Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
28
көл, Алтын Емел, Ертіс өзендерімен бітеді. Солтүстігінде Көкше теңіз (осы күнгі
Балқаш көлі) бен Қаратал өзені жатыр. Күнбатысында Ташкент пен Түркістан,
Оңтүстігі Қашқар, Ферғана, уәлиеті мен шығыс Түркістандағы, Тұрфан қаласы.
Билеп
тұрғандар Иса Бұғы, Шир Мұхамед, Уаис секілді Жағатай ұрпағынан
шыққан хандар. Қарамағындағы елдердің көпшілігі Үйсін, Жалайыр, Дулат,
Қаңлы, Ұйғыр, Найман, Қоңырат.
Әбілқайыр ханның ордасындағы Арғын билерінің де көз тіккені — осы
Моғолстан! Жеке ел боламыз деп Орыс хан ұрпақтары Жәнібек пен Керей
сұлтанның да көше қалса, барар жері осы Моғолстан.
«Мұндай
жағдайда, Иран ханы Смайылдың да бас көтеріп, Ақсақ Темір
балаларының тізгінін үзіп кетпек боп тұрған кезде, ел билігін мықты ұстау қажет.
Қыпшақтың дегенін істеймін деп өз ордамда бүлік шығарсам, өзгелердің ордасын
қалай жаулап алам?..»
Дәл осы кезде дәйекші екі нөкермен тұтқын жігітті алып кірді.
— Хан ием, бұйрығыңыз мүлтіксіз орындалды.
Әбілқайыр әлі де терезеге қарап тұрған-ды. Енді ол ақырын бұрылды. Тұтқын
жігітке көз қырын салар-салмастан сұп-сұр болып өзгеріп кетті. Батыр Саянды ол
бұрын көрмеген-ді. Ал мынау қарсы алдындағы жиырма бес жасар батыр... Өзінің
Ұлықбектің қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім сұлудан туған үлкен баласы Сүйіншіктен
аусайшы! Жоқ, Сүйіншік бұдан аумайды. Алғашқы көзі түскенде Сүйіншік екен
деп те қалды. Қалың қабақ, қыр мұрын бозғыл түс, құмай көз... Өз баласындай
еңселі.
Қимылы да барыс тәрізді шапшаң, епті болуы керек. Тек Сүйіншіктен
айырмасы — қою қара мұрты бар...
Әбілқайыр хан Рабиу-Сұлтан-Бегім ханымның қабырғасы қайысып мұны неге
«аталық» етуін сұрағанын бірден түсінді. Бойын кенет орасан ашу билеп кетті.
Шешім өзінен өзі келді. «Бұл жігіт, өлуі керек! Бүгін! Қазір! Дәл осы арада!».
Әбілқайыр құндыз жағалы, алтын зерлі көк мақпал шапанының ішінен байлап
алған қорасан құрышынан жасалған болат қанжарының сабына қолының қалай
барып қалғанын өзі де аңғармады.
Ханның құбылған түр келбетінен, оқыс қимылынан, оның қандай қатал әрекет
жасамақ болғанын жас жігіт сезіп тұрса да, орнынан қозғалмады. Тіл қатып өтініш
те айтпады. Тек екі қолы артына кісенделген қалпында арыс кеудесін сәл
шалқайта, Әбілқайырдан өткір көзін аудармай тістене бекініп, қатты да қалды.
Хан түксие қарады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» тұтқын жігітпен тіл
қатысуды жөн көрді.
— Өзіңе қойылған айыпты мойныңа аласың ба? — деді ол тамағына келіп
тығылған ашуы мен күдік кірбеңін әзер басып, даусы дірілдеп кетіп.
Жігіт сол тұрған қалпынан титтей міз бақпады. Тек басын сәл иді.
— Жоқ, өзге айыбым болғанменен, Қобыланды батыр айтқандай күнәм жоқ,
иланыңыз, хан ием...
«Өзге айыбым болғанменен» деген сөзден хан бұрынғысынан да бетер күйіп
кетті. «Өзге айыбыңның қандай айып екенін білемін.
Жасырмай менің бетіме
айтуға қалай тілің барды? Сәл шыда, ол тіліңді де шоқ басылғандай күйдіргенімді
көрерсің!..» Бірақ ханның «өзге айыбың қандай айып?» деп сұрауға дәті бармады.
Бойын билей жөнелген ашу, нағыз бір аузы-мұрнын кигізбен қаптағандай
тұншықтырып әкетіп барады. Ойды алып, жүректі өртеген ызаны ықтай берді. Хан
даусы шағатын жыландай енді ысылдай шықты.