Қайнаға-ау, қайнаға, деп айғай салды әлгі әйел.
Уа, не мен мұндамын, деп Молдабай орнынан ұшып тұрып, солай қарай жүрді. Қасындағы Қарекеңді ұмытып кеткен секілді.
Қайнаға, сүйінші, сүйінші. Немерелі болдыңыз, ұл, ұл! деп оның алдынан ентіге шықты.
О жасаған, шүкір, шүкір мұныңа. Қатшайым, сүйіншіңе ана көгендегі бір тоқтыны ал, ол аз болса өзіңе тағы бір көйлек...
Қарекең сол орнында қимылсыз қатты да қалды. «Қайнаға немерелі болдыңыз» дегенді естіген кезде, оның буын-буыны қалтырап, денесінен дәрмен кете бастады. «Немере дейді! Құдай-ау немере дейді. Келінжан босанған ба? О тоба, о жасаған» [93, 34 б.]. Бұл мәтін тұнып тұрған халықтық таным, қазақи болмыс. Қазақ қиындыққа тап болса немесе қуанышқа бөленсе, Жаратушыға алғысын білдіретіні белгілі. Оған жоғарыдағы үзінділер дәлел. Себебі кейіпкер аузына жазушы шынайы өмірге қатысты тілдік бірліктерді салады.
Д. Исабеков шығармаларында мол көрініс табатын тілдік бірліктердің бір тобы – салт-дәстүр мен ырым-жоралғыларға байланысты туған рухани-мәдени лексика. Қазақ тілінің рухани және материалдық лексикасын арнайы зерттеген А. Жылқыбаева, Ә. Аймауытова, К. Қайырбаева, К. Күркебаев сынды ғалымдар ұлттық дәстүрлердің астарында символдық сипат жатқанын айтады. Біз де аталмыш лексиканы семантикалық шеңбері кең, прагматикалық әлеуеті зор мәтін құраушы тілдік бірліктер ретінде қарастырып, оның жазушы әңгімелеріндегі қолданысына жіті назар аудардық. Сонымен рухани-мәдени лексиканың Д. Исабеков шығармаларындағы жұмсалу жиілігін мынадай диаграмма түрінде кескіндеуге болады.
2-сурет – Салт-дәстүрге байланысты рухани-мәдени лексиканың
қолданыстық жиілігі
Д. Исабеков халықтың кәсібіне, дүниеге көзқарасына, танымына байланысты туған дәстүрлердің символдық сипатын өз шығармаларында шебер ашып көрсете білген. Қазақтың «сүйінші сұрау», «көрімдік беру» сынды дәстүрлері атадан балаға мирас болып келеді. Бұл сөздер әрбір қазақи тәрбие көрген қазақтың тілдік қорында бар. Көркем шығарма тілінде ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілікте де салт-дәстүрімізге қатысты атаулар коммуникативтік жағдаятқа сай ауыспалы мағынада қолданылып жатады. Жазушы сондай үдерісті де оқиға желісінде кейіпкер сөзінде қолданған: «Осы кезде оның қалай ұрғанын білмеймін, өткір шапалақ жағымды ду еткізді. Мен бетімді ұстап отырып қалдым. – Басқа біреу болғанда тиісті сыбағасын алатын еді, саған ғана жеңіл жаза қолданып отырмын, екінші есіңде болсын, деді ол темекісінің тұқылын қара қошқыл топыраққа көміп жатып» [93, 11 б.].
Сыбаға – қазақтың дәстүрінде құрметті қонаққа немесе жақын-жуыққа арнап сақталған кәделі ет мүшелері, тағам. Жазушы сыбаға сөзін ауыспалы мағынада қолданып отырып, қазақтың салт-дәстүрден кенде емес екендігін танытқан. Жазушының қай туындысын алып қарасақ та, қарапайым қазақи өмірден алыс кетпеген. Қазақтықты сақтап тұратын осы салт-дәстүрлер екені тағы хақ. Қуанышты хабарды айтуда адресат адресанттан сүйінші, яғни сыйлық сұрайды. Ал «жаңа туған балаға, жас келінге, жаңа туған төлге және тағы басқа алғаш көрген сәтте «көрімдік сұрау» халықтың ежелгі дәстүрі. Мұның маңызы алып-беруде ғана емес, жақын-туыстың адамгершілігін, ниетін, ашыққолдығын да танытудың белгісі ретінде қаралады». Мысалы: «Көзі ілініп кеткен екен. Әлдекімнің терезені асығыс тақылдатқанынан оянды.
|