Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының 2012 жылы жүзеге асырылған жұмыстар бойынша анықтамасы Тіл мәселесінің қарастырылуы. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы»



Дата03.07.2016
өлшемі60.01 Kb.
#174782
Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының 2012 жылы жүзеге асырылған жұмыстар бойынша анықтамасы
Тіл мәселесінің қарастырылуы. «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын іске асыру, орындау туралы мәселелер 2012 жылдың 19 наурызында облыс әкімі аппаратының мәжілісінде, 17 мамыр күні Облыстық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында, Заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі облыс прокурорының жанындағы Қоғамдық Кеңестің 25 шілдедегі отырысында, сондай-ақ, Көкшетау, Степногорск қалалары және облысқа қарасты 16 ауданда аудан әкімдерінің отырыстары, аудандық мәслихаттың мәжілістері мен ономастика және тіл саясаты комиссиясының отырыстарында қаралды.

2012 жылы тіл саясаты облыс әкімдігінің 2011 жылғы 21 қыркүйектегі №А-8350 қаулысымен бекітілген облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылды. Аталмыш жоспарда негізгі 4 бағыт айқындалған.



1. Мемлекеттік тілді меңгеру.

2011 жылы облыс халқының 51%-ы мемлекеттік тілді меңгерген болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 63%-ға көтерілді, 2013 жылы стратегиялық жоспар бойынша бұл көрсеткіш 68%-ға жетуі тиіс.



1. Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру. Бұл міндет үздіксіз білім беру моделі арқылы жүзеге асырылады, сондықтан мемлекеттік тілді меңгертудің ең басты өзегі – білім беру мекемелері.

- Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, облыстағы балабақшалардың саны – 150, оның 40-ы қазақ тілді, 30-ы орыс тілді, 80-і аралас тілді. Олардағы бүлдіршіндер саны – 22960, оның 64%-ы, яғни 14784-і қазақ топтарында тәрбиеленеді. Былтырғы жылмен салыстырсақ, динамикалық өрлеу байқалады (былтырғы оқу жылы – 54%).

- Облыс бойынша жалпы орта білім беретін мектептердің саны - 631, оның ішінде қазақ мектептері - 180, аралас мектептер - 230, орыс мектептері - 221. Бұл мектептерде 102899 оқушы оқиды, оның ішінде қазақ сыныптарындағы балалардың саны - 44196, яғни барлық оқушылардың 43%-ын құрайды. Былтырғы жылдан тек 1%-ға артып отыр.

- Бүгінде облыс бойынша 44 колледж жұмыс істейді. Оларда оқитын студенттердің саны – 25899, оның 24,6%-ы, яғни 6387-сі қазақ тілінде білім алады. Былтырғы 21%-бен салыстырсақ, сәл де болсын ілгерілеу бар.

- Жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік тілдің ахуалына тоқталар болсақ, Көкшетау қаласында қызмет атқарып жатқан ЖОО-ындағы студенттердің жалпы саны – 17497, оның 5688-і қазақ топтарында оқиды, яғни 32,5%. 2013 жылғы түлектердің 27,5%-ы қазақ топтарын аяқтайтын болады.

2. Мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын дамыту. Бұл бағыттағы жұмыстар облысымызда дұрыс жолға қойылған. Қазіргі таңда 16 аудандық, 2 қалалық және облыстық оқыту-әдістемелік орталығы, яғни жалпы саны 19 орталық бар. Оның ішінде Көкшетау қаласы мен Астрахан, Еңбекшілдер, Жарқайың, Есіл аудандарында 2012 жылы ашылды. Биылғы оқу жылы 348 топта 3804 тыңдаушы тіл үйренуде. Соңғы 4 жылда тіл оқыту курстарына тартылған тыңдаушылар саны 51%-ға, ондағы мемлекеттік қызметшілер үлесі 54%-ға артып отыр. Осы уақытқа дейін сертификат алғандардың саны 2357-ні құрап отыр, оның 858-і мемлекеттік қызметшіге тиесілі.

Бағдарламаның екінші кезеңі, яғни 2014-2016 жылдары ҚАЗТЕСТ жүйесімен ҚР азаматтарының қазақ тілін білу деңгейін бағалау жұмыстары жүргізілмекші. Бұл талаптар осы бастан нәтижелі қолға алынып, ақпараттық насихаттау жұмыстары, алғашқы байқау сынақтары өткізілді. ҚАЗТЕСТ жобасы бойынша Степногорск қаласы мен Зеренді, Шортанды, Сандықтау, Егіндікөл, Ақкөл, Бұланды аудандарында, Көкшетау қаласындағы мекемелерде арнайы семинар-кеңестер өткізілді. Оқытушылардың біліктіліктерін жетілдіру мақсатында Астана қаласында өткен республикалық семинарларға облыстағы орталықтардан жалпы саны 47 оқытушы қатысты. Сондай-ақ, облыстық оқыту-әдістемелік орталығының бір апталық біліктілікті жетілдіру курсына Көкшетау, Степногорск қалалары мен Бурабай, Ақкөл, Жарқайың, Еңбекшілдер аудандарының орталықтарынан жалпы саны 13 оқытушы қатысып, оларға тиісті сертификаттар табыс етілді.



3. Мемлекеттік тілді оқыту процесін ынталандыру. Бұл орайда қазақ тілін өз еркімен оқимын деуші қала азаматтарына барлық жағдай жасау көзделеді.

- Облыстық оқыту-әдістемелік орталығы жанынан білім деңгейі бойынша тегін курстар ұйымдастырылып, қазір 5 топта 40 тыңдаушы оқытылуда;

- Көкшетау қаласының мемлекеттік тілді оқыту орталығы жанынан 2 топта 28 қала тұрғыны тегін оқытылуда;

- Облысымызда этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне қазақ тілін үйретуде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс бойынша қызмет көрсетіледі. Тапсырыс негізінде «Еуразия-Даналық» гуманитарлық зерттеулер жекеменшік қоры “Инновациялық технологиялар мен интерактивті оқыту әдістері бойынша мемлекеттік тілді жеделдете оқыту” жобасын іске асырды.



2-бағыт. Мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту. Бұл бағытта мемлекеттік тілдің беделін арттыру мен қолданудың аясын кеңейту жөніндегі келесідей жұмыстар атқарылды:

- өзге ұлт өкілдері арасында «Тіл – халық жанын танудың кілті», «Абай оқулары», «Балғын шақ», «Тілі бірдің – тілегі бір» байқаулары мен «Тіл – татулық тірегі» республикалық форумы, т.б. шаралар атқарылды;

- сондай-ақ, «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», облыстық орталық оқытушылары арасындағы «Үздік оқытушы» байқауы, «Үздік жарнама агенттігі», «Жігіт сұлтаны», «Мемлекеттік тіл және БАҚ», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте», Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқаулары, «Еңбек пен жасампаздық жыршысы» атты облыстық ақындар мүшәйрасы мен «Тілдарын» олимпиадасы, облыстағы орталықтармен «Армысың, әз-Наурыз» мерекелік шарасы өтті;

- тіл саясатын насихаттау, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Өңірлік тіл саясаты: белестен белеске (2011)» жинағы жарияланды, «Дүниеде қазақ деген ұлт барда қазақ тілі мәңгі жасай береді» атты бейнефильмі әзірленді, «Қазақ тілін білу – парыз» атты ролик түсіріліп, облыстық телеарнада көрсетілді;

- Бұланды, Астрахан, Қорғалжын, Жақсы, Ақкөл, Сандықтау және Зеренді аудандарында, Шортанды ауданындағы А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында, Көкшетау техникалық институтында семинар-кеңестер ұйымдастырылды;

- Кәкімбек Салықов, Шота Уәлиханов пен Жұмағали Саинның мерейтойларына орай әдеби-музыкалық кештер өткізілді.

Тіл саясатының басты бағыттарының бірі – оны бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау. Облыстағы газеттерде шамамен 35 айдар мемлекеттік тілді насихаттау, оқытуға бағытталған. Тіл мәселесіне қатысты жарияланымдардың БАҚ-тағы үлесі, 2010 жылмен салыстырғанда, 72%-ға артып отыр. Облыстық телеарнада берілетін барлық хабарлардың 69%-ы, радиода 50%-ы қазақ тілінде таратылуда.



3-бағыт. Қазақстандықтардың тілдік мәдениетін көтеру.

Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілде іс жүргізудің ахуалы жыл сайын жақсарып келеді. Мемлекеттік органдардан шығатын ісқағаздардың үлесі 2012 жылы 92,2%-ды құрап отыр. 2010 жылмен салыстырар болсақ, 13%-ға артқандығын байқауға болады. Өкінішке орай, 2012 жылы да бірде-бір аудан жүз пайыздық көрсеткішке жеткен жоқ.

Тіл заңнамасының сақталуын бақылау мақсатында прокуратура органдарымен бірлесіп, 2012 жылы облыстық ведомстволармен қоса, Бұланды, Астрахан, Қорғалжын, Жақсы, Сандықтау және Зеренді аудандарында жалпы саны 75 мекеме тексерілді. Нәтижесінде 6 прокурорлық ұсыныс жасалып, 20 лауазымды қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, іс жүргізудің материалдық-техникалық базасын нығайту, әдістемелік көмек көрсету мақсатында 2011 жыл мониторингісінің нәтижесі бойынша іс жүргізуді 100% мемлекеттік тілде жүргізген 15 мекемеде, облыс прокурорының жанындағы Қоғамдық Кеңестің хаттамалық шешімі негізінде 20 мекемеде зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі уақытта облыс аумағында 637 елді мекен бар болса, оның 345-сі немесе 55%-ы қазақ тілінде аталады. Тәуелсіздік алғаннан бері өңірімізде 200-ге жуық нысан бұрынғы тарихи атауын, қазіргі заманға лайық жаңа атауын алды.



Облыс аумағындағы заңдастырылмаған елді мекен, көше атауларын «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйелер қорына енгізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы 637 елді мекен және 5531 көшенің құжаттары ақпараттар қорына енгізіліп, жұмыс толығымен аяқталды.

Басқарма 2012 жылдың шілде-тамыз айларында көрнекі ақпараттың ахуалын бақылау мақсатында «Қала келбеті», «Аудан келбеті» рейдтерін өткізді. Рейд барысында облыс аумағындағы 3960 көрнекі ақпарат зерделеніп, оның 593-і (15%) тіл заңнамасына қайшы келетіні анықталды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде орын алған заң бұзушылықтар қалпына келтірілді.


4-бағыт. Қазақстандағы лингвистикалық капиталды дамыту.

1. Ана тілдерді оқыту. Облысымызда әрбір ұлт өкілінің өз туған тілін оқуы үшін барлық қажетті жағдай жасалған. «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінде 8 тіл, яғни қазақ, орыс, поляк, неміс, кәріс, ингуш, татар, армян тілдері, Астрахан ауданы мен Көкшетау қаласында поляк тілі, Көкшетау және Степногорск қалалары мен Бурабай, Сандықтау аудандарында неміс тілі оқытылады.

2. Ағылшын тілін оқыту. 2013 жылдың ақпан айынан облыстық оқыту-әдістемелік орталығында ағылшын тілін оқыту курсы жұмыс істейді. Сондай-ақ, былтырдан Зеренді аудандық мемлекеттік тілді оқыту орталығында ағылшын тілі курстары өтуде.

Басқарма бастығы Ғ.Төлеғұл

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет