Алмасай ауылдық округі әкімінің 2011 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі Құрметті жерлестер! Елбасының 6 сәуір 2005 жылғы №1546 «Жергілікті атқарушы органдарының жергілікті тұрғындар алдында атқарған жұмыстар жайындағы есебі»



Дата23.02.2016
өлшемі95.48 Kb.
#2615
Алмасай ауылдық округі әкімінің 2011 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебі
Құрметті жерлестер!
Елбасының 6 сәуір 2005 жылғы № 1546 «Жергілікті атқарушы органдарының жергілікті тұрғындар алдында атқарған жұмыстар жайындағы есебі» туралы жарлығына байланысты 2011 жылы атқарылған жұмыстар туралы сіздердің алдарыңызда есеп беруге рұқсат етіңіздер.

Ауылдық округінің әкімі өз қызметін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 35- бабында белгіленген құзырлығындағы міндеттер негізінде атқарады.

Құқықтық жағынан ауылдық округ әкімі керекті заңнамалармен, басқа да нормативтік құжаттармен қамтамасыз етілген және қызмет барысында осы құжаттарды басшылыққа алады.

Сонымен қатар, жұмыс регламенті, жылдық және айлық жоспарлар, ауылдық округі әкімінің қағидасы бойынша өз жұмысын жүргізеді.

Округтегі атқарылып жатқан жұмыстар Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Болашақтын іргесін бірге қалайық!» жолдауынан туындап отыр. Елбасының Жолдауын насихаттау және түсіндіру жұмыстарын жұгізуге «Ұлан жастары» бастауыш ұйымы, ақпарат-насихат тобы, ақсақалдар, әйелдер алқаларының, ардагерлер кеңесінің және «Нұр Отан» Халықтық демократиялық Партия мүшелері ат салысады. Бүгінгі таңда округ бойынша «Нұр Отан» ХДП-ның мүшелер саны 116 адам. 2011 жылы 3 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткізілді. Осы саяси науқанға округ тұрғындары ұйымшылдық көрсетіп, белсене қатысты.

Өткен 2011 жыл Қазақстан елі үшін өте ерекше, айтулы жыл. Көптен күткен, талай ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге 20 жыл толды.

20 жыл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі – Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы болып отыр. Еліміздің тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің орныға түсуі, ұлттық қауіпсіздік, экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы, Қазақстан халықтарының өз болашақтарына деген берік сенімі,  қазіргі замандағы өркениетті қауымдастық ортасында іргелі елге айналуы – стратегиялық негізгі бағыттарды құрайды. 2011 жылғы Алмасай ауылдық округі бойынша біршама жұмыстар атқарылды.

Ауыл шаруашылығы
Ауылдық округ аумағының жалпы ауданы 28 989 га құрайды. Ауыл шаруашылық маңызы бар жерлердің көлемі 19 171 га. Оның ішінде егістік жерлердің көлемі – 3755 га, жайлымдар –12 653 га. Округ аумағында 116 шаруа қожалығы, 2 өндірістік кооператив тіркелген. Шаруа қожалықтары негізінен мал шаруашылығымен айналысады.

2011 жылы егістік алқабы 1400,5 га құрады,оның ішінде арпа- 20 га, картоп- 22 га, көконіс- 5,4 га, көпжылдық шөптер- 1353,1 га. Округ тұрғындары өткен жаз және күз мезгілдерінде 9 рет облыстық және аудандық ауылшаруашылық өнімдерін саудалау жәрменкесіне қатысты. 2200 кг ірі қара мал еті, 750 кг қой еті, сүт өнімдері: сары май, қаймақ, ірімшік, құрт сатылды. Жәрмеңкеге белсенді қатысқан ауыл тұрғындары: Шынтемиров Бейбит, Сагатов Мейрамгазы, Кумышева Карлыгаш, Сыдыканова Бикеш, Акажанова Куляш.

Округ аумағында тіркелген шаруа қожалық басшыларымен бөлінген жерді тиімді және мақсатты түрде пайдалану туралы мәселе азаматтық жиындарда бірнеше рет көтерілді. Сонымен қатар, шаруа қожалық басшыларына тиімді пайдаланбай жатқан жерлерді шабындық немесе жайылымға ауыстыру, егістік көлемін өңдеп, дәнді дақылдар немесе көп жылдық шөптер егу туралы ескертілді. Округ аумағында тұрмайтын және ауылшаруашылығымен айналыспайтын 22 шаруа қожалықтарының тізімі аудандық жер қатынастары бөліміне жіберіліп, қазіргі таңда оларға шара қолдану жұмыстары жүргізулуде.

Ауылдық округте екі елді мекен бар. Жалпы тұрғындар саны -1563 адам. Б. Өтепов ауылы бойынша – 490, Алмасай ауылы бойынша- 1073 адам.

Округ бойынша 329 аула бар, оның ішінде Алмасай ауылында- 226 аула, Б. Өтепов ауылында -103 аула. 2012 жылдың 1 ақпанына 2294 бас ірі қара мал, 3197 бас ұсақ мал, 319 бас жылқы, 1240 бас құс тіркелген.

2011 жылы 5402,4 центнер ет, 32 444 центнер сүт, 380 центнер қымыз, 133 мың дана жұмыртқа өндірілді.


Кәсіпкерлік
Жалпы округ бойынша жеке кәсіпкерлікпен айналысатындардың саны 24 адам. Соның ішінде 7 дүкен, 1 дүнгіршек, екі мектеп жанындағы асхана, екі врач- лицензиат жұмыс жасауда. Бақташылардың барлығы салық басқарасында тіркеліп, патент арқылы малды жайды. Күнделікті әкімшіліктің маманы негізгі тауарларға бағаның тұрақты болуы мақсатында мониторинг жүргізеді және аудандық кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы және ветеринария бөліміне ақпарат жібереді.

2011 жылы 28 487 теңге – мүлік салығы, 72021 теңге жер салығы жиналып тапсырылды, біржолғы талонның жоспары 120 %-ға орындалды.


Бюджет
2010 жылы Алмасай ауылдық округі әкімінің аппаратының қызметіне және әлеуметтік сұрақтарды шешуге 5млн 938 мың теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат әкімшілік қызметкерлерінің еңбек ақысы, электркуат, байланыс қызметінің шығындарына, қызметтік көлікті пайдаланумен жөндеу жұмыстарына және кеңсе тауарларын алуға қарастырылған.

2011 жылы көшелерді жарықтандыру бойынша жұмыстарды жүргізуге бюджеттен 350 мың теңге бөлінді. 60 мың теңге электрқуатының шығындарына, 290 000 теңге істен шыққан шамдарды ауыстыруға жұмсалды. Округ аумағының санитарлық жағдайын қамтамасыз ету үшін 100 мың теңге, аббатандыру және көгалдандыруға 100 мың еңге бөлінді. Бұл қаражатқа ауылдардағы қоқыс төгетін орындардың маңайлары тазаланды. Көшеттер мен ағаштар отырғызылып, гүлзарлар салынды.

Бюджеттен бөлінген қаражат 100 % игерілді.

Келесі жылға округтің әкімі аппаратының қызметіне 6 млн 285 мың теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.


Әлеуметтік қорғау
Округ аумағында зейнеткерлер саны 169 адам, мүгедек адамдар саны 58 адам, бала жасынан мүгедектер саны 2 адам, тыл еңбеккерлерінің саны – 36 адам, «Алтын алқа» иегерлерінің саны – 25 адам, «Күміс алқа» иегерлерінің саны – 15 адам.

2012 жылдың 1 қаңтарына аудандық жұмыспен қамту орталығында тіркеуде 7 адам тұр. Жыл ішінде 39 адам ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды. Тұрақты жұмысқа орналасқандардың саны 5 адам. «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 11 адам қайта даярлау курстарында «жүргізуші», «шаштараз», «аспаз», «тракторист-машинист» мамандықтары бойынша оқып шықты.

Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2011 жылы 9 отбасына, жалпы сомасы 621 042 теңге ал балаларға арналған жәрдемақы 22 отбасына, жалпы сомасы 493 255 теңге. Жалғызбасты зейнеткерлерге, әлеуметтік жағдайлары төмен отбасыларына берілетін тұрғын үй жәрдемақысы 5 отбасына берілді.

2011 жылы аудан бойынша берілген разнарядка негізінде «Ұлан таңы» газеті 40 тұрғынға, «Егемен Қазақстан» газеті 14 адамға, «Казахстанская правда» газеті – 1 адамға тегін жазылу көмегі көрсетілді.

Округтегі жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсету үшін 1 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Оның міндетінде 7 жалғызбасты зейнеткерге көмек көрсету бекітілген. Ол пәтер тазалығын, дәрі-дәрмекпен, керек – жарақпен қамтамасыз етеуі, су әкелу, құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын атқарады. Әлеуметтік қызметкер ауылдық медициналық пунктімен тығыз қарым – қатынаста жұмыс істейді.
Білім саласы
Алмасай ауылдық округі аумағында 2 білім беру мекемесі жұмыс атқаруда. Алмасай ауылындағы Абай орта мектебінде жалпы оқушылардың саны -136. Мектепке дейінгі топта– 13 бала. «Ақбота» шағын орталыққа бала 25 барады.

2011 жылы мектепті 8 оқушы тәмәмдады. Ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша орта баллы – 94% құрады . 2011 жылы жоғары оқу орындарына 4 түлек, арнаулы орта оқу орындарына 4 түлек оқуға түсті.

Орта мектепте 29 мұғалім жұмыс атқаруда. Бүгінгі күні орта мектепке информатика, математика пәндерінің мұғалімдері қажет. 17 км. елді мекенінен мектепке дейін 13 оқушы тасымалданады. Мектептің автобусы күніне 3 рейс жасайды. Техникалық қамтамасыз етілген жағдайын айта кетсек, орта мектепте 4 компьютер және 16 ноутбукпен жабдықталған 1 мультимедиялық кабинет бар. 1 компьютер интернет желісіне қосылған. Компьютерлік сынып жоқ.

Жыл сайын жазғы демалыс уақытында оқушылар мектеп жанындағы учаскеде көкөніс өсірумен айналысып, жазғы лагерлерде демалды. Оқу жылы бойы бастауыш сынып оқушылары және аз қамтылған отбасының балалары (75 бала) тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Орта мектепте волейболдан, баскетболдан, үстел теннисінен, еркін күрестен спорттық секция жұмыс атқарады. Қатысатындардың саны 126 оқушы.

Б. Өтепов ауылындағы Амангелді негізгі мектебінде жалпы оқушылар саны-43, мектепке дейінгі топта- 5 бала. Шағын орталыкка 10 бала барып жұр. Бастауыш сыныптың оқушылары және аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары (барлығы- 29 бала) тегін ыстық тамақпен қамтылған. 7 компьютермен жабдықталған информатика кабинеті бар, 3 компьютер интернет желісіне қосылған. Негізгі мектепте 15 жоғары және арнаулы орта білімдері бар мұғалім жұмыс атқаруда.

Мектепте сыныптан тыс футболдан, хоккейден, тоғыз- құмалақтан, дойбыдан, үстел теннисінен, қол күрестен спорттық ұйірмелер жұргізіледі. Барлығы қатысатын оқушылар саны- 31. Негізгі мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Агланбеков Арыслан Орынбасарұлы өз шәкірті, осы мектептің түлегі Байгалиева Мөлдір Айдарқызы екеуі өткен жылдың желтоқсан айында Алматы қаласында өткен қол күрестен әлем чемпионатына қатысып, 36 мемлекет, 1500 спортшының ішінде жүлделі 4 және 5 орынға ие болып, арнайы сертификат алып қайтты. Ол үлкен жетістік. А. Агланбеков өз шәкірттерімен аудан, облыс, республика көлемдерінде өтетін қол күрес жарыстардың белсенді қатысушы. Облыс, аудан әкімдерінің құрмет грамоталарымен марапатталған. Ұлағатты ұстазға шәкірттерін тәрбиелеп оқытуда шығармашылық табыстар тілеймін.

2011 жылдың 1 қазанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20- жылдығына орай, «Тұған жерге тағзым» акциясы аясында Амангелді негізгі мектебінің 50- жылдық мерейтойы тойланды. Мерекелік іс- шараға облыс, аудан, жергілікті әкімшіліктерінің өкілдері, ұстаз зейнеткерлерлер, мектеп түлектері, ауыл тұрғындары және басқа да қонақтар қатысты. Мектеп түлектері демеушілік ретінде компьютер, музыкалық орталық, спорттық инвентарь, қаржылай да көмек жасады.

Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты биылғы Жолдауында әлеуметтік салалар ішінде білім беруге ерекше мән бергені- бұл еліміздің болашағына деген қамқорлығының жарқын көрінісі.
Медициналық қызмет
Алмасай ауылдық округі бойынша медициналық құралдармен жабдықталған екі медициналық пункт бар. Онда үш орта білімді медбике халыққа медициналық қызмет көрсетеді.

Медициналық пунктер медициналық құралдармен жабдықталған және салауатты өмір салтын сақтау жөнінде ақпараттар мен жас аналарға арналған бұрыштар орналастырылған. Алмасай ауылындағы медициналық пункт ғимараты қыс мезгілінде электр қуатымен, ал Б.Өтепов ауылындағы медициналық пункті отын және көмірмен жылынады.


Инфраструктура
Округ тұрғындары телефон байланысымен, электр қуатымен, әкелінетін газбен қамтамасыз етілген. Байланыс абоненттерінің саны Алмасай ауылында 185адам, Б.Өтепов ауылында 2011 жылы 37 абонентке жетті.

Алмасай ауылына кіреберіс 7 км. асфальт жолдың шұнқырларын жабу және пучиндық учаскесін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жолдың төлқұжаты жасалды.

Б. Өтепов ауылындағы Сібе өзенінен көпірді ағымдағы жөндеуден өткізуге 1млн 660 мың теңге қаражат бөлініп, толығымен игерілді.
Құқықтық қорғау
Округ аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстардың алдын – алу бойынша 1 учаскелік полиция инспекторы жұмыс атқаруда. Учаскелік полиция инспекторінде қызметтік көлігі, үйі жоқ.

Қоғамдық тәртіпті сақтауға көмек көрсету үшін «Сарбаздар» тобы жұмыс атқаруда.

Учаскелік полиция қызметкерінің профилактикалық есебінде 40 адам тұр. Оның ішінде, мерзімінен бұрын босатылғандар – 1 адам, бұрын сотталғандар – 3 адам, шартты түрде сотталғандар – 1 адам, созылмалы алкоголизммен ауыратын, наркологиялық диспансерде тіркелгендер саны – 35 адам, есепте тұрған жасөспірімдер жоқ.

2011 жылы Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексін басшылыққа алып әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін 80 хаттама толтырылды, оның ішінде: отбасылық – тұрмыстық аясында құқыққа қарсы іс - әрекеттер жасағандары үшін – 24 адам, бұзақылық жасағандары үшін – 2 адам, түнгі уақытта тыныштық сақтау ережесін бұзған үшін – 4 адам, қоғамдық орындарда мас күйінде жүргендері үшін – 12 адам, паспорттық режимін бұзғаны үшін – 27 адам, көріктендіру тәртібін бұзғандары үшін – 13 адам. Алкоголь өнімдерін шектен тыс пайдаланатын 2 адам мәжбірлеу тәртібімен емделуге жіберілді. 2010 жылдың 12 айы ішінде тұрғындардың арыз өтініштерін және құқықбұзушылық пен оқиғаларды тіркеу кітабында 66 фактілер, оның ішінде – 9 қылмыс тіркелген, қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде 5-еуі ашылды.


Тұрғындардың өтініштерін қарау
2011 жылдың 12 айында округ әкімінің атына 11 тұрғыннан және 1 заңды тұлғадан арыз - өтініш келіп түсті. Өтініштер негізінде тұғын үй мәселесі, жер және жерді пайдалану мәселелері, санитарлық тазалық мәселелері жөнінде. Барлық арыз - өтініштер уақытында қаралып, жауаптар қайтарылды.

Округтің санитарлық тазалығын жақсарту мақсатында жыл көлемінде біршама жұмыстар атқарылды. Округте елді - мекендерді көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жүргізу мақсатымен 2011 жылдың 15 сәуір - 15 -ші маусым аралығында екі айлық өткізілді. Көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалауды жүргізу үшін комиссия құрылып, іс – жоспары дайындалды және округтегі әр көшеге келісім бойынша жауаптылар тағайындалды. Негізгі мақсат - әр үй, аула, мекеме маңдарында тазалық орнатуды іске асыру. Әр аптаның бейсенбісі «Тазалық бейсенбісі» деп белгіленді. Тазалық жүргізу іс-шараларына ауылдық округ әкімшілігі, мектептер, шаруа қожалықтары, медициналық пункттердің ұжымдары түгел қатысты. Округте тазалық жұмыстарын жүргізу барысында аксакалдар, әйелдер алқаларының, ардагерлер кеңесінің, жастар бастауыш ұйымының мүшелері белсенділік көрсетті. Ақсақалдар алқасының мүшелерінің қатысуымен округтегі ауылдарда рейдтер жүргізіліп, ескертулер жасалды..

Округте өтетін мәдени шараларды ұйымдастыратын 2 мәдени қызметкер өз жұмысын атқарады. Б. Өтепов ауылында клуб бар. 2011 жылы округте барлық маңызды мерекелерге, атаулы күндерге арналған іс – шаралар өткізілді. Жыл көлемінде Жаңа жыл, 8 наурыз –халықаралық әйелдер күні, Наурыз мейрамы, 9 мамыр Жеңіс күні, 1 маусым – балаларды қорғау күні, Конституция күні, Білім күні және тағы басқа да мерекелеріне арналған концерттік бағдарламалар, би кештері өткізілді. 1 қазанда қарттар мен мүгедектер күніне арналған «Көгілдір от» мерекесі өткізілді. Осы бүгінгі күнді пайдаланып, округте өткізіліп жатқан іс – шараларға үнемі демеушілік көрсетіп отырған шаруа қожалықтарының басшылары Мейрамгазы Сагатовқа, Жанейхан Коксимбайға, Адылхан Меирбаевқа, Самат Караповқа, Ақылбек, Еркинбек Аубакировтарға, Мамбет Тугеловқа, Қаирды Сулейменовқа жеке кәсіпкерлер Алия Кыдырмолдинаға, Рысжан Жакежановаға, Жанат Еркебаеваға алғысымды білдіремін.

Президенттің және Үкіметтің саясаты арқасында жылдан жылға округ тұрғындарының тұрмысы жақсара түсетініне сенеміз және де сіздердің көмектеріңізбен округтегі көп сұрақтар шешіледі деп үміттенемін.


Назарларыңызға рахмет.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет