АҚпарат 2011 жылғы қаңтар-ақпан айларында



Дата08.06.2016
өлшемі156.1 Kb.
#123117
Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік Қорының 2011 жылы атқарған жұмысы туралы қысқаша

АҚПАРАТ
- 2011 жылғы қаңтар-ақпан айларында Қор Алматы қаласындағы Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер Сарайында «Еларна» телеканалымен бірлесіп «КВН телевизиялық Лигасының» бірнеше хабарын ұйымдастырды. Бұл теле-ойынға еліміздің ең үздік студенттер командаларымен қатар ТМД-ның да бірқатар командалары қатысты. Ойын шарты бойынша жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында командаларға түрлі қойылымдар көрсету тапсырылған болатын. Әзіл-қойылымдар мемлекеттік тілді меңгермеген жастарға ой салатындай сәтті шығып, теле-ойын барысында жастар арасында қазақ тілі кеңінен насихатталды. Теле-ойын 2011 жылдың ақпан-наурыз айларында прайм-тайм уақыттарында «Еларна» телеканалынан бірнеше рет көрсетілді.
- 2011 жылғы 15 наурызда Қор ұжымы ҚР Мәдениет министрлігінің алқа мәжілісіне қатысты. Онда Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын саланың мақсаттары талқыланды. «Біздің міндетіміз — 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс», – деп Елбасы нақты бағыт-бағдар берді. Біз осы мақсатқа жету жолында тиісті шараларды атқарып, үстіміздегі жылдың өзінде-ақ әдістемелік қамтамасыз ету, мемлекеттік тілді оқытуда инновациялық технологияларды қолдану, терминология саласындағы жұмыстарды жетілдіруге қатысты істерді мықтап қолға алуымыз қажет. Бұл әзірлеулер қазақстандықтардың барлық жас тобын қамтуы тиіс, – деп атап көрсетті министр. Қоғамдық өмірдің маңызды деген он саласын қамтитын қосымша аудиокурстары бар тілашарлар, терминологиялық сөздіктер мен барлық қазақстандықтардың мемлекеттік тілді оқып-үйренуіне қажет жалпықолданымды әдебиеттер жаппай таралыммен шығарыла бастайды. Балалар мен ересектерге арналған оқыту бағдарламалық өнімдерді жасау қолға алына бастады. Телевизиялық оқыту бағдарламалары, реалити-шоу мен басқа да біршама жоба іс жүзіне асырылу үстінде. Бірқатары Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорымен бірлесіп атқарылмақ, – деп атап көрсетті М.Құл-Мұхаммед. Еліміздегі тіл саясатына қатысты айқын мақсат – Елбасы алға қойған міндеттерді пәрменді түрде іске асырып, барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін белгіленген межеге жеткізу. Қазіргі кезде мемлекеттік тілдің өсіп-өркендеуіне заңнамалық, құқықтық, технологиялық, іскерлік, ғылыми-әдістемелік жағынан барынша жағдай жасалған. Енді тілді тек үйретіп қана қоймай, алған білімдерін, үйренген дағдыларын тексеріп, деңгейлерін анықтап, қол жеткен нәтижелерін күнделікті өмірде пайдалану қажеттілігіне баса назар аудару керек. “Судың да сұрауы бар” демекші, алдағы уақытта “біледі екенсің, өзгелерге үйрет”, “үйренген екенсің, сөйле”, “оқыған екенсің, жаз” - деген талаптар қойылуы қажет, - деді алқалы жиында сөз алған Қор директоры.

- 2011 жылғы 18 наурызда Қордың тікелей бастамасымен «Еларна» телеарнасында апта сайын берілетін «Азамат» жастар бағдарламасының бірін Алматы қаласындағы сыртқы жарнамалардың қазақ тіліне сауатты аударылуы тақырыбына арналды. Хабарға өкілетті мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, осы тақырыпты қызу талқыдан өткізді. Хабар 2011 ж. 23 наурыз күні эфирге шықты.

- 2011 жылғы 22 наурызда Алматыда Қор жастардың қазақ тілін насихаттау жөніндегі үздік жобасы байқауының қорытындысын шығарды. Оған студент және оқушы жастардың екі жүзден астам өкілі қатысты. Байқауға «Еларна» телеарнасы ақпараттық қолдау көрсетті. Байқаудың мақсаты еліміздің мәдени кеңістігіне қазақ тілін енгізудің жаңа әдістерін іздеуге жас ұрпақтың қатысуын ынталандыру болды. Байқауға түскен материалдар сапасының жоғарылығы қанағат сезімімен атап өтілді. Қатысушылар жай ғана идеялар емес, тиімділігі екшеліп, нақты есебі шығарылған және іс-қимыл бағдарламасы іс жүзінде тексерілген жобалар ұсынды. Байқаудың қорытындысы бойынша бірінші орын мен ақшалай сыйлыққа Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің 1-ші курс студенті Арайлым Ноянбаева ие болды. Екінші орынға Ақмола облысының Щучинск қаласындағы «Мирас» мектеп-гимназиясының 11-ші сынып оқушысы Перизат Жетпісбаева лайық деп танылды. Байқаудың қазылар алқасы үшінші орынға Халықаралық бизнес университетінің студенті Дидар Алмабековтің жобасы лайық деп ұйғарды. Байқаудың қазақ тілін өрістетуге байланысты елеулі ұсыныстар берген тағы жеті қатысушысы Қордың арнаулы дипломдарымен марапатталды. Олардың қатарында Қазақ Ұлттық техникалық университетінің 3-ші курс студенті Ғ. Құрманғалин, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2-курс студенті А.Жантеева, Алматы Технологиялық университетінің студенті Д. Жүсіпова, Жамбыл облысының Луговое кентіндегі Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы А.Қасымова және басқалар бар. Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі «Еларна» телеарнасының «Азамат» жастар бағдарламасында көрсетілді. Жастардың үздік жобалары Тіл саясатына жауапты өкілетті органдардың қарауына жолданды.

- 2011 жылғы мамыр-маусым айларында Мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау мақсатында Қордың тікелей бастамасымен «Хабар» телеканалында күнделікті көрсетілетен «Сонымен, солай дейік...» атты ток-шоудың екі бағдарламасы қазақ тілі тақырыбына арналды. Олардың бірі – «Қазақ тілін оқыту курстары қаншалықты тиімді» - деген тақырыпқа арналса, екіншісі «Өзге ұлт өкілдеріне ауызекі қазақ тілін үйрену қиын ба?» - деген тақырыпта өтті. Бұл екі хабарға студенттер, жастар қоғамдық ұйымдарының өкілдері қатысты.

- 2011 жылғы 20 маусымда Қор Астанада Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Ұлттық тестілеу орталығымен» бірлесіп «Тіл деңгейін бағалау құралдарын әзірлеу және оларды жетілдіру» тақырыбында тренинг ұйымдастырды. Мақсаты: Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ-ті жетілдіру, қазақ тілін оқыту, үйрету және тіл меңгеру үдерісінде халықаралық тіл меңгеруді бағалау жүйелерінің тәжірибелерін пайдалану. Тренингті ҚАЗТЕСТ жүйесі тапсырмаларының әзірлемешілері, сарапшылары, тестілеуді ұйымдастыру бойынша менеджерлері, қазақ тілін оқыту орталықтары қызметкерлері, мемлекеттік тілді дамытудың аймақтық басқарамаларының қызметкерлері үшін ETS ұйымының белгілі сарапшысы Дэвид Баум өткізді. Дэвид Баум TOEFL тапсырмаларын қалыптастырушы жұмыс тобының мүшесі, италиян, жапон, испан, қытай тілдерінің Американдық патентін құрaушы. TOEFL, IELTS халықаралық жүйелерін Еуропа, Азияның бірқатар елдерінде қолданып, оларды талдау және зерттеуде мол тәжірбие жинаған.
Тренинг барысында тіл меңгеру деңгейін бағалау, оның ерекшеліктері, тіл оқыту үдерісін жүйелеуге тигізетін көмегі аясында халықаралық жүйенің көп жылдық тәжірибесі, озық ғылыми ізденістер және олардың тәжірибелік қолданыстары талқыланды. Тренинг нәтижесі бойынша әйгілі ұйымның сертификаты берілді.

- 2011 жылғы 22 маусымда Қор жыл сайын берілетін «Қазақ тілін насихаттауға қосқан үлесі үшін» журналистік сыйлығының жаңа жүлдегерлерінің есімдерін жария етті. Биылғы сыйлыққа республикалық БАҚ-тың үш өкілі: Ғабит Мүсіреп («Нұр Астана» газетінің Бас редакторы), Максим Рожин («7 телеарнаның» журналисі), Әлия Кенжебаева («Астана» телеарнасының журналисі) ие болды.


Бұл журналистік марапаттың көздегені Қазақстандағы тілдік жағдайды жан-жақты және шынайы саралап, қазақ тілінің қоғамдағы орны мен маңыздылығы туралы танымды материалдар әзірлеп жүрген, өз кәсібінде қазақ тілін кеңінен пайдаланатын да, насихаттайтын баспа және электронды БАҚ-тардың өкілдерін ынталандыру еді. Бұл сыйлық 2010 жылы журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында тағайындалған болатын. Оның мөлшері елу мың теңге. Былтырғы алғашқы ақшалай жүлделермен «Ана тілі», «Казахстанская правда» және «Рудный Алтай» газеттерінің журналистері марапатталған болатын.

- 2011 жылғы 29 маусымда Астанада Қор Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнаған жаңа жобаларының бірі – «Елбасы және мемлекеттік тіл» атты жинағын жұртшылыққа тарту етті. Жинақтың шығуына «ҚазМұнайГаз» ҰК» Акционерлік қоғамы қолдау көрсетті.


Жиналған қауымға жаңа басылымды Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы, «Егемен Қазақстан Республикалық газеті» Акционерлік қоғамының Президенті, «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры Қамқоршылық Кеңесінің мүшесі Сауытбек Абдрахманов, «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Баспасөз хатшысы Ғалым Тұмабаев таныстырды. Бұл еңбекті әзірлеудегі басты мақсат – Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың мемлекеттік тіл мәселесіндегі сындарлы саясатын, жетекші рөлін көрсету. «Еліміздегі тіл саясаты, оның ішінде қазақ тілінің өркендеуі, тіл мәселесінің басқа елдермен салыстырғанда қоғам бірлігін бұзбай, өркениетті түрде жүргізілуі Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегінің жемісі екендігі сөзсіз» - деп атап өтті қор директоры. Академик Ө.Айтбаев атап өткендей, басылымның басты ерекшелігі – Елбасының мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын белгілеу мен одан әрі дамытуға қатысты шешімдері мен сөздері, ой-толғамдары мен ұсыныстары тұңғыш рет жинақталып берілуі. Сондай-ақ, бұл еңбекке соңғы жиырма жыл ішінде тіл мәселесіне қатысты қабылданған бағдарламалық құжаттар мен нормативтік-құқықтық актілер және де тілші ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің түрлі басқосуларда жасаған баяндамалары, сөйлеген сөздері мен ұсыныс-пікірлері берілген. «Елбасы және мемлекеттік тіл» басылымы тіл мамандарына қоса, көпшілік қауымның да назарын аударып, қызығушылығын арттырмақ. Жинақтан қазақ тілінің Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілі ретінде қалыптасуы туралы толық мәлімет алуға болады. Жинақтың таралымы 2 мың дана және олардың басым бөлігі кітапханаларға, мектептер мен жоғарғы оқу орындарына, қазақ тілі орталықтарына тегін таратылатын болады.

- 2011 жылдың 16 тамызында Алматы қаласында Қор «Заңғар» шығармашылық бірлестігі, «Қаламгер – Азамат» Жас тілшілер» Қоғамдық қорының бірлесіп «Жастарды қолдау және оларға қамқорлық жасау» саясаты аясында, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай, «Ел еңсесі – Егемендік» атты IV Республикалық «Қаламгер – Азамат» жас тілшілер форумы өткізді. Форумның өтуіне қолдау көрсеткендер: ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі мен Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры. Форумның басты мақсаты – жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа шақыра отырып, олардың жүрегіне патриоттық сезім орнатуға үлес қосу, өскелең ұрпақтың кәсіби біліктілігін шыңдайтын, заманауи заңдылықтарды меңгертуге мүмкіндік туғызу. Ақпараттық тәжірибе алмасу бағытында түрлі саладағы журналистиканың қыр-сырын үйренуге талпынған жас буынның басын қосып, жинау болып табылады. Форумға 18-29 жас аралығындағы жас журналистер қатысты. Форумда «Қазақ баспасөзінің дамуы», «Телебағдарламалар мен жаңалықтар сюжеттерінің бүгінгі сапасы қай деңгейде», «Қазақ тіліндегі интернет ресурстарының дамуы» атты тақырыптар көтерілді. Форум аясында мемлекеттік тілді насихаттау, мәдениет, әдебиет, ғылым, ұлттық салт-дәстүр және қазақ интернет-журналистикасы мәселелері бойынша мастер – кластар мен семинар – тренингтер өтті. Мемлекеттік тілдегі интернет-журналистиканың кәсіби деңгейін арттыруды дамытуға бағытталған әдістемелік және тәжірибелік ұсыныстар көрсетілді. Сонымен қатар, форумға Түркия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызтан елдерінің жас тілшілері қатысты

- 2011 жылдың 7 қыркүйегінде Алматыда Қор «ҚазМұнайГаз» ҰК» Акционерлік қоғамының қолдауымен әзірленген балаларға арналған balbulaq.kz танымдық порталының, экономикалық тақырыптағы «economika-qun.kz» және мұнай, газ тақырыбына арналған kazmunai.kz деп аталатын үш интернет-сайттың ашылу рәсімін өткізді. Жиналған қауымға жаңа сайттарды «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның Баспасөз хатшысы Ғалым Тұмабаев, «ҚҰН+К» ЖШС редакторы Берік Әшімов, «Абай-ақпарат» қазақ Интернет кеңістігін дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Дәурен Қуат, «Назар» Қазақ журналистерінің Қоғамдық қорының PR-менеджері Жандос Смайылов таныстырды. Мемлекеттік тілдің электрондық-ақпараттық кеңістікте дамуын қамтамасыз ету мақсатында отандық сайттарға қолдау көрсету Қордың басты басымдықтарының бірі болып табылады. Мысалы, 2009-2010 жылдары қазақтілді интернет кеңістігінде жоғары қолданыс көрсеткішіне ие болған 6 түрлі бағыттағы жаңа интернет-сайттар Қордың қолдауымен ашылған болатын. Бүгінгі ашылып отырған үш web-сайт Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес және Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай жоспарланған іс-шаралар аясында жүзеге асып отыр. «balbulaq.kz» сайтында бастауыш класс оқушыларына арналған оқу-әдістемелік құралдар, ертегілер, аңыз-әңгімелер, мультфильмдер мен басқа да түрлі бағыттағы ақпараттық-танымдық материалдар топтастырылған. Портал 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған. «economika-qun.kz» сайтынан еліміздің экономикасының бүгінгі тыныс-тірішілігін, қаржы және экономика салалары бойынша ақпараттық-сараптамалық материалдарын, сарапшылардың ой-пікірлерін, экономикалық терминдер сөздіктері мен валюта көрсеткіштерін, осы саладағы нормативтік-құқықтық актілерін мемлекеттік тілде көруге болады. «Kazmunai.kz» өз қолданушыларын мұнай және газ өндірісі саласының жаңалықтарымен, осы саланың даму тарихы және ғылыми-зерттеу жұмыстарының материалдарымен қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар отандық және халықаралық мұнай және газ өндірісі салалары нарығындағы өзгерістермен ақпараттандырып отырады.

- 2011 жылдың 14 қыркүйегінде Қор директоры Азат Шәуеев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссарының аға кеңесшісі Александр Винниковпен кездесті. Кездесу барысында ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кнут Воллебектің Қазақстанға алдағы сапары жайы сөз болды. Сонымен қатар олар Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясаты мәселелерін ортаға салды. Александр Винниковпен арадағы әңгімеде Азат Шәуеев түрлі байқаулар өткізу мен Қор гранттарын беру арқылы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған қоғамдық бастамаларға қолдау көрсету қордың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. «Қазақ тілінің – мемлекеттік тіл ретінде қолданысын кеңейту бағытында мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Халқымыздың өзінің басым бөлігінің қазақ тілін үйренуге ниеті болмай отыр, сондықтан да ең алдымен азаматтарымыздың психологиясын өзгертуіміз қажет»,-деді А.Шәуеев.

- 2011 жылдың 21 қыркүйегінде Астанада Қор «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанатымен бірлесіп жыл сайын өткізетін «Қазақша сөйлесейік!» акциясының басталуы туралы жариялады. Бұл шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, оның қоғамдағы беделін арттыруға, халықтың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын тудыруға және азаматтарымыздың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыруға ықпал ету. Акцияны ұйымдастырушылар күнделікті өмірде жиі қолданылатын ауызекі сөйлеу үлгілері, қазақ және орыс тілдерінде қажетті сөздер мен сөз тіркестері берілген «Дүкен – Магазин», «Дәріхана – Аптека», «Поезда – В поезде», «Ұшақта – В самолете», «Асхана – Столовая», «Қоғамдық көлік – Общественный транспорт», «Кинотеатр – Кинотеатр» тақырыптарына арналған буклеттер мен плакаттар әзірлеген. Акция аясында қоғамдық көліктерде, ұшақтар мен жолаушылар тасымалдайтын поездардың ішіне және темір жол вокзалдары мен әуежайларда мемлекеттік тілді өз бетінше үйренуге арналған арнайы плакаттар ілініп, жолаушылар арасында орысша-қазақша шағын тілдескіштері бар буклеттер таратылатын болады. Іс-шара еліміздің барлық аймақтарын қамтиды. Ұйымдастырушылардың айтуынша былтыр өткен «Қазақша сөйлесейік!» акциясы тауар этикеткаларындағы қазақ тіліндегі ақпараттың қателерін тауып, әшкерелеу арқылы олардың дұрыс жазылуына ықпал етуге, қазақ тілінің стилистикасы мен тіл мәдениетінің сақталуын қамтамасыз етуге, халық тұтынатын тауар өндірушілерді мемлекеттік тілді құрметтеуге шақыруға, қоғамды тіл тазалығы жолындағы жұмысқа тартуға арналған болатын.

- 2011 жылдың 22 қыркүйегінде Қор басшылығы Көкшетауда «Халықаралық қазақ тілі қоғамының» V-құрылтайына қатыстыі. Ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Қазақстан Халқы тілдерінің 13-республикалық фестивалі аясында ұйымдастырылды. Ауқымды жиынды Көкше жерінде өткізуді Елбасы тапсырған болатын. Оған қатысушылар мемлекеттік тілдің дамуы мен қолданылу аясын кеңейту бағытындағы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларын айқындады. Халықаралық Қазақ тілі қоғамының 5-құрылтайына қатысушылар алдымен Абылай Хан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Қазақстан Халықтары тілдерінің мерекесіне арналған көрмені аралады. Құрылтайды Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев ашып, жиынға қатысушыларға Елбасының құттықтау хатын жеткізді. Тіл жанашырлары қазақ тілі қоғамының даму тұжырымдамасы мен болашақ стратегиясын жасау туралы ұсыныстарын ортаға салды. Келесі кездесуде осы мәселені талқылаймыз,-деді. Жиын соңында Үндеу қабылданып, алдағы жұмыс жоспары айқындалды.


- 2011 жылғы 5 қазанда Қор Қазақстандық индустрия дамыту институты АҚ-мен бірлесіп «Қазақстандық индустрия дамыту институты» акционерлік қоғамында мемлекеттік тілді дамытудың өзекті проблемалары» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Оған Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің Төрағасы Ш.Құрманбайұлы, Президенттік мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры А.Шәуеев, «Руханият» оқу орталығының директоры Е.Тілешев, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бас маманы Ә.Тұрашева және «ҚИДИ» АҚ-ы басшылығы қатысты. «ҚИДИ» АҚ-ы Президенті М.Қажыкеннің және Әкімшілік департаментінің директоры Т.Оспанғалиевтің баяндамалары Тілдерді қолданудың және дамытудың мемлекетті бағдарламасын іске асыру шеңберіндегі «ҚИДИ» АҚ-ның ағымдағы жұмысына арналды. Осы дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткізудің маңыздылығы атап өтілді. Өз баяндамаларында Ш.Құрманбайұлы мен Е.Тілешев мемлекеттік тілді көтермелеуге және ынталандыруға шақырды. Президенттік мемлекеттік тілді дамыту қорының (бұдан әрі – Қор) директоры А.Шәуеев Қор қызметі туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Ә.Тұрашева Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде мемлекеттік тілде іс жүргізуге ерекше назар аударылатыны туралы айтып берді.
«ҚИДИ» АҚ-ы вице-президенті және Өнеркәсіптік технологияларды жаңғырту орталығының директоры С.Жұмабекова қызметкерлер үшін мемлекеттік тілді оқыту курсының қажеттілігі туралы атап өтті. Әкімшілік департаментінің бас менеджері А.Әмірхамзиннің және Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас менеджері И.Арыстанбековтің баяндамалары Интернет желісіндегі мемлекетті тілді пайдалануға, қазақ тілінде жаңа сайттарды жасауға арналды.

- 2011 жылдың 12 қазан күні Астанада Қордың қолдауымен М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында Балалардың құқықтарын қорғау департаменті «Қазақшаңыз қалай?» атты балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында тілдік байқауын өткізді. Байқаудың мақсаты оқушылардың ой-өрісін, сөздік қорын молайту, ойларын көркемдеп жеткізу дағдысына қалыптастыру. Сондай-ақ, Отанына, туған жеріне деген сүйіспеншілікті арттыру, мемлекеттік тілге, қазақ мәдениетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өнерін жұртшылыққа таныту. Қазылар алқасы мүшелерінің шешімімен үздік нәтижеге Астана қаласының Балалар үйінің оқушылары қол жеткізсе, екінші орынды кәмелетке толмаған балаларға арналған «Пана» мемлекеттiк мекемесi мен «Астана SOS» балалар ауылының тәрбиеленушілері иеленді. Байқау жеңімпаздары дипломдар мен арнайы сыйлықтарға ие болды.

- 2011 жылдың 2 желтоқсанда Қор Астана Политехникалық колледжінің студенттері арасында қараша айында жарияланып, қазақ тілін үйренуге және қазақша сөйлеуге ынталандыру мақсатында өткізілген «Қазақша білесің бе? Досыңа үйрет!» тілдік байқауының қорытындысын шығарды. Байқауды өткізуде өзара бірлесе оқып-үйрену қағидаты басшылыққа алынды: қазақ тілін еркін меңгерген 20 ерікті студент қазақ тілін білмейтін өз курстастарын «шәкірттікке» алып, оларға екі айдың ішінде ауызекі қазақ тілін үйретуге тырысты. Байқау алдында әрбір «шәкірттің» тілді білу деңгейін анықтау үшін «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тестілеу жүргізілді. Сонымен, байқаудың талап үдесінен кімдер шыға алды? Осындай қысқа мерзімде ауызекі қазақ тілін меңгеру мүмкін бе? Қайта тексеру барысында аталмыш оқу орнындағы студенттердің тіл меңгеру деңгейінің алғашқы тестілеуге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін тест сынағы және олармен өткізілген ауызша әңгіме нәтижесі көрсетті. Осылайша, екі ай ішінде ауызекі қазақ тілін еркін меңгеріп, үздік нәтижеге аталмыш оқу орнындағы «Туризм» бөлімінің 1-ші курс студенті Любовь Рыжакова, «Туризм» бөлімінің 1-ші курс студенті Мария Панченко және «Бағдарламалау» бөлімінің 1-ші курс студенті Юлия Токарева қол жеткізді. Байқау жеңімпаздарына Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының арнаулы дипломдары мен ұялы телефондар тарту етілді. Жүлдегерлердің «оқытушылары» – Дәулет Абдықадыр («Бағдарламалау» бөлімінің 2-ші курс студенті), Айдана Ниязбекова («Тамақтандыруды ұйымдастыру» бөлімінің 2-ші курс студенті) және Айжан Күздібаеваның («Туризм» бөлімінің 2-ші курс студенті) еңбектері де ескеріліп, олар да бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ осы байқауға қатысқан 7 «тілдік жұп» Қордың арнайы дипломдары мен бағалы сыйлықтарын иеленді.

- 2011 жылдың 7 желтоқсанда Қордың қолдауымен Астана қаласының № 66 мектеп-лицейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында «Отаным менің – Қазақстан» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияға белгілі ғалымдар, Елорданың жалпы білім беретін мектеп директорларының орынбасарлары, ұстаздар, кітапханашылар, «Жас Отан» Жастар қанатының, қалалық білім басқармасының, «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қоры мен «Алдаспан» батырлар қорының өкілдері қатысты. Жиын барысында мектеп оқушылары арасында «Қазақстан бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты тақырыпқа шағарма жазудан өткен қалалық байқау жеңімпаздары марапатталды. Әділқазылар шешімі бойынша қазақ сыныптары оқушыларының арасынан І-ші орынды № 15 мектептің оқушысы Орынбасар Нұрсұлтан, ІІ-орынды №62 мектептің оқушысы Дәрменқұлова Жанбота, ІІІ-орынды №25 мектептің оқушысы Мұхамеджан Гаухар иеленді. Орыс сыныптары оқушыларының арасынан І-ші орынға №21 мектептің оқушысы Тогаева Виктория, ІІ-орынға №20 мектептің оқушысы Дуйсекеева Дана, ІІІ-орынға №53 мектептің оқушысы Рагуллин Вячеслав ие болды. Жеңімпаздар «Мемлекеттік тілді дамыту» Президенттік қорының арнайы дипломдарымен, «Жас Отан» Жастар қанатының «Алғыс хаттары» және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Сондай-ақ, есепті уақыт аралығында Қор Тілдерді дамытудың 2020 жылға дейінгі арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге сараптама қоғамдастығын және кең ауқымды жұртшылықты тарту жөніндегі іс-шаралар ұйымдастырып, мемлекеттік тілдегі интернет журналистиканы дамыту жөнінде де бірқатар іс-шаралар өткізді.

Сонымен қатар бірнеше аймақтық дөңгелек үстелдер өткізіліп, олардың нәтижесі бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар әзірленіп, ҚР Мәдениет министрлігіне жолданды.



Қор директоры А.Шәуеевтің 2010-11 жылдары республикалық БАҚ-да жарияланған мақалаларының ТІЗБЕСІ
1. «Ана тілі» газеті 17.02.2010 «Тіл тағдыры қазақтың өз қолында»

2. «Аbai.kz» ақпараттық порталы 04.05.2010 Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеевпен интернет-конференция өтті.



3. «Ана тілі» газеті 27.05.2010 «Нұсқаумен іс бітпейді»

4. «Казахстанская правда» газеті 03.06.2010 «Казахский учат дальновидные»

5. «Алаш айнасы» газеті 02.06.2010 «Гендерлік теңдікті сақтау үшін әйелдер мен ерлердің зейнеткерлік жасын теңестіру керек пе?»


6. «Алдаспан» журналы 14.06.2010 «Мәңгі есте сақтау парыз».
7. «Айқын» газеті. 14.07.2010. «Рухани бірліктің алтын арқауы»

8. «Алаш Айнасы» 19.08.2010 ж. «100 пайыз мемлекеттік тілде іс жүргізуді барлық мекемелерге міндеттеу керек».

9. «Караван» газеті 27.08.2010 ж. «Как научить «манкуртов» говорить».

10. «Алматы Ақшамы» 23.09.2010 ж. «Ортақ тілі бар елдің ұлттары да ортақ тіл табыса алады».


11. «Алаш айнасы» 05.10.2010 ж. «Тілге ықылас болса, сөйлейтін орта да табылады».

12. «Есіл» газеті 25.10.2010 ж. «Туған тілін жоғалтпайтын ұлт қана өзін-өзі сақтап қала алады».


13. “Ақиқат” ұлттық қоғамдық-саяси журналы №12 Желтоқсан, 2010. «Н.Назарбаев: «Қазақ дейтін халық болмаса, оның мен сияқты Президенті бола ма?».

14. «Айқын» газеті. 09.02.2011. «Қазақстанның болашағы қазақ – қазақ тілінде».


15. “Экспресс К ” № 50 (17165) от 26.03.2011. «Язык до латиницы доведет».

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет