АҚпарат 2010 жылғы 19 қаңтарда



Дата25.02.2016
өлшемі179.57 Kb.
#22139


Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік Қорының 2010 жылы атқарған жұмысы туралы қысқаша

АҚПАРАТ

- 2010 жылғы 19 қаңтарда Қор Астана қаласында «Қазақ тілін оқытудың инновациялық технологиялары» атты семинар өткізді. Семинар аясында жаңа қоғамдық құрылым – Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің қауымдастығы құрылды. Жаңа қоғамдық құрылым Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қорының бастамасымен және қолдауымен құрылды. Қауымдастықтың басты міндеті – оқушыларды қазақ тілінің болашақ басты тұтынушылары ретінде қалыптастыру және олардың отаншылдық сезімдеріне мемлекеттік тіл арқылы жол ашу; ата-аналар әлеуетін оқу үдерісіне жұмылдыру; орыстілді мектептер мен балабақшаларда қазақ тілін оқытудың жаңаша шешімдерін іздестіру мен әзірлеу.

- 2010 жылғы 09 ақпанда «Бүлдіршіндерге арналған қазақ тілі» әдістемелері республикалық байқауының қорытындысын жариялауға арналған баспасөз мәслихаты өтті. 2009 жылғы сәуірде жарияланған  байқау тіл үйретудегі инновациялық үдерістерді, тиімді әдістемелік құралдарды, осы саладағы ұстаздар ұжымы мен қоғамдық ұйымдарды ынталандыру, қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Аталған шара Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры Қамқоршылық Кеңесінің мүшесі – Президенттік Мәдениет Орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтың қатысуымен өтті.

Сондай-ақ, Жеңістің 65 жылдығы мен туған ұлтымыздың қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 толуына орай «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбындағы мектеп оқушылары шығармаларының байқауының басталуы туралы жария етілді.

- 2010 жылғы 08 маусымда Алматы қаласында Жеңістің 65 жылдығы мен туған ұлтымыздың қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 толуына орай, «Ерлік пен Жеңіс» тақырыбындағы мектеп оқушылары шығармаларының байқауына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті. Байқаудың екі негізгі міндеті – оқушылардың соғыс пен отаншылдық тақырыбына, әсіресе Бауыржан Момышұлының біртуар тұлғасына қызығушылығын туғызу және жасөспірімдерді сөз өнері мен қазақ әдеби тіліне бауыр бастыру. Іс-шара барысында аталған тақырыптағы шығармалар байқауының қорытындысы жарияланды. Байқаудың қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынға Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Абай атындағы мектебінің 9 сынып оқушысы Айданақ Амантайқызы ие болды. Екінші орынды Қызылорда облысы Қазалы ауданының N216 мектебінің 9 сынып оқушысы Алтынгүл Сансызбай мен оның Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Қ.Ақынов атындағы мектептегі құрдасы Серік Қантаев өзара бөлісті. Ал, үшінші орынға Ақмарал Ертазиева (ақтөбелік N132 мектеп), Гүлжамал Ерғалиева (Орал қаласындағы N130 мектеп) және алматылық N43 мектептің оқушысы Дастан Мәдиев лайық деп табылды. Әрбір жеңімпазға Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының арнаулы дипломы, «Ұлан» газеті жас тілшісінің куәлігі, сондай-ақ «Beeline» компаниясынан ұялы телефоны тапсырылды.



- 2010 жылғы 25 маусымда Халықаралық журналистер күніне орай, баспасөз бен электронды БАҚ-да қазақ тілін кең насихаттағандары үшін бірқатар журналистерге сыйлықтар тапсырылды. Қордың әрқайсысы 50 мың теңге көлеміндегі алғашқы үш ақшалай сыйлығына мына журналистер лайық деп табылды: «Ана тілі» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ержан Байтілес, «Казахстансая правда» газеті бас редакторының орынбасары Сәбит Малдыбаев, Шығыс Қазақстан облыстық «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Қабдылқайыр Құдайбергенов.

- 2010 жылғы 23 шілдеде Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры Баян-Өлгий жастарына сыйлықтар тапсырды. Жуырда бір топ қазақстандық жастар Баян-Өлгий аймағының құрылғанына жетпіс жыл толуына орай Моңғолиядағы қазақ диаспорасының арасында бірнеше күн аялдап, қандастарымыздың хал-ахуалымен танысып қайтты. Делегация құрамы «Жас Отанның» белсенділерінен және жас өнерпаздардан жасақталды. «Нұр Отан» ХДП қолдауымен және «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының тікелей демеушілігімен «Жас Отан» Баян-Өлгий жастарына қаланың ең көрнекті жерінен спорт алаңын сыйлады.
Сондай-ақ, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының атынан баянөлгейлік жастарға М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясының аудио-дискілері, қазақ тіліндегі көркем және ғылыми әдебиеттер мен түрлі сөздіктер сыйға тартылды.

- 2010 жылғы 7 тамызда Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры жастарға арналған білім беру инновациялық лагерінің жұмысына қатысты. Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры 2010 жылдың 12 шілдесі мен 11 тамызы аралығында «Жас Отан» Жастар қанатының «Жастар – Отанға!» жобасы аясында ұйымдастырған білім беру инновациялық лагерінің жұмысына қатысты. Лагерьде еліміздің барлық өңірлерінен 18-29 жас аралығындағы жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік емес ұйымдар мен шағын және орта бизнес өкілдері, жеке кәсіпорындардың қызметкерлері мен жастар тобы бас қосты.
Шараның мақсаты – жастар, мемлекеттік мекемелер және бизнес өкілдері арасында олардың бойына сіңірген талант-қабілеттерін айқын көрсететін білім беру алаңдарын құру болып табылады. 1-11 тамыз аралығында өткен лагерьдің
«Отаншыл» «Патриот» ауысымы аясында Қор Сараптамалық Кеңесінің мүшелері семинар-тренинг өткізіп, патриотизм мен қазақ тілі, тарихы және мәдениеті туралы пікір-талас, викториналық және дисскуссиялық ойындар өткізді. Сондай-ақ, шарада «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының» Жобасы талқыланды.
Шара пікір-талас түрінде өтті. Қатысушылар бір-бірмен ой бөлісіп, патриотизм мен мемлекеттік тілдің жай-күйі туралы пікір алмасты.
Жиын соңында қатысушыларға М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының аудио-дискісі, бағалы сыйлықтар мен көркем әдебиеттер, қазақ тілін оқытудың әдістемелік құралдары табыс етілді.

- 2010 жылғы 16 тамызда Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры «Қаламгер-Азамат» III Республикалық форумын ұйымдастыруға атсалысты. Астанада жас журналистердің «Қаламгер-Азамат» III Республикалық форумының салтанатты ашылуы өтті. Шараны ұйымдастырушыларының бірі – Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры болып табылады. ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің арнайы құттықтау жолдаған шарада 18-23 жас аралығындағы қазақтілді БАҚ-ң 100-ден астам өкілдері бас қосты. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл, Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев, сонымен қатар Білім және Ғылым министрлігі мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Ұйымдастырушылар форумға, ең алдымен, жас журналистердің шеберліктерін шыңдаудың, өзара идеялар мен пікір бөлісу, тәжiрибе алмасу алаңы ретінде қарайды. Шараға қатысушыларға үш күндік бағдарлама аясында «Қазақ басылымдарының дамуы», «Қазақ интернет-журналистикасы», «Жаңалық сюжеттері мен телебағдарламалардың сапасы» сияқты тақырыптарды талқылау ұсынылды. Сонымен қатар, форум аясында тәжірибелі журналистер мен белгілі тележүргізушілердің, баспа және электрондық БАҚ-ның бас редакторларының шеберлік-сыныптары өтті. Форумның қорытындысы бойынша оны ұйымдастырушылар мен қатысушылар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына 2011 жылды Қазақстанның жастар жылы деп жариялауға ұсыныс жолдауды жоспарлап отыр.


- 2010 жылғы 9 қыркүйекте Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры мен «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты «Қазақша сөйлесейік!» акциясы аясында «Қырағы көз!» айлығының басталуын жариялады. Бүгін Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры мен «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты «Қазақша сөйлесейік!» акциясы аясында «Қырағы көз!» айлығының басталуын жариялады. Іс-шараның мақсаты — халық тұтынатын тауар өндірушілерді мемлекеттік тілді құрметтеуге шақыру, қоғамды тіл тазалығы жолындағы жұмысқа тарту, тауар этикеткаларындағы қазақ тіліндегі ақпараттың қателерін табу, олардың деңгейін арттыруға ықпал ету, қазақ тілінің стилистикасы мен тіл мәдениетінің сақталуын қамтамасыз ету.

Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры А.Шәуеевтің айтуынша: «Біздің акцияның көздегені – тауарлардың этикеткаларындағы, қораптарындағы, нұсқаулықтарындағы қазақ тіліндегі қателерді әшкерелеу. Тауарлардағы ақпараттың қазақшалары қате жазылатыны құпия емес, олар тауар туралы ақпаратты дұрыс бермеуімен қатар, тұтынушылардың ашу-ызасын келтіреді. Сондықтан, бүгіннен бастап біздің волонтерлар өз тауарларындағы қазақ тілін, оның стилистикасы мен терминологиясын бұрмалап, ақпаратты орыс тілінен дұрыс аудармаған тауар өндірушілерді анықтауға кіріседі. Біз осы акциямыз арқылы тауар өндірушілер мен сауда жүйелерінің иелерін мемлекеттік тілді бұрмаламай, тұтынушыларға арналған ақпаратты сапалы аударуға назарларын аудартқымыз келеді».

Акция бір ай бойы жүзеге асып, кез келген сауда орталығындағы өнімдерде қазақ тілінде жазылмаған немесе қате жазылған тауарларды тауып, сол тауарды өндіруші мекеменің анықталуын көздейді.

Аталған шараға барлық сауда орталықтары қамтылып, әрбір сатып алушының құлақ қағысына ие болуы қажет. Акцияға қала тұрғындары мен қонақтары да қатыса алады. Қате жазылған немесе қазақ тілінде ешқандай ақпараты жоқ өнімдердің этикеткаларын (қораптарын, ыдыстарын) неғұрлым көптеп жинап, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» ЖҚ Астана қалалық филиалына (Астана қаласы, Тәуелсіздік көшесі, 3) әкеліп өткізген алғашқы 20 сатып алушы Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының арнайы сыйлықтарымен марапатталады.



- 2010 жылғы 11 қыркүйекте «Жас Отан» Жастар қанатымен бірлескен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры А.Шәуеев: «Бағдарламада қазақ тіліне қатысты қоғамда қалыптасқан негізгі ұсыныстар мен ой-пікірлер жан-жақты таразыланып, мұқият ой елегінен өткізілген. Сондай-ақ мұнда тілдік дамудың 4 басым бағыты айқындалып, мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы іс-шаралардың мақсаты, негіздемелері мен күтілетін нәтижелері, көрсеткіштері тиянақталған. Орындалуы тиіс міндеттер бірізділікпен ортақ жүйеге түсіріліп, алдағы он жылдыққа белгіленген істердің ұйымдастырылуы мен қаржыландыру көздері нақтыланған. Мемлекеттік тілді үйренудің қолжетімділігі, оны барша азаматтардың тегін меңгеруі, бұқаралық ақпарат құралдарында қазақ тілінің көлемдік көрсеткіштерінің ұлғайту, тіл орталықтарының қызмет көрсету сапасы мен тіл мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру мен одан ары жақсарту, тіл мәселесімен айналысатын құзіретті органдар құру секілді түйінді мәселелер қозғалған. Бір сөзбен айтқанда, бағдарламада байсалды әрі пайымды талдау бар деуге толық негіз бар. Десек те жобада саяси және құқықтық тұрғыдан нақтылауды қажет ететін тұстар да жоқ емес. Бұл – өте маңызды құжат. Сондықтан мұндағы мәтінге, тіпті әрбір сөзге, сөйлемге жауапкершілікпен қарау керек. Құжаттың 3-ші тармағында «мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдегі іс жүргізу көлемін 100 % жеткізу керек» делінген. Біздіңше, бұл жерді «меншік нысанына қарамастан, барлық мекемелер мен ұйымдарда мемлекеттік тілдегі іс жүргізу көлемін 100 % жеткізу керек» деп өзгерту керек», – десе, 7-арнаның тілшісі Максим Рожин: «Тәуелсіздігімізді алғанымызға 20 жыл уақыт өтсе де біз әлі күнге дейін қазақ тіліне ден қойып отырған жоқпыз, орыс тілі басым. Қай жерде болмасын, тіпті мемлекеттік қызметте де дәл сондай жағдай қалыптасқан. Ал 10 жылдан кейін не өзгереді? Осы аралықта бағдарламаның талабына бейімделетін, оның талабына көнетін біздің шенеуніктер, тілді білмейтін азаматтар қалай сөйлейтін болады? Менің ойымша, осы сауалдарға бағдарламада нақты жауап беріліп тұрған жоқ. Бізде қағаз жүзінде барлығы жақсы, іс жүзінде біраз сауалдар туындайды. Осы сауалдар 10 жылдан кейін тағы да алдымыздан шықса, ұят болады», – деді.

- 2010 жылғы 21 қыркүйекте «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тілге құрмет – елге құрмет» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Мемлекеттік тілдің дамуына сүбелі үлес қосқан үздік ұйым аталымында Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры мен «Медиа Астана» продюсерлік орталығы және Моңғолиядағы «Шұғыла» журналының редакциясы қошемет пен құрметке кенелді.
Салтанатты құттықтаудан соң Н.Нығматулин жиналғандарға табыс тілеп: «Баршаңызды бүгінгі жеңістеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңіз сау болып, еңбекте жеміске жете беріңіздер. Тіліміздің тұғыры биік болсын. Сіздер соған атсалыса беріңіздер», – деді. Өз кезегінде «Мен қазақпын» бағдарламасының авторы Б.Үмбетова: «Халқымызда: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сөз бар. Біздің ата-бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр жерді тек қана қарумен емес, тілдің құдіретімен де сақтай білген. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөз содан қалған деп ойлаймын. Сөз орайы келгенде орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестерім мемлекеттік тілді насихаттауда бүгінгіден де белсендірек болса екен деген ұсыныс білдіргім келеді. Себебі «Тілі бірдің – тілегі, тілегі бірдің жүрегі бір болады», – десе, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев: «Елімізде тіл жанашырлары өте көп. Үкіметтік емес ұйымдардың ішінен біздің қорды тіл жанашырларының алдыңғы қатарына қойғандарыңызға алғыс айтамын. Бүгінгі марапат бізге зор жауапкершілік жүктейді. Өйткені алдымызда онжылдыққа арналған мемлекеттік бағдарлама бекітілгелі тұр. Бағдарлама бізге сенім артып, аманат арқалатпақ. Осы ретте барлық үкіметтік емес ұйымдардың атынан Елбасының сындарлы саясатын жүзеге асыруға бар күшімізді жұмсайтындығымды айтып, уәде беремін», – деді.

- 2010 жылғы 23 қыркүйекте «Нұр Отан» партиясы мен Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жобасын талқылау үшін дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шара барысында партия жанындағы жемқорлыққа қарсы медиа-орталықтың жетекшісі Берік Уәли, Мәдениет министрлігі Тіл комитеті төрағасының орын­басары Мұхит Нұртазин, Мем­лекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев пікір білдіріп, ұсыныстарын ұсынды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев басымдық берген мемлекеттік бағдарламалардың ішінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму, денсаулық сақтау, білім беру және тіл мәселесі өзекті саналады. Тіл саясатын өрістету арқылы би­лік елімізде тұрып жатқан барлық этностардың береке-бірлігі мен ынтымағын ұйытуды көксейді. Бұл туралы Президент Қазақстан халқы ассамблеясының VIII сессиясында «Біз барша қазақ­стан­дықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін бар­лық күш-жігерімізді салуымыз ке­рек. Сонымен бірге елімізде тұ­ратын барлық халықтардың өкіл­дері ана тілдерінде еркін сөйлей, оқи алуына оны дамытуға қолайлы жағдай тудыру қажет» деп атап көрсетті. Алдағы онжылдыққа бағытталған бағдарлама бойынша мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың қазіргі 60 пайызын 95 пайызға жеткізу жоспарланған. Мақсатты орындау үшін білім жүйесінің барлық деңгейінде мемлекеттік тілді меңгерту мен оқытудың бірыңғай стандарттары енгізілмек.
«Осыдан тура 21 жыл бұрын, 1989 жылы 22 қыркүйекте елімізде Тілдер туралы заң қабылданды. Қазір «Тілдерді қолдану мен да­мытудың 2011-2020 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдар­ла­масы» талқылану үстінде. Бүгінгі жиын жоғарыдағы датаға және жаңа бағдарламаны ой елегінен өткізуге арналып отыр. Біз бүгін жиналғандардан нақты пікір, жаңа ой-толғам естігіміз келеді. Айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы Мәдениет министрлігіне жолданады. Бағдарлама қазан айының басында Үкіметке ұсынылады. Үкімет мақұлдап жатса, арнайы қаулы қабылдайды» деді дөңгелек үстелде Мем­ле­кеттік тілді дамыту Президенттік қо­рының директоры.

- 2010 жылғы 15 қазанда Астанадағы Қазақстан-Ресей университетінде «Қазақша білесің бе? Досыңа үйрет!» атты жаңаша үлгідегі тіл байқауы басталды. Бұл байқау Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры мен «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар Қанатының «Қазақша сөйлесейік!» акциясы аясында ұйымдастырып отырған бірлескен шарасы.
Осы шараның ашылуына қатысқан Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев, «Жас Отан» Жастар Қанаты Төрағасының орынбасары Нұрлан Сыдықов, «ҚАЗТЕСТ» Ұлттық тестілеу орталығының Басқарма бастығы Айдос Әбдіқалықов, «Картел» ЖШС-ның Қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері Анар Жұмағұлова және Қазақстан-Ресей университеті директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Қонақпаева байқаудың өткізілу тәртібін және барысын таныстырды. Байқаудың басты мақсаты – студент жастардың қазақ тілін үйренуіне ықпал ету және оларды ынталандыру. Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев: « … байқау нәтижесі қазақ тілін үйрену қиын деген қоғамдық пікірді жоққа шығармақ» – деп атап көрсетті. Байқау қызық та, жеңіл болмақ. Байқаудың өту тәртібімен танысқан студенттер арасынан досыма қазақ тілін үйретемін және досымнан үйренемін деген жастар жұптары өз еріктерімен суырылып шықты. Тіл үйретуші, яғни қазақ тілін жетік меңгерген студент (оқытушы) қазақ тілін білуге ықылас танытқан тіл үйренуші (оқушы), өз досын немесе курстасын ортаға алып шықты. Әрі қарай «ҚАЗТЕСТ» жүйесі арқылы «оқушылардың» қазақ тілін меңгеру деңгейі анықталды. Олар тіл үйренуге берілген екі ай ішінде ауызекі қазақ тілін үйреніп шығуы керек. Желтоқсан айында ұйымдастырушылар тіл үйренушілердің қазақ тілін қандай деңгейде меңгергенін тағы да «ҚАЗТЕСТ» жүйесі және қазақ тілінде жеке сұхбат өткізу арқылы бағалап, байқау жеңімпаздарын анықтайды. Жүлделі орындарды иеленген жастар Қордың арнайы дипломымен және байқау демеушісі «Beeline» сауда белгісі бар «Картел» ЖШС-ның бағалы сыйлықтарымен марапатталады. Сондай-ақ, белгілі бір деңгейде тіл үйренген студенттерге «ҚАЗТЕСТ» жүйесінің Сертификаты беріледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға Елордамыздағы басқа да жоғарғы оқу орындарының студенттері қатыса алады. Ол үшін Астанадағы 74-29-92 телефонына хабарласулары керек. «Жобаның табысты боларына сенімдімін, өйткені, тіл үйренуде әрқашан алғашқы қадам жасалуы керек. Бұл байқау жастардың алғашқы қадам жасауына бастама болмақ. Еліміздің қазақ тілді өзге де азаматтары осы бастамамызды одан әрі жалғастырып, өз досына, әріптесіне, көршісіне ауызекі қазақ тілін үйретуге кіріседі деген үміттеміз», – деді А.Шәуеев.

- 2010 жылғы 20 қазанда Астанадағы «Жастар» Сарайында Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының ұйымдастыруымен «ТІЛектестер ШАШУы» атты жастар фестивалі өтті.

Шараның басты мақсаты – жастар арасында қазақ тілін насихаттау, олардың өз Отанына, туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру және ұлттық, патриоттық тақырыптағы жаңа әндердің дүниеге келуіне ықпал ету.

Ақысыз ұйымдастырылған бұл жастар фестиваліне 1000-нан аса көрермен жиналды. Көрермендердің тіркелмей өтіп, билетсіз кіруі, концерттің жоспарлы жиналысқа айналмай, дәстүрлі ұрансыз өткізілуі шараның әсерлі де тартымды өтіп, қала жұртшылығы үшін қазақ әндері мерекесіне айналуына мол мүмкіндік берді.

Концертке белгілі жұлдыздармен қатар жас әншілер қатысып («Бәйтерек», «Дабыл», «Аламан» топтары, Медет Шайкелов, Қасымхан Бұғыбай, Ғайни Жұмашева, Асқар Жайлаубаев және т.б.), ел мен туған жер, Отан және Ана тіліміз туралы патриоттық әндермен шашу шашты.

Сонымен қатар, «Баян сұлу» би ансамблі мен «Асхана жаңалықтары» КВН командасы өздерінің қызықты нөмірлерін тарту етті.

Сондай-ақ, бүгінгі концертте жас сазгер Ескендір Ибрагимовтың авторлық орындауындағы «Аманат» атты жаңа әнінің тұсауы кесілді.

Біздің «ТІЛектестер ШАШУы» фестивалін ұлттық рухымызды көтеріп, жыл сайын патриоттық тақырыптағы жаңа шығармалардың тұсауы кесілетін алаңға, дәстүрлі шараға айналдыру ниетіміз бар, – деді Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев.

Фестивальге ақпараттық қолдау көрсеткен «Астана» радиосы.



-2010 жылғы 18 қарашада Көкшетау қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінде «Мемлекеттік тіл және қазақстандық патриотизм бәсекеге қабілетті мемлекетті құру факторы ретінде» атты республикалық конференция өтті. Конференцияға «Қазақ газеттері» ЖШС-нің директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының кандидаты Жұмабек Омарұлы Кенжалин, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Сәдиметұлы Шәуеев, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Асылбайұлы Сейітқасымов, Ақмола облысы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Төлеғұл Ғосман Төлеғұлұлы, «Нұр Отан» ХДП Алматы қаласының Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нөкербайұлы Нұғманов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Нұрмағамбетұлы, Республикалық дебат қауымдастығы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берік Ракушев қатысты. Алқалы жиында қазіргі қоғамдағы тіл мәселесі жан-жақты талқыға түсіп, әр тараптан түрлі ұсыныстар ортаға салынды. Ақмола облысы Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Төлеғұл Ғосман Төлеғұлұлы өз баяндамасында «Дүние жүзінде ЮНЕСКО-ның дерегі бойынша 2900 тіл, 8000-дай диалект бар деп есептелінеді. Ағылшынның керемет ғұламасы, лингвист Дэвид Кристал деген әлемдік ұйымдардың тіл жөніндегі сарапшысы бар. Сол лингвисттің есептеуінше, жер бетінде 6000 мен 7000-ның арасында тілдер бар екен. Оның әлемдегі тіл құбылыстарына тұжырым жасайтын «Тіл ажалы» («Гибель языков») деген еңбегі бар. Осы кітабында дүние жүзінде ай сайын 2 тілден жоғалып отыратыны айтылады. Алысқа бармай-ақ 73 жылдың аралығында КСРО-ның өз ішінде 92 тіл жойылып кеткенін біз білеміз бе? Трагедиялық жағдай деп бағалауға болады…» деген деректермен өз сөзін тұздықтай отырып, біздің елдегі тіл мәселесінің қаншалықты өзекті екеніне де назар аударды. Сондай-ақ ол өз сөзінде Ақмола облысындағы ономостика бөлімінің атқарып жатқан шараларына да тоқталды. Сонымен қатар 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының талқыға түсіп жатқанын, осы шара аясындағы атқарылуы тиіс түрлі шараларға тоқталып өтті. Мінбеге көтерілген «Нұр Отан» ХДП Алматы қаласының Медеу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алмасбек Нұғманов та ұрпақ тәрбиесіндегі ана тілінің маңызына тоқтала отырып, жапондардың бала тәрбиесіндегі озық үлгілерін мысалға келтірді. «Мәселен, жапондар өз балаларын 12 жасқа дейін тек ана тілінде оқытады. Біздер осы бағытты ұстансақ бола еді. Сонда ғана ұрпақ өз ана тілін бойына сіңіріп, ұлттық болмысынан ауытқымайтын болады» деді ол өз сөзінде.

-2010 жылғы 26 қарашада Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры мен «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының «Қазақша сөйлесейік!» акциясы аясында бірлесе өткізген «Қырағы көз!» айлығы өз мәресіне жетті.

Іс-шараның басты мақсаты тауарлардың мемлекеттік тілде жазылған жапсырмалары, орамдары мен нұсқаулық мәтіндеріндегі қателерді анықтау болатын. Волонтерлар мен қала тұрғындары аралаған барлық сауда орталықтарынан қателерінен көз сүрінетін сауатсыз жапсырмалар анықталды. Аталмыш шараға «Жас Отанның» қарағандылық филиалы да қосылды.


«Акция қорытындысы 100-ден астам отандық және шетелдік тауар өндірушілер өнімдегі жапсырмалардың қазақ тілінде дұрыс жазылуына селқос қарайтынын көрсетті. Бұған қоса, азық-түлік өнімдері мен өзге де тауар өндірушілердің 200-ге жуығы тұтынушыларға ұсынылатын ақпаратты қазақ тілінде мүлде бермейтінін көрсетті. Және де бұл деректер Астана қаласы бойынша ғана көрсетіліп отыр. Ал, еліміздің тұтас аумағында бұл көрсеткіш еселене түсері анық», – дейді Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев.

Естіген құлаққа оғаш сөздер, қаптаған грамматикалық қателер, стилистикалық және мағыналық кереғарлық – қазақтілді тұтынушыларға арналған ақпарат осындай сақау сөздерден аяқ алып жүргісіз.

Айталық, астанамыздағы аспаздық дүкендердің бірінде сатылатын тағамның «Шайтанның аяқтары» деген үрейлі атауы «Дьявольские» деген тауық аяқтарының сөзбе-сөз аудармасы болып шықты.

Саудаға шығарылған сабын орамындағы сөздерді қазақ қаріптерімен берілгені болмаса, мән-мағынасы жоқ қойыртпақ деуге болады. Осындағы «Туймедак нирлі балиа арналиан» секілді басқа шатпақтардан бұл тауарлардың не екенін, кімге арналғанын ұғып, білу мүмкін емес, – дейді акцияны ұйымдастырушылар.

Ал кейбір өндірушілер дайындалатын тағамға тұзды «талғамына қарай» қосуды (дәміне қарай қосыңыз) ұсынады.

Енді бір өндірушілер қазақтілді тұтынушысына кір жуудың ұсынылған температурасы «тоқыма бұйымдарының басында көрсетілгенін» хабарлайды. Ал дұрысы – «тоқыма бұйымдарының жапсырмаларында немесе нұсқаулықтарында» болса керек.

Мұндай мысалдар өте көп және бұны аудармашылардың нашар аударуы ғана емес, сонымен қатар халық тұтынатын тауарларды өндірушілердің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауының салдары деуге болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тауар өндірушілердің тізімі шара қолдану үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне жолданатын болады.

«Қырағы көз!» айлығы тауар өндірушілер арасында мемлекеттік тілге деген құрмет сезімін қалыптастырып, жұртшылықты тіл тазалығы үшін күреске жұмылдыру, тұтынушыларға арналған ақпаратты ұғынықты жеткізуге, сапалы аударуға назар аударту мақсатында ұйымдастырылған болатын.

Акцияға қатысуға Астананың тұрғындары тартылды. «Жас Отан» жастар қанатының астаналық филиалына қазақ тіліне қате аударылған жапсырмаларды неғұрлым көп әкелген алғашқы 20 адам Қордың арнаулы сыйлықтарына ие болды.



-2010 жылғы 20 желтоқсанда Алматыда өткен салтанатты форумда қаладағы ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері бас қосты. Мерекелік шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорымен бірігіп ұйымдастырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығы мемлекет ісіне үлес қосқан бір топ азаматқа «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбегі сіңген қайраткер» медальдары мен арнайы гранттарды тапсырды.
Алматыда қазіргі таңда 20-дан астам ұлт пен ұлыс ынтымақтың шырқын бұзбай, тату ғұмыр кешіп келеді. Республикалық ұлттық мәдени орталықтардың басым бөлігі да осында. Алматылық диаспоралардың белді мүшелері бүгін бір дастархан басында жиналды. Ералы Тоғжан, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:Тәуелсіздіктің тал бесігі атанған Алматы барлық диаспораларға бірдей жағдай жасап келеді. Бұл еліміздегі келісім мен ұлтаралық татулыққа бағдарланған саясаттың жемісі.Қазақ жері қиын-қыстау кезеңде пана сұраған талай ұлт пен ұлысты бауырына басқан киелі мекен. Сондықтан, тілі басқа болса да, тілегі бір халықтарды тең атаның ұлындай көріп, бөле-жармай ұстаған қазақ халқына алғыстан басқа айтары жоқ. Тәуелсіздіктің тұғырлы болуына түрік диаспорасы да 19 жылдан бері тілектес. Түбі бір түрік баласының қазір мемлекеттік тілді үйренуге құлшынысы ерекше.

-2010 жылғы 22 желтоқсанда Астанада «Қазақша білесің бе? Досыңа үйрет!» тілдік байқауының қорытындысы шығарылды. Байқауды Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қоры мен «Нұр Отан» ХДП-ның «Жас Отан» Жастар Қанаты Қазақстан-Ресей университетінің (ҚРУ) негізінде ұйымдастырған болатын. Байқауды өткізуде өзара бірлесе оқып-үйрену қағидаты басшылыққа алынды: ҚРУ-дың мемлекеттік тілде сөйлейтін 20 ерікті студенті өз курстастарын «шәкірттікке» қабылдап, оларға екі айдың ішінде ауызекі қазақ тілін үйретуге тырысты. Байқау алдында әрбір «шәкірттің» тілді білу деңгейін анықтау үшін «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тестілеу жүргізілді. Сонымен, байқаудың талап үдесінен кімдер шыға алды? Осындай қысқа мерзімде ауызекі қазақ тілін меңгеру мүмкін бе? «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша жобаға қатысушыларды қайта тексеру нәтижесі және қазылар алқасы мүшелерінің байқауға түскен «шәкірттермен» қазақ тілінде әңгімелесуі мұндай әдіспен тіл үйренудің мүмкін және нақты қолдан келетін іс екенін көрсетті. Мәселен, сөйлеу әрекетінің тыңдалым, оқылым мен сөйлесім секілді түрлері бойынша үздік нәтижеге аталмыш оқу орнындағы менеджмент факультетінің 2-ші курс студенті Кристина Георбелидзе және информатика факультетінің 1-ші курс студенті Валерий Тен қол жеткізді. Байқау жеңімпаздарына Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының арнаулы дипломдары тапсырылып, «Beeline» сауда маркілі «Картел» компаниясының «алтын нөмірлі» ұялы телефондары тарту етілді. Жүлдегерлердің «оқытушылары» – Әсемгүл Байбатырова (менеджмент факультетінің 2-курсы) мен Ақжарқын Қамшының (информатика факультетінің 1-курсы) еңбектері де ескерілді. Сондай-ақ осы байқауға қатысқан алты «тілдік жұп» арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды (USB-модемдер) иеленді. «Біз өткізген байқау қазақ тілін үйренуге және еркін сөйлеуге деген ынта-ықыластың болуы – тіл үйренудегі басты шарт екендігін көрсетті. Бұл үздік «әдістеме», және де оны туған елінің тілінің келешегі алаңдататын әрбір азамат пайдалана алады, – деп тұжырымдады байқау қорытындысын жариялаған Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры Азат Шәуеев. Байқау ұйымдастырушылары алдағы жылдары мұндай іс-шараға жоғары оқу орындарын көптеп тарта отырып, кең ауқымда өткізу мүмкіндігін де жоққа шығармады.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет