүргенменен де, айыпты жанды өлім жазасына кесу үнемі ежелгі ел дәстүрі бойынша халықтың өз билігінде қалған. Айыпты жанның күнәсін, әбестігін ақыл таразысына салып, жазықты мен айыптаушылар жағынан жиналған би, ақсақалдар мәжілісі аталы сөзге тоқтап, өзінің үкімін айтатын. Хан тек осы үкімді өз жендеттері арқылы іске асыратын. Бұл жолы олай болмай шықты. Арғын, Қыпшақ би-ақсақалдары бір келісімге келе алмады. Сондықтан да бұл дауды хан шешсін деп ұйғарды. Күнәкар деп табылған Арғынның жиені Саян батырды Қыпшақ жағы өлім жазасына бұйырды. Жас батырды күнәсіз деп тапқан Арғынның игі жақсылары оны ақтады. Екі жақ бірдей тоқтайтын би шықпады. Дау аяғы қанды сойылды жанжалға айнала жаздап әзер басылды.
Расында бұл дауда хан тағына қауіп тудырардай астар бар-ды. Бату ханнан кейін, 1361 жылы Шыңғыс ұрпағы Болат Темір хан Еділ бұлғарларын екінші рет шапты. Бұлғар мемлекетін жермен жексен етті. Осы жерге он бесінші ғасырдың басында Әбілқайыр өлтірген Жұмадүк ханның әкесі Ұлығ Мұхамбет кеп Қазан қаласын салды. Өзін хан атады. Он сан Ноғайлының ең ақырғы Ұлы биі Алтын Ордадан мүлдем қуылып, Орда тағдыры Жошы ұрпақтарының қолына біржолата көшкен соң осы Қазан хандығының қол астына Орманбет бидің ұрпақтарының біразы келіп қосылған-ды. Және Алтын Ордаға деген қастығын тоқтатпаған-ды. Затымыз бір ел-жұртпыз деп кешегі үстемдігін зар еткен кей билері астыртын қазақ руларына кісі салып, Әбілқайырдан бөлін деп демігуде еді. Ал кей жау жүрек батыр ұлдары, қастарына саяқ жинап кейде хан тұқымының мыңдаған жылқысын барымталап әкететін.
Осындай бір шабуылдан кейін, ызасы кеудесіне сыймаған Әбілқайыр, Қазан ханының жеріндегі Орманбет бидің ұрпақтарының аулын шабуға үш түмен қосын мен бақан бойлы, шоқпар қолды Қыпшақ Қобыландыны аттандырған. Бұл атақты Қажымұқан балуанның он екінші атасы. Қазақ пен Ноғай бөлінгенде айтылған «жылау, жылау, жылау күй» жырындағы «қара орманынан айрылған», Торғай мен Ор бойына Қаратау маңынан, Арыс йен Бадам өзендерінің тоғысқан жеріндегі Қараспан тауынан көшіп келген, қазақтың атан жілік, арқар мүйіз батырларының бірі.
Ол тыныш, ертелі-кеш күлкіні ермек етіп, қаннен-қаперсіз жатқан Ноғайлы ауылдарының күлін көкке ұшырып, бар малын алдына салып айдап, мүсінді деген қыз-келіншектерін олжа етіп, жақында ғана жорықтан қайтқан.
Ақ түтек борандай қаһарына жан шыдамаған Қобыланды батырдың бұл жеңісін бүкіл Әбілқайыр қол астындағы ел, ол бір Стамбул мединасын шауып кайтқандай, үш күн тойлаған. Той тарқар алдында, әкелінген қыз-келіншекті Олжаға бөліп беру үшін, хан осы жорықта қай батырдың қандай асыра ерлік көрсеткенін сұраған.
Асат, Әсет12 айларының аяқ шеніндегі ыстығы басылған ала көбеңденуге таяу кіші бесін әлеті. Орда толы ала таяқты ақсақалдар, ат-жарақты батыр, сұлтандар... Қобыланды батыр алақандай көзінің қиығымен ханға қарап, ерлік көрсеткен кеуде соғар батырлардың атын атап келіп, кенет сәл кідірген. Аз уақыт үн-түнсіз тына қалып құлағына дейін жететін білектей қара мұртының ұшын шиыршықтай түсіп:
— Өзге батырларға олжа сұрасам, Арғынның жүз жігітін бастап барған жас бері, Қотандай абыз қарттың жиені Саян батырға өлім жазасын талап етемін, хан нем, — деген.
Ордада отырған жұрт дір ете қалған.
Саянның нағашысы ханның оң жағында отырған маймене, асқан күш иесі, әрі шешен, әрі әнші, екі иығына екі адам мінгендей, төртпақ келген қара сұр Қотан жыраудың баласы Ақжол би қанын ішіне тартып сұп-сұр боп кеткен. Бірақ жүрек толқынын әдеттегі орнықты мінезіне жеңгізіп ол:
— Неге? — деген, Қобыланды батырды қырағы көзімен бір шолып, даусын өзгертпей.
— Ұлы Шыңғысхан шартын бұзды. Орманбет бидің ұрпағы Әділгерейдің қызы есірей13 Қарашашты оз бетімен олжа етемін деп Керейдің Қарабатырымен таласты.
Олжаға таласқанға — өлім жазасын беру Шыңғысхан Ясысында жазылған. Шапқыншылық заманда әскер арасы бұзылмасын деп бұны хан ұрпақтары мықты ұстаған, қас батырға қойылған айып ауыр.
— Оған қандай дәлелің бар? Керей Қарабатырдың өзі айтты ма, әлде көрген жан бар ма? — деді Ақжол әлі де даусын өзгертпей.
— Қарабатыр сол таласта қаза тапты. Көрген куәні де қызба қанды Саянның алдаспаны алып түсіпті.
Әбілқайыр жұмсаған бір сұмның сөзіне аңғал Қобыланды күрт сеніп қалған. Осылай болуын тілеген көңіл, Саянға тағылған кінәнің ақ, қарасына көз жеткіздірмей, өзін де жаланың құрбаны етіп отыр.
— Олжаға қалай таласқанын онда батыр Саянның өзі айтар?
— Күнәсін мойынға алу үшін шын батыр болу керек.
— Арғынның ардақты жиенін қатын демексің бе?
— Олжа есірейге таласу қатын әрекеті.
Екі батыр алыса кететін қанды ауыз арлан төбеттердей алая қарады. Бірақ хан алдында төзім сақтау керек, ендігі сөзді Орда иесінен күтіп үн-түнсіз отыр.
Қобыланды батырдың бұл жанжалды неге бастап отырғаны Әбілқайырға аян. Күйе жаға айтылған сөздің астарында күйікті сыр жатқан. «Әлде батыр Саянның қылығы рас па екен?» Әбілқайыр хан үйде отырғандарды көз астымен бір шолып өтті. Хан кеңесіне келетіндер қалай өзгеріп кеткен. Мешін жылы Дәшті Қыпшақ тағына отырғанында өзі он жеті жаста еді. Ол кездерде әскер басшылары да, Орда тіректері де басқалар болатын. Мынау Арғын, Қыпшақ жайсаңдары алған төрде Маңғыт, Дулат, Үйсін, Қоңырат, Найман, Тубай, Ұйғыр, Қытай14 руларының мықтылары отыратын. «Хиуаны шапқанында да сол топ қасымда еді. Тек қалмақтармен айқасқанымда ойымнан шықпады. Иә, ол менің ең қарабет жеңілісім болды. Әскерім Сырға дейін шегінді. Өзім Сығанаққа қаштым Жауымнан көп күн төлеумен әзер құтылдым. Сосын ғой Дәшті Қыпшақтың басты рулары Арғын мен Қыпшаққа арқа сүйемек болғаным... Одан не шықты? Тікенектен шошып шоқ басты деген осы емес пе? Әттең жас кезім қайта оралар ма еді? Онда бүйтіп жан-жағыма қобалжи қарап отырмас едім-ау! Шіркін жастық, дарияның алғашқы тасыған қарқынындай едің-ау, бұзбайтын бөгетің бар ма еді? Екі жыл өтпей, Дәшті Қыпшақ хандығына қол созған Сайбанның ортаншы қатыны Үкілімайдан тараған Қанбайдың ұлы Елбектен туған Махмед-Қожа ханмен Тобыл өзенінің жағасында қалың әскерімен кездесіп жеңіп шығып едім ғой. Қандай қызық, қандай қайтып келмес, әселдей тәтті күндер! Сол жолы еді ғой, өзге батырларымның біреуіне де қимай он төртінде туған айдай толықсыған, адамзаттың сұлуы, Махмед-Қожаның жесірі, Арғынның қызы Ағанақ-Бикені өзім алып едім. Ағанақ-Бике десе Ағанақ-Бике еді ғой. Адамзат нәпсісі дегенді қойсайшы, жастай қосылған ерін өлтіріп, өзін қатындыққа алғанымда опа таптым ба? Құшағында жатқанда төсегің нағыз бір жылан інінің қасына салынғандай сезінесің. Ін ішінен бір улы жылан ысылдап шығып, жалаңаш денеңе айыр тілін сұғып алатындай! Мен қанша жақсы керсем де, бір иілмей өтті-ау, бейшара. Қайтсын, мен құр ғана ерін өлтіріп қойдым ба, соңынан еріп келген үш жасар баласын да өлтірттім ғой. Өлтіртпеске болмайтын еді. Хан тағы деген періште де қызығатын бір сиқырлы арман ғой. Өгей бала түгіл, өз балаңа да сену қиын. Ал Махмед-Қожа баласы, жабылмаған ұстара тәрізді еді, абайламасаң қолыңды алып түсуі оп-оңай. Оны мен әрине дұрыс өлтірттім. Бірақ одан не таптым? Шешесі жылы шырайын бір көрсетпей кетті. Менен балалы болып қалмайын деп, сан мәртебе күшәлә ішіп іш тастады. Жалғыз-ақ бұл ажалдардан пайда көрген Сарғыт-Шиман Маңғыт болды ғой. Тапсырмамды адал орындадың деп мен оған қандай тарту-таралғы бермедім, қандай дәрежеге көтермедім. Дәшті Қыпшаққа өзімнен кейінгі адам еттім. Әрине менің мұным өзгелерге ұнаған жоқ, әсіресе Баһрам, Алаш батырларға...
Хан Ордасындағы тартыс сол күннен бастап күшейе түсті. Содан бері отыз жылдай өмір өтті, ал тартыс әлі бір толастамай келеді. Қайран, дүние! Қандай қайсар едім! Отыз жыл! Отыз жылдың ішінде қандай жауымды жеңбедім! Демек адамның қасы — арам шөп тәрізді болады екен. Отаған сайын қаулай өсе түседі. Әйтсе де мен де аянып қалғаным жоқ. Қай шаһарды алмадым? Хиуа, Самарқант, Икра-түп, Бұқар, Сығанақ, қазақтың жеке ұлысы болып жүрген Махмед-Қожа хан, ағалы-інілі Ахмед-Махмұд, Мұстафа хандарды жеңіп, Есіл, Тобыл, Нұра бойын өзіме қараттым... Бірақ сонда шыққан қандай мүйізім бар? Алғашқы хан болған кезімде Найман, Маңғыт, Ұйғыр, Қоңырат руларынан қаймықсам, енді міне Арғын, Қыпшақтан сескеніп отырмын. Бұрын жауым өзіммен аталас Сайбан тұқымдары еді десем, енді міне, Жошының он үшінші баласы Тоқай Темірден тараған ұрпақтары болып отыр.
Әбілқайыр Арғынның би, батырларының алдыңғы жағында отырған сұлу мұртты Жәнібек пен жалаңаш қанжардай түсі суық Керейге көз қиығын аударды.
«Иә... иә... Абақ сұлтаннан бұлар қауіпті. Шыңғысхан нояндары күйреткен, соңынан бабалары Орыс хан қайта жөндеген Ақ Орда астанасы Сығанақты жаулап алғанымды бұлар мәңгі-бақи кешірмек емес. Және Ақсақ Темірдің баласы Шахрук сұлтаннан туған Ұлықбектің қызын алғаныма да қырғи-қабақ. Менің Бұқар, Самарқант бектеріне бүйрегімнің бұратынын көре алмайды. Шамалары келсе, тез-ақ жеке қазақ ханы болып оңаша отау тікпек. Тек бөлініп кетуге әзірге күштері жеткіліксіз. Бастары қосылмай жүрген рулары болмаса, соңынан тұтаса ерген елі жоқ. Ал ел деген не? Ойынан шықпасаң, сенен үрки жөнелуге бар. Мына Акжол бидің айтып отырғанын ескермей көрші, бүкіл Арғын, Найман, Қоңырат болып ши шығаруға дайын. Барақ баласы Жәнібектің, Болат баласы Керейдің күткені де осы. Көптен бері Жәнібек пен Керей осы рулардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып өздеріне баурап жүр. Азғантай мүлт кетсең, оқыралаған өгіздей мөңки тулап, жұртты бөліп әкеткелі тұр. Сонда не істеу керек? Арғыннан қорқып Қыпшақ батырының сөзін аяқсыз тастау керек пе? Жоқ, өйтуге болмайды. Қазіргі арқа сүйерім, бұрынғыдай Маңғыт емес, жошын Қыпшақ! Қыпшақ менің қазір қанды шоқпарым. Оны дұрыс сілтей білсем, әлі де болса талай Жәнібек, Керейлердің басын домалата алам. Демек, шешім қандай болуға тиісті? Екі жақ менен бірдей жауап күтуде ғой».
Әбілқайырдың іркіп отырған ойын кенет сықырлай ашылған есік үні бұзып кетті. Хан төмен түсіп кеткен басын көтеріп есік жаққа қарады. Жақында қайтыс болған Шах-Будақ сұлтаннан туған жеті жасар немересі Мұхамед-Шайбани екен. Атасы хан, нағашысы бүкіл Алтын ханның бас батыры Домбалық батыр болғандықтан, Әбілқайырдың бұл немересі өз балаларынан да анағұрлым ерке, тентек. Және хан да оны ерекше жақсы көретін. Бала есік алдында тұрған пасбандарға15, үй іші толған бек, сұлтан, әмір, хакім, батырларға қарамастан үйге кірген бетімен өзгелерді баса-көктей алтын тақтың жанына бір-ақ жетті. Атасы Әбілқайырға еркелей:
— Тарланкөк тым асау екен, бие сауымдай мезгіл шаптым. Бірақ мені түсіріп кете алмады, — деді мақтана, — бәрібір мен оны үйретіп аламын!
— Жарайды, қалқам, қазір біз хан ісімен шұғылданып отырмыз, — деді Әбілқайыр немересінің басынан сипап. — Кезің келгенде бұл дозақтың отына сен де күйерсің, әзірге ойнай бер. Бара ғой.
— Қайдағы дозақ? — Бала атасына еркелей қарады. — Мен хан болғанда ол дозақты жұмаққа айналдырам. Көр де тұр?
Хан күлімсіреді де қойды. Кенет оның көзі есікке таяу тұрған Керейдің он жеті жасар баласы Бұрындыққа түсіп кетті! Жүрегі дір ете қалды. Ананың бет құбылысында жеті жасар Мұхамед-Шайбаниға деген аязданған қар тәрізді бір алуан өшпендік ызғары байқалады. Шүңет көздері шоқтай қадалып тұр.
Елуге таяған Әбілқайырдың тікелей хан тағына отырар мұрагері ең тұңғышы марқұм Шах-Будақ сұлтан болатын. Одан кейінгі кезек екінші баласы Шайх-Хайдар мен осы Мұхамед-Шайбанидікі... Ақылды хан жау садағының оғы, өзі өлгеннен кейін, Шайх-Хайдар мен осы жеті жасар немересіне кезенетінін бірден ұқты. Хан тағына ие болудан туатын ұлы таластан әлі түсінігі жоқ жеті жасар немересін қорғағысы келгендей Әбілқайыр кенет Мұхамед-Шайбаниды аялай бауырына қысты. «Расымен-ақ біреу осы нәрестеге де қол көтерер ме екен? Кімнің бұл шаңырағын қиратып, түндігін тіліп еді?» — деді ол ішінен. Бірақ хан дәл бұл сәтте өзінің Махмед-Қожаның баласына істегенін есіне түсірмеді. Бәсе, үш жасар нәресте Махмед-Қожаның ұлы Әбілқайыр ханның несін бүлдіріп еді? Қай шырағына көлеңке болып еді!
Бірін-бірі қасқырша талаған, тек жеңгендері ғана өмір сүретін қатал заман. Әбілқайырдың кенет немересін бауырына неге қысқанын бір-ақ адам ғана түсінді. Ол — Жәнібек сұлтан еді. «Дұрыс ойлап отырсың, хан ием, — деді ол ішінен, — сенің ошағыңды маздататын ақырғы тобылғың осы Мұхамед-Шайбани немерең болар. Жеті жасар баладай емес тым ересек, ақылды... Егер осы немерең қыршынынан қиылса, сенің де отыңның мәңгі сөнгені».
Демек, бір мың төрт жүз алпыс сегізінші жылы Әбілқайыр хан өлгенде, он жетіде қалған Мұхамед-Шайбани мен он екі жасар інісі Махмұт-Сұлтанның ерлік әрекеттері арқасында Әбілқайыр ошағының көпке дейін сөнбейтінін дәл осы сәтте Жәнібек сұлтан білмеді. Ал қазір ол Әбілқайыр ханның жеті жасар жанғалы тұрған шамшырағы жайында тек көмескі қобалжу ойда ғана болды.
Хан әп-сәтте бойын жинап алды.
Бар, қалқам, Тарланкөкті жіберген болсаң, басқа асауды үйрет, — деді.
Енді шешім өзінен өзі келді. «Хан ақылы — қарамағындағы елді айқастырмай ұстауда ғой. Айқаса қалған күнде де, хан бұл арада төреші болуы керек! Арғын, Қыпшақ бірін-бірі өзі өлімге қисын. Мен тек солардың жоюшысы болайын».
Біздің атамыздың замандасы, Үйсін Майқы бидің кезінен келе жатқан «өзім жазасын шешетін халықтың өзі» деген дәстүр бар емес пе еді. Бұл дәстүрді әлемді билеген ұлы Шыңғысханның өзі де бұзған жоқ. Мен қалай бұзам? Арғын, Қыпшақ игі жақсылары мәжіліс құрып, батыр Саян тағдырын өздерің шешіңдер. Өздеріңнің ұйғаруларың хан үкімі болсын, — деді іші қатпар-қатпар Әбілқайыр, кенет асасымен жерді бір ұрып.
Хан сөзі — бұзуға жатпайтын шешім. Жайшылықта бұйда бермес екі жақ бірдей басын иді.
— Құп, хан ием, сөйлесіп көрелік.
Miнe, осы дау Арғын, Қыпшақ арасында үш күн сөз болған. Талай ділмарлар, сөзуарлар суырылып шықты, талай қызыл өңеш, бұлбұл тілдер сайрады, бірақ еш шешімге келе алмаған. Ашу, ыза, кек қуысқа ұйлыққан кар секілді оңай жібімеген. Бұл долы талас кейде сойыл күшімен шешілуге де таяп қалған. Бірақ екі жақтың күші бірдей түскендіктен, жағаны босқа жыртуды екі ру мықтылары мақұл таппаған. Ақырында Майқы би мен Ұлы хан Шыңғыстың тастап кеткен дәстүрін бұзын, бұл таласты ханның өзі шешсін деп тарасқан. Хан не айтса екі жағы бірдей соған көнбек болған.
Ал бүл дауға шешім таба алмай, Әбілқайыр іштей алай-түлей. Арғын мен Қыпшақтың қазіргі таласы, ұйқы-тұйқы жұлысып жатқан арлан төбеттердің айқасына ұқсайды. Дәл қазір бұларды айыру екіталай. Не болса да қолындағы темір сүңгіні біреуіне жіберуі керек. Алысып-жұлысып жатқан қос арланның қайсысын қалайды? Арғынға деп сілтегенің Қыпшаққа тиіп жүрсе қайтесің? Қыпшаққа тиюі өзіне тиюімен бірдей. Хан саясаты кейде жазғытұрымғы желдей. Беталысы ел райына, хан Ордасының арманына қарай өзгеріп тұрады. Ал бүгінгі таңда Қыпшақ пен Әбілқайыр ханның алар демі бір төбеден соғып тұр.
Кенет хан бұл дауды екі ру арасындағы саясатпен емес, әділетіне қарай шешпек болды. «Әділетті шешсең — импрам риза болады. Ал импрам ризалығы — дәл бүгін Қобыланды мен Ақжол бидің мүддесінен жоғары». Бұны отыз жыл хандық құрған тіршілігінде Әбілқайыр хан соңғы кезде жақсы ұға бастаған.
Ол ең алдымен оқиғаның қалай болғанын тұтқын жігіттің өзінен сұрауды жөн көрді. Тақ жанында тұрған күміс қоңырауды алып ақырын қақты. Таза күмістен сыңғырлай шыққан сұлу үн құлағына еркелей жетіп, қобалжыған көңілін сол орнықтырғандай болды. Үйге ашаң жүзінде қан жоқ, сел жоқ, ұзын бойлы арықтау келген дәйекші Оспан-Қожа кірді. Ол ләм-мим демей екі қолын кеудесіне ұстап, басын төмен түсіріп, әмір күтіп, қозғалмай тұра қалды.
Тұтқын жігітті алып келсін.
— Қай тұтқын жігітті, хан ием?
«Бәсе, қай тұтқын жігітті? — Әбілқайыр мырс етіп күлді — Чинга Тұра16 қаласынан алғашқы хан тағына мінген күннен бастап, сонау Батудың әскерінің бас қосқам жері -Кеңгірдегі Орда Базарды өзінің астанасы етіп, артынан Бұқар, Самарқант, Сығанақтарды алып, оларға өзінің ұрпақтарын не әйелдерінің жақындарын хакім ғып отырғызғанша қаншама адамды тұтқын етпеді? Нелер жайсаң жігіттерді шынжыр кісен кигізіп, зынданға тастамады. Қайсының аты есте? Ал бүгінгі тұтқын жігіттің аты кім еді?» Әбілқайыр ойлана қалды. «Әйтсе де осы дау болып жатқан жігіттің есімі кім еді? Аян ба, Шаян ба, Баян ба?» Жігіттің аты кенет есіне түсті. .«Иә, иә, Саян екен ғой. Бұл атты бұрын қайда естідім? Иә, иә, солай екен-ау, маған оның атын Рабиу-Сұлтан-Бегім айтқан еді ғой. Бәсе, не деп еді? Өзімнен туған екінші балам Сүйіншік сұлтанға көзінің тірісінде осы Саянды аталық17 етіп қой деп сұрады ғой? Неге олай өтініп еді? Жадымда жоқ. Бірақ мен: «Әлі тірімін ғой» деп ханымның өтінішін жорта орындамай қойғам. «Неге орындамадым?» Ханның қабағы тағы түйіліп кетті. «Иә, иә, баяғы бір Орда өсегі себеп болған. Ханымның сүттен ақ, періштеден таза екенін білсем де, сол бір өсек маған да әсер ете жаздаған. Тек, әйтеуір, жалған болып шықты ғой... Бөсе, сол жігіттің де аты Саян еді... Со кез ол жорыққа аттанып, көре алмай қалғанмын. Артынан бұл әңгіме тіпті есімнен шығып кеткен-ді. Ханым да өзінің өтінішін қайталаған жоқ... Иә, ол әңгімеге де жеті жылдан асып кетті. Өтіп бара жатқан өмір!». Хан есік алдында тұрған дәйекшіге кілт бұрылды.
— Әлгі Арғын, Қыпшақ арасында дау шығарған жігітті, — деді ол, атын атауға әлденеге аузы бармай.
— Құп, тақсыр, хан ием.
Әбілқайыр тағы да ойға шомды.
Он жеті жасында «Бату тағы», «Өзбек тағы» деп аталған Дәшті Қыпшақ тағына отырды. Ол кезде хан ордасы сонау шығыстағы Ертіс өзенінің қойнауындағы Чинга Тұра қаласына ту тіккен, майданды сол тұстан ашып, жеке-жеке ұлыс болып отырған қазақ хандарын жеңіп, бірте-бірте Есіл, Тобыл, Нұра өзендерінің бойын тегіс өзіне қаратты. Сол қарқынмен ол бір кезде, Жошының ордасы тігілген, Ұлытау бойына жетті. Енді өзінің астанасын Батуханның әскері екі жүз жиырма жыл бұрын бас қосқан Кеңгір бойындағы Орда-Базар деп аталатын қалаға көшірді. Ұлытау Дәшті Қыпшақ даласының кіндік ортасы. Батысы — Еділ, Жайық, солтүстігі — Есіл, Тобыл; шығысы — Ертіс, оңтүстігі — Сыр бойы. Осы Дәшті Қыпшақ жеріне тегіс ие болғаннан кейін, ол Мауреннахр жеріне көз сала бастады. Отыз жыл хандық құрған өмірінде Үргеніш пен Самарқантты да шапты. Мауреннахрдан Сығанақ, Созақ, Отырар, Ақрұқ, Ақ-Қорған тәрізді Дәшті Қыпшақ елінің көне шаһарларын қайтарып алды. Сөйте жүріп ол бір жағынан Ақсақ Темір ұрпақтарына қыз беріп, қыз алып, әбден қандасып кетті. Ақырында Әбілқайыр бұл кездерде түркі, иран елдері «Көк Орда» ал орыс шежірелерінде «Ақ Орда» деп аталған кешегі Алтын Орданың кең байтақ алып даласына толық ие болды.
Тоқтамыс хан жеңіліп, Сарайдағы хандар сарайы Гүлстанды Ақсақ Темір біржолата қиратқаннан бері бұрынғы күшті Алтын Орда мүлдем жойылған. Қазір Әбілқайыр өзін Сайын ханымын десе, тек онысы Бату ханның орнында отырмын деп өзге елге сес беруі. Бір кезде көне түркі елінен таралған, қазір өзбек, қазақ болып бөліне бастаған екі елдің, Әбілқайыр шынында Өзбек ханы болуға айналған. Бұл оның қазір әлсіреген кезі. Демек, Шахрук Әмірдің ұлдары Қорасан, Иракқа көз тіксе, ал Әбілқайырдың әлі де болса, Дәшті Қыпшақ жеріне қоса, Моғолстанды алмақ ойы бар.
Моғолстан! Бұл бір Әбілқайырдың әзірге тісі бата алмай келген, көлденеңі мен ұзындығы жеті айлық кең алқап, күншығыс жағы қалмақ жерімен шектесіп, Барыс көл, Алтын Емел, Ертіс өзендерімен бітеді. Солтүстігінде Көкше теңіз (осы күнгі Балқаш көлі) бен Қаратал өзені жатыр. Күнбатысында Ташкент пен Түркістан, Оңтүстігі Қашқар, Ферғана, уәлиеті мен шығыс Түркістандағы, Тұрфан қаласы. Билеп тұрғандар Иса Бұғы, Шир Мұхамед, Уаис секілді Жағатай ұрпағынан шыққан хандар. Қарамағындағы елдердің көпшілігі Үйсін, Жалайыр, Дулат, Қаңлы, Ұйғыр, Найман, Қоңырат.
Әбілқайыр ханның ордасындағы Арғын билерінің де көз тіккені — осы Моғолстан! Жеке ел боламыз деп Орыс хан ұрпақтары Жәнібек пен Керей сұлтанның да көше қалса, барар жері осы Моғолстан.
«Мұндай жағдайда, Иран ханы Смайылдың да бас көтеріп, Ақсақ Темір бадаларының тізгінін үзіп кетпек боп тұрған кезде, ел билігін мықты ұстау қажет.Қыпшақтың дегенін істеймін деп оз ордамда бүлік шығарсам, өзгелердің ордасын қалай жаулап алам?..»
Дәл осы кезде дәйекші екі нөкермен тұтқын жігітті алып кірді.
— Хан ием, бұйрығыңыз мүлтіксіз орындалды.
Әбілқайыр әлі де терезеге қарап тұрған-ды. Енді ол ақырын бұрылды. Тұтқын жігітке көз қырын салар-салмастан сұп-сұр болып өзгеріп кетті. Батыр Саянды ол бұрын көрмеген-ді. Ал мынау қарсы алдындағы жиырма бес жасар батыр... Өзінің Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлудан туған үлкен баласы Сүйіншіктен аусайшы! Жоқ, Сүйіншік бұдан аумайды. Алғашқы көзі түскенде Сүйіншік екен деп те қалды. Қалың қабақ, қыр мұрын бозғыл түс, құмай көз... Өз баласындай еңселі. Қимылы да барыс тәрізді шапшаң, епті болуы керек. Тек Сүйіншіктен айырмасы — қою қара мұрты бар...
Әбілқайыр хан Рабиу-Сұлтан-Бегім ханымның қабырғасы қайысып мұны неге «аталық» етуін сұрағанын бірден түсінді. Бойын кенет орасан ашу билеп кетті. Шешім өзінен өзі келді. «Бұл жігіт, өлуі керек! Бүгін! Қазір! Дәл осы арада!».
Әбілқайыр құндыз жағалы, алтын зерлі көк мақпал шапанының ішінен байлап алған қорасан құрышынан жасалған болат қанжарының сабына қолының қалай барып қалғанын өзі де аңғармады.
Ханның құбылған түр келбетінен, оқыс қимылынан, оның қандай қатал әрекет жасамақ болғанын жас жігіт сезіп тұрса да, орнынан қозғалмады. Тіл қатып өтініш те айтпады. Тек екі қолы артына кісенделген қалпында арыс кеудесін сәл шалқайта, Әбілқайырдан өткір көзін аудармай тістене бекініп, қатты да қалды.
Хан түксие қарады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» тұтқын жігітпен тіл қатысуды жөн көрді.
— Өзіңе қойылған айыпты мойныңа аласың ба? — деді ол тамағына келіп тығылған ашуы мен күдік кірбеңін әзер басып, даусы дірілдеп кетіп.
Жігіт сол тұрған қалпынан титтей міз бақпады. Тек басын сол иді.
— Жоқ, өзге айыбым болғанменен, Қобыланды батыр айтқандай күнәм жоқ, иланыңыз, хан ием...
«Өзге айыбым болғанменен» деген сөзден хан бұрынғысынан да бетер күйіп кетті. «Өзге айыбыңның қандай айып екенін білемін. Жасырмай менің бетіме айтуға қалай тілің барды? Сәл шыда, ол тіліңді де шоқ басылғандай күйдіргенімді көрерсің!..» Бірақ ханның «өзге айыбың қандай айып?» деп сұрауға дәті бармады. Бойын билей жөнелген ашу, нағыз бір аузы-мұрнын кигізбен қаптағандай тұншықтырып әкетіп барады. Ойды алып, жүректі өртеген ызаны ықтай берді. Хан даусы шағатын жыландай енді ысылдай шықты.
— Қара Қыпшақ Қобыланды жала жапқаны ма?
Жігіт қысталаң мінез көрсетпеді.
— Қара Қыпшақ Қобыланды неге былай дейтіні менен көрі сізге мәлімірек болар, хан ием.
Ол осы сөзімен бар жайды бір-ақ жайып салды.
«Бұл ме дегені, о?» Әбілқайыр, екі көзі қанталап сүзетін бұқадай, түйілген қабағының астынан қарады. «Жоқ, бұл жігіт осал жігіт емес. Өзіне жабылған жаланың неден туып тұрғанын біледі. Бұл білгенді бөтен Арғындар да біледі ғой. Бәленің бір ұшы өзімде жатқаны өзге жұртқа да аян болар. Арғынға ала көз қарайтындығымнан Қобыланды батыр бұл оқиғаны әдейі шығарғансыды. Әрине, содан соң бүкіл Арғын болып кеше мына жігітті өлімге бермей қалған екен. Сірә, төбелеске түсуге де бар тәрізді ғой өздері. Сол екен ғой Жәнібек пен Керейдің де миығынан күліп жүргендері. Жоқ, жоқ, ашу тасыған дария тәрізді, алғашқы екпінімен жар бұзады, ал уақыт өткен сайын қарқыны бәсеңдей түседі. Шешімді бірден алмау керек...»
Хан қолын қанжарынан босатты.
— Қай рудансың?
— Маңғыт, Барлас руынанмын.
Жігіт бетіне хан тағы да үңіле, байыздай қарады. Көзінде бір жан түсінбес ұшқын пайда болды. О да мүмкін... Рабиу-Сұлтан-Бегім «Сүйіншік сұлтан нағашыларына тартқан» деуші еді ғой... «Барлас руының жігіттерінің бәрі бірдей осындай қалың қабақ, арыс кеуде келеді. Сонда бұл батырдың қандай айыбы бар? Жазығы қалың қабақты болғаны ма? Нағашы жұртына жиенінің тартуы табиғи жүйе ғой. Мені де өзбек нағашыларына тартқан демей ме?» Әбілқайыр хан өзінің ойының жалған екенін біледі. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды». Естіген өсегіне сонда-ақ сенген. Бірақ Сарғыт-Шиман Маңғыт уәзір: «Қуаныштың теңізі, адамгершіліктің күні, Фаридундай қасиетті Әбілқайыр ханның әйелі, Ақсақ Темір немересі Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым өсек-аяңнан тыс тұруы фатиқа. Бұлай ету екі жұртқа бірдей тәлім. Әсіресе үлкен балаңыз Шах-Хайдарды Самарқантқа хан еткелі тұрғаныңызда» дегеннен кейін ханымның қылығын қазбалай бермеген-ді.
«Сол өсекті қазір қайта шығарғанда не таппақ? Ондағы күннен қазір Ақсақ Темір немерелерімен арасы жақын тұр ма? Мен мұны өлім жазасына бұйырсам жұрт не дейді? Күнәсі ашылмаған батырды өлімге қиды... Бұны хан баяғы өсектің салдарынан істеп отыр демей ме? Әрине, сөйдейді. Өсек те бір, күйе де бір. Көзіме айтпағанмен жұрт солай жориды. Одан да өз басыма кір келтірмегенім жөн емес пе? Иә, сол жөн. Бірақ мына жігіттің күнәсін қалай кешем? Білмеген болып үндемей қалуым жөн бе? Қара қазаққа намысымды таптатып қойсам, жұрт мені батылы бармады дейді ғой! Жоқ, жоқ бұл жігіт өлуі керек!».
— Бұл жігіттің тағдырын Шах-Будақ сұлтанның асы өткен соң шешеміз, — деді дәйекші мен жігітті алып келген нөкерлеріне, — қайғылы ас алдында... қаһардан қайта тұралық. Әкетіңдер!
Жігіт сәл басын иді де кілт бұрылды. Жендеттер оны тысқа қарай айдай жөнелді. Ең соңынан шығып бара жатқан дәйекшіге естірте хан:
— Сақ болыңдар. Көздеріңнің қарашығындай күзетіңдер, — деді.
Дәйекші басын иді.
— Құп, тақсыр.
Ханның айтқаны шындық еді. Шығыс халқының әдеті бойынша «он бесте отау иесі». Әбілқайырдың Маңғыт әйелінен туған тұңғышы Шах-Будақ өткен жылы. дүние салған. Хан осы сүйікті ұлының үш күннен кейін асын бермекші. Ас беру — жерлеу емес, Дәшті Қыпшақ елінің дәстүрі бойынша үлкен той. Асқа Дәшті Қыпшақ пен Мауреннахрдың игі жақсылары қатысады, сайысқа атақты батырлар түспек! Қыпшақтың от ауызды, орақ тісті, қарға бойлы Қазтуған жырауы мен Арғынның ақсандақ жүйрігі, сексеннен асып кеткен, Ақжол бидің әкесі Қотан жырау айтысады. Төрешіге Үйсін Майқы бидің алтыншы буыны ұлы сыншы, халық ардагері, жүзден асып кеткен Асан Қайғының өзі келмекші.
Хан саясаты тынып жатқан көл секілді, қай жері тұңғиық, қай жері тайыз білмейсің. Тағы да күміс қоңырау шылдырлады.
Ордаға әлгі қан-сөлсіз дәйекші кірді, үн-түнсіз басын иіп, тұра қалды.
Хан жайшылықтағы тапсырмаларының бірін бергендей жайбарақат сөйледі.
Ас біткен күннің ертеңіне әлгі жігітке үкім айтылады. Бірақ оған дейін...
Дәйекшінің жарғақтанған жұқа ерні ақырын ғана қимылдады.
— Құп, тақсыр.
II
Әбілқайыр Ордасы бұл кезде Кеңгір өзенінің жағасындағы Орда-Базар қала еді. Ұлы асқа бүкіл Дәшті Қыпшақ пен Мауреннахрдың бек, сұлтандары тегіс келетінін білген хан, асты кең жайлауда — Ұлытаудың күнбатыс жағындағы Ақкөл жағасында өткізбек болды. Шілденің бас кезі еді. Бір шеті мен бір шеті ат шап.тырым күміс толқынды Ақкөлдің кең алқап жазира даласы ат бауырынан келген көк шалғынға бөленген. Қыратты бауырлай біткен хош иісті көде-көкпектің өзі тізеге жетеді. Алыстан мұнарлана Едіге батыр мен Тоқтамыс ханның сүйектері қойылған Ұлытау мен Кішітаудың сүйір бастары көрінеді. Көк шалғынның арасындағы бармақтай-бармақтай боп өскен бүлдірген мен жидектен көз тұнады. Аласа бұталарға сыңси біткен қарақаттың да піскен кезі... Көл үстінде күндіз-түні тынбаған құс қиқуы... Ортасындағы ақ айдында қанаттана бастаған көгілдірлерін ертіп бір топ аққу сыбызғы үніндей қоңырқай дауыстарымен сыңсып ән салады. Сабағы сояуланып қалған, қызғалдақ, лала жаушымылдық, раушан гүлдерінен жұпар аңқиды. Осынау қызылды-жасылды ернекпен безелген жасыл кілем ұшы-қиыры жоқ кең даланың ортасында төңкерілген күміс кеседей жарқырап, ақ айдын Ақкөл жатыр. Жан-жағы сонау көкжиекке дейін мидай дала. Ұшқан құстан, жүгірген аңнан бөтен тірі жан көрінбейді. Тек көлдің батыс жағында көгілдір белес бар. Белестің үстінде сұрғылт оба тас пен бірнеше балбала тұр. Оба тас мұрты салбыраған, оң қолына қымыз ішетін тостаған тәрізді ыдыс ұстаған келсаптай шомбал бір ғажайып бейне...
Бұл тастар жөнінде халық арасында екі аңыз бар. Бірі — көне Қыпшақтарда өлген адамды жаназалағанда, не жетісін, қырқын, асын бергенде оның бейнесіне сәйкестей ағаштан қуыршақ ойып, үстіне бұрынғы киімдерін кигізіп, өздерінің ортасына отырғызатын дәстүр болған. Өйткені көне Қыпшақтардың түсінігінше, адам жаны өлмейді, үнемі туыс-туғандарымен бірге жүреді. Жоқтауға жиналған кісілердің бәрінің де денесінде өз жаны болғандықтан, өліктің жаны өзінің қуыршақ бейнесіне барып орналасуға тиіс. Қуыршақ боп ол өзінің жерлеу тойына, жетісіне, асына қатынасуы керек. Ағайын-туыстарымен бірге отырып, өз ажалын өзі тойлайды. Ал жақындары оған керемет құрмет көрсетуге борышты. Қолына ыдыс беріп, қымыз құйып, алдына ас қойылу міндет. Өлген адамның дәрежесіне қарай ақсарбас қошқардан бастап, үш тоғызға дейін оның құрметіне құрбан шалынған. Араб жазушысы Абу Әль-Фидің айтуынша, құрбандыққа Қыпшақтар кісі де бауыздаған. Мынау оба тас пен балбалалар сол дәстүрдің ескерткіші-міс. Қолына ыдыс ұстаған оба тас — ас ішуге ыңғайланған, сол өлген адамның өзі, ал қасындағы балбалалар жанында жерлеп отырған оның туыс-туғандары-мыс. Екінші аңыз бойынша, адамның тірісінде өлтірген жауы о дүниеде соның құлы болады екен. Мына тас мүсіндер осы аңызды бейнелейді делінеді. Мынау оба тас — қожасына ас дайындап тұрған сол өзі өлтірген бас жауы, ал балбалалар бас жаудың серіктері, ағайын-туыстары-мыс.
Осы тас бейнеден бөтен жасыл шалғынға оранған кең далада ешбір мола, зират, қорған, бекініс жоқ. Желмен ойнап шулаған қалың көгал, күміс толқынын тынбай тербеткен шалқар көл...
Көлдің солтүстік алқабына қонақтарға арнап ақ кигізден басылған он екі қанат үш жүз үй тігілген. Іштері Самарқант пен Бұқарадан тоғыз керуенмен тасылған қырмызы қызыл кілем, дүрия, торқа жібектен тысталған мамық жастық, түбіт көрпелермен безенген. Көлдің төрі батыс жағында, қырқа өңіріндегі оба тас, балбалалардан сол төмендеу. Алыстан көгілдір тартып көрінген жасыл шалғында, көк теңіз үстінде ұшқан ақ шағаладай, сүттей аппақ кигіз үйлерді үштен-төрттен қосарлап тіккен хан ордасы. Көлдің оңтүстік алқабында хан ордасына жақын уәзір, Жошы ұрпақтарының ақ шатырлары мен ақбоз үйлері. Әсіресе солардың ішінде ортадағы он екі қанат ақ боз үйдің басына ақ жалау орнатқан, қатарлас тұрғызылған оюлы төрт кигіз үй — Жәнібек пен Керей сұлтандардың ордасы. Бұлар өзінің еңселі мүсіндерімен алыстан-ақ ерекше көзге түседі.
Көлдің күншығыс жағында Мауреннахрдан әкелінген аспазшыларға, Арғын, Қыпшақтан келген той дәйекшілеріне, қаршыға, сұңқар-лашынға арнап тігілген жүз қоңыр кигіз үй... Осы ауылдан қозы көшіндей жерде қонақтарға әдейілеп байланған үш мың биенің құлындарына тартқан жиырма қатар қыл арқанды желі. Күніне үйірленіп сойылған семіздіктен мамырлаған жылқы, құйрығын көтере алмай жатып қалған қотандаған қой... Хан ордасының ар жағында бес шақырымдай жердегі тулай аққан мөлдір сулы кішкентай Мойылды өзенінің жағасында Шах-Будақтың жесірі — Алтын хан батыры Домбалықтың Аққозы қызының келіп қонған ауылы.
Ас басталғалы жеті күн болған. Алғашқы күні осы арадан көшкен ел бір күн, бір түнде жетер Арғынаты тауының ең шетіндегі Шойынды көлден жіберілген үш жүз сайгүлік жүйріктен Әбілқайырдың Тарланкөгі озып келген. Атқа шапқан ханның жеті жасар немересі, Шах-Будақ сұлтанның баласы Мұхамед-Шайбанидің өзі еді. Хан немересінің жүлде алғанына арнап жеке той жасамақшы. Келесі күндері күрес, сайыс басталған. Күресте Найман Қаптағай батырдың немересі, кереге жаурын, жалаң төс Қаражал батыр бар балуандарды жығып, үстіне қырмызы фарсы кілемі жабылған араби қызыл аруананы бас етіп, үш тоғыз бас бәйгесін алған.
Сайыста Қара Қыпшақ Қобыланды жан шыдатпаған. Екі бие сауымындай мезгіл оған тек Арғын биі Ақжол ғана төтеп берген. Бірақ ошақ тұяқ Көксеңгірдің тегеурініне шыдай алмай бір сайыста астындағы құшақ құйрық Ақжамбасы тізерлеп шөгіп қалып, сайыс төрешілері бас бәйгіні Қобыландыға деп шешкен, Түйе жарыс, қатын күрес — бәрі аяқталып, бүгін астың ең қызығы, талай жан өкінер, талай бидің намысқа шауып қабырғасы сөгілер жыраулар айтысы басталған. Айтыс төрешісі жүзден асқан ұлы жырау Асан Қайғы. Ол бұл жолы желмаясымен Көкше теңіз тұсын шолып келген-ді.
— Асан ата, Көкше теңіз маңы қандай жер екен? Сайын ордасын көшіруге жарар ма? — деген Әбілқайыр ханның сөзіне Асан Қайғы:
— Қақ үстін жайлау етем десе ханның еркі ғой. Ал мен көрген Көкше теңіз маңы:
«Тас табаны төрт елі
Атан жүрер жер екен,
Төсегінен түңілген
Адам жүрер жер екен»
деп жауап берген.
Осы Асан Қайғы айтыс төрешісі. Төреші боларында ол Әбілқайыр ханға:
— Атамыз Майқы биден бері бәйге хан ордасын кім асыра мақтай алса соған беріліп келетін-ді. Бұл жолы ата жолын бұзбақпын. Егер соған көнсең төреші боламын, — деген.
Бүкіл ел-жұртты ардақтаған Асан өтінішіне хан да қарсы келе алмаған.
— Құп, айтқаныңыз болсын, — деген Әбілқайыр.
Асан айтыс тәртібін өзінше құрған. Бас бәйге кім де кім жауға қарсы елдің ерлігін дұрыс айтып бере алса, соған беріледі. Орта бәйге өз руының жер-суын қорғаудағы істерін дұрыс суреттеп берген адамға тапсырылады. Ал аяқ бәйгеге Дәшті Қыпшақ елінің болашағын кім дұрыс болжай алса, сол ие.. Және жеңіс тәртібі де өзгеше. Бір жырау өз руының ерлігін паш етсе, қарсы жырау сол рудың айтылған ерлігінің кемшілігін, қатесін дат етеді. Қайсысының жыры жұрт көкейіне қонар болса, сол жеңді деп саналмақ. Шыңғыс ұрпақтарын мадақтайтын айтысқа да осы шарт. Бұл шарт үшінші айтыста да қолданылмақ: бір жыраудың болжауын екінші жырау сынауы керек. Егер сынай алмаса жеңілген болып саналады.
Бас бәйгеге Қыпшақтың ұлы жырауы Қазтуған мен Арғынның ақиығы Сыпыра жыраудың ұрпағы Қотан тайшы түспек болды.
Қазтуған тапал, тоқты жілігінің қорғасын құйған асығындай шымыр адам. Сондықтан да оны халық «қарға бойлы Қазтуған» деп атап кеткен. Бір тайпы елдің батыры және жырауы. Әбілқайыр тұсында қазақ, ноғай қауымдары (ноғайдың біразы Қазан жеріне ауып кетсе де) аралас-құралас көшіп жүрген. Хандар тұтатқан өшпенділікке қарамастан, тұтас бір рудың не бір тайпы елдің бүгін ноғай құрамында болып, ертеңіне қазақ жағына шығып кетуі әдеттегі жәйт саналған.
Әйтседе, екі ел арасындағы жанжал кейде үлкен ұрысқа айналып, бір жағы ата мекен қонысын тастап кететін кезеңдері де болған. Осындай бір айқаста Қыпшақ жағы жеңіліп, Ноғайлы дәуірінің жырауы атанған Қазтуған:
«Салп-салпыншақ анау үш өзен
Салуалы менің ордам қонған жер,
Жабағылы жас тайлақ
Жардай атан болған жер,
Жатып қалған бір тоқты
Жайылып мың қой болған жер», —
деп басталатын атақты Еділмен қоштасу толғауын айтқан.
Осы Қазтуған Қыпшақ руының ерлігін мадақтап, байлығын мақтамақ...
Бұнымен айтысатын ақын: «Ер Тарғын» қиссасында «бұл — өз өмірінде толғау айтып тоғыз ханды түзеткен кісі» деп келетін бүкіл қазақтың қамын ойлап өткен Сыпыра жыраудың ұрпағы Арғынның ардагері сексеннен асқан карт Қотан.
Ел қамын ойлаған, ұлы сыншы Асан Қайғының бұл жыраулардың қайсысынан болса да еңсесі биік жатыр. Оның жыры қайғы тәрізді түпсіз терең, ел мұраты тәрізді мәңгі өшпес арманды, ана жүрегіндей мейірімді келетін...
Хан ордасының алдына кілең би, батырлар алқа-қотан отырғаннан кейін Асан Қайғы айтысты бастады. Ол алдымен өзі іштегі күйігін сыртқа шығара ел-жұртының қамын сөз етіп біраз толғау айтты. Халыққа тарап кеткен:
«Таза мінсіз асыл тас
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан тас
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз
Шер толқытса шығады» —
деп басталатын ұлы толғауын да осы жолы айтқан-ды. Бір бунап, бір босатқан науқастай, бойын қысқан жырын бітіріп барып «уф» деп демін алды. Енді ол бида орамалымен күн сүйіп, жел үріп, қатпарланған күсті маңдайынан сорғалаған терін сыпыра сүртті. Содан кейін барып жыраулардың мына отырған қауымға өз руларының қайдан шыққанын, аттары неден алынғанын таныстырып өтуін бұйырды.
Қазтуған жырау безілдеген домбырасымен бірге орнында байыздай алмай, арқасын жыр қысып, астындағы тай терісінен шығып, жорғалақтап дөңгелей, ащы дауысын бір шырқатып алды да:
Аланда алаң, алаң бар,
Бата алмай жау алаңдар.
Сақтан шыққан Кейсақ бар,
Кейсақ — Қайсақ, Қыпсақ — Қыпшақ боп
Он екі атаға таралар, —
дем Мұхаммет пайғамбар тумастан мың жыл бұрын, Ескендір Зұлхарнайынды Жиделібайсынның жеріне кіргізбей тоқтатқан Сақ елінің патшалары фарсы жұрты кей деп атап, одан патшаның таңдаулы әскерін — кейсақ (патша сағы деген мағынада) деп, одан Қыпсақ туып, Қыпсақтың Қыпшаққа айналғанын бір толғап өтті. Содан кейін Жиделібайсын жерін хұнулар18 алғанда Қыпшақтардың солтүстік суық жаққа Ертіс, Есіл бойына шегінуге мәжбүр болғаны, одан бес ғасыр өткеннен кейін түркі тұқымдас түркі, қарлұқтар-қарақалпақтар жайлаған Еділ, Жайық бойына ауғанын шырқай толғады.
Сөзді Асан Қайғы енді Қотанға берді. Қарт жырау қара күйектеніп кеткен кәрі қобызын, ботасы өлген іңгендей боздатып, қарлыққан кәрі даусымен:
Жусанды деме қараған,
Жұлдызды жарық ай деме,
Қытайдан шығып тараған,
Хұнуға қарсы қол шықса,
Жорықта болған маймене
А-лунь19 — Арғын руы,
Қыпшақпен қатар жаралған, —
деп көне заманда Солтүстік Қытайдан батысқа қарай хұнулар (гунндар) аттанғанда Арғындар түркі тұқымдас елдерімен бірігіп бас көтергенін, ақыры Әтиль күшіне шыдай алмай, сонау Ертістен әрі Жоңғар тауына қарай көшіп, хұнулар өтіп кеткеннен кейін, Жетісуға келгенін20 асқақтата жыр етіп өтті.
Төреші Асан ұйықтап кеткен адамдай көзін жұмып ойға шома түскен. Ұлы сыншы ойын ешкім бұзар емес, құлаққа ұрған танадай бәрі бірдей тына қалған. Әлден уақытта Асан Қайғы көзін ашты.
Сұмырай, сұрқия, сұм заман,
Шаққалы тұрған сұр жылан.
Өткені емес халқымның
Болашағы шер-мұңым...
деп ел-жұртының келешегін ойлап сәл қайғырып отырды да, қос жырауға бұрылды. Халықтың айтысты күтіп отырғаны есіне түсіп:
— Қазтуған жырау, баста! — деді.
Қыпшақ елі, Орта Азия хұнулары — чұмхуну ұрпақтарынан, біздің дәуірімізден бұрын келе жатқан Европа халқы түстес, дінілі тайпасының күнбатыс бөлегі, көне сақтар сарқындысы, Қыпсақ деп аталатын рудан және көне Қангуй елінің қалдығы — қаңғылардан құрылған, түркі тұқымдас, Ертіс пен Тобыл арасындағы ағашты өңірді жайлаған, жау жүрек қалың жұрт болатын оныншы ғасырдың бас кезінен бастап, гуздарды (осы күнгі түрікмендер) оңтүстікке, печенгтерді (көне кенгерес елі) күнбатысқа, карлуктарды (қазіргі қарақалпақтарды) оңтүстік-күншығысқа, углерді (карелофиндарды) солтүстіктегі қалың орман арасына қуып, көне Қангуй жеріне келіп орналасқан. Сол күннен бастап сонау Еділ мен Ертістің ортасын Дәшті Қыпшақ жері не Қыпшақ даласы деп атап кеткен. Қыпшақтар он бірінші ғасырдың орта шенінде Днепр өзеніне келіп жеткен. Өзінің шекарасына келген елді орыс жұрты шаштарының сарғылттығына қарап «Половцы» деп атаған (Полова — кесілген сабан), ал батыс Европа елі — коман деген ат қойған. Бұл жау баққан көшпелі ел көршілес жұрттарына қырғидай тиді. Жат соғыс әдістері бұларды өте қауіпті етті.
Ғасырлар бойы әдеттенген тәсілдері бойынша, жауына жоқ жерден тиіп, заматта ғайып болып, үнемі ат үстінен түспей үйренген көшпелі елдің жігіттері соғысқа әбден үйренген, ұзақ жорықтарға шыныққан жау жүрек жауынгерлер еді. Жасынан садақ атып, арқан тастап баулынған, Қыпшақ сыпайлары ұшып бара жатқан құсты жақпен көздемей бір-ақ тартып түсіретін шетінен мерген келетін. Бұлардың негізгі қаруы садақ, иықтарына ілгені жебеге толған қорамсақ, қисық алдаспан және жау мойнына лақтыратын қыл арқан. Көпшілігі найза ұстайтын. Үнемі ұшы-қиыры жоқ жазық далада көшіп жүретіндіктен, дала бүркіттеріндей қырағы жаралған. Жауға бұлардан жасырынып қалу тіпті мүмкін емес-ті. Қас жағының әскерін көрісімен-ақ бұлар жақтарынан жебені қардай боратып, ат қоятын. Қарсы жағы берік болса, қорқып кеткендей жорта кейін шаба жөнелетін. Қашқан Қыпшақтарды жауы оп-оңай қуып тастамақ боп тұра ұмтылса, бір жасырын қойнауда тығылып тұрған мергендері оларды оқтың астына алатын. Күтпеген жерден мұндай жағдайға ұшыраған жау әскері сасып қалып сөл кідірсе, жаңа ғана қашып келе жатқан Қыпшақтар кенет аттарының басын кейін бұрып, қайтадан атой салатын. Мұндай тәсілге үйренбеген жау әскері быж-тыж болып қаша жөнелетін. Оларды Қыпшақтар арттарынан қуып жүріп садақпен атып, не болмаса болат алдаспандарын құлаштай сермеп қырып салатын.
Ал екі жақтың күші бірдей түсіп жаумен бетпе-бет кездесер жағдай туса, Қыпшақтар сап-сап боп бірнеше қатарға бөлінетін. Әдет бойынша алдыңғы қатардағы атты жауынгерлер саптарын сүйір ұшты етіп құратын. Бұл оларға жұмсақ жерге кірген қазықтай, жау шебін оңай бұзуға керек-ті. Әр топтың ара-араларына және арт жағынан шабуылға шыққан жауды кідірту үшін арбалар қоятын. Осы арбалардың артында керек кезінде ұрысқа түсуге дайын тұрған тағы да әскері болатын. Ал егер жау жағының күші басым келіп, шабуылды олар бастайтынына Қыпшақтардың көздері жетсе, соғысу тәсілін басқаша жүргізетін. Үстіне өгіз, түйе терілерін жапқан арбалардан дөңгеленте бекініс жасайтын. Арбалардың шетінде жағалай тұрып алып, шабуылға шыққан жауына оқ жаудыратын. Жау қай жағынан келсе де дөңгелене құрылған бекіністегі Қыпшақтарды ала алмайды. Өздері оққа ұшады. Оның үстіне Қыпшақтар әлгі арбадан жасалған дөңгелек бекіністерінің ара-араларында қисық-қисық жол қалдырып, жау күшінің әлсірегенін білсе, өздеріне таныс қисық жолдарымен жау шебіне ат қояды. Ал шабуыл жасаған жау бұл жолдарды пайдалана алмайды. Шауып келіп кіремін деген жауынгер екпінімен кеп алдындағы арбаны соғып, быт-шыты шығады. Ал әлдеқайда кіре қалған етрат21 бұраңдап жатқан жолмен бекініс ортасындағы шепке жеткенше Қыпшақтың бірер жігітінің шірене тартқан садағының сауыт бұзар жебесіне душар болады. Тіпті таяп қалса найзағайдай жарқылдаған наркескенінен қаза табады. Ал арба арасындағы қисық жолдарды Қыпшақ жауынгерлері мейлінше еркін пайдаланатын. Жау күтпеген жерден, тал арасынан шыққан жолбарыстай, лып етіп пайда болып, садақ оғын жаудырып-жаудырып жіберіп, қайтадан кіріп жоқ болып кетеді. Басына жүген киіліп, үстіне ер түскенінен бұл әдіске машық болып үйренген Қыпшақ жылқылары еш уақытта әдет алған жолынан жаңылыспайды. Қамыс арасымен суылдап өткен жыландай, арбалар арасынан қалай болса солай өте шығатын. Мұндай әдіске дағдыланбаған жау аттары екпінімен кеп, ең бірінші бұрылыста-ақ арбаға соғылып, арындап барып шалқасынан түседі. Соңынан келе жатқан жауынгерлер жолы бөгеліп тоқтап қалатын. Осы сәл аял Қыпшақ жігіттеріне жеткілікті. Құлаштап тартқан қайың садақтан ысылдай атылған ажал жебелері кімді болса да ат үстінен ұшырып түсіреді.
Қыпшақтар бұл бекіністерін өздеріне қолайлы жерге орнататын. Егер таңдаған жерлері алда-жалда қауіпті болса, бір қалтарыста, не ымырт үйіріле дағдыланған әдет бойынша арба жетегін үзеңгілеріне іліп алып заматта бөтен жаққа көшіп кетеді. Жау орнын сипап қалады.
Осындай жылжымалы бекініске орналасқан Қыпшақтарды жау ала қоям деп дәметпейтін. Өгіз, түйе терілерімен жабылған арба қорғанына Қыпшақтардың бекінгенін білсе, әдетте жау ұрыс ашпайтын, өз бетімен кейін шегінетін.
Бірақ Қыпшақтардың ашулы тасқыны орыс қалаларынан әрі аспады. Тек кейбір толқындары ғана Еділ бойлары мен Византияға жетті. Бірақ одан аса алмады. Ұлы Россия көшпелі елдің шабуылынан өз жерін кеудесімен қорғап, әдеті бойынша Европаны тағы бір апаттан сақтап қалды.
Қыпшақтар осы жүз елу жыл жүргізген шапқыншылығында Киевтен бастап Россияның көп қаласына қауіп туғызды. Ал орыс князьдарының бастары қосыла бастаған күндерден кейін, кешегі қабыландай қайратты, жансебіл жандар, кенет құдайдың қарғысы ұрғандай, бастарына сор нөсердей жауып, сан мәртебе мерт болды. Әсіресе бір мың елу үшінші жылдан бір мың бір жүз жиырма бесінші жылға дейін өмір сүрген Переяславль мен Киевтің ұлы князі Владимир Мономах бытырап жүрген өзге орыс князьдарының басын қосып, Қыпшақтарға қарсы шабуыл ұйымдастыра алды.
Одан Қыпшақтар бір мың он бесінші жылы оңбай жеңілді. Содан бері бұл қаһарлы тайпа орыс жеріне шын қауіп болудан қалған.
Міне, осы Қыпшақтарды қазір арқалы жырау қарға бойлы Қазтуған мақтауы керек. Бейбітшілік пен тыныштықты, сұлулық пен ойшылдықты сүйетін ұлы сыншы Асан Қайғы Қыпшақтардың тарихына қанық-ты. Қазір ол тыныш елдерге бүйідей тиген бұл шапқыншыл елді жүйрік жырау қай жағынан мактар екен деп мүлги күтіп отыр. Оған Қотан қарт не айтпақ? Қыпшақтың ерлігіне қандай мін тақпақ? Шапқыншылықты, ерлікті мұрат көрген мына қу заманда жұрт оның ойына түсінер ме?
Қазтуған, Асан Қайғы күткендей әйгілі арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландыға бір тоқтап, Қыпшақтың шапқыншыл ел екенінен бастады. Қарағай кәрі домбырасын лақтыра безілдетіп, арқасы ұстап, Қазтуған жырау домбыраның күйімен өзі бірге шалқып малдас құрған қалпында кенет ытқи алға бір ұмтылып, қайтадан отыра қап құйрығымен шыр көбелек айнала тепеңдей жылжыды. Ханның сол жағында отырған қазіргі Қобыланды батыр арғы бабасы Қара Қыпшақ Қобыландының атын естігенде, шоқтығы өзгелерден анағұрлым жоғары көтеріліп, бір масайрап қалды. Қыпшақ жағының адамдары Қазтуғанның жырынан делебелері қозып, нақ өздері жүз елу жыл ерлік еткендей у-шу жырауға қошемет көрсетті.
Асан Қайғы Қотан қартқа бетін бұрды.
— Сөйле, жырау, — деді.
Қалың ойға шомып кетіп басын төмен салып үн-түнсіз отырған қарт жырау, шапқан дүбірді естіп, тыпырши қалған кәрі тарландай, кенет басын көтеріп алды. Сол сәтте-ақ қыл қобыздан күй аңырап қоя берді. Ақтарыла сарнаған қобыз үнімен бірге, бір кезде құлаққа жағымды қоңырқай, қазір кәріліктен өңі бұзылған Қотан қарттың қарлыққан даусы да шықты. Ол: — Өлімнен қорықпау ерлік емес, ерлік өмірді қорғау, — деді. Жырау шын батырлық біреудің жерін шауып, елін тонауда емес, өз жерінді, өз еліңді жаудан қорғаудан туады дей келіп, аз бола тұрып көпке шапқан, Қазтуған мақтаған Қыпшақтың көп бола тұрып аздан қашқан кездерінің болғанын айтты. Жырау таққан кінәні естігенде бастығы Қобыланды батыр болып елеуреп қопаңдай қалды.
Қашан? Қай жерде? —деген де шу шықты. Қарт тайшы оларға аяй қарап, Қыпшақтар өздері ұмытқанмен өзге рулар сақтап қалған «Қыпшақ қашқам» хикаясын естеріне салды.
Қыпшақтар алты құлаш Шерухан бастаған бір аттанысында Чернигов қаласын алмақ болған. Чернигов әскері қарсы шыққан. Бір мың алпыс сегізінші жылдың алтыншы айында екі әскер Деснаның таралуы Синави өзенінің жағасында кездескен. Орыс әскерлері үлкен ерлік пен табандылық көрсетіл, үш мың адамнан Қыпшақтың жиырма мың әскері жеңіліп, кейін қашқан. Көбі әбден қатып болмаған өзеннің мұзы ойылып кетіп, ат-матымен суға кетіп, бықпырт тигендей қырылған. Осы ұрыстан кейін іле-шала орыс жерінде ғажайып ақ түтек боран тұрып, қалған нөпір топ жолдан адасып, елдеріне жете алмай үсіп өлген. Бұны артынан қазақтың басқа рулары «Қыпшақ қашқан» ұрыс деп атаған.
Қыпшақ жағы енді басылып қалды. Арғын тобы, «Пәлі, кәрі тарланым, аяғын қалай-қалай тастайды!» деп Қотанды қошаметтеп көтеріле түсті. Бірақ өр мінезді, жалын жанды Қазтуған Қотан толғауынан мойымады. Қамшы тиіп, ырши түскен жүйріктей, енді тіпті долданып кетті. Қарағай домбырасын аспанға лақтырып, аруағы ұстап, жыр дабылын үсті-үстіне дақпырата ұрды.
— Шерухан ханды жақсы қармадың, абыз жырау, — деп бастады ол жаңа толғау ырғағын. «Алып бойлы Шерухан» деп орыс елінің өзі қыса еткен Шерухан ханның ерлігіне, шапқыншылық ісіне бір қыдыру тоқтап өтті. Содан кейін карға бойлы Қазтуған орыс қалаларын шапқан Бонақ, Тұғырхан, Қотан, Шерухан, Кончак, Сүрбөрі, Құнама, Сүңгір, Көбек, Торсық тағы басқа Қыпшақ хандарының әрқайсысының жауынгерлігін, ел аузында аңыз болып жайылған жорықтарын дәріптей келіп, «өз елдері түгіл бөтен елдерге өлмес аңыз қалдырған осындай хан мен батырлар тудырған Қыпшақты кім қор санар?» деп ожарлана жырын тоқтатты.
— Сөйле жырау, — деді Асан Қайғы Қотанға:
— Бөтен елге бұл хандар аңызымен бірге, жаман аты мен сүйектерін де қалдырды, — деп бастады бұл жолы толғауын Қотан қария ырық бермей. Жаңағы аты аталған хандардың көбінің шапқалы барған жерінің князьдерінің қолынан өлгендігін айта келіп, Қотан жырау «Өз жерінің топырағы тас болып па еді бұларға! He жетпеді соншама бөтен елден ажал іздерлік?» деген сұрақ қойды. Жайшылықта салмақты қарт, бұ жолы біреу шабынан түртіп, мазасын ала бергендей, қабағын керлене түйді. Енді ол өз сұрағына өзі жауап берді. — Жоқ, зираттық екі құлаш жер оларға Қыпшақ даласынан да табылатын еді, — деді. Бірақ хандардың іздегені басқа. Адамның дүниеге өзі тойғанмен көзі тоймайды. Байығам Қыпшақ хандары байыған үстіне байи түсуді мақсұт етті. Тегін алтын, күмісті, асыл жиһаз дүниені, ғасырлап жинаған бөтен жұрт қалаларының қазынасын тонап алғысы келді. Алдарына салып айдаған мыңдаған малдан түсер найда оларға аз көрінді. Ерлігі ішіне сыймағанынан емес, қанағатсыздығы мазасын алым, ажал түрткілеп, жорыққа шықты. Ақырында дүниеге тоймаған қос жанар, басқа елдің бір уыс қара топырағымен тойып тынышталды деп қарт ақын күңірене күрсініп, «жауынгер туған, Қыпшағым» зираттары жат жұрттың даласында қалған хандарыңның қылығын несіне дәріптейсің! — деп Қотан жырау жырым тоқтатты.
Қыпшақ жағында үн жоқ. Қобыландының екі беті түктеніп кеткен. Бірақ хан алдында ұстамды, үн-түнсіз. Сондықтан да, теңіз тулап, дауыл соқса да мызғымас, су жағасындағы жартастай, қозғалмай тұнып қалған. Тек Қазтуған жырау ғана сыр түйіп, бұрқ-сарқ тасығалы кезегін күтіп, тыпыршып әзер отыр. Ал төреші Асан Қайғыда да үн жоқ. Ол сонау Қыпшақ хандарының қанды жорықтарын ақыл таразысына салып ойға кеткен; әлден уақытта басын көтеріп, баяу ғана:
— Сөйле, жырау, — деді.
Қазтуған «Айт, шу!» деген бәйгі ұранын естіген қылаң құйрықтай, бірден аға жөнелді.
Бұ жолы ол домбырасын безектей ойнатып бір тізерлей отыра қап ащы айқайға салды. Күре тамыры білеудей боп, кең тамағы торғай жұтқан жыландай ісініп ап, толғауына кірісті. . — Ерлік — ежелгі салтым, — деді. — Алыс-жұлысқа жаратылған қанды балақ қыран құс, құр ұясын күзетіп отыра алмайды. Қыпшақ та сол қыран құс. Ол ерлік үшін жаратылған, — деп Қазтуған құлашын алысқа сермеді. Дәл осы сәтте қарсы алдында отырған жауы — қарт жырауға қона түсуге дайын, өзі де сол қыран құстың бірі тәрізді. Екі көзі қанталап, қалың қабағы жауар күндей түксиіп кеткен.
Даусын кеңнен алып, тағы да бір шырқап жіберді де «Осы ерлігінің арқасында Қыпшақ әлемге аян болды. Батыр жұрт Қоламан22 патшаның кезінде Стамбулды да жау тырнағынан алып қалды» деп жырын бітірді.
Қотан мырс етіп езу тартты.
- Сөйле, жырау, — деді Асан Қайғы Қазтуғанның ағат кеткенін аңғарып, ұнатпай қалғанын жасырмай сол қабағын түйіп.
Қотан қарттың күткен кезі осы мезгіл еді. Кәрі қыран енді Қазтуғанның құрыш денесіне сояу-сояу тырнақтарын қырш-қырш кіргізді.
- Орынсыз қан төккізгенді ерлікке кім санаған? – деп бастады ананы әжуа ете, қарт жырау . Қазтуған ақын паш еткен Қыпшақтар қатынасқан Стамбул оқиғасын Қотан қария жыр еткенде, қобыз үні құдды қан жылағандай аңырай шықты. Қарт жыраудың өзінің даусы да дәл бір өксігін баса алмай отырған қаралы адамның үніндей. Бұл хикаяны естіген жұрттың екі ұрты суалып, жақ жүндері үрпиісіп жүдеп кеткендей. Әбілқайыр хан көз қиығын Қобыланды батырға аударып еді, оның да басы төмен салбырай түскен екен. Қарт жыраудың сөзі жүректерін тырнап, көздерін жасқа толтыруға таяу тұрса да «Тоқтатыңыз!» деп бұйыруға бірде-бір адамның аузы барар емес. Ханның да, батырлардың да көмейіне құм құйылған.
Алтын күмбез мешіті, ақ мрамордан қаланған патша сарайларымен безенген, Босфор теңізінің жағасындағы Византия астанасы Стамбулға он бірінші ғасырда аса бір сойқан күн туды.
Еділ, Днепр бойларынан Қыпшақтар қуған түркі елі Дунай өзенінен өтіп Византияға жақындады. Византияның солтүстігін бұдан бұрын печенегтер басып алып, талан-таражын шығаруда еді. Ал Кіші Азияда Византияның қалаларын түрікмен сельджуктары мазалауда болатын. Стамбулдың сау қалуына екіталай күн туды. Бұл аздай, енді Стамбулға төртінші қас пайда болды. Ол қас — Дунай өзеніне жетіп қалған бөрте жылқы мінген Қыпшақтар еді.
Сасқан Византияның патшасы (императоры) Алексей Комнин Стамбулды қалай сақтап қалуды білмей өзінің ежелгі жауы Крестшілер мен Рим папасына «Константинополь» (Стамбул) түркілер мен печенегтердің қолына түскенше, сендер алыңдар» деп жәрдем сұрап хат жазды. Расында Византияға безбүйрек көшпелі тағы елдердің шапқыншылығы тым қорқынышты еді.
Византияның басына қан жауған осы бір қиын-қыстау кезеңде, печенегтер бірінші боп Стамбулдың іргесіне кеп тоқтады. Император Комнин «Қыпшақтар не дер екен? Егер олар печенегтерге қосылып кетсе, біржолата құрыдық» деп қан жұтып жүдеп жүргенінде, бір күні Стамбулдың солтүстік жағынан қаһарынан жан түршігетін Бонақ пен қанқұмар Тұғырхан қалың қолмен сау ете түсті. Олар «Жауды көрсет! Біз дайын!» деді. Алексей өлі де болса Қыпшақтардың күшін пайдаланғысы келмей, оларды кең сарайында күндіз-түні күтіп, ұрыс күнін айтпай кідірте берді.
Бірақ арақ-шараптан көрі, кісі қанын ішуді ұнататын Қыпшақ хандары императордың сән-салтанатты кең сарайында рақаттанып жатудан безіп, майданға шығып, қисық наркескендерін оңды-солды сермеуге асықты. Олар императорға: «Біздің енді күтер жағдайымыз жоқ. Ертең күн шыққаннан кейін, біз не қойдың етін, не қасқырдың етін жеуіміз керек» деді. «Бұлары біз ұрыссыз бос жата алмаймыз, ертең күн шыға сендермен қосылып печенегтермен соғысамыз» дегендері еді. Зәресі кеткен Алексей соғыс күнін айтты. Бұл қанды айқас бір мың тоқсан бірінші жылдың Көкек айының жиырма тоғызы күні болды. Қыпшақтар мен Стамбулдың әскері печенегтерді мықтап жеңді. Печенегтердің көп әскері тұтқынға түсті. Түнімен Қыпшақтар жеңісті тойлады. Ал, таңертең тұрғандарында... Кешегі тұтқынға түскен печенегтердің қырылып қалғанын көрді. Тұтқындар лагері қан сасиды. Нағыз қой бауыздағандай гректер оларды шетінен бауыздай беріпті. Талай қанды айқастарды бастарынан өткізген, қастасқан жауларын аяп көрмеген Қыпшақтардың да қолға түскен қарусыз тұтқындарға гректердің істеген айуандығынан төбе шаштары тік тұрады. Бөлісеміз деген олжаларына қарамастан, ертеңіне Қыпшақтар ат бетін кейін бұрған.
Қазтуғанның Стамбулды да Қыпшақтар аман алып қалды деп мақтаныш еткені осы оқиға еді.
Бұл оқиғаның қалай болғанын қарт Қотан айтып бергенде, отырған жұрттың үндей алмай қалуы да осыдан еді. Қанша қатыгез келсе де қолға түскен тұтқынды қыратын Қыпшақта дәстүр жоқ. Не болса да ұрыс үстінде, шабуыл үстінде болады. Ал мынау оқиға... Өздері істемегенмен, ата-бабаларының қарусыз жұрттың қырылуына себепкер болғандарын, айдалада жатқан Византия мен өздері жерін алып қуып жіберген түркі тұқымдас елдің таласына барып кірісіп, осыншама қан төккендерін, жырау сөзін тыңдап отырғандар рас қылмыс көрген. Қазтуған жырау да үндей алмай қалған. Тек Қобыланды батыр ғана Қотан ақынның жеңіп бара жатқанын сезіп намыстана, түнере түскен. Тыныштықты Асан Қайғының өзі бұзған. Ол аппақ ұзын сақалын баяу сипап, оңып кеткен көздерін сәл жұмып отырды да қайта ашты.
— Өз руыңның ерлігін енді, Қотан жырау, сен айт, — деді. — Қайсыңның жеңгеніңді жұрт сосын естір...
Қотан карт алдында тұрған сырлы аяқтан уыз сары қымызды бір жұтып орнына қайта қойды. Қобызын асықпай қолына алды. Мұздаған жанды жылытар, қобалжыған көңілді тыныштатар бір майда қоңыр күй тартты. Қарт жырау күйді ұзақ тартты. Жұрт ұйып тыңдай берді. Бір мезгілде барып қарт жырау қобыз даусына өзінің үнін қосты. Қария даусы бұ жолы қарлығып қажымады, жаңағы жұтқан уыз қымыздың дуасы ма, әлде айтайын деген жырының қақ-соқтықсыздығынан ба, лебі биязы қоңырқай шықты.
— Арғын да алуан ел болған, келген жерге көнбеген, онда да талай ер туған, қазір қисса онда емес, — деді жырау ерекше, өзгеше сарынға салып, — қыран көкке қанатын қанша биік қақса да тізіліп бірге ұша алмас. Шаңқылдап айбат атса да, аққудай сыңсып он сала алмас. Қыпшақ қыран болса, егер, Арғын — аққу көл көркі... Сойылдан гөрі қолына домбыра алуды паш санар. Ұран салып, жау іздегеннен он шырқап жар сүйгенді ұнатар. Одан артық, әлеумет, айтшы қандай арман бар. Ел айырар ұрыстан, бейбітшілік, елдікті мұрат еткен бұл Арғын. Ән мен күйге орда боп қуантсам жұртты дейді бұл Арғын. Батыс түгіл, Қызылбас, Үндіге де Қыпшақ талай аттанған. Арғын одан аз емес, ерлігі бірақ өзгеше... Арғы бабам Басым елі23 түркі тілдес жұртпенен тізе қосып, кептеле ту тігіп үш жүз жыл Танменен24 алысқан. Анау асқар тауыңды, мынау шалқар көліңді сол қасыңа бермеген. Кілегей бұлттай жау төнсе, сонда ғана бұл Арғын алдаспанын сермеген. Асан Қайғы, аға ұлы, ендігісін өзің шеш. Ел болайық деген жұртымды адастың десең де айт. Кең болайық деген жұртыңды қателестің десең өзің айт.
Арғын25 тайпасы да, Үйсін руы тәрізді, Тянь-Шань сақтары мен аргиппейлер қалдығынан құрылған, көне түркі қауымына кірген. Соңынан Жоңғар тауынан Жетісуға ауып, «қырық ру» қатар көшіп, қытай династияларымен сан күрескен. Қытайлардың Арғынды хұнумен шатастырулары да содан.
Қотан жырау осылай толғап, талықсып кеткен адамдай қобыз күйін бәсеңдете барып бітірді.
Жұрт тағы да үн-түнсіз тына қалды.
— Мың жаса, атажан, — деді кенет қайратты бір жас дауыс, — Дария тоқтаған бөгетті бұзып, суды тасыту бір адамның қолынан келеді. Мүлгіп тұрған орманға шақпақ тастан от беріп, телегей-теңіз өрт шығару о да бір адамның атқара алар ісі. Сол тасыған суды тоқтату жүз адамның да қолынан келмейді. Тоғайды алған қалың өртті мың адам да сөндіре алмайды. Ерлік көрсетіп ел-елдің арасын бүлдіру қай рудың қолынан болса да келеді.
Бүлінген жұрттың басын қосып, ел ету тек халқына жаны ашыған ұлдарының ғана қолынан келеді. Олардың қолынан әзірге елді біріктіру келмесе де, сол елді біріктіру — арманы. Сол арманды мына қауым алдында жайып салғаныңыз үшін, Арғынның ардақты ұлы, жырау Қотан ата, сізге жас болсам да оз есімімнен алғысымды білдіремін.
Жұрт осы сөздерді айтқан жігітке қарай қалды. Бұл жігіт Жәнібек сұлтанның баласы Қасым еді. Ұзын бойлы, қошқар мұрын, ақ сұр жігіт өзіне қадала қалған самсаған жандардан қайыспай, көзі шоқтай жайнаған қалпында, отырған орнынан қозғалмады. Үстіне бадана көз кіреуке киген, хан алдында суырыла сөйлеген осынау жас батыр кенет жұртқа ұнай қалды. Ал ұнатпағандар Шыңғыс ұрпағына «өзіңнен үлкендер отырғанда, сенің сөйлеуің ерсі» деп айта алмады.
Әбілқайыр оған бажайлай көз тастады. «Бұрын қалай назар аудармай келгенмін, — деді ол ішінен, — Жәнібек сұлтанның мына баласы болайын деп-ақ тұр екен! — Ол ақырын езу тартып жымиды. — Әрине, оның дегеніне өзге сұлтандар жеткізсе».
Ойға шомып кеткен Асан Қайғы енді басын көтерді.
— Бейбітшілік әрқашан халықтың көкейкесті мұраты, сен сол халық мұратын көксеп отырсың, Қотан жырау, — деді. Бас бәйге сенікі, — енді ол Қазтуғанға қарады, — елдің елдігін, ердің ерлігін мадақтау о да бір паш өнеге, бірақ ерлік ел шабуға бағышталса езгілікке айналады. Демек, Жейхүн өзеніндей тасыған жырың үшін орта бәйгені саған ұсынар едік, от ауызды, орақ тілді Қазтуған жырау, бірақ ақылгөй Қотан қарт Қыпшақтың өзге елге еткен қиянатын бетіңе басып, тұсаған жылқыдай өрісіңді кеңіттірмеді. Сол себептен өлі де айтылмаған жырың қалған іспеттес. Қыпшақ құр ғана басқа елдерді шауып қойған жоқ қой, өз елін қорғағандағы ерлігін естісек дер едім...
Бас бәйгені алған Арғын жағы шат-шадыман боп тасыды. Аталы сөзге тоқтап үйренген жұрт Асан Қайғы шешіміне риза екенін білдірді. Асан шешімін Қазтуған да әділетті көрді. Жеңіліп қап пәрмене болдым демеді. Тек Ақжол бимен бақ күндес Қобыланды батыр ғана намыс оты күйдіріп тақат ете алмай, іштей алай-дүлей.
Айтыс тізгінін қолына ұстаған Асан Қайғы әлі де қызу отырған Қазтуғанды тежегісі келмей:
— Сөйле, жырау, — деп домбырасын ұстаттырды.
Әбден қызып алған Қазтуған күттірмеді. Әбілқайыр ханға қарап домбырасын қағып-қағып жіберіп:
— Қалған жырды тағы да тарих өзі жырласын, Қазтуған жырау аузынан әлеумет тек тыңдасын. Құлаққа жағымсыз жай болса, кешіре көрсін, хан ием, — деп жырау өзінің айтар сөзіне рұқсат сұрады ханнан.
Қарапайым ел қамын ойлаған, қызыл тілін қару еткен қазақ жыраулары әрқашанда өз ойларын ашық айтқан.
Бірақ... «аталы сөзге арсыз тоқтамас», дәуірінде ханға да шындықты тыңдау бір ғанибет іс еді. Сол салттан шыға алмай Әбілқайыр да:
— Ақын ел еркесі, айта бер қорғанбай жырыңды, — деді салғырт, Қазтуғанның айтар сөзінен күйінерін күн бұрын сезсе де кеңпейіл көрінбек боп.
Қазтуған жырау әсем көсілген жорғадай толғауын емін-еркін бастап кетті. Аздаған үзіліспен бір ғасырға жуық жүргізілген Шыңғысхан және оның ұрпақтарының шапқыншылығы бір мың екі жүз алтыншы жылы Монғол мемлекеті құрылысымен-ақ басталған. Осының алдында ғана өзін Шыңғысхан деп атаған, әкесі қияттан, шешесі та-та26 елінен шыққан Темучин құр ғана монғолдардың өзара таласын басып қойған жоқ, ең алдымен монғол елімен аралас Керулен, Аргун, Онон, Орхон өзендерінің бойында көшіп жүрген Керей, Найман руларын жеңіп алды.
Бір мың екі жүз жетінші жылы монғолдар Енисей өзенінің жоғары жағы мен Селенгі өзенінің солтүстік тұсын жайлаған ұсақ елдерді жаулауға кірісті. Осы аттаныстарының арқасында Шыңғысхан әскерін қаруландыруға өте маңызы бар, темір өндіру өнеркәсібіне бай өлкеге ие болды. Сол жылы-ақ Шыңғысхан Орталық Азиядағы Си-Си деп аталатын бір кезде Қытайды тітіреткен тунгус мемлекетін өзіне қаратты. Жауынгер атты әскерін қосып өзінің шебін көбейтті. Содан кейін олар, жер мойны қашық Шығыс Түркістандағы ұйғырларды бағындырды. Осы кезде монғолдар қырғыз, бурят, ойрат секілді Оңтүстік және Орталық Сібірді жайлаған бірталай елдеріне дүрк тиді. Бір мың екі жүз он бірінші жылы Шыңғыс қалың қолмен Қытайға аттанды. Үш жыл соғысып ақырында Пекинді алды. Енді Шыңғысхан екі жүз мың әскермен Орта Азияға бет бұрды. Хорезм шахы Мұхаммед монғолдарға қарсы тұрарлықтай әскері болғанмен, бетпе-бет келіп айқасудан бас тартып, бар күшін жеке қалаларын қорғауға бөлшектеді. Соның салдарынан Шыңғыс әскері Хорезм, Самарқант, Мерв, Бұқар — бәрін жеке-жеке шапты. Бұл оған Орта Азияның бар әскерімен қан майданда бетпе-бет кездесуден жеңіл түсті. Бір мың екі жүз он тоғызыншы жылдан бастап үш жылдың ішінде Шыңғысхан әскері бүкіл Орта Азияны өзіне бағындырды. Орта Азия халықтары басқыншыларға қарсы сан рет көтерілді, бірақ монғол хандары олардың көтерілісін қан-жоса етіп, басып тастап отырды.
Осы жылдары Жошы әскері қазақтың коп жерін алып, Ертіс, Есіл, Тобыл, Нұра өзендерінен өтіп Ұлытауға келіп туын тікті. Орта Азияны шауып болғаннан кейін, Шыңғысхан Қыпшақ елімен шекаралас Шығыс Европаны жаулап алуға кірісті.
Жебе мен Сүбітай баһадурлар басқарған отыз мың әскер бір мың екі жүз жиырма екінші жылы солтүстік Иран арқылы Азербайжанды қанға бояды. Енді кезек грузиндікі болды. Бес миллионға жуық Грузия халқының жан аямай қарсыласуына қарамай, Жебенің құрған айласының арқасында бір күннің ішінде отыз мың әскерін қырып, монғолдар солтүстік жағынан Дербентке таяды. Бұл арадан өту оңай болмағандықтан монғолдар Ширван шахқа «Сендермен бейбітшілік бітім істеуге бірнеше адам ғана келдік» деп кісі салды. Ширван шах алдағанды білмей, басты он адамын жіберді. Монғолдар біреуін өлтіріп, қалған тоғызына: «Егер де сендердің өлгілерің келмесе жолды көрсетіңдер» деді. Олар қорыққанынан Дербенттің қиялы жартас, тұңғиық құзды, ыңғыл-жыңғылды ұры сайлары арасымен монғолдарды аман-есен солтүстік Кавказға жеткізді. Солтүстік Кавказда тұратын алан жұрты «монғолға бірігіп қарсы тұрайық» деп Қыпшақтарды болысуға шақырды. Қыпшақтың қалың атты әскері алаңдарға келіп қосылды. Монғолдармен үлкен айқас болды. Екі жағы тең түсті. Қайтадан ұрысқа дайындалды. Алан мен Қыпшақты жеңе алмайтынына көзі жеткен монғолдар Қыпшақтарға көп тартумен «сендер бізбен қандас елсіңдер, алаңдар бөтен жұрт, біз сендермен бітімге келеміз, оларға болысушы болмаңдар» деп кісі салды. Монғолдың алтын-күмісіне қызыққан Қыпшақ батырлары алаңдарды тастап кейін шегінді. Жалғыз қалған алаңдарды монғолдар қан-жоса етіп қырды.
Ал Қыпшақтар «Бітімге келісетін болдық, бізге тимейді» екен деп әскерлерін үйді-үйіне таратып, жайбарақат жата берді. Сол уақытта алаңдарды жеңген монғолдар, сау етіп бұлардың еліне жетіп келді. Әскерін таратып жіберген Қыпшақтар монғолдарға төтеп бере алмады. Бірі Донға, бірі Қырымға қашты. Осы уақыттағы Қыпшақтардың ханы Қотан27 орыстарға кеп «маған туған күн саған да туады, бірігіп монғолға қарсы шығайық» деп өтінді. Орыс князьдары уәдесін береді. Сол күннен бастап Қыпшақ елінің басқыншылармен ауыр айқасы басталды.
Бейбіт елдерді қан жылатқан Шыңғысханды суреттегенде, бір қара албасты құбыжық келе жатқандай қобалжи, алан жұртын сатып кеткен Қыпшақ хандарының опасыздығын жыр еткенде, қарабет болған жандай көзін жерден алмай шалып зар шеккен Қазтуған жырау, толғауының Шыңғысханға тиер жеріне кеткенінде тіпті зәрленіп кетті. Бауыры қызған бәйге атындай серпіліп сала берді: Жауына қарсы шыққан орыс, Қыпшақ жауынгерлерінің дәл ортасында өзі келе жатқандай, қарағай домбырасын дүбірлетіп, көзінен жалын атып, қаһар төкті.
Орыс, Қыпшақ болып бірігіп, басып алғалы аттанған жауына қарсы шыққанын жырлағанда ер көңілді батыр жыраудың үнінен мақтанған, қуанышты, адамды қанды кекке шақырар бір құдіретті саз естілді. Осылай шалқи қалған Қазтуған Қалқа ұрысын айтқанда кенет «әттең, еттен,!» деп күңірене күбірледі.
Бір мың екі жүз жиырма үшінші жылы мамыр айында Днепр өзенінің жағасындағы Олешья деген жерде орыс, Қыпшақ әскері жиналды. Бұған бар әскерімен Киев князі Мстислав Романович, Галич Мстислав Мстиславович, Чернигов князі Владимир Рюрикович, тағы басқа Чернигов князьдары мен Қыпшақ хандары тегіс келді. Бұдан басқа Смоленскіден, Курскіден, тағы бөтен орыс жерлерінен көптеген жауынгерлер қосылды. Мұндай нөпір әскер орыс жерінде бұрын бас қосып көрмеген-ді.
Калка ұрысы деп аталып кеткен монғол, орыс, Қыпшақ қырғынын тарихшы Рашид-ад-Дин былай деп жазады: «Орыс пен Қыпшақтар дайындалып көп әскер қинады. Жауының көп екенін көріп монғолдар кейін шегінді. Монғолдарды қорыққанынан шегінді деп ойлаған Қыпшақтар мен орыстар оларды жиырма кұм соңынан қуды. Кенет монғолдар аттарының басын кейін бұрып алып, қуып келе жатқан әскерлердің қосылуына мүмкіндік бермей, біразын қырып салды. Бір апта бойы ұрысты, ақырында Қыпшақ пен орыстар шыдай алмай қашуға мәжбүр болды. Монғолдар соңдарынан қалмай өкшелеп, қалаларын қиратып, жұртын бостырып жіберді».
Калка өзенінде орыс пен Қыпшақ әскерінің жеңілуінде анығында екі себеп болған-ды. Днепрден өтіп сегіз күндей жауын қуған орыс пен Қыпшақ полктарының арасы тым алыстап кеткен-ді. Осы жағдайдан отыз бірінші мамыр күні Калка өзенінде тобын жазбай қарсы атой берген монгол әскеріне бұлар бас қосып қарсы шығатын мүмкіндіктері болмаған. Әйтсе де Галич князі Мстислав Мстиславович өзімен ала көз Киев князі Мстислав Романовичты хабарландырмай, Қыпшақтармен бірігіп қан төгіс айқас ашты. Монғолдардың алдыңғы шебін жеңіп, бас күшіне шабуыл жасады. Ұрыс өте қатты болды. Қан судай ақты. Бірақ бұл ғаламат айқасты ең алдымен Қыпшақтар бүлдірді, олар ежелгі тәсілі — қашқан болып жауды ертіп, арттарында күтіп тұрған әскерінің қолына түсіретін әдеттеріне салмақ боп кейін шегіне бастады. Бір тобы шегініп еді, оған өзгесі асыға қосылды. Бұны көрген орыс полктері де кейін тым-тырақай босты. Ақырында, соңынан түре тиген монғолдарға қарсылық істей алмай қалды. Бұл — орыс, Қыпшақ әскерінің жеңілуінің бір себебі. Екінші себебі орыс князьдарының өздерінің ала ауыздығы еді. Галич князі Мстислав Мстиславович Қыпшақтармен бірігіп қанды қақпаннан қалай құтыламыз деп монғолдармен қырылысып жатқанда, Киев князі Мстислав Романович өзен жағасындағы биіктікте «менсіз сендердің қалай соғысқандарыңды көрейін» дегендей, өзінің көп полкімен тұрып қалды. Ал жаулары Галич полктары мен Қыпшақтарды жекелеп жеңіп, енді Киев полктарына келіп тиіскенде, қаптаған монғолға Мстислав Романович төтеп бере алмады. Адырдың жан-жағынан қоршап алып, өзіне төнген монғолдармен үш күн айқасқаннан кейін, олардың «өмірлеріңді сақтап қаламыз» деген сөзіне сеніп екі баласымен жауына берілді. Әрине, монғолдар алдаған-ды, қолға түсісімен князьді балаларымен бірге ай балтамен шауып өлтірген. Қазтуған жыраудың: «Әттең, әттең!» деп өкінуіне құр ғана Қыпшақтардың қашқаны емес, монғол қандыбалақтыларының алдауына аңқау батырлардың талайының көніп, сан ұрыста ұтқызған өкініші де бар еді.
Монғол нояндарының соғыс жүргізу әдісі де, жауын алдап түсіру айласы да өздеріндей көшпелі ел Қыпшақтардікіне кейде ұқсағанмен, тегінде ерекше келетін. Монғол әскерінің оннан тоғызы бөтен ұлттардан, өздері жеңген елдердің жігіттерінен, сатылған бұзық, қарақшылардан құрылған. Бірақ бәрі бірдей темір тәртіпке бағынған. Темір тәртіп бұл жер сілкінткен қалың әскердің тек өзіне ғана тән ерекшелігі. Екінші ерекшелігі оның басқа елді шабу, бағындыру, айла-әдістерінде. Монғолдар бір елді шабар болса, ең алдымен ертөлелерін жібереді. Олар өрт салмайды, дүние-мүлік тонамайды, тек шабатын елдің адамдарын өлтіреді, ең болмаса қорқытып қашырады. Сөйтіп, қанқұмарлықтарымен тыныш жатқан елдің күні бұрын зәре-құтын алады. Содан кейін барып қалың қолмен шабады. Бұ жолы ештеңені де аямайды. Қолға түскен қаланы өртеп, қиратып, дүние-мүлкін талайды, тек құлдыққа сатуға, не мал бағуға, өйтпеген күнде өнер-өрнекке жарайтын шеберлері болмаса, қатын-балаға қарамай қырады. Кешегі салтанатты қаланың орнына күйреген кірпіш, тас-талқан болған құр сілімтіріп қалдырады. Гүл-гүл жайнаған бау-бақша, жасыл егіні жайқалған ну даланы құлазыған қу тақырға айналдырады. Содан кейін барып өздері шауып кеткен жерлеріне жаршыларын жібереді. Олар тығылып қалған адамдар болса, жасырылған қазына болса, бәрін тауып нояндарына жеткізеді. Әскер басы баһадурлар осы жаулап алған қала, далаларына әкім етіп өздерінің адамдарын қалдырады.
Егер қала мықты қамалға айналып, өздігімен берілмесе, монғолдар бекініс алатын тас атқыш катапульттерін салады. Қамал қабырғалары берік боп тас атқыштар ештеңе істей алмаса, қалаға кіретін үңгір-ладыз қазады. Сөйтіп, күтпеген жерден түн ортасында, не таң ата шаһардың ішінен, не бекіністің арғы бетінен шығады. Аянбай соғысады. Ал, қала халқы тым сақ болып бұндай жағдайға жеткіздірмейтінін білсе, қаланың жанынан ағып жатқан өзен, дарияларға бөгет сап, су арнасын өзгертіп, халықты суға тұншықтырады.
Мединаны алғаннан кейін оның белгілі бек, хакім, би, батыр, оқыған адамдарына рақым етпейді. «Қарсыласпай өздерің берілсеңдер сендерге тимейміз» деп аналарды қарсылықсыз қолға түсіріп ала қалса да шетінен бауыздайды, тірі қалдырмайды. Бұл — шауып алған елге Шыңғыс ханның орнатқан жалпы тәртібі. Ұлы қанішерлер ойынша «басып алған жерде тыныштық болу үшін ол араның ең алдымен басты адамдарын құрту керек. Олар қорыққанынан «бағындым» десе де ыңғайы бола қалса халықты қарсы қойғысы келіп тұрады. Қоя алады да. Рушылық заманда қандай халық болмасын, өзінің басты адамдарының соңынан ереді. «Ал ол басты адамдарын құртып жіберсең, бассыз тобыр ештеңе істей алмайды, басы жоқ дене тірі дене емес, өлі дене».
Шыңғыстың бұл қатал заңын білмеген ел бастайтын хандар өз жандарын аман алып қаламыз деген үмітпен күресер жерінде күреспеді, халық соңдарынан еріп, «жауыңызға қарсы шығуға бармыз» дегенде, қорықты. Ақырында өздері қырылды, халықты да қырғызды.
Осылай алданғанның бірі Киев князі Мстислав Романович еді.
* * *
Монғолдар қарсы жақтың қаласын алу үшін ештеңеден де тартынбайтын. Өлтірген адамдарының майын шыжғырып алып жауы тығылған үйлерге құйып от салу (адам майы ұзақ жанады) не бекініс қабырғасы берік шаһарлардың үстінен грек отын — құм аралас мұнайдан істелген жанғыш затты лақтырып, адам көзі қимас ғажайып сұлу мешіт, шіркеу, патша сарайын өртеу, жан түршігерлік зұлымдық, айуандық қаныпезерлік, алдау дегендердің бәрі де қатар жүретін.
Шапқыншылар әскерлерінің тағы бір қасиеті жылдамдығы еді. Құлынынан бастап ұшы-қиыры жоқ монғолдың құмайт даласында босып өскен жылқы мінген Шыңғыс атты әскерінің бір тәулікте елу фарсат алуы тіпті таң қаларлық іс емес. Бар ұрыс саймандарын, қазан-ошақ, жататын үйлерін тиеген арбалары мен бекіністерді алатын катапульті ауыр көшінің өзі де күніне отыз-қырық фарсат жер жүретін. Бұның бөрі монгол жылқысының төзімділігі мен жауынгерлерінің салт атқа жасынан дағдыланғанынан еді. Осы қасиеттерінің арқасында монғол әскері күтпеген жерден жауының дәл қасынан пайда болып, ие күндіз ұрысқан қолының бір түнде басқа жағынан шығып, керек болса қаша жөнеліп, қара үзіп кете беретін. Монғолдың бұл әдісіне тек Қыпшақ жігіттері ғана төтеп бере алатын. Бірақ олар аз, екі жүз мың монғол әскеріне қырық мыңға жетер-жетпес Қыпшақтың салт атты сыпайлары не істей алады?
Әйтсе де сонысына қарамай, Қыпшақ, Керей, Найман тәрізді рулар монғолдарға оңайшылықпен көнбеді. Жерін, елін қорғап ұзақ күресті. Калка өзеніндегі айыбын сан мәртебе ыстық қанымен жуды, асы л ұл-қызының үзіліп кеткен жүректерімен ақтады.
Қазтуған жырау осы монгол шапқыншыларымен алысқан Қыпшақ әскерлерінің ерлігін толғағанда нағыз бір жүйрік атқа мінгендей, көңілі лепіріп, ұшып-қонып қансорпа боп бір орнында отыра алмады. Бір мезет Бошман жырына келгенде тіпті аруақтанып кетті. Бошман — Қыпшақ батыры еді. Иран тарихшысы Джувейни айтқандай: «Қисық қылыштан тірі қалғанның бәрі тағдырдың дегеніне көніп, мойынсұнғанда да» Бошман батыр монғолдардың ырқына көнбеді. Елінің тәуелсіздігін, жерін, суын қорғап шапқыншыларға қарсы шықты. Өзі секілді монғол қолына түспей құтылып кеткен бірнеше батырларды жинап, «Қанға қан! Кекке кек!» деп жауларының жеңіл-желпі жасақтарын құрта бастады. Басқыншылардан кек алуға болатынын ұққан Қыпшақ жігіттері жүздеп келіп Бошманға қосылды. Бұны көріп, Еділ бойындағы уақ ұлттар: башқұрт, алан, бұлғарлар да бас көтерді. Бошманның үлгісінің өте қауіпті екенін түсінген Бату әскерінің қолбасшысының бірі Мөңке Бошманды тез ұстауды бұйырды. Бірақ Бошман ұстатпады. Оның қатары күннен-күнге көбейе түсті. Бошман қатары көбейген сайын, монғолдардан да береке кете бастады, жоқ жерден шабылған көрен28, бүлінген жасақтар саны молайды. Бошманды ұстаймын деп енді Мөңке қаһарына мінді, ал аяулы ер Еділ бойының қалың ағашының арасына кіріп ап, басқыншылар шебіне тиісумен болды. Ақырында Мөңке інісі Бөшек екеуі әр кемеге жүз қарулы жауынгер отырғызып, екі жүз желкенменен Еділ бойымен төмен ағып, өзеннің екі жағын бірдей қарап шықты. Бошман бұған да ұстатпады. Еділдің ортасындағы ат көрінбес анақурайлы бір аралға бекініп ап, жағасына жау желкендерін жуытпады. Мерген Қыпшақтар желкен үстіндегілердің басын көтертпеді. Қарсы жағы Бошманды ала алмайтындарына көздері жетіп, енді әрі қарай жүрмек боп тұрғандарында кенет адам айтқысыз қатты жел тұрып, аралдың бір жағындағы суды қуып, біраз жерін қарайтып тастады. Мөңке осы күтпеген қара қатқақ жол арқылы аралға бар әскерін төкті. Мың қаралы жауынгерлерімен Бошман батыр қолға түсті. Монголдың бір нояны Мөңкенің жарлығы бойынша Бошманды балтамен қақ жарып өлтірді.
Елін шапқыншыларға көтере білген Бошман батыр өз ісін істеп кетті. Оның көтерілісі біткенмен іле-шала Баян мен Жықу атты бұқарадан шыққан кісілерінің бастауымен Қыпшақ жігіттері тағы күреске шықты.
Қазтуған жырау осы көтерілістің барлығын еміренте, бір жалынды үнмен жыр етіп мақтана толғай берді.
Әбілқайыр жыр басталғалы алтын тағынан қозғалмай, қара сұр жүзі сәл қуқылданып үн-түнсіз тыңдап отыр... Ашу қысып тына қалғанын хан сырын білетін дос-қасы тегіс түсінуде... Тек Қазтуған жырау ғана өзгеріп кеткен хан келбетін аңғарар емес. Ел шапқаннан гөрі, елін қорғаған Қыпшақтың ерлігін жыр еткенде дарыны енді шын ашылып, кісендеулі құлашы жаңа ғана жайылғандай, толғауын аңқылдап соғып отыр...
Кезекті енді Қотан жырау алды.
— Құс ұша түзеледі, бетің жаңа жөнделді, Қазтуғаным, —деді ол, — сен бастаған әуенді мен ұлғайта түсейін...
Ашына сарнаған қобыз үніне қосылып, қарт жырау енді бір алуан уақиғаларды бастап кетті...
Шыңғысхан тағына Күйік отырған кезде Батудың қарамағында монғолдың бар болғаны төрт мың ғана жауынгері қалған. Бүкіл Шығыс Европаны жаулап алған айбынды әскері өзіне бағынышты елдердің дені Дәшті Қыпшақ жігіттерінен құрылған-ды. Бұндай әскермен қарамағындағы жұртты билеу де қиын және бұның өлімін күтіп отырған, жүз мың қолы бар Күйікпен бетпе-бет келу де оңай емес. Сондықтан Бату сенімді одақтас іздеді. Бұл — Алтын Орда ханының сол кездегі көкейтесті арманының бірі еді. Міне, осы тұста Новгород князьдары Александр мен Андрейдің әкесі Ярослав, бұрыннан уәделесіп келген Күйіктің ордасына келісім сөзге барған жерінде монғолдардың қолынан қаза табады. Батудың көктен сұрағаны жерден табылады. Новгород князьдары Александр мен Андрей Күйіктен ат құйрығын шарт кесіп бөлінеді де, Батумен бітімге келеді. Новгород князы Александр Батуға алым-салық төлеп, оның баласы Сартақпен өле-өлгенше соғыспай өтуге ант береді. Осы күннен бастап Алтын Орда хандары мен Новгородтың ұлы князьдарының арасында ғасырға таяу созылған келісім басталады.
Ал он үшінші ғасырдың басынан бастап католик дініндегі Европа кресшілері православ дініндегі гректер мен орыстарға қарсы шабуылға шыққан. Бір мың екі жүз төртінші жылы олар Стамбулды алып, Византия патшалығын жойып,латын империясын құрған. Эсті мен латыштарды жеңіп, өздерінің құлдарына айналдырған. Осындай қара түнекті орыс жұртының басына да тудырмақ болған. Бірақ Шығыс жағынан жау күтпеген Александр Невский оларды 1240 жылы Нева өзенінің, 1242 жылы Чуд көлінің үстінде жеңген. Демек, соғыс өлі бітпеген-ді, әлі де орыс еліне әскери көмек керек еді. Бір мың екі жүз қырық бірінші жылы Лигницеде Польша мен неміс рыцарьларының бірлестігінің күл-талқанын шығарған Бату өзінің уәдесін бұзған жоқ. Бұл жағдай Алтын Орда хандары Бату, Сартақ өлгеннен кейін де, Берке тұсында да сақталып келген. Ал 1269 жылы неміс кресшілері өздеріне қарсы шығуға Новгородқа Алтын Орда қолының келгенін естіп, бұл кезде күшейіп алған орыс князьдарынан бітім сұрады. Сөйтіп орыс жері кресшілердің шабуылынан мүлде құтылған. Алтын Орда хандары Бату саясатынан хан Мамайға (1362 ж.) дейін айырылған жоқ. Оған себеп Сарай шаһарында отырған хандар бір кезде өздері бағындырған орыс, болгар, Дәшті Қыпшақ елдерінің қолдарына енді өздері қарап қалған-ды. Ал бүл ортада осыдан екі ғасыр бұрын алты-ақ мың болған орыс елі әбден әлденіп, кемеліне жетіп үлгірген! Өйткені оның бұл дәрежеге жетуіне Алтын Орда күншығысынан келетін жауына қалқан болды. Қотан жырау достықтың қандай ұлы күш екенін, көршілес елдер тату тұрып, жерлерін бірге қорғайтын болса қандай апаттан болса да құтыла алатынын білдірді.
Жырау сөзі Әбілқайырға ұнамағаны хақ, кезек енді Қазтуғанға беріліп, анау шырқай жөнелгенде хан кенет қолын көтерді. Жырауды қошаметтеп «Уай, пәле!» деп лепіре қызынған жұрт тына қалды. Қазтуған да шауып келе жатып аяң желіске түскен жүйріктей даусын төмендете түсіп, қарқынын әзер басып, сөзін кібіртіктетіп барып тоқтады.
— Намаз мезгілі болып қалды, — деді хан, — Қазтуған жырау толғауын содан кейін тыңдалық.
Әбілқайыр мұсылман ханы болғанмен, Мұхаммет пайғамбардың жолын берік ұстамайтын. Өзі намазды кейде оқып, кейде оқымайтын. Онысына қарамай хан орнынан түрегелді. Ханмен бірге жұрт та апыр-топыр қозғалды. Осы кезде Найманның бас батыры Қаптаған шеткі топтан сытылып шыға берді. Ол асыға басып Найман руына арнап тіккен өртеңнің баурындағы ақ ордаға келді. Есік алдында тұрған, қолында найзасы бар, елтірі тымақты, үстіне шекпен киген, күзетші сары жігіттен:
— Әлі келген жоқ па? — деп сұрады.
— Келген жоқ.
Қаптағай қобалжи қалды.
— Япырай, бірдеме болмаса игі еді. Келер уақыты асып кетті. Әлде өзің барып қайтасың ба?
— Құп. Барсам, барып қайтайын.
Найманның аты шулы бас батыры, атан жілік балуан, айдаһарға қарсы барар жүрек жұтқан Қаптағай қара қасқа кедей болатын. Қарамағындағы он бес қараша үйді, жаудан түскен олжа мен атып алған бұғы-маралымен асырайтын. Жау жоқ жылдары сауатын сауын, көшер көлігін ауқатты ағайындарынан алатын. Осыдан екі жыл бұрын Ұлытауға арқар атуға бара жатып жұтаң қыстың аяғы қатты боранға айналып, үш күн Тайкеткен өзенінің бойындағы Айыртаудың ық жағындағы Әбілқайыр ханға жататын қысырақтың үйірлерін бағып жатқан, маңайында тұлдыр жоқ қосқа аялдаған. Сонда, қос басы, он көкжал қасқырды бір күнде жалғыз өзі түсіретін әйгілі аңшы және атпал батыр жылқышы Орақпен кездескен. Айлас қатын мұңдас, хан мен биге бейнет етіп жүрген
қос батыр біріне-бірі ұнаған. Қаптағай елуден асып кетсе де, ал, Орақ жиырма беске жаңа жетсе де, өмір үндері бір жерден шығып, екеуі достасып қалған. Осы Орақ мына болып жатқан асқа осыдан үш күн бұрын келуге тиісті еді. Маңдайына басқан жалғыз аты Ақбақайын бәйгеге қоспақ болатын.
Ақбақайдың қашқан қасқырды қалай қуып жететінін бір-екі рет көрген ат сыншысы Қаптағай:
— Жүйрігіңді сынап көр. Мен бірдеме білсем, Ақбақай ұятқа қалдырмайды,
деп Ораққа өзі ақыл берген.
Орақ атын бәйгеге қоспақ болған, бірақ әлденеге:
Жақсы, асқа келейін, — деген, тек біреу-міреу қастық етіп жүрмесе...
Қаптағай бұл жолы жылқышының сөзіне көңіл аудармаған. Тек Орақ уәделескен уақытында асқа келмегеннен кейін ғана «со шіркінге біреу-міреу қастық етіп жүрмесе еді?» деп қобалжи бастаған. Сондықтан да шыдай алмай жылқыдағы Ораққа әдейі кісі жібергелі тұр.
Жылқышының келуін тағы бір адам шыдамай күтуде еді. О да Орақтың жалғыз атын бәйгеге салатынын білетін. Бұл күткен — бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі қатігез хан Әбілқайырдың келіні, басына қара жамылып сонау төбе басына шығып күншығыстан көзін алмай телміре қалған, Шах-Будақ сұлтанның жесірі — Аққозы-Бегім. Құса болған ажарына қарасаң, жүректегі жұлдызы өшкендей. Жоқ, Орақ пен бұның арасында құдай алдында күнәлі дер, не ауыл арасында өсекке ілігер ештеңе болған жоқ. Тек, біраздан бері бір-біріне құмартқан ыстық жүректер, көріскендерінше шыдай алмай алас ұруда. Осыдан төрт күн бұрын асқа мінетін атын алуға келген Аққозыға Орақ тағы өзінің өлердегі сөзін айтқан.
Елінен бала жасынан еріп келген Ораққа Аққозы:
— Құдай алдында күнәкар, жұрт алдында қарабет болғым келмейді. Ерімнің асы өтсін, — деген аққұба беті бал-бұл жанып, — содан кейін қайын атамнан рұқсат сұраймын, көнсе шариғат алдында қосылам.
— Көнбесе ше? — деген Орақ қобалжи. — Бар әлемнің тең жартысын билеп тұрған, аузынан жалын атқан Әбілқайыр хан келінін есігінің алдында жүрген құлына береді дегенге сену қиын...
— О да адам емес пе? — деген жас сұлу қабағын сол шытып. Сол сәтте көзінен ұшқын атып жігітке қараған: — Көнбесе... Дүниеде екі тумақ жоқ. Бәрібір... Онда да қосыламын! — деген.
Кенет құрыш денесіне қанат бітіп, көкке ұшар құстай көңілі шалқи жөнелген Орақ:
— Қазір өліп кетсем арманым жоқ, — деген даусы қуанғанынан сыбырлай шығып. — Асқа мен де барамын, Ақбақайымды бәйгеге қосып көрмекпін. Сонда көрісерміз!
Бірақ Орақ асқа келмеді. Егер тірі болса келері күмәнсіз еді. Оны Аққозы жақсы білетін. Сол себептен өзге құрбы-құрдастары айтысқа кеткенде, ол шыдай алмай аулының сыртындағы мың жусанды, тырбақай бетегелі қырқаға шығып, күншығысқа қарап Орақты сарғая күтумен болған.
Хан жырау толғауын Қыпшақ руының Шыңғысханға қарсы шығып ерлік көрсеткені үшін тоқтатқан жоқ. Бұндай толғауға Сайбан ұрпақтары түгіл, бүкіл Жошы үрім-бұтақтарының құлақтары үйренген. Ал шыдай алмағандары кегін ішіне сақтап қалатын. Тікелей дау шығаруға халықтың қаһарынан сескенетін.
Хан қанын ішіне тартып отырса, ол жырау сөздеріне шамданғандықтан емес, бөтен жағдайдан Батуханның ұрпағы Бердібек ханды ағайын-туысы өлтіріп, Сайбан ұрпақтары Сайын тағына отырғанға дейін Дәшті Қыпшақ Ордасы әркімнің қолында келген. Бұл кезде болған ханның бәрі дұрысын айтқанда не Ноғай батырдың, не Ақсақ Темірдің дегенімен жүрген. Тек Орыс хан, Тоқтамыс пен Едіге ғана көнбеген.
Сайбан ұрпақтары Көк Ордаға ие болғаннан соң да осы жағдай жойыла қоймаған. Әбілқайыр хан тағында отырғанмен де оның қолынан халықтың басын қосып, Сайын Ордасының қызыл туын бүкіл Дәшті Қыпшақ үстіне желбірете алмаған. Оған себеп бәз-баяғы қазақ руларының өз батырларына, биіне ғана бағынуы. Рушыл халық хан үстемдігін тек ру басшылары би, батырлар қабылдаса, сонда ғана мойынсұнған.
Тек өзінің дұшпандарын жеңіп, Әбілқайыр Көк Ордаға билігі өктеп жүре бастағаннан кейін ғана бұл жағдай кілт өзгерді. Бірақ ол Орда төбесіне Сайын туын да емес, Ақ Орда туын да емес, Өзбек ханның туын тікті. Өлеріне он жыл қалғанда Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасан жеріндегі «осыдан бір пәле келеді-ау» деген Жошының басқа ұрпақтарының басын қостырмай тізе көрсетіп, құмдай бытыратып, әрқайсысын әр жаққа қуды. Тек Жошының бір буыны Қасым сұлтанның Астрахань тағына отыруына жәрдемдесті. Онда да Әбілқайырдың өзі ғана білетін себебі бар еді.
Әбілқайыр Шығыстың көп жерін алғанменен, бұл жеңіс өзіне қауіпті қатер туғызуға айналды. Талан-тараж болған Жошының басқа ұрпақтары Әбілқайырды жеңу үшін жапа шеккен руларды біріктіре бастады. Әсіресе Моғолстанды басқарып отырған Жағатай ұрпақтарымен енді жаңа хандықты жанталаса көксеген Жәнібек пен Керей тіл табуға тырысты. Егер бұлар тіл тапса, оңай күш емес. Оны бұл жалғанның қыбыр-тықырына елеңдеп тұратын хан жақсы біледі.
Моғолстан мен қазақ руларының басын біріктірмей құрту керек! Ал құртудың екі жолы бар, бірі — Моғолстанды шабу. Екіншісі — Жәнібек пен Керейді көп кешіктірмей жою.
Үйелменді ел Моғолстанға аттануға өлі ертерек. Ол үшін Қорасанды өзіне тегіс бағындырып, әбден күшейіп алған абзал. Қазір осыншама жерге қанат жайып кеткен Жағатай ұрпақтары мен Моғол бекзадаларын аяқ астынан құрта алмайсың. Сонда екінші жол қалады. Әбілқайыр хан ордасында туғалы тұрған бүлікті білмей жүрген жоқ, біледі және сол бүліктің Барақ балаларынан шығатынына да шек келтірмейді. Сөйте тұрып, оларды бірден, тіпті бір түнде нөкерлерін жіберуге жүрегі дауаламайды.
Ханның дәл өткір қанжардай алып түсетін кезінде де алып түсе алмауының да үлкен астарлары бар...
Шыңғысханның тұсынан-ақ ұрпақтарының көбі қарамағындағы қалалар мен қоныстанған елдерді тек талау үшін керек деп қараған. Тек осы жағынан келіп, олар шауып алған қалаларды, қоныстанған елді тонаумен болған.
Ал, қанды жорықтардың осынау тасқындары басыла бастағаннан кейін, Шыңғысхан ұрпақтары Қарақұрым хандығының әкімшілік ісін басқаратын, Үгедейдің оң қолы Елуй Чусайдың арқасында бұл істерінің дұрыс емес екенін ойлай бастаған. Елуй Чусай Үгедейге: «Ұлы хандық ат үстінен түспей жаулап алынды. Оны енді ат үстінде отырып басқаруға болмайды» деген. Ұлы қидам ақылшысының бұл сөзін көп ойлаған әсіресе Мөңке хан. Егер әскерлер бұлай аты-жөні жоқ бар қалаларды шауып, қоныстасқан елді құрта берсе, көп кешікпей тонайтын жердің де, елдің де қалмайтынына көзі жеткен. Сол себептен Қарақұрымның ордасына ие болғаннан кейін, өзіне бағынышты қалалар мен қоныстасқан елдің қанын сорудың басқа жолын іздеген. Жолын тапқан да, Шыңғыс ұрпақтары шауып алынған қалалардың бәріне даруға (Орта Азияда) мен басқақтар (Иранда) белгіленген. Ең алыс тұрған Иран жеріне бас басқақ боп Аргун батыр жіберілген.
Бұл даруға, басқақтар тікелей Қарақұрымға бағынған. Бұлардың міндеті қарамағындағы жұртқа санақ жүргізіп, сауда жолдарын, ақша мәселелерін тексеріп, жұрттан дер кезінде салық жинап, Қарақұрымға тікелей жіберіп отыру.
Шыңғысхан заңы бойынша жаулап алынған көшпелі елдердің жері, суы хан ұрпақтарына ұлыс-ұлысқа бөлініп, басыбайлы берілген. Бұл елдердің тағдырын, көшіп-қонуын, шаңырақ, мал басынан жиналатын салығын осы хан ұрпақтары өздері шешетін. Ал отырықшы ел мен қалалар Ұлы Орданың астанасы Қарақұрымның өзі тікелей жіберген әкімдерге ғана бағынатын. Түскен пайда (егіншіліктен, өнеркәсіп, салықтан) Қарақұрымдағы Шыңғысханның қазынасы мен оның толып жатқан ұрпақтарына бөлінеді. Сөйтіп басқарып отырған жерінде қала, отырықшы жұрты бар хан, бұлардан түскен салықты өзі жеке пайдалана алмайды. Бұл салықтардың бәрі Қарақұрым қазынасына бір бағамен түсу үшін Мөңке хан бүкіл Алтын Орда, Жағатай, Иран жерінде салмағы бір алтын ақша — динарлар шығартқан. Бұл динарлардың құнды болып, бүкіл Монғолия патшалығында бірдей бағалануын, Мөңке хан саудагерлер арқылы жүргізіп келген. Бұқар, Самарқант, Герат, Алмалық, Берке ханның кезіндегі Алтын Орда астанасы Сарай әрқайсысы өзінің алтын ақшасын құйған. Бірақ бәрінің де салмағы бірдей болып отырған.
Мөңке өліп, Шыңғыстың Ұлы Ордасын Қытайға көшіргеннен кейін, бұл Орданың күйреуімен бірге ақша саясаты да бүлінген. Алтын Орда хандары алтын ақшаны өз аттарынан құя бастаған. Бірақ Ақсақ Темір Сарайды шауып, Қыпшақ даласында бүліншілік бастағаннан кейін бұл жағдай мүлдем тоқталған. Негізгі шаруашылығы мал бағу болған қазақтың көп руы енді қала салудан біржолата бас тартып, өзінің кең байтақ даласында ру-ру боп көшкен. Бұлардың бар байлығы малы мен жері ғана. Ал осы уақыттағы Дәшті Қыпшақтың ханы Әбілқайыр бөтен саясатты ұстады. Ол Сейхүн мен Жейхүн дариялар бойындағы Шыңғыс шауып кеткен шаһарларды қайта тұрғызып, бұл араларға қоныстануға бейім елдерді орналастыра бастады. Әбілқайырдың бұл саясаты осы кездегі қазақтың мал бағатын руларының бастылары Арғын, Қыпшақ, Үйсін, Найман, Алшын, Керей, Қаңлы, Қоңыратқа ыңғайлы тимеген. Бұлардың араларындағы Маңғыт, Бүркіт, Барлас руларының көп елі Әбілқайырға қыз беріп, қыз алып хан жағына ауып кеткен. Осының арқасында Әбілқайырдың өзінде де қазақ руларына деген қырғи-қабақтық пайда болған. Ал, қазақтың Найман, Қоңырат, Дулат, Жалайыр секілді руларының кей ауылдары өздеріне жақсы қарайтын Моғолстан жеріне көшіп те үлгірген. Бұны да істеп жүрген сол баяғы Жәнібек пен Керей деп ойлайды хан. Ал қазақтың көп рулары оларды Ақ Орданы құрған Орыс ханның ұрпақтары деп, өз сұлтандары санайды. Мұндай жағдайда Жәнібек пен Керейге тұра бас салуға бола ма? Әрине, болмайды.
Әбілқайырдың ойы бағанадан бері осы өзіне өш қос сұлтанның тағдырын қалай шешсем деген дүрбеленде еді. Және ұзаққа созбай осы ертең, күні бүгіннен қалмай шешу қажет. Өйтпесе күннен-күнге маңына ел үйірілуден қалып барады. Қасына берген бір күн, көшінің артыла түсуіне әдейі арнаған бір жылмен тең. «Әрине осыншама жұрт жиналған, мына ұлы тойда Жәнібек пен Керей көп би, батырлармен тіл тапты. Қазақ батырлары Қаптағай, Бөрібай, Оңай, Бекет, Қарақожа босқа топтанып жүрген жоқ. Мен асықпағанмен олар асығады. Сондықтан күні бұрын қимылдау керек. Ертең ас бітеді... Ac бітісімен ақ...» Осындай ойда іштей, бұлқан-талқан болып отырған Әбілқайыр Қыпшақ ерлігін, тарихын тыңдаудан көрі, тезірек осы кездегі өзінің бас уәзірі Бақты-Қожа ұйғырмен ақылдасқысы келді.
Хан тағынан көтеріліп, нөкерлерін ертіп, өз Ордасының оң жағынан оқшаулау тігілген төртінші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің үйіне қарай жүре бергенде, Қыпшақ ерліктерінің ең қызық жерінде тыңдамай тұрып кеткен Әбілқайыр мінезі ұнамай қалған Асан Қайғы, отырған орнынан қозғалмастан:
«Көлге үйренген қоңыр қаз,
Шөл қадірін білмейді,
Шөлге үйренген дуадақ,
Көлге апарып қамасаң
Шөлін аңсап шөлдейді»,
— Хан ием, халық өз тарихын көптен бері естімей, сағынып қалған екен, өзің намазыңа асықсаң, өзгемізге айызымызды қандыруға рұқсат ет, — деді.
Азуы алты қарыс Бердібек ханға:
Қас-қабағыңнан таныдым,
Хан Бердібек боларсың,
Қауырт кештен таныдым.
Еділ барып қонарсың!
Қан жылатып халқыңды,
Әлі-ақ сен де толарсың!
Өз әкеңді өлтіріп,
Қайда барып оңарсың? —
деген ел ардақтаған Асан Қайғы, Әбілқайырдың жырау толғауын тыңдамай кетуіне намаз емес, басқа себеп бар екенін бірден сезді. Сондықтан да ол ханға қадала сөйледі.
Әбілқайыр Асан сөзінің маңызын ұққысы кеп, кенет тоқтай қалды.
— Шабытына мінген жырау, ат сабылтып шауып келе жатқан аңшы тәрізді, бекер тоқтаттың, хан ием, деді Асан қалың қабағын түйіп, сөйтті де ар жағынан келіп қалған ызасын ұстай алмай түксиген қабағынан қыраулы қыстай кәрін төгіп, көптен бері айтайын деп жүрген өкпе-ашуын толғай кетті.
Сара жолдан жаңылған
Ханда ойрат қазылған
Сөгілгелі тұр қабырғам,
Кеселдімін жазылмас.
Тарқат, ханым, шерімді,
Намазыңа асықпа.
Құрыштан берік елімді
Ала ауыздықпен жасытпа!
Бітеу өскен қауынды
Тұрсың босқа жарғалы,
Досыңнан іздеп жауыңды
Тұрсың жалғыз қалғалы!
Ұмыттың қазақ даласын,
Ұлғайттың жаным жарасын,
Бір атаның баласын
Екіге бөліп барасың!
Жолын, ханым, таппасаң,
Бүлінеді барлық жұрт!
Таң боп қайта атпасаң,
Басқалы тұр қара бұлт!
Көптің көкейінде жүрген тілекті Асан Қайғы айтты. Хан ақын толғауының ар жағында өзіне деген халықтың наразылығы жатқанын әбден ұқты.
Бұған қандай жауап беру керек? Әділетке келсек, әрине жырау сұрағы жөн. Бірақ оған хан қандай жауап бере алады? Өзі шетінеткен бөгетті қайта жамай алар ма? Жоқ, енді кеш. Бөгеттің ернеуінде лықылдап асау толқын келіп тұр. Бүгін болмаса ертең ол бөгеттің быт-шытын шығармақ. Ханның бар қолынан келері сол толқынның астында қалмау. Жолын тауып жағаның бір жағына шығу. Ал Асанға жауап бермей кетуге тағы болмайды. Оның сөзінің ар жағында қолында тобылғы сапты, бұзау тіс қамшы, күлге көміп солқылдатып алған қайың сойылы бар Дәшті Қыпшақ елінің әбден ұшталып қалған мүддесі тұр...
Әбілқайыр жауап бергенше, кенет әлдекімнің үрейленген даусы шықты.
Бұл кім екен? — деді дауыс. — Орда аман болса жарар еді?
Жаугершілік заман, қандай мықты хан болса да өздері жоқта Орданы шабатын жау жүрек қастары табылатын шақ. Жұрт та жігіт көрсеткен жаққа үрейлене қарады.
Алыстан ызғытып келе жатқан, жанында қосары бар салт атты көрінді. Жаңа ғана сағым ойнап тыныш жатқан мидай жазық көгілдір дала да, маужырап тұрған көгілдір аспан да кенет қобалжи қалған тәрізді...
Хан үндемегеннен кейін тірі жан аузын ашқан жоқ, барлық жұрт құлаққа ұрған танадай үн-түнсіз.
Шапқыншы атын ұшқыртып кеп, Әбілқайыр тұрған топқа таяй беріп ер үстінен домалай жерге түсті. Аяғын жедел басып хан алдына таяп келіп етпетінен құлады.
Хан ием, кессең тіл, алсаң бас мінекей, — деді ол кенет басын көтеріп, — айып менде, көзімнен таса етіп алдым. Батыр Саян жанындағы екі пасбаныменен қашып кетті.
Бұл келген Әбілқайырдың өзі «Батыр Саянның той біткенше көзін құрт» деп тапсырма берген Оспан-Қожа деген дәйекшісі еді.
Хан алқымына келген ашу толқынын әзер басып, сол аялдап тұрды да:
— Күзетшілері кімдер еді? — деді.
— Арғын жігіттері.
«Батыр Саян қашып кетті» дегенді естігеннен бері түксиіп қатып қалған Қобыланды бір иығын сәл сілкіп жіберіп, беліндегі наркескеніне қол салды да, ханның ар жағында жайбарақат тұрған Ақжол биге түйіле қарады.
Акжол би айылын жиған жоқ, Қобыландыға кекете көз тастады да, сабырлы қимылдап, тек кейіндеу сырғып кеткен беліндегі қисық сап алдаспанын жөндеді де қойды.
Екі батырдың қимылдарын Әбілқайыр да, Асан Қайғы да, тұрған жұрт та аңғарып қалды.
Дәл осы кезде кенет жерді жара күн күркіреді. Жап-жаңа ғана айнадай ашық көгілдір аспанды қара бұлт торлап түнере қапты. Заматта аспан бетінде жіңішке найзағай қылыштар жарқ-жұрқ ойнай жөнелді. Долы жел шығып, шөп бастары жерге жығыла шуылдай түсті. Әбілқайыр енді қап-қара боп кеткен аспанға қобалжи бір қарады да, Асан Қайғыға көз қиығын аудармастан покерлерін соңынан ерте, Рабиу-Сұлтан-Бегім ордасына қарай асыға жүре берді.
Хан кетісімен жұрт та тым-тырақай тарай бастады.
Кейбіреуі өредегі атына жүгірді, бағзы біреуі Ордаға қарай беттеді.
Тек екі жағынан екі адам қолтықтай тұрғызған Асан Қайғының ғана түнере қалған аспан мен шартылдай ойнаған найзағайларда шаруасы болған жоқ, жаңа ғана наркескендеріне қол жүгірткен Арғын, Қыпшақ қос батырының қимылдары есіне түсті ме, ол:
— Бүгінгі ас — қайғы асы еді, енді бүліншілік асына айналмаса нетсін, — деді ақырын күрсініп.
Көпті көрген сыншы адасқан жоқ еді, расында да бұл ас қазақ жеріндегі тағы бір бүліншіліктің басы болды.
Тек аяғы игілікпен бітсін де...
III
Сарыарқа деп аталатын Дәшті Қыпшақ жерінің дәл ортасында, Ұлытаудың күнгей жағында, Қаракеңгір өзенінің сол жақ жағасында Әбілқайыр ханның ордасы — Орда-Базар қаласы тұр. Жан-жағы құлазыған жазық, Ұлытау, Кішітау, Арғынаты тауларынан бөтен оңтүстігінде де, солтүстігінде де, күнбатыстағы сонау Мұғажар биіктіктеріне дейін, ал күншығысындағы Шет, Құдайменді, Ақшатауға дейін құлан менен киік жортқан ұшы-қиыры жоқ алып дала. Оңтүстігіндегі ең жақын қала Түркістан (Яссы) солтүстігінде ең таяуы Чинга — Тұра шаһарлары, бірі Орда-Базардан жүргіш атқа он күндік, екіншісі он бес күндік жер...
Орда-Базар бір кездерде Бату ханның құмырсқадай бықыған әскерінің Шығыс Европаға аттанарда бас қосатын жері болған. Жүз мың жылқы жайылса да шөбі жапырылмайтын, жусанды, қаулы, жасыл шалғынды егіз өзен Қаракеңгір мен Сарыкеңгірдің ұшы-қиыры жоқ жазық даласы. Сол жазықтың ортасында Бату қорғаны.
Орда-Базар шағын қала. Әбілқайырдың негізгі басқаратыны көшпелі қазақ, өзбек елдері болғандықтан, ел салтын бұза алмай, хан Ордасы — бес ауылы жаз бойы Дәшті Қыпшақ жерінде көшіп жүретін. Тек күз келе Орда-Базарға қыстау ретінде тоқтайды. Әбілқайыр көші ерте кезде күнбатыстағы Жем, Ойыл өзендеріне дейін, солтүстігіндегі Тобыл, Есіл, Нұраға дейін барған. Кейде жазы қоңыржай болса Сыр бойы мен Көкше теңіздің жағасын да жайлайтын. Хан аулының жайлауға шығуы тек жаздың жақсы-жамандығынан, шөптің шығым-шығымсыздығымен ғана байланысты емес-ті. Жаз шыға Орда қай жаққа қарай бет бұруы толып жатқан хан саясатымен шиеленісіп жатар болар. Өзіндей мықтыменен құда болып қанатын жая түсу, ырқына көнбей жүрген кей руларына жақындай қонып, бір түнде быт-шытын шығарып шабу — бәрін де іші қатпалы ханның жаз шыға Ордасы көшпестен бұрын ойланар ісі.
Осы себептен де болар, Әбілқайырға көп жағдайда бағынышты Самарқант, Бұқар, Герат секілді Орда-Базардың үлкен шаһарға айналмай, шағын қала қалпында қалғаны. Шығыс шеберлері күйген кірпіштен күмбездетіп салған бірнеше хан сарайларын санамасақ, қала шымнан құйған, тастан құйған, тастан қаланған екі жүздей ғана үйден тұрады. Стамбул үлгісімен тұрғызылған алтын айлы, ақ тастан қаланған зәулім биік мешіті.Түркістанда Ахмет Яссауи шайхқа арнап салған Ақсақ Темірдің атақты мешітіне де, Феодосия қаласына жақын ескі Қырымға Өзбекхан салдырған мешітке де ұқсамайды. Қазір аты естен шыққан ұлы шебердің ақауы жоқ өнері ұзақ тоқыған қолдан түлеткен өрнегі.
Қаланың тым өсіп кетпеуіне тағы бір себеп ол Әбілқайырдың алыстағы ойы. Хан өз астанасын түбі әбден жаулап алған соң Гератқа, не Самарқантқа аудармақ. Ал Орда-Базар уақытша мекені. Мауреннахрға біржолата көшіп кетуге, ұшы-қиыры жоқ кең далада тағы құландай кезген қалың қазақты билей алмай қаламын ба деп қауіптенген. Хан ойынша қазақ руларының арасындағы алауыздық түбі жойылуға. Оған дейін өрбіп, өсіп келе жатқан балаларының алды ел билейтін қабілетке жетіп қалады. Сол кезде бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін бәйбішелерінен туған бір-екі ұлына билетіп, өзі Мауреннахрдың әшекейлі алтын сарайлы бір шаһарына Ордасын көшірмек...
Осындай ойдағы хан Орда-Базардың өркендеуіне бәлендей көңіл бөлмеген. Тек соңғы жылдары жайлауға алысқа бармайтын. Ұлытау маңындағы бір шұрайлы жерге бір-екі айдай бой жазып, үй тігіп серуендеп жататын да жаз аяғы болмай Орда-Базарға қайта оралатын. Биыл да хан осындай ойда еді.
Әнеу күнгі сұрапыл дауылдың аяғы тынбай құйған бір жетілік ақ жауынға айналған. Асты аяқтай алмай хан Орда-Базарға қайтуға мәжбүр болған. Ханмен бірге тізе айырмай Қыпшақ, Арғынның игі жақсылары да, Шыңғыс ұрпағынан шыққан сұлтандар да Орда-Базарға таяу көшіп келген.
Әбілқайыр жауар бұлттай ашулы қайтты. Мұнда келгеннен кейін батыр Саянның қалай қашып кеткенін естіп бұрынғысынан бетер қара түнектей тұнжырай қалды.
Хан кезінде жұртқа сыр бермеген. Жұрт асқа жаңа дайындала бастаған шақта құлағына «Орақ жылқышы да асқа Ақбақайын қоспақ екен» деген хабар тиген. Әрине, асқа қазақ дәстүрі бойынша кім болса да қатысуға хақы бар. Бірақ хан баласының ұлы асына есікте жүрген құлы ат қоспақшы деген сыбыс Әбілқайырды қатты қорлаған. Оның үстіне егер осы құлдың Ақбақайы барлық ханзадалардың жүйрігінен озып келе қалса не болмақ? Бұдан артық масқарашылық мүмкін бе? Бүкіл қара халық онда Әбілқайырды күлкі етуі даусыз. Ханның бұлай ойлауға себебі де бар еді.
Осыдан екі жыл бұрын, Тарланкөгін жаратып жүрген кезінде, Әбілқайыр әлдеқалай жылқысына барған. Ол сол жолы бір таңданарлық оқиғаға кездескен... Орақ малшының былтыр жылқыға қосып жіберген Ақбақай деген бестісі үш күннен бері тірі жанға ұстатпай қойыпты. Ұстатпайды емес-ау, талай асауды бастыртпай қуып жететін жүйріктер, бұған таямақ түгіл, тіпті шаңына ілесе алмай қалады екен. Хан қызып кетіп, ертең, бүгін қасқыр қуамын деп әбден жаратқан Тарланкөгімен Ақбақайды қууға бұйрық берген. Асау қуып үйренген бір жылқышы қолына құрығын ап, Тарланкөкке міне сап, шеттеу жайылып жүрген Ақбақайға лап қойған. Ат дүбірі шығысымен-ақ елең ете қап, Ақбақай басын көтеріп алып, өзіне ұмтылған құрықшыны көзі шалып, ор қояндай ата жөнелген. Бүкіл Дәшті Қыпшақта алдына жылқы салмаған Тарланкөктен сытылып шыға берген. Тарланкөк талай жеткен, Ақбақай бесті талай құтылып кеткен. Осы шабыс үш бие сауымындай мезгіл алған. Үш күн қуғында болған жас жылқыны қаншырдай боп әбден жараған Тарланкөк қойсын ба, ақыры Ақбақайдың мойнына құрық түскен.
Бұл оқиға осыдан екі жыл бұрын болған. Үнемі жорықта, талас-тартыста жүрген Әбілқайыр оны ұмытып та кеткен. Сөйткен Ақбақай қазір жетіде. Жылқы баласының жал-құйрығы төгіліп, тұяғы әбден бекіп, кемеліне жететін кезі. Әбілқайыр ұмытқанмен, Ақбақайдың Тарланкөкпен таласқа түсуге жарап қалғанын енді Орақ жылқышының өзі есіне салды. Хан іштей шамдана бастады. Осы кезде тағы бір суық хабар жетті. Бақты-Қожа уәзір өзінің толып жатқан көреген көз, сақ құлақ тыңшылары арқылы Орақ жылқышымен келіні Аққозының бірер рет кездесіп қалғанын естірткен. Онсыз да қаһарына мініп алған Әбілқайыр Орақтың тағдырын біржола шешкен.
Бақты-Қожа уәзір жіберген жеті қарақшы айсыз тастай қараңғы түнде кеп, бәйгеге жаратып жүрген Ақбақайын қосының жанына қаңтарып қойып, көзінің шырымын алғалы ұйықтап кеткен Орақтың дәл үстінен шыққан. Жатқан жерінен тұрғызбай қол-аяғын мықтап таңып, Ақбақайдың құйрығына ұзын арқанмен байлап, «шу!» деп қамшымен бір тартып қоя берген. Ақбақай қара түнді сілкіндіріп, құйрығына байланған құбыжықтан үркіп, бетінің ауған жағына тасырлата шаба жөнелген. Жеті қарақшы уәзір әмірін орындадық деп мәз болып күліп қала берген. Сол күні таңертең Орақтың қалай өлгенін Әбілқайыр естіген. «Әлін білмеген әлек. Хан келінінен дәмеленетін сабазсың ғой. Саған со керек» деп хан миығынан күлген де қойған. Қара жер өлгенге де хабар береді, астан қайтқаннан кейін ұзынқұлақ бұл оқиғаны Аққозыға да жеткізген. Нәсілі берік жас әйел, іші оттай күйіп, кеудесіне қайғысы сыймай тұрса да сыртына еш сыр шығармаған. Бар ашуын жүрегіне түйіп сазара қалған.
Жасынан ерке-шора боп өскен келінінен «осы тағы бір сойқан шығарып жүрер» деп күдіктенген Әбілқайыр Аққозыға кісі салған.
— Құдай риза, біз риза, ұлымның атына шіркеу келтірмей жыл отырды, — деді, — жас жан еді, обалына қалмайын, ерге шықсын. Аға өлсе, ініге мұра, Шах-Будақ ұлым қаза болғанмен тірі өлі он ұлым бар, таңдағанының атын айтсын, қосамын.
«Жақсы, ойланып көрейін, ойымды үш күннен кейін қайын атам — хан иемнің өзінің алдында айтамын» деп Аққозы жауабын қайтарған.
Үш күннен кейін Әбілқайыр өзінің үзеңгілес серіктерін, батырлары мен билерін шақырып алып, солардың көзінше:
— Келін шырақ, ойланып болған шығарсың, қай қайныңды таңдадың, атын айт, — деді.
Жесір сұлудан дәмесі бар, ордада отырған ханның он ұлы бірдей Аққозыға көздерінің жанарын төге қарады. Аққозы да оларды жайбарақат бір шолып өтті. Ақырын жымиды.
— Он ұлыңыз да алмас кездіктей бірінен-бірі өткен асыл! Таңдау да қиын, — деді ол сол жымиған қалпында, — әйтсе де хан ата, сізден бір тілегім бар...
— Айт.
— Орындайтын болсаңыз... айтайын.
Хан ойлана сөйледі.
— Орындалмайтын тілекті Аққозы келіннің өзі де сұрамас деп жоримын. Егер Сайбан шаңырағына кір келтірмейтін болса...
— Жоқ, кір келтірмейді. Менің өтінішім абыройыңызға абырой қосады.
— Тындалық онда. Айт.
— Айтсам... — кенет Аққозы қойнынан қара құранды суырып алды. — Міне, құран, хан ата, — деді ол. — Осы құранды басыма көтеріп тұрып өмір-бақи ерсіз өтуге ант етемін. Сізден өтінемін, антымды бұздырып қарғысыма қалмаңыз.
Орақтың қалай өлгенін Аққозының естігенін хан бірден ұқты. Бір сот он ұлын бір жылқышы құрлы көрмеген тәкаппар келінін антын бұзғызып, еріксіз аттастырып өшін де алмақшы болды. Әйткенменен, бұның бәрі хан үйіне кір келтіретінін ойлап Әбілқайыр:
— Бердім тілегіңді, — деді басын жерден көтермей.
Жұмақ күнді дозаққа айналдырған, о сөлекет дүние! Әттең, әттең, өмір-бақи ерсіз өтуді ант еткен Аққозы Орақтың тірі қалғанын білген жоқ. Бүл адам сенгісіз ғажайып оқиға еді. Тастай қараңғы түнде құйрығына байланған заттан үріккен Ақбақай тарсылдата жөңкіп шауып келе жатып, алдында жатқан қара суға күмп берген. Артындағы заты су жағасында өсіп тұрған жуан үйеңкі талдарға маталып, бөрте ат қорықты көл шетіндегі қалың шылға шырмалып не әрі, не бері жүре алмай қалған. Таңертең жылқы суаруға келген жылқышылар ұзын арқанға байланған, бет-аузының тамтығы жоқ, тек кеудесінде шығар-шықпас жаны бар Орақты тауып алған. Болған оқиғаны айтпай түсінген серіктері көзден таса, Ұлытау маңындағы бір үңгірге апарып баққан.
Бұл жайды Әбілқайыр хан да білмеген. Тек бес жыл өткеннен кейін ғана, соңынан аламанын ертіп, әлсін-әлсін жылқысын шауып маза бермей жүрген жыртық бет, жалғыз көз батыр осы Орақ екенін естіген.
Ал, ол күндері хан Орақты ат құйрығына байлатып біржолата жоқ еттім деп ойлаған. Сондықтан да келіні құран алып ант еткенде, «Орақ болса да жоқ, мейлі» деп тілегін бере салған. Хан қабағының ашылмауына, әрине, Саян да себеп болды.
Әбілқайырдың Бүркіт руынан алған әйелінен Шах-Будақ сұлтан мен Қожа Мұхамед, Маңғыт бәйбішесінен Ахмет пен Мұхамед сұлтан, Қоңырат руынан алған бәйбішесінен Шайх-Хайдар, Санжар, Шайх-Ибрагім, төртінші бәйбішесі Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегімнен Күшкінші мен Сүйіншік сұлтан туған-ды. Шабуылда тоқалдыққа Барлас руынан алған әйелінен Ақ-Бұрық пен Саид-баба дүниеге келген. Осы он бір баладан ең түңғыш Шах-Будақ пен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен туған Сүйіншік сұлтан бір төбе де, өзге балалары бір төбе болатын. Шах-Будақ о дүниеге аттанғаннан кейін, Әбілқайырдың үлкен баласына деген махаббаты одан қалған екі ұлға ауған.
Әсіресе екі баланың үлкені Мұхамед-Шайбаниды өте жақсы көретін (бұл атты да оған өзі қойған). Ал балалық мінезінде де Шыңғыс ұрпағының қанына біткен қайсарлық, қағілездік бар-ды.
Келіні Аққозыға деген ашуын да хан осы екі немересін жетім қалдырып, өксітпейін деп әзер кешірген-ді.
Ал осы он бір бала, олардан туған толып жатқан немересінің ішінен Әбілқайыр келешекте Ордамның тірегі болады деп нағашысы Ақсақ Темірге тартқан, кесіп алса қан шықпас қатал, Сүйіншік сұлтан мен немересі Мұхамед-Шайбаниды ерекше көңіліне қуат ететін. Әке балаға сыншы, өмір Әбілқайырдың болжауын дұрысқа шығарды. Бірақ болжауы дұрыс болғанмен, бұл екеуінен Сайын тағы әзірге тым алыс жатқан-ды. Шах-Будақтан кейінгі Шайх-Хайдардікі еді.
Бұрындықтың атасының тағының жанына келген Мұхамед-Шайбаниға шүңет көздерімен аса бір өштене қарауынан, немересінің тағдыры жеңіл болмайтынын, басынан талай ауыртпалық, қанды тартыс өтетініне хан шек келтірмеді. «Соның бәріне осы албырт Мұхамед шыдай ала ма? Шыдай алса, жауына төтеп бере ала ма?» деген қобалжу сұрақ осы тойдан кейін оның ойынан кетпей қойды. Қыран құс балапанын басып шығарарда, ең алдымен өзінің ұясына жақын жерден туатын қауіпті ойлайды дейді. Егер ол қауіп жылан, не болмаса басқа бір қорқынышты жыртқыш аң болса, сол жауларын жойып, ұясына туар қатерден балапанын құтқармай, жем іздеп алысқа ұшпайтын көрінеді.
Мұхамед-Шайбаниге деген Бұрындықтың көзінде жарқ еткен өшпендік отты Әбілқайыр есінен шығара алмай қойды. «Немереме жақын жау, сыбдырын білдірмей шағар улы жылан осы Орыс ханның ұрпақтары, — деді ішінен Әбілқайыр, — егер ұрпағың қауіп-қатерсіз дүние қызығын көрсін десең ең алдымен осы Бұрындықтардың көзін құрт!».
Ал екінші жақсы көрері Сүйіншікке келгенде Әбілқайыр бір орнында отыра алмайды. Астынан сыз өткендей түрегеліп келіп, ерсілі-қарсылы ызалана жүре бастайды. Ханның бүйтуі тек Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген қызғаныштан ғана тумаған-ды. Жан күйінер, намысына тиер басқа да бір қырсық пайда бола қалған.
Алдыңғы жылғы Қорасан жорығынан Әбілқайыр, жүзіктің көзінен өтердей үш текежаумыт күрең бесті әкелген. Хан ордасына тиісті олжаны бөлгенде, әлгі бестілерді сый-сияпат етіп сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлуға тартқан. «Аулың көшкенде, екі балаңмен үш күреңді мін. Ақсақ Темірдің немере қызына сөйтсе, жарасады» деген. Осы бір сөзімен бүкіл Азия мен Үндістанды тітіреткен ұлы әмірдің шаһарын шауып, немере қызын тартып алып, әйел етіп отырса да, қанды көз Көрегеннің аруағына бас иетінін білдірген. Бұл тарту, өзге бәйбішелерінің арасында кезінде күндестіктен туған жанжал да шығара жаздаған. Сол бестілер биыл ауыздарымен құс тістейтін жеті жасар ат болған. Биылғы тойда Әбілқайыр оларды да бәйгеге қосып көрмек боп, Рабиу-Сұлтан-Бегімге:
— Ханым, үш күреңді тойға мінбей апарыңдар. Тарланкөкпен бірге бәйгеге салмақпын, — деген.
Сүрме қасты, аққудай аппақ, отыз беске, келіп қалса да, өлі де шаңқай түстей жарқыраған сұлу Рабиу-Сұлтан-Бегім:
— Үш күрең бәйгеден келсе бірге келеді, қалса бірге қалады, — деген, қарақаттай мөлдіреген үлкен бота көздерін найзадай ұзын кірпіктерінің астынан хан тағындағы еріне жаудырата қадай, — тізбектеліп ұшқан қоңыр қаздай үшеуінің қатар келгені жарасымды. Бірақ бұ жолы бәйгеге салудың реті қалай болар екен, ортаншысының аяғына жем түсіп, ақсап жүр. Қабылбай сынықшы кеше қарай кетті.
— Олай болса, бұл жолы қоя тұрайық, — дей салған хан.
Батыр Саян жанындағы екі күзетшімен Сығанақ жаққа, дәл сол күні қораға бәйбішесін құшып қоймапты, әрқайсысы бір рудың жылқысына татитын үш сәйгүлік жүйрігін мініп кетіпті! Қандай қорлық, ханның намысын аяққа таптар қылық!» Сыбырлағанды құдай естімей ме, құдай құлағына жетер сөзді, жұрт қалай сақтанып сыбырласа да хан құлағына да жеткен. Әбілқайыр жұрт өсегін ойына алса болғаны, шиырқап шабатын бурадай қаһарлана түседі. «Рабиу сұлу мен батыр Саян арасындағы баяғы жел сөз бен үш күреңнің ауылда қалуы... Үш күреңді үш кісінің мініп кетуі — бәрі бір түйін» дейді хан ішінен және бас уәзірі Бақты-Қожа арқылы үш күреңді той алдында Қабылбай дәруіштің көрмегені анықталған. Сірә, ханым берген сыйлыққа қызыққан болуы керек, Қабылбайдың өзі үш күреңді қарағам депті, ал оның бірге еріп жүрген шәкірттері сынықшының бұл күндерде тіпті Орда-Базарда болмағанын айтыпты. Ханда «Бақты-Қожа уәзірі бір жаман оймен шындықты бұрмалап жүр ме, әлде сынықшы шәкірттерінің арасында күншілдік боп, Қабылбай қарттың сөзін әдейі бұрған жоқ па екен» деген ой болмаған-ды.
Онсыз да жүрегіне тұнып жүрген бұл сөздер ханды өзінің тұңғиығына батыра берген. Әбілқайырдың көкірегін Рабиу-Сұлтан-Бегімге деген өшпенділік уы жайлаған. Көзіне шөп салған, арын, намысын қорлаған жігітпен арасындағы қаңқу сөзді былай қойғанда, бүкіл елге әйгілі үш жүйрігіне мінгізіп, оны ажалдан құтқарып жіберген ерке бәйбішесінен енді хан Ақсақ Темір тұқымына дақ салардай өш алуды ойлаған. Өш алуға келгенде Әбілқайыр, қайын атасының кеше бүкіл әлемді тітіреткен аруағынан да, оның ұрпақтары билеп отырған елдердің қаһарынан да қорықпаған. Рабиу-Сұлтан-Бегім Ақсақ Темір немересі болса, мен ұлы Шыңғысханның әулетімін деген. Бұл ашудың үстіне Рабиу-Сұлтан-Бегімнің тағы бір қылмысты қылығы жамалған-ды. Тағы сол Бақты-Қожа уәзірдің айтуы бойынша, батыр Саянның жанына күзетке Арғын жігіттерін қойдырған ханның сүйікті кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзі болып шықты. «Күзет бастығын да сатып алған секілді. Және жоғарғы мәртебелі ханымның Арғын билерімен де байланысы бар тәрізді» деген сол баяғы Бақты-Қожа уәзір. Арғын билерімен байланысы бар деген сөз — ата жауы, бақ күндестері өздерін Арғын сұлтандары санап жүрген Жәнібек, Керейлермен тілегі бір деген сөз. «Бұдан артық ханымда қандай күнә болуы керек? Мұндай күнә опасыз әйелі түгіл, пейіштегі қор қызын да дарға асуға жеткілікті емес пе! Бірақ дарға асу аз жаза! Оған бүкіл төркінін, атақты Ақсақ Темірдің ұрпағын бар әлем алдында қарабет ететін жаза қолдану мың да бір сауап!» Хан қабағын қарс жауып алтын мен күміске бөленген кең сарайын тағы кезе бастады.
Бірақ Ұлы ғалым Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім Әбілқайыр мен оның уәзірі ойлаған қылмыстардан мүлдем ада еді. Мұндай күнәға қасиетті ата-анасынан алған үлгі-ілім, тәрбиесі де, өзінің мөлдір бұлақтай кірсіз таза жан сезімі де оны еш уақытта да жуытпас болар. Батыр Саянды Сүйіншікке аталық етуге тырысқаны да, басына ажал қылышы төнген сәтте жігіттің құтылып кетуіне жәрдем бергені де рас. Бірақ бұлардың бәрі де басқа мүдделерден туған-ды.
Хан кенет тоқтай қалды. «Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлудың қаны дәл осылай төгілсе, бұдан сауапты жаза бар ма? Атасы Ақсақ Темірдің әділетті заңы енді өзінің немере қызының басын алсын. Кек сөйтсе ғана қайтады!» Әбілқайыр бүгінге алғашқы рет езу тартты.
Қазақ жеріне келген шапқыншылардың Шыңғысхан мен Батудан кейінгі «қылмыстыларға деген заң-ережесі» қанқұйлы қатты болғаны Ақсақ Темірдікі еді.
Солардың ішінде әсіресе «Ана алдында қылмысты балаға, бала алдында күнәлі анаға» деген жаза тәртібі ерекше сойқан болатын.
Бала алдындағы күнәлі ананың жазасын баласы айтуы керек. Іштен жарып шыққан, ақ сүтін емізген, бауыр етіндей тәтті баласы айтқан жазадан ауыр, одан артық жанына батар үкім бар ма? Әсіресе, егер ана бала алдында жазықсыз боп, тек оны қанішер жаулары ұйымдастырса бұдан асқан қиянат табылар ма?
Аяулы анаға, тіпті күнәсі болған күнде де, сол баланы өмірге әкелген, «құлыным» деп түн ұйқысын төрт бөліп аялай сүйген сорлы анаға, дәл мұндай сұмдық жазаны Ақсақ Темір қалай шығарған? Көреген29 деген атақты оған неге берген?
Әбілқайыр дәл бұл сәтте қатал Әмір-Темірдің шығарған жазасының қиянаттық жағын ойлаған жоқ, ол тек кегінің қайтуын ғана көздеді. «Анасының күнәсіне көзі жеткен баласы Сүйіншік өзі айтады Рабиу-Сұлтан-Бегімге өлім жазасын. Өзі болып бірінші тас атады... Содан кейін діншіл, қанішер мүрит, мүзәйімдер қарабет ханымды «лағнет» тасымен шөкелеп өлтіреді. Сонда ғана Рабиу-Сұлтан-Бегімнен қату боп байланған кегім қайтады. Жоқ, жалғыз ғана Рабиу сұлудан емес, сондай қыз тәрбиелеген бүкіл Ақсақ Темір әулеті қара жүз болады. Ақсақ Темір әулеті! Сол әулетке жиендік жағынан менің сүйікті ұлым Сүйіншіктің өзі де жатпай ма?
Жатса мейлі! Шайбани тұқымы таза болу үшін, бұл арада таспейілдік жөн. Бастан құлақ садаға! Иә Рабиу-Сұлтан-Бегім осылай өлуге тиісті! Бұлай өлу тек Әмір-Темірдің заңына ғана емес Мухаммед пайғамбардың да шариғатына дәлме-дәл... Туған анасын Сүйіншік сұлтан осылай жазаласа, осылай өлтірсе, түбі Сүйіншік сұлтан Көк Ордаға ие бола қалса, мәңгі-бақи нағашы жұртының ықпалынан кетеді. Алдағы уақытта олардан мүлдем алыстайды. Шайбани әулетінің Өзбек ордасындағы өмірі осылай таза сақталуы керек. Ал туған анасына мұндай жаза айтуға Сүйіншік көнбесе? Онда Күшкінші сұлтан бар емес пе? Жоқ, Сүйіншіктің үкімімен өлуі керек! Сүйіншік жалғыз менің ғана емес, Рабиу-Сұлтан-Бегімнің де ең жақсы көрер кенжесі! Жақсы көрер адамның сілтеген таяғы жау таяғынан анағұрлым ауыр тиеді».
Әбілқайыр күміс қоңырауды қақты. Батыр Саяннан айрылып қалғаны үшін хан үкімін күтіп Оспан-Қожа дәйекші зынданында жатқан. Үйге Бақты-Қожа уәзірдің өзі кірді.
Хан есік алдында өмір күтіп тұрған уәзірді жоғары жақтағы кілемнің үстіне апарып отырғызды. Әбілқайыр енді бүкіл Дәшті Қыпшақтың әміршісі емес, түнде үй тонауға шыққан ұрыдай сыбырлай сөйледі. Бақты-Қожа уәзір хан сөзін кейде естіп, кейде естімесе де, оның жұқа ернінің қимылдауынан, көзінде кенет жарқ ете қалған рақымсыз оттан Әбілқайыр ойының бәрін түсінгені көрініп тұр. «Дұрыс, хан ием, дұрыс!» деп кеудесінде тулай жөнелген қуаныш толқынын баса алмай, кенет дауыстап жібере жаздайды да, дер кезінде өзін-өзі әзер ұстап қалады. Жан-жағынан діншіл, есуас топтың таспен шөкелеп жатқан Рабиу сұлудың қан-қан болған суретін бір мезет ол көз алдына елестетеді де, ішінен «Сол керек саған Темірлан қаншығы. Мені уәзір еткізбеймін деп бекер жанталаспаған екенсің, енді айыбыңның есесін өзім қайтарамын» дейді.
Анасының күнәкар екеніне баласының көзін жеткізу керек. Сөйткен күнде ғана өлім жазасын Сүйіншік сұлтанға айтқызған лауазым, — деп Әбілқайыр хан сыбырлауын тоқтатты.
Құп, тақсыр, әміріңіз орындалады, — деп уәзір басын иді. Сөйдеді де бұ да сыбырлады. Рабиу ханым жазасын айттыңыз, ал Ақжол биді қайтеміз? Батыр Саянды қашыруда оның да күнәсі бар...
Күні-түні ақыл-ойын кіші бәйбішесіне деген өшпендік билеп кеткен хан, уәзір сөзін бірден түсінбеді. Ұғып еді, көңілінде үнсіз жатқан күдік кенет шағатын жыландай жиырыла қалды.
Бақты-Қожа бұл сұрақты бекер бергенін артынан ұқты. Көңілге кірген түйткіл, қылаң берген жаумен тең. Ақжол би де бұның бас уәзір болмауына көп ой салған. Бақты-Қожа: «Ақжолға өш екені ханның өзіне аян, содан сескеніп Рабиу-Сұлтан-Бегім ханымға деген ойымның беті ашылып қалмаса нетсін? Рабиу-Сұлтан-Бегімнің де мені бас уәзір еткіздіргісі келмегені өзіне мәлім...» деді ішінен.
Әбілқайырдың сезіктеніп қалғаны да рас еді. Рабиу-Сұлтан-Бегім мен Ақжолды осы уәзірге бекер тапсырдым ба, қалай? Өш аламын деп тым асығыс кетер ме екен? Бірақ әлгіде ғана жыландай, ой түкпірінде шумақтала қалған күдік бұдан әрі жазылып енді қимылдамады, сол жиырылған қалпында қала берді. Рабиу-Бикеге деген көптен көкірегінде ұялаған сенімсіздік бұрынғысынан да күшейе түсті. Енді ол: «Бәсе, Ақжолдың тағдырын қалай шешу керек?» деп бір ашуға бір ашуды қосты. «Батыр Саянды құтқарушының бірі Ақжол би екені сөзсіз. Және Рабиу-Сұлтан-Бегім бәйбішеммен байланысуларына қарағанда, Арғынның бұл жүйрігі дүбірді алыстан қозғаған секілді. Маған деген көрлерін тереңнен қазайын деген бе, қалай? Иә, солай тәрізді. Мұндай жағдайда Ақжолды аяудың қажеті бар ма? Ақжолды аямау деген сөз, Жәнібек пен Керейдің шаңырағын ортасына түсірумен бірдей. Арғын биінен алынған өш, Керей мен Жәнібектен алынған өш!».
Орыс хан ұрпақтарының есімі аузына түсіп еді, Мұхамед-Шайбаниға қараған Бұрындықтың кейпі қайтадан көз алдында елестей қалды. «Біз Жошы тұқымының сұлтандары бәріміз де осындаймыз. Дәшті Қыпшақ тағына ие болу үшін мен Жошыдан шыққан қай адамды аядым? Қолына күш тисе Бұрындық та соны істейді. Ал күш тиіп қалуы да мүмкін. Қалың қазақ руларына олар текке иек сүйеп отырған жоқ. Рас, бұл руларды Арғын бастағысы келгенмен өзгелерінің басы қосылмай жүр. Үйсін, Наймандар өлі де ауа жайылуда. Алдағы бір айла бұлармен Жәнібек пен Керейді, қала берді олардың балалары Қасым мен Бұрындықты біріктірмеу керек. Ал біріктірмеудің жалғыз жолы баяғы бір кәрі амал — ажал... Түбірімен жұлынған шөп қана қайта өспейді. Құр үстін шабудың қажеті жоқ: Өзбек ордасы Ақ Ордаға айналмасын десең, Жәнібек пен Керейді түп-тамырымен құрту шарт, бірақ Арғындармен ымдас руларға сөзін өткізе алатын Дайырқожа — Ақжол би тұрғанда ол мақсатқа жету қиын. Ақжол би Жәнібек пен Керей үшін отқа күйіп, суға батуға бар. Иә, ең алдымен Ақжол бидің өзін...
Әбілқайыр хан Ақжол биді жоқ ету — жатқан жыланның құйрығын басу екенін дәл осы сәтте есепке алған жоқ. Баяғы көкіректі жайлаған өшпендік уы, баяғы хан тағын қорғау қаупі тағы жеңді. Бірақ уәзірге ол:
— Ең алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегім жайында айтылған әмірді орында, — деді, — Ақжол бидің тағдырын сосын шешеміз.
Бақты-Қожа уәзір:
— Құп, тақсыр, — деп орынсыз күмәнданғанына көзі жетіп, тәжім етіп үйден шығып кетті. Бірақ ізін ала қайта кірді.
— Қара Қыпшақ Қобыланды сіздің алдыңызда бас имекші, — деді шығыс ғұрпымен орағыта сөйлеп.
— Жақсы, кірсін, — деді Әбілқайыр, үре түрегелген иттердей өзіне тарпа бас салған қалың ойды қуа беріп.
Иә, хан ойланатын іс қазір мол еді. «Өз әкесі Ұлықбекті өлтіріп, Самарқант өмірі болған Әбдуәли-Латиф мырзадан кейінгі әміршісі Ақсақ Темірдің екінші баласы Шахрух мырза өзінің Әбілқайыр ханға бағынышты екеніне қарай, Үндістан мен Иракқа жорыққа шығыпты. Бұл қай саясаты? Үндістан мен Иракты өзіне қаратса күшейемін дегені ме? Иә, солай болар. Шахрух мырза күшейсе ең алдымен Әбілқайырдың құрығын үзуге тырысады. Жоқ, ол болмас. Шахрух мырзаны біржолата құрту үшін Самарқант билігін өз ұлдарымның біреуіне беру керек. Шахрухтың басын жоятын мезгіл жетті. Моғолстанның да қазір өрісі кеңіп алды... Исан Бұғы хан Жәнібек пен Керей сұлтандарға көңілдес. Бізбен кереғар. Бұл ханды да жөнге салар бір қайың құрық керек-ақ! Түбі Моғолстанмен бір айқасуым кәміл. Мүмкін қазір айқасқан жөн бе? Бүкіл Дәшті Қыпшақ, Хорезм, Моғолстанның солтүстік-шығыс жағының әжептәуір жері қолымда тұрғанда, ала ауыз Жағатай ұрпақтарына күшім жетуі ғажап іс емес. Бірақ сондай байтақ елге жорыққа аттануға денсаушылығым көтере алар ма екен? Ақсақ Темір Мауреннахрға бабаларын Кавказдан құл етіп айдап әкелген, қазір ұрпақтары мұсылман болып кеткен, атақты балгер-дәруіш Әбдіразақ Нахичевани кешке «хан ием, буындарыңызға түз ұялай бастапты. Сары ауруға шалдығып кетер қаупі бар. Бір-екі жыл жорықты қоя тұрып, Мауреннахрға барып, ыстық бұлақ суларымен емделгеніңіз жөн болар» деді ғой. Бұл ақылды еске алмасқа бола ма? Жаулап алған бүкіл әлемнен түбі саған тиері екі құлаш қара жер ғана ғой, дүние жүзін билеймін деп жанталаса берудің қандай қызығы бар? Ханның бұл өлімнен қорыққаны емес. Адамның өзіне тимей кетпейтін бір үлесі бар. Ол бақыт та емес, тек өлім! Әбілқайыр бұны жақсы біледі, енді өз ойына өзі күлді. «Дүние шіркін қандай тәтті! Оның өлімнен күштілігінің өзі сонда ғой, қара жерге кіргеніңше сол үшін алысып өтесің! Үрім-бұтағым деп алысасың» кенет есіне Шыңғысханның ескі өсиеті түсті. Шыңғысханның жер-жиһанға аты жаңа тарап, қырықтан асып бара жатқан кезі екен, жанында бір топ нояны бар аң аулап келе жатыпты. Кенет жас ноян Сүбітай баһадур: «Тақсыр хан, қараңызшы!» деп оң жақтарындағы биік жартастың етегін көрсетіпті. Биік құз, етегі қалың көгал шөп, ортасында селдір құрақты бұрала сылдырап аққан күміс бұлақ. Осы бұлақтан су ішіп бір топ киік тұр. Жел қарсы жақтан болғандықтан киіктер Шыңғысхан тобының сыбдырын естір емес. Ханның оң жағында келе жатқан ноян иығынан садағын жұлып алып, киіктің шеткі марқа қошқарын іліп түспекші болып, көздей бастады. Бірақ Шыңғысхан «тұра тұр!» деп қолын көтеріп, садағын тартқызбай қойды. Ханның қырағы көзі дәл осы сәтте басқа бір кереметті шалып қалған. Ол алдыңғы жағына ентелей қарады. Сөйткенше болған жоқ, нояндар киіктердің ар жағындағы көлден шығып, шың түбімен өрмелей келе жатқан ұзындығы бес құлаштай қара шұбар жыланды көрді. Әлгі ноян енді садағын киіктерге қарай ақырын жылжи таяған әп жыланға көздей бастап еді, Шыңғысхан қолын көтеріп тағы атқызбай қойды. Киіктер өздеріне жақын қалған ажалды сезді ме, кенет құлақтарын едірейтіп жан-жақтарына елеңдей қарады да, айдаһарды көріп ата жөнелді. Бірақ олар тым кеш қимылдады, әп жылан лақтырған бүйендей кенет жуан шұбар денесін сопаң еткізіп бір ытқытты. Сол сәтте шеткі жас киік «бақ» ете қалды. Жыланның орала түскен балуан денесінің бір сығуынан киік қалмады. Екінші рет бақыруға да жарамады, жас сүйегі сытыр-сытыр сынып, заматта жан берді. Енді жылан жазылған арқандай бес құлаш денесін созып жіберді де арандай аузын ашып, киікті жұтпақ болып ыңғайлана берді. Жаңағы ноян үшінші рет садағын кезенді. Шыңғысхан бұ жолы да оны тоқтатты. Жылан киіктің бас жағынан шығып енді жұта берем деген кезде, кенет «шаңқ» еткен дауыс шықты. Қайдан келгені белгісіз, кереге қанат ақ иық қыран көктен түскен тастай жарқ етіп айдаһардың үстіне құлады. Екі алып алай-түлей жұлысты да қалды. Қайсысының қыран, қайсысының жылан екенін білу қиын, бірі қара шұбар, бірі тарғыл жүнді таудың ақ иығы. Тек бірін-бірі құшақтай жұлқыласқан, жанталасқан, жартас етегінде шыр-көбелек айналып домалаған, будақталған түйін ғана көрінеді. Көктен түскен қыран, сірә, қанжардай тырнақтарын жыланның ең жанды жерлерінен салған болуы керек, анау оны қанша орап алып сығып құрған десе де болмады. Сүт пісердей алысқаннан кейін айдаһар иірілген денесін дірілдей созын, кенет сылқ етіп құлап түсті. Бүркіт айдаһардың шу дегеннен-ақ бір аяғымен көк желкесінен ап, екінші аяғын омыртқа тұсынан сап, артына қайырып өлтіргенін нояндар енді көрді. Адамның басы мен аяғын ұстап артына қайырып, омыртқасын сындырып өлтіретін нағыз Шыңғыс жаналғышы дерсің! Қыран жыланның басын денесіне дарытпапты. Ананың тек ирелеңдеген бөксе жағы ғана қыранға жабыса беріпті. Қанжардай өткір сояу тырнақтар қойсын ба, көк желкеден түсіп, тамағына дейін бүріп, айдаһарды әрі тұншықтырып, әрі арқа сүйегін күйретіп жіберіпті.
Ақ иық айдаһарды өлтіргеннен кейін, нояндар енді оны жас бағлан киіктің етімен тояттанар деп ойлады. Жоқ, олай болмады. Бүркіт киік етіне көз де салмады. Әлі жаны шығып бітпей, ақырын ғана діріл қағып жатқан әп жыланның денесіне қанжардай сояу тырнақтарын салып жіберіп, әп-сәтте күлпаршасын шығарды да бөлшектенген етімен қомағайлана тояттана бастады. Әбден тойып алғаннан кейін ғана барып, анандай жерде жатқан киікті көтеріп алды да кереге қанаттарын жая, шаттана шың басындағы ұясына қарай шырқай жөнелді.
Әп жыланның бес құлаш ұзындыққа жетуі үшін ең аз дегенде жүз жыл өмір сүруі керек екенін білетін бір нояны Шыңғысханнан:
— Ұлы хан, әлгі қыран жас бағлан киіктің етімен емес, кәрі әп жыланның сіңір етімен неге тояттанады? Сол жас бағлан еті үшін өзі әп жыланға түскен жоқ па еді? — деп сұрады.
Сонда Шыңғысхан:
— Досыңнан қасыңның еті тәтті. Ал қасыңнан өзіңмен алысқан жауыңның еті тәтті, — депті.
Әңгіме бұнымен бітпеген. Шыңғысхан қартайып келе жатқан кезінде тағы да аңға шығады. Баяғы өздері көрген шыңның жанынан өтіп бара жатқандарында қазір егде тартып қалған Сүбітай баһадур тағы да:
— Ұлы хан, қараңызшы! — деп шың жақты көрсетеді.
Нояндар жалт бұрылады. Бір жағын пышақпен кескендей баяғы қап-қара биік құз... Осы құздың тұсынан ұзындығы үш құлаштай қара шұбар әп жылан жоғары өрмелеп бара жатыр. Жартастың орта шеніне таяп қалған. Қырағы көздер көріп тұр, жартас түстес шұбар жылан жоғары қарай ақырын қозғалады. Құлар болса өзінің де тамтығы қалар емес. Бұны осыншама қауіпке салар қандай күш? Күш — біреу. Ол ата кегі, мынау шұбар аждаһа баяғы қыран өлтірген аждаһаның ұрпағы екені сөзсіз. Сондағы жартас, сондағы ұя, атадан әкеге, әкеден балаға қалған өшпенділік. Әр жылжығаны ажал, осынау қауіпті сапарға бұл жас аждаһаны да аттандырған сол ежелгі өштік. Нояндар шың басына қарады. Ернеуіндегі қуысқа жабыстыра салған қыран үясы. Жаз ортасы, қыран балапандарының қанаттанып ұшып кете қоймаған кезі. Өздеріне жылжып келе жатқан ажалды сезгендіктен бе, олардың үрейлене шыққан шаңқылы еміс-еміс естіледі. Нояндар жылан сырын енді түсінді. Мынау әп жылан ата кегін енді қарт қыранның балапандарынан алмақ!
Шыңғысханның оң жағындағы, қазір қартаң тартқан баяғы мерген бас ноян садағын қолына тағы алды. Шыңғысхан осыдан жиырма бес жыл өткен әдетіне сай оны тағы тоқтатты.
Жас жылан, келе жатқанымды көріп балапандардың күні бұрын зәресі ұшып өлсін дегендей асықпай жылжиды. Ұяға міне, үш құлаш жер қалды. Тағы да жылан өрмелей түсті, енді екі құлаштай ғана қалды. Жылан енді бір өрмелесе ұяға да жетеді. Қарт қыранның балапандарының жас қанын ішіп, ол ата кегін қайтарады. Жылан енді ақырғы рет өрмелеп ұя аузына да жетті. Қыран балапандарының шырылдаған дауыстары енді анық шықты. Мерген ноян тағы да садағын қолына алды, Шыңғысхан тағы да тоқтатты. Жыланның басы қыран үясы салынған қуысқа кіре берді. Дәл осы кезде кереге қанаттары суылдап қыран да жетті. Бұл сөзсіз баяғы қыран. Бірақ қанат серпісі баяғыдай дауыл тұрғызар екпінді емес, қартайған... Әйтсе де жаратылысынан жасқануды білмеген жау жүрек қыран, қартайдым, алысар қуатым жоқ деп жас жыланнан сескеніп шегінген жоқ, алыс жолдан талып келген қанатын ең ақырғы рет пәрменінше сілтеп жартастың дәл төбесінен бауырлай түсіп, бір аяғымен жыланның құйрығынан іліп төмен қарай лақтырған тасша құлады. Жыланның басы сопаң етіп шығып, шұбар денесі бір мезет жазыла көрінді де, әп-сәтте қайтадан жиырылды Енді оның лақа балық басындай жалпақ басы жоғары қарай көтеріле берді. Бірақ жылан басы қыран денесіне тиіп үлгермеді. Сын айқаста тәжірибе алған қарт қыранның бос аяғының мұқала бастаған, бірақ әлі де сояудай тарбиған тырнақтары жыланның тасырайған қос көзіне барып қадалды. Екі алып осылай айқасқан қалпында жерге келіп құлады. Тағы да баяғы жан аяспас жұлыс, орала жұмарланған денелер. Жастың аты жас, бұл жолы әп жылан қыранды ортан белінен орап алған-ды. Күші қайтқан қыранның мұқалған тырнақтары аждаһаның құйрық жағын босатып жіберді. Бұ жолы алыс ұзаққа созылған жоқ. Қыран бір мезетте жылан құшағынан босап шыға берді. Ол енді бір қанатымен жерді сабалай, ілби шоршып жанындағы кісі бойлы жартасқа шықты. Бұл кезде қыранды қоя берген әп жылан құйрығымен жер сабап, иіріле дөңбекши, өзімен-өзі әуре боп жатты. Қыран қырындау жағынан шығып тастың басына барып отырды да жерде тулап жатқан жыланнан көзін алмай қатты да қалды. Шыңғысхан тобынан да сескенбеді. Өз денесін өзі тауға да, тасқа да ұрып тулап жатқан жылан әрі-беріден кейін әлсіреуге айналды. Қыран әлі қозғалған жоқ. Жылан өрім-өрім болған денесін, ақырғы рет бір мәрте жиырды да кенет жазыла бастады. Тас басында тапжылмай отырған қыран осы сәтте қуана шаңқ етті. Кереге қанаттарын жайып жіберіп көкке қарай талпынды, бірақ түбінен опырылған бір қанаты екінші рет қағуына жарамай ол төмен қарай жантая құлап, жаңа ғана өзі көтерілген жартастың сүйір ұшына кеп кеудесімен ұрды да, шалқасынан түсті. Екінші рет көтерілуге жарамады. Ақырғы рет қанталаған көздерімен көк аспанға қарады да, бір-екі рет сау қанатымен дірілдей жерді соғып, тына қалды. Шыңғыс тобы шың етегіне таяды. Қыран бір аяғының тырнағымен жыланның қос көзін ойып түсіріп, екінші аяғының тырнақтарымен кеңсірігін ет-метімен жұлып алыпты. Жылан әлсіреп барып жан тапсырыпты. Бірақ бұ да өз есесін жібермепті, алып денесімен орап қыранның бір қанатын топшысынан сындырыпты...
Жыланның өлгенін көргенде шаңқ етіп қуана шыққан қыран даусы әлі құлағында тұрған Шыңғысхан:
— Мына қыранның арманы жоқ, — деді. — Ол алғашқы жолы өзінің қайратты кезінде тайталасқан жауын алысып жеңді. Бұ жолы өзі өлсе де балапандарын ажалдан құтқарып өлді. Мына аждаһаның балалары өсіп, өшін алғанша, анау шың басындағы ұядағы балапандар да қыран болады. Олардың оз тартыстары басталады. Ал қарт қыран өз борышын атқарып ажал тапты. Өзі барда ұрпағына қауіп тудырар жауын құртып кетті. Осылай ажал тапқан ақиық ақырғы рет көк аспанға қанат жайып, өлер алдында қуана шаңқ етті. Сендер де осы қырандай болыңдар. Ажал сағаты келгенше монғолдың ұлы тағына қауіп-қатер туғызатын жауларыңды құрта беріңдер. Сөйтсеңдер бұл жалғаннан әлгі қырандай армансыз өтесіңдер, — деп сөзін бітірген.
Осы аңыз қазір Әбілқайырдың құлағында шыңылдап тұр. Оның ойынша дүние-жалған маңызы арғы бабасы Шыңғысхан өсиетіндей ұрпақтарының мәңгі құлпыра беруінде. «Ерте ме, кеш пе, бәрібір ажалдан құтыла алмайсың, ал сенің атыңның ұзақ не қысқа тұруы тек ұрпақтарыңның өмірімен байланысты. Сол ұрпақтарыңның өмірін ұзартуға сен өз борышыңды, әлгі қырандай, өтеп кетуге міндеттісің. Аурусың ба, ауру емессің бе, егер сенің алтын тағыңа ие болар немере-шөберелеріңе Моғолстан, Самарқанттардан қауіп туар болса сол қауіпті сен көзіңнің тірісінде құртып кет! Иә, солай»...
Хан сарайына кірісімен-ақ, Әбілқайырдың қалай ойға шомып кеткенін Қобыланды айтпай-ақ білді. Амал жоқ, үн-түнсіз ұзақ күтуге тура келді. Жасы егде тарта бастағанмен де ол өлі қызба, шыдамсыз мінезінен айырыла қоймаған-ды.
— Хан ием, — деді ызбарлы жуан даусын шамасынша ақырын шығарып. Терезеге қарап тұрған Әбілқайыр селк етіп жалт бұрылды. Дағдыланған оң қолы болат қанжарының алтын сабына барып та қалды.
— Мен сіздің қасыңыз емеспін...
«Иә, иә, бұл менің қасым емес. Ақжолдың қасы...» Әбілқайыр лып етпе сезімін батырына оңай аңғартып алғанына жаман өкінді... «Осыншама жұртты әзіме қаратсам да, осылай болмашы бірдемелерден елегізіп қаламын. Шіркін жаны құрғыр неткен тәтті едің...»
— Жай ма, батырым?
— Жай емес, хан ием, баяғы бір Ақжол би жайы да... Қобыланды мен Ақжол жанжалы ең алдыменен Әбілқайыр ханға қайсымыз ықпалымызды көбірек жүргіземіз деген бақталастықтан басталған. Иә, әрқайсысы өзін Яссауи мешітінің күмбезіндей зор санайтын екі рудың екі батыры жанжалдасса, оның артында тұрған екі ру ел де қырғи-қабақ болады. Араларына қылау түседі. Мұндай жанжалдар тек хандардың мүдделерінен шығуы керек-ті...
Әбілқайыр Ақжол мен Қобыланды арасын астыртын шоқ тастап шиеленістіре түскен. Бірақ бұдан екі батырдың өшпенділігі екі рудың өшпенділігіне айнала қоймады. Демек, Қобыланды мен Ақжол өшпенділігі күннен күнге өрши бергенмен де, жеке бастың өшпенділігінен аса алмады. Бұрын мұндай батырлар таласы бірден ойран-асыр рулар таласына айналып кететін-ді, бұ жолы ондай өрт шықпады. Тіпті айтыс, бәйге таластары да екі топтың уақытша қызбаланғаны болмаса, кектесіп, қан төгісер күйге жетпей қойды. Бұның себебі Арғын. Қыпшақтың басын қосып, өзіме қарсы салғылары келіп жүрген Жәнібек пен Керей сұлтандарда-ау деп жорамалдады хан. Ал шын себебі басқа еді. Кең байтақ далада бар күн көрісі мал бағу ғана болған қазақ рулары бірігіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың өте қажет екенін ұға бастаған. Жерінің шалғайлығы да, сол жердің шалғай болуын тілеп отырған мал шаруашылығы да, бірлесіп бір жерде отыруға мүмкіндік бермейтіні рас. Бірақ казак, руларының түсіне бастаған тағы бір жағдайы бар. Ол жағдай бастары қосылмағандықтан көрінгеннің жеңіл олжасына айналып кете беруі еді. Осыдан барып бытыраған қазақ Жошы ұлдарынан да, Ақсақ Темір қосындарынан да жеңілген Шапқыншылық заманда тағы бөтен жақтан келген бір басқыншының жеміне айналып кетпес үшін, бүкіл қазақ рулары бір жерде бас қоспағанмен де, әдет-ғұрпы, жайлау-қыстауына қарай одақтас жұрт болу керек екенін ұққан. Олар - да енді Үш жүзге бөлініп қауымдассақ қайтер еді деген үміт туған. Үш жүз деп атқа бөлінбегенмен де үш сапқа ыңғайланып бастарын біріктіруге кіріскен. Дәл осы кезде Арқада көшіп жүрген Арғын мен Қыпшақ а расында да осындай одақтың лебі сезіліп қалған. Бұны жон көрген осы екі рудың атақты биі, ақылгөй ақсақалдары Қобыланды мен Ақжол арасындағы кикілжіңді рулар жанжалын өршітпеуге тырысқан. Халық тұрғысынан дәстүрге айналған, әркім өз байлығын, ерлігін, шешендігін дәріптейтін айтыстарға қатынасқанмен де, бұл бірігудің абзал екенін Асан Қайғы, Қазтуған, Қотан секілді бүкіл қазақ қауымы ардақтаған жыршылар да қолдаған. Сол себептен екі батырдың дауы өз араларының дауынан аспай қала берген.
Ал осы дауды түбі Жәнібек пен Керейдің дауына аударсам деген Әбілқайыр әлі де болса Қобыланды мен Ақжолдың арасын оқта-текте бүлдіріп отыратын.
— Ақжол жайында дейсің бе? Оның жайын маған несіне айтасың, — деді хан баяу сөйлеп.
Қобыланды мен Ақжолдың арасындағы өшпенділіктің өзі білетін жайдан бөтен, біріне-бірі кешпес жау боларлықтай тағы да бір сырдың барын Әбілқайыр білмейтін. Сондықтан екі батырдың арасын тек өз тұрғысынан өршіте түскен. Түбін күтіп, өз басына тиер өсек-аяң сөздерге де шыдаған.
- Былтыр Саянды Ақжол қашырып отыр ғой.
- Білемін...
- Білсеңіз... Кінәсі қолыңызда тұрғанда...
Әбілқайыр ақырын күлімсірегендей болды.
- Өйтуге болмайды. Ақжол жақтағылардың күші мол...
Қобыланды кенет ашулана қалды.
- Қандай күш?! Ән мен сөз баққан Арғынның көп жігітін айтасыз ба? Рұқсат етіңіз, он сойылмен Ақжол бидің аулын тал түсте шауып берейін.
Ақжол бидің аулы Жәнібек пен Керей сұлтанның ордаларымен қотандас отырған жоқ па? Ақжолды шауып жатқанда олар үндемей қалар ма?
Қобыланды бұрынғысынан бетер күреңденіп:
— Үндемей қалмаса тағы мейлі! Онда мен оларды Ақжолмен бірге шабамын.
Хан тұнжырап кетті. «Жоқ, жоқ, өйткізуге болмайды. Бүгін қара халық сұлтандардың ауылын шауып дағдыланса, ертең ханның Ордасына да лап беруден тайынбайды. Қардың басын қар алар, ханның басын хан алар. Қара халықты басқарудан туған таласымызды Шыңғыс ұрпағы өзіміз шешуіміз керек. Мейлі бірімізді біріміз қан жоса етсек, о да біздің ғана шаруамыз. Ал сұлтандар тағдырын бүгін қара халыққа шешкізсек, дағды алған бассыз кеткен ноқай тобыр ертең ереуілдеп Орда тағдырын өзі сойылымен шешеді. Иә, сонда Қобыландыға қандай жауап беру керек? Әйтсе де, оның елу батпан30 шоқпарын сілтетіп қалған жөн-ақ».
— Ақжол батырдың көзі жойылса, Жәнібек пен Керей ең жанашыр адамынан айрылады.
— Олай болса, тек Ақжол бидің жалғыз өзін жоюға рұқсат етіңіз, хан ием!
— Бір адамды өлтіру үшін, он адам боп ауылды шабудың қажеті бар ма? Әлде жекпе-жекке күшің жетпей ме?
Бұл сөз Қобыланды батырдың намысына тиді, бірақ ол хан алдында тұрғанын ұмытпай, қинала жауап қайырды.
— Жекпе-жекке Ақжол би шықпаса қайтемін, хан ием?..
— Онда... Жекпе-жек жүз кездесер жолын торлау керек.
Қобыландының онсыз да күрең беті енді тіпті күреңденіп кетті. Хан сөзін ол дұрыс түсінді. «Ақжолды қарақшыдай аңдып жүріп жалғыз жүрген кезінде өлтіруі керек. Жоқ, Қобыланды батыр ондай қарақшы емес. Өлсе де, өлтірсе де қан майданда жаумен бетпе-бет келеді».
Қара Қыпшақ жолбарысының намыстанып қалғанын хан да сезді. Енді ол бұйыра сөйледі.
Ашық айқас ел арасын бүлдіреді. Арғын, Қыпшақтың тату болғаны жон. Екі батырдың оңаша айқасында кімнің дауы бар? Жүзбе-жүз айқаста күші жетпей қаза болған ердің құнын ешкім жоқтамайды. Бұл ата-бабамыздың ескі салты.
Хан сөзінің жаны бар екенін Қобыланды батыр енді аңғарды. Әрине, ол Ақжолды оңашада кездессе салған жерден өлтіреді. Жүректі жегідей жеп бара жатқан күйік тек соны ғана арман етеді.
Қобыланды батыр басын төмен иді де:
— Құп, тақсыр, ендігісін ақ білектің күші, ақ найзаның ұшы шешсін! — деп хан сарайынан шығып кетті.
Әбілқайыр тағы да ойға шомды. «Әрине, Жәнібек пен Керей Ақжолдың құнын сұрап хан ордасына төнеді. Міне, сол кезде жекпе-жекте өлген батырдың дауы арқылы елге бүлік салайын деп жүрсіңдер деп, біржолата көздерін құртып жіберу керек. Сөйтсем мен тобыр көзінде Дәшті Қыпшақ бірлігін ойлаған хан боп қалам. Ал тобыр солай түсінсе қос сұлтанның өлімдері де елеусіз өтеді». Сол күні ол өзінің Орда күзет әскерінің баһадуры Найман Қара Оспанды шақырып алды. Оған ертеңнен бастап Орда-Базардағы хан әскерін ұрысқа дайын ұстауын бұйырды. Соңғы кезде Жәнібек пен Керей жағына іш тарта бастаған Найман баһадуры хан бұйрығын Жәнібек сұлтанға жеткізді. Кенет секем алған сұлтан өз жігіттеріне аттарын белдеуде, найзаларын босағада ұстауды ескертті.
Дәл осы кезде Ақжол би жанында үш аңшы серігі бар, қаршыға салмақ боп қазақтың көне мәдениетінің кіндігі болған қарт Арғынаты тауларының бөктеріндегі бір кезде Барақ хан Ордасы тұрған Барақкөл маңына саяхатқа шыққан. Жаз бойы құсбектері той-думанда жүріп, тұғырларында ұзақ отырып қалған қанды балақ, қызыл көз қаршығалар аңшылардың әбден айызын қандырған. Қырдың шоқтай қызыл түлкілері мен қара қылшықты қарсақтарын қиядан іліп, Ақжол би мен серіктерінің көңілін көл-көсір ашқан. Қаршыға салу қызығына мүлдем батқан саятшылардың ауылдан шыққандарына бір аптадан асып кеткен. Осы кезде оларға Жәнібек сұлтаннан «Хан Ордасы қазір ұйқы-тұйқы қобалжуда. Аз адаммен аңда жүріп ұқыпсыз боп бір қырсыққа ұшырап қалмасын, тезірек Ордаға қайтсын» деген шабарман келген. Заты сабырлы Жәнібек сұлтанның босқа мазасызданбағанын Акжол би бірден сезіп, сол сәтте-ақ ауылдарына бет бұрған. Бірақ бұлар ойлаған кездерінде Орда-Базарға жете алмаған. Ұлытаудан бері асын, күнгей беттегі тал түбекті құла су Жанғабыл өзенінің бойындағы «Орда тіккен» деп аталатын, бір кезде Жошы ауылы қонған жерде ат шалдырып жатқандарында, қасында он жасауылы бар, Көксеңгірін ойнақтатып Қобыланды батыр үстеріне сау ете қалған. Түсі суық, кигені кереге көз сауыт. Күн сәулесімен шағылысады. Жуандығы білектей, түбіріне жұмырықтай қорғасын құйған, үлкендігі баланың басындай, зілдей қайың шоқпарын үйіріп, көк орай шалғында бір жамбастап жатқан Ақжол биді көргеннен-ақ ақырған:
— Қатын болмасаң шық қазір, өлер жерің осы! — деген.
— Батыр-ау құба жонда бұныңыз не? Жекпе-жекке шығар болсаңыз қалың ел бар емес пе? — деген Ақжол бидің қара мұртты жас серігіне:
— Әй, мына қара шоқпарым ең алдымен өзіңе тимесін десең, былай тұр! — деп зекіген.
Қобыланды батырдың өшпенділігі тым тереңде екенін білетін Ақжол би онымен сөз таластырып әуре болмаған. «Құдайдың жазғаны осы болса оны да көрейін» деп шідерімен оттап жүрген Ақжанбасын алдырған. Шарт киініп, бөтен қарулары болмағандықтан түлкі, қасқыр соғуға деген қайың сойылын ұстап атына мінген. Сол-ақ екен долы мінезді Қобыланды Көксеңгірге қамшыны ба¬сып жіберіп қарсы шапқан. Ақжол атын тебініп үлгіргенше сала құлаш кеуделі Көңсеңгір арқырап жетіп келген. Ақжол сойылын да жөндеп сілтей алмай қалды. Нардай биік тұлпардың үстіне қарай соққан сойылы сауыт киген Қобыландының тек бүйір тұсынан барып тиді. Қара Қыпшақ батыры тұлпарының қарқынын тоқтатпастан Ақжанбасты кеудесімен қақтыра ырғытып бұзау бас қара шоқпармен өзінен сол төмендеу Ақжол биді дәл төбесінен қос қолдап ұрды. Ақжол биі түбінен кескен теректей дізерлей қалған Ақжанбасының үстінен күрс етіп құлап түсті. Дулығасыз түлкі тымақ киген, мылжа-мылжа болған төртбақ денесі анандай жерге дейін домалап кетті.
Қобыланды батыр бұрылып артына қараған жоқ, нөкерлерін соңынан ертіп, Көксеңгірді ойнақтатқан бойы, іп-лезде көзден ғайып болды.
Ойламаған оқиғадан шошып кеткен Ақжол серіктері дереу қалың Арғынға ат шаптырды. Бас сүйегі күл-талқан боп, миы әр жерге шашырап жатқан аяулы бидің нардай денесін алдарына өңгеріп Орда-Базарға қарай беттеді.
Әбілқайыр бұл кезде хан сарайында Бақты-Қожа уәзірмен оңаша отырған.
Уәзір хан тапсырмасының орындалып қалғаны жайында әңгіме шертуде.
Сүйіншік сұлтан туған шешесінің қылығын алғашқы естігенде сенбеген-мыс... Сен менің анама қара жауып отырсың, жарып өлтірем деп қанжарын ала ұмтылған-мыс. Бірақ бұл оқиғаны «хан әкең де біледі. Сен айтпаған үкімді әкең айтады» дегеннен кейін барып тоқтаған-мыс.
Шыңғысханның тас жүрек тұқымы емес пе, ақыры күнәлі анасын өлім жазасына кесуге көнген...
Зұлым уәзір бұл жерде, біраз жағдайды жасырып қалған. Ол Сүйіншік сұлтанмен әңгімесін бөтен түрде бастаған. Ханның әзге балаларындай емес, бұл сұлтан Бақты-Қожа уәзірге жақын жүретін. Уәзір оны оңаша шақырып ойындағысын айта алмай ұзақ отырған.
Хан уәзірінің көмейінде бір өте күрделі сөздің тығылып тұрғанын сезген бала жігіт:
— Сөйле, Бақты-Қожа уәзір, — деген. — Байқауымша айта алмай отырған бір құпия сырың бар секілді.
— Оның рас еді.
— Егер құпия сыр маған арналған болса, екі құлағым сенде.
— Тек өзіңе ғана арналған. Тек сенің болашағыңа керекті сыр...
Тумай жатып Хан Ордасының өзара қанды таластарына әбден қанық Сүйіншік: «Менің басыма қауіп туып қалған екен» деп шошып кетті. Сұлтанның бұл жағдайын сезген қу уәзір:
— Бүркіт балапаны жаратылғанда қыран болам деп жаратылады. Хан баласы туғанда хан болу үшін туады. Сенің әкең Әбілқайыр он жетісінде бүкіл Дәшті Қыпшақты биледі. Ал одан туған сен, әлі жорға мініп алтыбақан тебуден аса алмай жүрсің. Дер кезінде қабыршағын жарып жарық дүние көрмеген балапан тұншығып өледі, дер кезінде алтын таққа отыра алмаған хан ұлы, хан тағын арман етер кеселге айналады. О да өлгенмен тең...
«Хан тағы» деген сөзді естігеннен-ақ Сүйіншіктің екі көзі оттай жайнап сала берді. Уәзір бала жігіттің ең осал жерінен ұстағанын сезді, енді ол бір терең ойға шомып кеткендей ұзақ уақыт үндемей қалды. Уәзір сөзі жанына жаға бастаған Сүйіншік шыдай алмай:
— Хан тағынан дәметер менен де бөтен аға-інілерім бар ғой, — деді бірден өзінің қаупін ашып, — олар да хан баласы.
— Қара қазақ баласы — әкесінің баласы. Хан тағының баласы — әкесінің ажалы. Өйткені тақ біреу, отырамын деушілер коп.
— Хан әкеміз әлі елуге жеткен жоқ қой...
— Хан жасы — баласының жасымен байланысты. Баласы өзін нәресте санаса — хан жас болады. Баласы ер жеттім десе — хан қартқа айналады.
Сүйіншік түксие қалған.
— Сонда сен...
Уәзір ақырын жымиып күлген.
Шыдай тұр, ел билегің келсе, алдымен өзіңді өзің билей біл, — деген ол. — Мен сені әкеңе қарсы салғалы отырғам жоқ. Қылшылдаған жас айғыр кезі келгенде кәрі-құртаңды үйірінен өзі қуады. Хан иемізге қаншалық жаның ашитынын кезімде көрсетерсің. Ал қазір айтарым: мүбаракті Әбілқайыр хан ауру жан. Бүгін болмаса ертең, ертең болмаса бүрсігүні, оның төсек тартып жатып қалуы ғажап емес. Құдай өзі бергенін өзі алады. Бұған тірі пенде араша түсе алмайды. Әбілқайыр ханның тек сырты ғана cay, іші күйе түскен кигіздей шұрық-шұрық. Құдай тағала қымбатты хан иеме мың жыл тіршілік берсін. Ал алда-жалда... — уәзір қиналғандай төмен қарады, — жаман айтпай жақсы жоқ, егер хан ием олай-былай бола қалса, бір таққа он ие бар, қайсың отырасың мен соны айтайын деп едім.
Сүйіншік адуынды хан әкесінің көзі тірі екенін тіпті ұмытып кетті. Әлі өзі отырып көрмеген алтын тақтың буы күні бұрын жүрегін тулата бастады. Ол енді қобалжи, толқи сөйледі.
— Сонда өзіңіз қайсымызды лайық дейсіз?
Уәзірдің де күткені осы сұрақ еді. Енді ол асықпай, әңгімені тереңнен қозғады.
— Хан иемнің өзге балалары бір төбе, сен де бір төбесің. Топ қарғаның ішінде қоңыр қазымсың. Бірақ ханның ақылды баласының бас жауы өзінің әкесі деген. Ал сенің әкең емес, анаң бас жауың...
Сүйіншік шошып кетті.
— Ол мүмкін емес, — деді даусы дірілдей, — бір ана баласын жақсы көрсе, ол менің анам!
— Болар жігітке дүниеде анасының жақсы көруінен қиын бөгет жоқ, Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым сенен аналық махаббатын аямайды, сені көзінің қарашығындай сақтағысы келеді. Сол үшін алтын таққа Күшкінші сұлтанды отырғызуға бар.
Сүйіншік сұлтанның екі көзі шатынап, ерні кезеріп кетті.
— Алтын тақты қимаған ананың махаббаты маған неге керек? Жақсы көремін дегені бос сөз екен ғой, түсіндім, шын жақсы көрері Күшкіншік болды!
Осы сәтте Бақты-Қожа уәзір шын сырын ашты.
— Хан тағына жетем деген адамда туыс та, туған да болмайды. Кейде ата-ананың, бір туған бауырларының өлігінің үстінен аттап, хан тағына жетуге тура келеді. Өйтпесең сенің өлігіңнің үстінен көп бауырларыңның біреуі аттап өтеді. Хан тағы тек тастай берік, жан аямас мықтының орны. Қажырсыз адамның ел билегені, өгізге мініп жылқы баққанмен бірдей. Егер осы жолда қажырлы бола аламын десең мен сенімен бірмін, — деп бір тоқтаған уәзір.
«Бола аламын!» деп уәдесін берген Сүйіншік. Осы сөзден кейін жатса-тұрса да хан тағы оның көз алдынан кетпей қойған. Мансапқор, ақылға бай емес бала жігітті зәр ішкендей жағдайға жеткізіп ап, зұлымдығыма найза бойламас уәзір, хан тапсырмасын орындауға кіріскен. «Саған алтын тақты қиғысы келмейтін анаңның мынандай да күнәсі бар, егер хан тағына жеткің келсе осы күнәсін дақ етіп, ең алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен құтыл» деген.
Бақты-Қожа уәзір қателеспеді. Қасқырдың қаншығы тек күшігі қасқыр болғанша ғана ана, ал күшігі қасқыр болғаннан кейін, анасы да оған қасқыр. Ақылды уәзір Сүйіншікке «Ханға әке де, шеше де, аға-іні де — тек алтын тақ» деп бекер айтпаған еді.
Уәзір ханға Сүйіншіктің тілін осылайша тапқанын ашпады. «Ханға бәрі бір емес пе, баласы анасының басын қалай алғаны. Тек бұйрығы орындалса болғаны ғой».
— Жақсы, Бақты-Қожа уәзір, — деді хан, анау басын төмен иді.
Осы сәтте Ақжол бидің өлгенін естіртуге шабарман келді.
Әбілқайыр Тарланкөкке мініп, қалың нөкерлері мен «хан қорғаны» жауынгерлерін ертіп, қазақтың көне дәстүрін сақтап, Ақжол аулына көңіл айтуға аттанды. Орда-Базарды қоршай қонған қазақ ауылдарын аралай, Қаракеңгірдің етек жағына қаза болған Ақжол биге арнап тіккен үйлерге беттеп келе жатты. Хан атының басын тежей тартып, әлсін-әлсін өзен, қол бойларын жағалай жайлаған қалың елге қарап қояды. Қараған сайын сұрлана түседі. Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ ауылдарының маңайында өреде ерттеулі ат, белдікте шошайған найза сойыл. Жайшылықтағы тыныш жататын бейбіт елде жауға шығар, не жау күтер алдында осындай бір сұсты түр пайда болатын. Мынау жорыққа дайындалған, дүрліккен ауылдар. Тек Маңғыт, Бүркіт, Барлас, Қарашын, Қосшы рулары мен төлеңгіт ауылдары жайбарақат. Әбілқайыр қазақ руларының түрін көріп сескенейін деді. Қобыландыға Ақжолды өлтір деп бекер ақыл бердім бе, қалай деп ойлайды ол бір мезет. Жаздың жарқыраған әдемі күнінде жауар бұлттай қаһарлана қалған, мынау, қалың елдің осыншама көр көрсетуіне себеп болғанына, Әбілқайыр енді өкінді. Ақжолдың құнын жоқтан Жәнібек пен Керей құр қол келе қалады деген жорамалының да бұрысқа шыққанын ұқты. «Ақжол ажалын Жәнібек пен Керей өз мұраттарына пайдалана білген екен. Енді тек айқастың күндерін күтіп отыр-ау деді ол ішінен. Ханның қайсарлылығы ұстап кетті. — Айқасса Әбілқайыр дайын. Қазірдің өзінде биылғы жылдай бейбітшілік жылдың өзінде, тек осы Орда-Базардың төңірегінде жиырма мың салт атты әскері бар. Әбілқайыр тағы да осынау қару-жарағын сайлап, қаптаған Арғын, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты ауылдарына көз тастады. Бірақ сол жиырма шыңның тең жартысы қазақтың осы руларынан емес пе? Әрине солай. Қалғаны ғана Согдиялық — Мауреннахрлықтар, ұйғыр, кірме монғол, шағатай, моғол, қалмақ, қырғыз елдерінен. Егер айқас туа қалса, қазақ рулары әскерінің менің шебімде болмайтыны хақ. Мынау, дайындық соны көрсетеді ғой. Қобыланды батырды қорғап, Қыпшақ жауынгерлерінің де Арғынды шабуы екіталай. Күш тең түсіп қалған екен. Жәнібек пен Керейдің де соңғы кезде тым суырыла шығып жүргені да осыдан... Мауреннахр мен Қорасаннан әскер алдыруға уақыт тығыз... Не істеу керек».
Бұлар Ақжол бидің қазасына арнап тіккен ауылға таяп қалды. Кеңгірдің жазғытұрым тасығанынан пайда болатын қара қамысты Қарасуды жағалай, қарабастырық пен ат құйрығын найзаға байлап босағаға іліп қойған бұл ауылдың қаралы жағдайын көрсеткен жүзге таяу ақбоз үй түр. Сол ақ боз үйлердің төрінде, топ аққудың ортасына ұшып келген қара бүркіттей он алты қанат, шымқай қара қой жүнінен бастырған сұсты қара орда ерекше көзге түседі. Шаңырағына байланған Арғын руының көз таңбасы салынған сала құлаш құйрықты қара жалау... Қара орданың түрі тым сұсты, бүкіл Арғын руының айбары тәрізді. Әрине, Ақжол өліміне бүкіл елдің осыншама көңілін аударған Жәнібек пен Керей сұлтандар. Қолының қанжар сабына қалай барғанын Әбілқайыр білмей қалды. Бірақ сол сәтте-ақ қолын кейін тартып алды. «Менің өзімнен өзім қобалжып келе жатқанымды ешкім байқай қоймады ма екен?» — деп енді ол түріне жайбарақат пішін беріп жан-жағына көз тастады. Жоқ ешкім көрмеген екен, жұрттың бәрінің көзі қаһарлы қаралы үйде... дегенмен, не істеу керек? Бұндай айқаста қандай тәсіл, қандай дұрыс жол бар? Баяғы бір күпті сұрақ оның ойына қайта келді. Хан ойына жауап іздеп тұнжырай берген кезде кенет, «Ой бауырымдап!» ауылға қарай ат қойған топ жігіттің даусы селк еткізіп, ойын бөліп жіберді.
Қазалы ауылға таяғанда «Ой, бауырымдап!» ат қою қазақ руларының сан заманнан келе жатқан көне дәстүрі. Бұл дәстүрді тек Шыңғыс тұқымы ғана қолданбайтын. Сонау Монғол жерінен келген Шыңғыстың бар ұрпағын, нөкер, нояндарын өзі тіліне, өз ғұрпына көшіріп алған қазақ елі сұлтан тұқымының бұл әдеттен бас тартуын дұрыс-бұрыс деп көңіл қоймайтын. Ал, Шыңғыс тұқымы хан басымен, жай қазақтай өлік шыққан үйге «ой, бауырымдап!» далбақтай шаба жөнелуді өздеріне лайық көрмеген. Осы себептен де Әбілқайыр тобы қаралы ауылға үрдіс аяңмен таяп келе жатқан. Кенет «Ой, бауырымдаған!» дауыс мықты, хан соңындағы жауынгерлер мен нөкерлерінің бір қанаты опырыла шапты. Бұлар Арғын, Найман тәрізді қазақ руларының жігіттері еді. Хан оларға «кейіп қайт!» деп ақырмағанмен, тобының рұқсатсыз бұлай бөлінуін жақсы ырымға санаған жоқ. Түйілген қабағы түйіле түсті. «Хан Ордасына бір қауіп жақындап келе жатқан тәрізді. Өзіңді безенген садақтай дайын ұстаған жөн». Әбілқайыр тобы қара орданың сыртына келіп түсті. Сұлтандарға арнап тартылған кермеге аттарын байлады.
Басында қошқар мүйіз етіп ойған алтын тәжі, тор көз жеңіл қорасан сауыт сыртынан киген алтын зерлі, Герат шеберлері тоқыған қызғылт торқа шапаны күн сәулесіне малынып, Әбілқайыр қара орданың есігін ашты. Тор алдында басына қара құндыз бөрік, үстіне жағасын қара құндызбен көмкерген қара мақпал қаралы шапан киген, алтын белбеулі Керей мен Жәнібек сұлтан отыр. Қастарында қазақ руларының он бестей атақты би, батыр, жыраулары. Орданың сол жағында өлік. Өліктің бас жағында баласы қаза болғаннан бері шабылған қурай тәрізді кеуіп, қаусап қалған Қотан жырау, қобызын күңіренте көзінен жасы парлап, даусы шығар-шықпас боп сарнайды. Үйге кірген ханды көріп, қайғылы қабақтарын ашпай, Жәнібек пен Керей баяу жылжып орталарынан орын берді. Хан нөкерлері де үйдегілермен үнсіз амандасты да, дәрежелеріне қарай тиісті орындарына отырды. Хан келді деп жалғызынан айрылып тұл қалған Қотан жырау толғауын тоқтатқан жоқ. Көрші үйлерден әйелдердің зарлы жоқтаулары да адамның жүрегін тырнап естіліп жатты.
Хан жайласып отырғаннан кейін ғана қара орданың ішіне көз сала бастады. Орданың сырты қандай қара болса, іші де сондай қан жылаған қара екен. Алтын, күміспен зерлеген қара сырлы уық, кереге, бақан. Абажадай қара шаңырақтан жерге салбыраған қара шуда жіптен өрген шашақты тұжырма. Үй іші адамның зәресін алып, құтын қашырғандай... Әбілқайыр енді сол жақта, қара мақпалдан оюлап өрнек салынған ақ кигіздің үстінде жатқан өлікке қарады. Ақжолдың денесіне көзі түсер-түспестен селк етіп шошып кетті. Табытта қопарылған түйе тастай боп дөңкиіп Ақжолдың денесі жатыр, басы жоқ. Алып денеден қан ұйып қара күреңденіп кеткен, тек мойын омыртқасы көрінеді. Тас жүрек мызғымас ер болсаң да мына суреттен жан түршігерлік? Мына жырда басы болған, ал мына тұсы тымақ киетін жері еді дегендей, өліктің мойынынан бір жарым қарыстай жоғары Ақжолдың көк тысты құндыз тымағын қойыпты. Бүкіл қара бояулы үй ішінде тек түсі өзгеше осы тымақ қана. Жайшылықта жігіттің көркі болар әдемі қымбат тымақ, мойынмен екеуінің арасында бұрым бас болғанын әдейі көрсетіп, адам құтын бұрынғысынан да ала түскен. Әбілқайырдың бойы дірілдеп кетті. Хан әбігерін Жәнібек пен Керей бірдей сезді, бірақ оны басып тіс жармады. Әбілқайыр көзін өліктен аударып кереге тұсына қарады. Өліктің бас жағында керегеде ілулі, өлер күні кимеген, Ақжолдың болат сауыты мен іші қалың кигізбен әдіптенген кішігірім қара қазандай көк құрыш дулығасы ілінген. Кеуде тұсына бидің той-думанға деген қара кәмшат ішігі мен қайқы бас саптама үргеніш етігі. Аяқ жағында өлер күні тағы үйде қалған батпан қара шоқпары мен бидің өзінен басқа тірі жан алмайтын қайың садағы. «Осы заттары сол күні Ақжол бимен бірге болса, Қобыланды батыр бұны өлтіре алмас еді» деп ескертіп өлік басына әдейі қойғандай.
Жырау сыбырлай зарлайды:
«Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!
Сексен асып таяғанда тоқсанға
Тұра алмастай үзілді ме жұлының!
Адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы ұлының!
Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың,
Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!»
Жалғыз ұлынан айрылған қарт жырау ұзақ сарнады. Біресе өзі тоқтап, кәрі қобызын аңыратты. Әлден уақытта қарт жырау «Аһ» ұрып әзер тоқтады.
Сол уақытта барып сыбызғыдан шыққан, құлаққа жағымды қоңыр күйдей қоңырқай дауыспен Әбдіразақ Нахичевани-дәруіш құран оқи жөнелді. Аятын бұ да ұзақ оқыды.
Құран оқылып біткеннен кейін, Әбілқайыр талғамды сөзбен көңіл айтты.
Хан сөзі бітісімен, Қыпшақтың сүбе биінің бірі, топ жарған шешен Құба би:
- Қара бетпін, ағайын, — деді. — Ат үстінде аяулы ұлыңды өлтіріп, елге қарар емес, жерге қарар жайым бар. Кессең бас, алсаң жан мінекей, құнын беруге дайынмын. Құн алынғанмен Дайырқожа би қайтып келер ме? — деді Керей күрсініп.
Ардақтымызды ақ орап қоялық, сөз сосын болсын! — деді байсалды дауыспен Жәнібек.
Әбілқайыр хан бұлардың үнінен бір ауыр зіл сезді.
Осымен хан тобы қаралы ордадан шықты. Орда-Базарға қайтып келе жатып, Әбілқайыр екі жағдайды есіне алды. Бірі — Қара Қыпшақ Қобыланды Ақжол биді өлтірсе де, оның қадірін құрта алмауы еді. Бұл жазықсыз ажал Акжол бидің атын тірідегісінен де ұлғайта түскендей. Кейде тарих адам атымен осылай ойнайды. Тірісінде жоқ даңқты өлгеннен кейін береді. Ақжол би де осындай даңққа ие бола бастаған-ды. Қара Қыпшақ Қобыланды бидің басын алғанмен, оның ұрпақтарға кететін даңқын жоя алмаған. Әбілқайыр хан бұны анық түсінді. Екіншісі — осы Ақжол бидің өлімі өзі ойлағандай Жәнібек пен Керейді құртатын жол болмай шықты. Хан өз қатесін өзі мойындады, бұл өлімнің аяғы үлкен насырға, ел бүлінер дау-жанжалға шабатынына шек келтірмеді. Хан мұны есіне ұстауға тиісті екенін мықтап түйді.
Ақжол бидің жетісін бергеннен кейін Жәнібек пен Керей қазақ руларының сойыл ұстар жігіттерін, Орда-Базар сыртына сапқа тұрғызып қойып, хан сарайына келді. Қазалы ерінің құнын сұрады. Әбілқайыр: «Қыпшақтың үш жігітінің басын ал, бір бидің жоқтауы осы үш адамның қанымен бітсін» деді.
Жайшылықта ақ жарқын Жәнібек қараңғы түндей түнере:
— Бізге жазықсыз жандардың қаны керек емес. Жазықты Қобыландының басы керек, — деді.
Хан көнбеді. Бұл айқас тек Қобыландының басымен тынбайтынын білетін-ді. Қобыландыдан айрылса бар Қыпшақтан мүлдем қол үзетінін есепке алды. Сондықтан «жоқ, Қобыландыны бермеймін» деді.
Жәнібек пен Керей орындарынан түрегелді.
— Олай болса, біз кеттік, — деді қос сұлтан.
Бұлар келместен бұрын Әбілқайыр хан сарайының мұнарасынан Кеңгірді бойлай, Орда-Базардың күнгей бетінде құмырсқадай қаптаған әскерді көрген Жәнібек пен Керей қоштаспай, өктемдей адымдап есікке таянғанда «ұстаңдар мыналарды!» дей алмады нөкерлеріне. Жер шұқыған қалпымен үн-түнсіз қала берді.
Күн бата Арғын, Тарақты, Керей, Найман, Қоңырат, Уақ руларының біраз ауылы Жәнібек пен Керейге еріп, Моғолстанға қарай көтерілді.
Қалың әскері қорғаған қазақ рулары түні бойы көшті.
Таң атып, күн шыққанда кешегі ақшағала қалың ел сыңсып отырған шалғын шөпті жазық даланың біраз жері құлазып бос қалғанын Орда-Базар халқы тегіс көрді. Осылай боларын білген Әбілқайыр, хан сарайынан шықпай жатып алды.
Қыпшақ батыры Қобыланды да хан ордасының қасында қала алмады. Қыпшақтың қарамағындағы бес мың үйін ертіп, Торғай бойына кетуге бел буды. Қайсар батырдың бұлай көшуіне бір жағдай үлкен себеп болды. Жәнібек пен Керейге ерім қазақ рулары Моғолстан жеріне көтерілуден үш күн бұрын, қазақтың сол кездегі ардақты санайтын бір топ батыры мен билері Қобыланды батырдың аулына келген. Бұлар келсе Қобыланды он екі қанат ақ ордасының ішінде бүк түсіп теріс қарап жатыр екен. Сары қарын болып қалған бәйбішесі: «үйге қадірлі кісілер келді, тұрсайшы, батырым», — десе де Қобыланды тұрмады. «Ах» ұрып, өзге жұрт білмейтін, тек өзіне ғана аян жан азабына өртеніп жата берді.
Сонда батырларды бастап келген Арғын би:
— Уа, жарқыным, Әбілқайырға ердің — жол бермедің, ұлымды өлтірдің — құн бермедің. Бар жынымызды қоссақ біздің де бір Қобыландылық бақсылығымыз бар. Ел қамын ойлап келіп отырмыз. Келін-кепшігіне өкпелеген қариядай, теріс айналып, тоңқайып жатып алғаның не қылғаның? Тұр, сөйлеселік! — деген даусын көтеріп.
Арғын бидің өктем сөйлеуінен, бұл келгендер, ел аузындағы өзімен үзеңгілес батырлар екенін біліп, Қобыланды басын көтеріп, сәлем беріп, түрегеліп отырған.
Сырттағы жалшыларына қонақтарға арнап ту бие сойдырған Торғынай бәйбішесі үйге кіріп, бес тайдың терісінен тіккен сабаны қара піспекпен күрпілдете пісіп, тегенедей-тегенедей ағаш аяқтарға қымыз құя бастаған.
Ұзақ жүріп шөлдеп қалған Арғын сапты аяқты орталай бір сіміріп алған да, сөзіне кіріскен.
— Күнбатысында Еділді, күншығысында Орхон, Ертісті, солтүстігінде Тобыл, Есілді, оңтүстігінде сонау Қытай Шым қабырғасына дейін жалпақ даланы ежелден ен жайлаған ел едік. Көне заманнан тіліміз де, ойымыз да, шаруашылығымыз, салтымыз да бір еді. Қыпшақ, Алшын батысымды, Найман, Керей шығысымды, Үйсін, Дулат, Қоңырат оңтүстігімді қорғап келдің. Атам заманнан орталарыңда мен бар едім. Сендерден күші асып, жер ортама жау жеткенде, аянып қалған кезім жоқ. Қандай өкпең бар, ағайын? Ерлігім кімнен кем еді? Долданған теңізге желкен қайық не істей алады, хұнуға да қарсы шаптым, Қытайға да қарсы шықтым, бірақ күшім жетпеді. Ағайын деп Керей, Найман, Қоңырат жеріне ығыстым. Қоныс берді бұл ағайын. Арғын деп өзеніне ат қойдым. Соққан құйындай боп жерімді, елімді талап хұну өтті батысқа. Ата қонысыма қайта келдім. Қайтадан Арғынаты тауына қазық қақтым. Жауласар еліммен шекаралас Қыпшақ, Керей, Найман, Алшын, Үйсін, Дулат, Жалайыр, сендер болдыңдар. Ортаңда көз оймақтай мен қалдым. Сонау бір арғы заманда хан көтеріп ел болмасақ та, көшкен жерімізді жаудан сақтадыңдар, құрымадық. Ал бүгін не болғалы тұрмыз? Ойладың ба осыны, ағайын, өзара? Ойламасаң ойлайық, — Қобыланды сөйлемек боп тамағын қырынып ыңғайлана беріп еді, Арғын би оны тоқтатып тастады. — Шаңырақ өзіңдікі, кезегің келер, айтарсың. Алдыменен ағайынның сөзін ұғып ал. Сөйле Қарақожа батыр! — деді жолы үлкен болмағанмен осы отырғандардың жасы үлкені Керей Қарақожа батырға сөз тастап.
— Дұрыс айтты Арғын би, — деді, ел арасында «бес құлаш» деп аталатын еңгезердей, қошқыл өңді Қарақожа батыр, — анадан ер болып жалғыз Қыпшақ туған жоқ, батырлыққа, ерлікке бәріміз де ортақпыз. Ежелден біздің қонысымыз Орхон, Онон өзендерінің бойы мен қарт Алтай, Тарбағатай таулары екені бәріңе аян. Арғы аталарымыз кәпір дінінде болыпты деседі. О заманда қазақ қандай дін ұстағанын кім білген. Мүмкін кәпір де болған шығар. Бірақ Керей Керей болғалы, Ертіске көшіп қонғалы Үйсін, Дулат, Арғын, Қыпшақ, Найман, Уақ сендермен бір шығысып келеді бұл Керей. Рас, ерте кезде монғол елімен де біз дос болғанбыз. Қыз алысып, қыз беріскенбіз. Бірақ Темучин Шыңғысхан аталысымен-ақ, өзімен көршілес Керейдің ел болып отырғанын көргісі келмеді. Татар қауымынан кейін, ауызды бізге салды. Қылышынан қан тамған Шыңғысханмен он жыл айқастық. Керейдің ардагерлері Марғыз Бұйрық хан, Қожатұр хан, Уан хан — бәрі Шыңғыс қолынан қаза тапты. Осыншама біз не үшін алыстық, неге ардақты ұлдарымызды құрбан етіп қан-жоса болдық? Көк Орданың ханы Әбілқайырдың құлы болуға ма?
— Сөйле, Қаптағай батыр, — деді Қарақожадан жасы сәл кіші, Найманның ақ иығы Қаптағайға сөз беріп, Арғын би.
— Мен сөзімді мына Қарақожа батыр тоқтаған жерден бастайын, — деді Қаптағай батыр Қобыландыға бір қарап қойып. — Керейді жеңген Шыңғыс, әбден тояттанып алған соң, бар әскерін бізге жапты емес пе? Ежелден дініміз де бір, тіліміз де бір, қатар көшіп жүрген Керейді енді бізге айдап салды. Найман оңай көнді ме? Әттең одақтас Хорезм шах Мұхамед, Жажират тайпасының ханы Жамуха шешеннің опасыздығының салдарынан Даян хан бастаған Найман жеңілді. Ханның өзі қан майданда қаза тапты. Бірақ Найман бұдан кейін де мойын ұсынбаған. Даян ханның баласын атақты Құшлық батыр Шыңғысханға қарсы жиырма жыл алысты. Шыңғысханның әйгілі баһадурлары Жебе ноян мен Құбылайдың бізге істемегені бар ма? Тек көршілес қарлұқтардың әлсіздігімен ғана олардың бізге қуаты жетті. Шыңғыс нояндары Найманның бас көгерер бір адамын қалдырмай қырды. Ұлын құл етті, әйелін күң етті. Бірақ бостандықты көксеген Найман қандай ауыртпалық болса да жеңгізбеді, тасқын суда сең үстінде қалған адамдай қайтадан қарманып жағаға шықты. Қазақтың өзге руларымен қосылып ел болуды ойлады. Сонау біз үшін қанын төккен, қырылған ата-бабаның аруағын сыйлап, өз жерін, өз елін өле-өлгенше қорғады. Шыңғысхан ұрпағы қанша қанқұйлы болғанымен, олар бізді емес, біз оларды жемдік. Монғол тілі емес, монғол дәстүрі емес, қазақ тілі, қазақ дәстүрі қалды. Осының бәрі неліктен болды? Қазақ атын Еділ, Жайықта, Қыпшақ, Алшын, сендер қорғасаңдар, Тарбағатай, Алтайда Керей, Найман біз қорғадық. Бас қоссаң тірі пенде жеңе алмайтын ел болдық. Бірақ басымыз қосылмады. Тағы бізді Барлас Ақсақ Темір жеңді. Бұл да бірімізді бірімізге айдап салып, бірімізден соң бірімізді бағындырып қойдай қырды. Тарамыстай жаны сірі халық бұдан да аман қалдық. Аман қалдық, бірақ одан не пайда? Быт-шыт болып әр ханның қолында жүрміз. Бізге Көк Орда қожа, Астрахань сұлтандары да қожа, Қырым мен Ногайлы хандарының қарамағында жүрген ел де аз емес. Бүгін біз бірігіп ел болмасақ, ертең жерімізге күші басым жау келсе, не өзара бүліншілік күн туса, көрінгеннің тепкісінде кетеміз. Бүгін бірігіп өз хандығымызды, өз Ордамызды тұрғызуға әл-қуатымыз бар. Ал осы мүмкіншілікті пайдаланбасақ, қазақ деген ел болудан қаламыз. Осыны неге ойламайсың, уа, Қыпшақ Қобыланды?
— Сөйле, Жалайыр Бөрібай, — деді Арғын би Жалайыр батыры атан жілік, жалаң төс, орта жастан асып бара жатқан Бөрібайға жол беріп:
— Осы отырған рулардың Үйсіннен кейін жасы үлкені Жалайыр болар. Біз көргенді сендердің көбің көрген жоқсыңдар. Қытаймен де, қалмақпен де, грекпен де бетпе-бет алысқанбыз. Сол айқастың бәрінен де аман қалып, бауырым қазақ деп құшағымды жайып келгенімде, Қыпшақ, сен бүйректен сирақ шығарып отырсың. Бізді тастап Әбілқайырға қосылып, қандай ел болмақсың? Одан да есім барда жөніңді тап!
Енді сөзді осы келген батырлардың ең кішісі, Тамадан шыққан Қарабура батыр алған.
Қырық бір жақ, қыңыр бір жақ, Қобыланды батыр. Сен қазір қыңырсың. Бірақ қырықтың аты қырық. Қандай қыңыр болса да түзетеді. Бұны ұмытпа, басымыз бірігуге айналғанда іріткі салма! Бұл саған ағайындық сөзіміз.
Қобыланды батыр шарт жүгініп алды.
Бұларың ме қорқыту ма? Қыпшақтың арысы Қобыланды батыр талай қоқан-лоқыны көрген, бірақ тірі жаннан қорқып көрмеген.
— Көрмесем көресің! — деді Арғын би даусын көтермей, — байқа, батыр, сен Арғын ұлы Ақжолды өлтірдім деп тым саңғи берме. Ат қазығынан кетпейді, саған да өз үйіріңмен кетпе дейміз. Кетеді екенсің, өз обалың өзіңе! Біз көппіз, бүкіл қазақ жиналып, Көк Ордаға әлі жетпесе де, Қобыландыға әлі жетеді. Мұны да жадыңда ұста. Бұларың не, қорқытпақсыңдар ма дейсің. Қорқыту жалғыз сенім, ғана қолыңнан келеді деп ойлайсың ба? Жоқ, батырым, сен туған анадан біз де туғанбыз. Сен басып жүрген жерді, біз де басып жүрміз.
Ақжолға сен сілтеген шоқпарды, Қыпшақтан шыққан Қобыланды, саған да біз де сілтей аламыз. Бұны да жадыңа тұт. Бұрын Жәнібек пен Керей ғана Ақжолдың құнын жоқтаса, енді бүкіл қазақ жоқтап жүрмесін. Егер бар қазақ Ақжолдың құнын сенен сұрар болса, өзің түгіл бүкіл Көк Орданың мал-мүлкі жетпес. Бұны да ұмытпа. Қорытып айтарымыз, — Арғын би сәл саябырлады, — айыптысың, бізге ер демейміз. Ал ел бірлігін ойласаң ертең біз көшкен күні, сонау Торғайдағы ата мекен қонысыңа сен де көшесің. Басымыз жаңа бірігіп келе жатқанда, сөкет үлгі көрсетпе өзге елге. Алда-жалда осы айтқанымызды орындамасаң, кінә тақпа. Бар қазақтан бес мың сойыл табылар. Онда жауымыз Әбілқайыр емес, өзің боласың.
— Дұрыс айтасың, Арғын би, — деді отырғандар.
— Айтарымызды айттық, ендігісін қабырғаңа кеңесіп өзің шеш! — деп Арғын би мен топ батыр дәмге қарамай үйден шығып кеткен.
Ызадан жанып-күйген Қобыланды бір мезет әлгілердің соңынан қуып жетіп, жалғыз өзі айқаспақ болған. Бірақ бірте-бірте сабасына түскен. Бүкіл қазақ біріккелі жатқанда, үйірден бөлінген саяқ секілді, Қыпшақ руын, Әбілқайырдың қасында алып қалуды өзі де жөн көрмеген.
Халқы ардақтаған аңғал батыр, Әбілқайырдың сөзіне еріп, ашу сезімін билей алмай, жұртына қара бет бола бастағанын кеш аңғарған. Өткен ісіне күңірене өкініп, енді ел-жұртынан алыс кетпеске бел буған. Бірақ бірден бұл арманын орындауға көңілі дауаламаған. Қазақ рулары Моғолстанға бет алғанда, бұның Торғай өзенінің бойына қарай көшу себебі осыдан еді.
Ал, көшкен елдің ең ақырғы қарасы үзілген кезде, Орда-Базардың күнгей жағындағы ойпаттан Көксеңгірін сабылтып терлеткен Қобыланды батыр көрінді. Хан ақылын алып, өзі жасаған дүрбелеңінің аяғына дейін шыдай алмай, біраз ел Әбілқайырдан бөлініп кетіпті дегенді естіп, кеше кешке хан Ордасына қарай шапқан. Сол шапқан күйі жеткен беті. Өзен бойында бұрын сыңсып отыратын ауылдардың сиреп қалғанынан бұл маңдағы рулардың көшіп кеткенін түсінген. Күйік үстінде өзінің не істегенін енді ғана ұққан. Бірақ өкінішін сыртқа шығармады. Бір мінезді, қайсар батыр әлденеге үміттене жан-жағына қарады. Төбе басында тұрған жалғыз салт аттыны көрді. Түйілген қабағы ашылып, талмаусыраған көзінде бір ұшқын пайда болды. Енді ол Көксеңгірін тебініп қап, төбе басында тұрған салт аттыға беттеді. Таяу келіп аттан түсті. Одан артық жақындауға батылы бармады. Төбе басында тұрған салт атты арт жағында таяп қалған ат дүбірін естіп, бетін сол бұрды. Бұл он бес-он алты жасар қыз еді. Аққұба бетін күн сәулесіне шомылдырған, үлкен жаудыраған бота көздері қарақаттай қап-қара, оймақ ауыз, бүлдіршін еріндері тек ләззатқа ғана жаралғандай сүйкімді, қор қызынан кем емес бір сұлу...
Қыз жүзінде кенет бір қайғылы саз пайда болды.
— Не айтасыз, батыр? — деді ол қайтадан теріс бұрылып кетіп.
— Мен айтарымды айтып болдым ғой, бикеш, — деді Қобыланды! — Ақжол биді де сен үшін өлтірдім, батыр Саянды да сен үшін өлтіртпек болдым. Бір сен үшін жолымда жалғыз көз дәу кездессе де күресуге бар едім. Ал қазір... Арыстанның жүрегіндей жүрегім қоянның жүрегіндей болғанда, алпауыттай көңілім алақандай болғанда, қорлама енді сен мені, тағдырымды өзің шеш.
Қыз бетін қайта бұрды.
— Ақжол биге тоқалдыққа анамның бермек ойы болғаны рас. Бірақ Ақжол бидің қандай жазығы бар еді? Батыр Саянды менің сүйгенім рас. Бірақ батыр Саянның қандай жазығы бар еді? Жоқ, Қыпшақ жолбарысы Қобыланды, қара жерге кірмей мен саған қатын болмаймын.
Намысқой батыр ызалана қалды.
— Әкең берсе қайтесің?
- Онда менің қызығымды сен емес, мына алмас кездік көреді, — деді алтын белбеуінің қынынан кішкентай қылшылдаған кездікті суырып.
Сөйтті де жас сұлу «Осы ақырғы кездесуіміз болсын!» деп, атын бұрып алып, Орда-Базарға қарай шаба жөнелді.
Қыз қалаға кіріп жоқ болғанша, Қобыланды батыр соңынан көз алмай қарап тұрды. Оның сонау шүңірейген отты көзінде кенет бір қасірет тұманы пайда болды.
- Иә, жанымды жалынға салған бар арманым күйреді, — деді Қобыланды жанының қатты ауырып тұрғанын жасыра алмай. Айдалада жараланып жалғыз қалған жолбарыстай ыңырана күрсінді.
Қобыланды батыр бұл қызды күшпен көндіріп, не ата-анасын батырлығымен қызықтырып сатып ала алмайтынын бұрын да білетін. Қыздың бұған жоқ екенін естуімен, енді бар арманының күйрегеніне көзі жетті. Өйткені бұл қыз Гүлбаһрам-Патшайым атты, Әбілқайыр ханның Маңғыт әйелінен туған кіші қызы еді.
IV
Жасы ұлғайған сайын бұл дүниенің қызығы түспен тең екеніне Әбілқайыр ханның көзі жетуге айналған. Тағы бір он жыл өмір сүрсе оның ар жағында бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасан бас иген мынау алтын тақ, бір күнгідей болмай, адыра қалатынына шек келтірмеген. Қызық дәурен, сән-салтанат бәрі де өткіншек жалған емес. Өткіншек емес, тек ажал. Бір күні бұ да сол опасыз дүниемен қоштасып, мәңгі мекені қара жердің құшағына кіреді... Әйтсе де, тірінің тіршілігі бар, бұл жалғанда орындай алсам деген тілегі, арманы болады. Армансыз адам ескексіз қайықпен тең, тағдыр — толқын, қалай қарай ұрса, солай қарай ағады. Ал Әбілқайыр сол толқынды өз ықпалымен ағызам деген адам.
Әйтседе Әбілқайыр күні өтіп өлімге таяған сайын, өзінің әлі көп арманының аяқсыз қалып бара жатқанына көзі жетті. Сол армандарының бірі: көзінің тірісінде он баласын, ер жете бастаған немерелерін, хандығының жер-жерлеріне, шаһарларына әмір, сұлтан, даруға етіп таратып, бүкіл өз хандығын сенімді қолдарға тапсырып кету еді. Ал бұл тілегі әлі бәлендей түлектеніп жатқан жоқ балаларының алды отызға келіп қалса да, көбі жорықтарға қатынасып, ерлік көрсетіп жүрсе де, әлі жеке ел билеп, не ел жаулап алып әкесінің атағын ұлғайта түскен бірде-бірі жоқ.
Әке балаға сыншы, бұ жағынан Әбілқайыр Маңғыт руынан алған бәйбішесінен туған Шах-Будақтың балалары Мұхамед-Шайбани, Махмұд Сұлтан мен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен туған Сүйіншік оғыланнан зор үмітті. Түбі Көк Ордаға осылар ие болар деп қатты сенеді. Үшеуі де болайын деп тұр, құр қол ұстай алмайсың, жыланның баласы тәрізді әлден-ақ ысқырына қалған. Үшеуінің жастары шамалас, тек Сүйіншік қана ана екеуінен төрт жас үлкен. Әттең жастықтары ғана ханға бөгет, әйтпесе ауыр да, қызғылықты да хан істеріне қатынастыра бастар еді, амал жоқ, тағы бір жеті-сегіз жыл күтуге тура келеді.
Асылдан асыл туады. Әсіресе нағашысы Ақсақ Темір тұқымы Сүйіншіктен көп жақсылық күткен. Бақты-Қожа уәзірі келіп, «Сүйіншік сұлтанда жастығына қарамай хан ұлына керек қасиет бар екен, айтқан сөзді ұға қойды. Рабиу-Сұлтан-Бегім анасы болса да, істеген күнәсі үшін өлім жазасына қиятыны даусыз» дегеннен бері бұл баласына мерейін көбірек аудара түсті. «Тамырында Шыңғысхан мен нағашысы Ақсақ Темірдің қаны бар екен, Көк Ордаға осы ие болуы мүмкін» деп ойлады.
Бірақ кеше Әбдіразақ дәруіш келіп:
— Тақсыр хан, Сүйіншік оғылан кеселге шалдыққан, тезірек емдету керек, — деген.
— Қандай кеселге ұшырапты? — деп Әбілқайыр дәруішке сезіктене қараған.
— Бұл ауруды өзі таппаған, біреу жұқтырған. Он үш жасар баланың мұндай кеселге шалдығуы қауіпті іс. Кеше сөйлесіп көріп едім, есі-дерті Сайын тағы... «Шешем менің күнәкар, оны таспен шөкелетіп өлтіртем, мені құр жақсы көрген болады, ал бар ойы әкем тағын Күшкінші ағама алып беру» дейді.
Хан Сүйіншіктің шешесін неге таспен шөкелетіп өлтіртем деуінің себебінің қайда жатқанын біле тұрса да, кенет арманы әке тағы бола қалғанына таң қалды...
Дәруіш: «Алтын тақты үлкен баласына алып бермек болғаны үшін, бүгін шешесін өлтіртем десе, ертең он үш жасар Сүйіншік, ер жеткен күні «тағыңды маған бер» деп өзіңе бас салудан тайынбайды. Жоқ, Сүйіншік науқас, әлі ақыл кірмеген жасты мұндай ауруға біреу шалдықтырып жүр, тезірек емдету керек», деген.
Бұл сөзден кейін хан ойланып қалған. Бақты-Қожа уәзірдің айтуынша екі-үш күннің ішінде Рабиу-Сұлтан-Бегімге хан соты болуға тиісті. Сол сотта Бақты-Қожа уәзір ханымның қылмысын ашып, халық атынан үкім шығартпақ. Сол үкім бойынша Рабиу-Сұлтан-Бегім жұрт көзінше таспен шөкеленіп өлтірілу керек. Бұл үкімді іске асыруға туған баласы Сүйіншіктің тек «дұрыс» деп басын изеуі ғана қажет. Бақты-Қожа уәзір айтуынша Сүйіншіктің бұны істейтініне күмән келтіруге болмайды. Бұндай қанды оқиға хан Ордасына таңсық емес. Оған хан қинала қоймаған-ды. Ал Әбдіразақ дәруіштің мына айтып тұрғандары басқа бір қауіпті аңғартады. «Иә, солай. Демек, ең алдымен Сүйіншік қолымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен өш алу жөн. Ал содан кейін барып, егер менің көзім тірі тұрғанда әке тағынан үміткер ойы болса онда...».
Хан ойын Әбдіразақ бөліп жіберген:
— Егер Сүйіншік сұлтан өз анасына күнәкар деп пәле тағатын жағдайға жетсе, мен араша түсем. Ауру баланың сөзіне сенуге болмайды. Ал оның науқас екені даусыз.
Ақылды дәруіш бұрын анасын жанындай жақсы көретін сұлтанның кенет «менің анам күнәкар, ол алтын таққа Күшкінші отырсын дейді» дегенінен хан Ордасына бір суық жылан — бүліншіліктің бас сұққанын аңғарған. Шығыс тарихында мұндай жағдай бәлендей таң қаларлық оқиға емес. Әбдіразақ осыны ойлап, «қылмысқа жол берме» деп ханға әдейі ашық айтқан. Хан дәруіш ойын ұққан. Ал «сен менің шешкен ісімді бұзғалы тұрсың, Рабиу-Сұлтан-Бегімді өлтірту менің бұйрығым, жайыңа жүр» дей алмаған. Деуге осы бір әділетті сүйгіш, бір беткей адал дәрігер ханға өте керекті адам еді. Онсыз Әбілқайыр бір күн өмір сүре алмасы даусыз.
Әбілқайыр хан көптен тұншықпа31 ауру болатын. Осы аурудан құтылам деп қарамағындағы талай білгіш емшілерге қаралған. Тіпті Тибеттен, Қытайдан, Қорасаннан, Мысырдан да бақсы-балгер алдырып көрінген. Бірақ бұлардың бірінің қолынан ханды жазу келмеген. Дерт ұлғаю үстіне ұлғая түскен. Ақырында отыздан асар-аспасында әлсін-әлсін төсек тартып жатып қалатынды шығарды. Өзгенің өмірі өзіне шыбын құрлы көрінбейтін қатігез хан, енді ұзақ ұстайтын осынау көкжөтелдің бірінде тұншығып өліп кетеді екем деп зәресі қалмаған. Адам неғұрлым дәрежесі жоғарылаған сайын, соғұрлым жаны тәтті бола түседі. Бір шеті Қорасан, екінші шеті Жайық өзенінен асып далиып жатқан алып хандығының түкпір-түкпіріне «білгір дәрігер» іздетіп ат шаптырған. Осы кезде нөкерлері Мерв қаласынан Әбдіразақты алып келген. Оған міне, он жылдан асып барады. Әбдіразақ келгелі көзі ашылды. Тұншықтырғыш дерттен мүлдем жазып жібермесе де, «кенет өліп қалады екенмін» деген қауіптен құтқарды. Оның үстіне адамның жасы үлкейген сайын жабыса кететін дерттерден ханды кәдімгі үшкіріп жазғандай жазады. Денсаулығы жаратылысынан нашар Әбілқайыр енді ұзақ жыл өмір сүреді екенмін деп үміттеніп қалды. Ал үміт өмір серігі, енді ол кейде, көңілі қош кездерде, «Әбдіразақ өлмей мен өлмеймін» деп жымыңдауды шығарды. Осындай бар өмірі қолында тұрған Әбдіразақпен хан санаспасқа амалы жоқ-ты. Сол себептен де ол дәруіштің аузынан қақпады. Әбдіразақ кеткеннен кейін Бақты-Қожа уәзірді шақыртып алып Рабиу сұлуды айыптауды әзірге тоқтата тұруын бұйырды. Ол кенет Сүйіншік баласының хан тағына құмар бола қалуынан бұл арада тағы да бір суық ойдың салқыны соға бастағанын аңғарған. Бұл суық ой кімнен шықты? Бақты-Қожадан ба, басқадан ба — хан білгісі келген.
«Жауыз ханнан құтылғың келсе, оның жауыз баласына сені хан етем де!» дейді монғолдың көне қағидасы. Ал расына келсек Әбдіразақ Нахичеванидың айтқаны шындық еді.
Сонымен айлакер уәзір он үш жасар баланың ішінде бұйығып тыныш жатқан мансапқорлық жыланын оятты. Ол жылан енді жас баланың бар сезімін бұлқан-талқан еткен, ақыл-ойын арбаған, еркін алған кеселге айналдырды. Бейбақ бүлдіршіннің басынан «хан болсам» деген бір қияли ой шықпай қойды. Осылай ойлаған сайын, көзінде ағайын-туысына, бауырларына деген бір қорқыныш суық ызғар пайда болды. Түрі де өзгеріп, бұрын қаны тамып тұратын ақшыл беті, енді жаққа ұрғандай құп-қу боп кетті. Кеше ғана анасының жанынан шықпайтын ерке кенжесінің кенет былай құбылуынан, кейде тіпті өзіне рақымсыз ишаратпен қарауынан шошыған Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым дәруіш Әбдіразаққа өз ойын айтты. Баласына қандай пәленің келгенін біліп беруін өтінді. Он жылдан астам хан сарайында өткен өмірінде Әбдіразақ дәруіш мұндай сырдың талайына қанық еді. Сүйіншікпен үш-төрт кездескеннен-ақ оның қандай кеселге душар болғанын ұққан. Және бұл кеселдің асқынуына Әбілқайыр мен Бақты-Қожаның да үлесі барын түсінген. Бірақ ханға бұ жағынан емес, пұшайман ғарып баланың қасіреті жағынан келген. Көзін қулық-сұмдықпен ашқан Әбілқайыр, бұл істе өзінің де қатынасы бар екенін Әбдіразақ дәруіш аңғарып қалды ма деп сезіктенген. Әйтсе де «хан сырын білгеннің қаны төгілсін» дейтін ежелгі әдетке баспаған. Өмірінен көрі жақындаған сайын, хан жаны үшін Әбдіразақты көзінің қарашығындай сақтауға бар. Сол себептен дәруішін «айтқаныңның бәрі ақылға салынады» деп қоя берген.
Бұл кеше еді. Ал бүгін ше? Бүгін Әбілқайыр кешегісінен де қатты толқуда отырған. Батыр Саян қашқаннан бері ол Оспан-Қожаны зынданға салып қойған. Ұзақ жылғы сенімді дәйекшісінің тағдырын өзі шешкен-ді. Бірақ бер жағында Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіруінен туған Жәнібек пен Керейдің ел бөлген әлегі ортаға түсіп кетіп, Оспан-Қожа ғарып ісін тіпті естен шығарған. Сол Оспан-Қожа ретін тауып, үлкен бәйбішесі Айбаһарам-Сүнейден Әбілқайырға «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Өзім де көп кешікпей зынданда шіріп өлермін. Бірақ өлер алдында хан ием бірер ауыз сөзімді тыңдасын» деп өтініш еткен.
Зынданға өзі салдырып қойса да, Әбілқайыр Оспан-Қожаның сөзін тыңдамаймын дей алмады. Өйткені бұл кісі оған тым жақын, тым берілген адам еді.
Оспан-Қожаның Әбілқайыр сан достығын, өзіне деген өмір-бақи ұмыта алмас талай жақсылығын көрген. Соның бірі Самарқантты алатын жолы болған.
Оспан-Қожа тұқымымен сонау ескі заманнан Сайбан ұрпағына қызмет істеп келе жатқан жан еді. Атасы Әбілтас Ақсақ Темір шабуылында Барластардың қолына түскен. Ежелден хан Ордасына берілген тұқымнан болғандықтан Әмір-Темір оны өзінің сарайына дәйекшілік қызметке алған. Осы атасынан бастап Оспан-Қожа өзімен үшінші буын болып, бүкіл дүниені тітіренткен сайыпқыран Көреханның Самарқант сарайындағы дәйекші қызметін атқарып келген. Бірақ жетім баланы қанша асырасаң да, өз әке-шешесін жоқтайды. Самарқант Ордасында қаншама жақсы атты боп жүрсе де, атасын құл етіп әкелген Ақсақ Темір немерелеріне Оспан-Қожаның жүрегі жібімеді. Мауреннахрға еліне қас жер, жау жер деп қарады. Есі-дерті сонау Арқадағы хан Ордасы болды да тұрды. Осындай ісігі қайтып, сынығы бітпеген Оспан-Қожа Күнбатыс пен Солтүстік жағына әлсін-әлсін қарай берді. Дәйекшінің мұндай күйін пайдаланып, Әбілқайыр жігіттері онымен байланыс жасай қалды да, екі жақты шешімге келді. Оспан-Қожа Әбілқайырдың Самарқанттағы сыбыршысы болуға қолма-қол көнді.
Әбілқайыр Есіл, Нұра бойын өзіне қаратып, Орда-Базарда ат шаптырып, балуан күрестіріп, батырларына олжаны бөліп, ұлан-асыр той жасап жатқанында, осы дәйекші Оспан-Қожадан арнаулы кісі келген. Онымен бие сауымындай сөйлескеннен кейін Әбілқайыр, бар қолбасшыларын жинап алып: «Самарқант қазір бос тұр. Ұлықбек мырза Қорасан мен Иракқа сапар шеккен шағында, алла-тағала өзі сақтап тұрған Самарқантқа тәуекелдің тізгінін бұрғым келеді» деді.
«Хан борышы — жорыққа ту көтерту,
Құл борышы — туға еріп, жанын беру» — деп ескі шежіреде айтқандай, хан айтса — қарамағындағы батыр, нөкерлері қоштайтын дәуір, қалың қолмен Әбілқайыр Самарқантты басып алуға шыққан. Өзбек Ордасының абыройын ойлаған хан, Шираз деген қалада: «Бірде-бір әскер егінші жұрт пен көшпелі елге өз бетімен тимесін. Егілген егін, салынған бау бақша сол қалпында сақталсын. Кімде-кім бұл жарлықты бұзса дарға асылады» деп әскеріне бұйрық берген.
Ханның бұл қамқорлығына риза болған диқандар, көшпелі шаруалар, тарту-таралғысын, сыйлығын, хан әскерінің азық-түлігін өздері әкеп беріп, бағыныштылығын білдірген.
Самарқантты қоршап алғаннан кейін, қаланың хакімі Джалалитдин Баязит өзі шығып тізе бүгіп, қол қусырған. «Тірі жанға қиянат көрсетуді білмеген Ұлықбек мырза, сіз секілді ұлы ханға, яки сіздің ел басқарып отырған адамдарыңызға еш уақыт қастық ойлап көрген жоқ. Егер шаһарымызды шауып бүліншілік етпей, Ордаңызға қайтсаңыз, біз сіздің айтқаныңызға сеніп, айдауыңызға шыдар едік» деген. Сөйтіп Әбілқайыр хан Самарқант өмірлігін бәлендей қан жоса етіп бүлдірмей, көп олжамен ұлы қаланы оп-оңай өзіне қаратып, Ордасына қайтқан. Осының бәрі Оспан-Қожа дәйекшінің дер кезінде хабарландыруынан еді.
Осы күннен бастап Әбілқайыр Самарқант, Бұқар өмірліктерінің ісіне жиі кірісіп тұратын болған. Өзіне ұнамаған өмір, сұлтандардың билігін тартып алып, басқаға беру Әбілқайырға үйреншікті әдетке айналған. Бұл істерде Оспан-Қожаның қолқабысы аз тимеген. Жалғыз жақсылығы бұл ғана ма?
Бір мың төрт жүз қырық тоғызыншы жылы, Хаджри есебі ойынша сегіз жүз елу бесінші жылы Самарқанттың өмірі, өз әкесі ұлы дана Ұлықбекті өлтірген Әбді Латиф мырзаның өзі де алты ай өтпей қастарынан қаза тапқан. Бұл кезде Ақсақ Темірдің екінші ұлы Махамедтен туған Мираншах мырзаның баласы Әбусейіт қуғында жүрген. Осындай жағдайда Бұқар, Мерв, Үргеніш әмірі Шахрухтың баласы Ирбагимнен туған Әбділлах мырза Самарқантқа ие болған.
Әбусейіт осы мезгілде бүлік шығарып Бұқарды алды. Бірақ Бұқар уәлиеті оған аз көрініп, Самарқантты да өзіне бағындырмақ болды. Әбілқайырға Оспан-Қожа мұндағы жағдайды тағы хабарлады. Әбділлахтан көрі, Көк Ордаға Әбусейіттің тиімді екенін айтты.
Көп кешікпей Әбусейіт Әбділлахқа қарсы соғыс ашты. Бірақ жеңіліп қалды. Мүйіз сұраймын деп, құлағынан айрылған тоқал ешкідей Самарқантты жаулап аламын деп жүріп, Бұқарынан айрылды. Енді ол қалған қолымен Түркістанға қайтады. Мұнда да тыныш жүрмей Ақсақ Темірдің тұқымы екенін пайдаланып, Түркістанға өмір болады. Содан кейін барып, Әбділлахқа өзінің күшінің жетпейтініне көзі жетіп, көп сыйлықпен Әбілқайырға келіп бас иеді. Самарқантты Әбділлахтан тартып әперсең, өле-өлгенше құлыңыз болып өтемін деп ант етеді. Әбілқайыр бұған өзінің бір қызын береді. Көп қолмен Самарқантқа Бақтияр сұлтанды аттандырады. Әскер соңынан көп кешікпей өзі де жолға шығады. Хаджридың сегіз жүз елу бесінші жылы, яғни жаңаша бір мың төрт жүз қырық тоғызыншы жылы Самарқанттың күнбатыс жағында екі әскер кездеседі. Қырғын соғыс болады, таққа таласқан екі оғлан үшін көп адам қырылады, қан судай ағады. Ақырында Әбділлах жеңіліп қашады. Оны қуып жетіп ұстап алып, Әбілқайырдың әмірі бойынша бауыздап өлтіреді. Самарқантқа Әбусейіт әмір етіледі. Әбділлах әскеріндегі Жағатайдың көп батырлары мен пахлевандары (сыпайлары) есірей боп қолға түсіп, Әбілқайырға қосылады. Жоғары айтқан уақиғаның бәрі бір жылдың ішінде, яғни бір мың төрт жүз қырық тоғызыншы жылы болады. Міне, осы сергелдең жылдары Оспан-Қожаның Әбілқайырға тағы пайдасы тиген. Ол Самарқанттағы Ақсақ Темір тағының маңайында болып жатқан оқиғаның бәрін Әбілқайырға дер кезінде жеткізіп тұрған. Одан кейін Әбілқайыр мен Әбусейіт Самарқантты алғаннан соң да, тағы бір мейіршапқат ақыл берген.
Ұлықбектің Жошының тұқымынан алған Шахарбек атты бәйбішесінен өзі өлгенде Рабиу-Сұлтан-Бегім есімді он бес жасар қызы қалған. Адамзаттан емес, көктегі періштеден туғандай, гүлін жарған қызғалдақтай жадыраған сұлу және Шығыстың әйелге деген қыспағына қарамай әкесі Ұлықбек жеті жасынан медресеге беріп, парсы, түрік, араб тілін үйреттірген. Рабиу-Сұлтан-Бегім әйелден шыққан өз заманының ақылдысы да, бір мінезді, табандысы да болған. Оспан-Қожа дәйекші Әбілқайырға «Егер Самарқанттан еліңе алтын әкететін болсаң, алтынның шынайы қызылы және ең тазасы осы Рабиу-Сұлтан-Бегімді әкет» деген. Қырыққа таяп қалған, жас иіс құмар хан қызды бір көргеннен ұйқы-күлкісінен айырылған. Есіл-дерті Рабиу-Сұлтан-Бегім болған да тұрған. Ақыры төртінші әйелі етіп алып, көңілі тынған. Самарқант бекзадалары қызды ырғалтып-жырғалтып, үстіне дүрия мен қамқадан тартылған балдахин орнатылған ақ пілді бас етіп, асыл қазына жасаумен қырық құл, қырық күң беріп ұзатқан. Бұл қырық күң мен қырық құлдың тең жартысы, жас ағашта өсіп тұрған өлі құрт түспеген өріктей, кілең балбыраған албырт жастар еді. Рабиу-Сұлтан-Бегіммен бірге Оспан-Қожа дәйекшінің өзі де ере жүрген.
Осы кездегі астанасы Сығанаққа келгеннен кейін, Әбілқайыр оны өзіне дәйекші етіп алған.
Miнe, содан бері он төрт жыл өтті. Сол он төрт жылдың ішінде Оспан-Қожа пақыр ханды бір рет алдап, не тілегін теріс орындап көрген жоқ. Хан басына туар қауіпті ол өзгеден бұрын сезетін, хан көңілі қалар істі де ол алдын ала болжайтын. Хан абыройын төгер жамандықты сезсе оны ханның құлағына тезірек жеткізетін. Әбілқайырдың оң иығында отырған Жәбірайыл періштедей, бұрыс жолдан әрдайым сақтап қалатын. Ал Рабиу-Сұлтан-Бегім болса ханға арыстай екі ұл тауып берген. Өзінің ақылымен, парасаттылығымен, көркіменен Әбілқайырдың ең сүйікті әйелі болып алған. Сөйткен Оспан-Қожа мен Рабиу-Сұлтан-Бегім ханды көк мұзға отырғызып кетті. Бірі ханның көзіне шөп салды-мыс, екіншісі сол көзіне шөп салған ханның қас жауын аңқаулық істеп қашырып жіберді. Расыменен-ақ Оспан-Қожа аңдамай қалды ма? Оспан-Қожа тәрізді өмір-бақи хан кызметінде жүрген адамның мұндай өз басына қауіп туғызар істе салақтық етуі мүмкін бе? Мүмкін емес. Ұрыны аңдыған алады, не аналар Оспан-Қожадан қулықтарын шын асырып алдап соқты. Не сақ құлақ дәйекшінің өзі солармен бірге... Бірақ неге бірге болады? Әлде бір жағдайда маған ренжіп қалды ма? Әлде ақшаға сатылды ма? Жоқ, сатылуы мүмкін емес. Оспан-Қожаның алтынға қызыққанын көрген жоқ. Сан рет көңілім түсіп кетіп, көп олжадан үлесін молырақ етіп бергенімде өзіне тиістісінен артығын алмайтын. «Хан қызметінде жүрген кісі дүние шіркінге құмар болмауы керек. «Адам болғалы опасыздықтың бәрі де осы дүниеқоңыздықтан туған» дейтін. Сөйткен Оспан-Қожа... Демек, мұнда бір гәп бар... Сол үшін де оны зынданға салғызарымда күнәсін өзім тексерем деп едім ғой, қалай ұмытып кеткенмін?... Ұмытпасқа мұрша болды ма... Жәнібек пен Керей ойраны басқа іске көңіл бөлдірді ме?»
Үйге Бақты-Қожа уәзір кірді.
— Хан ием, Оспан-Қожа жүзіқараны алып келдік.
Әбілқайыр сол ойланып қалды. «Жүзіқара! Оның жүзінің қара екенін бұл қайдан біледі? Хан солай қараған соң, бұл да солай қарап тұр ғой... Әйтсе де осы менің шешімім дұрыс па? Тұтқыннан абайсызда айрылып қалғаны үшін кешегі серігіме бүгін мұндай қарғы тағуым жөн бе? Опасыз дүние! Опасыз а дам баласы! Қолыңда күшің болса сені ардақтайды, мадақтайды. Күшің кетсінші... Бүгін ханым десе, ертең харам дейді... Бірақ бұған өкпелеуге болмайды. Адам баласы осылай жаратылған, осылай өледі» Әбілқайыр басын иді.
— Кіргізіңдер.
Үйге екі адам екі жағынан қолтықтап Оспан-Қожаны алып кірді. Дәйекші бұрын да шыр бітпеген арық болатын. Сол себептен кейде оны жұрт Инелік деп атайтын. Он жылдан бері тарамыс денелі Инелікке хан көзі қанша үйренгенмен, мына алдында тұрған селеуіттен шошып кетті. Иә, бұл адам емес, адамның селеуіті еді. Арса-арса сүйегіне құр терісі жабысқан, көзін біреу ойып алғандай шүңірейіп кеткен. Құдық түбінде жылтыраған су тәрізді, сонау көз түбіндегі тереңде бірдеме жылтырайды. Екі ұрты ұзақ аурудан қайтыс болған адамның ұртындай қушиып біткен. Жағы жағына тиіп жатыр... Тозығы жетіп, бүрісе қалған көрі беті тиіп кетсең жыртылғалы тұр. Ал бұдан көп жыл бұрын... жоқ, жоқ. Әбілқайыр хан өткен күндерде өзіне жақсылық істеген адамдардың қызметін есіне түсіргісі келмейді. Әр нәрсе өз кезінде. Өткеннің бәрін есіне түсіре берсең... бүгінгіге не қалады? Кеше жақсылық істесе, бүгін жамандыққа барып отыр. Әр іс өзінің мезгілінде деп бағалануы керек. Өткен жақсылықпен қазіргі жамандықты жапсам хан бола алар ма едім? Иә, он жеті жасар Әбілқайыр Орда-Базарда хандық құрып отырған Жұмадүктің қолында тәлім-тәрбие алып, әскер басқаруды, ел билеуді үйренді ғой. Он алты жасқа келгенде сол кездегі бүкіл Дәшті Қыпшақ руларын басқарып, Жұмадүк ханның оң қолы болған, Маңғыт руынан шыққан атақты Едіге батырдың баласы, Ақсақ Темір ұрпақтарына бүйідей тиген Қазы биді өлтірді. Әрине оны бұл жалғыз өзі өлтірген жоқ, Қазыға қарсы әмірлер мен сұлтандарды жинап, солармен бірге бауыздады Жұмадүк ханның қаһарынан қорқып соңынан ерген Дәшті Қыпшақтың біраз әскерімен өзінің туған шаһары Тараға қашты. Артынан жетпіс мың әскермен қуып шыққан Жұмадүк ханмен қан майданда бетпе-бет кездесіп, оның басын алды. Содан бері Әбілқайыр өзіне жақсылық істеген, талай қиын-қыстау қатерлі өткелдерден алып шыққан, бірақ артынан сәл мүлт басқан талай серіктерін оп-оңай су түбіне жіберді емес пе? Осындай қанқұйлы болмасаң, хан тағында отыра алмайсың. Өзгеге аяушылық еткен Ұлықбек не болды? Ақырында өз баласының қолынан ажал тапты. Жоқ, алтын таққа ие болғың келсе, жолыңды кесіп өтерін білсең, туған балаң болса да аяма. Айдаладағы бір дәйекші сөз бе екен? Алтын тақ пен аяушылықтың бірі бар жерде, екіншісі өмір сүре алмайды.
Оспан-Қожаның бір жақсылығы ұмытылған тарих. «Ал, қазір сенің білетінің оның жаңа тарихы — істеген қастығы. Жақсылығы үшін дер кезінде сен оған жақсы қарағансың, ал жамандығы үшін сен енді оған жаман қарауға тиістісің! Бұл өмір заңы!»
Өзімен-өзі болып кеткен ханның ойын кенет Оспан-Қожа бөліп жіберді.
- Хан ием, — деді ол тұншыға қырылдай сөйлеп, — егер сен қазір мені босатсаң, бәрібір мен саған рақметімді айтпаймын. Енді менің күнім біткен. Алла-тағаланың жазғанын ешбір хан бұза алмайды, ал менің көп болса бір жұмалық тіршілігім қалды. Сенен сол бір апталық тіршілікті сұрап алғым келмейді, сен хан болсаң да... қалған күнімді одан артық ұзарта алмайсың... Қысқартам десең еркің... Бірақ сенен сұрарым басқа...
- Не сұрамақсың?
— Сұрарым — менің сөзімді тыңдап шық.
— Жақсы.
— Алдымен саған неге адал қызмет істеп келдім, соны біл. Есі дұрыс адам Ұлықбек мырза тәрізді әділетті жанды өзің тәрізді қатыгез ханға айырбастамас болар. Мен айырбастадым. Соның себебін есті.
— Жарайды, естиін.
— Жошының бесінші баласы Сайбаннан Бәниел баһадур туады, одан Иіс-Бұғы, Иіс-Бұғы ұрпағы Абдол оғлан, одан Мөңке Темір хан, одан Фулат оғлан, Фулат оғланнан Ибрагим оғлан, одан Дәулет-Шайхы оғлан, Дәулет-Шайхы оғланынан өзің — Әбілқайыр хан тудың... Сенің он атаңдай менің де он атам болған... Бірақ олардың аттарын ешкім білмейді. Білудің де қажеті жоқ. Сендер хансыңдар да, біз құлмыз. Мен ата таластырып тұрғаным жоқ, айтарым басқа. Ұлы Шыңғыс хан тұқымымыз десеңдер де, сендердің де іштерінде құлдарды да адам санағандары болған. Соның бірі сенің жетінші атаң Иіс-Бұғы сұлтан. О кісі хан тағына жеткен жоқ, бірақ жауынгер адам екен. Осы Иіс-Бұғының құлы менің жетінші атам Қара Нар деседі. Шамасына қарамай көжеге де қаймақ сұрады. Құл екенін місе тұтпай бұ кісі де орасан батыр болыпты. Бір қанды айқаста өзінің төресін — Иіс-Бұғыны жау қоршауынан құтқарам деп жүріп, колға түсіпті. Бұл ұрыста жалғыз менің бабам Қара Нар ғана емес, одан нәсілі де атақ-бағы да жоғары талай бекзадалар тұтқын бопты. Ұрыс бітіп, екі жақ бітімге келіпті. Жеңген жау қолға түскендерді бәлен қара төлеуін беріп, сатып аласыңдар дейді. Кей сыпайылардың құны он жылқы болса, бір сұлтанның бағасы жүз жылқыға бағаланыпты. Ал сол айқаста аса ерлік көрсеткен үш батырдың әрқайсысының құны үш сұлтанның құны депті. Соның бірі менің жетінші атам Қара Нар екен. Қазақтың белгілі руларынан шыққан ана екі батырды, жау жағының сұрағанын беріп елдері тез-ақ босатып алыпты. Ал менің жетінші атам құлды кім үш жүз жылқы төлеп қайтарсын? Руы жоқ сорлы, қатын-баласын қия алмай қан жылайды. Бірақ шабыншылыққа іліккен ел орталарынан мал шығарып құнын төлей алмайды. Құлдардың аяқтарына кісен салып, жаулары Қытайға апарып сатпақ боп ыңғайланады. Дәл осы сәтте Иіс-Бұғы сұлтан келеді. Сөз айтпай үш жүз мақпал қара асыл жылқысын айдап беріп, өзім ажалдан алып қалған құлды босатып алады. Қатын-баласына қосылып көзайым боған Қара Нар Иіс-Бұғының аяғына жығылады. Жеті атаңның жеті ұрпағым құлы болып өтсін дейді. Жеті атаң үрім-бұтағымды қойдай бауыздап жатса, қыңқ етіп үн шығармауын, өзімнің ұрпағыма өсиет етіп кетем деп ант береді. Miнe, сол Қара Нардың жетінші ұрпағы мен боламын. Менімен сенің атаңа берген Қара Нардың ұрпағының анты бітеді. Құлдың намысы хандікінен кем емес. Атамның антына кір келтірмейін деп, бар қиянатыңа көне бергем.
Әбілқайыр мырс-мырс күлді.
— Сенің үкіміңді Қара Нар бабаң атам заманда айтқан болса, менің үкімім тек сол үкімді орындау болып шығады екен ғой.
— Ол солай. Мені өз қолыңмен бауыздасаң да, құдай алдында сұрауым жоқ. Оның үстіне күнәм бар.
— Қандай күнәң бар?
— Батыр Саянды қашырып жіберген менмін.
— Сенсің бе? — Әбілқайыр кенет түксие қалды. — Онда өміріңді жүз аптаға ұзарттырам. Өлтіртпеймін. Күніне нәр беріп, кәріліктен өлгенше зынданда ұстаймын.
— Қанша күн өмірің болса, сонша мәртебе өл дейсің ғой? Мейлің. Егер хан әмірі алла-тағаланың жазғанынан күшті келер болса, оған да көндік. Ал менің айтам дегенім бұ да емес.
— Енді не?
— Хан, мен батыр Саянды неге қашырып жібердім, соны неге сұрамайсың?
— Алтын көрсе періште жолдан таяды.
— Жоқ, алтын періштеге де, құлға да керек емес. Алтын хандарға керек. Мен оны босатқан себебім басқа. Батыр Саян Ұлықбек мырзаның Арғын күңінен туған ең кенже баласы. Рабиу-Сұлтан-Бегім бәйбішеңнің бір әкеден туған інісі. Бұны тек Рабиу-Сұлтан-Бегім мен мен ғана білетінмін. Өзіне тиген қырық құлдың бірі етіп ханым батыр Саянды да алып келген. Ұлықбек мырзаның күңінен туған ұлы бар екенін Әбді Латиф, Әбусейіт, Әбділлах сұлтандар да, Шахарбек ханым да білмейтін... Олар біле қалса хан тағына тағы бір таласкердің пайда болғанын ұната ма? Әрине ұнатпайды. Көзін жас күнінде-ақ құртқан болар еді. Ұлықбек мырза өз басына ауыртпалық туа бастағанын сезіп, өлер жылы, ақылы, ойы ерте жетіккен Рабиу-Сұлтан-Бегім қызы мен осы жеті жасар ұлын көзінің қарашығындай сақтауымды тапсырған. Ал мен ұлы данышпан әміршіге өле-өлгенше жас Саянды жауларынан қорғап өтуге ант бергенмін. Міне, сол үшін оны қашырдым. Үш күреңді де Рабиу-Сұлтан-Бегім менің ақылыммен алып қалды. Менің ақылыммен Жәнібек сұлтан да күзетші Арғын жігіттеріне батыр Саянмен қашуға бұйырды. Ендігісін өзің біл, қазір өліп кетсем өкінбеймін, Қара Нар бабамның өсиетін де, өзімнің Ұлықбек мырзаның алдындағы антымды да адал орындадым.
Әбілқайыр соңғы кезде тек Рабиу-Сұлтан-Бегімге ғана емес, бүкіл Ақсақ Темір ұрпағына ашулы еді. Самарқант әміршісі, өзінің күйеу баласы Әбусейіт Әбділлахтан майданда жеңіліп, Әбілқайырға кеп паналап, хан күшімен Әбділлахты өлтіріп, Самарқантты тартып алғаннан кейінгі қылығы кешегі күндегідей емес, басқаша еді. Ол кезде Әбілқайырды хан тұтып, Гератта оған арнап сарай салдырған. Халықтан жинаған қаржы-қаражаты мен зекетінің тең жартысын уәделескен уақытында Орда-Базарға жіберіп, өзінің рухани бағынышты екенін әрдайым білдіріп тұрған. Сол Әбусейіт соңғы кезде кілт өзгерді. Бұқар, Самарқант уәлиеттеріне Қорасан мен Иранның біраз жерін қосып алып, өз әмірлігін күшейткеннен бері Әбілқайырға қырын қарауды шығарған. Әбусейіттің бұл қылығын Әбілқайырдың туған қызы Күнайжамал да қолдайды-мыс деп естіген хан. Жәнібек пен Керей қарамағындағы елін бөліп әкетіп, сәл әлсіреп қалған Әбілқайыр, бір ыңғайсыз кезде Әбусейіттің өзіне жұдырығын түйе бастағанын көрген. Хан іштей қатты ызаланған. «Егер қарамағындағы сұлтан, әмір, көрехандар бүйте берсе айбарлы Дәшті Қыпшақ хандығында не қалады? Жығылған Орданың біреу шаңырағын, біреу уық, бақанын, біреу керегесін бөліп-бөліп әкететініне сөз бар ма! Жоқ, өйткізіп қоюға болмайды. Сайыпқыран Әбілқайыр хан да сояудай қанды тырнақтарын көрсетуі керек! Ал Әбусейітпен майданда кездесуге әлі мезгіл туған жоқ. Қазір Самарқантты шабар әл-қуат жеткіліксіз. Әттең Жәнібек, Керей, Әбусейіт күннен күнге күшейіп бара жатыр. Амал жоқ, шыдаған жөн. Жағатай ұрпақтары, әңгіме сендермен сосын болсын!» Осындай күйініп жүрген шағында Рабиу-Сұлтан-Бегім оқиғасы оған дәтке қуат болған. Ақсақ Темір ұрпақтарына аз да болса қара жағылып, өшім қайта берсін — деген.
Ал Инеліктің мына сөзі тағы бұны кенет сескендіріп тастады. «Сонда қалай?.. Саянның кіші інісі екенін маған Рабиу-Сұлтан-Бегім неге айтпайды? Мұнда қандай гәп бар? Арғындар өзіне Саянның жиен екенін біледі. Бұ да әрине Рабиу-Сұлтан-Бегім арқылы... Мен ештеңе де білмеймін... Әрине бәйбішем мен Арғындар арасында да бір құпия сыр бар... Кім біледі, олар маған қарсы одақ құрып жүрген шығар?»
Әбілқайырдың қабағы кенет қайтадан түксие қалды. Бұл жалғанда адам баласының жан тыныштығын бұзуға бостан-бос сезіктенуден, өзгенің бәрін өзіңе жау көруден қауіпті күш жоқ. Әбілқайыр жас кезінен-ақ қарадай жел сөзге майысқақ, орынсыз сақ құлақ жан еді. Жасы ұлғайған сайын бұл ауруы да күшейе түскен. Бұл жолы да солай болды. Көңілінде кішкентай ғана күдік туып еді, ол күдік кенет басын алғалы келе жатқан қорқынышқа айналды. «Жоқ, жоқ бұлар бәрі бірігіп мені құртқалы жүр. Алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнің көзін жою керек».
Хан ойын болжап білгендей Оспан-Қожа:
— Арғындар батыр Саянның өздеріне жиен екенін мен арқылы білді. Осыдан бес жыл бұрын оларға мен айтқам.
— Неге?
— Жетім бала теңізге шыққан жалғыз қайық секілді. Оған мықты рулардың бірі қорған болсын дедім.
— Арғынсыз қорғаны осал ма еді. Саянды Сүйіншікке атеке етем деп Рабиу-Сұлтан-Бегім осында жанталасқан жоқ па еді?
— Оған өзің көнбей қойдың ғой.
«Бекер көнбеген екенмін. Көнсем ғой, өсек сөзден өзім де, Рабиу-Сұлтан-Бегім де ада болады екен-ау! Және Ұлықбектің туған баласы жиеніне атеке болып менің қолымда тұрса, қандай күш! Темірлан алтын тағы Орда-Базарға қауіптене қарай жүрер еді ғой. Әбусейіт тәрізді бұра тартарларды ауыздықтағаным, тобыр алдында кінәсіз көрінер еді. Қалай жаулап алсаң да, тобырдың көкейіне қонбаған үстемдігің, тысырайып тұрған тар киім тәрізді, бір жерінен болмаса бір жерінен сөгіліп кетеді». Әбілқайыр хан бұл қағиданы ұзақ жылғы ел билеген тәжірибесінен біледі.
Хан ойын Оспан-Қожа тағы бөліп жіберді.
— Батыр Саянды өлтірсеңіз ерке-шора Гүлбаһрам-Патшайымды да өлтірген болар едіңіз...
— Неге?
Гүлбаһрам-Патшайым қызыңыз батыр Саянға ғашық...
— Оны сенен басқа кім біледі?!
Ханның бұл сұрақты текке бермегенін Оспан-Қожа бірден ұқты. Ол сол ойланып қалды да:
Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым, — деді қырылдай сөйлеп. — Ол екі жастың түбі қосылуына жан-тәнімен тілектес...
«Жоқ, Рабиу-Сұлтан-Бегім батыр Саяннан адал екен, әйтпесе жиырма тоғыздағы жас сұлу оны күндесінің қызына қимас болар... бірақ бұны тағы менен неге жасырды? Мұнда қандай сыр бар? Саянның Ұлықбек мырзаның баласы екенін білсем, мүмкін мен оны Сүйіншікке атеке етер едім ғой. Мұндай аңырақай, соқпақты, қиын жағдайларда ең бөктер жол сол болатын еді-ау!».
— Рабиу-Сұлтан-Бегім алдымен сізден Саянды Сүйіншікке көкілташ32 етуді өтінбек болған. Бірақ жастайынан біріне-бірі ұнаған Гүлбаһрам-Патшайым мен Саяндай екі жасты аяды. Егер Саян Сүйіншікке көкілташ болғанда Гүлбаһрам-Патшайымнан мәңгі күдер үзер еді. Өз қарындасын өзі алуға Мұхаммет пайғамбардың діні рұқсат етпес еді. Сол себептен сізден ханым оны атеке етуіңізді өтінді. Сен көнбедің ғой. Ал батыр Саянның кім екенін сізге айтуға қорықтық. Өйткені Қыпшақ батыры Қобыланды да сенің қызыңа ғашық... Бәрібір Қобыланды тұрғанда қайдағы бір келімсекке Гүлбаһрам-Патшайымды бермейтінің айдан анық қой.
Тоғыз торап жол бір жерге келіп түйіседі. Сондай-ақ сан адамның тағдыры кейде осындай бір тұстан табысады. Хан өз Ордасында тарам-тарам қан тамырларындай түйісіп, қайтадан тарасып жатқан құпия сырларға таң қалды. Қан тамырының бәрі келіп бір жүрекке құйып, қайта тарайды. Ордадағы сол жүрек Әбілқайырдың өзі ғой. Бірақ сол Орда тынысын, қан тамырларының қалай соғып жатқанын неге сезбей келген? «Халықты билеместен бұрын, ең алдымен Орданды билей біл. Орданды жұмған жұдырықтай берік ұстай алсаң, халықты да берік ұстай аласың» деп Әлем құдіретшісі ұлы Шыңғысхан бабамыз бекер айтпаған екен, «өз Ордамда не болып жатқанын сезбегенде де Жәнібек пен Керейдің халқымды қалай бүлдіріп жүргенін қайдан білейін. Жоқ, жоқ, мен алдыменен маңымды берік ұстауым керек».
Хан енді басын көтеріп алды, қоңырау орнына алақанын шапалақтады. Үйге Бақты-Қожа уәзір кірді.
— Қазір менің қызым Гүлбаһрам-Патшайым мен Қобыланды батырды алып келіңдер.
«Әрине, Гүлбаһрам-Патшайымды Қобыландыға қосамын. Жазықты ма, жазықсыз ба — бәрібір батыр Саян кінәлі. Тыныш жатқан арыстан — хан ашуын өзі оятты... Демек, Рабиу-Сұлтан-Бегім күнәсіз... Оның кесімін кейінге қалдырғаным жөн болған...»
— Хан ием, тағы да айтатын бір ақылым бар.
— Ол қандай ақыл?
— Уәзіріне сырын білдіріп алған хан қақпанға түскен аңмен бірдей. Тағдырың уәзіріңнің қолында. Достық ойласа қақпанынан құтқарып жібереді, қастық ойласа ұрып алады. Әйтеуір қақпанынан оңай босатпайды.
— Бұны сен маған неге айтып тұрсың?
— Бақты-Қожа уәзірден сақтан. Жұрт сенен емес одан қорқа бастапты. Мұндай айбар тек ханды өз уысында ұстаған уәзірдің қолынан ғана келеді.
«Мына сөзінде де жан бар секілді. Иә, Бақты-Қожа бір сырымды біледі. Және сыр болғанда қандай сыр! Әрине сол сырымды өзіме қарсы пайдалануға тырысады. Кім біледі пайдаланып та жүрген шығар?.. Тұра тұр!» Әбілқайыр тағы да өзінің сезіктенгіш қылығына ауды. Оның көз алдында, кенет, құпия сыбырласып отырған Рабиу-Сұлтан-Бегім мен Бақты-Қожа уәзір елестеп кетті Одан кейін бәйбішесінің кешегі бір өзіне деген жылы шырайы есіне түсті. Әдетінше түс мезгілінде хан Рабиу-Сұлтан-Бегім үйіне барған. Жас сұлу бәйбішесі ақ тотыдай таранып отырған. Әбілқайыр үйреншікті әдеті бойынша шымылдықтың қасына келіп шешіне бастағанында, Рабиу-Сұлтан-Бегім ақ мамықтың үстінен еркелеп түрегеліп, аяғын ырғала басып алтын кесеге шербет құйып әкелген.
— Гераттан жіберіпті. Бұғы мүйізінің нәрі қоса қайнатылған, аяғына дейін ішіңіз, хан ием, — деген.
Хан ішкен. Және денесі аппақ қардай, қарақат көз сұлу бәйбішесінің жанында әдеттегісінен анағұрлым ұзақ жатқан. Сол бір шатты сәтте әлі де он жеті жасар уылжыған қызға бергісіз осы бір періштедей сүйкімді әйелін Бақты-Қожа уәзірге өлтір деп тапсырғаны ойынан шығып кеткен. Бар ынтасы сол бір тамаша мезеттің қуанышын мейлінше соза түсуде болған. Өткіншек дүниенің қызығы да оған дәл осы сәтте марал мүйізінің сөлі қосылған шербеттің тәтті уытындай көрінген. Тек осы қызық тез өтіп кетпегей деп тілеген.
Ал сол сурет оның көз алдына басқаша елестеп кетті. Шербет құйылған алтын кесені қолына алды. Жанындағы Рабиу-Сұлтан-Бегім мөлдір көзіне қарай тұрып кесені түбіне дейін жұтып салды. Сөйтті де жүрегі өртеніп домалай барып құлады... «Марал мүйізі сөлінің орнына кішкентай ғана күшәланың уы қосылса не істеймін?! Жоқ, жоқ бұдан былай қарай тым сақ болған жөн. Япырмай, бір ажалдан аман қалған екем. Өзім де сезімге берілгішпін. Шербетті алдыменен Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзіне неге іштіріп алмадым? Екіншідей бұл естен шықпасын. Жалғыз Рабиу-Сұлтан-Бегім ғана емес, қай қатыным болса да берер асын, ішкізер сусынын ең алдыменен өздеріне таттырып көруім керек-ақ!»
— Хан сырын көп білетін уәзір тірі қалуға тиісті емес...
Ойда тұрған Әбілқайырға дәйекші сөзі алыстан талмаусырап жетті. «Иә, хан сарайларында бар өмірі өткен қарт дәйекші дұрыс айтады. Бақты-Қожа уәзір менің ең қылмысты сырымды біледі. Сондықтан...»
Үйге кірген шабарман кенет хан ойын бөліп жіберді.
— Тақсыр хан, үлкен бәйбішеңіз сізге айтуға бата алмай отыр екен. Гүлбаһрам-Патшайым ханша кешеден жоқ... Бір жетіден бері төмендегі елдің бәйгесіне екі қылаңды мініп кеткен секілді.
Мұндай хабарға еті үйреніп кеткен хан, қабағын да шытқан жоқ.
— Қобыланды батыр қайда екен?
— Тақсыр, Қобыланды батыр бар Қыпшағын соңынан ертіп ата мекен ескі қонысы Торғай өзенінің бойына көшіп бара жатыр.
— Неге?
Онысын білмеймін. Қас-қабағы жабыңқы. Жігіттері де қалың қол боп тастай. түйініп алған. Қайт деуге бата алмадық. Жәнібек пен Керей ауылдары ауған Жағатай жұртына қарай қашқан Гүлбаһрам-Патшайым ханшаның соңынан қуып жете алмай қалыпты деседі жұрт. Ұзын-құлақ. Мүмкін бұл өсек болар.
«Әрине бұл өсек емес. Қыпшақ батыр Қобыландының шынымен-ақ менің қызымда үміті болған екен. Қыз көнбей қашып кеткен соң, ызадан көшкен екен. Маған қолқа салуға қаймыққан ғой. Ажалға бермей, алып қалғанымды тағлым тұтқан да. Шіркін, ләззат, сен кәріні де, жасты да отқа саласың-ау. Оспан дұрыс айтады. Қобыландының Ақжол мен Саянға өшігуі де осыдан. Бірақ бір қатын қолыма түспеді деп, осыншама бүлінетін не бар еді, ақымақ! Осының ызасына әлде соңынан бар әскерімді жұмсап, қан жоса етейін бе? Жоқ, өйтудің керегі болмас. Торғай өзенінің бойы да менің қарамағымда ғой. Кетсе өз жеріне кетті, Жәнібек пен Керей тәрізді жеке хандықты көксеп, жан-жаққа қаша жөнелген жоқ қой. Әлі-ақ сабасына түсер, қайта оралар...»
Әбілқайыр ақыл-сезімін астаң-кестең еткен бұл ойларын ешкімге сездірген жоқ. Тек:
— Қырық күншілік жерді бір күнде алатын Көксеңгірмен Гүлбаһрам-Патшайымға жете алмай қалса, шын таусылған екен! — дей салды теріс бұрылып кетіп.
— Иә, солай, тақсыр.
Хан сол теріс бұрылған қалпында «бәрің де кетіңдер!» деген ишарат білдіріп қолын сілтей салды. Уәзір, шабарман тұтқынды ала жөнелді.
— Қош бол, хан ием...
Әбілқайыр кешегі өзінің жақсы көретін ақылшысының бірі Оспан-Қожаға бұрылып та қараған жоқ. Ол дәл осы сәтте Оспан-Қожаны да, оның тағдырын да, бағанадан бері айтып тұрған су астында жатқан інжу-маржандай сырларын да есінен шығарған. Иә, ол өзгенің қастығы болмаса, жақсылығын тез ұмытатын. Бүкіл Дәшті Қыпшақ, Қорасанды билеп тұрған Әбілқайырға Оспан-Қожа деген құл кім? Жақын етсе өзі етті. Өлтірсе өзі өлтіреді. Ал дәйекші сорлы қайтадан зынданында ажалы жеткенше, іріп-шіріп жата бермек боп кете барды. Ханды енді басқа ой мазалай жөнелді.
«Жәнібек пен Керей Жағатай ұрпақтарының қол астына ауды. Қыпшақ Қобыланды көшті өз жайына. Самарқанттағы Әбусейіттің теріс бұрылып бара жатқаны анау... Еділ бойындағы өзіне тән Қыпшақтарын ертіп қарға бойлы Қазтуған да Жәнібек пен Керейге қосылғалы қонысынан көтеріліпті деген сөзді кеше естідім. Және Қазтуған жырау:
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы кәлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас,
Сөйткен менің Еділім,
Сен салмадың, мен салдым.
Қайырлы болсын сендерге
Менен қалған мынау Еділ жұрт, —
деп Еділ бойында қалған Алшын, Ноғайлы руларына батасын беріп көтеріліпті дейді. Өзге рулар да Жәнібек пен Керейдің соңынан ерді деген сездерді жиі ести бастадым. Бұның бәрі неліктен? Отыз жылдай ат үстінен түспей көтерген Көк Ордам қайтадан құлағалы тұр ма? Егер менің көзімнің тірісінде мықтап шетінесе, он ұлым, он бес қызым, елуге тарта немерелерім, әрқайсысы ол Орданы өзіне қарай тартып пара-парасын шығармасына кім кепіл? Иә, сөйтулері мүмкін. Жоқ, ондай жағдайға жеткізуге болмайды. Ел тізгінін қайтадан қатты тартуым ақыл. Ең алдымен Мауреннахр мен Қорасанның биліктері қолындағы өзіммен тілектес хакім, сұлтандармен одақтасып алып, Жәнібек пен Керейдің қолтығына су бүркіп, жеке хандық етеміз деп отырған Моғолстанға ойранды салуым борыш...»
Әбілқайыр енді Ордасының ішіндегі жағдайға көз жіберді. «Алғашқы келісімді Ақсақ Темірдің ұрпақтары меңгеріп отырған Самарқант пен Бұқардан бастайтын болсам, Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім жайындағы ой-пікірімді тез өзгертуім қажет. Заты әйел болғанмен Рабиу-Сұлтан-Бегім Ақсақ Темір ұрпақтары мен Мауреннахрдың бек, әмірлерінің алдында қадірлі. Тартыста бұл қасиетін де есте тұтқан жон. Әскер басқа елді басып алуға керек, ал жауыңның ақылды адамдары, бек-сұлтандары сол елді билеуіңе құрал». Әбілқайыр езу тартып күлді. Оспан-Қожа: «хан сырын білетін уәзір өмір сүруге тиісті емес» дейді. Дұрыс айтады. Бұл данышпан ақылыңды Бақты-Қожаны құрту үшін ғана емес, өзіңнің көзіңді де тезірек құрту үшін жұмсармын... Сен жеті қабат жер астындағы зынданда жатсаң да, білетін сырың жер астында жатпайды, бәрібір сыртқа шығады... Мұндайда қара жерге де тіл бітеді...»
Ертеңіне Оспан-Қожаға ас түсірілу тоқтатылды. Ал сол күні төрт нөкерімен хан Ордасына келе жатқан Бақты-Қожа уәзір үшті-күйлі жоқ болды да кетті... Хан шабармандары іздеп жан-жаққа қанша шапқыласа да оны таба алмай-ақ қойды, хан Ордасының маңайындағы Үйсіннің атышулы батыр, билері «бүл қалай?» деп күңкіл шығара бастады. Дәл осы кезде «Бақты-Қожа нөкерлерімен Моғолстанға өтіп кетіпті» деген лақап дүңк ете қалды. Өзі шығарған бұл лақапты ең алдымен Әбілқайыр пайдаланды, «Мені сатып кеткен әкесінің айыбы» деп, хан көптен бері көзін тігіп жүрген, ерніне әлі тірі жанның ерні тиіп көрмеген, кеудесіндегі қос алмасы тығыршықтай, дала киігіндей тағы, қамшының таспасындай тастай етіп өрілген қолаң шашы жерге түскен Бақты-Қожаның он төрт жасар сұлу қызы — Тоқтар-Бикені тоқалдыққа алды. Қандас уәзірдің кесірі тие ме деп, хан қаһарынан қорқып қалған Үйсін батырларының сыбырлары су тепкендей басылды.
Әбілқайыр жас тоқал алып ашуын басып, енді жорыққа дайындалуға кірісті.
Демек, Рабиу-Сұлтан-Бегім атақты Ақсақ Темірдің данышпан немересі Ұлықбектің қызы. Ол өзінің ақыл-парасатымен жұрт алдында ерекше көзге түскен. Сүлеймен пайғамбардың кезіндегі әйел патша Балқыз замандастарына қандай құрметті болса, бұған да өз замандастары біздің уақытымыздың Балқызы деген ат берген.
Жас иіс сұлу тоқалы Тоқтар-Бике Әбілқайырға тек өзінің сұлулығы мен жастығын берді. Өзгесін хан Рабиу-Сұлтан-Бегімнен тапты. Рабиу-Сұлтан-Бегім де өзіне хан ықыласының қайта түскенін көріп, жас иіске аз күн ауғанын кек тұтпай, енді бұрынғыдай емес, хан істеріне біртіндеп араласа бастады. Осы кезде Орда-Базарға Әбду-Латифтың туған баласы Мұқамет-Жөкі келе жатыр деген хабар жетті.
Рабиу-Сұлтан-Бегім оны алдынан ат шаптыртып қарсы алды. Үстінде көк құрыш шынжыр сауыт, ер-тоқым, жүген-құйысқандарын алтынмен аптатқан он шақты жігіт Орда тұсына кеп түсе қалды. Хан Ордасына қарай жаяу жүрді. Қару-жарақтарын сыртқа қалдырып, бұлар иіліп сәлем беріп үйге кіріп келгендерінде, Әбілқайыр елең етіп шошып кетті. Ордада ханмен бірге тұрған Рабиу-Сұлтан-Бегім езу тартып күлімсіреді.
— Хан ием, бүл кіші балдызыңыз, Әбду-Латиф мырзаның туған баласы Мұқамет-Жөкі, — деп басын иді.
Ал Жөкіге:
— Жалғыз бауырым Мұқамет-Жөкі, сау-саламат келдің бе? Мына кісі ұлы мәртебелі Сүлеймен пайғамбардай ақылды, Ескендір Зұлхарнайын патшадай айбарлы, бүкіл Дәшті Қыпшақ ханы Мауреннахр мен Қорасанның сырттай әміршісі Әбілқайыр жездең, — деді. Өзі барып, бірінші боп құшаққа құшақ тигізіп амандасып, бауырын қолтықтап ханға таяды.
Хан созылған қолды аларда тағы дір ете қалды. Сәл кейін шегініп те кетті. Бірақ құшаққа құшақ, кеудеге кеуде тигізіп амандасуға батылы бармады, тек қол алысып амандасты да қойды.
Әбілқайырдың расында сескенетін де реті бар еді. Мұқамет-Жөкі алғашқы үйге кіріп келгенде, оны батыр Саян екен деп қалған еді хан. Бірінен бірі аусайшы! Бір шыны аяқтағы екі тамшы судай ұқсас. Сол қалың қабақ, өткір көз, сопақтау келген сұрша бет. Бойлары да, дене құрылыстары да дәлме-дәл. Сұңғақ бой, арыс кеуде, жіңішке бел. Жас жолбарыстың аяқтарындай, аяқ-қолдары сомдала біткен. Жалпы қимылында, дене бітімінде секіруге дайындалған жолбарыс тәрізді бір қауіпті сұс бар...
Әбілқайыр қол алысып амандасып, Мұқамет-Жөкіден ел жайын, Мауреннахрдың күйін сұрап отырғанында да іштей сезіктенумен болды. Ханның мұндай жағдайын байқаған Рабиу-Сұлтан-Бегім енді Әбілқайырдан қонағын өз Ордасына алып баруға рұқсат сұрады. Бойын билеп алған әбігерден айырыла алмай отырған Әбілқайыр бірден көнді.
Рабиу-Сұлтан-Бегім сескенуден де, «әкең әкемді өлтірген» деп Мұқамет-Жөкіге кек тұтудан да аулақ еді. Әбду-Латиф Ұлықбек мырзаны, менің және өзінің әкесін өлтірді, ал өзі басқалардан ажал тапты. Ақырында екеуінің қастары әкесі мен баласынан бірдей құтылды. Бұған қарап Ұлықбектің қызы мен Әбду-Латифтың ұлы қырық пышақ болуға тиістіміз бе? Жоқ, тиісті емеспіз. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Ұлықбек тұқымынан тірі қалғандардың ішіндегі ең жақыны біз екеуміз. Егер біз екеуміз жау болсақ, бұдан тек қастарымыздың бағы жанады.
Рабиу-Сұлтан-Бегімнің Мұқамет-Жөкіні өзіне жақын тартуының тағы да бір себебі екеуінің Ұлықбек сарайында тетелес өсуі еді. Мұқамет-Жөкі Рабиу-Сұлтан-Бегімнен үш жас кіші. Сондықтан Рабиу-Сұлтан-Бегім одан өзін үлкен санап, кішкентайынан оған апалық қамқорлық көрсетіп келген.
Сұлтан тұқымдарына тән аяусыз қатты мінездеріне қарамай, екеуіне де жастайынан жат емес, осы бауырмалдық сезім, қазіргі тілектерінің жақындай түсуіне жол ашты.
Рабиу-Сұлтан-Бегім Мұқамет-Жөкінің келуіне арнай қыз-келіншек, бозбалалар жинап, ұлан-асыр той істеді. Ат шаптырылды, балуан күрестірілді. Жігіттер жамбы атып, сайысқа түсті. Шырқалған өн, тербелген алтыбақан... Айлы түндерде, бетегелі құрақты сай ішінде хан қонағы талай сұлуды құшып, күндіз сұңқар, қаршыға салып, Арқаның қызыл түлкісі мен кіші-гірім лақтай қыр қоянын алдырды.
Осылай бір апта ойын-сауық құрғаннан кейін, Мұқамет-Жөкі хан алдына келді. Алыс жерден сапар шеккен мұң-мұқтажын айтты. Жігіттің сауытсыз, қару-жарақсыз екенін көріп, хан көңілі күптенбеді. Ол енді Мұқамет-Жөкімен ақжарқын, шын көңілмен ұзақ әңгімелесті. Бұл әңгімеге тек Рабиу-Сұлтан-Бегім ғана қатынасты.
Самарқант, Бұқар, Герат, Мервте қазір қанша әскер барын, халықтың Әбусейітпен өш екенін баяндай келіп, Мұқамет-Жөкі сөзінің аяғында:
— Әбілқайыр хан, Ақсақ Темір тағына менің атам Ұлықбек, одан кейін оның баласы, менің әкем Әбду-Латиф отырған, ендігі кезек менікі, — деді, — Әбусейіт қазір Қорасан мен Иракты тегіс жаулап алам деп жорықта жүргенінде, Самарқант билігін қолыма түсіруге жәрдем беріңіз. Мұндай ыңғайлы сот екінші мәртебе кездесе ме, онысын білмеймін. Ал қазір ең қолайлы шақ...
Әбілқайыр баяу езу тартты.
— Әбусейіт те Әбділлахтан әмірлікті алар жолы, дәл сен тәрізді ішке кіре келген...
— Ақсақ Темір ұрпағының бәрі Әбусейіттей опасыз бола бермес. Егер Самарқант өмірінің тағына отырғызсаңыз, өмір-бақи сізді әке етіп, айтқаныңызды екі етпей өтуге қолыма құран алып ант етуге бармын.
— Әке еткеніңнің маған керегі жоқ. Әкесі болар балаларым жетеді. Алда-жалда Самарқант тағына отыра қалсаң өмірімді екі етпеймін деп серт берсең құба-құп.
— Әміріңізді екі етпеске міне құран, міне нан.
Әбілқайыр үндемей қалды. Ол ұзақ уақыт тілсіз отырды да, бір мезетте:
— Самарқант уәлиетінің жерінде ұрысқа жарайтын қанша жауынгер пілдер қалды? — деп қарсы отырған жігітке тесіле қарады.
Бұрын Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр жерлерінде соғыста піл қолданылмайтын. Ақсақ Темір Иран мен Үндістанның шетін алғаннан кейін барып, пілді кей жағдайларда Орта Азия хандары жауын қорқытуға аздап пайдалана бастаған. Бір кезде Самарқант, Бұқар уәлиеттерінде піл әжептәуір қоқан-лоққы күшке айналған. Ал Әбілқайыр үнемі Мауреннахр жеріне шабуылға шыққанда, қойға шапқан қасқырдай, ол әдетте хандарының бөтен елге жорыққа кеткен кезін аңдып тұратын. Қалаларын жау алған соң, пілдер де ештеңе істей алмайтын. Демек, Самарқант, Бұқарда дәл біз айтып тұрған шақта жауынгер пілдер бітуге айналған-ды. Бірақ әзірге өлмеген азғантай пілдердің өзінен де, бұрын мұндай ашулы алып хайуандармен айқасып көрмеген көшпелі ел сыпайларының зәре-құты қалмайтын. Самарқантты бағындырам деп аттанған баяғы алғашқы ұрысында өздеріне қарай дүрсе қоя берген үш пілден бүкіл Қыпшақ жігіттері жөңки қашқан. Әскердің арт жағында келе жатқан Әбілқайыр, ұзын тұмсығын оңды-солды сілтеп, кіші-гірім үйдей боп өзіне қарай тап берген алып пілді көргенде, не істерін білмей, қолындағы найзасын жерге түсіріп алған. Тек ажалдан астындағы жүйрік ақ боз аты құтқарған. Содан бері Ақсақ Темір әміратына жататын қаланы шаппақ болса, ең алдымен «жауынгер пілдері жоқ па екен?» деп сұрайтын. Жылан шаққан адам ала жіпті аттауға қорқады. Бір рет өлердей боп шошып қалған Әбілқайыр бұ жолы да сол дағдысына салып, піл жайын тәптіштеп сұрап отырған-ды.
— Бүкіл Самарқант, Бұқар, Гератта үш-ақ піл бар, — деді Мұқамет-Жөкі, — о да жорыққа шыққанда Көреханның шатыры мен гаремін алып жүреді.
— Өзге пілдері қайда?
Пілді соғысқа пайдалану үшін оларды жұмсай алатын адамдар керек... Бұрын бұл қызметті Иран мен Үндістаннан алып келген есірейлер атқаратын. Олардың өлгені өлді, өлмегені ебін тауып өз жеріне қашып кетті. Иесіз қалған пілдерді Әбділлах қастары у беріп өлтірді.
Бұлары дұрыс болған екен! — Әбілқайыр Ордасының әшекейлеп сырланған қабырғасына қарады. «Қан төкпей істейтін ісіңді қан төкпей істе. Қан төгіп істер ісің болса алла-тағала өзі жәрдем берсін» деген қабырғаның жоғарғы ернеуіне оюлап жазылған хадистің төменгі жағына көз жіберді. Қабырғада самсаған қару-жарақ ілулі тұр. Болат наркескен, қисық алдаспан, көк құрыш сүйір ұшты найза, шойын басты шоқпар, жақтың бірнеше түрі... Әне, анау Исфаған қылышымен Жұмадық ханның басын алған. Әне, анау болат сүйір найзаны Әбілқайыр өз қолымен Мұстафа ханның жүрегіне қадаған... Хан езу тартып күлді. Хадис «әділеттік үшін қан төгіп істер ісің болса, алла-тағала өзі жәрдем берсін» дейді. Қандай жәрдем? Қан төгуге жаралған осы қаруларды қолыма ұстатқанының өзі алла-тағаланың берген жәрдемі емес пе? Иә, солай, жәрдемі. Самарқант әмірінің бар пілін улатып өлтірткені — о да жәрдем! Алла-тағала менен жәрдемін аяп көрген бе, тек сол жәрдемдерді дұрыс пайдалана білсем болғаны ғой. Пайғамбар аузынан шыққан мына хадис та соны айтып тұрған жоқ па? Дәл солай. Берген сертін бұзған Әбусейіттің өз обалы өзіне. «Қан төкпей істейтін ісіңді қан төкпей істе» дейді. Мұхаммед пайғамбарым. Мен қан төгейін деген жоқ едім, Әбусейіттің өзі қанымды төк деп тілеп тұр ғой. Сұрағаны болсын!»
Әбілқайыр Мұқамет-Жөкіге тесіле қарады.
— Жақыныңа жәрдем ет дейді құран, мен саған жәрдем беруге дайынмын. Бірақ, қояр екі шартым бар.
Мұқамет-Жөкі басын иді.
— Бірінші шартым — Әбілқайыр бүл шарттың Мұқамет-Жөкіден гөрі Рабиу-Сұлтан-Бегімге қатынасы бар екенін әдейі білдіргісі келгендей, кіші бәйбішесіне қарады, — Әбусейіт менің қызымды алған, бірақ антында тұрмады. Антын бұзғаны үшін мен одан кегімді қалай қайтаруым керек?
Рабиу-Сұлтан-Бегім жымия күлді.
— Әрине, кегің қызыңды қайтарып алумен бітпейді.
Қызың орнына Әбусейіттің бірінші әйелінен туған, он үш жасар сұлу Ғибадат-Сұлтан-Бегімін тоқалдыққа алуың керек.
Әбілқайыр қайтадан Мұқамет-Жөкіге бұрылды.
— Бірінші шартым — Ғибадат-Сұлтан-Бегім сұлуды сол қауыздай жарылмаған, шыныдай сынбаған күйінде менің қойныма саласың.
- Уәде, тақсыр жезде.
Екінші шартым — Әбусейіт бұзған антты сен орындайтын боласың.
Бұнысы Әбусейіттей емес, сен мені алдамайсың, өле-өлгенше бағынышты боп өтесің дегені еді.
Құп, тақсыр.
Сол күні Әбілқайыр Мұқамет-Жөкіге ертіп, Самарқантқа Бүреке-Сұлтан мен Бішкенді оғланның басқаруымен он мың санды қол аттандырды. Атышулы батырларының да біразын жіберді.
Хан Әбусейіттің Қорасанда жүргенде Самарқантты басып қалудың бәлендей қиындыққа түспейтінін жорамалдады.
Екі апта өткеннен кейін жиырма мың қолымен Әбілқайыр өзі Мауреннахр жеріме қарай беттеді.
Көк Орда ханы отыз жылдан астам хандық өмірінде астанасын бірнеше жерге көшірген... Сығанаққа да ту байлаған. Қай өлкені бағындырса, сол өлкеге Ордасын алып барған. Асан Қайғының Дәшті Қыпшақтың жеріне, не Ұлытауда, не Еділ, Жайық жағасының бірінде хан Ордасын тікпедің деп ренжуі де осыдан еді. Демек, ол қай жерге хан Ордасын көшірсе де, өзінің алғашқы туын тіккен Орда-Базарға қайтып орала беретін. Орда-Базар оның түпкілікті астанасына айналған. Әйтсе де көптен бері осы астанасын мүлдем тастамақ ойға бекіген.
Орда-Базар, еш теңізге құймайтын, суы мол болғанымен өрісі тар Қаракеңгір өзенінің бойында тұр. Батысындағы кеме жүретін Еділ өзені екі мың шақырымнан астам жерде. Солтүстігіндегі ұлы өзен Ертіс пен Есіл олар да сондай жырақта... Оңтүстігіндегі қос алып Жейхун мен Сейхун да тым қашықта жатыр... Шығысындағы Көкше теңіз сәл таяуырақ, бірақ жол ортасы аңырақай, шөлейт... Әбілқайыр астанасын көп уақыт Сығанақта ұстаған. Кейін Қырымдағы Өзбекхан мешіті мен гаремі тұрған Қара теңіз жағасындағы Қара-Даг тауынан отыз шақырымдай жердегі Ескі Қырымға да көшірмек болған. Бертін келе Еділ жағасындағы Ақсақ Темір бұзған Алтын Орда астанасы Сарай шаһарына апаруды да ойлаған. Солтүстік тұсына да, тіпті Жем, Ойыл, Ақ Жайық өзендерінің бойына да орнатсам деген. Бірақ мұның біріне де тұрақтай алмаған. Өйткені неғұрлым Дәшті Қыпшақтың батыс шекарасына қарай беттеген сайын соғұрлым Мауреннахр шаһарларынан алыстап кететін болған. Бұлай істеудің жөн емес екенін Әбілқайыр жақсы түсінетін. Батыс мемлекеттері бұл уақытта әжептәуір күшейіп алған. Оларға түбі күшінің келмейтініне Әбілқайырдың көзі жете бастаған. Көк Орданың бел алуы енді тек Шығыс шаһарларына ықпалын жүргізуде деп білген... Сондықтан оның көзі Батысқа емес, Шығысқа тігулі болатын-ды. Сол себептен де Шығысқа жақын Орда-Базарға әлсін-әлсін қайта орала беретін. Ал соңғы кезде бұл Орда-Базардың өзі де Әбілқайырға қуат бола алмайтындай күйге жеткен. Ол заманда көмір, мұнай, құрыш, темір өнеркәсіптері тіпті өркендеген кезі, ал қалалардың үлкейіп, гүлденіп кетуіне екі түрлі жағдай керек-ті. Бірі — қала дегенің үлкен сауда жолының үстінде тұруы қажетті. Әйтпесе кеме жүретін, бір ел мен бір ел қатынасатын, суы мол өзен, не теңіз жағасына салынуы керек. Ал Орда-Базарда бүл қасиеттің бірі де жоқ. Міне, осы жағдай Әбілқайырды бөтен астана іздеуге мәжбүр етті. Жаңа астана іздемеске болмайтын тағы бір себебі бар. Қазақ руларының біразы Моғолстанға көшіп кеткеннен бері Ұлытау маңы хан Ордасына жайсыз тие бастады. Қойға шабатын бәрі де, малын айдай қашатын ұры да көбейді. Әсіресе «Жалғыз көз» деген батыр пайда болып, хан қостарына маза бермейтін бір қырсыққа айналды. Астында желдей жүйрік ат, жанында өзіндей кілең батыр жігіт. Хан әскері бірнеше рет соңдарынан түссе де, Қарақұмға сіңіп кетіп ұстатпай қойды.
Ал бұл «Жалғыз көз» батыр — баяғы жылқышы Орақ еді. Үңгірде бір жыл жатып, балгердің емдеуімен төсектен тұрған. Бір көзден айырылып, беті адам көргісіз тыртық боп біткен. Аққозыға қайта жолығуға өзінің мына мүсәпір түрінен қорланып, одан біржолата күдер үзген. Өзі тәрізді кедейлердің өшін Әбілқайырдан алмақ боп атқа мінген. Бірақ әзірге соңынан ерген халқы аз болғандықтан, бар қолынан келері аш қасқырдай хан малына тию болған. Әрине, хан бұның Орақ екенін білген жоқ. Демек, бұл арадан көшіп, көбейіп кеткен өзіне қас адамдардан да құтылуды жөн тапқан. Ойлап-ойлап ақырында астанасын Үргеніш шаһарына көшіруді ұйғарды. «Жейхун дариясының жағасында, Сұлтан-Уайз-Даг қамалынан жетпіс шақырымдай төмен тұратын Үзбой арнасы арқылы жүзіп отырып Хивас33 теңізіне жетуге болады. Бұл теңізге шығуымыз — Түркімен, Дәшті Қыпшақ, Хива өлкелерін уысымызға қысып ұстауымыз ғой. Ортада бір кезде Еділ, Дон, Днепр бойынан көшіп келген қарақалпақтар бар. Қай жағыма қарасам да көз алдымда өзіме бағынышты елдер тұрады.
Ал тілі де, діні де бір қарақалпақтарды өз Ордама қоса салу қиынға түспейді.
Күншығыс пен оңды-солды жағың — Мауреннахр жері, солтүстік батысың — Моғолстан, онымен шектесіп жатқан тағы Дәшті Қыпшақ... Тек Моғолстан өлкесін өзіңе бағындырсаң, болғаны. Көк Орда хандығы бағысы — Еділ, Қара теңіз, оңтүстігі — Хивас, Иран, Ауған, солтүстігі — Тара, Орал ойпаты, шығысы Үндістан, Қытай мемлекетіне дейін созылған ұлы хандыққа айналады. Мұндай жерді Ескендір Зұлхарнайын Әтиль, Шыңғысхан, Ақсақ Темірден бөтен ешкім билеп көрген жоқ. Бесінші ұлы хан боп мен билеймін, жалғанда бұдан артық жетер арман бар ма? Бұл опасыз дүниеде бәрі де бір күнгідей болмайды, байлығың да, бақытың да өтеді де кетеді... Тек атағың ғана өшпейді. Ал осыншама жерді, елді билесең сенің атағың ұрпақтан ұрпаққа кетеді. Бүкіл әлемді топан су қаптар күн туса, Нұқ пайғамбардай адамзатқа өлмес атың қалады. Өзің өлсең де, тарихта есімің өлмесе, одан артық қандай мәңгі тіршілік бар? Бұдан асып тірі пенде не істей алады?»
Бұл ханның орындалмас қиялы. Демек, Үргенішті алуды арман еткен Әбілқайыр Дәшті Қыпшақтың оңтүстік құмайтты жағын қиғаштай жүріп, бір аптадан кейін Отырардың солтүстік тұсынан өтетін Сейхун дарияның қамыс, жиде, қарағашты жағасына келіп жетті. Құмырсқадай быжынаған қалың қол, белдері босаңсыған аттарын тынықтырмақ боп, бір жетіге қостарын тікті. Хан ойынша бұлар тынығып болғанша әскерге азық-түлікке он мыңдаған қойды айдап, соңдарынан көше қонып келе жатқан көп қараша ауылдары да жетпек-ті. Ал қосын келіп қостарын тіккен Сейхун дарияның тұсы өркеш-өркеш асау сұрғылт толқындары жұдырықтай тастарды жаңқа құрлы көрмей жұлып ала жөнелетін долы еді. Екі жағы бірдей түйелі адам көрінбейтін қалың қамыс, анақурай. Бұлардан әрі кигіздей боп тұтасып кеткен тапал бойлы тораңғыл мен жиде ағашы. Іші толған сан түрлі аң, құс. Анда-санда бүкіл Дария бойын тітіреткен жолбарыстың ақырған ашулы үні естіледі. Сөйткенше «бақ» ете қалған ақбөкеннің даусы шығады.
Әбілқайыр әскері осы арада бір жеті болмақ. Аттың белін көтергеннен кейін арғы бетке өтпек. Сейхун секілді долы тасқыннан өту оңай шаруа емес.
Шыңғысхан заманында мұндай өзеннен өтудің басқа жолы болған. Әрбір монғол жауынгері ерінің басына байлап алған өгіз терісін дастарқан секілді дөңгелетіп ойып, шетінен қыл шылбыр өткізетін тесік істейтін. Бар киім-кешегін, кейде тіпті қару-жарағын да, осы терінің ортасына салып, шетіндегі тесіктерден өткізілген шылбырмен аузын бүріп байлайтын. Осылай қолдан жасалған, суда батпайтын тері қапшықты ат құйрығына байлайтын. Өзі атының жалынан ұстап қатарласа жүзеді. Не атты бос қоя беріп әлгі қапшықтың үстіне отырады. Орхон, Онон, Керулен, Енисей, Ертіс секілді ағысы қатты мол судың жағасында өскен монғол жылқылары, толқыны екпінді қандай өзендер болса да арғы бетке алып шығады. Дәл осылай олар бір кезде Жейхун, Сейхун, Жайық, Еділдерден де өткен. Ал Қыпшақтардың тәсілі бөтен-ді. Олар жылқыларын өзеннен бос жүзгізетін. Ағыс жағына күштілерін салатын да, олардың ық жағымен тай-құлындарын тоғытатын. Өздері қамыстан, не талдан сал тоқып, сонымен өтетін. Тек кейбір өжет жігіттері ғана үрген қос қарынды байлаған жіптерді қолтықтарының астынан өткізіп, арқасына киімі мен қару-жарағын таңып, жүзіп арғы бетке шығады. Ал, Сейхун, Жейхун жағасының жауынгерлері көбіне кепкен асқабақтарды байлап жүзіп өтеді.
Жігіттері бір күн дем алғаннан кейін, Әбілқайыр қамыс шауып сал дайындауға бұйырды. Өзі нөкерлерімен әскері қос тіккен жерден әрірек барып аң ауламақ болды. Хан аңға шыққан жер Сейхунның ойпаттау сағасы болатын. Дария жазғытұрымғы тасыған кезде осы арадағы кең алқапты алып, қайтадан есесіне түскен шағында ойдым-ойдым қарасулар қалдыратын. Тым қуаңшылық жылдары бұл араға сонау Қазықұрт тауынан жайлауға көшіп келген ауылдар, тартылып қалған қарасулардың балшықтарынан құлаш-құлаш мекре, лақа балықтарды қазып алатын.
Ауылдар жайлауға келмеген жылдары бұл араны бұғы мен марал жайлайды. Көл аралары жазық дала, көк шалғын. Сейхун жағасы қалың қамыс, тұтасқан жиде ағашы. Бұғы мен маралға бұдан артық қандай қоныс керек?
Әбілқайыр осы араға шатырларын тікті де, қасына кернейші-дабылшы екі-үш жігіті мен ежелгі серігі Бахтияр-баһадурды ертіп жан-жақтарын шолып келуге шықты. Астында жол-жөнекей ер салынбай, тың, жетекте келген Тарланкөк. Ауыздығымен алысады. Өзгелердің де мінгендері қосаяқтай жүйріктер. Әйтсе де олардың аттары қамыс құлақтарын қиғаштап, жіті басқанмен де, Тарланкөктей емес, ауыздығымен алысып келе жатқан жоқ. Сірә, Сейхунның лайлы суы мен шігір араласқан сұрғылт бетегелері жер-су талғайтын сәйгүліктерге тақа жәйлі тимеген тәрізді.
Хан тобы әңгімелесе жүріп, бір жазық далаға шықты. Кенет Тарланкөк осқырына, танауы делдиіп, құлағын тіге қалды. Бұлар «не болды» деп жан-жақтарына қарап та үлгерген жоқ, дәл алдарынан шаңырақ мүйіздерін арқаларына сұлата жатқызып, көгал шөптің үстімен бауырлай ұшқан құстар тәрізді, ұзын аяқтарын көсілте жазып, теңбіл жүнді бір топ арқар зуылдай өте берді... Үлкен-кішісі аралас. Шабыстарына көз ілеспейді, нағыз бір селдірлей аққан сағым-сынды, «Бұлар бізден үрікті ме?» деп хан ойланып та үлгермеді, кенет арқардың соңынан шүбалана қуған бір ұя қасқырды көрді. Қамысты жердің нағыз қара қылшықтары, құлынжал арландары. Топтанбай созыла шапқанмен аралары жиі кетіп барады. Хан тобы бұларды шөптің қалыңдығынан бірден көре алмаған екен, арқарларды өкшелеп жетуге жақын. Сірә, қасқырлар өздерінің ежелгі әдеттеріне салып, кезектесіп қуған болуы керек, қарқындарына қарағанда мына көкжалдар төтеден қосылған тәрізді, әйтпесе жазық жердің жел ере алмас құдіретті жүйріктері — арқарлары бұларға шаңдарын да көрсетпесе керек-ті.
Хан тобы шыдап тұра алмады, елегізген жүйріктерінің тізгінін босатып жіберіп, сойылдарын ыңғайлап, айқай сап қасқырлардың соңынан тұра шапты. Тарланкөк өзге аттардан бірден суырылып сала берді. Көп кешікпей хан серіктерінен озғындай шығып қарасын үзді. Әбілқайыр жас кезінде ұрыстарға тікелей қатысып келсе де, алтын тақтың қызығын көрген сайын ажалдан қорқа түскен. Жиырма бестен асысымен-ақ хан ұрысқа қатысуды қойған. Таластың тағдыры шешілетін қан майданға ол өзінің батырлары мен әскерін айдап салатын. Тек жау жеңілген кезде ғана жеңіс қуанышын қарсы алуға жұрт алдына шығатын. Өзі тікелей ұрысқа қатыспайтындығынан хан көптен бері сойыл, найзаны жұмсауды ұмытқан. Бірақ өзін аңдыған жаудың көптігінен сескеніп, Ордада жүргенінде наркескенің атқа қонғанда садағын тастамайтын. Бұл екі қаруды жұмсауда аса шеберленіп алған. Әсіресе жақ тартуға келгенде, жебесін құралайдың көзіне дәл қадайтын мерген. Міне, осы қасиеті қазір де өзіне үлкен жәрдем берді.
Тобылғылы, қурайлы, бозаңы белден келетін жазық дала... Алдарында көгілдір тоғайлы Сейхун дария... Оңды-солды қамысты шалшық көлдер... Аспан айнадай ашық, шаңқай түс. Алыста, көгілдір белестердің үстінде тек буалдыр сағым ойнайды. Сағым-сынды ағып келе жатқан арқарлар. Оларға енді-енді жетеміз деп ауыздарын ырсита ашып, секіре самғаған кілең қара қылшық арлан қасқырлар.
Тарланкөк әне-міне дегенше қасқырлар тобына жетіп қалды. Әбілқайыр енді олармен жанаса шауып келеді. Есіл-дерттері алдарындағы арқарлар боп, әбден көздері қанталап қызып алған қасқырлар, ық жақтарымен жанаса жүз қадамдай жерде шауып келе жатқан салт аттыны аңғарар емес. Тек ат дүбірі құлағына анық жеткенде ғана соңғы көкжал Әбілқайыр жаққа жалт бұрылды. Бірақ дәл осы сәтте ат үстінен тартып қалған хан жебесінің болат ұшы дәл жүрек тұсынан кеп қадалды. Қасқыр қыңсылай барып, сылқ етіп бір бүйіріне қарай құлай кетті. Әбілқайыр оған бұрылып та қараған жоқ, енді екінші қасқырдың тұсына жете беріп, оны да омақата құлатты. Осылай заматта үш қасқырды сұлатты. Алдында әлі де екі-үш көкжал бар. Бірақ ханның қорамсағында жалғыз жебе қалды. Ол енді соңғы арқарға таяу келе жатқан, биіктігі тайыншадай, көкжал арланды түсірмек болды. Бойы бусанып, қызып алған Тарланкөк ойқастай таяй бергенде, үзеңгісіне шіреніп, ерінен көтеріле түсіп, кейін қарай сәл қисая, «иә, сәт!» деп қайың садағын тартып қалды. Өкпе тұсынан жарым қарыс кірген жебе өз қайратын көрсетті, қасқыр ышқынып бір секірді де, домалап-домалап барып сұлап түсті. Алдыңғысының қалай құлағанын көрген соңғы екеуі ық жақтарында кенет пайда болған қауіпті салт аттыны аңғарып, жалт бұрылып желге қарай салды. Әбілқайыр оларға бұрылған жоқ, шаңырақ мүйіз арқарлардың ең болмаса біреуін алып қалайын деп,ат қарқынын бәсеңдетпей садағын иығына іліп жіберіп, беліндегі жарты құлаш көк құрыш алдаспанын суырып алды. Бірақ дәл осы кезде жануарлар жұбын жазбаған қалпында жардай болып тұтасып тұрған қамысты жапыра қиратып арасына кіріп жоқ болды. Хан қамысты жанай шауып, Тарланкөгін әзер дегенде барып тоқтатты. Бірақ дәл осы сәтте Тарланкөк үрейлене шыңғырып жіберіп, көкке шапшиды. Атының үстінен жерге құлай жаздап, жалына жабыса қалған Әбілқайырдың көргені қарсы алдында, он бес қадамдай жерде, қан-жоса етіп күл-талқанын шығарған бұғының етінің жанында өзіне қарай шөге түсіп жатқан есік пен төрдей тарғыл жүнді жолбарыс болды. Көзі тасырайып, мұрты жыбырлап, шабар алдындағы әдетіне салып, ұзын құйрығымен жерді бұлаңдата ұрады. Тарланкөк арындап кеп, алдыңғы аяғын жерге тигізе бергенде, жолбарыс та атылды. Әбілқайырдың бар қолынан келгені жалаңаш алдаспанымен басын қорғай берді. Бірақ аппақ үлпе бауырын жаза атылған жолбарыс Әбілқайырға қанжар тістерін сала алмады, кенет гүрс етіп жерге құлады. Көзін ашып алған ханның көргені, бағанағы көкжал қасқырдың өкпесіне өзі қадаған жақ оғындай алып жолбарыстың дәл жүрек тұсынан кірген садақ жебесі болды. Жолбарыстың құр дір-дір етіп қозғала алмай жатқанына қарағанда жебе ар жағынан бір-ақ шыққан тәрізді. Бұны садақ оғының бер жағында шошайған екі қарыстай сабы көрсетіп тұр. Алып жолбарысты жалғыз оқпен жайрату үшін алып күш керек. Бұл кімнің қолынан келеді?
Әбілқайыр енді садақ атылған жаққа қарады. Жақында «осы Сейхун бойында Саян батыр бастаған бір топ аламан жігіттер пайда бопты, істейтіндері бекзадалардың малын талау, әсіресе, Көк Ордаға өшігулі деп естіген. Әбілқайыр жиде қойнауынан шыққан көк сауытты, мұздай боп қару-жарақ асынған жүзге тарта кілең жас жігіттерді көрді. Алдарында үш күреңнің біреуіне мінген батыр Саян, жанында екінші күреңге мінген өзінің туған қызы Гүлбаһрам-Патшайым... Хан жолбарыс көргеннен бетер, не істерін білмей сасып қалды. Саянның қолындағы садақтың жебесіз екенін көріп, өзін құтқарған қас батыр осы екенін білді. Енді біржолата абыржыды. «Ханды ажалдан алып қалған жас батырға алғыс айтып басын ию керек пе, әлде өзі өлім жазасына бұйырған, рұқсатсыз қызын қатын қылған қас жауына жалаңаш қылышын жарқылдата қарсы шабуы керек пе?»
Хан осылай шешім таба алмай абыржып тұрғанында, қызы Гүлбаһрам садағын алып, қорамсақтан қозы жаурын жебені әкесіне қарай кезей бастады. Әбілқайырдың жүрегі дір ете қалды. Өзіне шапқалы жатқан жолбарысқа ең болмаса бетін қорғай жалаңаш алдаспанын қарсы көтеруге жараса, бұ жолы өйтуге де күші жетпеді. Бүкіл денесіне қорғасын құйғандай қозғала алмады. Жанының тәттілігі де, дүниенің қымбаттылығы да, аңға сауыт киіп шықпағаны да — бәрі осы көзді ашып-жұмғандай мезетте, жүрегін удай ашытып өкіндіре санасында жарқ етті де, кенет сөне қалды. Шыңғыс тұқымының мейірімсіз келетіні өзіне мәлім, көзін жұма берді. Бірақ жүрегіне көк құрыш сүйір ұшты жебе қадалмады. Аздан кейін жанынан өтіп бара жатқан ат дүбірі мен Гүлбаһрамның даусын естіді.
— Бекер қолымды ұстап қалдың, — деді қызы әкесінің тұсынан өтіп бара жатып. — Егер, біз қолына түссек, бірден басымызды алар еді.
Оған қоңырқай дауыс жауап берді.
— Өз әкесін өзі өлтірген әйелмен, қанша жақсы көрсем де, бір төсекте жата алмас едім.
— Онда өзің өлтіруің керек еді.
— Әкесін өлтірген адамды қандай әйел шын көңілімен ерім дейді?
— Әрине ғой, — қызы күрсінді, — садағымды тартуға менің де дәтім бармас еді... Тек ыза... — сөздің ар жағы естілмеді.
Әбілқайыр аздан кейін көзін ашып жан-жағына қарады. Бірақ ешкімді көрмеді. Аламандар оң жақтағы қалың қарағаш арасына кіріп кетіпті. Кенет Әбілқайырға хабар берген керней үні шықты. Жорық дабылына үйренген Тарланкөк арқырай кісінеп қоя берді. Көп кешікпей серіктері де жетті. Өліп жатқан жолбарыс пен жолай жайрап қалған қасқырларды көрген Бахтияр-баһадур мен нөкерлері хан ерлігін мадақтай жөнелді. Бірақ оған Әбілқайыр ләм-мим деп тіл қатпады, қабағы түксиіп сазарды да қалды. Ол қазір алай-түлей өкініште еді. «Отыз жыл хан болсам да, осы мезгілге дейін өзіме керек адамды таңдай білмеймін. Әлгі жігітпен ғой тіл тапсам әскеріме қандай қолбасшы болар еді. Сондай адамдармен ғана әлемді бағындыра аласың! Қап! Қап!
Хан батырлығының куәсі етіп нөкерлері жолбарыс пен арлан қасқырлардың терісін сойып алып, алдарына бөктеріп, кейін қайтты. Әбілқайырда әлі үн жоқ, сол қабағын қарс жапқан қалпында. Тек нөкерлері ханның жеңісті екенін күні бұрын бар әлемге дабырлата білдіріп, сырнай-кернейлерін барылдата тартып келеді. Шатырларына таяғандарында ғана Әбілқайыр қасындағы Бахтияр-баһадурға:
— Егер мен жоқ жерде батыр Саян мен менің қызым Гүлбаһрам-Патшайым қолдарыңа түсе қалса, — деді өзгелерге естіртпей, — менің қызымның басын алыңдар. Ал батыр Саянды сый-құрмет көрсетіп босатып жіберіңдер.
— Құп, тақсыр!
Бахтияр, баһадур осы бір болмашы сөзден ханның неге үндемей келе жатқанын ұқты. Жолбарысты батыр Саян өлтірді-ау деп жорамалдады. «Бәсе, жолбарыс жүрегінен суырылған жебе хан жебесіне ұқсамайтын еді-ау». Батыр жігіттің тек жолбарысты ғана өлтірмей, ханды да ажалдан алып қалғанына шек келтірмеді. «Әйтпесе кекшіл Әбілқайыр оны қолға түссе босатып жібер демесе керек еді». Осының бәрін сезсе де Бахтияр-баһадур тіс жарып ештеңе демеді. Ханның көңілін көтерейін дегендей ол, құйрығы мен бас терісі жерге сүйретіліп бір нөкердің ерінің алдына бөктеріліп келе жатқан жолбарыс терісін көрсетіп:
— Қандай үлкен жолбарыс, — деді сол езу тартып күлімсіреп, — егер қарсы шапқан кезінде қолыңыз дірілдеп кетіп садақты тарта алмай қалсаңыз ғой, жарып тастауы кәміл еді. Бір ажалдан батырлығыңыз құтқарды. Бұл ажалдан аман қалғаныңызға зор қуаныштымын. Сіз көрінбей кеткеннен-ақ «Ақсарбас!» садақаны айтумен болдым.
Қарсы шапқан жолбарысқа оқ кеудесінен, не басынан, әйтеуір қарсы жағынан тиер еді, ал өлген жолбарыстың жебе өкпе тұсынан қадалған-ды. «Қарсы шапқан жолбарыстың» деген сөзінен Бахтияр-баһадурдың жолбарысты мұның өзі өлтірмегенін сезіп қалғанын хан бірден ұқты. Бірақ мыңдаған жауынгерлердің жеңісін өз жеңісі санап әдеттенген хан, «жолбарысты батыр Саян өлтірді» деуге аузы бармады. Әйтсе де баһадурдың сөзін түсінгендігін білдіре, ол қайтадан:
— Егер батыр Саян қолға түссе босатып жіберіңдер, — деді.
— Құп тақсыр. Ал екінші мәртебе қолға түссе ше?
— Онда басын алыңдар.
Бахтияр-баһадур езу тартты да қойды. Батыр Саянның ханды жолбарыстан құтқарғанына енді ол тіпті күмәнданбады. «Ажалдан аман алып қалғаны үшін, хан да оны бір рет өлімнен құтқаруын борыш санайды. Ал екінші рет қолға түссе. Істеген жақсылығы үшін қастық. Жақсылық та, жамандық та саудаға түскен, шіркін, қу заман!» Дегенмен, аламан жігіттерден сескенген Әбілқайыр бұдан былай қарай бұл маңға аңға шықпады. Бір апта өткеннен кейін, мыңдаған салмен сау-саламат Сейхун дариясының оңтүстік жағасына жүзіп шықты. Су киімдерін кептіріп тынығып жатқандарында, үш күн бұрын осы арадан Жәнібек пен Керейге қосыламыз деп Андижан маңайындағы қазақ руларының өтіп кеткенін естіді. Хан қашқан елдің соңынан түре қуып, қырып тастауға әскеріне атқа қонуға бұйрық берді. Әскері әбігерленіп, дайындалып жатқанда Самарқантты алған Мұқамет-Жөкінің сыйлыққа жіберген көші жетті. (Әттең не керек, Әбусейіт Қорасаннан қайтқан соң, бөтен әмірлердің күшімен өз тағын қайтадан Жөкіден тартып алды). Жүз қызыл нарға Самарқанттың бар қазынасын арттырып жібергендей Мұқамет-Жөкі. Ал бұл керуенде жүз нарға тиелген алтын ыдыс, парша, манат, шағи, дүрия, қамқа. Самарқант кілемдерінен де қымбат Әбілқайырға арналған ерекше қазына бар болып шықты. Ол Әбусейіттің үлкен бәйбішесінен туған Ғибадат-Сұлтан-Бегім еді. Қос анары жаңа пісіп келе жатқан алмадай қап-қатты, үлкен қарақат көздері қолға түскен құралайдың көзіндей жаудыраған, жаңа қыз болып қалыптасып келе жатқан сұңғақ бойлы жас сұлудың мысы жеңді. Әбілқайыр қашқан елдің көшін шабуды ертеңге қалдырды. Сол күні түнде күміс бағаналы көк жібек шатырдың ішінде әлі тұғырынан тая қоймаған кәрі көкжал он үш жасар уылжыған ақ тотының аппақ төсінен шөлі қана тояттанды. Кешеден бері Ғибадат-Сұлтан-Бегімді көргеннен бүкіл денесін билеп кеткен қызуын баса алмаған Әбілқайыр, енді көңілі бір саябырлап қалың қолына көтерілуге бұйырды. Бірақ жіберілген ертөлелерден қашқан көш түнде Сейхун дариядан кейін, Қараталға қарай өтіп кеткенін естіді. Кешегі салдарды суға ағызып жіберген хан, қайтадан бір жеті сал тоқытып, кейін шегінгенше қыруар ел мекендеріне жетіп, бекініп алатынын түсінді. «Үргенішке туымды тігіп, әбден күшейіп алып Моғолстанды шапсам, әр жерге бір көшіп жүрген қазақтың қаңғыған рулары қайда кетер дейсің!» деп ойлап Әбілқайыр бетін қайтадан Жейхун дариясының жағасына бұрды. Бір түннің қызығына хан Ордасының болашағын айырбастаған қатесін ол бұ жолы аңғармады. Тек жиырма жыл өткеннен кейін бұл қатенің ауыртпалығын балалары көтерді. Өйткені осы қалың көшті Көкше теңізге құятын Қаратал өзеніне бастап бара жатқан — қазақ елінің болашақ ұлы ханы, Жәнібектің баласы Қасым сұлтан еді. Әбілқайырға бір түнде түсетін жеңіс, артынан барып оның балаларына отыз жылдық күйреуге айналды.
Хан қалың қолымен құмайтты, сорлы сұрғылт даланы басып үш күннен кейін, Жейхун дарияның сол жақ жағасына жетті. Енді осы дарияның бойымен жоғары қарай жүріп отырып, Үргеніштің тұсынан шықты. Бұрын, отызға толмай тұрған шағында ол қан-жоса қырғыннан кейін екі аптаның ішінде Үргенішті алған-ды. Шаһарға көк Орданың көкшіл жібек туын тіккен. Орда-Базардан хан Ордасын мүлдем көшіруді ол кезде ойлаған жоқ еді. Сол күннен бастап Әбілқайыр тағы шығыс патшаларының ең күштілерінің біріне айналды. Үргеніштің жазық даласында алтын айлы, көк күмбезді мешіт салдырды. Стамбул, Пекин, Рум, Мәскеуден шеберлер алдырып, ақ тастардан, күйдірген қызыл кірпіштерден хан сарайларын тұрғызған. Әйтсе де жат жерді ұзақ қоныс ете алмаған. Ал қазір Үргенішті қапелімде қолға түсіріп, мүлдем басып қалуға күші жетпеді. Енді, амал жоқ, атының басын кейін бұруға тура келді. Бұ жолы Әбілқайырдың көздеген ескі қонысы — Сығанақ болды...
Әбілқайырдың сырты бүтін, іші түтін еді. Бет келбеті де қара күреңденіп кеткен. Жәнібек пен Керейдің және оларға ерген рулардың ішіне қан қатқанына, ашу, араздықтың оңайшылықпен тарқай қоймайтынына анық көзі жеткенімен, олар өзінен бүйтіп ат құйрығын кесісіп, мүлде бөлініп кетер деп ойламаған. Бөлінген күнде де адымы кең болмас, қайта оралар деген. Бүйтіп атадан балаға мирас қалар жаулыққа шыдамас, өйтуге батылдары бармас деп көңілін жұбатқан. Енді міне... Олар біржолата оралмай келмеске кеткен екен...
Жорық кезінде аздап басылған ыза, Сығанаққа келгеннен кейін қайта өршіді. Туын тігісімен Әбілқайыр шыдай алмады.
— Бас әскербасы қайда? — деді Әбілқайыр үй тола отырған батыр, сұлтандарға сүзіле қарап.
Қол қусырып сырттан кірген жасауыл сол еңкейген бетте шегіншектеп шығып кетті. Сыртта бір құлтекінің аузынан екінші құлтекінің аузына көшкен «Әскербасы Бахтияр сұлтанды алдияр тақсыр шақырып жатыр» деген дауыс бірте-бірте әлсіреп, әлдеқайда көше қуалай ұзап барып мүлде өшті.
Көп ұзамай-ақ хан сарайына қыран қабақ, нар денелі, апай төс, орта жастан асқан бас әскербасы Бахтияр сұлтан келіп кірді. Жақсылық хабармен шақырылмағанын білігі еді, бірақ әміршісінің қанын ішіне тарта, сұрланып алған түрін көргенде көп сұмдықты басынан кешкен жүрегі зырқ ете түсті. Дегенмен сыр бермеді, ханның оң жағынан кеп орын алды.
— Бахтияр баһадур! — деді Әбілқайыр. — Күн нұрынан жаратылған қасиетті бабам сайыпқыран Шыңғысханды ауызға алмай-ақ қояйын. Бүкіл Дешті Қыпшақты билеген Жошының тұсында елдің бір бөлігі ханнан безіп, түп көтеріле көшу деген болушы ма еді.
— Жоқ, алдияр, — деді әскербасы.
— Ал, сол Жошының атының тұяғы тиген жерге мен де тегіс билік жүргіздім. Жошы әкесі Шыңғыстың арқасында жетіп еді ғой ол билікке. Дешті Қыпшақты дүрілдетіп қайтадан ел қатарына қосқанда мен тек күшіме, әз ақылыма ғана сүйенгем...
— Иә, алдияр, қияға тек қыран бүркіт қана жете алады, — деді әккі әскербасы, мұндай сәтте хан иесінің мақтан сүйетінін есіне алып.
— Бірақ қыранға да серік керек, — деді Әбілқайыр.— Жошы бабамыз жанына кімді ертерін білген... — Сол себептен де жеңілмей келген... Ал мен...— хан айтайын деген сөзін бүгіп қалды, — соның арқасы болуы керек, қарамағымдағы елімнің тең жартысынан айрылдым...
Әбілқайыр ашуға булығып, демігіп, сөйлей алмай қалды. Бахтияр сұлтанда да үн жоқ, орданың ішінде шыбынның ызыңы естілердей ауыр тыныштық орнады. Ақыры үнсіздікті Әбілқайырдың өзі бұзды.
— Ханның әмірінен бас тартып, Моғолстанға қашқан қарашылардың жазасы қандай болмақ?
— Өлім... — деді Бахтияр дау сын қатты шығаруға қорыққандай күбір етіп.
Сол-ақ екен. Ордада тұрған жұрт бірауыздан ду ете түсті.
— Өлім, алдияр.
— Өлімнен басқа кесім болмауға тиіс.
— Өлім.
Айтарын айтып қалғанмен, бәрі де өз сөздерінен өздері қорыққандай жамырай барып қалт тынды.
— Үкімдеріңе разымын, игі жақсылар — деді Әбілқайыр зорлана жымиып.
— Оны орындау өздеріңе жүктеледі. Қолда бар әскер түгел ертең таңнан қалмай осы Орданың түбінен табылсын. Жаудың қорғанын қырып, қалғанын құлақ кесті құл етіп өз деңгейіме бас ұрғызбасам, Әбілқайыр атым құрысын!
Қанша ашуланса да, дауыс көтермейтін Әбілқайырдың мұншама ерен сөйлеуінің себебі ызадан екенін жұрт бірден ұқты. Қарсыласып ешкім тіл қатпады.
Бұйрықты беру оңай да, оның орындалуы қиын. Мұны Әбілқайыр жақсы білетін. Әсіресе бұ жолы. Сөйтсе де тәуекел деп ойлаған. Егер қарауында қалған елдің бас көтерер, қару ұстар ер-азаматтары түбімен қопарыла аттанса, әлі орналасып болмаған Керей мен Жәнібек көшін талқан етіп шауып, ел-жұртын шулатып, алдына сап малша айдап қайту оған мүмкін-ақ көрінген.
Бектер мен батырлар, «игі жақсылар» Ордадан шығысымен-ақ әрқайсысы ох» қарауындағы руларына шапқан. Елдің елеңдеп отырған уағы, бір күннің ішінде әскер жиып алу әбден мүмкін іс еді. Басқаны былай қойғанда, хан Ордасының төңірегінде отырған, Әбілқайырға әбден берілген, сенімді деген сарбаздың өзі қаншама.
Бас әскербасы Бахтияр хабаршы, шапқыншыларды аттандырып болысымен, осы өз қарауындағы сарбаздарды жорыққа қамдауға кіріспек болды.
— Үргеніштен қайтқалы жамбастарың сарғайып аз жатқан жоқсыңдар, — деді ол Ордаға өңшең «жақсылардың» тегіннен-тегін жиналмағанын аңдап, әлдебір сұмдықты күтіп топ-топ боп, үдірейісіп тұрған сарбаздарға келген бойда. — Қылыштарың да қынабында жатып қалып, тот басуға айналған шығар. Құдай тілеулеріңді берді. Олжаға да қарық боларсыңдар.
— Уә, пәлі! — деді бір жас сарбаз ыржалақтап. Қынабынан қылышын суыра түсіп, жөткірініп қойды. Әйткенмен, қалған жұрт бұл құсап алақайлап кеткен жоқ. Сөздің артын тосып тұр.
— Бұл жолғы жау — басы шоқты қалмақ та, жылмағай жүзді шүршіт те емес. Алынуы оңай жау. Ел болып басын қоса алмай жатқан әлгі Керей мен Жәнібектің қашқындары. Ал қашқан жауға қатын ер...
— Ой-дой!
Әскербасы көп ішінен күңк ете түскен дауысты құлағы шалып қалса да, құр дөңайбат жасаумен болды.
— Қашқан жауға қатын ер, — деді ол сөзін қайталап, жан-жағына көз тастап. Кәне, батыр болсаң шығып көрші дегендей, әскеріне түксие қарап біраз тұрды. Бірақ бұл жолы тірі жан қыбыр етпеген соң, сөзін қайта жалғастырды. — Ал сендер сайыпқыран ерлер емессіңдер ме?! Тентек Жәнібек пен ақылынан адаса бастаған Керейді ат құйрығына байлап, ал оларға еріп, ханымыздың қасиетті Ордасынан безген жалаңаяқтарды қойдай маңыратып, қозыдай шулатып айдап келу — сендер үшін түк емес.
— Сайыпқырандық қолдан келсе! — Бұл — мана алғаш үн шығарған кісі еді. Жасы отыз бес-қырықтардағы көк көз сары жігіт Орысбай болатын. — Шаруадан босай алсам жақсы ғой...
— Менде сылтауратар ешқандай шаруа жоқ, бірақ... бұл сапарға қинамасаңыз... — Бұл сөзді айтқан бетінде қылыш таңбасы бар, елулер шамасындағы кәрі жауынгер Қоқыш деген еді. Бар өмірін Әбілқайыр есігінде өткізген кедей төлеңгіт...
Сол-ақ екен, күңкіл-сүңкіл көбейіп кетті.
Шаруа жайы қиын ғой, жорықтан қажып қайттық...
— Мал бар, бала-шаға бар...
— Уақыттың өзінің тар боп тұрғанын көрмеймісіз...
— Тоқтат, өңшең шуылдақ! Әскербасы ақырып жіберді. — Бұрын соғыс көрмеп пе едіңдер? Жорық көрмеп пе едіңдер? Сонда үйде шаруам қалды, қатыным қалды деп қайсың айтушы едің?! Әлде ел шетінде шұбырып көшіп жүрген аз ғана тобырдан қорқамысыңдар? Атаға тартпай туған өңшең су жүрек!
— Тақсыр, — деді Орысбай иығын қомданып, алға шығыңқырап. — Әрине, біліп, сезіп отырсыз, шаруа дегеніміз тілге тиек қана. Шынымды айтсам, мен жазықсыздан-жазықсыз өз бауырларыма қарсы қылыш көтеріп, адам алдында бір, құдай алдында екі күнәкар болғым келмейді. Онсыз да төгілген қан аз емес. Дәрежең кем демесең, мен де ата мен анадан туған ұлмын. Ешкімнің де басыбайлы құлы емеспін. Өз еркім өзімде. Бұл жорыққа бара алмаймын.
— Қинамаңыз, мырза.
— Тақсыр-ау, ел бетіне қалай қараймыз...
— Хан мен сұлтандар жанжалдасты деп екі ортада шаруа неге қырылуы керек...
— Өзара жауласудың қанша қажеті бар...
Жұрт дабырласып, дүрлігісіп кетті.
— Әй, Қоқыш, әй, Такежан, әй, Күйгенбай, — деді әскербасы қарашы халықтың мына райын аңдаған соң, Әбілқайырдың басыбайлы төлеңгіттерінің атын арнайы атап. — Хан иемнің бауырында өскен күшік емес пе едіңдер, дәмін ақтамай, құдайды ұмытқандарың қалай?!
Топ ішінен біреудің кеңкілдеп күлген даусы естілді. Бірақ төлеңгіттердің көбі не айтарын білмей тосылып қалған еді, көп атынан Қоқыш сөз алды.
— Дәм ақтайтындай, ешкімнің хақысын жеген жан емен, — деді ол әскербасыға тура қарауға қаймыққандай, көзімен жер шұқып. — Бірақ хан бұйырса қай жорыққа болмасын барам. Әйткенмен, тақсыр, сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды деуші еді, құр қара көбейтсін демесеңіз, қан төгуге ар-ожданым шыдамас.
— Өңшең ез! Сендер жау түсірмек түгіл, өздерің олжаға кетерсіңдер! —деді күйіп кеткен әскербасы булыға.
Бұдан әрі күш көрсетуге Бахтияр сұлтан бара алмады. Әскер дені көшкен елмен тілектес екенін сезгендіктен не айтарын білмей тұрып қалды.
Кешке қарай әр тараптан хабаршылар да жете бастады. Елегізіп отырған ел хан жарлығын қуанышпен қарсы алмапты. Тіпті, кейбір рулар хан ием біздің Жәнібекке ермей, өз қарауында қалғанымызға неге шүкіршілік айтпайды десіпті. Ал енді бірталайы игілікті іс үшін хан өлімге жұмсаса да барар едік, бірақ бұ жолғысы қиянат, өз бауырларымызбен соғысуға аталарымыздың аруағынан қорқамыз деген көрінеді. Жарлыққа мойын ұсынғандар аз еді. Осының нәтижесінде Әбілқайыр жасағы ханның өз ойлағанынан екі-үш есе кем боп шықты. Бұл жиналған жұрттың өзінің қаншалық сенімді екені күмәнды.
Ақыры хан, үстіне жан адамды кіргізбей, көз шырымын алмай, дәм татпай ақ орданың ішінде бір күн, бір түн бойы ерсілі-қарсылы сенделіп жүрген де қойған. Әбілқайыр бұ жолы, шынтуайтқа келгенде ел тағдырын хан мен сұлтандар емес, халықтың өзі шешетінін ұқты. Қазір Дешті Қыпшақтың қалың бұқарасы өзінен опа шегіп, қазақтың жеке хандығын құрамыз деген рулар жағына мүлдем шығып кеткеніне шек келтірмеді. Енді ол Жәнібек пен Керейлерді хандық құрмай тұрғанында басып алу үшін жорыққа аттану жайлы ойынан бас тартты. Өйтпеске шарасы да жоқ-ты. Жаралы арыстан сияқты ызалы хан іші қазандай қайнағанмен күресуге дәрмені жоқ, істің ақырын күтіп, аңысын аңдуға көшті.


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет